Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Нобель сыйлығы біздің тақиямызға тар келе ме?


Ресейде Октябрь революциясынан кейін билік басына келген большевиктердің солақай саясатынан зардап шеккен қазақтар аштықтан, қуғын-сүргіннен құтылу үшін, Қытай жеріне өтеді. Шындығында, Шыңжаң өлкесі бұрыннан қазақтар мекен еткен, тек 19-ғасырда Ресей мен Қытай империялары жер бөлісі кезінде шекара сызығының ар жағында қалған ел ғой. Торғайға пана болған бұта сияқты сол аласапыран кезеңде қызыл қырғыннан қашқан қазақтардың көпшілігі Шыңжаң өлкесіне барып паналап, жаппай қырылып кетуден аман қалды.

Қытайда да қазақтарға бас асып, күтіп тұрған ешкім жоқ еді. Бастарынан орыстың темір ноқтасы сыпырылғанымен, қытайдың қайыс ноқтасы киілуге дайын тұрды. Қытай жерінде де қазақтар қақ-соқты, қуғын-сүргінді, кемсітуді бастарынан кешті. Боданның аты – бодан.

Екі елде де езгіге ұшыраған қазақ тағдыры «Соңғы көште» бар шындығымен баяндалады. Өзінің отаршылдық іс-әрекетін, бодан елге жасаған қиянатын, өктемдігін әшкерелегенді кім ұнатсын. Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман. Бізде, Қазақстанда «Соңғы көштің» баспадан шығуының кешеуілдеп қалуы, тек Мәскеуден рұқсат алып қана басылуы осының айғағы. Ал Қытай билігі оны мүлде шығармай тастады. Олай болса – басын қатерге тіккен Қабдешті осыдан кейін батыр демей көр.

Қабдештің қай шығармасын алсаң да аузыңнан сілекейің шұбырып отырып оқисың. Бастап оқи жөнелсең еріксіз иіріміне сүңгітіп, тереңіне батырып әкететін бір сиқырлы күшке тап боласың. Аяғына жетпей бас ала алмайсың. Тілі ғана емес, оқиғаны ширықтыра баяндау тәсілі оқушыны елтіп отырады.

Жазушының көп томдығының сүбелісінің бірі – «Дарабоз» романы. Бұл кітаптың басты кейіпкері – Қабанбай батыр. Қабанбай бейнесі бұған дейін толық ашылмаған, қазаққа жөнді танылмаған, көмескі бейне болатын. Қазақстан тарихында да жарқырай ашылмаған. Осы кітапты оқыған соң ғана Қабанбайдың ерлігі, оның қолбасшылығы шындап мойындалғандай.

Қай соғыс болмасын нағыз ер, қолбасшыны тарих аренасына өзі алып шығады. Ұлы Отан соғысы кезінде неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста Жуковтың рөлін дүниежүзі мойындады. Жуков бұл соғыста көзге түссе, Қабанбай батыр жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғыста жасындай жарқылдады. Екеуінде де бір ұқсастық бар. Жуков бас штабта дайындалып, картаға сызылған, Сталиннің сүзгісінен өткен соғысты жүргізудің жоспарын іске асырушы, орындаушысы болды. Сол сияқты Қабанбай батыр жоңғарларға қарсы соғыста сондай рөл атқарды. Бұл соғыста Қабанбай Абылай ханның жауға сермейтін алмас қылышы, ауыр да, салмақты гүрзі шоқпары болды. Абылай жаны қысылған сәтте, қауіпті шептерге Қабанбайды қалқан қылып ұстап, жұмсап отырды. Ал, Қабанбай бұл сындардан сүрінбей өтіп, ұрыстарда жауын жайпап жіберетін батыр. Жеке басы 300 рет жекпе-жекке шығып, жау батырларын жер жастандырғанының өзі не тұрады. Ол бүкіл қазақ жауынгерлеріне рух, дем беруші болды. Сол соғыста жүрген қалың қол ғана емес, тіпті кейінгі ұрпақтарының ұранына айналды. Егер Қабанбай батыр болмаса қазақтардың сол соғыста жоңғарларды түпкілікті жеңуі неғайбыл болар еді.

