Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Ұлтының мұңын мұңдаған


XIX ғасырдың басында бүкілдей отарлық кебіне түскен Қазақ елінің кейінгі ұрпақтары сол ғасырдың соңы мен үстіміздегі ғасырдың басында байырғы елдікті, ұлт болашағын қайта бастан ойланды. Түбі ел болған және ел болатын халықтың өршіл ұлдары құлдық пен бодандыққа көне қоймайтындығын, сондай-ақ бұрынғы буын мен кейінгі буынның арасын тіптен үзіп тастауға болмайтындығын түсіндірді. Халқымыздың мүлде басым бөлігі коммунистік желөкпе саясаттың жетегінде алды жар, арты соқпақ күй кешкенде халқымыздың сол бір азғантай асыл перзенттері алты алаштың тағдырын толағай ойлап, қараңғыдан қарманып шығар жол іздеп сарсаң болды. Иә, әні-міне дегенше қитұрқы заман оларды да қырына алды, қысқа жіп күрмеуіне келмей қалды. Қазақ халқы барлық қайғы-қасіретін арқалай жүріп, өзінің болашақ күнге деген сенімін жоғалтқан жоқ. Тағы да ел намысын ескеріп, ертеңін болжайтын, өткен-кеткенді салмақтап, салиқалы пікір айтатын, сөзімен де, ісімен де өзгеге өнеге болатын игі – жақсылар шықты арамыздан. Ондай азаматтар қазақ халқы қоныстанған ұлан-ғайыр даланың әр шалғайында шаранасынан шайқалып, өмір есігін ашып жатты.

Бүгінде иісі қазақ білетін жазушы һәм қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділов ағамыз да сондай бір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер өліара шағында, күллі қазаққа қазақы ой, қазақы жүрек, қазақы жігер ауадай қажет болып тұрған тарғалаң заманда, өзінің «Қабдеш Жұмаділов» деген өзгеше бітім-болмысымен туған халқының қажетіне жаралды.

Әдебиетте Қабеңдерді 60 жылдары бой көтерген соңғы буынға жатқызады. Сол соңғы буын қазақ әдебиетінің бүгінгі кеңістігінде жарқырап тұрған бір шоғьр жұлдыз десек, сол шоғыр жұлдыздың қақ ортасында ежелгі Шығыс Түркістан аспанынан келіп қосылған, әркімнің көзіне шоқтай басылатын өзгеше бір жарық жұлдыз осы Қабең аға дер едім. Өйткені, туған халқының тағдырымен біте қайнасқан оны тек жазушы ғана емес, көк жиегіне көз жеткісіз ұланғайыр ұлттық санаға ие, кемел ойлап, кең көсілетін, көсем тұлғалы азамат етіп жетілдіріп шықты. Қабдеш Жұмаділов роман жазсын, әңгіме-повесть немесе мақала жаз­сын, соның бәрінде елім, жерім, қазағым, Қазақстаным деген күңіренген күйінен, желмая жүрісінен танбаған, тағдыр сыйлаған тарланбоз. Оның қиялына Қазақ даласының Сібірден Сырға, Қырымнан Қытай қамалына деиінгі күллі аумағы, сол даланың ұйқы-тұйқы, бұлдыр да, бұралаң тарихы, бүгінгі болмысы мен болашағы тұтас сыйған. Сондықтан да ол сол даладай маңғаз, сол даладай сырлы да, сыйпатты. Оның тынысы да, ырысы да сол дала, сенімі мен сезімі де мәңгі бақи сол даламен байланысып кеткен. Сол үшін шын толғанып, шын жылаған Қабдеш болып қалам алып, Қабанбай боп ұрандаған, жарағын тасқа жаныған, жауының жағын айырған, «өңменіне заманның қарашығын қадаған», қасқа тісі тас шайнаған, қара тілі қан жалмаған шер-батыр да, шежіре-шешен де бір өзі ғана болды.

