Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Жан мен тән (Әңгіме)

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «Менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес...

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «Менікінің» мағнасы екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі»

Абай

Ажал айтып келмейді. Ажалдың сұрапыл сұсы да, үрей мен зәрені алып үркітетін қорқынышы да – оның осы ғайыптан келетін белгісіздігінде. Адам пендесінің жарық дүниеге келуі – кездейсоқтық дейді ғой. Ал дүниеден өтуі – заңдылық. «Адамзат сапарының мейманымыз, бір мезет жер бетіне кетер соғып» депті Қасым Аманжолов. Демек, мейман болған соң, мұнда тұрақтап қалу жоқ, сол келген жағыңа қайтуың керек. Әсілі, өлім дегеніміз – адам пендесінің әбден қартайып, арып-тозып, қажып-шаршап, тіршілік етуге жарамай қалған кезде баратын ең соңғы баспанасы ғой. Оған кім қарсы. Бірақ сол өлімнің өз кезегінде табиғи жолмен келмей, біреуді біреу ана дүниеге зорлықпен аттандыратыны жанға батады.

Бұл жолы тап солай болды. Мәселен, Ғабдулмәлікті жуық арада өле қояды деп ешкім де ойламаған. Жасы жетпіске таяп қалса да «ыңқ» етіп ауырмаған, денсаулығы мығым кісі еді. Не ішем, не кием демейтін, ауыр еңбектен, тіршілік күйбеңінен әлдеқашан құтылған. Осы күнгі мұнай-газ өндірісінен, одан басқа да бір-екі кеніштен бөлінген акциялары бар. Ақша дегенің Ғабдулмәліктің кассасына крандағы судай өздігінен құйылып жатады. Қаржы айналымы миллиардқа шаппаса да, алдыңғы қатардағы миллионердің бірі. Өзі теңдес бақкүндес біреулер болмаса, жолын кесетін де ешкім жоқ-тұғын. Билік басындағылармен ымы-жымы бір, санаттағы адам. Кейбіреуімен құда-жегжат дегендей. Оның бәрін былай қойғанда, өзгелерден бір артықшылығы, бертінде алған жап-жас, сұлу әйелі бар. Несін айтасың, қалай қарасаң да төрт түлігі сай, өмірдің нағыз рахатын көретін кезі еді. Бірақ қатыгез тағдыр кімді арманына жеткізген? Торжорғадай толықсып тұрған шағында сол Ғабдулмәлікті белгісіз біреулер өз есігінің алдында атып кетті.

Әрине, сақтық шаралары қарастырылған. Үнемі қасынан екі елі қалмайтын оққағары бар еді, сол күні бір тығыз шаруасы бар екенін айтып, сұранып кеткен. Қалалық үкімет ұйымдастырған әлдебір банкеттен шопырымен екеуі ғана қайтып еді. Ол құрғыр да сол күні әлденеге асыққандай Ғабдулмәлікті қақпаның алдына әкеліп түсірді де, көп аялдамай жүріп кетті. Үйіші әлі жата қоймаған сияқты. Қос қабатты котедждің кейбір терезелері жарқырап жанып тұр. Күздің қоңыр кешінде тау жақтан ескен салқын самал бар екен. Ғабдулмәлік бірден ішке кіре қоймай, есік алдында темекі тартып, аз-кем аялдады... Жаңа осында келерде көшенің бұрышында бір машина тұрған сияқты еді. Кенет сол машинаның зулап келіп, мұның қасына тоқтай қалғанын бір-ақ білді. Сол-ақ мұң екен, артқы есіктен бетіне маска киген біреу қарғып түсті де:

- Әй, Ғабдулмәлік, сен халықтың қазынасына қол сұққан ұрлығың үшін өлімге үкім етілдің! – деп оң қолындағы пистолетпен мұны көздеп тұрып, едел-жедел екі рет атты. Алғашқы оқ оң жақ иығын шоқтай қарып өткен-ді. Екінші оқ кеуде тұсынан тиіп, өне бойын өртеп жібергендей, әл-қуаты бірден кеміп кетті.

