Пікірлер

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев

nazarbaev

«Құрметтi Қабдеш Жұмадiлұлы!

Сiз қазақтың көркем сөзiне, әсiресе тарихи роман жанрына елеулi үлес қосып келе жатқан көрнектi жазушылардың бiрiсiз. Әдебиетте бұрын сүрлеу салынбаған тың тақырып ала келген, қазақ прозасын байытқан белгiлi суреткерсiз.

Оқырман қауым шетелге ауған қандастарының тағдырымен алғаш рет Сiздiң романдарыңыз арқылы танысты. «Тағдыр» романы Абай атындағы Мемлекеттiк сыйлыққа ие болса,

«Соңғы көш» дилогияңыз М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықты жеңiп алып, қазақ әдебиетiнiң алтын қорына қосылды. Сiз алпыс деген асқарлы асуға әбден кемелденген шығармашылық бабыңызда, шабытты шағыңызда келiп отырсыз. Оған «Дарабоз» атты қос томды тарихи романыңыз толық дәлел бола алады. ХVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына

қарсы ұлт-азаттық соғысының даңқты қаһарманы Қабанбайбатырдың өмiрi мен Абылай ордасының iшкi және сыртқысаясатын жан-жақты қамтып көрсеткен бұл роман жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтiн құнды шығарма деп бiлемiз.

Бүгiнгi заман тақырыбын игеруге де қосқан үлесiңiзқомақты. Соңғы жылдары жазған роман, повестерiңiз, тәуелсiздiк талаптарын сөз ететiн парасатты мақалаларыңызоқырманға олжа салған, ойлы да орамды еңбектер.

Құрметтi Қабдеш Жұмадiлұлы! Сiздi 60 жасқа толғанмерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, өзiңiзге денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға аман-дық тiлеймiн

                                                                       Алматы, 21-маусым, 1996-жыл

Әзілхан Нұршайықов

nurshaihov«Қазақ прозасы бұл күнде ауқымы жағынан болсын, идеялық-көркемдік ізденістері жөнінен болсын, жыл өткен сайын жаңа белестерге көтеріліп, құлашын кеңге жайып келеді. Бұл сапарда әдебиетке алпысыншы жылдар келіп қосылған орта буын жазушылардың қосып жатқан үлесі аз емес. Осы буынның ішінде өінің ойлы да мәнді шығармаларымен жұртшылық ықыласына бөленіп жүрген талантты қаламгерлердің бірі – Қабдеш Жұмаділов...

«Соңғы көшті» оқып отырғанда, бір қиырдан күмбезін күн шалған әлдебір сарайдың тұлғасы асқақатап көрнеді де тұрады. Ол – біздің сүйікті республикамыз Қазақстанның бейнесі. Біз бір сәт сол зәулім сарайдың сыртына шығып, алыстан тамашалауға мүмкіндік аламыз. Шетте жүрген шерменделердің жабырқау көңілі, жасқа толы жанарымен қарағанда, көзіміз үйренім кеткен әлгі сарайдың әсем айшықтары ерекше көз тартып, бұрыңғыдан да құлпыра түседі».

«Жетісу» газеті 23-қазан, 1982- жыл

Жазушы ретінде Қабдешті қазіргі қазақ әдебиетінің бір кірпіші ғана емес, бүтін бір қабырғасы немесе бір қанаты деп бағалаймын. « Қанаты» дейтін себебім, 20-ғасырдағы қазақ әдебиетін 12 қанат Ақордаға теңесек, ал қазіргі 21-ғасыр әдебиетін 8 қанат Ақбоз үйге ұқсатуымызға болады. Сол 8 қанаттың бірі – Қабдештің шығармасы екеніне дау болмас деймін.

         Ал мен өзімді 12 қанаттың немесе 8 қанаттың қатарына қоспаймын. Мен – бар болғаны ұлы қазақ әдебиетінің бір кірпіші немесе керегесінің бір көзі ғанамын. Осыны өзіме мақтаныш етемін.

Қ. Жұмаділовтың 70 жасқа толған тойында айтылған сөз. Алматы, Ғ. Мүсірепов театры.