Мұның бәрін жай қолпаш емес, көзіміз жетіп, көкірегіміз сезген соң жүректен тербеп айтып отырмыз. Енді, міне, сол Қабең алпыстың асуына шығып отыр. Осы күнге дейін ол халқына «Көкейкесті», «Ата мекен», «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» тектес соқталы туындылары мен бірталай әңгіме-повесттерін сыйлады. Оның бері де жай, қатардағы дүниелер емес, талай жылғы ізденіс пен ащы толғақтан туған шымыр дүниелер. Былайша айтқанда Қабдеш те, оның шығармалары да бір-біріне тартып туған. Олар бір-бірінен ажырамайтын бүтін болмыс.

Байқасақ, Қ. Жұмаділов біздегі отызыншы жылдардың қызыл қырғын, сары сүргіні кезінде дүниеге келіпті. Бірақ, ол кісі арғы бетте туды ғой, бұған қанша қатысы бар дейтіндер де бар шығар. Болашақ қабырғалы жазушының шыр етіп дүниеге келген кезі де, кіндік қаны тамған ортасы да ол тұста оңып тұрмаған. Баяғыдан қиыр жайлап, шет қонып, кейінгі кезде Қытай құзырына қарасты болып келген Шығыс Түркістандағы қазақтар да осы ғасырдың басынан бастап отарлық зұлымдықтың қыл бұғауына мықтап іліккен. Бір кездері Ғұн, Үйсін, Түркі жұрттары ту тігіп, тірлік құрған, онан кейін де ойрат басқьншылығына дейін Найман, Керей, Қарлық мемлекеттерінің құзырында болып, кейін Қаракерей Қабанбай, Ер Жәнібек батырлар қол бастап қалмақ қолынан қайтарып алған, төрт төңірегін Алтай, Тарбағатай, Бәйтік – Қаптық, Боғда, Еренқабырға сынды көк тіреген көгілдір таулар қоршаған, Іле мен Ертіс өзендерінің жүйірік басы бастаулап құралатын төскейлі де төңкелі, нулы да сулы сұлу өлке енді түбегейлі қолдан шығып бара жатты. Қазаққа бірде шүршіт, бірде айдарлы қытай, бірде дүнген қол салып, қылаяғы келімсек сібе-солаңға дейін күн көрсетпеуге айналды. Баяғыдан жалғасқан елдік салт, бір ауыз сөзге тоқтатып алатын бітімгерлік, сыйласымдық әдіре қалды, Аққамалдың ар жағынан келіп көбейе бастаған келімсектер тумысында киіз үйден басқаны көрмеген жабайы қазақты біз басқарамыз дегендей жалаң қылыштанып, өктемсіп алды. Кезіндегі «қызыл аяқтар шапқыншылығы», «дүнген соғысы», онан кейінгі Шың Шэсайдың қат-қабат зұлымдығы соның айғағы еді. Қабдеш аға соның бәрін болмаса да біразын өз көзімен көріп өсті. Қарап отырып есе-теңдігін бергісі келмеген халық қолына қару алып ұлтазаттық күреске аттанды. Оның арты ресми Шығыс Түркістан республикасының құрылуына жалғасты. Құлжа қаласында оның орталығы құрылып, ресми ұлттық ар­мия жасақталды. Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарының орталығында құран сөзі жазылған ай – жұлдызды ақ ту асқақ желбіреп тұрды. Сол кез­де Қабдеш те хат сауатын «Ахмет Байтұрсын әліппесімен» ашып, жаңа өмірге, азат күнге ынтыға қараған. Бір сәт жер де, ел де өзінікі болып, балғын жүрегі еркіндікпен бірге марқайып, бірге мәйектенген.

