Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Аранға түскен аққулар (тарихи хикаят)

Бұл еңбегімді «АЛЖИР» лагерінде жазықсыз жапа шеккен арулар рухына бағыштаймын. Автор.

- І -

Биыл Арқа өңіріне қар қалың түскен. Айнала – төңіректе қыбыр еткен жан жоқ. Ұшы-қиырсыз ұлан дала бейне ақ кебінге оранғандай сұлық жатыр. Тіршілік атаулы бұл өлкеден басқа бір жаққа ауып кеткен секілді. Осыдан небәрі ширек ғасыр бұрын осынау Арқаның байтақ даласында қыс ызғарын елемей, қалың қарды түбіттей түтіп, мың-миллион жылқы тебіндеп жатты дегенге кім сенер?! Ал, халық ше? 1916-жылы патшаға әскер бермейміз деп, дүрк көтеріле атқа қонған асау-арда халық қайда? Осыдан тура бір ғасыр бұрын осы өлкені оңды-солды шарлаған Кенесары ханның сарбаздары орыс отаршыларының зәресін алып, сонау төбесі көрініп тұрған Ақмола бекінісінен бір полк орыс әскерін қуып шықты дегенге кім сенер?!

Иә, бұл өлкеде елден ие, жерден кие кеткелі қашан. Қазақ даласы қазір қаңырап, бос қалған сияқты. Елде ес, халықта сес жоқ. Ұлт рухы өшкен. Көш бастар көсемдер келмеске кетіп, қырқын жисаң қыр аса алмайтын, томағалы тобыр қалған. Қазір бұл даланы елес кезіп жүр. Аруақтар елесі. 1928 – жылғы кәмпескеде төрт түлік малдан айрылып, 1932 – жылғы қолдан жасалған ашаршылықта шыбынша қырылған, сүйектері көмілмей шашылып қалған үш миллион қазақтың аруағы әлі де болса өз мекендерін қиып кете алмай, туған жер аспанында қалықтап ұшып жүр... Бұрын мұндайды көрмеген көрбала, момын ел сол зұлматтардың кімге не үшін қажет болғанын енді-енді түсіне бастағандай. Сөйтсе, болашақ қожайындарға мына даланы тез арада босату керек екен ғой. Қазір, несін айтасың, әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ, отаршылар бағынышты бодан жұртына ойына келгенін істеп жатыр...

Жол жиегіндегі жарлауыт сіреу қардан қылпы ғана көрінген мына бір ат-шананың баяу жылжып келе жатқанына да біршама уақыт болды. Сол шанадағы үш жолаушы болмаса, бұл маңайда адамзат мекені бар деп ойламас едің. Манадан бері әңгімеге арқау болған жайлар – жәй айтыла салған қыстырма, қысыр сөз емес, шанада ат тізгінін ұстап келе жатқан Дәмелінің буырқанған ойлары. Іште жатқан шер-шемен, қысылып шыққан қыжыл... Бұл күнде тілде тиек, ауызда қақпақ бар. Бірақ, сөйлер сөзге, әрекетке шек қойылғанымен, адам ойына тұсау салу әзірше ешкімнің қолынан келер емес. Қиял жүйрік, ой ұшқыр. Әйткенмен, ойлануға да уақыт керек екен. Осындай оңашада қалғанда ғана өкінішті ойларға ерік беріп, өткен-кеткенді талғажау етесің.

Шанада Дәмеліден басқа тағы екі әйел отыр. Үшеуі де – «АЛЖИР» лагерінде жазасын өтеп жүрген тұтқындар. Сонау қыр астындағы мал фермасынан шығып, лагер орталығына келе жатқан беттері. Бұрын бұл жазалау орнын «Карлагтың» 26-бөлімшесі дейді екен. 1938-жылдан бері кілең әйелдердің еншісіне тиіп, «АЛЖИР» деген атқа ие болды. АЛЖИР – қысқарған сөз. Орысша «Акмолинский лагерь жен изменников родины» деген сөздердің бас әріптерінен құралған. Қазақшасы: «Отанға опасыздық жасағандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері». Тұрған жері – Ақмоланың өзі емес, қаладан қырық шақырымдай жердегі иен дала.

Дәмелі лагер орталығына ерте жарықта жетпек болып, қарынсау, жалдас торыға қамшы жұмсап көріп еді, одан шабан торының жүрісі ширай қойған жоқ, әудем жерге дейін борт-борт желіп барды да, баяғы мимырт аяңға қайта көшті. Бұл үш әйелдің ішінде: Дәмелі – адам дәрігері, Ғазиза – мал дәрігері. Екеуі де отыздың ішінен енді ілінген келіншектер. Қызмет бабына қарай фермадағы мал қораларын аралай беруге ерікті. Ал, бұлардан гөрі кекселеу, жасы қырықтың ішін аралаған үшінші әйел Нұржамал – қойшы. Қарауыл бастығы айтқаныма көне қоймадың деп, түнде мал қораға қамаған екен, содан екі өкпесіне бірдей суық тиіп, орталықтағы ауруханаға келе жатқан беті. Бұрын осындай сапар кезінде тұтқындардың қасында мылтығы шошайып қарауыл отырушы еді. Кейін әйелдердің ешқайда қашпайтынына көздері жетті ме, әлде майданға адам керек болды ма, күзеттегі солдатты азайтты. Малшы тұтқындар ауыл арасында осылай еркін жүре беретін болған.

Майдан демекші, Германияның Совет одағына қарсы соғыс жариялағанын былтыр бір жыл бойы тұтқын әйелдерден жасырып келді-ау! Өздерінше жау жағына тілектес болады деп тұтқындарға сенбегені... Алғашқы екі жылда хат-хабарға да рұқсат етілмеген. Сырттан келетін тырс еткен белгі болмай, тұтқындар иен аралда қалғандай күй кешкен. Тек, жаудың беті қайтып, Мәскеу түбінен шегінген соң ғана соғыс туралы ахбараттар айтыла бастады. Майданнан келетін хат-хабарға да жол ашылып ед. Әйтеуір, хаттарына қарағанда майдандағы жауынгерлердің рухы үстем: «Арадағы келісімді бұзып, отанымызға опасыздықпен шабуыл жасаған неміс фашистерін өкшелей қуып барамыз. Түпкі жеңіс – біздікі» деп жазады шеттерінен. Қолдарына қару ұстамаса ішкен асы бойына тарамайтын, жазықсыз жандарды лагерлерде тұншықтыратын соғысып жатқан бұл екі елдің қайсысы фашист екенін құдай білсін?! Мұндайда қазақ сияқты бұратана халықтар кімнің тілеуін тілеу керек? Бұл да – шешілмеген түйіндердің бірі.