Ал, үш жүз жыл өткен соң сол Қабанбайды толық елге танымал еткен Қабдештің ерлігін немен бағалауға болады? Егер Қабдеш Жұмаділов болмаса, Қабанбай ерлігі тарих қойнауының терең түкпіріне көміліп қалып, жарыққа шыға алмас еді. Қабанбай есімін уақыт қоқысынан аршып алып, жарқыратып тарих бетіне шығарған Қабдеш қандай марапатқа болсын лайық жазушы. Мұны Абайды тарих сахнасына шығарған Мұхтар Әуезовтің ерлігімен ғана салғастыруға болады.

Жеке бастың ерлігі демекші, осындайда ойға оралады. Қабдеш 1956-1958 жылдары Алматыдағы Киров атындағы университетте екі жылдай оқиды. Қытай үкіметі оқуын аяқтатпай шақыртып алады. Қытайға келген соң «Кеңес Одағынан келген сенімсіз адам ретінде» қақ-соқтың неше түрін, «төменге түсу», түрмеге түсудің небір құйтұрқыларын басынан өткереді. Бұл кезде ел іші бүлініп, Қытай билігіне халық наразылығы күшейе түседі. Міне, осы кезде Қабдеш халықты ұйымдастырып, Қазақстанға өтуге тілек білдіргендердің қолын жинап, сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Ворошиловқа, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Қонаевтың атына арыз жазады. Одан жауап келген соң қанаттанған Қабдеш, енді СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Хрущевқа, тағы да Қонаевтың атына бірнеше арыз жолдайды. Осыдан соң-ақ 1962 жылы шекара ашылып, халық тасқын судай Қазақстанға лап қояды. Сонда небәрі жиырма шақты аз күннің ішінде Қытайдан Қазақстанға 200 мыңдай халық өткен екен. Қазақта: «Елге ел қосылса – құт» деген бір аталы сөз бар. Мұны Қабдеш Жұмаділовтің ерлігі емес деп кім айтады. 2012 жылы сәуір айында сол оқиғаға – қазақтардың шекара асып, атамекенге өткеніне 50 жыл толды. Осы күн Қазақстанда еске алынбай атаусыз қалды. «Егер заң-закон менің қолымда болса» (Абай) мен сол даталы күні Қабдешке «Халық қаһарманы» атағын берер едім. Марапатты былай қойып, сол 50 жылдыққа билік қаржыландыратын баспасөз бір ауыз жылы сөз айтуға жарамады.

Қабдештің ұлтжандылығы, қазаққа деген сүйіспеншілігі ерекше. Қиын-қыстау сәтте ұлт азаматтарына қолұшын беруден тайынбайды. Қажығұмар Шабданұлы – Қытай түрмесінде ұзақ жыл отырып, Гиннестің Рекордтар кітабына енген аса ірі тұлға. Ол «Қылмыс» атты алты томдық роман жазды. Оның соңғы төрт кітабы түрмеде жазылған. Бұл – әлем әдебиетінде бұрын-соңды болмаған құбылыс. Осы кітапты ерінбей жазған Қажығұмар үзік-үзік етіп, жарым-жартылап, Алматыдағы Қабдеш Жұмаділовке жіберіп отырған. Соны Қабдеш араб үлгісіндегі төте жазудан кириллицаға түсірген. Мәдениет министрлігіне барып, алты томға арнайы ақша бөлдірген. Міне осыдан кейін ғана 2009 жылы дүниежүзі қазақ қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрді.

