Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Қазіргі қазақ повестеріндегі Ұлттық таным және жалпыадамдық құндылықтар


Алайда, туған өлкесінде саяси оқиғалардың салдарынан екіге бөлініп қалған ұлт тағдыры қос империяның аумалы-төкпелі, қазақтар үшін тым баянсыз саясаттарына тұрлаулы болып қалғаны да тарихи шындық. «Тағдыр» романындағы кесек тағдырлар бірте-бірте қандай күйге түскенін көркемсөзде бедерлеген жазушы күні бүгінге дейін бұл тақырыпқа қалам тартудан жалыққан емес. Ол жазар тақырыбы таусылып қалғандықтан, өткенді қаузап жүрген жоқ. Рас, бір қарағанда «Тағдырдан» соң осы тақырыпқа тағы да қалам тарту – автор үшін артық жұмыс сияқты көрінер. Әлбетте, біздің пайымдауымызша, ол романында айтылмаған не қалды? Және сол романдағыдай шығармашылық дайындық, жазушыға керек тарихи мәліметтердің мол қоры, ең бастысы бабы келген шабыт ендігі хикаяттарда бола ма?

Меніңше, біз бас қатыратын осы алуандас мәселелер авторға маңызды емес сияқты. Жазушы үшін, жоғарыда айтқанымыздай, өзі көрген, басынан кешкен қиын күндердің кейбір оқиғалары үнемі санада (адамның) таңбаланып жатады. Олар уақыт өткен сайын жан дүниені мазалап, жарыққа шығуға әрекет етпек. Мұнда тек көркемдік құралдар алдыңғы орынға шығып қана қоймайды, оқиғалардың болып өткен орны, уақыты мен кеңістігі, болмысқа жақын кеп, нақты тарихи шындықтан алшақтамауы және шығармадағы адам (кейіпкер) көңіл-күйлерінің әр алуандығы мен таным шеңберіндегі философиялық аялардың жүйелілігі, нанымдылығы да басты нәрселер болып табылмақ. Және, жазушы үшін тақырыптың өміршеңдігі оны қаншалық меңгергендігінде ғана емес, негізінен бастан кешіп, көзімен көргендігіне де тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, мұны автобиографиялық деректер мен шығармашылықтың сәтті тоғысуы десек болады.

Жазушы «Тозақ оты» хикаятында өзі жақсы білетін тарихи оқиғаларға тағы да қалам тартқан. Мақсаты: ілгеріде жазған шығармаларында айтылмай қалған оқиғаларды ескерусіз қалдырмау. Сонымен бірге, осындай оқиғаларды автор ел ішінен көп естіді әрі өзі де көзбен көріп, бастан кешті. Міне, сол оқиғалар уақыт өткен сайын өзінің түпкі мәнін басқа қырынан аша түсіп, жазушының жан дүниесін үнемі мазалай берді... Шығарманың өзі де жазушының төл туындысы болып саналатындықтан, олардың да тіршілік иесі тәрізді жарыққа шығуға ұмтылатыны заңды.

«Тозақ оты» хикаяты жеке адамнан бастап, адамзат баласының бастан кешкен және кеше бермек қасіреттерін баяндаған. Бір кездегі өзгенің тарапынан көрген қорлықтар мен зорлықтардың үнемі еске алына беруі, оның әділетсіз екенін әшкерелейді. Тарихи уақыт жеке адамның санасынан сол сәттерді әр түрлі айла-амалдарымен өшіріп жіберуге тырсса да, бәрібір ұлт (қазақ) мінез-құлқына жамаған жағымсыз таңбалары қалады және қорқынышпен еске алынатыны да шындық.

Қ.Жұмаділов баяндаудың көркемдіктің қабатындағы оқиғалық желінінің шып-шырғасын шығармай еркін өрбіте беретін қаламгер болғандықтан, Такламакан шөлінде тірідей тозақ отына түскен Қытайдағы қазақтардың тағдырын Бағлан есімді кейіпкердің басына жинақтаған.

Хикаят авторлық кіріспемен тарихи уақыт пен кеңістіктің сығымдалған мәліметері арқылы оқырманға түсіндіріліп өтеді. Геокеңістік Такламаканның ландшафтық бедерлері мен белдеулері, ондағы тіршілік әлемінің жалпы сипаттамасы, өзендер мен көлдер, аңдар мен құстар, ағаштар; оның ең ежелгі тұрғындары – Ұйғырлар туралы да тарихи деректер және басты оқиғаға себеп болатын Орыс-Қытай қарым-қатынастарындағы аласапыран кезеңдер түгел баяндалған. Бұлардың бәрі география мен тарихтан оқулық дәрежесінде хабары бар оқушыға онша қиындық туғызбайтын мәліметтер болғанымен, хикаяттағы Бағланның әрі ол тағдырлас адамдардың бастан кешкен ауыр күндері біз білмейтін көп жайттарға бойлатады. Жазушы да өзінің рухани дүниесі үн қатқанда сөз болып қаламына құйылған «жады мұрағатын» оқырманға бүкпесіз ашып берген.

Такламакан шөліндегі Тарым лагері қызыл Қытайдың «ит жеккені» екен. Ол да адам баласының ең зұлым ойларының салдарынан бірін-бірі билеп-төстеу үшін негізі қаланған «лагерлер тізбегінің» Тарымдағы далалық түрмесі. Одан қашып кету тұрмақ, ол туралы ойлаудың өзі қисынсыз. Алайда, құлдықтан құтылу – қажырлы, болмысынан азаттық үшін алысатын, бостандық сүйгіш адамдарға соншалық кедергі бола алмайтынын автор Бағлан мен Шайқының іс-әрекеттері арқылы айтып береді.

Бірақ, осы ұлы жеңіске дейінгі көрген қорлықтар мен құрбандықтар адамның адамға тілейтін тілектері емес еді. Әйтсе де, бір кездері бір ұлттың келесі бір ұлтты құлдану үшін «ой ойлаған» шақтары аз болмапты. Олардың қатарында Ұлы Қытай елінің шеберлігі Такламакан шөлінен еш кем емес. Адам еңбегін ақысыз-пұлсыз пайдаланудың «лагерлік жүйесі» көптеген елдерде өте арзан жұмыс күші ғана емес, сол мемлекет саясатындағы үреймен басқарудың ең көне жолы.

Мұндай көне қағидаттардың мыңжылдық мұрағаттық тарихы бар ежелгі Жұңғо, кейінгі Қытай коммунистері үшін «қылмыстылар» түрмесін ойлап табудың еш қажеті жоқ болатын. Сол кездегі Шығыс Түркістан қазақтарының (жалпы қытайларды да қоса айтамыз) сөздік қорындағы төбе құйқаңды шымырлататын «ұлтшыл», «оңшыл», «шетелмен астасқан шпион», «қос жүрек» (бұлар жүректері «Совет» пен «Қазақстан» деп соғатындар екен) деген сөздермен көзіңе көрінгенді дырылдатып апарып, түрмеге тығып, сосын «ми тазарту», «стиль түзеу» сияқты науқанымен Тарым лагеріне айдап жіберу үшін адамға соншама ақыл парасат керек пе?!

Осындайдың жазықсыз құрбаны боп, «еңбек лагеріне» жіберілген зиялылардың қатарында Бағлан да кетеді. Шыңжаң университетінің тарих факультетін үздік бітіріп, Бежін университетінің аспирантурасында оқыған жас қазақ жігітінің бар жазасы – қытайлардың 1957 жылы «ашылып-сайрау» дегенді ойлап тауып, көпшіліктен «пікір» сұрағанда «сайрағаны» екен (оның ұлтшылдығы, әрине қытайлар ғана емес барлық басқыншы елдердің ешқайсысына да жақпас еді). Ол: «Шыңжаң университетінде қазақ бөлімдері ашылу керек. Қытайша, ұйғырша оқыған жастар ертең қазақ мектептерінде қалай сабақ береді? Сонан соң «Шыңжаң қазағы мәдениет жағынан Қазақстаннан алыстамауы керек. Сондықтан бізге Қазақстан жазуын қолдану керек» депті (1, 19). Содан «ұлтшыл», «қос жүрек», «шетелдің қағып кеткен шегесі» деген саяси қатерлі атақ алып, «идеялық жағынан тазаруға» Тарымға жіберіледі.