23.06.2006 жыл.

Қалтай Мұхаметжанов

«Соңғы көштің», әсіресе көркемдік, стильдык бітімі көз қуантады. Бұл қазақ әдебиетінің классикалық дәстүрінде, М.Әуезов, С. Мұқанов мектептерінен творчестволық үйрену нәтижесінде жазылған эпикалық кең тынысты проза үлгісі. Романда халық ортасынан қайнап шыққан, халық мүддесі үшін бар қайратын жұмсап күрескен азаматтардың қайталанбас образдары бар...»

«Қазақ әдебиеті» газеті 10-маусым, 1983-жыл

Тәкен Әлімқұлов

«Горький айтқандай, әдебиеттің бірінші шарты – тіл. «Соңғы көште» осы тілдің байлығы бар. Автор сан қуу үшін сөз термейді, терген сөзді шығармасына зорлап телімейді. Сондықтан да әрбір сөз қалауын тапқан қардай өз орнында жарасып тұрады».

«Қазақ әдебиеті» 15-қазан, 1982-жыл

Рахманқұл Бердібаев

«Жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш» атты дилогиясы өзінің бірнеше елеулі сыпатымен бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көрінекті шығарманың бірі болып отыр. Біз «көрінекті» деген сөзді тек кітаптың көлеміне қолданып отырған жоқпыз. Бұл мінездемені роман тақырыбының тосын да, күрделілігіне, оқиғалардың көп жағдайда алғаш көтеріліп отырған тыңдығына, көрсеткен адам мінездерінің салдарлылығына, идеясының терең шыншылдығына қарай айтамыз».

«Социалистік Қазақстан» 6-қараша,1982-жыл

Шериаздан Елеукенов

Қабдеш Жұмаділов Шыңжаңда тұратын қазақтар туралы «Соңғы көш» дилогиясын жазғанын білеміз. Суреті, тілі айшықты шығармаға кезінде әдеби сынымыз жылы қабақ танытқаны да есімізде. Ал мына «Тағдыр» сол романны жақсы жақтарын сақтаумен бірге, одан көш ілгері тұр...

«Тағдыр» – ұлтжанды қаһарманды биік өреге көтерген роман. Ол қазақ әдебиетінің өз қойнауынан шыққан туынды. Басқа тілдерге аударғанда ғана бағы ашылатын кейбір шығармалардай, батыс я Латын Америкасы романы үлгісі бойынша пішілмеген. «Тағдырды» оқып отырғанда қазақтың кең даласына сүңгіп кеткендей рахат кешесін. Автор, әсіресе, Мұхтар Әуезов дәстүрін (дәуірді тұтас тұлғасымен суреттеу, көшпенді өмірдің өзіндік поэзиясын, сән-салтанатын жырлау, сөз құдіретіне бас ию, т.т.) берік ұстанған. «Абай жолы» таптық талдаудан асып түсіп, қазақ елдігін, сыр-сипатын бар аумағымен көрсеткен үздік шығарма болса, Қабдеш те бұл мәселеге ерекше мән берген. Бағзы біреулерше қанаушылар мен қаналушылар арасындағы теке-тіресті сағыздай созудан аулақ болған.

«Социалистік Қазақстан» 8-қыркүйек, 1990-жыл

Әкім Тарази

«Қабдеш Жұмаділов – біздің буында өмірбаяны аса бай жазушы. Енді, міне, өмірден көрген, бастан кешкен сол ұланғайыр мол материал жазушының сарқылмас шығармашылық азығына айналып отыр. Бір елде туып-өсіп, есейген шағында екінші бір елге келіп, сол ел туралы көркем шығарма жазу – екінің бірінің қолынан келер жеңіл нәрсе емес. Бірақ Қабдеш бұл сыннан сүрінбей өтті. Оған бұл жолы да өзінің табиғи талантымен қоса, өмір тәжірибесі көмектескені анық. Оның басқаларымыздан бір артықшылығы – өзі көрген екі түрлі өмірді, екі түрлі қоғамдық формацияны салыстыра зерттеуге мүмкіндігі бар. Осы қасиеті Қабдешті жазушы ретінде тез есейтті. Біздің көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен көп мәселеге ол тың көзбен, сұңғыла реалистің көзімен қарай білді...»