- Нұржамал апай, қалайсыз? Ыстығыңыз қайтқан сияқты ма? – деді қашанда өзін көңілді ұстайтын, аққұба жүзді, жайнаң көз Дәмелі бір кезде арт жағына бұрылып.

- Шүкір, манағыдан гөрі тәуірмін, - деді ескі құлақшынның сыртынан неше түрлі шоқпытты орап алған Нұржамал бұл жолы ширақ тіл қатып – мені қойшы, жаны сірі адаммын ғой, қайтер дейсің. Одан да майдандағы балалар не кейде екен, соны айтсайшы...

- Оларды уайымдап қайтесіз. Олар жалғыз емес, және біз сияқты қамауда отырған жоқ, өздері сияқты мыңдаған адаммен бірге жүр, – деді қасында отырған Ғазиза сөзге араласып.

Ғазиза да бір кезде жұрт назарына іліккен қаракөз айымның бірі еді. Қазір ол да жүдеген. Үстіндегі шоқпыт киімдер одан ары кетеуін кетіріп тұр.

Иә, қазір осындағы тұтқын әйелдердің де аға-бауыр, туыстары, не балалары майданда жүр. Өткенде Нұржамалдың үлкен ұлы Әукеннен хат келген. 1937-жылы әкесі ұсталғанда он алты жастағы бала еді, оның да ер жетіп, азамат болғаны ғой: «Халық жауының баласы атанып, көрінгенге көзтүрткі болғанша, тымқұрса өз басымды ақтап алайын деп, «айыпкерлер баталионына» жазылдым. Жақында соғысқа аттанамын» деген-ді. Қазір сол Әукен майданда жүр. «Айыпкерлерді» соғыстың ең бір «барса келмес», қиын жеріне салады дейді ғой. Байқұс баланың тағдыры не боларын кім білсін.

Шанадағы үш әйел де – бұрыннан бірін-бірі білетін адамдар. Дәмелі мен Ғазиза бір кезде ел тұтқасын ұстаған министрдің әйелдері, жоғары білімді мамандар. Ал, атақты жазушының жары Нұржамал – бес бала тәрбиелеп өсірген, оқуы аз болғанымен тоқығаны мол, үй шаруасындағы әйел-тұғын. Үлкен ұлы Әукеннен басқасы қазір телімге түсіп, әр қалада жетімдер үйінде жүр. Демек, Нұржамалдың қайғысы басқалардан екі есе. Дәмелі одан «апай, сіз неге қой бағуды қолай көрдіңіз» деп сұрағанда, «Биағам мен балаларымды ен далада қой соңында жүріп, емін-еркін жоқтағым келді» дегенді. Осындай қат-қабат қайғысы бар Нұржамалды басқа әйелдер сыйлап тұрады.

Бұлардың күйеулері де 1937-жылы күзде, бір мезгілде ұсталды ғой. Алғашқы тергеу кезінде соққыға жығылып, тістері түсіп, кетеуі кеткен түрлерін бірер мәрте көрсетті де, көп ұзамай бәрі де көзден ғайып болды. НКВД-ның адамдары «күйеулерің он жылға кесіліп, Сібірге айдалды» деп алдарқатқан. Ал, енді біреулер «оның бәрі бекер сөз. «халық жауы» аталғандар әлдеқашан атылып кетті» деседі. Қайсысына сенесің. Тұтқын әйелдер қазір күйеулері туралы әңгіме айтуды қойған. Олардан гөрі артта қараусыз қалған, детдомға өткен балаларын айта береді. Жұрт не десе де, қазақ әйелдері күйеулерін өлді деуге қимай, кебенек киген ер-азамат түбінде бір оралар деп, үміт үзбей жүретін-ді. Мәскеуден, Ленинградтан, тағы басқа республикалардан келген оқымысты әйелдер сол әлсіз үміттің өзін үзіп тастады. Орыстар да, хохолдар да күлбілтелемей турасын айтатын жұрт қой: «Естеріңде болсын, лагерге жіберілген әйелдердің бірде-біреуінің күйеуі тірі емес. Күйеуі «халық жауы» болып, атылып кетпесе, әйелін мұнда әкелмейді» деп шындықты бірден айтып салған. Мәскеуден, Кремльдің дәл қасынан келген адамдарға қалай сенбессің?!

Дәмелі тағы да арттағы серіктеріне бұрылды:

- Нұржамал апай, сіз ауруханада жатып, ем қабылдай беріңіз. Ал, мен сіздің денсаулығыңыз туралы анықтамаға қоса, қарауыл бастығының сізге істеген зорлығын хатқа түсіріп, лагер бастығына тапсырамын, - деген дауысын әдеттегіден қаттырақ шығарып. – Біреулер тексере қалса сөзіңізден тайып кетіп жүрмеңіз.

- Сіңлім Дәмеш-ау, сол өткен істі қоздата беріп қайтесің, - деді Нұржамал марғау тіл қатып. – Ол неме өшігіп алып, одан да зорғысын істеп жүрмей ме маған?

- Ол істі аяқсыз қалдыруға болмайды! – деді Дәмелі қатайып. – Үндемей қалсаң басынып алады... Өзіңіз қарауыл бастығын қимай отырғаннан саусыз ба? Қанша дегенмен, сізге көңілі ауған адам ғой...

- Қойшы әрі, қайдағыны айтпай! Өздерің сияқты жас келіншектер тұрғанда, еркекпен ойнау менің не теңім?!

- Сол оқиға қалай болды өзі? Басынан бастап айтыңызшы! – деді болған оқиғаға онша қанық емес Ғазиза сөзге араласып. – Бәлкім, мені де куәға тартып қалар.

- Ой, тәйір-ай, әлгі жынды қарауыл бастығының істеп жүргені ғой. Мазепа ма еді, кім еді соның аты?

- Соның дәл өзі. Атын да жаттап алыпсыз ғой, – деді Дәмелі әзілге айналдырып.