Міне, осы жерден бастап жазушы «лагерлік өмірлердің» қыр-сырын тәптіштей баяндайды. Онда, атап айту керек, құлдықтың өте жиіркенішті жолдары жүзеге асырылды. Адамдардың дүниетанымын тас-талқан етіп, жасанды ұғымдарды саналарына құю, олардың ең нәзік, әлсіз тұстарын пайдалана отырып (ашықтыру, жыныстық қарым-қатынастардағы зәрулікті пайдалану, ауыр жұмыс, ауыру-сырқау, өлім-жітім, т.т.) мәжбүрлеу, қорлау... Ал бұлар жеке адамнан бастап, ұлттың қалыпын бұзатын қауіпті факторлар екеніне Бағланның көзі Тарымда айқын жетеді. Мысалы, «қылдан тайып, тәртіп бұзған адамға қолданылатын жазаның бір түрі – бір тәулік, кейде екі тәулік нәр татырмау. Оның бетін ары қылсын, дүниедегі ең ауыр жаза осы болса керек. Оның қасында тақтайға таңып дүре соғу, не Сәлей тазға итше текпілетіп сабату түк емес» екен деп ойлайтын автор-кейіпкер ары қарай: «Лагерде өлім дегенің көп-ақ, бірақ көрініп тұрған мола жоқ. Өліктің бәрі белгісіз құм төбелердің астында» деп тоқтағанда осынау авторлық баяндау оқырман көз алдына ауыр суретті алып келеді. Өйткені, қолданылып жатқан азаптар адамдарды онсыз да тірідей тозақ отына қақтаған жоқ па? Енді кеп, басына бір белгі қоймай көрінген құм төбелердің астында атаусыз қалдыру, әсіресе қазақ халқының ұлттық танымына қайшы келетін жайт. Бірақ, онда ұлттық құндылық ешқашан есепке алынбайды. Әйтсе де, күллі адамзат балалары өзді-өзі наным-сенімдерінің аясында ақырғы сапарға абыроймен болмаса да, жөнімен аттануды мұрат тұтады. Мұнда ол мәселе көпе-көрнеу аяқ асты болады. Онда ұрлық та «қылмыс» боп саналмайды. Өйткені, Тарым лагері тұтқындарды түзеу емес, азғындатып, құлдану үшін құрылған түрме. Ал азғындықты көзімен күнде көрген, қорланған, мазақ етілген, ашыққан, ар-ұжданнан айырылған адамдар ұлттың мүшесі болмақ тұрсын, әуелі адами қасиеттерден жұрдай болмақ. Ондайлар дайын құл, ал құлдардың өзі бір ұлттың бел баласы, демек қолында билігі бар басқыншы ұлттың әлсіз ұлттарды отарлап, басып алуына әуелі осындай лагерлерден шыққан тұтқындар дайын өнім екен. Қытайлар оны әріден ойластырып жүргізгеніне автор Бағыланның басынан өткен оқиғалар арқылы көзімізді жеткізіп, жан-жақты дәлелдеп берген.

Айтылған сөздерімізге хикаяттан дәйек келтірсек. «Тарым да – адамдарды түзету орны ғана емес, ішкі Қытайды асырайтын сауын сиырға айналып еді..»; «ұялу, қорлану, намыстану, біреуді-біреу аяу дегендер – Тарым лагерінде ұмытылып бара жатқан ұғымдар»; «Бұл арада ұрлық «қылмыс» боп саналмайды»; «мұнда жазасын өтеуге келген «қылмыстылар» күнәсінен арылып, түзеліп қайта ма, әлде бойында бар адамшылық қасиеттерінен жұрдай боп, күзеліп қайта ма, кесіп айту қиын. Ең бастысы, бұл арада құлдықтың жаңа бір сорты жасалып жатқанында күмән жоқ. Біреудің босағасында отырған бодандық, саяси кіріптарлық тұрыпты ғой, енді оған көсемге табыну, билеуші партияға бас ұру, саны көп аға ұлтқа жағыну дегендерді қосыңыз» дейтін авторлық түсініктемелер тарихи уақыттың ащы шындығын бүгінгі күн мұғдарында ашып айтып, дербес көзқарас та білдіріп отырғанымен ерекшеленеді.

Бұдан өзге көрер көзге оғаш, көңілге жат көріністер тізбегінде тағы да ұлттық танымға қайшы келетін жайттарды тап осы Тарымда көрген Бағлан азғындықтың мына бір түріне куә болады. Олар: «ақыл-ойына тұсау салынған зағип жандар»; «екінің бірі – жансыз, салпаңқұлақ, тыңшы»; сосын сатқын Сәлей таз, орауыз әңгі есекті жирен биеге шаптырып, мәз-майрам болып жүрген тұтқындар және Тарым құмындағы қалың еркектердің арасына әкелінген мыңдаған әйелдердің «некелесулері» мен «махаббат мейрамдары». Жиіркенішті қатынастан (жылқы мен есектен) қашыр туады, бірақ олардың адамға тұлпардай сенімді серік болмасы анық. Сол сияқты ұлтты жоюдың геноцид саясаты, оның генелогиялық қалпына қасақана қол сұғу болып табылады. Автор оны былайша ашып айтады: «Сөз жоқ, айрықша сүзгіден өтіп, «миы тазарған» тұтқыннан құлақ кесті құл туады. Империяға ең керекті адамдар – осы құлдар. Бұлардан айтқанды екі етпей орындайтын өзгеше сортты, мәңгүрт текті әулет тарайды».

Құлдаудың қытайлық саясаты сахарадағы Тарым лагерінде де осылай жүзеге асырылып жатқанда, ресми үкімет әлемнің алдына «жалпыадамзаттық» проблемаларды күн тәртібіне қоюдан жалықпаған еді. Олар: «ұлшылдық», «қосжүректер», «шпиондар», «саяси қашқындар» деп аталатын. Ал әлем өз кезегінде, мәселенің мәнісін жақсы біліп тұрса да аталған «проблемаларды» құртуды қол көтере құптады, көз жұма қарады. Себебі, алпауыт елдердің өз іштерінде де әлгіндей «қылмыстылар» бар, тек айырмашылығы өзгеше аталуы мүмкін. Оларда да Тарым лагерлері бар, өзгешелігі ол да басқадай аталады. Сондықтан, қарға қарғаның көзін шұқымай, әркімнің ішкі саясаты оның ішкі саясаты болуға тиіс деген ұлы «дипломатиямен» жабулы күйінде қалып отырғанын тарих растайды. Солай бола тұрғанмен, өзара бәсекелес, алпауыт, әрі көршілес елдердің арасында анда-санда орын алып жататын саяси текетірестердің нәтижесінде тарих кейбір бетін кейбір елдер үшін қайта жазып, кейбір адамдардың тағдырларын түбегейлі өзгертіп жіберген тұстары да болып тұрған. Белгілі бір саяси жағдаяттардың әсері яки салдары бір ұлттың пайдасына шешілген, тіпті кейде жойылып кетуіне дейін жеткізген кездері болғанын да жылнамалар растайды. Мысалы «Тозақ отында» нақты тарихи фактілермен баяндалған.

Айталық, 1959-1960 жылдардағы Қытайдағы тағы бір саяси науқан салдарынан «ортақ қазанға телмірткен «халық коммунасына» наразы шаруалардың» ақыры көтерілістермен әр жерлерде бұрқ ете қалды да соңынан аяусыз басып-жаншылды. Міне, осы жайлардан секем алып, Қытай ұлтының өздеріне үздіксіз қысым жасай беретініне көздері жеткен «Тарбағатай аймағының шекараға жақын аудандары дүрк көтеріліп Қазақстанға көшкен». Бұның қазақ тарихындағы жарқын беттер болғанына оқырман да күмән келтірмейді. «Көш енді біразға созылса, аймақта қазақ қалмағандай екен, бірінші мамырда шекара тарс жабылыпты. Көшіп өткендер соның өзінде аз емес деседі, жиыны 200 мыңдай адам сөз байласқандай, небәрі жиырма күннің ішінде босып өте шыққан» (1, 8).

Алайда, тағы бір ұлттық трагедиялардың Шыңжаңдағы қазақ арасында пайда болғанын біреу білсе, біреу білмейтін еді. Олар тағы бір лек боп Тарым лагеріне айдалған «қылмыстылар» тобы еді. Нағыз отаршылдық үкіметтің бұғауына бағынғысы келмеген «қосжүректер». Бұлардың өздері де екі тарапқа жіктелді. Біреулері – өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғысы келетін ұлтшыл лек. Олар орыс үкіметі шекараны ашып тастаған сәтте дүрк көтеріліп Атамекенге өтті де кетті. Екіншілері – дәлірек айтқанда, Құлжалықтар Тарбағатай аймағының қазақтарынан гөрі артына жалтақтап, автордың анықтап айтуынша «көш бастайтын серке, идеялық басшылары» болмағандықтан, кешігіп қалды. Әрі ұлттық мінез-құлықтардың кейбір кертартпалық қасиеттерінің салдарынан өздері зардап шекті. Талай-талай лаңды салып, бастарына әңгір таяқ ойнатып отырған Қытай халқынан «Құлжалықтар қаладан небәрі тоқсан шақырым жердегі шекараға тура тарта берудің орнына, көшуге рұқсат алмақ болып, облыстық үкіметке барады» (1, 13). Аңқаулық пен қараңғылықтың салдарынан оққа ұшып, өлгені өліп, өлмегені тұтқынға алынып, аяғында Тарымнан бір-ақ шығады. Бұл ұлтымыздың қанына сіңген асыл қасиеті «асын ішіп, аяғына түкірме» дейтін аталы сөзге берік боламыз деп, сан соғып қалған қазақтардың болмысынан әрі ұлттық танымынан хабар береді.

