Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Қаламгерге төнген қатерлер...


Қабдештің сол жылдары мұнайлы өлкеден өтіп бара жатып, жазған мынадай бір шумағы әлі есімде.

Жатырсың жапан түзде бір аралдай,

Өзіңдей өлең шіркін жүр оралмай!

Аңқылдақ ақыныңда арман бар ма?

Сөз соқса, самсаған сан мұнараңдай?!

Иә, мұрты шықпай жатып, мұнараны бекерден-бекер көксемеген ғой. Қазір Қабдеш қаламынан туып, жұрт қолына жеткен он екі томнан кейін, «Қыл көпір», «Прометей алауы», «Тозақ оты» қатарлы үш том іркес-тіркес тағы жарық көрді. Он екі томның «Көкейкестіден» «Дарабозға» дейінгі он томы – тап-таза роман. Басқа кітаптарының атын атап, түсін түстеп отырғым келмейді. Кезінде өресі жеткен кейбір сыншы, зерттеушілеріміз әр кітабын қызыға талдап, үлгі тұтар жақсы қырын оқырман еркіне ұсынды емес пе?! Ендеше, Қабдеш Жұмаділов өз мұратына жеткен, сөз мұнарасына шыққан жазушы дейміз.

...Бірге жатқан соң, әрине қызметке де, асханаға да бірге барамыз. Майы сіңген тобылғыдай Қабдештің қоңыр торы жүзіне көмірдей қара бұйра шашты да, ұялы көз бен қалың қасты да, қыр мұрынға үйлесетін ауыз бен иекті де мейірімі түскен бір сұңғыла суретші әдейі қолдан қондырғандай еді. Үстінде ең қымбат матадан еуропа үлгісінде тігілген қызыл шегір костюм-шалбары, түймесі сырмалы қан күрең жібек жейдесі, аяғына киетін шех туфлиі алды-артынан ғана емес, қырынан карағанда да бауырынан жараған бестідей өте сұлу көрсететін.

Бір жолы чемоданына бірдеңелерді алып-салып жатқанда, қытай-жапон үлгісінде тігілген төрт қалталы сұрғылт кительге көзім түсіп кетіп:

- Мұны қайдан алдың? – деппін түйеден түскендей. Оны неге айтқанымды өзім де білмеймін. – Киімдерің керемет екен!

Ол бірден жауап берген жоқ. Чемоданын кілттеп, ортада тұратын төсегінің астына сүңгітіп жіберді де, маған қарсы қарап отырды:

- Е, бауырым-ай! Мен жастардың Москвада өткен дүниежүзілік алтыншы фестиваліне қатысқанмын, - деді ол жатуға ыңғайланып. – Сонда тіктірген киімдер еді ғой, екеуі де.

Ол әлденелерді есіне алғандай шалқасынан жатып, ауыр күрсінді. Ары қарай сұрауға дәтім бармай, теріс айнала бердім.

Алғаш басымыз қосылған күні таңертең Қабдеш бір тегене суды еденге қоя салып, екі мықынын таянып сәл тұрды да:

- Інішек, егер ренжімесең, мынаны басыма құйып жіберсең кайтеді, а? – деді өтінішті үнмен. – Мұнда өзі қолжуғыш та жоқ екен...

Орнымнан үн-түнсіз атып тұрып, – далаға ма? – дедім.

- Әрине.

Тегенесін іліп ала жөнелдім. Қызуы қайта бастаған күзгі күннің сәулесі жапырақтарды там-тұмдап сарғайтқанымен, қуырып жіберердей қырпулы емес. Сүлгісін иығына салып, Қабең соңымнан ерді. Бір ыңғайлы жерге келгенде, қуғыншы түсіретіндей көлденеңдей беріп:

- Ал, еңкей! – дедім су ұстаған қалпымда. Ол не қымсынуға, не таңдануға келмейтін бір түрлі ыңғайсыз пішінмен маған көз қиығын тастады.

- Әй, бізде кружкалар бар еді ғой, андағыңды жерге қойсаңшы әуелі! «Кружкасының» не екенін түсініп тұрғам жоқ. Үн-түнсіз қоя салдым да, сөз тостым. Мен үндемеген жүзімдегі сұрауды оқи қойса керек, сабын сауытын сол қолына ауыстырып, босаған оң алақанын шыбындаған аттың кекіліндей желпіп-желпіп қойды.

- Кружка ше, кәдімгі кружка? – Менің қияпатыма кейігендей өзінің даусы қатқылдау естілді. – Бірдеңемен құйсайшы мұны?..

Сөзінің соңын айтқызбай:

- Шөңке әкелейін бе? – дедім турасынан. Қабдеш «мырс» етіп күліп жіберді:

- Иә, иә, шөңке. Айтқандайын, мұны шөңке деуші едік-ау! – дегенін мен жүгіріп бара жатып, ту сыртыммен естідім.