Қабдеш Жұмаділовтың екі томдық таңдамалы шығармаларына жазған алғы сөзден. 1989 жыл.

Қасым Қайсенов

Қазақстанның халық қаһарманы

Құрметті інім Қабдеш!

«Дарабоз» қолыма түсіп оқып шыққан соң, сол замандағы қасиетті хан ордаларында ұлы жыраулардың, аузы дуалы дана билердің аталы сөздерін, билік-болжауларын өз құлағыммен, алдарында тізе бүгіп отырып естігендей болдым. Халқымыздың хас батырлары: Қабанбай, Бөгембай қоластындағы қалың түмендердің қатарында болып қан кешкендей, тіпті кейде жекпе-жекке атойлап шығып, жау батырларымен найза түйістіріп, қылыш айқастырып, шоқпар сілтескендей әсерге бөлендім.

Абылай баба бастаған батыр халқымыздың атамекенімізді қорғаудағы жосылған жорықтарының картасын ұсыныпсың ұрпаққа!

Мен өзім шындық шежіресі: естелік-мемуарлар мен тарихи романдар оқимын.

Бұл тарихи еңбегіңнен байқалатыны: өзің қасиетті топырағынан жаралған Шәуешек өңіріндегі қаймағы бұзылмаған қазақтың рухына суарылып, аталар аузындағы бабалар сөзіне құлағыңның құрышын қандырып өсіпсің. Сен сол замандағы қолбасшылармен де үзеңгілес болғандай елестейсің маған.

Сенің халқына айтқаныңнан әлі айтарың көп екеніне сенемін!

Партизандық тілектестікпен: Қ. Қайсенов.

1995-жыл, 10 наурыз.

Тұрсын Жұртбаев

«Қабдеш Жұмаділов туралы сөз болғанда, оның өзіне тиесілі тарихи міндетін орындаған ұлт азаматы, нағыз халықтық жазушы екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, Қабдештің жеке басының тағдыры да, көркемдік әлеміндегі кейіпкерлерінің тағдыры да – ұлы атамакендегі қандастары үшін мүлде тосын құбылыс. Өзіне бүкіл көшпелі қауымның соңғы бір көшінің рухани қуаты мен бақ-талайын, азаттық аңсаған арманы мен азабын, қуанышы мен қайғысын, көз жасын аманат етіп тапсырған жауапты міндетті Қабдеш Жұмаділов ар-ұжданына кір келтірмей, табандылықпен және шын ер жігітке тән қайсарлықпен орындап шықты. Ол сол арман-мүдденің жыршысы ғана емес, соны жүзеге асырған нысаналы тұлға дәрежесіне көтерліді».

«Азия транзит» журналы

2001- жыл, қазан

Тұрсынхан Зәкенұлы

      «Әдебиетте Қабдеш ағаны 60-жылдары бой көтерген орта буынға жатқызады. Сол буын қазақ әдебиетінің бүгінгі кеңістігінде жарқырап тұрған бір шоғыр жұлдыз десек, сол шоқ жұлдыздың қақ ортасында ежелгі Шығыс Түркістан аспанынан келіп қосылған, халық көзіне шоқтай басылатын ерекше бір жұлдыз – Қабдеш аға дер едім. Өйткені, туған халқының тағдырымен біте қайнасқан оны уақыттың өзі тек жазушы ғана емес, көкжиегіне көз жеткісіз ұлан-ғайыр ұлттық сапаға ие, кемел ойлап, кең көсілетін, көсем тұлғалы азамат етіп жетілдірді. Қабдеш Жұмаділов роман жазсын, әңгіме, повесть немесе мақала жазсын,соның бәрінде елім, жерім, қазағым, Қазақстаным деп күніренген күйінен, желмая жүрісінен танбаған, тағдыр сыйлаған тарланбоз».

«Ақжелкен» журналы

1996-жыл, тамыз.