«Жалдамалы кісі өлтірушілер болады деуші еді... Мыналар – солар ғой, дәу де болса! – дегенді ойлап өтті бүктетіле құлап бара жатып. – Кімдер екен – тапсырма берген? Әттең, соны білер меді...». Бұдан арғысы бұлдыр тұман... Ақыл-есі ауырлап, әлдебір тұңғиыққа батып бара жатты.

Ғабдулмәлік өмірі денсаулығына шағым айтпаған кісі ғой. Өткен жылы әлдеқалай тымауратып, дәрігерге барғанда, ондағылар соңғы он бес жылда мұның емдеу кітапшасына бір сызық түспегенін көріп, таң қалысқан. Енді, міне, сол аялаған денсаулық та, бойдағы бұрқыраған қуат та әлдебір қарақшының қарауылына ілігіп, бір сәтте көзден ғайып болды. «Батыр – бір оқтық» дегенді бұрынғылар осындайда айтқан екен-ау!

Мылтық дауысын естіген үйдегілер есік алдында қанға батып жатқан мұның денесін қолма-қол тауып, іле-шала дәрігер шақырған болар. Олар «жедел жәрдем» машинасымен ауруханаға әкелген болар. Ғабдулмәлік есін бір жинағанда, өзінің бір өңкей ақ халатты адамдардың қоршауында жатқанын байқады. Соншама қан жоғалтқанда тірлікпен қоштаспаған неткен денсаулық десейші! Әйткенмен, жүрегі соғуын тоқтатып, тынысы бітуге таяған сияқты, біреуі мұның кеуде тұсын токпен тітіркендіріп, екіншісі аузынан жел үрлеп, тыныс алдыру қамында қарбаласып жүр.

Алайда мұның бәрі бекер әурешілік, кешігіп істеген шаралар болатын. Өйткені, бұл кезде Ғабдулмәлік жантәсілім етіп, шыбын Жаны тәннен ажырап, өз алдына бөлініп шығып кеткен-ді. Қудауанда, бұл «жантәсілім» дегені мұндай рахат болар ма, манадан бері шыдатпай, қан қақсап ауырып тұрған тән азабы бірден сап тиылды. Сол-ақ екен, Жан байқұс өмір бойы арқалап жүрген ауыр жүктен енді құтылғандай, біртүрлі кеңіп, жадырап қалды. Адам тәні әлдеқалай мертігіп, жараланса да, әлдебір дертке шалдықса да, соның азабын Жан тартады екен ғой. Енді, міне, соның бәрінен босап, өзінше бір азаттыққа шыққандай тыныстап қалды. Бұрынғыдай онда-мұнда сүйрелейтін иығындағы ауыр салмақ жоқ. Жанның өз салмағы – құс мамығындай, ауада емін-еркін қалықтап жүр.

Ақыл-ес, зейін-зерде – Жанның өз бойында. Осының бәрінен жұрдай болған өлі дене жатыр әне, қанға малшынып. Дәрігерлер адам өліміне акті жасап, ажалға себеп болған оқтардың тәнге қаншалық дарығанын көрсету үшін, өлі денені оңды-солды кескілеуде. Тәнге бәрібір сияқты, былқ етпейді. Өмірде тәннің тым сезімтал болуы, бір жеріне тікен кірсе де ауырсынып, ойбай салатыны – Жанның арқасы екен ғой. Міне, кеудесінен жан шығып еді, адам сорлы жәй «өлік» болды да қалды. Ғабдулмәліктің оқта-текте Абай өлеңдерін оқитыны болушы еді. Міне, қазір де: «Адам – бір боқ, көтерген боқтың қабы, боласың боқтан сасық өлсең тағы» деген өлең жолдарын еске алып тұр.