...Сөйтіп, бұдан кейін «шөңкені» мен ғана ұстамай, үнемі ауысып ұстайтын болдық. Келесі күні кеудесі сырмамен ашылатын тұйық кеудешемді басымнан тоңқалаң асырып шешкенімде, Қабең төсіме үңіліңкіреп тұрды да:

- Е, нәмунәші (ұйғырша озат) екенсіз ғой. Қайырлы болсын! – деді. Шөңкені болар-болмас қана шертіп. – Қалай көп қорыттыңыздар ма құрышты?! Осы сұрақты қойғанда оның бет-әлпетіне оқыс үйірілген күлкінің нышаны бар-ды. Мен еріксіз күліп жібердім. Күлгенім, біріншіден, құдайдың кұтты күні «сен» деп жүрген Қабеңнің аяқ астынан «сіз» деп сызыла қалғаны. Екіншіден, «Құрышты көп қорыттыңыздар ма?!» деп біле тұра кекегені. Ары қарай бөлмемізге кіріп сөйлестік. Расында сол жылдары «Құрыш қорыту» деген науқан көтерілді де, оқу жайына қалып, сол науқанға катысқанбыз. Бір курстағы отызға тарта студент айлап салпақтағанда, бір балталық темір таба алмағанымыз ойыма түсті. Бірақ науқан аяқтаған кезде, институт бойынша бес-алты студентке кеудесіне қытайша-ұйғырша «Еңбек озаты» деп жазылған водолазка сыйлық ретінде таратылған еді. Қабдеш бұл жерде менің сонда алған сыйлығымды сайқымазаққа айналдырып тұр ғой, білдіңіз бе?!

Алайда оның кекеп тұрғанына жасымай, қарсы шабуылға өттім.

- Әйтеуір босқа берген жоқ, жұмысты керемет істегенмін. Мұны анау-мынау емес, Тіл институтының ректоры Гаулин­нің қолынан алғанбыз, - дедім өзімше бекер адам емес екенімді білдіргім келіп. – Бірақ осыған әкем де жатып кеп ұрысты.

- Неге ұрысады? – деді Қабдеш бетіме барлай қарап.

- Өзің білетін Хижагу (Қарасай деген сөз) бар ғой?

- Иә, бар.

- Сондағы анау шахтаның алдындағы тау болып үйілген көмір мен өзіміз жататын жертөленің арасы канша?

- Шамамен, 4-5 шақырым болады ғой.

- Ендеше, сол шахтадан өзіміз жататын жерге бір жолы 126 келі көмірді арқалап жеткізгенмін бәстесіп, - дегенімде әкем жарықтық бұлқан-талқан болды:

- Ей, әумәсір, - деді иығыма түйіп қалып. – Құдай сақтаған екен қайта сен ақымақты! Алла-алла, аяғың тайса, бітті қолқаң үзілді емес пе?! – деп тура бір сағат ұрысты.

Өмір бойы тұнжырап жүретін Қабдешім мұртының суағары орайдай үйіріліп, көзінен жас акқанша күлді. Сосын төсектің басындағы орамалмен көзінің жасын құрғатып, өзін қалпына келтірген соң:

- Әке деген бірдеңені білген соң ұрсады ғой. Расында оңай ма 126 келі деген?! Тым құрыса жаз емес, «Нәмунәшінің» мұрны бет болып, кісі бойындай дағардың астында жатса... – деп тағы күлді сықылықтап.

Араға ұсақ-түйек әңгіме араласты ма, не заманнан кейін, «Құрыш қорыту» де­ген науқан есіне қайта түсті-ау, деймін:

- Сол Хижагудің шахтасына салды ғой, мені, - деді өңін оқыс суытып.

- Бізде дәл сол бір қара тақырда болғанбыз. Сен өзің ылғи біздің жанымызда жүріпсің ғой, әншейін!

Сөйтті де, - Бірақ соның бәрі оқудың, білім алудың есебінен болып жатқаны жанға батады ғой, - деді қабағын қатты шытып. Онысына өзі қуыстанғандай сыңай танытты. Өйткені дәл сол кезде олай сөйлеу басқа бәле шақыратын.

Жосаға бояған қызыл домбырам болушы еді. Шыңғырта бұрап алып, орыстың «Сорвала я цветок полевой» деген халық әніне Төлеубек Жақыпбаев жазған «Жас қалам» деген ән мәтінін ыңылдап айта бастап едім. Қабдеш басын жастықтан оқыс жұлып алды!

- Өй, сен өзің өнерлі жігіт екенсің ғой?! Орыстың тілін білмегенмен, әуенін біліп тұр екенсің. Кімнен үйрендің мұны? – деді барынша ықылас қойып.

- Қытай тілі факультетінде оқитын Гүлжамал деген қыздан үйренгенмін, - дедім, - Құлжаның қызы еді өзі.

- Дұрыс, - деді Қабдеш қатты көңілденіп. – Біз 1958 жылы жазда Алматыдан Құлжаға ұшып келген күні облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қ.Сүлейменовтің үйіне түскенбіз. Ол Төлеубектің немере ағасы ғой. Төлеубек екеуміз осы өлеңді екі күн бойы айтып, үйдегілермен қосылып шырқаған едік сонда. Жұрт жақсы нәрсені жатқызбайды ғой. Баспа бетін көрмесе де, тіпті сол Алматының өзінде ауызша-ақ таралып кетті осы өлең, - Бірақ сен әлгі «Жас қаламның» бір шумағын айтпайды екенсің, - деді төбеге қараған беті сәл ойланып.

- Ой, ол қандай шумақ?

- Иә, - деді бір уақытта көзі жарқ етіп, ойына түсті-ау, деймін. Сосын, әлгі әуенге салып:

Жер – сабыр, тұнжырап сұр аспан,

Жабырқау кейпіме ұнасқан.

Беймаза құлазып үй іші,

Көңілді мың батпан зіл басқан,

- деп өте ойнақы аяқтады. Сол күннен бастап «Жас қалам» менің репертуарыма кірген еді, 15-20 жылдан соң, басқа біреудің атынан жарияланып жүрді де, жақында ол мәтінге тағы біреудің «иелік» ете бастағанын қазақ радиосынан естіп, еріксіз күлдік.

...Бір жолы төрт-бес адам істейтін жұмыс тек екеуміздің ғана мойнымызда қалды. Мен мәдениет бөліміне түсетін азын-аулақ аударманы қағып тастап, арасында волейбол соғатын әдетіммен шығып бара жатыр едім.