Негізінде, үкіметтің, биліктің, қазақша айтқанда үлкеннің, алдынан өтіп, батасын алмай, жолға шықпайтын ұлттық таным (менталитет) біздің қазақтың қасиеті. Алайда, қой байқұстың қасқырдан қайыр болмайтынын денелеп білмейтіні сияқты Қытайдан бата сұраған елдің әлгіндей әрекеттері әрі күлкілі, әрі аянышты болды. Міне, бұлар жалпы қасіреттердің бір ғана мысалы. Ал осы жалпының өзі жалқы тағдырлардан құралмай ма? Әрбір тұтқынның әрқалай қасіреті бар. Мысалы, ауыл аймағын Қазақстанға көшіріп апарып, онда бір түнеп, онымен тұрмай артта жалғыз қызым қалды деп, қыз-күйеу, құда-жекжатты алып қайтпақ боп, қайта келген Бағланның немере туысы Шайқының «қылмысты тағдыры» бір қарағанда әпенделік болып көрінеді. Тағы да аңқаулық, ең негізгісі қазақтың қанында бар туысшылдық сезімінің себебінен Шайқыға Тарымның талқанын жеуге тура келді. Сөзді Шайқыға берсек: «Елден бір шығып кеткен соң, ескі жұртқа қайтып оралма. Күміс жалғыз емес, ел ішінде қалып барады ғой. Дәм тартса өздері де келер» деп айтудай-ақ айтты. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Бұл кезде көштің арты әлі үзілмеген. Жеке мен ғана емес, жұртта қалған жүгін алып, адамын әкеле жатқандар қайшыласып, қаптап жүр. Ішкі ойым сол күні түнделетіп барып, әлгі қыз бен күйеуді, солардан туған кішкентай жиенді алып, ілесеміз десе құдаларға да қузау салып, ертеңінде бөгелмей кері қайту.

Тәулікке жуық жол жүріп, сол күні түн ортасында құдалардың аулына жеттім-ау! Барсам, қаперлерінде ештеңе жоқ, Мәметек ауылдары мүлдем бейғам отыр. Тоба, мұндайда қамсыз, көз-құлақсыз, меңіреу ел болады екен. Бір белдің астындағы іргелес отырған Төртуылдың шет елге үдере көшіп жатқанымен мүлде шаруасы жоқ. Малын бағып, егінін салып, бәрі коммунаның жұмысында жүр...» (1, 14) деп Бағланға мұңын шаққан кейіпкердің сөздерінде қазақ ұлтының таным-түсініктері мен тарихи уақыт пен кеңістік шынайы бедерленген. Әркімнің басында бір-бір батпан қасірет бар. Көшкендердің артында зар еңіреп ел қалды, ал оларға қайта оралған Шайқылардың тағдырлары Тарымға байланды. Көшпегендері көгенкөз боп, біреудің бодандығына одан ары түсе берді.

Тағдырлары Тарым лагерінде тоғысқан ағайынды қос қазақтың ойлары күллі адамзат баласы кеудесінен жаны шыққанша арман етіп, алысып өтетін бостандық пен азаттық деген мұратқа негізделді. Және бұл мақсат, әсіресе түрмеге түсіп, бас бостандығынан айырылған адамдарда орасан күшті болатыны шындық. Ал Бағлан мен Шайқы сияқты әрі ұлтың мүддесі үшін ұлтшыл болған «қылмыскерлерде», тіпті ызаға булыққан күрес сияқты болды. Жазушы адам баласы қайсарлық пен табандылық көрсетіп, бұғауға бағынбаса алынбайтын қамал жоқ екенін «Тозақ оты» хикаятында Бағлан мен Шайқының Тарымнан қашып шығып, талай қауіп-қатерлерді басынан өткеріп, ақыры Отанға, сосын «Көктұмаға» келіп, бірі әйел-баласымен, бірі ағайын-туыс, ата-анасымен және сүйген қызымен (Гүлдәрайым) қуанышта қауышуы арқылы жеріне жеткізіп баяндайды.

Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, жазушы қайта айналып соғып, үнемі қилы тағдыр, қиын күндер суреттерін еске түсіре әңгімелеп, көші-қон тақырыбының тарих қаттамайтын әлеуметтік, саяси, адами әрі философиялық қырларын бүгінгі оқырманға айтып отыр. Мысалы, Тарымнан қашқанда, жолдарындағы осы өңірді мекен еткен, өздерін арғы түбіміз қазақ, соның ішінде «қатаған» дейтін ел едік таныстыратын қандастардың ұлттық танымдарындағы тамырын жоймаған құндылықтар: қонақ пен жолаушыны төріне шығарып күтіп, алдына барын тосып, астына атын мінгізіп, жолына азығын сап беретін қасиеттері баяндалған. Әйтсе де, Тарымдағы жирен биеге шабатын әңгі есектің тұқымы қашырға мініп қалған арда қазақ пен адамшылықтан ада-күде жұрдай болған сатқын-ұйғыр Сәлей таздың қашырға мініп жүруі жазушы тараптан жайдан-жай айтылып отырған жоқ тәрізді. Мұнда азғындаған адамның қашыр мініп жүруі қандай орынды болса, елі мен жерінен айрылып, басы бүтін құлдыққа түскен қазақтың арғымақ емес қашырға бұт артып қалуы өзара шендестіріліп отырғандай...

Шайқы мен Бағланды Сәлей таз қашырмен қуып жетіп ұстайды. Бірақ, Шайқының айла-амалына өзі тұтқын боп, ақыры ағашқа таңылып айдалада қалды: әділ жаза. Шайқыларды ұлттық таным жол бермейтін «біреудің арам қанын арқалама» деген көне қағидаттар қолдарын былғатпады. Жазушы Қытай темір ноқта, Орыс қайыс бұғау екенін білетіндіктен, өз хикаятында кейіпкерлерінің Қазақстанға келгеніне ықыласты екенін жасырмаған. Автор қазақ жұрты да біреуге бодан болып отырғанын осы шығармасының ішінде ашып айтады, алайда Атамекен, Отан, Ұлт дейтін үлкен ұғымдар берік біріккен жерде әлгідей қайыс бұғаудан басыңды сыпырып кетуге күндердің күні мүмкін болатынына шек келтірмеген. Және тәуелсіздік тұсында жазылған «Тозақ оты» хикаяты осы шындықты негізгі контексте атап-атап оқырманға айтып отыруы шарт емес, ол жайт белгілі.

Сонымен қатар, хикаят өткен тарихтың барлық бүге-шігесін айырған кезде, тарихи көші-қонның жақсылықтары мен жамандықтары, қуаныштары мен өкініштері һәм қасіреттері белгілі болған дәл қазіргі кезде, тәуелсіз санамен сарапталып, жан-жақты талданып барып жазылғанын да қаперге алуымыз керек. Мұнда тарихи дүниетанымдық тұрғыдан қайшылықтар мен сәйкессіздіктер, авторлық фантазия немесе болжап айтқан нәрселер жоқ. Хикаят сұрыпталған деректерімен, тарихи шындығымен және жазушының оқиға жөніндегі мәліметтерді жақсы білетін ерекшелігімен әдебиетке әкеп қосқан әдеби мұрасы.

«Ақтұманың «Ханшайымы» (2009) заманауи тақырыпта жазылған деректі-тарихи хикаят. Жазушы оқиғаға негіз болған нақты фактілерді оқырманға айтып жатуды қажет деп таппаған. Себебі, қазіргі ел осы мазмұндас әңгімелерді көп естиді. Хикаят болған және аңызға бергісіз шын оқиғалардың негізінде жазылған. Бұл деректі көркем шығарма және бұған толық дәлел бар. Тарихи жағы оның деректілігмен де тікелей байланысты, себебі бүгін болған оқиға ертеңгі тарих.