Қабдеш ағаның балалық шағы міне осындай қызықты да, қидалы, күреске толы бір дәуірмен тұспа-тұс келді. Аз да болса азаттыққа шығып, арманына жеткендей болған ел еркін жүріп, еркін сөйлейтін. Оның үстіне туып-өскен Шәуешегі, оның арғы-бергі тарихы, жалпы қазақ деген халықтың өтміште кім болғандығы өз тетелестерінен бұрын оны қатты толғандыратын.

Ол туып-өскен Шәуешек қаласы да шекараның дәл іргесінде болатын. Сол арадан Көктұма бекінісі, одан әрі бұлт астында мұнартып Үржар мен Мұқаншының қырат-қырат жон-жоталары көрініп тұратын. «Қазақстан» деген қара шаңырақ сол деп ауыл кісілері ат үстінен нұсқап көрсетіп те қоятын. Ондайда бала Қабдеш: «Япырым-ау, біз де қазақпыз, олар да қазақ, ендеше неге осылайша екі жар боп шекараның екі қанатында – екі басқа елде жүрміз!?» деп ұзақ ойлап, байыбына жете алмай басы қататын. Демек, Қабеңнің ел мен жердің тағдыры жайлы жаны ауыра ойлануы сол бала кезден басталғаны хақ.

Ол тұста Шәуешекке Кеңес одағынан әр түрлі жолдармен барып жататын газет-журналдар да көп еді. Оның сыртында 30 жылдарда амалсыз елден кетіп, сондағы қазақ ішіне барып паналаған қазақ зиялылары да бірсыпыра болатын. Заман сұрқының неге бұлай бұзылғанын, Алаш Орданың және оның ұйымдастырушыларының не мақсатпен күрес жүргізгенін, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев тектес ерлердің не үшін жанкешті күреске шығып, ақыр аяғында қуғындалып, түгелге жуық құртып-жойылғандығын олар жақсы әңгімелейтін. Бұдан бұрын Алаш Орда басшыларының бір тобы сол Шәуешекте болып, елдің игі жақсыларымен, зиялы азаматтармен кездесіп қайтқан. Олардың да жерлік білікті, зиялы азаматтарға қалдырған әсері күшті болатын. Ол кезде Шәуешек бүгінгідей бұрынғыдан бір нұсқа қалмаған осы заманданған қытайы қала емес, қақ төрінде үлкен мешіті, бірнеше гимназиясы, қазаққа қоса орыс, татар, сібе – солаң, аздаған құржалық қытайы бар дөп-дөңгелек қазақы қала бола­тын. Қаланың архитектурасы да қытайлық үлгіге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ортаазиялық және европальк, үлгіде айшықталғанды. Қазақ қасіретінің тағы бір бастауына айналған 1864 жылғы Қытай – Ресей арасындағы шекара келісіміне де осы арада қол қойылған болатын. Міне, Қабдештің балалық шағы көбінесе сол қалада, зиялы ағаларының арасында өтті. Солар арқылы қаршадайынан Алаш идеясын жаттап, ұлт азаттығын мұрат тұтты. Өзінің өмірлік істеріне ерте бастан дайындалды. Туған халқының көмескі жатқан күрделі тарихын ой көзімен шолып, одан іштей қорытынды шығарды. Қазақ бақытсыздығының түп-төркінін, астарын тарих қойнауынан іздеді. Сөйте жүріп Шығыс Түркістан мемлекетінің құлауындай ауыр қасіретті де көзі көрді.

Осының бәрі бала Қабдешке оңай тиген жоқ. Оның тез есейіп, үлкен мұраттарға бет бұруына осы жағдайлар да себепші болды. Ол туралы Қабдеш ағаның өзі де: «өз басым егер менің бойымда құйттай да та­лант бары рас болса, оның түп төркінін бәрімізге ортақ қайнардан іздеймін. Талантты адамдарды, ұлы адамдарды дәуір туғызады дейді білгіштер. Ондай жандар қайсы елде болмасын, қайта өрлеу, жаңғыру дәуірінде дүниеге келген. Қазақстанда ол дәуір XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында көрініс берді... Сіз бен біз Шығыс Түркістанның қайта өрлеу дәуірінің перзенттеріміз. Бұл дәуір 40-50 жылдарда жарқ етті де жоқ болды» деп жазады жазушы досы А. Жақыповқа жазған хатында.