- Сол Мазепа анда-санда фермаға келіп тұрады. Жұрт көзінен таса, оңашада көңіл көтергісі келеді-ау деймін. Бізге бұйырмаған мал солардың еркінде. Кейде қой сойдырып, қуырдақ жеп, сорпаланып жататыны бар. Ішімдігін де қоржынға салып ала келеді. Алдында еститінмін: «Ішіп алса, сондағы малшы қатындарды алма-кезек зорлайды» деп... Ойымда ештеңе жоқ, кешке жақын өрістен қайтқан малға шөп шашып жатқанмын. Қарауылдар көрші үйде ет жеп, арақ ішіп, өздерінше дуылдасып отырған-ды. Бір уақытта қойға шабатын қасқырдай алақ-жұлақ етіп, жаңағы Мазепа қасыма жетіп келді. Келе-ақ, ай-шай жоқ, білегімнен ұстап, ішке қарай сүйреп барады.

- Әй, не болды? Саған не керек? – деймін балдыр-батпақ орысшамды аямай.

- Қатынның неге керек болатынын білмейсің бе? Бой суытам! – дейді әлгі албасты шімірікпестен. Бір қолын ышқырыма жүгіртіп, икемдеп әкетіп барады. Құдай сәтін салғанда, бір кезде бұл етіп, қолынан шығып кеткенім. Шөп қораның аузында үш айыр теміраша сүйеулі тұрған. Жандәрмен соны алдым да, өзіне қарай тұра ұмтылдым.

- Әдіра қалғыр, алдымен сені жарып өлтірейін де, сонан соң өзім өлейін. Қатынжанды неме екенсің ғой, келші, көрейін әуселеңді! Сен, ақымақ, кімді басынасың? Сен өзің білесің бе, менің байымның тырнағына да тұрмайтыныңды! – деп, орысша-қазақшасы аралас, ит терісін басына қаптадым.

Сырт көзге дүрдиіп жүргені болмаса, өзі қорқақ неме екен, жансауғалап, көрші үйге барып тығылды. Сол беті қойған шығар деп ойлағам. Жоқ, олай болмады. Артынша екі қарауылды ертіп келіп, мені біраз төмпештеп алды да, қой қораның аузындағы діңгекке таңып тастады. Мен сол арада таң атқанша тұрдым дірдек қағып. Сол кеште күн мұндай суық болар ма, үстімде тоным бар еді, соның өзінде сақылдаған сары аяз өңменімнен өте шықты.

- Мазепаның бұл хайуандығын, шынында да, аяқсыз қалдыруға болмайды екен. Лагер басшылары тексерер, тексермес, бірақ біз өз наразылығымызды білдіруіміз керек, – деді Ғазиза да ызаға булығып.

Дәмелі де осындай шешуі жоқ, ауыр ойда отырған. Жаңағы Нұржамалдың әңгімесі ескі жараның аузын тырнап, тереңде жатқан қай-қайдағы шерді қозғап еді. Дәл қазір басына келген ойды ортаға салғысы келіп бір оқталды да, соңынан тартынып қалды. Көңілдегі ащы запыранды Ғазиза түсінер-ау, бірақ Нұржамал қабылдамауы мүмкін. Немесе ашу үстінде тағы біреулерге айтып сала ма, кім білсін.

Лагерде де осы Ғазиза секілді бірен-саран әйелдер болмаса, кім көрінгенге сыр ашып, мұң шаға алмайсың. Маңайың толған жансыз, салпаңқұлақ, тыңшы. Өздері қиянаттың құрбаны болып жүріп, байқұстар біреудің үстінен донос, сөз тасуға арланбайды-ау! Кіріптарлық адамға не істетпейді. Асып кетсе, бір бөлке нан, бір кесек ет үшін сені сатып кетеді.

Ал, Дәмелі мен Ғазизаның терезесі тең, мұңдары бір, ойлары ортақ. Екеуі бостандықта жүргенде де сырлас, мұңдас болатын. Кезінде жоғарғы элитамен араласқан, талай қонақасы, банкеттерде бірге болған адамдар. Мереке-мейрамдарда кремльдегі дөкейлермен табақтас болған кездері де ұмытылған жоқ. Сондықтан, бұларға ел ішінде болып өткен саяси жағдайлар да жақсы таныс еді. Өз еліміз, өз жерімізде жүріп, осындай қорғансыз, міскін күйге қалай тап болдық? «Кеден-кеден болды, кедергі неден болды» деген сұрақ төңірегінде де бұл әйелдер көп сырласып, көп толғанатын... Кейбір жағдайларға көңілдері толмайды, ақылдарына еш симайды-ақ. Бұл жағынан, ішінде өз күйеулері де бар, қазақ атқамінерлеріне өкпелері қара қазандай. Сол азаматтар елге пана, жұртқа тұтқа бола алмағаны өз алдына, тымқұрса өз отбасын, бала-шағасын сақтай алмады-ау! Айдың-күннің аманында шеттерінен «халық жауы» болып, бүкіл әулетін өздерімен бірге құрдымға ала кетті. Бір кезде «министр байымыз бар» деп алшаң басқан арулар – бұл күнде көрінген айдауыл солдаттың қорлығына көнген «АЛЖИР» тұтқыны.

Бір рет екен ара әңгіме үстінде көңілі нәзік Ғазизаның бұған қарсы дау айтқаны бар.

- Өзіміздің азаматтарды кінәлай беріп қайтесің. Бұл – тек қазақтың ғана басына түскен іс емес, «СССР» деген тұтас елдің басына төнген зұлмат емес пе. Осындағы он мың тұтқынның ұзаса бір мыңы ғана қазақ. Қалғандары – орыс, украин, еврей, кавказ жұртынан. Олардың күйеулері де «халық жауы» атанып, әйелдері бізбен бірге лагерде отыр. Өздерін қорғауға солардың сауаты жетпеді деп ойлайсың ба?

Бұл сұрақ Дәмелінің де көңілінде жүрген түйткілдердің бірі. Ол бірде осының мәнісін Мәскеуден келген оқымысты орыс әйелдерінен сұрап көрген-ді. Атылып кеткен маршалл Тухачевскийдің қарындасы Елизавета осындағы қазақ әйелдерін өзінше жан тартып жүреді. Бір әредікте Дәмелі сол әйелді оңашалап:

- Біз сияқты бұратана жұрт емес, Кремль өз орыстарын неге қуғындайды? Сіздердің билік басында отырған күйеулеріңіз бен ағаларыңыз қалай «халық жауы» атанып жүр? – деген мәселені қабырғасынан қойып.

- Бұған бас қатыратын не бар, бәрі де белгілі емес пе? – деді Елизавета бұған таңырқай қарап. – Қазір Кремльдегі билік тымқұрса орта білім де алмаған, жалаңтөс дүмшелердің қолына көшті. Олар өздерінен ақылы асқан білімді адамдардың бәріне күдікпен қарайды. Қолымыздағы билікті тартыртып алады деп қорқып олардан құтылғысы келеді.