- Әй, шырағым, отыршы! – деді өз орнымды өзіме нұсқап. – Біздің арбаның жүгін әдейі ауырлатып, сынап отыр-ау деймін осылар. Дес бермей, дер кезінде үлгертіп отырайық! Сен аудармамен ғана айналысқанды қойып, қосымша хат қорыт! – деді неге болса да тас-түйін сыңайда. Сөйтті де, хаттың жартысын менің алдыма қойды. Қарап отырмын. Мен екі хат қорытқанша, өз алдын уық қаламдағандай ақ жоңқа ғып тастады. Ол жұмысты өте тез әрі тиянақты істейтін. Сонысымен маңайға ықпалды, бетті болатын. Тырнақ астынан кір іздеп, оны аңдып отыратындар да баршылық еді...

1960 жылдың жазында бидайдан пісірілген нан көзімізден бұл-бұл ұшты. Оның орнына табылса, жүгерінің наны, табылмаса сыпыртқының дәнінен жасалған нан таратылып, бұршақтың ботқасына қарап қалдық. Ондайды бұрын кім жеп көрген?! Қабдештің ғұмырнамасындағыдай азын-аулақ жаңғақ тауып, соны чемоданға тығып қойып, бір қанша уақыт талғажау жасағанымыз рас. Қабдештің алдындағы бұршақтың ботқасы сол күйінде қайтатын. Мен жұрткөзі ғып бірер қасық жеген болам. Асханаға барып, әйтеуір әткен шайымызды ішетінбіз. Осы тұста Қабдеш редактордың тапсырмасы бойынша бірнеше шумақ өлең жазып бергені бар. Соның бір шумағы былай:

Құйқалы қоңыр таудың қойнауында,

Қон досым, қолың тисе, қойлы ауылға!

Білерсің мал қадірін білмей жүрсең,

Кекіріп қозы етіне тойғаныңда.

Мінеки, пәле қайдан демеңіз, осы өлең желінбей қалатын ботқа Қабдешке сойыл боп тиетіндей жиналыс ашылды. Кейбіреулер «Ысырапшылдықты насихаттап отыр» деп өлеңге тиіссе, енді бірі «Ақсүйектігіне басып, ботқаны жемей кетеді» деген мазмұнда тиісті. Сонда Қабдеш тұрып:

- Құрметті жолдастар, біздің нені жеп, нені ішетініміздің билігі өзімізге берілсе екен! Мәселен, мен тамаққа тәбетім болса жеймін, тәбетім соқпаса, өзімді-өзім зорлаудың қандай қисыны бар?! Ал өлең редактордың тапсырмасымен жазылды. Сенбесеңіздер, анықтаңыздар! – деді. Сөйтіп, көпшілігіміз тағылған мінді қолдамағандықтан, әлгі сөз амалсыз, аяқсыз қалғаны бар.

Қабдеш шашын алдырса да, киімін тазартса да мені үнемі ертіп жүретін. Біздің олай бірге жүруіміз ұзаққа созылған жоқ. Мені сол жылы күзде тілшілер бөліміне ауыстырып, Құлжа қаласындағы тілшілер нүктесіне жіберді.

Екеуміз екі айырылғаннан кейін, Қабдешті көп тоқтатпай, 1961 жылы наурыздың басында «Төменге түсіру» деген желеумен редакциядан ығыстырып жіберген ғой. Іле аймағында 11 айдай жүріп, жыл мойны тақағанда, редакцияға қайта оралдық. Суыртпақтап сұрастырсам, Ғани Саржанов деген әдебиет бөлімінің бастығы:

- Қабдеш газетке ең қажет адам еді. Мыналар мүйіздегенде, қорғауға шамам келмейқалды, - деді күрсініп. Сәл тоң-торыс үнсіздіктен кейін, Ғани марқұм сөзін қайта жалғады: - Мына Қабдешің бар ғой? – деді таңырқаған кейіппен, - жолдас-жора десе тура жанын салады екен. Дәл Қабдеш болмаса, Батырханды бір әйел тотитып, тонап кететін еді. Көңілдесі ме, бірдеңесі болу керек, арбаға екі үлкен чемоданын, барлық киім-кешегін тиеп, алып бара жатқанда, үстіне Қабдеш келіп қалып: - Біз иесіне не бетімізді айтамыз? Иесі келмей, ештеңесін бермейміз! – деп жүкті қайта түсірткенін көзіммен көрдім. Сөйтсек, расында тонап барады екен. – Ой, азамат-ай! – деген болатын басын шайқап.

Соның арасында жалалы Дазыбау (үлкен әріппен жазылатын қабырға газет) маған да жазылыпты. Мазмұны мынадай: «Қажытай Ілиясұлы қаламақыға дәндеп, жақсы жазылған очерктерін өзіміздің газетке («Шың-Жаң» газетін айтып отыр) жібермей, басқа газеттерге бастырып жүр. Мәселесін тапсырсын!» делінген. Түсіндіре кететін бір нәрсе, «Мәселесін тапсыру» деген сөз «осылай да осылай мен ит болдым, итаяққа тидім,» деген мазмұнда өзін-өзі тексеріп, кешірім сурау деген сөз.

Сонымен не керек, «Қатаң сөгіс» деген «күпіні» киіп, енді газеттен мүлде босату туралы өтініш жаздым. Ол кезде қытай тілін білетіндердің қаны жерге тимейтін. Мені жұмыстан босатпай, 4 айлық уақытпен Тарбағатай аймағына тілшілікке жіберді. 1962 жылдың ақпанында Шәуешекке келіп, ертеңінде салт атпен Қабдешті таптым.