Менің негізгі айтайын дегенім – Қабдеш Жұмаділов пен Қажығұмар Шабданұлының шығармаларын Нобель сыйлығына ұсыну. Иә, қазіргі қазақ әдебиетінде халықаралық сыйлыққа лайық екі-ақ жазушының шығармалары бар. Оның біріншісі – Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы да, екіншісі – Қабдеш Жұмаділовтің шығармалары. Кейбіреулер Қажығұмар біздікі емес, Қытай азаматы деп қоңырсытуы мүмкін. Жоқ, Қажығұмар – біздікі. Кеше ғана Аягөзде туып, кіндік қаны сонда тамған. Бар қазақ – бір қазақ. Қазақ қайда жүрсе де, қайда өлсе де – біздің қазақ, біздің туысқанымыз, біздің бауырымыз. Оның Қазақстаннан басқа Отаны да жоқ. Олай болса, біз неге осыдан бәленбай ғасыр бұрын өмір сүріп, Мысырды билеген Бейбарысты қазақ еді деп мақтан тұтып, бауырымызға тартамыз? Әлде бірімізді-біріміз қазақ деп тануымыз үшін бәленбай ғасыр күтуіміз керек пе? Бөлініп-жарылғанымыз жетеді, енді ұлт болып ұйысатын кез келді.

Кеше Мұхтар Әуезов неміс фашистерінің концлагерінде қаза тапқан татар ақыны Мұса Жәлелге жанын жалдап, тілін безеп жүріп, пышақ сыртындай ғана «Моабит дәптері» деген өлеңдер жинағы үшін Лениндік сыйлықтың лауреаты атағын алып бермеді ме? Бұл Кеңес Одағы кезіндегі ең жоғарғы сыйлық еді, сол себепті де оның талабы аса қатал болатын. Анау-мынау шығармалар өте алмай, мүйізі қарағайдай жазушылардың том-том кітаптарының жолы кесіліп жататын. Мұхтар Әуезов сол комиссияның мүшесі болған. Сонда Мұқаң оны татар деген жоқ, мұсылман баласы деп жақын тартты. Осы бізге үлгі болу керек.

Ал «Қылмыс» мемлекеттік сыйлықты былай қойғанда, Нобель сыйлығын алуға әбден лайық шығарма. Қазақ әдебиеті тарихында мұндай шығарма бұрын-соңды жазылмаған. Қазақ әдебиетінде «Қылмыспен» шендесетін тек «Абай жолы» роман-эпопеясы ғана. Бұл – Қытай қазақтарының 50 жылдық тарихын қамтитын туынды. Бұл қазақ әдебиетіндегі ұлы жаңалық, аса көрнекті туынды, Шығыс үлгісімен жазылған тұңғыш туынды, әдебиеттегі төңкеріс.

«Қылмысты» бейжай отырып оқу мүмкін емес. Жан-дүниең егіліп, езіліп, көзіңнен қанды жасың сорғалап отырып оқисың. Басты кейіпкер Биғабіл (Биғаш) тағдырына немқұрайды қарай алмайсың.

«Құдіретті «тергеушім», өтірік айтсам, тас төбемнен ұрыңыз... «Қылмыс, қылмыс» - деп қақылдадыңыз да қалдыңыз? Қатыныңыз қылмысқа жерік болып қалып па еді?». Кітап басынан аяғына дейін осындай әжуа, мысқылға толы.

Ал, осы «Қылмыстың» авторына тіптен обал, қиянат жасадық. 90-ға таяған шағында ақсақал туған жерінде өлгісі келіп, Қазақстанға өтуге тілек білдіріп, қаншама арыздар жазды. Тіпті, Президент Назарбаевқа дейін хат жолдады. Бірақ ешкім оның зарына елең етіп, құлақ түрмеді. Ақыры, өмір бойы қуғын-сүргін көріп, өмірі өксіп өткен кәрі жүрек шыдас бермеді, соғуын тоқтатты. Сүйегі жат ел, жат жерде қалды. Туған жерінен бір уыс топырақ та бұйырмады.

Ал, Қабдештің шығармалары бірінен бірі өтеді, қай шығармасын сыйлыққа ұсынса да бәйгеден келері сөзсіз. Рас, «Мен ішпеген у бар ма?» деп Абай айтпақшы, Қабдеш көрмеген қиянат жоқ. Кезінде Жазушылар Одағына мүшелікке өткізбей аяғынан шалып бір құлатқан, Алматыдағы Ұлттық кітапханадан таңдамалы шығармаларын ұрлап, жыртып әжетханаға да тастаған. Тіпті, баспасөз бетінде ол кісіні сотқа бермек болып, қоқан-лоққы жасағандар да болды. Аяқтан шалушы Батыраштардың қолдарынан балтасы түсе қойған жоқ, әлі де қастығын аяп қалмас.