- Ал, біз ше? Бізден оларға ешқандай қауіп жоқ қой. Біздің елден ешкім билікке таласпайды.

- Сіздердің жөндерің басқа. Көріп жүрмін, қазақтан да «халық жауы» көп шығыпты. Мақсат – өкіметке қарсы сөз айтатын, көзі ашық адамдардың бірін қалдырмай құрту. Сонан соң қазақ даласын емін-еркін билеу...

Бұл – Дәмелінің көптен өз көңілінде жүрген жай болатын. Елизавета соның дәл үстінен түсті. Орыстар Кремльге бір табан жақын ғой. Қазаққа дүдәмал көрінген дүние оларға ап-айқын... Иә, Лиза дұрыс айтады. Отаршылдар өз жоспарынан қайтпайды ғой қашанда. Сонау патша заманынан бері көздеген нысандарына біртіндеп жақындап келеді. Жарылқайды деген большевиктердің сиқы мынау. Алдымен тап күресі, кәмпеске деп, қазақтың қолындағы төрт түлік малды бір сыпырып алды. Малдан кейін адамға ауыз салды. Күнкөріс малдан айрылған көшпенділердің көп ұзамай өздері-ақ аштыққа ұшырап, жарым-жартылай жойылып кететінін отаршылдар іштей есептеп біліп отырды. Нәтижеде, дәл солай болды да. Енді кім қалды күресетін? Құрып бара жатқан халқына араша түсіп, күңкілдеп, наразы болатын – сол баяғы зиялылар. Олардың қолынан көп ештеңе келмес. Әйткенмен, арамшөпті дер кезінде отап тастаған абзал. Бойында қаны, басында миы бар зиялыдан құтылса, соңында кілең мәңгіүрттер мен малайлар ғана қалады. Енді мына дала – сенікі. Кел де, білгеніңді істей бер.

Жарайды, отаршылдардың жоспары солай-ақ болсын. Олардың түп ниеті о бастан кімге де болса белгілі ғой. Ал, біздің атқа мінген азаматтар олардың ығына неге оп-оңай жығыла кетті? Алдамшы, тәтті сөздердің ар жағында не жатқанын сезбегені ме? Өз ұлтын көрінеу тұрған апаттан арашалап қалудың орнына, өз басының мансап-қызметін күйіттеп, қолына тиген майлы «жілікке» мәз болғаны қалай? Кімнің босағасында отырғанын, кімнің қолындағы қуыршақ екенін аңғармай, «қызыл тұлпар» болып арқырап «қызыл сұңқар» болып шарықтағаны несі? Алдында ақыл айтар аға, жол бастар көсем болмаса бір сәрі. Қазақтан шыққан шолақ белсенділер ағаның ақылын тыңдаудың орнына, ұлт қамқоры боп жүрген Алаш қайраткерлерімен жауласты-ау! Айтаққа еріп, Алаш азаматтарын аяқтан шалғанына, шуылдап жүріп, соларды сахнадан тайдырғанына тау қопарғандай мәз болды.

Біреулер ел қолында аша тұяқ қалдырмаған кәмпескені де, 1932-жылғы ашаршылықты да Голощекиннен көреді. Иә, ол «қужақтың» қазақ жеріне апат алып келгені рас. Алайда соны Мәскеуден ат-түйедей қалап, сұрап әкелген – жергілікті қазақ большевиктерінің өздері емес пе?! 1925-жылғы Советтердің соңғы сайлауында мардымды дауыс ала алмай қызметтен шеттеп қалған коммунистер бірден от алып қамысқа түсті. Меңдешеві бар, Сейфуллині бар, Рысқұловы бар, Сталинге алма-кезек арыз жазып, «Ойбай, Қазақстанда октябрь төңкерісінің игілігін басқалар көріп жатыр. Большевиктерді қызметтен ығыстырып, билік басына буржуазияшыл-ұлтшылдар келе бастады» деп жар салғаны қайда? 1925-жылы Сәкен Сейфуллин Кремльде Сталинның қабылдауында болып, өзінің қызметсіз қалғанын, өзі ғана емес, басқа коммунистердің де биліктен ығысқанын айтып шағымданғанын қайда қоясың?.. Ал, Тұрар Рысқұлов сол жылы сәуір айында Сталинге хат жазып, байшыл-ұлтшылдардан көрген жәбірін айтып, Мәскеуден жедел көмек сұрады. Әлі күнге дейін «Алаш» идеясын насихаттап жүр деп, зиялылар топтасқан «Ақжол» газетін жабуды өтінді... Кремльге керегінің өзі де осы еді. Сталин «Май сұрасаң – міне құйрық» деді де, сол жылы қыркүйек айында кезінде Ақпатшаны үй-ішімен атып тастаған қанды қол Голощекинді Қазақстанға әдейі жіберді.

Бірақ, ұжымы берік, азаматтары тату-тәтті, саналы елдің ортасына келсе, жалғыз Голощекин не істей алар еді? Қанша қаскүнем, қанша қатігез болса да, іргелі жұртқа түк те істей алмас еді. Оның алдында құрдай жорғалап, құлдай иілген – тағы өзіміздің жағымпаздар. Сол баяғы басы бірікпейтін ошақтың үш бұты. Қашанда ұлттың сорына, билеушілердің бағына құрылған ошақ қой бұл. Оның үстіне орнатқан тағың сөз жоқ, орнықты болады. Аққу, шортан, шаяндай үш жаққа тартқан жұртыңның қызығына қарайсың да отырасың. Батыс, шығыс, оңтүстік. Бірінің үстінен бірі келіп арыз айтқанда, кімнің сөзін тыңдарыңды дал боласың. Өздері мұндай шенқұмар, мұндай мансапқор болар ма, әрқайсысы жаңа басшының көзіне түсіп, тәуір қызметке отырғысы келеді. Пилипп Исаевич осындай бірін-бірі жамандап, өсек тасушыларды бір ай бойы үзіліссіз қабылдады... Несін айтасың, рахат! Кім байдың баласы, кім Алашорда мүшесі, кімнің дінге қатысы бар, кім ұлтшыл, кім түрікшіл, аз уақыт ішінде қажетті мәліметтер алақанында жатты. Мынаны көргенде табиғатынан ұстамды Голощекиннің өзі қарқылдап күліп жіберген. Міне, саған отар керек болса! Нағыз бос жатқан батпан құйрық! Міне саған – теп-тегін шылқа май! Бір шетінен қиялай кесіп алда, қылғыта бер. Ойпырай, мұндай да берекеден жұрдай алты бақан, ала ауыз ел болады екен! Октябрь төңкерісінің иісі мыналардың танауына, шынында да, бармаған екен. Тап күресі мүлде жүрмеген... Пилипп Исаевич бұларға көрсетеді әлі төңкерістің қандай болатынын! Осындағы шолақ болшевиктердің өзі: Рысқұловшина, Сейфуллиншина, Меңдешевшина болып, өзара қырқысады екен. Байқұстар «шинаның» не екенін енді білетін шығар... Бұл келердің алдында «Алашорда» туралы, кеңес өкіметін кімнің қалай қарсы алғаны жайында мол мәлімет беретін «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітап шыққан екен. Соны дереу орысшаға аудартты да, астын сызып тұрып оқып шықты. Осыдан кейін көп бөгелген жоқ, тап күресін жүргізуге, бай-құлақтарды жоюға бірден кірісіп кетті...