Сөйтсем, Шәуешек қаласында неше түрлі жұмыс болғанымен, оның қалада тұруынан қауіптенген Қытай басшылығы не дайын орынға орналастырмай, не артынан қосымша құжатын жібермей, алты айға жуық сандалтады. Дәл сол кезде, ондай қиындықтан құтылудың жалғыз жолы аштан өлу ғана болатын...

Ой, алла-ай! Таң атқанша әңгімеден аузымыз босамады. Қабдеш Тарбағатайға жалаңбас келген жоқ, «оңшыл», «ұлтшыл» деген екі бірдей қалпақ киіп келді. Мен жалаңбас болғанмен, үстімде «күпім» бар. Осының бәрін Қабдешке жасырмай айтып едім, ішек-сілесі қата күлді. Неше ай бойы бұл жерде өзінің не істеп, не қойғанын ол да жасырған жоқ. Шәріп Ақышев деген нағашысы екеуі әлденеше жүздеген адамның қолын қойғызып, Кремльге, Алматыға он шақты рет хат жолдағанын, Шәуешектегі кеңес елшілігіне Қабдештің өзі басын бәйгеге тігіп, екі рет кіргенін, алдыңғы хаттардың жауабын алып, консулмен кең ауқымда сөйлескенін түгел айтып берді. Жалғыз өзі емес, тарихшы Мұқаметқазы Мұхамедиев, Мәсәлім Әбікұлы бастаған ауылдағы көзі ашық азаматтар арыз-хаттардың баратын мекен-жайы мен келген жауаптардың мазмұнын бірінен-бірі көшіріп, жұртшылық ішіне астыртын таратып жіберген. Қабдештің ғұмырнамасында жазылғандай, бір-екі күн сол жерде болып, Шәуешекке қайта оралдым. Бір білетінім, 1962 жылы Қазақстан шекарасынан екі жүз мың адам өтсе, осы көштің ең алғашқы идеологы да, қозғаушы механизмі де тек Қабдеш Жұмаділов екені айдай ақиқат болатын. Қыс ішінде Қабдештің өзі Шәуешекке екі келіп кетті. Біреуінде мен жайырдан атып әкелген қарақұйрықты қуырдақтатып, өз үйінде отырдық. Ерсілі-қарсылы ақпарат алыстық. Мен толыда Төлеубек Жақыпбаевқа жолыққанымды және оның да кетуге тас-түйін бекініп отырғанын Қабдеш менен естіді.

Сондай күндердің бірінде, мені аймақтық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің бастығы Үсейін Әбәйдолла шақыртыпты. Бардым.

- Сен Тарбағатай газетіне жазған-сызғаныңнан ештеңеңді бермейтін көрінесің. Eкіншіден, ондағы Ақылбек Сағыбаев деген ұлтшылмен ғана сөйлесетін көрінесің. Мұның қалай? – деді түсін суытып.

Менің үстімнен әлгіндей сөз ертіп, арандатып жүрген. «Тарбағатай» газетінің бас редакторы Мұқсын деген буырылбас татар екен. Осыны маңайдағы жігіттен сұрастырғанымда, - Ол Ақылбек қана емес, тағы бір бірталай жігіттің түбіне жеткен адам, - десті.

Енді ойландым, Үрімжіге қайта барып, жаңағы «дазыбаушылардың» бет-жүзін қайта көріп, олармен бірге жұмыс істеу – мен үшін тікенге жалаңаш жатумен бірдей сияқты. Бұрын Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің толық томы, «Жас қанат» тәрізді, кейін шыққан арынды ақындардың өлеңдер жинағын Қабдештен ғана алып оқығанмын. Енді ондай рухани нәр, әдеби сусын жоқ. Фельетонға жол тар. Ешқандай проблема көтере алмаған соң, тілшінің куәлігін қалтама салып, көзге күйік болғанша, жұрттың обалына қалмай, көзімді жоғалтуым керек деп шештім. Өйткені Қабдештен сұрағанымда, ұсақ қарындастарым мен інілерімді Қазақстанға жеткізе алсам, мемлекет қаражатымен интернатта оқытуға болатынын түсіндірген. Сондықтан ақылдасуға немере ағам Мұқатай Ысқақұлын ел қозғалудан бір ай бұрын шақырып алып, болған жайды жайып салдым.

Мұқатай менің үйімді Шәуешекке көшіріп әкелмекші болып кетті де, сол беті хабар-ошарсыз жоғалды. Ел ішіндегі дүмпу күн асқан сайын кернеп барады.

Күндіз кешке шейін газет тапсырған бір жұмыстан қолым босамай, кеште Ергейті коммунасының асханасынан жүрек жалғай қояйын деп бара жатсам, Жүсіп деген жолдасым айқаса кетті. Асханадан шығып келе жатқан артындағы құстұмсықтау қызыл шырайлы адам Шың-Жаң ұйғыр автономиялы райондық партия комитеті әкімшілік бөлімінің бастығы екен. Жүсіп соған аудармашы болып, іссапарға келген көрінеді. Ол бірден:

- Қабдеш қайда, ол не бүлдіріп жүр өзі? Сен туралы да әңгіме бар, - деді.

- Сонда қалай? - деп едім, Қабдешке тықырдың таяғанын Жүсіп менен жасырған жоқ.

Қарным ашып тұрғаны есімнен лезде шығып кетті. Жүсіппен кысқа қоштастым да, велосипедке міне салып, «Шәуешек қайдасың» деп ал ұшыртайын. Айдап Қабдештің үйіне келсем, ол үйінде жоқ екен.