Дәрігерлер өлі денедегі оқтарды алып, актісін жасап болған соң, өлікті бірден мәйітханаға өткізді. Жан әзірше өз тәнінің қасынан қалмай ілесіп жүр. Шетелдік киноларда адам мәйіті арнаулы шкаф-сөрелерде, әркім өз жамылғысымен жеке-жеке жатушы еді. Біздікі ондай дәрежеге әлі жетпеген екен. Қабырғасына қырау қатқан, терезесі бітеу, сұп-суық зал. Тақтай сөрелерде жап-жалаңаш сіресіп жатқан өліктер. Кейбіреуі көшеден табылған иесіз жандар болуы да мүмкін. Олар – қашан иесі табылып, жерлегенше осында жата бермек... Жанның дәл осы арада Ғабдулмәлікке біртүрлі жаны ашып кетті. Тірісінде сері жігіт еді, дүниенің рахатын жақсы көруші еді. Тірлікте жинаған миллиондары еш кәдеге аспай, кілең бомждардың арасында лыпасыз қалғанын қарашы! «Өлдің, Мамай – қор болдың» деген осы екен ғой.

Адам Жаны тәннен бөлінгеннен кейін де жеті күнге дейін алысқа ұзап кетпей, осы маңайда жүреді деуші еді. Зайыры, сол сөз рас сияқты. Ауруханадан қайтқан Ғабдулмәліктің бала-шаға, туыстарымен бірге Жан да қалықтай ұшып, өз үйіне келді. Бала-шаға дегенде, бұрынғы әйелінен қалған екі қыз, бір ұл бар. Олар әлдеқашан отау тігіп, бөлек-бөлек үй болып кеткен. Сонан соң кейінгі алған әйелі Ғайникамал мен содан туған он жасар Жансая... Бүгін ағайын-туыстың бәрі осында. Кең аулада мал сойылып жатыр, қазан асылып жатыр... Енді, міне, сол жанашыр ағайын Ғабдулмәліктің кең кабинетіне жиналып, ертеңгі өлікті шығарып салу рәсімін сөз етіп отыр.

Ең алдымен Кеңсай зиратынан орын алу мәселесі сөз болғанда, бұл жағдай оңай шешілді. Ана жылы Ғабдулмәліктің бәйбішесі қайтыс болғанда бұлар екі кісілік жер алып, төңірегін қоршап қойған екен. Енді марқұмның өзі де сол бәйбішенің қасынан мәңгілік қоныс теппек. Ертең мәйітті осында әкеліп, салт бойынша бір күн өз үйінде қондырады. Сол кеште ағайын-жұртқа «қонақасы» беріледі. Бұл – аруақтың да соңғы татар сыбағасы іспетті. Ал, мәйітті жерлеп келген соң, топырақ салған халыққа жайылатын дастарқан өз алдына бөлек. Бұлар сол күнгі түскі асқа «Отан қорғаушылар» паркіндегі «Жұлдыз» ресторанын лайықтады.

Осының бәрін рет-ретімен жөніне келтіріп айтып отырған – Ғабдулмәліктің немере ағасы, бір кезде министрдің орынбасары қызметіне дейін көтерілген, салт-санаға жүйрік Қабыш ақсақал. Мұндайда қатты ескерілетін маңызды бір нәрсе – газеттерде жарияланатын некролог – азанама сөздер де назардан тыс қалған жоқ. Азанамада Ғабдулмәліктің өмірбаяны, атқарған қызметтері мен алған марапаттары түгел қамтылуы керек. Бұл жағын бүгін осында қатысып отырған белгілі журналист өз мойнына алатын болды. Азалы сөздердің деңгейі – елбасының марқұмның отбасына көңіл айту-айтпауына байланысты екен. Бұл мәселені де Қабыш ақсақал реттеген сияқты. Мана түстен кейін президент аппаратындағы таныс жігіттерге телефон соғып, бәрін алдын ала келісіп қойыпты.

«Бәрі дұрыс, бәрі ойдағыдай, тіпті асыра айтылып жатыр, – деп ойлады Жан Ғабдулмәліктің өзі қадалып оқымаса да, сән үшін жинаған кітап сөрелерінің біріне қонақтап отырып. – Қазақтың өлікті ұзатып салу мен артын күту рәсімдері – неткен машахат! Қанша әурешілік, қанша шығын?! Ал басқа ұлттар былай шашылмайды».