Ой ағымының дәл осы тұсына келгенде, ішкі күйзелісін баса алмаған Дәмелі:

- Ой, Алла-ай! Ертеңгі күнін ойламайтын, сәби бала секілді, не деген аңқау, не деген ойсыз-қамсыз ел едік?! – деп қалай дауыстап жібергенін өзі де аңғармай қалды.

- Не болды, Дәмеш? Тағы да өзіңді-өзің мүжіп, қалың елің қазағыңды шыжғырып келесің бе? – деді артта отырған Ғазиза күле тіл қатып.

- Тұтас елді емес, қазақтың атқамінер азаматтарын «ағаш атқа» мінгізіп келемін.

- Олар не жазды саған? Онсыз да еш жазықсыз «халық жауы» атанып, құрбан болды емес пе байқұстар.

- Сол жігіттерді Кеңес өкіметінің жауы деп емес, ұлт қамын ойламаған рушылдар, жікшілдер, өз басының мансабын ғана күйіттеген шенқұмар жағымпаздар деп соттаса, мен екі қолымды бірдей көтерер едім.

- Е-е, тағы да анау бір мәселені қозғап отыр екенсің ғой! – деді Ғазиза жағдайға қанық екенін аңғартып.

Кейде бір өзі екіге жарылып, өзара дауласу, іштей тартысу Дәмелі басында бұрын да болып тұратын. Бостандықта жүргенде де күйеуі Әмірбек екеуінің арасында талас-тартыс аз болмайтын. Әмірбек – үкіметтің оң қолы, министр, әлі де ештеңеден тауы шағылып, беті қайтпаған большевик. Ал, Дәмелі болса – үнемі халық жағында жүретін еркін ойлы дәрігер. Дәмеліге ұлтшылдық сарын қайдан, қалай жұқты дейтін емес, ағасы (әкесінің інісі) – «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі Әлімхан Ермеков. Көзін ашып көргені – Алаш қайраткерлері, естігені – ұлт, халық, тәуелсіздік... Ал, отаршылдарды қаршадай кезінен иттің етіндей жек көреді.

Рас, Әмірбек те «Алаш» идеяларын жоққа шығармайтын. Ол да өз ұлтын жанындай жақсы көретін-ді. Бірақ ол өз халқын азаттыққа, теңдікке жеткізудің бірден-бір жолы социалистік қоғам орнату деп түсінді. Сол үшін де Кеңес өкіметін жан-тәнімен қолдады. Әмірбектің бір ерекшелігі, ол басқалар сияқты рушылдық, жікшілдік дертіне шалдыға қойған жоқ. Жастау кезінде өзбек, тәжік арасында жүрді де, қазақ ішіндегі тақ таласына да бой салып араласпады. Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген соң біраз жыл Тәжікстанда оқу-ағарту халықкомы болды. Отызыншы жылдардың басында дәл сондай қызметпен Өзбекстанға ауысты. Әмірбек Қазақстанға 1933-жылы, Голощекин кеткен соң, жаңы басшы Мирзоянның шақыруымен келген... Амал не, ол дәуір ұзаққа созылмады ғой. Опасыз дүние деген сол әнеки. Басқаны былай қойып, сол ел қамқоры болған Левон Мирзоян да «халық жауы» болып, атылып кетті... Ал, әйелі Юлия Федоровна көрінеу қиянатқа төзе алмай есінен адасып, ақыры Қызылорданың түрмесінде өлді.

Обалы кәнеки, Әмірбек Алматыға келісімен қазақтың оқу-ағартуы мен мәдениетіне бар жанын салды ғой. Бұрын қолға алынбаған талай жұмысты тыңнан бастады. Қазақтың алғашқы университетін ашу, опера театрын іске қосу, консерватория ашу, жазушылардың бірінші құрылтайын өткізу, Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне дайындалу... Дәмелі өз көзімен көрді ғой, күндіз-түні дамыл болған жоқ. Бірақ еткен еңбектің өтеуі қолма-қол қайтып жатты. Қазақ мәдениеті мен өнері қарыштап дамыды. Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігін қапысыз дайындағаны үшін, Әмірбекке «Еңбек қызыл ту» орденін берді. Бұл – 1936 жыл болатын. Ал, 1937-жылы... Сөйтсе, бәрі алдамшы ойын екен ғой. Жас баланың қолына кәмпит ұстатқандай бірдеңе... Биыл орден тағып марапатта, келесі жылы еш жазықсыз түрмеге қамап, арада тағы үш ай өткенде «халық жауы» деп, сотсыз-сұрақсыз атып таста. Бұл не сонда? Қорлау ма, мазақ па, әлде қазақты мал орнына көріп, басынғандық па? Жау... «халық жауы». Қайдағы жау? Кімді алдайды? Кімді ақымақ санайды?

Әттең, Әмірбекпен тағы бір мәрте кездессе ғой, шіркін! Екеуі саяси тақырыпта көп дауласушы еді, енді соның қорытындысын шығарса! Әмірбек онда болашаққа сенімді, оптимист. Кеңес өкіметіне шаң жуытпайды. Дәмелі болса, қашанғы әдетінше, ұлт мүддесін жақтаушы, Мәскеудің өзімшіл өктемдігіне тіс-тырнағымен қарсы. Әмірбек кейде жеңіліп бара жатса, «Әй, «Алаштың» қиқар қызы, қоясың ба, жоқ па? Не істейсің, күш біздің қолымызда» деуші еді қарқ-қарқ күліп... Әмірбек өзін ұстап әкетіп бара жатқанда да, алда әділетсіз жаза күтіп тұрғанына сенген жоқ. «Бұл заң орындарынан кеткен жаңсақтық. Ертең-ақ қайтып келемін» деп кеткен-ді. Бірақ содан қайтып оралмады ғой... Егер Дәмелі дәл қазір күйеуімен жолыға қалса, «Ал, министр жолдас, қалай екен? Кімнің болжамы дәл шықты? Өзің жақтаған Өкімет сенің адалдығыңа неге сенбеді? Алдауға қалай түсіп қалдыңдар?» деп сұрар еді-ау шіркін!