Қабдеш келсе, мұнда қонбай-ақ Шәріптің үйіне жатсын. Өте қатерлі мәселе бар, - дегенді шешесіне жедел тапсырып, ары қарай, Шәуешектен 30 шақырым жердегі Қарағаш коммунасында тұратын Ағланбек Тынысбаевқа түнгі сағат үш мөлшерінде жеттім. Сәскеде коммунаның бастығы Шәймәрдәннің інісі жетті бір қулық биемен құйындатып. Хабаршының айтуына қарағанда, Қабдеш тұрған төстегі елдің алды шекараға қарай жылжып, арты жүгін буа бастаған.

Ей, алла, бірімізден-біріміз сескенеміз. Шәймәрден інісін аттан жұлып алып, менің көзімше домбытып ұрысты да, білегінен ұстап үйіне сүйрей жөнелді.

Сөйтіп, Ағланбек аулынан Шәймерден тауып берген арық ақбоздың қаңқасына мініп, екінтіде жолға шықтым. Жұбына жеткен жануар төрт шақырымнан кейін тұрып қалды. Жол шетіндегі қара жусанды қарбыттырып отырып, таң сыза Шәуешекке жеттім-ау, әйтеуір!. Тілшілер пункітіне келсем, маңайымдағылар жоқ. Дереу тірнектеп жиған тиын-тебенім мен қабына салынған қос тілді сырнайымды алып, жанымда Тұрсын Нүрғалиева деген апайым бар, екеуміз үсті березент жүк таксимен Дөрбілжіңге келдік. Әкемнің туған жиені Ғабдолла Емілбаевтің үйіне соғып:

- Сенімді адам болмаса, тісіңізден шықпасын, жағдай осы, - деп өзім бетімді суыққа салып тұрғанымды жасырмай айттым. Ақшамды қойны-қоншыма тығып алғанмын, іні-қарындастарыма бауға сататын ат іздеп, мал базарына бар­сам, жылқы жоқ. Енді осы Қабдолланың өзі арқылы іздейін деп соның үйіне 50 метр қалғанымда, өкпе тұстан бір қара бала сарт ете қалды.

- Қажытай Ілиясұлы сіз бе?

- Иә, мен!

- Бәсе, иығында гармоны бар деп еді. Қабдолла Емілбаев ағайдың үйінде мылтығы бар сақшының екі адамы сізді күтіп отыр. «Енді мұнда жолай көрмесін! Соны айт!» деп жолыңызды күзеттіріп қойды маған, - деді бала.

Адам сасқанда, ақыл да табады, айлакер де болады ғой. Қатар жатқан келесі көшеге шығып, жіте басып, автостанцияға келсем, Шәуешекке жүретін ешқандай көлік жоқ. Үстіне шай тиеген жалғыз зил машинасы тоқтап, жүргізуші мен кабинасындағы адам асханаға кіріп барады екен. Мен дереу сол маңайда тұратын Тайыр деген ағамыздың үйіне келіп, қалтамдағы екі-үш бума ақшаны «қарындастарыма беріңіз» деп тапсырып, қайта жүгіріп жетсем, жаңағы екеуі астарын әлі ішіп болмапты. Асхананың қасында қытай арағынан басқа сатылатын ештеңе жоқ. Қос тілді сырнайдың кішкене қабына төрт-ақ арақ сияды екен. Соның ақшасын төлеп болғанымша, жаңағы жүк машинасының жүргізушісі де далаға шықты, тісін шұқып. Өзім құралпы жас жігіт екен, қытай тілінде амандасып:

- Мені Шәуешекке ала кет! – деп едім, - Төбесіне тиелген шай анау. Жанымда отырған адам мынау, - деп көзілдірік киген дембелше қытай жігітін керсетті де, - Енді мойныма мінесің бе? - деді тіркістеу сөйлеп.

Құдай жолыңды оңғарайын десе, бірдеңеге бірдеңе себеп болып тұрады ғой. Біз Үрімжіден кетерде, Қатынас министрі қол қойған бетінде суретіміз бар куәлік таратылған. Онда «Өрт сөндіретін маши­на мен жедел жәрдем машинасынан басқаның бәрін жұмыстың кажетіне сай, ұстап мінуіне болады» делінген. Тілшілік куәлігіме қоса, жаңағы Қатынас министрлігінің қосымша куәлігін алып, блокнотымның бір бетіне, «мынандай нөмірлі жүк машинасына жүргізушінің ескертуін тыңдамай, өз бетіммен отырдым. Жолда машина аударылса, не мен одан ұшып кетіп жазым болсам, шофердан ешқандай жауапкершілік сұралмасын!» - деп, қол қойып, жаңағы жүргізушіге ұстатып едім:

- Неге сондай асығыссың? - деді бетіме шақшия қарап.

- Шәуешек елі шекараға қарай кетіп жатыр. Мені каланың өзінде, иіс-майын жағып күтіп отырған бір сұлу бар. Соны тез барып, ұстап алмасам, әке-шешесімен бірге ары өтіп кетуі мүмкін, - деп едім, бетіме қарап күлді де, қағазды қойнына салып ап: - Қоймадың ғой, отырсаң отыршы! – деді. Мен жүктің үстіне секіріп шықканда, машина жылжып кетті. Орқашар тауының батысындағы жайлауға шығатын қасқа жол оның бөктеріндегі көшіп-қонып жүретін қоныстар жас толған көзіме бұлдырап шалынады...