Автор аталған хикаятында өз пайым-топшылауларын көп жасырмайды және оған бүгінгі оқырман да қосылады деп есептейміз. Өйткені, жазушы бұл хикаятында соңғы жылдарда, әсіресе тәуелсіздік алған кезеңде болып жатқан оқиғаларды суреттеген. Осы уақытқа дейінгі болып өткен оқиғалардың жұрт жақсы білетін жағын да жинақтап баяндаған. Қалыптасқан жағдай, тарихи уақыт пен кеңістіктің адамдар мінезіне түсірген әртүрлі бедерлері, ұлттық таным түсініктер мен қазіргі кезеңдегі мақсұт-мұраттар өзара шендестіріліп, салыстырыла отырып жазылған көркем хикаятта оқырманға ой салатын нәрселер аз емес.

Қазіргі уақыттың алуан түрлі адамдар мен оқиғаларды конвейерден шығарғандай оңды-солды әкеліп, әкетіп жатқаны нені көрсетеді? Біздің сәттік қуаныштарымыздың ар жағында ғасырлық қасірет жатпағанына кім кепіл? Көз алдыңдағы рас болып жатқан нәрселер жалғандықпен соншама қалай қабысып тұрады? Адамдар өтірік пен даңғазалықтың үстінде салтанат құрған замандарда кісі ұялатын қылықтар етек алып, тамырлай беретіні өз алдына, осының өзі ұлттық қалпымызға айналып кетпей ме? Болуға тиістінің болмауы, болмауға тиістің болуы және тап сонымен ырғақтасып ұят пен намыстар керісінше қабылданып, орасан дәріптелуі – «Ақтұманың «Ханшайымында» соқырға таяқ ұстатқандай айтылып отырған жоқ па екен? Оқырман осыны ойлайды.

Оқырманға (оқымаған оқушыны айтып отырмын) осы хикаятты қысқаша мазмұндасақ, оқиға негізінен «Ақтұма» аулымен байланысты өрбиді. Бір кездегі Шығыс өңірдегі дүркіреген көп мал совхоздарының бірі болған бұл ауыл, Одақ ыдыраған соң бүгінгі тілмен айтқанда «болашағы жоқ» болып қалған. Бар-жоғы алты-жеті үй қалған жетім ауылда бұрыңғы жылқышы Сайлау марқұмның Аққайшасы кенже қызы Айсараның Алматыдан «тауып қап» ауылға әкеп салған кішкентай Моншағымен күн көріп жатады. Аққайша бұған да шүкіршілік етіп қояды. Бұл жоқ болса, не болғандай екен... Балалары өзді-өзі тіршіліктерімен әр облыста жүр. Айсарасы Алматыда, болған іске болаттай берік боп, бәтуасыз, махаббатсыз бір еркектің (Нұрқанат) екіқабат қып тастап кеткеніне «асылып қалмайды», қайта қайратына мініп, тірлік етіп жатады. Жігіт: «Мен алысты көздеген адаммын. Мақсатқа жетуіме байдың қызы жол ашады. Ал, сен маған масыл болудан басқа не бересің?» (2, 72) деп өз заманының «еңіреген ері» өз уақытының «манифестін» төтесінен қойып, тайып отырған.

Ұлдың кенжесі Астанада «жұмыс істеп» жүр екен. Ол «қысқарып» қап, қайта кіріп, әйтеуір жол тазалайтын қызметте екенін Аққайша өз көзімен көріп қайтады. Оған да көнеді Аққайша, қазір ұят деген нәрсе бар ма өзі? Мысалы, өзі отырған Ақтұманың қасындағы «Бұрыңғы совхоз орталығы «Социал» деген атақты ауыл атын өзгертіп, қазір «Қоқыш ауылы» атанған. Бұл бір кездегі мал мен техниканың көбін жымқырып кеткен көп директорлардың бірі Әкімбайдың атасы екен. Оның «Халыққа сіңірген бәлендей еңбегі де жоқ, баяғы кәмпеске кезінде осы елді қырып кете жаздаған, 37-жылдары ауданнан «халық жауын» көп тапқан қызыл көз белсенді көрінеді... Ауылдағы жалғыз мешіт те – Қоқыш атында...» (2, 59).

Бұл күндерде Аққайшаның алдынан мал, басынан бақ кетіп, «қоқыштар» қодыраңдап, ауыл-аймақтың пыш-пыш өсегіне (Айсараға байланысты) айналған. Жалғыз тауықтың артын аңдып, ол басқан жұмыртқаны пошташы Құрмашқа (бір кездердегі Сайлауға көмекші жылқышы болған, адамшылықтан кетпеген, ақкөңіл, ауылдағы қиындыққа қарамай жыл сайын бір бала таптыратын арда қазақ осы, оны бір жыл көрмесең баласына бауы берік болсын айта беруге болады деп ауылы әңгіме ететінін автор жылы юмормен айтады, Аққайшаның жалғыз жанашыры сол) тапсырып, азын-аулақ пенсиясымен жан бағып қалған. Бір күні Құрмаш Аққайшаның барлық тапсырған нәрсесін қаттап, шоттап қолына тапсырып, пошташы болғандықтан, Алматыдағы Айсарадан хат та әкеп тапсырады. Аққайша қызынан хат алғанына қатты қуанады. Ол сорлы Айсараны сан-саққа жүгіртіп, «ажарын базарға салады екен.. Айсара сутенерлік қызмет атқарады екен..», т.т. деген өсекке сонша қараспан бола қоймай, тіпті «сутенер» деген сүт сататын қызмет шығар деп ойлайды. Артынан «жеңгетай» тәрізді бірдеңе екенін білгенде, Айсараның далада қалмағанына шүкірлік қып, заманға лайық ол да бір кәсіп шығар деп, өзін-өзі жұбатып, «Әкесінің «таусоғар» қызы Алматыда бірді-бірге соғып жүрсе керек» деп ризашылықпен ойлап қоятыны тағы бар. Одан хат алғанда ана ретінде қатты қуанады. Бірақ, ондағы кейбір сөздің мәнін онша түсінген жоқ. Ол – «Келесі айда барып қалатын шығармыз. Бұл жолы жалғыз емес екеу боп барамыз... Күйеу балаңыз мақтан тұтарлық мықты жерден... Ақтұмадан ешқайда қозғалмаңыз. Амандық болса Ақтұма қайта жаңғырады... Бұрын сізді елемей аяқасты еткен, кекірейген кежір бастарды алдыңызға әкеп еңкейтемін әлі» (2, 63) деген хат, әсіресе соңғы сөйлем.

Содан аудан тұрмақ облыс алашапқын болады. «Қоқыш ауылы» төңкеріліп қала жаздайды. Күйеу мен қыз тікұшақпен, әкімдермен, генаралдармен... кеп түсе-түсе қалады. Айналаны қоршаған солдаттар. Қатаң қауіпсіздік ережелері. Арқан керген ауылдың қатындарына күйеу бола бір бума ақшаны аспанға шашып жіберіп, ауыздарын айға қаратып кетеді. Бұрын мұндайды көрмеген баяғы өсекші қатындардың көздері тас төбеде, бұрын ақшаны аспаннан тергенді кім көріпті, ақыры естерін жиып, етектерін жапқан соң, ауыздары қисайып басқаша сайрай жөнеледі. Ақтұма тұрмақ, облыс, аудан әкімдері майлы қасықтай жылпылдап кеткенде, Аққайшаны көзге ілгісі келмейтін Әкімбайлар бұлбұлша сайрады. Мақтау мен жағымпаздықтың классикалық үлгісін көрсетпеген Ақтұмада ешкім қалмады. Өйткені, «Түр-әлпеті өзіміз теледидардан күнде көріп жүрген үлкен кісіден аумайды» деді осындағы «эксперт» жеңгелердің бірі»; «Күйеу жігіт көп оқымаған, қатардағы механизатор екен. Бақ-дәулетке ағасының арқасында кейін жетіпті» десіп құпиялап сөз алған тағы бір кексе қатындар «күйеу жігіттің асты-үстін кәуәпша қақтап, пісіріп болды» (2, 67).