Бұлар торы аттың мимырт аяңымен лагер орталығына күн еңкейе зорға жетті. Тікенекті сыммен қоршалған зонаның қақпасында қарулы күзет бар. Соған құжаттарын көрсетіп, ішке өтті. Зонаның іші қаптаған барақ. Аурухана, асхана, тігін фабрикасы, бала-бақша, монша да осының ішінде. Қоршаудың төрт бұрышындағы мұнара басында да қарулы күзет тұр. Дәмелі алдымен Нұржамалды ауруханаға орналастырды да, сонан соң атын доғарып, өз барағына бет алды. Ал, Ғазиза бала-бақшаға қарай жүгірген. Бақшада оның Рита дейтін төрт жасар қызы бар.

- ІІ -

Қар қаншалық қалың жауып, қыс қаншалық қатты болғанымен, биыл Арқа өңірінде көктем ерте шықты. Наурыздың соңын ала қалың қар тозығы жеткен көрпедей әр жерден шұрқ-шұрқ тесіліп, кірлеңкіреп біраз жатты да, сәуір туа елеусіз ғана еріп кетті. Жазық далада қар суы әлдеқайда сарқырап аққан да жоқ, шашау шықпай, қара жерге сіңіп жоғалды. «Биыл жер-ананың омырауы иіп тұр, иншалла, өнім жаман болмас» десті білетіндер.

Күн жылынып, көктемнің бұлай ерте шығуы бәрінен бұрын қыс бойы бүрсеңдеп, тоңып шыққан тұтқын әйелдерге көрім болды. Аяқтағы шарықтарын, үстеріндегі шоқпыттарын тастап, әжептәуір жеңілейіп қалды. Әттең, көктем шыға қынай бел, гүлді көйлек киіп, біз өкше туфлимен балтырларын жарқыратып жүруге жағдай жоқ. Әйткенмен, дала төсінде жарыса бүрлеген изен мен жусан, қараған мен тобылғы тәрізді әйел затында да бір жаңғыру, түлеу, алабұртқан көңілдің көбеңсуі білініп тұрар еді.

Алайда, күн қабағы жадырағанымен, өкіметтің өңі жылыған жоқ. Сол баяғы қатулы қабақ, қамау-қапас. Қамаудан шықсаң, алдаңда ауыр еңбек күтіп тұр. Міне, автомат асынған оншақты солдат авчарка иттерін арсылдатып, бірнеше жүз әйелді лагер қақпасынан шығарып барады. Бұлар – көктемгі егіс жұмысына бара жатқандар. Беталыстары – алыстағы егіншілер қосы емес, таяу маңдағы көкөніс алқабы. Іргедегі үйреншікті өңірге у-шусыз, былай-ақ бара салуға болар еді. Атамаңыз, олай етуге әсте болмайды. Қару кезеп, ит үргізіп, әр жолы шулы науқан көтеріп, өкіметтің қаһарын, тұтқындардын кіріптар халін былайғы жұртқа көрсету керек. Иықтарына кетпен-күрек, тесе көтерген бес жүздей әйел төрттен тізіліп, қақпадан ұзай берді.

Лагерде он мыңға жуық тұтқын бар. Тегін жұмыс күші шаруаның әр саласына қаншадан адам шығарам десе де еркін жетіп тұр. Бірер мыңы тігіншілер цехында, мыңға жуығы – құрылыста, бес жүздейі алыстағы егіс даласында, бірнеше жүзі – фермадағы мал соңында. Бұлардан басқа құс фермасында, шошқа фермасында, асхана маңында жүргендер қаншама! Мал бағатындар – негізінен қазақтар. Көшпенділер ұрпағы осы кәсіпті жақсы біледі деп, оларды осында әдейі бөлген-ді.

Тұтқын әйелдерді улатып-шулатып, жау тигендей бөріктіріп жүрген – сол баяғы қарауыл бастығы Мазепа. Әлгі өткен қыста ырқыма көнбедің деп, Нұржамалды қой қорада діңгекке таңып қоятын Мазепа ше? Міне, сол жендет астындағы кертөбелмен тұтқындар тізбегінің алдын-артын орап, олай да бұлай шапқылап жүр, дүниенің бар ауыртпалығы соған түсіп тұрғандай, қатты қарбалас үстінде. Қолда – қамшы, ауызда – боқтық. Айдауыл солдатқа, не тұтқын әйелдерге арнағаны белгісіз, әке-шешеден тартып сіміртіп жүр. Әлдеқалай артта қалып қойған, не саптан шыққан әйел болса, ұзын бишікпен жондата шықпыртып өтеді. Тұтқынның шаң қауып, құлап түскенін, не қайқаңдап безе жөнелгенін көру – оған біртүрлі рахат. Жалпы, «халық жауларын» қорлау, қинау, таяққа жығу – Мазепаның ең сүйікті кәсібінің бірі. Оны және біреулерге жағынайын, не болмаса көзге түсе қояйын деп істемейді, жаратылысы солай. Бай-құлақ десе, оқымысты зиялы десе, Отанын сатқан «халық жауы» десе, қаны қатып қалады. «Бұларға жер басып тірі жүрудің өзі артық. Шетінен атып-асып, құрту керек!» деп кіжініп жүргені. Кейде тұтқын әйелдерге:

- Сендерді мұнда өзге жұрттан бөлектеп, неге қамап отыр деп ойлайсыңдар? Қоғамды кір-қоқыстан тазарту үшін. Қазір қандай рахат: қоғам да таза, ауа да таза. Совет халқы емін-еркін тыныстауда... Сендерді тірі қалдырған себебіміз, бізге жұмыс күші керек. Бір тиын шығын шықпайтын тегін жұмыс күші. Осыны ойлап тапқан Сталин жолдас қандай кемеңгер?! – деп лекция оқитыны бар.