Шығыс жағынан кіретін қала қақпасынан кіре бере, кабинаның төбесінен өкшеммен тықылдатып едім, шофер тоқтай қалды. Жаңағыларға қоштасып, әдейі машинаның алдынан орай өтіп, оңтүстікке қарай жүрдім де, машинаның қызыл шамы өшкеннен кейін, бағытымды күрт солтүстікке өзгертіп, жан ұшыра Қабдештің үйіне жеттім. Қарасам, Қабдеш үйінде шешініп тастап, жатқалы жатыр. Қысқа амандықтан кейін, карындасынан екі бос кесе сұрап:

Ал Қабдеш, сен аға, мен іні болғалы ештеңе ұрттаған жоқ едім. Бас редактор Бұлантай аға екеумізді үйіне арнайы шақырғанда, екі жақтап, маған он грамм «у жапи» (коньяк) ішкізе алмап едіңдер. Енді мұның да бір ішілетін уақыты болады екен, - деп арақтың біреуін тісіммен ашып, екі кесеге құя бастағанда:

- Уй, былай құймайды ғой, - деді Қабдеш.

- Менің кұйысым осы. Ал аман көріскеніміз үшін, әрі сапарымыз сәтті болу үшін алайық! - деп іс-міш жоқ, қағып салдым. Ол да жылжытып жіберді.

- Қабе, жүр, далаға шығайық, әңгіме бар! - десем,

- Әй, соны таңертең айтсаң, қайтеді? Көзіме ұйқы тығылып, әбден титықтап тұрмын, - деді.

- Әй, көке, ізіме құралды сақшы түсіп, мен Дүбілжіңнен жүк машинасымен қашып шықтым. Қашан қол-аяғымызды байлап алғанша, отырамыз ба тұяқ серіппей! - деп едім, Қабдеш көзі алайып, асығыс-үсігіс киіне бастады. 22 апрельдің түні. Ай сүттей жарық. Мен болған окиғаны баяндап бола бергенде, сумаң етіп, ақ киімді сақшының адамы кіріп келді де, көрші терезені қақты. Одан келіп, Кабдештің бетіне үңіле бергенде, мен кіші дәретке отыратын адамның пішінін білдіріп, көлеңкеге қарай теріс айналдым. Бір жақсы жері, Қабдеш тұрған қораның оңтүстігіне үлкен мая жоңышқа жиналған екен. Айдың жартылай түскен көлеңкесі біз тұрған жерден қақпаға дейін созылады. Соның арасында, анау алғашқы қаққан терезені тағы барып қақты да, есікке қарай жөнелді. Сақшы айдың жарығында, мен көлеңкесіңде қақпаға қарай қатар келе жатырмыз. Аяғымдағым галошты хрум етік болатын. Сақшының адамы кісі кіретін тар есіктен шықты да, «үйде екен, үйде екен» деген сөзі құлағымды қақпаға тосып тұрған маған анық естілді. Адам сасқанда, батыр да, айлакер де болады. Соның арасынша қақпаның кісінің қара санындай бөрене тиегін көз ілеспес жылдамдықпен қатты серпіп қалдым. Тиек үлкен кақпаны да, кіші есікті де бірдей жапты. Алты секіріп Қабдешке келіп: «үйде екен» деп жатыр дегенде: - Енді кету керек, - деді. Жүгіріп үйдің шығыс оңтүстігіндегі дуалға шықсақ, ауланың бір қабырғасы әскери ат бағатын қораның қабырғасы екен. Төр – тұйық. Есікте күзетші бар. Шамасы 4 жарым, 5 метрдей жердегі дуалдың үстіне екі-үш қатар помала жиналып, үстіне ұзыннан-ұзаққараған орнатқан екен. – Ендігі үміт мынау! – деді Қабдеш. Екеуміз қатар кеп секіргенде, мен жан-дәрмен шығып кеттім де, Қабдештің қолы жетіңкіремей қалды. Соның арасынша, қазақша, ұйғырша, қытайша «Есікті ашындар!» деген қақпаның ар жағынан шыққан қаһарлы топтың айғайы жер жарып барады. Дереу секіріп, - қайта түстім де: - Ойбай, шық иығыма! – дедім құлағына сыбырлап. Ол дереу қарғып шыққанда, орнымнан тұрып едім, лып етіп қарағанға міне түсті. Мен қайта секіріп қарағаннан ұстағанда, Қабдеш көкпарға көп түскен шалдарша, жауырынымнан алды дейсің! Екеуміз де дуалдан асып түссек, үлкен емхананың шеті екен. Әлгілер есікті тепкілеп қала берді. Біз ескі жапырақты сытырлата жүгіріп, темір қорғанның көше жағындағы бір жерінен жалма-жан тағы секіріп, көшеге шықтық та, ой, зыттық-ау! Қаланың шетіне шыққанда, Қаб­деш: «Мінебіреу жаман тамның көлеңкесіне барып, ақыл қорытайық!» - деді қолымнан тартып. Айтқан жеріне бұрылсақ, құданың құдіреті алдымыздан ақ төс қарақасқа қаншық құйрығын бұлғаңдатып шыға келгені. Ар жағынан ыңырсыған жас күшіктердің даусы естіледі. Сонда Қабдеш:

- Әй, жолымыз болады екен. Жеті қазынаның бірі ит қой. Алдымыздан көзін ашпаған күшік пен мына байқұстың шыға келгенін қарашы! – деді біртүрлі тебіреніп. Көлеңкеге барып отырғанда, Қабдеш сөзін қайта сабақтады.

- Осыдан батысқа тура жүрсек, шекара 18 шақырым. Ал жоғары Қаракітәтқа қарай жүрсек, 30-35 шақырым болады. Екі жолдың қайсысы дұрыс? – деді маған төне сыбырлап.