Оқырманға осы да түсінікті екенін сезетін автор ары қарай «Ақтұманың «Ханшайымы» атанған Айсараның ресторан даяшысы боп жүріп, бір іскер әйелмен танысқанын, ол бай-мырзаларға қызмет ететін элитаның сутенері болып шыққанын, содан бұрыңғы әйелімен жақсы болмай, жас әйел көздеп жүрген «ханзадамен-Бәкеңмен» танысқанын баяндайды. Элит «жеңгетай» Гүлжауқар Байдәулетованың «темірдей логикасының» сұмдық ақиқат екеніне көзі жеткен Айсараның Бәкеңе көнбеске лажы қалмайды, себебі оның соңында салпақтап жүргендер кілең «жұлдыздар», ал өзінің анадай автобиографиясымен енді ешқайда бара алмайтыны, қазіргі қолындағы жалғыз көзірі жастығы мен сұлулығы ғана екенін жақсы білген сұңғыла қыздың бұл істері өте дұрыс болғанын оған Ақтұмада тұрып ой жіберткізеді. Нәтиженің жаман болмағаны былай тұрсын, жоқ-жітік ағайын арқа-жарқа, дұшпан аяқтың астында жатыр сойған түлкідей ырсаңдап, оны айтасыз қараусыз қалған сорлы «Ақтұманың» өшкен шамы самаладай қайта жанады. Оны Бекеңнің алдында сөз алған облыс әкімі де мойындап: «Бүгін Шығыс аймақтың басына бақ қонған күн... Әншейінде, ұсынсақ қолымыз жетпейтін ханзаданың ортамызға келуі қарындасымыз Айсараның арқасы» (2, 68) деп автор айтпақшы «жылқының майындай жылмаң қақты». Жарықты жаққан, әрине Айсара. Ал оның ар жағында ұлы құдірет: билік пен ақша, даңқ пен атақ тұр. Біздің заманда кедейдің қызы хан баласына күйеуге шығуы аса сирек болса да, ептеп-септеп екінші әлде үшінші тоқалдыққа қол жеткізсе, талай «Ақтұманың» шамы жанатыны, олар ертегіден көрі шын екені және соншама «ғажайыптарсыз-ақ» мүмкін болатынына оқырманның көзі жетті.

Автор болған жайтты, сол сияқты болып жатқан нәрселерді және болмысты осылай ащы баяндайды. Жазушы хикаяттағы белгілі заманауи құбылыстарды белгісіздік райда өткір сарказммен, ирониямен, юмормен түйрейді әрі еркін әңгімелейді. Мұндағы «еркін әңгімелейді» деген сөзімізге анығырақ тоқталсақ, осынау «Ақтұмадағы» оқиғаны халық ауызекі тілде қысқа ғана хабарлап айтатын болса, автор оны кеңітіп, көптеген оқиғаларды өзара байланыстырып, олардың бір-бірімен өзектес нәрселер екенін және өткен уақыттардың кейбір іс-әрекеттерін бүгінгі күнмен байланыстырып, тар шеңбердегі бір деректің аясында қалып қоймай, шығармашылық еркіндікпен уақыт пен кеңістіктің жақын я алшақ тұстарын біріктіріп жіберген. Оған шығармашылық еркіндікпен түсіндіре, талдай, сараптай баяндау және жазушылық тәжірибе мол мүмкіндік бергенін атап айтуға тиіспіз.

Айталық, Ақтұма туралы: «Есік-терезесі алынып үңірейген үйлер, бейне көзі жұмылмай қалған өліктей біртүрлі суық әсер қалдырады» деген сөйлемдердегі халықтың әлеуметтік өміріндегі тарихи шындық; «Әрине, жеті кластық білімі бар, жылқышының әйелі Аққайшаның үлкен саясатқа өресі жете бермейді. Дүниені өз көрген-білгенімен өлшейді ғой. Әйткенмен, қанша ойланса да, бір нәрсеге миы жетпей қойды. Осы Ақсуат, Ақжар өлкесіне сыймай, мыңғырып жататын мал қайда құрып кетті? Айналасы төрт-бес жылдың ішінде тесік астауға құйған судай бірте-бірте сарқылып, көзден ғайып болды. Біреулер «заман өзгерді, қожайын ауысты. Социалды капитал жеңді» дейді. Жарайды, жеңе берсін, ауыса берсін. Сол жаңа қожайынға малдың қажеті болмағаны ма?» (2, 58) деп таң қалатын тек Аққайша ғана ма, астарындағы ащы шындықта уақыттың көп сұрақтары жатыр. Ал тоналған халық мүлкінің бүгінгі иесі «Қоқыштың Әкімбайлары» екенін автор Аққайша арқылы оқырманға ашып айтады. «Социалдағы» байлықтың бестен бірін Әкімбай иеленді». Өз тарапынан оны жазушы да оңдырмай сықақтап, сынайды. Ал «Осы Ақтұмада Жәйірбай дейтін қу ауыз шал бар (осындағы жеті үйдің бірі). Сол қу ауыз айтады: «Баяғы Голощекиннің бір мықты немересі бар екен. Мына ханталапайды сол әдейі ұйымдастырыпты. Әйтпесе, өзіміздің басшыларда айып жоқ...» (2, 59) деген өткір әжуаны тек Әкімбайларға ғана қаратып айтқан сөз деп қабылдау аздық етерін оқырман да сезіп отыр.

Жазушы бұл хикаятта уақыт суреттерін авторлық баяндаулармен, кейіпкердің ішкі монологімен, кейде лирикалық шегіністерді батыл жасап, оқиғалар тізбегін ортасынан да, басынан да тоқтатып тұрып баяндағанда оқырман оқиғалық алшақтықтарды сезбей қалады. Бірнеше оқиғаны бір жүлгеде топтастырып, уақыт пен олардың (оқиғалардың) әр түрлілігін біліндірмей, көркем баяндау машық-мәнері (стиль мен техника десек те болар) Қ.Жұмаділов шығармашылығының басты ерекшелігі. Жазушы эпикалық баяндаудың шебері болғандықтан, кейбір ұсақ деталдардың өзін қаламының ұшына іліп алады да, оның айналасына тағы сондай нәрселерді жинап қойып, жаза береді. Ақырында, конструкторлар сияқты өнімін көбіміз елемейтін ұсақ-түйектерден жасап шығарғанын көргенде, өзіміз де бес саусақтай білетін нәрселер, ал оны былайғы кезде қалай байқамағанбыз, елемегенбіз деп таң боласың. Бұл тұрғыдан келгенде, оқиға іздеп, сөздері көбейіп кеткен «жазушыларға» Қ.Жұмаділовтен үйренер нәрсе көп-ақ. Бүгінде бұл жазушы нені жазам, нені жазбаймын деп қиналмайтын сияқты, прозаның қай жанрында болсын (драма мен поэзиялық шығармаларын көрмеппіз), қай тақырыпта болсын, өндіріп жазып жатыр. «Ақтұманың «Ханшайымы» соның мысалы.

Жеке адамдардың жағымсыз қасиеттері: ұрлық-қарлық, жағымпаздық, өтірік пен өсекшілдік, кекшілдік пен даңғойлықтың тарихи уақыт жамаған белгілерін баяндайтын бұл хикаят – жалпыадамдық құндылықтар аясында мызғымауға тиіс ұлттық қалпымызға үн тастайды. Сәйкесінше, кезеңдік кеселдерді батыл сынап, уақытында әшкерелеген.