Сонан соң бір таңғалғаны – үйішінде қайғырып, жылап отырған ешкім жоқ. Бәйбішеден қалған ересек ұл-қыздары да тоң-торыс, үнсіз бұйығып отыр. Ғабдулмәлік жас әйелге үйленгеннен бері әкемен аралары салқын болатын. Олар сол бақкүндестігін әлі ұмыта алмай отырған сияқты. «Папам-ау» деп ботадай боздап жылап жүрген – Ғайникамалдан туған он жасар қызы Жансая ғана. Ғабдулмәліктің соған ғана керек болғаны ғой, шамасы.

Ал, Ғайникамалдың өзіне келсек, оның да басына қара орамал салғаны болмаса, бәлендей қасірет шегіп, «аһ ұрып» отырғаны байқалмайды. Бұрын біреулерден көргені бар еді. Күйеуі өлген әйелдер ауыр қайғыны көтере алмай, әлсін-әлі есінен танып, дәрігердің көмегі қажет болып жататын. Ал мыналар – Ғабдулмәліктің әйелі мен қыздары ондай дәрі-дәрмекті керек қылмай, қақшиған күйі сергек отыр...

Ал, Ғайникамал... Сұлу-ақ қатын ғой, антұрған! Бүгін басына қара орамал салып, ел қатарлы сәл-пәл жылағанға ақша беті албырап, көз жанары нілденіп, бұрынғысынан да құлпыра түскен бе, қалай? Отыз бес жас – әйелдің нағыз кемеліне келіп, толысатын кезі ғой. Ғайникамал – бұрын Ғабдулмәліктің қабылдау бөлмесінде отыратын секретарь-машинисткасы болатын. Көңілдері жақын, қас-қабақтары түзу еді. Бәйбішесі өлген соң алысқа ат сабылтып жатпай, сұлулығына қызығып, өзінен отыз жас кіші бұрынғы ашынасына үйленген. Құрбы-құрдастары бұған қызығып та, қызғанып та қарады. Сөйтіп жүргенде мұның тұғырдан таймағанын әйгілеп, бір жылдан соң Жансая келді дүниеге. Шар тартқан шағымда бір қызығым осы Ғайникамал болар деп жүруші еді. Амал не, төтеннен төнген ажал оны да бұйыртпады ғой!

- Айтпақшы, сүйекті қай жерден шығарамыз? Алматы жұртшылығы папаммен қоштасуы керек қой, – деді манадан үнсіз отырған, осындағы банкілердің бірін басқаратын жалғыз ұлы Баққожа.

Қабыш ақсақал бұл жағын да ойластырып қойыпты. Басында театрлардың бірін жалдауды ойлаған екен, оған бұлардан бұрын біреулер тапсырыс беріп қойыпты. Сонан соң Ғабдулмәліктің ғылым докторы екені есіне түсіпті де, Академия институттарының бірімен оп-оңай келісіпті.

«Менің докторлығымның да бір пайдасы тиген екен, – деп ойлады туыстарының әңгімесіне сырттай құлақ түріп отырған Жан. – Кезінде біреулердің дайын тұрған диссертациясын сатып алып, экономика ғылымының докторы деген атақты, жұрттың пыш-пыш өсегіне қарамай қорғап шығып еді. Ғабдулмәлікке керегі – ғылым докторы деген атағы ғана. Әйтпесе, сол тақырыпта басын ауыртып, бір мақала жазды ма екен?!»

Туыстар кешкі ас ішіп, жерлеу мәселесін біржайлы еткен сң, біразы ертеңгі шаруаларға байланысты жан-жаққа тарап кетті де, үйде ең жақын деген бір шоғыр адам қалып еді. Ғабдулмәліктің қазасы кісі қолынан болып отыр. Мұндайда заң орындарының тергеу-тексеру ісі қатар жүруі мүмкін. Олар тәртіп бойынша отбасы мүшелеріне де әр-алуан сұрақтар қояды. Сонда бұлар не деп жауап айтуы керек? Соны да бірлікке келтіріп алған теріс емес. Марқұмның достары кімдер? Бақкүндес жаулары болды ма? Отбасы мүшелері кімдерден күдіктенеді? Бұл мәселені де алдын ала ойластырып қойған жөн.

Марқұмның қазасына қатысы бар деп, әрқайсысы бірнеше адамның атын атады. Бәрі де – Ғабдулмәлікпен әріптес, қаржы саласының адамдары.