Бұлар бізді қуса, бар күшін дереу шекара жаққа жұмылдыруы мүмкін. Бізді тауға қарай, теріс-қағыс қашады деп тіпті де ойламайды. Сондықтан жіте-жіте жүріп, таң атқанша тауға ілінейік. Күндіз қараған-бұтаны паналасақ та, кеш бата шекараға қарай зытамыз, - дедім мен. Қабдеш сөзге келген жок:

- Бұл айтқаныңның жаны бар, - деп маған үнсіз ілесті...

Таң жарығы жерге түсе, Яманты (моңғолша «ешкілі») шекарасына да жеттік-ау! Қызыл сызыққа 500 метр қалғанда: - Тоқта! – дедім Қабдешке. – Буыным босап, анық шаршағанымды әрі қарнымның ашқанын енді ғана сезініп тұрмын. Мен 20 сәуір күні түсте тамақ ішуге үлгермей, кеште өзеуреп, Ергейтіге бардым, е, де! Жаңағы сұмдық хабарды естігенде, қарнымның ашқаны есімнен шығып кетіпті. Бүгін 23-і ме? Осы үш сөткенің ішінде татқан нәрім Ағланбектіңүйінен жеген бір тістем қарма мен түндегі жарты кесе арақ қой.

- Онда не істейміз? – деді Қабдеш. Маңайымыздағы 3-4 тоқалтамның әлібіреуінен де шыққан түтін жоқ. Бірақ біреуінің есігінің алдына таман жас туған үш бұзау енесінің қасында байлаулы тұр.

- Менде ақша да, астық билеті (кар­точка) де бар, Қабдеш. Дәл ана үйден сүт те, айран да, май да табылады. Жүр, кім болса да барайық! – дедім.

Біз беттеп келе жатқанда, ақжаулығы, қызыл көйлегі, қара кеудешесі бар әйел қолына шелек алып, сиырына бара жатты

- Күніміз үшін өмірімізде бір өтірік айтсақ, құдай өзі кешірер! Сіз менің бастығым боласыз! Мен сіздің аудармашыңыз боламын. Біз Ластай коммунасындағы жиналыстан кейін адасып кеткен ауданның өкілі боламыз да, кеше күні бойы, бүгін түні бойы нәр татпай, мұнда адасып келген кадрлар боламыз.

Титықтап әрең тұрған Қабдеш басты үнсіз изеді. Сонымен екеуміз де сиыр сауып жатқан әлгі келіншектің қасына келдік.

Сөзге тартсам, әйелдің ұйғыр екені акцентінен білінді. Сосын, ойша жасалған сценарий бойынша, жағдайды түсіндіріп едік, үйіне шай қойып қойған екен. Мен қалтамнан билетті де, ақшаны да көрсетіп: - Мынадан калағаныңызша берейін. Бізге тек әткен шай жасап беріңіз, - дедім. Келіншек бір сиырын сауып болған бетте, дереу әткен шайды жасап, екеуміздің ортамызға бір табақ сары май мен құрамына сарымсақ салып, тандырға пісірген үлкен-үлкен үш-төрт қалашты қоя салды...

Рахмет айтып, далаға шықтық. Орнымнан түрегелгенде, қарсы үйде екі көзі қып-қызыл, мақпал қара ат тұр екен. Оны Қабдеш те көрді. Далаға шыққаннан кейін, - Қабдешке: - Ана атты көрдің бе? - дедім.

– Иә, ұры-қарыдан қорқып, атын үйіне әдейі байлап отырған шығар? – деді. Көзіміз үйреніп, ар жағымызға ел қонып, барлық қауіп-қатерден толық кұтылғандай, тоқмейіл күйдеміз.

-   Қабдеш, менде әлі де ақша бар екен. Жаңағы ұйғырға сөйлесейік, ана атты ақысын төлеп, майлап алайын, түнделетіп қайтып келем. Мен жоғарғы жолмен барып, қарындастарымды, бауырларымды алып шығайын. Ал оған көнбесе, тартып алсам қайтеді? - деп едім. Буы бұрқырап тұрған Қабдеш зыр ете түсті, шошып кетіп:

- Әй, жаңа адал асын іштік қой. Адамды дәм-тұз жібере ме?! – дегенде ғана,

- Астапралла, астапралла! – деппін өзім де қолымды кеудеме апарып...

Жалпы, осы Қабдеш мені талай пәледен қақты. Мен тым қызба, тым ұрыншақ сияқтымын.

Әйткенмен, осы сапарда Қабдештің қаламына ілікпеген сасқалақ сәт бар.

...Романның ішінде қалада қалған шешесі мен қарындасын әкелу үшін Шәуешекке қайта баруға Қабдеш екеуміздің: - Мен барам, мен барам, - деп керкілдесетініміз бар еді ғой. Ақыры екеуміз де өгіз арбамен Шәуешекке қайта бет алып бара жатқанымызда, бір қоңыр дөнен оңаша жайылып тұр екен. Соны көріп мен арбадан қарғып түскенмін.

- Сен жылжи бер, мен біреуден арқан тауып, анаған шалма тастайын да, жайдақ мініп, артыңнан қуып жетемін, қайтарда астына киіз-кешек, көрпе төсеп, шешеңді мінгізіп қойсақ та, әйтеуір аяғы жерге тимей келеді ғой – деген едім.

Жағалай сұрап келемін, ойпырмай, ешкім арқанын бермейді. Жылжи-жылжи «Шың-Жаң» радиосында жүмыс істеген Дүйсенбек Әлқанов деген ағамыз болушы еді. Соны тауып алып, арқан жайын әңгіме етіп тұрғанда, кепкасын милықтата киген бір майор (кеңес одағының кісісі) қатар тұрған бір тобымызға:

-         Іштерінде әскерде болған кім бар? – деді.

-         Мен бармын, - деді Дүйсенбек аға.