Жазушының «Көкжал» хикаяты әйгілі Оспан батыр Исламұлы қатысқан тарихи оқиғалар, Орыс-Қытай-Моңғол қарым-қатынастары және олардың қол астындағы аз ұлттар мен қазақ халқының көтерілістерінің көркем шежіресін баяндаған. Хикаяттың қасқаша мазмұны мынадай: Алтай қазақтары көтерілісінің басшысы Оспан батырдың тұтқынға түсіп, дәлірек айтқанда 1951 жылдың 15-наурызында Үрімжідегі атақты екінші түрмеге қамалғаны. «Бір кезде Шәріпхан төре, Бұқат бейсі, Ақыт қажылар жатқан түрме ғой бұл. Атақты Таңжарық ақын осында жатып, өзінің өлмес жырларын шығарған...» (3, 59) деп автор анықтап айтқан Үрімжі түрмесінде шығарманың оқиғасы өрбиді. Осындағы бір жарым айға созылған тергеулердің хаттамалық барысы арқылы басты-басты оқиғалар айқындалады. Кейде ресми іс-қағаз стилінде тергеушілердің Оспаннан жауап алып отырғанда қойған сұрақтары қысқа-қысқа, аталған кеңселік тілдесулермен берілген. Мұнда да ұзақ оқиғалардың, қысқа баяндары жеделдетіліп, қысқартылып, сығымдалған. Оқырманға (осы оқиғалармен таныс немесе бейтаныс болса да) оқиғалар барысы күңгірт я мәлімсіз күйде қалмайтын «Көкжал» хикаяты іштей авторлық кейбір түсініктемелерден, тарихи кейіпкердің монологтарынан, ұтымды, тапқыр диалогтардан, детальдардың өзара салыстырулардан, этнопортреттерден тұрады. Бес ұлттың өкілі (дүңген, ұйғыр, қырғыз, қытай, қазақ) алма-кезек кеп, тергеу жүргізген оқиғалық бір жарым айда тарихи көтерілістің басталуы, барысы, нәтижесі, жеңілуі түгелдей мәлім болады. Сондай-ақ, Орыс-Қытай-Моңғол саясаттарының небір құйтырқылықтары, оның кейбір кадрлық жүйесі және «Шығыс Түркістан» Республикасы, «Үш аймақ» өкіметі, коммунистер, т.б. тарихи оқиғалардың барлық қыр-сыры қалай болды, ол (идеялар) қалай жүзеге асырылды, кімнің басын кім жұтты, әділет қайда еді деген нәрселерді Оспанның аузымен де, авторлық баяндауларымен де оқырманына баяндаған кезінде, Шыңжаң өлкесіндегі қазақ ғана емес, барлық аз ұлттардың көрген қасіреттеріне куә боласың. Тарих бұл оқиғаларды өзінің қалыпты статистикасына сап, нақты фактілермен, даталармен жазып берсе де, дәл «Көкжалдағыдай» адам жүрегіне жетуі неғайбыл. Осы бір тарихи көтерлістің мәліметтерін оқулық дәрежесінде болса да білетін адамдарға хикаятта баяндалған оқиғалар аса көп түсінбестік тудырмайды. Жазушы да тарихи оқиғаларға көп түзетулер енгізбеген, алайда ой-сана таразысы, көзқарастар ауқымы, болмысқа қатыстылық және тарихи сараптама барысында анықталған, екшелген жаңа пайымдауларымен бөлісуден аулақ емес. Себебі, көркем шығарма белгілі бір оқиғаны бізге жеткізуші тарихи мәліметтер жинағы емес, адамның дүниетанымында, көркемдік кеңістігінде, психологиялық жағдайларында орын алған немесе болатын және болуға тиіс нәрселерді айтатын дүние деп есептелетіндіктен, хикаятта осы жағы баса айтылады. Және, осы бағытта жазушыны көп ізденістерге барған деп айту артық (жас авторлар үшін осылай айту орынды болғанымен) болар, «Көкжал» тарихи «жады мұрағаты» мол, оны кез-келген уақытта іске қоса алатын авторға тез жазылған тәрізді...

Таңжарық Жолдыұлының екі шумақ тарихи өлеңін хикаятына кілт (эпиграф) есебінде алған автор оқырманына қыран құстың да кіріптарлық өмірге бейімделетінін Оспан батырдың тұтқын болып, түрмеде отырған кезімен салыстырып өтеді. Жазушы Оспанға қорған болған Алтайдан кейін ақырғы айқас Бақайда үш тәулікке созылып, құрсаудан босаған бір сәтінде батыр өз аулына келгенін, міне, осы жерде аңдыған жау артынан жетіп, әйелі Баян ақбозды алдына жедел тартса да, ол тұтқын болып, Үрімжіге жөнелтілгенін хикаятының кіріспесінде қысқа ғана баяндайды. Осыдан ары, Оспан батырдың көргендері арқылы сол уақытта болып жатқан, бүгінде тарихи оқиғаға айналған жайларды ретардациялық әдіспен оқырманға айтып береді.

Айталық, батырды қолға түсіргенде қуанған қытай солдаттарының көңіл күйлері («Оспанды ұстауға тұтас бір полк келген екен. Сондағы қытай шеріктерінің қуанғанын айтпа! Қауқылдасып шулаған айқай-сүрені көпке дейін басылмай тұрды... Әсілі, Оспанды қолға түсіру – Қытай армиясының талайдан бергі зор жеңісі болса керек»); «тұтқынды» аса сақтықпен алып жүрген оларды Үрімжіде үлкен салтанатпен халықтың қарсы алғаны («Он жыл бойы бүкіл Шыңжаңды қан қақсатып, орысты, қытайды, моңғолды ит әуреге салған қандыбалақ бандыны тұтқындап әкеле жатса, ондай ерлерге дәл бүгін қандай құрмет көрсетсе де артық емес»); міне, осы сәтте өзінің Үрімжіге алғаш үлкен сый-сияпатпен келгені есіне түсіп, ендігі көрініске көз салған Оспанға тарихи шындық пен адам мінез-құлқындағы жағымсыз таңбалар дәл бедерленеді («Міне, содан бері төрт-ақ жыл өтті ғой. Қайда соның бәрі?! Бақайшағына дейін қаруланған Гоминьдан армиясы қайда? Қызыл тілдің майын тамызып, өлке қамын, ұлт қамын, ойлаған шешендер қайда? Коммунистер келіп еді, бәрі соған жол босатып, сабынның көбігіндей ыдырады да кетті...»). Халық бас емес, әсіресе құл-құтандар ешқашан ондай бола алмайды. «Құл жиылып бас болмайды, құм жиылып тас болмайды» дегенді халықтың өзі айтқан әрі мойындайды да. Міне, сол құл-құтанды басқарған «шіріген бастар», яғни қызыл коммунистер саясатқа келгенде тым сұңғыла боп шыққаны да бүгін тарих боп қалды. Сол күндері қалың құлдарға батырды қорлатып, үгіт-насиқат жүргізіп, бандының қолға түскенін оларға (халыққа) көшемен жүргізіп көрсеткенде, адамдар небір ғаламатты жасады. «Оспан бандысын арамыздан аластайық!», «Америка шпионы Оспанға өлім жазасы берілсін!», «Жеңімпаз халық азаттық армиясы жасасын!» деген айқай-ұран дүниені жаңғырықтырды».

Біздің ұлтымыздың, бауырлас мұсылман балаларының осындай да бір ұятты істері болғанын сол күні кәрі тарих жазып алды. Сол кездегі орынды сөздер, ойлар, қызыл плакаттар мен қара маталарға өрнектеп тұрып жазылғанының арқасында бүгінгі ұрпақ ақиқаттан көп адаспады. Әйтпесе, сайқал саясат пен қызыл коммунизм беттетпей кетуге еш қымсынбас еді. Тіпті, бүгінгі күндері де Оспанды өлтірген Қытай коммунистер дегенімізбен, шын мәнінде оны айыптаған, соттаған, аттырған, қаралаған халық екен-ау! («Оспанды соттаған біз емес, Шыңжаңның өз халқы» демек қой...) Оған сонау Үрімжіде Оспан батырдың көзі анық жеткеніне автор да күмән келтірмейді: «Міне, сен азат етем деп жүрген көп ұлтты Шыңжаң халқы! Міне, ислам туын көтерсем-ақ соңымнан ереді деп сенген Шығыс Түркістан мұсылмандары!..». Оспанға «Орыс, қытай, моңғол, үш аймақ болып, төрт жақтан жабылды ғой» деп атап айтқан жазушы ары қарай: «Келер ұрпақ кешірсін, Оспан қанша батыр болғанмен, өзінен он есе, жүз есе күшті жауға төтеп бере алмай, міне ақыры жеңілді. Батыр бол, бағлан бол, оқымысты ғұлама бол, түбі, қазақтың баратын жері түрме екен ғой. Міне, өмір бойы азаттық үшін алысқан түз қыраны Оспан да торға түсті» деп қамыққан Қабдеш Жұмаділовтің және осынау сөздердің полифониялық қуаты күшті. Мұнда тек тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың тағдыр талайы, мемлекеттер саясатының опасыздығы, аға ұлттың аз ұлттарға жасайтын жуандықтары тек тарихи тұрғыдан әшкереленген деу аздық ететіндей. Бүтін мәтіндегі уақыттың әмбабаптығы мынада: кеше, бүгін, ертеңге жатады.

Шығармадағы негізгі ерекшелік – Оспан батырдың он жылғы жорықтары түгелдей баяндалмаған және оның атылғаны да айтылмайды. Алайда, оның атылатынын автордың өзі аса бір өкінішпен айтқаны өте ауыр естіледі екен (батырдың ойымен). «Батырды атуға қайбір атақты мерген келеді дейсің. Әлдебір шегірткедей шерік он қадам жерден көздейтін шығар...» деп ойлайтын Оспанға «азаттық жолында алысу үшін шешуші нәрсе ұлттың саны емес, тергеуші мырза. Кейде өш алу үшін жеке бір адам да күреске аттанады. Адамды күреске бастайтын – кек пен намыс. Адамдар кейде құлдықта өмір сүргенше, азаттық жолында алысып өлгенді артық көреді...» деген сөздерді айту сонша қиын болмаған. Оған автордың күмәні жоқ.