- Осы өзіміздің Құдайқұлов қалай? Ғабдулмәлікке келгенде, ылғи да соның бір ені ішінде жүруші еді. Өзі бүгін көңіл айтып та келген жоқ. Іштарлықпен қастық ойлағандардың бірі сол емес пе екен? – деді зейнет жасындағы ағайынның бірі.

- Қойыңызшы, біздің әулетке қастық ойлайтындай Құдайқұловты құдай ұрып па? Қанша дегенмен, рулас ағайын емес пе! – деп ол сөзді тағы біреуі кері қақты.

«Алдырған – албырт» деген ғой, осылайша бір-біріне кереғар әртүрлі пікір айтылып жатты.

- Папамды өлтіруге заказ берген – басқа ешкім де емес, мұнай мен газға басшы боп отырған бәленшекеңнің өзі! – деді мінезі томырықтау, бірмойын ұлы Баққожа. – Ол «акцияларыңды маған өткіз» деп папамды бірнеше рет ығыстырмақ болған. Енді, міне, ойлағанын іске асырып тынды. Мұнай мен газға бір өзі қожа...

- Қой, Баққожа қарғам, олай деме! Тіпті, солай болған күннің өзінде де бұлай жар салып айта беруге болмайды, – деді көпті көрген Қабыш ақсақал баяу үн қатып. – Бергі қожайынды айтсақ, оның түп тамыры арғы қожайынға тіреледі. Оларға заң орындарының да тісі батпайды.

«Иә, Қабыш ақсақал дұрыс айтады. Осы менің бірбеткей, ұрда-жық балам ашу үстінде бірдемеге ұрынып қалмаса жарады» деді Жан Ғайникамалдың қасындағы бос орынға жайғасып жатып.

- Бұл өлімнен саяси астар іздеудің қажеті болмас, – деді заң саласында істейтін ағайындардың бірі. – Ғабдулмәлік – елбасының қатты құрметтейтін сенімді кісілерінің бірі болды. Тіпті, біздің ағамыз ана жылы сайлау кезінде елбасының өз қалауымен «балама кандидат» болып дауысқа да түсті емес пе?

- Кім білсін, әзірше «жалған кандидат» кейін тәжірибе жинай келе «шын кандидат» болып кете ме деп, қауіптеніп жүрмесе, – деді шақпа тілді, қылжақбастау бір жігіт.

- Қойсайшы, бұл – әзіл-оспақтың жері емес қой! – деп оны Қабыш ақсақал тиып тастады.

Осылайша, туыстар бір түйінге келе алмай, не де болса заң орындарының шешімін күтпек болып сағат кешкі он бір шамасында үйді-үйлеріне тарады. Мәйітті үйге әкеліп қондыратын, марқұмның соңғы сыбағасы ретінде жақын-жуыққа «қонақасы» беретін күн – ертең. Бүгін ертерек жатып демалып, ертеңге қарбалас шаруаға дайындалу керек.

Бүгін Жан да өз үйінде қалып қойған. Ол Ғайникамалға ілесіп, жатын бөлмесіне бірге барды. Соңғы сәнмен жабдықталған абажадай кең бөлме. Тоба, Ғабдулмәлік алдыңғы күні ғана осы бөлмеде, мына тұрған төсекте Ғайникамалмен бірге ұйықтап шығып еді-ау! Бұл оны аймаламақ болғанда, әйелі шаршап тұрғанын айтып, ол шаруаны ертеңге қалдырған. Амал не, ажал шіркін сол «ертеңге» жеткізбеді ғой. Ендігі жүрісі мынау – әлдеқалай терезеден еніп кеткен шіркей тәрізді көрінген затқа бір қонақтап.

Ғайникамалдың ойында ештеңе жоқ. Күндегі әдетінше кербездене керіліп, шешініп жатыр. Бүгін ғана бойы өлген әйелге ұқсамайды. Бір мезет айнаның алдына барып, өз келбетіне сұқтана қарап, біраз тұрды. Әдемі-ақ қой сайтанның өзі де. Әлі де құлын мүшесі бұзылмаған, қаз омырау, қыпша бел... Бүкіл денесі мәрмардан ойғандай аппақ... Бүгін қаралы күннің өзінде алтын алқасы мен жүзік-сырғаларын тағынып алған екен. Соларын бір шетінен ағытып, қобдишаның тартпасына салып жатыр. Міне, осыдан кейін ғана кербез басып барып, ақ торғын көрпенің астына кірді.

