Пікірлер

Қазіргі қазақ повестеріндегі Ұлттық таным және жалпыадамдық құндылықтар

І Тарихи повестердегі ұлттық таным және жалпыадамдық құндылықтар

«Тозақ оты» (2009), «Ақтұманың «Ханшайымы» (2009), «Көкжал» (2011) тарихи хикаяттарымен Қ.Жұмаділов осы жанрды шығармашылығынның өнімді саласына айналдырып отыр. Оның көркем шығармаларында сана қатпарларында жатқан өткен күннің суреттері көп баяндалатыны мәлім. Мысалы, «Тағдыр» романы ұлт әдебиетіне «көші-қон» тақырыбын әкелді және қазақтың басынан кешкен тарихи жағдаяттарының саяси-әлеуметтік, тарихи-психологиялық қырларын жан-жақты баяндап берді.

Қаламгерге төнген қатерлер...

Жазмыштан ба, әлде дәм-тұзымыз тарта ма, Қабдеш екеуміздің тағдырымыз жиі-жиі түйісіп тұрды. Сондықтан жұрт білетін жайларға соқпай, жазушының жігіт шағындағы бейнесі мен бейнетін еске түсіргенім жөн шығар.

Санап отырсам, екеуміз осыдан тұп-тура 52 жыл бұрын Үрімжіден шығатын «Шың-Жаң» газетінің бас редакторы Бұлантай Досжаниннің кабинетінде тоқайласыппыз. Өзінің ғұмырнамасында жазылғанындай ҚазМУ-дің филология факультетінен екі курс бітірген Қабдештің оқуын жалғастыруға рұқсат етілмей, екі жылға созылған ауыр еңбектен соң, мұнда әдеби қызметкер болып орналасқан беті. Ал мен Шың-Жаң тіл институтының қытай тілі факультетін бітіріп, газетке аудармашы ретінде бөлінгенмін. Екеуміз екі жақта жүргенмен, соқадан шыққан өгіздей еңбек мектебінің небір құқай-сынағынан сүрінбей өтіп келгенбіз. Жатақхананың бір бөлмесінде бізден гөрі сақалау, Батырхан Құсбегин деген жазушы жалғыз жатады екен. Екеуміз де соның үстіне орналастық.

Қара сөздің қас жүйрігі

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің эпикалық қарымы уақыт пен кеңістікті көркемдік тұрғыдан шебер меңгерген. Қаламгер ретінде негізінен роман, повесть сияқты көлемді, ірі жанрларда қалам тербеп, сыралғы оқырманын өткен мен бүгінге оп-оңай бойлатып жіберетін кәнігі машығы аталған сөздерімізге толық дәлел.

Ал жазушының соңғы бір-екі жыл мұғдарында жазған «Тозақ оты» (2009), «Ақтұманың «Ханшайымы» (2009) «Көкжал» (2011) секілді тарихи хикаяттары осы жанрдағы суреткердің шығармашылық сапары неғұрлым ұлғайған сайын табаны қыза шабатын тарланбоз екенін танытқандай.

Нобель сыйлығы біздің тақиямызға тар келе ме?

Қазақ тілінің қаймағын ағызып, балын тамызған хас шебері, Мұхтар Әуезовтен соңғы қазақ әдебиетінің алыбы, социалистік реализмнің қамытын мойнына ілдірмей кеткен шу асау, қазіргі көзі тірі классик-жазушымыз Қабдеш Жұмаділовті, Қазақстанды былай қойғанда, шетел жұртшылығы танып үлгірді. Және аз жылдардың ішінде халықтың сүйіктісіне айналды. Қабдештің атын алғаш көпшілікке танытқан белді шығармасы – «Соңғы көш» романы. Бұл да тарихи тақырып болғанымен, бұрын түрен түспеген тың тақырып. Бұрын-соңды қазақ жазушылары қаузамаған, ешкімнің ойына кіріп-шықпаған мұндай тақырыпқа баруы Жұмаділовтің жүрегінің түгі барлығын білдіреді. Ұлы империялардың бір де біреуінен ықпай, қаймықпай бұл тақырыпты қозғауы шын мәнінде Қабаңның ерен ерлігі деуге болады. Өйткені, мұндағы жазылып отырған оқиға екі империялық мемлекеттің тепкісінде, құлдығында, бодандығында болып келген бір ғана халық – қазақ халқының трагедиясы еді. Қазақты мың өлтіріп, мың тірілткен де осы орыс пен қытайдың тепкісі. Осы екеуінің кеселінен де қазақ халқы аштан өліп, көштен қалып, қырылып-жойылып, міне, бүгінгі күні азшылыққа ұшырап отыр.

Тағдырлы тұлға

Қабдеш Жұмаділов туралы сөз болғанда, оның өзіне тиесілі тарихи міндетін орындаған ұлт азаматы, нағыз халықтық жазушы екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, Қабдештің жеке басының тағдыры да, көркемдік әлеміндегі кейіпкерлерінің тағдыры да ұлы атамекендегі қандастары үшін мүлдем тосын құбылыс еді. Өзіне бүкіл көшпелі қауымның соңғы бір көшінің рухани қуаты мен бақ-талайын, азаттықты аңсаған арманы мен азабын, қуанышы мен қайғысының көз жасын аманат етіп тапсырған міндетті Қабдеш Жұмаділов ар-ожданына кір келтірмей, табандылықпен және шын ер жігітке тән қайсарлықпен орындап шықты. Ол сол арман-мүдденің жыршысы ғана емес, соны жүзеге асырған нысаналы тұлға дәрежесіне көтерілді.

Ұлтының мұңын мұңдаған

Біздің Ұлы даламыз табиғатынан талантты, көсем ойлап, шешен сөйлейтін дарынды ұлдарға кенде болмаған. Бірақ, тағдырдың жазмышымен сол жарық жұлдыздардың бәрі қазақ халқының пешенесіне бұйыра бермеді.

Шындық бiздiң бәрiмiзге де ауадай қажет

«Жас Алаш» газетiнiң бетiнде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмадiлов пен Қаракерей Қабанбай батыр кесенесiнiң шырақшысы Камал Әбдiрахман «Қаракерей Қабанбай батыр қайда жерленген?» деген мәселе төңiрегiнде қарама-қайшы пiкiр бiлдiрген едi. Даулы та­қы­рып­қа қатысты бiз бүгiн тарих ғылымдарының докторы, мұрағатшы Болатбек Нәсеновтiң мақаласын жариялап отырмыз.