Ал Оспанның батырлығын қыранға, көкжалға теңеген жазушының дәйекті көзқарасы түрмедегі тергеушілерге берген жауаптары барысында тіптен зорайып, шоқтықтанып кеткен. Әрине, Оспан айтқан сөздің бәрі де автор қашаған қолтаңба болғанымен, оқырманға батыр айтуға тиіс сөздерді аузына салу – «батыр аңғал» дейтін қағиданы басқаша түсінуге шақырады. Рас, тарихта батырлардың көбі аңқаулау болып келетіні эпостан келе жатқан дәстүр. Алайда, «Көкжал» осы нәрседен құлантаза екен. Жазушы Оспан батырды ертегілік кейіпкерлерге жақындатпай, өте реалды суреттеген. Аңыздық схемалардан батыл бас тартып, оны ақылды, сұңғыл әрі әділ адам ретінде баяндағаны автордың негізгі ұстанымы болып отырғанында деп ойладым. Өйткені, ұлттық мәселелер сөз болатын шығармада және тұлғаның ұлтшылдығы басым баяндалып отырған жағдайда фольклорлық сызбалардан (әрине, фольклорлық мотивтердің мол екенін жоққа шығармаймыз) аулақ болуын ескерген жазушы Оспан батырдың тағы бір қырын ашып берген. Ол – батырдың ұлттық деңгейде ой ойлайтын, ұлттық дәрежедегі күрескер екені, керек болса жалпыадамзаттық мәселелерге жан-жақты келетіні. Ол – ұлттан ұлтты бөліп-жармайды. Әділдік, теңдік, азаттық бәріне бірдей болуға тиіс және ұлтшыл болудың қауіпті қасиет емес екенін түсінген адам болғаны. Жалпы ахуалдарға адами көзқарастары дұрыс және әділ, кейбір саяси жағдаяттарды дұрыс болжайтыны.

Бұған біз Оспаннан жауап алынған сәттегі әр ұлттан іріктеп алынған тергеушілерге берген жауаптардан көз жеткіземіз. «Ал, Оспан болса, өз сөзін осындағы біраз адамның естігенін, айтқандарының қазақша, қытайша қағазға түскенін аужал тұтты. Кім біледі, күндердің күнінде мұның сөздері архив ақтарған біреулердің назарына ілігуі мүмкін ғой» деп Оспанның осындай жауап айтқанына ешбір күмән келтірмейтін авторға оқырманның да қояр кінәсі жоқ. Қуануға, құптауға тиіс нәрселердің бәрі де жазушының атына айтылмақ болса, оған «Көкжал» толық негіз болады.

Адамдардың бас бостандығы мен ұлт тәуелсіздігі жолындағы күрестің қандай болатынын айтқан Оспанның ойынан соң мойыны астына түскен дүңген тергеушісі алдында «оқымаған академик отырғанын» көреді; «өздерін он орайтын күшке үш мың әскермен қалай төтеп беріп жүрсіз» деп таң қала тұрса да қытай генералы қазаққа жасайтын астамшылдығына басып, «Мойныңызда мыңдаған адамның қаны бар. Соншама қан төгістен кейін өзіңізге қандай жаза кесіледі деп ойлайсыз?» деп қытайша қуақыланғанда Оспан оған: «Ол жағы маған емес, сіздердің кісіліктеріңізге байланысты. Бір елдің азаттығы үшін алысқан азаматы екен деп, бостандық берейік десеңдер өз жөніме кете берем... Ал, қайтсек те осының көзін құртайық десеңіздер, оған да дайынмын... Маған ұзақ жыл абақтыда жату қол емес. Не бостандық, не өлім!» деп тайсалмай барлық шындығын айтып салады. Оған кіріптар боп, жағаттанбайды, қытайға ақиқатты, әділдік пен адамзат жолын көзіне шұқып айтып, ал өлімнен қорықпайтынын да ашық жариялайды. «Естеріңізде болсын, шетелге кету – әуелден менің жоспарымда жоқ нәрсе, – деді Оспан оған түйіле қарап. – Туған жерін, ұлтын сатып, шетелге бой тасалап бара жатқан Жолбарыстай опасызға ере жөнелетін мені сіз кім деп отырсыз?» деп шамданған батыр қырғыз тергеушінің де ұлтымен қосып, тағдыр талайларын (Жолбарыс қырғыз болатын) алдына жайып салады. Олардың Шыңжаң тұрмақ, Кенесарыға жасаған тарихи опасыздықтарын да беттеріне басудан тайынбайды. Өйткені, өзі де Кенесары тақілеттес, сол бір ұлы бабасымен мұраттас адам болғанына қуанбаса өкінген кезі болмапты. Әрине, саясаттың солқылдақтығына, оның құбылғыш мінезіне таң қалып, бас шайқаған кездері болғанымен, құрығына өзі барып мойынын ілмепті. Осыларға (ұйғырға, қазаққа, дүңгенге, қытайға, қырғызға) берген жауаптары кезінде өзі қатысқан істердің барлық шындықтарын, тарихи адамдар (Әлихан төре, ұйғыр Ахметжан Қасыми, қырғыз генералы Ысқақбек Мононов, Дәлелхан, Қалибек, Чойбалсан, консул Пакстон мен Макернан, және сол уақыттағы қытай басшылары, т.т.) мен тарихи оқиғалардың («Шығыс Түркістан» республикасы, «Үш аймақ», орыс пен моңғол келіссөздері, орыс, моңғол, қытай елдеріндегі саяси өзгерістер және олардың мүдделестіктері мен аз ұлтқа жасайтын қиянаттары, т.т.) бәрі бәрін қаз-қалпында, тіпті ұлтшылдық сарынын басымдау ғып баяндауға Оспан әсте тартынбайды. Мақсат – «ел бүгіншіл менікі ертеңгі үшін» деп А.Байтұрсынов айтқандағыдай.

Мысалы, Дәлелханның орысқа бағынып, бір мықтыға арқа сүйейік деген баяғы әуенін қайта айта бастағанда: «Қайдағы азаттық? Біз осы азаттыққа шықтық па? Бар болғаны қожайын алмастырған жоқпыз ба? Басымыздан қайс ноқтаны сыпырып, темір ноқта кигенде не мархадам табамыз?

Мен әуел баста азаттық үшін алыстым ба, сол жолда өлуім керек. Кешірерсің, орысқа сен малай болады екен деп, мен малай бола алмаймын. Бірақ есіңде болсын, – деген сәл ойланып қалып. – Діні, ділі бөтен жат жұртқа жағамын деп ойлама! Біле білсең, сен екеуіміздің жауымыз ортақ. Мені олар қарсы алдымнан атса, сені ту сыртыңнан атады. Осыны ұмытпа!» деп шорт кеседі. Бұлайша айту Оспандай батырға өтірік болмайтынына автор да, біз де көзімізді жеткіздік. Әрі, бұлай болмаған күннің өзінде болмыста тап солай болатынын өмір заңдылығы жоққа шығармайды. Ал Оспан болмыстың қатігез заңын қасқырша бағып өскен дала көкжалы емес пе?!