Жан болса сол сәт мана түс кезінде көзі көрген ақ қырау мәйітқана мен сондағы мұз болып сірескен өліктерді еске алып тұрған-ды. Соның әсері ме, қалтырап тоңа бастады. Жылы көрпенің астындағы Ғайникамалдың қасына Жанның да жатқысы келді. Онда тұрған не бар, бұрын талай жатып жүрген төсегі. Сол оймен батыл басып барып, ол да жылы көрпенің астына кірді. Өзіне таныс француз әтірінің иісін сезініп, бір рахат күйге бөленген. Баяғы тірі кезіндегідей Ғайникамалдың үлбіреген аппақ тамағына тұмсығын тығып, жұп-жұмыр иығынан, ұлпа мойнынан аймалағысы келген... Амал не, осының бірде-бірін Ғайникамал сезінбейді-ау!

Ту-у, осы телефонды-ай! Қайдағы бір қарбалас шақта шырылдайтыны бар-ау... Кенет төсектің жанындағы қобдишада тұрған әйелінің қалта телефоны безілдеп қоя бергені. Ғайникамал ақ сазандай төсін керіп тастап, шалқасынан жатқан күйі қалақтай телефонды құлағына тосты. Дауысы таныс жақын адам болса керек, бірден өңі жылып сала берген. Өңі жылып қана қоймай, ынтыққан ыстық сөздер де ағытылды-ай келіп...

Анау «көңіл күйің қалай» деген болар.

- Жаным, менен қазір не «көңіл күйді» сұрайсың? Байы өлген қатынның көңіл күйі қандай болушы еді, менікі де дәл сондай! – деді Ғайникамал әлдебір назды үнмен сынықси күліп.

Анау «туыстар арасында не әңгіме бар? Заң орындарынан біреулер келді ме» деп сұраған болар.

- Туыстар осы жаңа ғана тарады. Ертеңгі жерлеу рәсімдерін ақылдасты-ау деймін... Марқұмға кім қастық жасауы мүмкін деген мәселе де біраз сөз болды, – деді әйел толық ақбар беріп. – Жаным, өзің неге болмадың бүгінгі отырыста?

Анау әлдебір тығыз жұмыстармен жүргенін, ертеңгі және одан кейінгі қонақасыға қырдан екі жылқы сатып әкелгенін айтып жатқан...

- Қайтесің, аға өзіңдікі... Еңбегіңнің есесі бір қайтар, – деді келіншек тәлімси тіл қатып.

«Аға өзіңдікі» дейді. Соған қарағанда, мынау – осы маңдағы біреу болды ғой, – деді Жан секем алып. – Сонда кім болды екен ол, ә?».

Анау «бүгінгі әңгімеде мені біреулер еске алды ма» деп сұраған болар.

- Күдіктілер арасында сені ешкім атаған жоқ. Алаңсыз ұйықтай беруіңе болады, – деді Ғайникамал. – Марқұм қарт та болса қайырымды кісі еді ғой. Сен екеуіміз не зиян көрдік одан. Алла-ай, қолың қалай барды? Бұрынғыдай жүре берсек те болатын еді ғой...

Анау «оққа байлаған – мен емес, жалдамалы жендеттер ғой – бәрін орындаған... Олар ақша үшін ештеңеден тайынбайды» деп ақталып жатқан секілді.

- Мейлі, басқа біреулер орындаған күнде де, соларға тапсырма берген – сен ғой, – деді Ғайникамал анаған кінә арта сөйлеп. – Соның бәрін, шынымен-ақ, мен үшін істедің бе, жаным?

Ана сұм не айтты екен? Әйтеуір, жанға жағымды тәтті сөздерді ағытып жатқаны анық.