Қабекеңнің одан кейінгі өмір жолы да күрделі болыпты. 1956 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп оқып жүрген кезінде Қытай жағы оны елге қайтарып әкетіп, жібермей қояды. Тек жібермей қана қоймайды, «оңшыл», «ұлтшыл» атандырып, қылмыс лагеріне айдайды. Сөйте жүріп, ол өзі екі жыл оқып, білім алған Қазақстанды, оның, тіпті жер жүзіндегі қазақтың көңілге медеу тұтар Ақ ордасы – ару Алматыны жатса-тұрса есінен шығармайды, 1962 жылы шекарадан қашып өтіп, Отанға оралған кезінде Қабдеш елдік, отандық, әлеуметтік көзқарастармен толысып, пысып-жетілген күрделі тұлғаға айналды.

Сол кезде оның ұлттық, елдік, идеясы бүгінгідей кең масштабқа кеңейген еді, «Қазақстан» дегені болмаса мұндағы қызыл империяның да бұрынғы мен кейінгі ұрпақтың арасына тосқауыл қойып, халықты ұлттық мүдделерді бір жолата ұмыттыратын өзгеше идеялогиямен, өзгеше санамен тәрбиелеп жатқан тұсы болатын. Ол кезде туған Отанының, қазағының түбегейлі азаттығы жолында күрескен Алаш ұлдары «халық жауы» ретінде сыйпатталатын. «Қазақстан тарихы» қазақ халқының «Ұлы орыс» халқымен тарихи тамырластығын, тағдырластығын дәлелдеуге тырысатын. Бүкіл баспасөзде қазақ халқы кеңестік социалистік мемлекеттер одағы тұсында ғана нағыз бақытқа қолы жетті делінетін. Оның бәрін социа­листік сыншыл реализмде бейнелеу талап етілетін. Иә, дәл осы қызыл им­перия кезінде қазақ халқы мүлде басым бөлігінен айырылғандығын, тарихта «құба қалмақ заманынан» кейін болмаған сұмдық алапат, ауыр жылдарды басынан кешкендігін былайғы халық тез ұмытты.

Қабдеш кете сала оның артында – Шығыс Түркістанда қалған қара орман қалың қазағын да «мәдени төңкерістің» өрт-жалыны шарпыды. Бүкіл қытайды шарпыған сол өрттің залалы ең алдымен қазаққа тиді, яғни, қытай бір күйсе, қазақ екі күйді. Оған себеп қазақтың «ұлтшылдығы» ғой. Ішкі қытайдағы көнеден қалған хан ордалары, ондағы патша мен патша ханымының жасау-жабдықтары, «феодалдық қоғамның» тарихи жазбалары бетіне қылау түспей, таза сақталып тұрған кезде, «төрт көнені» қирату деген желеумен қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық-этнографиялық бұйымдары: ою-өрнегі, айыл-тұрман әбзелі, қисса-дастандары, киім-кешегі, қылаяғы кемпір-кешектің басына киетін кимешек-шылауышы мен қолына салатын күміс білезігіне дейін табанға тапталып, отқа тасталды. Ұлттың көкірегінде жылты бар азаматтары «Қытайдың Сібірі» атанған Такламакан шөліне сүргінделіп жатты.