Оспанды өз уақытындағы аумалы-төкпелі жағдаяттар кейде адастырырып кетуге қанша күш салса да, оны осы қателіктен құтқарып қалған нәрсе ұлтшылдығы және осы жолдағы әділетті күресі болғанын бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ жұрты денелеп білді. Оған автор да күмән келтірмейді. Уақыт дәлелдеген ұлы шындықтар Оспанның кезінде мүлде тұманды болса да өз ойын, өз мақсатын ұлттың мүддесі деп түсінген оқымаған қазақ баласы қаншама биікке құлаш сермеген. Ол орыс, қытай, моңғол саясаттарының тұңғиығын тап басып білмесе де, бұлар көтеріп жүрген идеялардың тым-тым баянсыз екенін көкірек көзімен сезген. Жазушының Көкжалы қандай ой ойлап, қандай мұрат көздейтіні және қалай сөз саптайтыны былай тұрсын, оның өз саясаты, өзіндік стратегиясы да болған. Жағда Бабалықовпен сары самауырдан шәй ішіп, кәдімгі қазақша емен-жарқын отырып әңгімелескен ең соңғы күні, ең соңғы көрген қандасына ең соңғы картасын ашады. Ол баяғы «Америка шпионы» деген қауесетке байланысты сұрақ болатын. «Маған сол кезде жаңа одақтас қажет болды. Бұрыңғы одақтас елдермен – орыспен де, моңғолмен де тіл табыса алмағанымды білесің. Бірі – қып-қызыл коммунист, екіншісі – қаны шыққан балшабек. Тіс-тырнақтарымен дінге қарсы, ділге қарсы, ұлтқа қарсы кәпірлер... Бәрі де – еліңді тонап, жеріңді тартып алғысы келетін ірге жау. Маған алыстан сыйласатын, еліңе-жеріңе қызықпайтын, ұлтқа, дінге жаттығы жоқ, коммунизмге қарсы одақтас керек еді. Сондағы таңдағаным – Америка болды» деп бұның істерін «қылмыс» демей «қателік» дейтін Жағданы жанына жақын тартып қалған батыр соңғы сырын да жайып салады. Тек ойдың іске аспағанын Оспан өкінішпен еске алады: «Обалы кәнеки, консул Пакстон да, орынбасары Макернан да жақсы жігіттер екен! Көздегендері ұсақ пайдакүнемдік емес. Мүддеміз бір жерден шықты: коммунизмге жол бермеу, дінді, ұлтты сақтап қалу... Амал не, таныстығымыз аумалы-төкпелі, тар кезеңге тап келді ғой. Сәл ертерек қимылдағанда, нәтижесі басқаша болар ма еді, кім біледі?» дейді. Иә, кім біледі? Америка орыс пен қытай емес деп кім айтты? Индеецтер құсатып, құртып жібермесіне кім кепіл? Коммунизмге қарсы күресі сол коммунистік партия құлап қалған соң үлкен мәнге ие болды. Ал олар әлі де өмір сүре берсе, онда Оспанның ойларын қарғап-сілеуден әлі де жағымыз талмас еді. Өйткені, Оспан батырды Үрімжіде «баламды өлтіргенсің», түрмеде «наймандарды қырғансың» деп күстаналайтын адамдар (қазақтар) әлі де сол адамдар ғой. Олар өзгерген жоқ, тек саясат қана өзгерген. Ал саясат қалай сайраса, адам соның тордағы тотысы, басқа ештеңе емес. Алайда, Оспанның ұлтты, дінді, ділді (бұл тіл ғой), жерді сақтап қалу керек дейтін ұлтшылдығы оны Америка сияқты алпауытқа арқа сүйесек қана жүзеге асыруға болады дейтін қарапайым ойлары бүгінгі саяси одақтастықпен байланысып жатқан ең алғашқы талпыныс емес пе екен? Қазір америкамен, жалпы алпауыт елдермен саяси одақтасу соншалықты ұят немесе қатерлі көзқарас болмай қалған жоқ па? Тұрмыс пен тіршілік дәлелдеген «адам күні – адаммен» дейтін қатаң қағида қазір «жаһандану» деп аталып жатса, ол да болмай қоймайтын процесс екен.

Қалай болғанда да Оспан батырды ұлттық мұрат қай қиырға апармады. Бірақ, бәрі де баянсыз болып шықты. Тек, өлім ғана өз уақытында келеді екен. Қанша қатерден өткен, қаншама қарша бораған оқтан, қаншама сатқындық пен опасыздықтан аман шыққан Оспан батыр Жағдаға ең соңғы тілегін айтты: «Өткір бәкің болса тырнағымды алып берші!». Оның бақиға сапары осымен бітті. Сөйтсе де Оспан батыр Жағдаға (осыны қазаққа деп түсінсек те болар) ең соңғы өсиетін де айтуды ұмытпапты: «Тек, өзіңе айтар бір ақылым: тым елпілдеп, алға түсіп кетпе. Елпілдеп алға түскен адам ана Дәлелхандай-ақ болар. Көрдің ғой арты не болды? Есіңде болсын, бұларға дос болып та, қас болып та жақпайсың... Бақұл бол!» деді.

Жазушының көркемдік дүниетанымы оқиғаның күрмеуін осындай қасіретті тілдесулермен түйіндеген. «Оспан соны айтып, айдауылдың алдына түсті». Жазушы ауыр, қайғылы көрініске тағы да үстемелеп «өлтірілу процесін» баяндауды қажет деп таппаған. Автор Оспан батырдың тарихи тұлғасындағы жоғарыда сөз болған қадау-қадау қасиеттерін ұрпаққа жеткізу мұратын көздегендіктен, батыр өліміне ақын інісі Жәркен Бөдештің: «Басы бар батыр атылды, Басы жоқ тобыр селк етіп, Қарасын құмға батырды» (4) деп жасаған көркем шешіміне толық қанағаттанған сияқты. Оның мақсаты Таңжарық ақынның аманатын орындағанында ғой деп білдік. Әйтсе де, жазушының эпикалық дүниетаным кеңістігі «Көжалға» көркемдік шешімнің салыстырмалы (аңызбен) баянын беруді әсте артық көрмеген.

Оспан үш елдің мұздай қаруланған қалың шерігімен ғана соғысқан жоқ екен, өз қазағымен де алысып қалған кезі аз болмапты. Арасы ашылған ағайын, өзінің тұқым-тұяғы көрген азап пен бейнеттер, ақ адал жары Мәмейдің, Баянның «Оспанның әйелі» болғандағы тартқан тақсіретері мен сенімді серіктерінің шетінен оққа ұшып, селдірей бергені батырға оңай болды деуге ешкімнің дәті бармас еді. Бұның бәріне Оспан «батыр» атану үшін барған жоқ. Оны «Оспан батыр» деп ел атады. Бірақ осы даңққа көп құрбандықпен жетіпті. Сол үшін ғана халқына, қазағына қарыздар екен. Оны «Қазақта «Қасқыр қарызын терісімен өтейді» деген сөз бар. Ендеше, бұл барша қарызын бір басымен өтегелі тұрған жоқ па?» деп жазушы да атап айтқан. Және, осынау түз тағысы туралы қасіретке пара-пар ащы тәмсілді Оспан «өзінің хатшысы Құнияздан» естігенін есіне алғанда өзінің күрес жолынан ешбір айнымаған күндеріне шүкіршілік ететіндей. Аңыздың айтуынша, ит пен қасқырдың түп атасы бір екен. Бірі – адамды жағаттап, қора күзетіп, қызметшіге айналса, бірі – түз даласында қалып қойыпты. Күндердің күнінде екеуі орманда жолығып қапты. Ит өзінің жылы, тоқ өмірін баяндайды, қасқыр баяғы бірде аш, бірде тоқ жортып жүрсе керек. Өзі аш, әрі арық. Содан итекеңнің тіршілігіне кәдімгідей қызыққан қасқыр оның мекенін барып көріпті.

–       Анау не?

–       Ол менің үйшігім.

–       Ал, анау не?

–       Ол менің ас ішетін ыдысым.

–       Ал, мынау не?

– Бұл менің шынжырым ғой... десе керек итекең. Қасқыр селт ете қапты.

Бар айтқаны: «Е-е, босағада байлаулы тұрам де... Бауырым-ау, бостандығыңды сатып, күн көріп жүр екенсің ғой! Бұл біздің бөрі әулетіне қол емес екен. Аш жүрсем де азаттығым артық! – деп Қасекең орманға қарай жорта жөнеліпті...» (3, 83) дейді.

Біз білетін тарихта үш көкжал бар. Оның бірі – Шыңғыс хан, екіншісі – көкжал Барақ, үшіншісі – Қабдеш атаған Оспан Исламұлы болып отыр. Тегінде, «көкжал» деп кім көрінгенді атай беруге болмайды. Халық мықты, жырынды жігіттерді «қасқыр жігіт» деп әспеттеп жатады. Демек, дала көкжалы, әрі барсақ көне түркінің қасиетті көкбөрісі жаратылысынан бұғауға бағынбаған аң болғандықтан, мұндай адам және белгілі бір ұлттың азаттық үшін алысқан ерлері «көкжал» деп құрметтелуі өте заңды.

Ал Оспан батырды әдебиет тарихына, көркемсөзге «Көкжал» деп қашап жазған тұңғыш қазақ жазушысы – Қабдеш Жұмаділов. Және, Оспан туралы біздің әдеби мұрамызға проза жанрында өзінің тарихи-көркем қырымен кеп қосылған шоқтықты шығарма да осы «Көкжал» повесі. Бұл хикаят ұлт тәуелсіздігі тұсында, атап айтсақ жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында жазылғандықтан, Оспан батырдың бұғауға бағынбаған ұлы рухын еске түсіреді. Себебі, ол аңсаған азаттықтың тұсында жарық көрген тарихи хикаят өзінің мазмұны мен идеялық жағынан бүгінгі оқырманға үлкен олжа болып, ой салады деп санаймын. Осының бәрі, әсіресе қарымды қаламгердің ұлтшыл ұстанымдарының нәтижесінде мүмкін болған.

Әдебиеттер:

1 «Тозақ оты». Хикаят. «Жұлдыз», №4, 2009. – 3-40-бб.

2 «Ақтұманың «Ханшайымы». Хикаят. «Жұлдыз», №9, 2009. – 57-75-бб.

3 «Көкжал». Хикаят. «Жұлдыз», №9, 2011. – 59-83-бб.

4 Оспан батыр Исламұлының туғанына 110 жыл. («Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция). Алматы: «Атажұрт» баспасы, 2010. – Б.198-199.