- Жаным сол... Сені түсінбейді дейсің бе? Мені сүйетінің сонша, өз байымнан да қызғандың-ау! Асықпашы... алдымен мына шаруаны атқарып алайықшы... Енді бөгет болар ешкім жоқ, өзіміз ғана қалдық емес пе?! – деп назданды Ғайникамал.

«Есіңде болсын, біз жақында осы елдегі ең бай адамдардың бірі боламыз! – деді анау құпиясын жасырмай. – Осының бәрі бір сенің игілігің үшін, аяулым».

Жан манадан бері бұл әйелдің нақсүйер ғашығы кім екенін біле алмай басы қатып тұрған-ды. Кенет Ғайникамалдың:

- Бауке, сүйіктім, не айтайын?.. Өзіңді қалай жақсы көретінімді білмейсің ғой сен... Әйтеуір, сақ болшы өзіңе! – дегенін естігенде, санын бір-ақ соқты:

«Құдай ұрсын, мына қатынның манадан бері үздігіп тұрған ғашығы – өзіміздің Баубек болды ғой! – деді Жан жатқан жерінен атып тұрып. – Ғабдулмәліктің көмекшісі. Жасы әлі қырыққа келе қоймаған, әлекедей жаланған, келбетті, жас жігіт. Руласым, жерлесім деп осыны бауырына тартқан Ғабдулмәліктің өзі еді. Баласынан кем көрмей, ең жауапты жұмыстарды осыған тапсыратын. Сөйтсе, жылан асырап жүріпті ғой... Қатынды қойшы, тәйірі. Ақшаң болса қатын табылады. Баубектің харамдығы – басқада... Ғабдулмәлік ел ішіндегі, және шетел банкілеріндегі біраз соманы осы Баубектің атына салдырған. Аз емес, миллиондаған доллар... Енді, міне, қатынның ғана емес, сол ақшаның да иесі Баубек болмақ. Бір оқпен екі қоянды қатар жықты деген осы емес пе?! Ит-ай, Ғайникамалды қолға қалай түсірді екен? – деді күйіне қапаланып. – Осылар бұрыннан ашына болған-ау, шамасы... Жас қой арам неме. Оның әйел алдындағы артықшылығы – сол жастығында ғой!».

Ғайникамал мен Баубектен қатты көңілі қалған Жанға ендігі оқиғалардың еш қызығы сезілген жоқ. Жерлеу рәсімі сол кешегі айтылған межемен өтіп жатыр. Ертеңінде өз үйінде қонақасы берілді. Мәйітті жерлейтін күні өз ауласында жаназа оқылды. Екі тәкбірлі, бір ракағат жаназа намазы оқылып болған соң:

- Марқұм Ғабдулмәлік Бегайдарұлы қандай адам еді? – деді мешіттен арнайы шақырылған имам көпшілікке қарап.

- Жақсы адам! – деп куәлік берді сапта тұрған көпшілік бірауыздан.

«Көп – құдайдан бір-ақ жас кіші» деген сөз бар. Көңіл жықпастықпен айтылса да, көпшіліктің осы бағасы тәңір алдына барғанда кәдеге асуы да мүмкін... Осыдан кейін табытқа салынып, үстіне жібек кілем жабылған өлі дене әлдебір институттың залына әкелінген. Мұнда да қаптаған халық. Жиналған жұрт үштен-төрттен кезектесіп, құрметті қарауылға тұрып жатыр. Көзі тірісінде мұндай құрметті қарауылға Ғабдулмәліктің өзі де талай тұрған-ды. Табыттың бір қапталында Ғайникамал мен марқұмның ұл-қыздары отыр: бәрі сұлу, бәрі әдемі. Бет-аузы долырып, жылап жүрген – он жасар қызы Сая ғана.

Қоштасудың соңы қаралы митингіге ұласқан. Қазаққа басқа жұрттан жұққан бір жаңа салт – осы. Мұнда айтылатын сөздің бәрі дерлік жасанды, өтірік мақтау-мадақтан тұрады. Әріптестері марқұмның тірі кезінде қимаған жылы сөздерін өлген соң үйіп-төгеді-ай келіп. Міне, Ғабдулмәлік – Қазақстан ғылымын ілгері жылжытқан аса көрнекті ғалым, ғылым докторы, республикада бизнес саласын өгіздей өрге сүйреген алғашқы қарлығаштардың бірі, белгілі қоғам қайраткері. Жаңа осында оқылған елбасының көңіл айтуы – осы сөзімізге толық дәлел... Бұдан ары тыңдап тұрудан жалығып, көп адам теріс айналған шығар-ау!..