Арттағы бұл зобалаңды да Қабекең естіп, біліп отырды. Мұндағы мен ондағы қазақтың тап болған тарғалаң тағдырын ойлаған сайын іштей қан жылады. Сөйтті де қолына қалам алып халықты рухани жақтан оятуға бел буды. Сол жолда мәңгүрттік пен тексізденудің пышақ ұрар жұлын-тұтасы – сөзді тарихтан бастау екенін бірден түсінді. «Соңғы көш» секілді соқталы дүниеге қалам тартты. Сол арқылы «күні кешеге дейін тәуелсіз қазақ мемлекеті болғандығын», көшпелі өмірдің соңғы көші-қонымен қоса қазақ деген ұлттың тарихтан ысырылып бара жатқандығын барынша қанық та, анық айтты. Шығыс Түркістанның құлауьн қасіретті көріністермен бейнелей отырып, Қазақстанның да мұрат-мақсатын жоқтады.

Атауы басқа болғанымен де ата мекеннің арыз-арманы соның ішінде құмыға қайнап жатты (Т. Жұртбай). Ол туралы Әзілхан Нұршайықов ағамыз да образдап жақсы айтқан: «Соңғы көшті» оқып отырғанда бір қиырдан күмбезін күн шалған әлде бір зәулім сарайдың тұлғасы асқақтап көрінеді де тұрады. Ол – біздің сүйікті республикамыз Қазақстанның бейнесі. Біз бір сәт сол зәулім сарайдың сыртына шығып, алыстан тамашалауға мүмкіндік аламыз. Шетте жүрген шерменделердің жабырқау көңілі, жасқа толы жанарымен қарағанда көзіміз үйреніп кеткен әлгі сарайдың әсем айшықтары ерекше көз тартып, бұрынғыдан да құлпыра түседі», - дейді ол кісі.

Қабеңнің ел көзіне түскен тағы бір таланты оның «Арғы бетте» туьп-өсіп есейген шағында екінші бір елге келіп, сол елдің әлеуметтік өмірінен көркем шығарма жазуы. Жастайынан өмірдің қыр-сырына талғампаздықпен қарайтын, әрі оның әр бір иірімінен өз ойын тыянақты түйіндеп отыратьн өнер иесі бұл жолдан да сүрінбей өтті. Сондықтанда қаламдас досы Ә. Тарази: «Біздің көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен көп мәселеге ол тың кезбен, сұңғыла реалистің көзімен қарай білді...» дейді өзінің Қ. Жұмаділов таңдамалы шығармаларының екі томдығына жазған алғы сөзінде. Аңғары бүгінді қойып неше жүз жылдық тарих қойнауына сүңгіп қайтқан дарын иесі үшін оның жарасы жеңіл сияқты.

Әсіресе Қабдештің «Тағдыр» ро­маны XIX ғасырдың соңғы жартысында Ресей мен Қытай отаршылдарының кесірінен есігі мен төрі, егіні мен өрісі екіге 6өлініп, екі ұдай болған қазақтың қасіретті күйін шертті. Ол тек қазақ даласының шығыс бөлігіндегі біраз елдің қасіреті емес, тұтас қазақтың «темір ноқта» мен «қайыс ноқтаға» маталып, телімделіп кете барған ауыр халі, бір кездері «Еділді алып, елді алған» отаршыл шерудің Қазақ даласының шығыс шегінен бірақ шыққан жеңіс шаттығы еді. Бізді әлі күнге алаңдататын да осы жай. Құдайдың рахметімен қолымызға қайта тиген сол Ұлы даламыздың біраз бөлігін қайтсек ұрпақтан ұрпаққа аман-сау табыстап отырамыз деген үлкен ой бәрімізді мазалайды. Сол тұрғыда «Тағдыр» романының тарихи және реал маңызы күн өткен сайын арта түспек. Болашақ ұрпақ Қабдеш ғибыраттап айтқан тарихымыздағы түрлі келеңсіз жайлардан әрдайым сабақ алып отырмақ. Сол үшін ол бүгінгі ғана емес, келешек ұрпақ үшін жазылған еңбек. Қазақстан атты қасиетті Отанымыздың мәңгілік тәлиматы «Дарабоз» романы туралы да соны айтуға болады. Оны оқып оты­рып Қазақ жерінің кең-байтақтығына, қол бастаған ерлердің ерлігіне таңдай қағасың. Қабең тілге тиек еткен Қазақ мемлекетінің алтын діңгегі – Абылай бахадүр хан төңірегіне топтасқан Алаштың сол ер ұландарының, шер-батырларының асқақ рухы заманымыз жастарын патрио­тизмге, Отанын отауындай қорғауға үндейді. Бұл нағыз ұлтжанды, өміршең шығарманың ғана қолынан келмек. Бір қарағанда сол аталар рухы Қабдештеи бір тұяқты артқа – біздің заманымызға іркіп қалдырып кеткен секілді. Содан болар, Қалихан досы да: «ол барды көркем сөзге жеткізсе, шындықты көркем образға көтерген жазушы. Кешегі көштің соңын көріп қалған Қабдешке Кабанбай батыр анағұрлым жақын» дейді.