Бұл Нобель сыйлығы Қабдеш Жұмаділов пен Қажығұмар Шабданұлына керек емес, қажет те болмауы мүмкін. Бірақ бұл бүкіл қазаққа, қазақ әдебиетіне керек. Мәртебесін көтеру үшін Қазақстанға керек. Қолда барда алтынымыздың қадірін осындайда көрмесек қайда көреміз? Асылымызды жарқырата көрсететін мезгіл жетті.

Қабдеш Жұмаділов пен Қажығұмар Шабданұлын қолдайтын Ғаббас Қабышұлы, Герольд Бельгер, Дулат Исабеков, сонау Чехияда тұрып жатқан Мұхтар Мағауин сынды жазушылар мен Мұхтар Шаханов сынды ақындарымыз баршылық. Ең бастысы оларды қарапайым қазақ оқырмандары қолдайды деп ойлаймын.

Ал, осы аса беделді халықаралық сыйлыққа ұсыну үшін Қабдеш пен Қажығұмар шығармаларын шет тілге аударуымыз керек. Сонда қай тілге, қалай аударамыз? Бұл жөнінде Қабдеш өз шығармаларының аудармасы туралы кезінде сөз еткен. Өз басы Мәскеуде кітап шығаруға екі рет талпынып көріпті. Алғаш «Советский писатель» баспасына «Соңғы көштің» аудармасын берген. Оны өзінің соңына түсіп жүрген «өз ағасы» тоқтатыпты. Екінші рет «Сәйгүліктер» деген атпен повестерінің бір томдығын ұсынған екен. алайда, бұл да орысша жарық көре алмапты. 1991 жылы Совет Одағының шаңырағы ортасына түсіп, «Советский писатель» баспасы сол шаңырақтың астында қалыпты. («Таңғажайып дүние», 625 бет).

Сол сияқты осы кітапта «Соңғы көшті» Хасен Оралтайдың түрік тіліне аударғаны туралы да айтылады. Бірақ ол кезде Қазақстан мен Түркия арасында тіке байланыс болмаған.

Осы жерде ойлануға тура келеді. Бұрынғы қылышынан қан тамып тұрған Кеңес Одағы кезінде Кеңес жазушыларының бір де біреуі Нобель сыйлығын ала алмапты. Қазіргі оның мұрагері Ресей авторитарлы режимді ел болғандықтан, оның халықаралық беделі төмен. Ендеше, бұл шығармалардың орыс тіліндегі аудармасы сыйлық беретін ұйымның күдік, күмәнін тудыруы мүмкін. Сондықтан олардың шығармаларын түрік тіліне аударған жөн сияқты. Себебі, қазіргі мұсылман мемлекеттерінің ең беделдісі де, белдісі – Түркия. Ал, түріктер қазақтарды ежелден тәуір көреді, оларға бүйректері бұрып тұрады. Оған Қазақстан Тәуелсіздік алғанда біздің тәуелсіздігімізді ең алғаш мойындаған Түркия екенін айтсақ та жеткілікті. Ал, түрік тіліндегі шығармаларды Батыс елдерінің тілдеріне (ағылшын, неміс, француз) аудару әрі тез, әрі сапалы болар еді. Меніңше, Нобель сыйлығына ұсынудың төте жолы осы деп ойлаймын.

«Дұрыс аударма шығарманың шырайын кіргізіп, бағын ашады» деген ойды әркім-ақ айтып жүр. Әйткенмен, Қабдеш шығармаларын өзінен асып аударам деп тыраштанудың қажеті жоқ, тек оны түземей, күземей, бояуын солғындатпай, тіл құнарын сақтаса жетіп жатыр.

Ратбек АРЫНҰЛЫ, отставкадағы милиция майоры.
«Ертіс өңірі» газеті. 11-қыркүйек 2013.