Оқымаған, надан адамдарда болатын көбік ауыз бөспеліктен Мазепа да құралақан емес-ті. Кейде ішіп алған кездерінде: «Бір өзіне он мың әйел қарайтын дүниеде менен басқа кім бар екен? Мұндай байлық түрік сұлтанында да, араб әмірінде де болмаған шығар-ау?» деп мақтанатыны бар... Айтса айтқандай, осы Мазепаның әйелден салымы жоқ деуге тағы болмайды. Кейде қорқытып, кейде үркітіп, кейде таяққа жығып, тіпті болмаса ішер астан қағып жүріп-ақ, ең асау деген әйелдердің өзін қолға түсіреді. Адамға кіріптарлық не істетпейді. Аштықта бір бөлке нан, бір кесек ет, бір шөлмек арақ үшін де Мазепаның дегеніне көніп қалады. Оның үстіне, әлі отызға да іліне қоймаған жас әйелдің тән зәрулігі тағы бар. Моралдық ұстамдылық дейсіз бе? Ол да қатып қалған нәрсе емес екен. Күйеуінің әлдеқашан атылып кеткенін естіген жас әйелдің кейде тағдырға ерегесіп, осылайша әлдекімнен өш алатыны бар.

Алайда, Мазепада нысап жоқ. «Кейқуат қылды кесірді, екі аяқты көсілді» дегендей, осындай молшылыққа кекірелеген қарауыл бастығы, кейінгі кезде әртүрлі өнер шығара бастады. Ол келе-келе кілең атақты әйелдерді торуылдайтын болған. Әншілер, бишілер... Немесе «халық жауы» болып атылып кеткен бұрынғы министрлер мен секретарлардың, генералдардың әйелдері... Солардан есе қайтарып, кек алғысы келеді де тұрады. Өмірде қолың жетпейтін, үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін арулардан тоят алу – ол да бір ғанибет. Бұл да – Мазепаларға уақыттың тартқан сыйы.

Міне, ол қазір де шұбырынды топтың алды-артын шолып келеді. Күн жылына жеңіл киінген бәденді жас әйелдер көңіл құртын қоздыра түскендей. Мазепа қарауындағы супер сұлуларды түгелге жуық түстеп танитын-ды. Әне, Маршалл Тухачевскийдің қарындастары Елизавета мен Галина кетіп барады. Қанша дегенмен, дворян отбасынан шыққан жандар ғой, жүріс-тұрысы, өздерін ұстауы мүлде бөлек. Олардың соңын ала әйгілі биші Рахиль Плисецкая бара жатыр. Қандай фигура, неткен мүсін!.. Ондай перизаттың құшағында жатып, армансыз өліп кетуге болады. Оның қатарында – атақты әнші Лидия Русланова кетіп барады. Сұлу-ақ қатын ғой антұрған! Амал не, қол жетпейді. Әлде жоғарғы жақта бір ілігі бар ма, тым тәкаппар, тым асау... Ал, мыналар – өзі білетін Наталья, анау – Татьяна...

Жергілікті қазақ әйелдері де жаман емес. Қызулы, құшырлы екенінде дау жоқ. Бірақ өздері тым тағы, жабайы мысық секілді. Мал бағып жүрген қойшы қатындардың өзі атырынып тұрады. Өткенде фермада қонақ болып, біраз көңіл көтерілген соң, шөп қорада жүрген қойшы қатынға қол жүгірткені сол еді, қолындағы темір ашамен жарып тастай жаздағаны әлгі қаншықтың. Артынан өзі де сазайын тартты-ау! Құрысын, содан бері дала тағыларына көп жоламайтын болды.

Мазепа бұдан ары әйелдер маңында көп бөгелген жоқ. Қоралы қойды көргенде сілекейі шұбырған көкжал бөрідей кезекте тұрған өз жеміне сұқтана бір қарады да, екі қырдың астындағы дәнді егіс алқабына қарай желе жортып, жүріп кетті. Лагерге таяу бір ойпатта көрші колхоздың бір қора қойы жатыр екен, қойшыларына қамшы үйіріп, бұл маңға жақындамауды ескертті. Әсілі, қазақтарға сенім жоқ. Не үшін екен, осы қазақтардың тұтқындарға бүйрегі бұрып тұрады. Былтыр қыста қызық болды. Мазепа екі жүздей әйелді бастап барып, лагер маңындағы бір көлден қамыс орғызып жатқан. Қамыс – әрі отын, әрі құрылыс материалы. Көлдің қарсы бетінде қой қайырып, екі-үш әйел мен балалар жүрген-ді. Көрші ауылдың адамдары... Бір мезгілде әлгі балалар мұз үстімен таяп келіп, тұтқын әйелдерге тас лақтыра бастады. Өз тілдерінде тұтқындарды янаттап боқтайтын сияқты ма-ау... Лақтырғандары – жұдырықтай-жұдырықтай ақшыл тастар... Мазепа: «Мына қазақтың қаршадай балалары да «халық жауларын» жек көреді екен-ау!» деп масайрап қалған. Бәрі соңынан мәлім болды ғой. Іштеріндегі бір жансыз келін мәлімдеді. Манағы балалардың лақтырғаны – тас емес, құрт екен. Кәдімгі қой сүтінен жасалған ежігей құрт. Амал не, әлгі жаутымақ қазақтар сол жолы қулықтарын асырып кетті. Әйелдер майлы құртпен жүрек жалғап, қаужаңдап қалды.

Қарауыл бастығы бүгін көңілді еді. Кеше «АЛЖИР-ге», бұлардың үстінен қарайтын «КАРЛАГ-тың» басшылары келген. Қастарында Мәскеуден келген лауазымды өкіл бар. Басшылар әйелдер лагерінің жұмысына жоғары баға берді. Бұл жақтан лагер бастығы Баринов пен саяси бөлім бастығы Мишин сөйлеп, есеп берді. Майор Мишин қарауыл қызметін сөз еткенде, Мазепаны озаттар қатарында атады. Түбінде, дуалы сөз – Мишиндікі ғой. Ал, полковник Баринов болса басынан бақ тайып, төмендеп жүрген адам.

Айтпақшы, Мәскеуден келген өкілдің сөзі қандай керемет! Ешкімнің беті-жүзіне қарамай, қорықпай сөйлейді-ау сабазың. «Он мыңдаған халық жауларын Қазақстанға жер аудару арқылы біздің партия бір оқпен бірнеше қоянды қатар жығып отыр. Біз бай-құлақтар мен зиянды зиялыларды ел ішінен аластап қана қойған жоқпыз, тағы бір жағынан иен қалған қазақ даласын игеріп, тың көтеріп жатырмыз. Біз бұл даланы өз тұрғындарынан сол үшін тазартқанбыз. Өмір сүруге икемсіз, болашағы жоқ жандар 1932-жылы тірлікпен қош айтысқан. Соның бәрі не үшін деп ойлайсыздар? Орыс әулеті үшін, большевиктердің жасампаз ұрпағы үшін».