Майор:

- Үш қадам алға шық! – деді де, Дүйсенбек алға шыққанда, жекелеп апарып, жоғары жақ, төменгі жақты кезек көрсетіп әлденені айтып жатты. Сосын:

- Ал, біреуің ат бер мына жігітке! – деді.

Дүйсенбектің жеңінен ала түсіп, білегінен сілкіп-сілкіп қалдым:

- Әй, әлгі майор не айтты өзі?

- Қазір соғыс боп кету қаупі бар. Мына қыр басындағы адамдарды дереу сайға түсіріңдер! Соны шұғыл хабарла деді! – дегені.

Соның алдында ғана Үрімжіде бірге окыған Иманғали деген сабақтасым елдің соңынан келген екен. Сол айтты:

- Мына Қараүңгірдің ішіне Қытай жағы бірнеше сағат бойы жүздеген машинамен қарулы әскер төгіп жатыр, - деді. Ал Кеңес жағы Акшоқының үстіндегі ұрымтал жерлерден пулеметті қатар-қатар тізіп тастаған деседі. Дүйсекең «Тез жыраға түсіңдер!» деп бір қоңырға міне бергенде, мен сол калың нөпірдің ішіне кіріп кетіппін. Қабдеш болса, пар өгіз шеккен бричка деген үлкен арбамен Шәуешектің жарым жолына таяп қалды.

Сасқанда адам неден болса да тайынбайды-ау! Аңқалақтап жүгіріп келе жатсам, бір итарқаның далдасында арбаның шабағынатізгінінен байланған шылбыры түрулі ақ құйрық қаракөк ат тұр. Иесі 10-15 метр жерде шотпен қазықұштап отыр. Аттың сағалдырығын ағыта беріп едім, иесі жалт қарап, орнынан атып тұра бергенде, жүгенін сыпыра салып, үзеңгіге аяғымды салмай, қаракөк аттың арқасына сайтандай сарт ете қалдым. Құдай сақтасын, үюлі тең, кесек-кесек жүктен ор қояндай секіреді. Шауып келе жатып, ноқтаның шылбырымен еріндіктеп, ат үстінен айылымды тарттым. Серпінін-ай, жануардың! Бір ауыл түгел қарап отырған ат болу керек, «Аттан, Аттан!» деп 10-15 адам қолдарына ұстаған сойыл, шоқпары бар, сатырлатып қуып келе жатыр. Көк ат Қабдешке демде жеткізді.

- Ойбай, Дүйсенбек хабарлап жүр, қазір соғыс боп кететін түрі бар, тез мін, - дедім. Қабдеш арбадан секіріп түсіп, артыма қарғып мінді. Қаракөк атпен шекараға қарай қайта құйғыттық. Біз қуғыншыға қарсы шаппай, қиғаштай салдық. Үстіндегі кекірдей екі адамды бұйым құрлы көрмей, заулағанда, жануардың екпінін жаңағы 10-15 адам көлденеңнен де шала алмай қалды. Шекараға жеткен бетте тоқтай қалып едік, артымыздан қуып келген біреу бишікпен бізді салып қалсын! Қабдеш бишіктің өрімінен сап етіп ұстай алыпты. Ол ұстаған жерден мен де ұстай алып, бишікті қолынан жұлып алдық та, екеуміз де аттан қарғып түстік. Бишік бізде.

- Әй, атыңның майы кете ме?! Жаңағы хабарлап жатқан қауіпті жағдайды естіп тұрсың! Қалаға бара жатқан мына адамды алып келдім. Мә, атың, - деп шылбырды қолына ұстата салдым. Анау:

- Әкел, бишікті! – деді. Бишігін қолына алып, атын жетелей жөнелгенде, іркес-тіркес артындағы шауып келгендер де сабасына түсіп, бәрі жайына кетті...

Сөйтіп, Қабдештің қаладағы үй-ішін ертеңінде таңертең арбамен шекараға басқа адамдар жеткізді. Сұрастырғанымызда, кеше біз қаладан кетерде, қақпаны тепкілегендердің тек тұтқындауға келген кісілер екенін солардан білдік. Айналып келгенде, бізді құдай қолдағандықтан ғана кұтылыппыз. Өйткені менің жан-дәрмен қақпаны жауып жібергенім, көзір кісенін дайындап, тұтқындауға келген топты амалсыз кідірткен. Аулада өзім шығып алған жерден қайта қарғып түскен соң, Қабдешке иығымды төсеп, ұсынса қол жетпейтін қорғаннан секіртуім, бізді бұл жолғы қатерден құтқарған екен.

Мұқатай ағамнан хабар-ошар жоқ. Қабдештің Нұрахмет деген ағасы түйе қомдап, қыстауында қалған киіз үйді әкелуге кетіп барады екен. Соларды көргенде, Мұқатайға қаным қайнап, шекарадан қосар атпен жолға шықтым. Ат сенімді бол­ған соң, тым ішкерілеп кетсем керек. Шәшәнің тұсындағы қат-қабат шолғыншыдан еріксіз кері қайттым.

Сонымен, ендігі шатақты қараңыз! Ғабдолла Емілбаев 20 жылға сүргінделген. Ма­қай деген үлкен қарындасым абақтыға жабылған. Мұқатай Шағанова шекарасынан өтіп кеткен. Үрімжідегі нағашым Советхан Уақбаевтың 7 жыл миын ашытқан. Ал Қабдештің киіз үй әкелуге кеткен ағасы сол беті тұтқынға түсіп, топырақ сол жақтан бұйырған...

Қажытай ІЛИЯСҰЛЫ, ақын, сазгер, сатирик. «Жас Алаш» 26-сәуір, 2011 ж.