Бір кездері Қабанбай қалмақты асыра қуып, Тарбағатайды жебелеп, Майлы – Жайырға жетіп, одан ары кәрі Алтайдың күн беті мен алыстағы Еренқабырғаға көз салып тұрып, алда ата жолын қуып, ел намысын сақтайтын талай ер азаматтардың туарына сеніп, сол топырақты арттағыға алаңсыз табыстап кеткен болатын. Шүкір, одан бері де талай көкжал дүниеден өтті. Соның бәрі өздері туып-өскен өлкенің, қазағының тағдыры үшін қара тұяғынан хал кеткенше күресті. Бүгінде Шығыс Түркістанда отырған 1,5 миллион қазақ сол «Құба қалмақ заманынан» бері өсіп-өнген ұрпақ. Елдегі «отбасын тізгндеу саясатының» кесірінен сол қазақтың саны соңғы он жылдан бері күрт азаюда. Мұны қазақтың басынан арылмаған баяғы алапаттың, бүгіңдегі Арал мен Балқаш трагедиясының ол жақтағы жалғасы деп түсінген жөн. Осы бетімен кете берсе Қытай қазағы жақын болашақта Аралмен бірге құрып жоғалуы кәдіксіз. Бүгінде алпыстың асуына шығып, тарлан тартқан ағамыздың жазылмаған жан жарасының бірі сол. Ағамыздың соңғы кезде ашық ортаға шығып, ашына айтып жүргені де сол ел мен жердің тұтастығы, Қазақ мемлекетінің бүтіндігі.

Мен Қабдеш ағаны Қытайдағы кезден-ақ білетінмін. 1993 жылы жазушы Ж. Сәмитұлы шаңырақ түйесін жетелеген шағын көштің қатарында Алматыға келдім. Сонда бізді алдымыздан шығып, құшақ жая қарсы алған да Қабдеш аға. Бар қазаққа ұлағат айтқан ұлы тұлға! Қабдеш аға: «Сендер жарайсыңдар, қайтіп келіп қалдыңдар?!» деп бәрін біле тұра біздің лебізімізді білгісі келіп, әдейі сұраған соң, біз де інілікпен еркелей жауап бердік: «1962 жылы сіздер дүркіреп кетіп жатқанда сол дүбірді естіп ерте туған едік, отызда орда бұзбасақ та шекара бұзайық деп Отанға оралдық қой» дедік. Мұны естіп ағамыздың мәз болып қалғаны бар.

Ие, сол Қабеңдерден кейін араға бақандай 30 жыл салып шекара асқан қозылы көш шынында біз екенбіз. Біздің бұл тәуекелімізге Қабдештей ағаларымыздың да күш-жігер бергені шындық.

Осынау мерейлі сәтінде халқының қалауына туған ардақты ағаның қолын алып тұрып: Арда алпысыңызбен аға! Сіз алда тоқсан емес, жүз емес, Тәуелсіз Қазақ елінің болашақ ұл-қыздарымен бірге әлі де мың жасайсыз! дегім келеді.

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ. «Ақ желкен» журналы 1996-тамыз