Мәссаған! Мына Баубекті қара! Туыстар атынан сол шығыпты қоштасу сөзін айтуға... Орамалын қолына алып, солқ-солқ жылап тұр иттің баласы:

- Ұстазым еді, ақылшым еді... Маған әкемнен де артық жақсылық жасаған, мені қатарға қосып, адам қылған – осы Ғабдулмәлік марқұм еді... Мен екі дүниеде ұмытпаймын марқұмның маған істеген жақсылығын... Қош, аяулы қамқоршым: жатқан жерің жәйлі болсын!

Жан қаралы жиын өтіп жатқан биік залды айнала ұшып жүрген-ді. Баубек сөйлеп тұрғанда бір-екі рет танауының алдынан жанаса сүйкеп өтті. Амал не, мына оқиғаға араласуға заттық негізі жоқ. Әйтпесе, екі жүзді, имансыз иттің мұрнын бет қылар еді... Ей, кірі жуылып тазармаған бес-баттам арсыз дүние, сол лас күйіңде қалғаның ғой. Ендігі заман – Баубектердікі...

Бұдан арғысы белгілі. Манағы қалың көпшіліктің бәрі болмағанмен. Жарым-жартысы Кеңсай зиратына барып, Ғабдулмәлікке топырақ салды. Ана жылы қайтыс болған бәйбішесіне шағындау құлпытас орнатылған екен. Жалған дүниеден де, жас тоқалдан да опа таппаған марқұм ақыры сол бұрынғы қосағына қосылып тыным тапты.

Марқұмның өлі денесі қара жерден орын тапқанымен, шыбын Жаны барар бағыты анықталмай, жеті күнге дейін осы маңайда жүріп қалды. Бұл пәниден бақиға қарай бет алатын екі түрлі жол бар екен. Бірі – сібірлеп атқан таңдай көздің жауын алып, алыстан нұр шашып тұрған, тек имандылар ғана баратын Бейіш жолы. Екіншісі – жол емес, алыстан-ақ адамның құтын қашырып, зәресін алатын қап-қара үңгір. Қасына жақындай бергенде-ақ күнәлі пендені жұмарлап жұтып жіберетін тозақтың қорқау қақпасы. Жан осы екі жолдың қайсысына бет аларын білмей, ғарыштан бұйрық күтіп, бөгеліп қалды.

Оған себеп: уақыт ол жақта да қарбалас, тым тығыз болса керек. Олай болатыны, қазір жер бетінде жеті миллиардқа жуық адам бар. Әр секунд сайын бес-алты сәби дүниеге келсе, татар дәмі таусылған төрт-бес пенде бақиға аттанады екен. Соның бәрі топ-топқа бөліп, реттеп отыру періштелерге де оңай соқпаса керек. Ғабдулмәліктің күнәсы мен сауабын таразыға салып өлшегенде, күнәсы басымдау болды әрине. Адамдарды алдап-арбап, артық дәулет жинағаны, халықтың қазынасын қол салып, арам жолмен байығаны, ғұшыр-зекет төлемегені, кедей-кембағалға қайыр-садақа бермегені... Тозақтың шартын толтырып-ақ тұр еді.

Ғабдулмәлікті мұндай ауыр жазадан бір-ақ нәрсе құтқарып қалды. Ол – кісі қолынан қаза тауып, шәйіт кеткені. Алаяқ ағайын мен опасыз әйелдің алдауына түскен бейуаздығы. Ұлы жаратушымыз аса әділ де, қайырымды ғой. Ғабдулмәліктің кейбір пенделік күнәларын кешіріп, оны бірден тозаққа салмай, Тозақ пен Бейіштің арасындағы бейтарап мекеннен орын беріпті. Жан енді солай қарай бет алды.

2014 – қараша