Қандай жалынды сөздер! Тыңдап отырғанда қуаныштан көзіңе жас келеді. Тәйірі, мұндағылар не біледі, Кремльде отырғандар бәрін алдын ала ойлап, шешіп қойған екен ғой. Мұндай өкімет үшін өліп кетсең болмас па! Иә, айтса айтқандай, біз Тың көтеріп жатырмыз. Алғашқы тың көтеруші қарлығаштармыз... Бәсе, бұл даланың байырғы халқы қайда кеткен деп таңданып жүрсе, оларды бір тал оқ шығармай-ақ жойып жіберген екен ғой. Қазір сай-сайда, ескі қыстау маңында шашылып жатқан адам сүйектері. 1932-жыл болса, тіпті берітінде, қазақтарды осыдан он-ақ жыл бұрын аштық жалмаған екен-ау?

«Міне, соның жемісін біз көріп отырмыз! – деп толғанды Мазепа. Кеше «Карлаг» басшылары айтып отыр. Қазір «Карлаг» пен «АЛЖИР-дың» иелігінде бір жарым миллион гектардай тың игеріліпті. Осы маңдағы қазақ байларынан тәркіленген малдың есебінен «Гигант» совхозы құрылған. Қазір онда 40 мың қой, 25 мың ірі қара бағылып жатыр. Өткен жылы ғана 50 мың тонна картоп, отыз мың тонна астық жиналпты. Сөйтіп, «Карлаг» пен «АЛЖИР» өздерін ғана қамдап қоймай, ішкі Ресейдің бірнеше қаласын қоса асырап отырған көреді. Осыны естігенде көкірегіңді мақтаныш кернемегенде қайтеді?!»

Мазепа өз тағдырына дән риза еді. Әкесіз, некесіз туған тұлдыр жетім осындай дәрежеге жетем деп ойлады дейсің бе. Бәрі де Совет өкіметінің арқасы, әрине. Не керек, большевиктер осы сияқты талай жетімді ұшпаққа шығарды ғой. Мазепа портты қала Одессада туып өсті. Шешесі жағалаудағы асхана-қабақтардың бірінде ыдыс-аяқ жуушы, әрі еден сыпырушы болып күн көретін. Ал, Мазепаның әкесінің кім екенін ешкім білмейді. Оның сапырылысып жатқан қай теңізшіден пайда болғанын басқалар түгіл шешесінің өзі де айтып бере алмас еді. Әйтеуір кезекті бір көңіл көтерудің жемісі. Бір тәуірі, Мазепа бала кезінде тамақтан тарыққан жоқ. Шешесі екеуі асхананың жуынды-шайынды, қалдық тамақтарын талғажау етіп, жан сақтады.

Нағыз тозақ шешесі өлген соң басталды ғой. Байқұстың не кінәсы болды екен, шешесін біреулер жағалауда өлтіріпті де, сырадан босаған бөшкелердің біріне тығып кетіпті. Сірә, бір-бірінен қызғанған мас мотростардың ісі болса керек. Жеті жасар қорғансыз Мазепа баспанасыз көшеде қалған. Біразға дейін баяғы үйреншікті асханада қолбала болып, тамағын асырап жүрді. Сөйтіп жүргенде, Ақ пен Қызыл соғысып, Одессада Совет өкіметі орнай қалмады ма. Көшедегі панасыз балаларды жинап, жетімдер үйіне өткізіп жатқан кез. Бір күні «іздегенге – сұраған», Мазепа да «детдомист» болып шыға келді. Жасасын, Совет өкіметі! Жасасын жетімдер үйі!

Әсілі, Совет өкіметіне шын берілген, нағыз патриоттар некесіз, әкесіз жетімдер үйінен шығады. Амал не, Мазепа оқуға қырсыз болды. Егер сол беті сатылап оқи бергенде, ендігі дөкейлердің бірі болып отырар ма еді, кім біледі. Бастауыш кластан кейін оқуды мүлде доғарған. Теңізші матрос болды, одан НКВД қызметіне ауысты. Біреулер мұны «тым қатыгезсің, ***дегенді білмейсің» деп кіналайды. Сол да сөз бе екен? Өмірі ешкімнен мейір-шапағат көрмесе, ондай қасиет бұған қайдан жұғады? Мазепа бала кезінде адамдардан не алса, соны қазір өздеріне екі есе қып қайтарып жүр!

Ол қырдағы егіс алқабына барып, от алмай жатқан ескі трактордың маңында біраз бөгелді. «Бұл – істеп отырғандарың – сабатаж. Көктемгі жердің дымы кеуіп кетсін деп, сендер әдейі тоқтайсыңдар» деп, тракторшы тұтқынның шаңын қақты. Содан, айғай-сүреңмен тракторды іске қосқандай болып, біраздан соң аттың басын кері бұрды. Сол беті көкөніс алқабына келген. Әйелдер күрекпен ойып, тесемен шауып, енді біреулері тырмамен тарақтап, атыздарды ұрық себуге дайындап жатыр. Тұтқын әйелдер арасында көкөніс егудің мамандары, агрономдар да бар. Бірақ оларға сенуге болмайды, қастық жасауы мүмкін. Қадағалап, жол сілтеп, құзап отыру керек. Өнебойы күрек басып, кетпен шабуға белдері шыдамаған аш-аламан, әлсіз әйелдердің бір тобы арық жағасында тізе бүгіп, дамылдап отыр екен, соларға барып соқтықты:

- Бұл не отырыс? Әдейі сабатаж жасап отырсыңдар ма? Мына алқаптың топырағы құрғап, ертең ештеңе өнбесін дейсіңдер ғой? Білеміз, «халық жауларының» арам ойын...

Сонан соң, ит жетектеп, атыз жағалап жүрген қарауылдарды қуырды.

- Сендер не бітіріп жүрсіңдер? Қатындардың бөксесіне қараймыз деп, бастарың айналып қалғаннан сау ма? Қырағылық, сақтық деген қайда?

Күн ыси бастағанға әйелдер сырт киімдерін шешіп, кейбіреуі жеңіл көйлекпен, енді біреулер күнге күю үшін жартылай жалаңаш жүр екен. Мазепа көзін тайдыра алмай сұқтанып қалды. Сол жақтан танауды қытықтаған бір жағымды иіс келетін сияқты: «Бұлар көктем шығысымен күйлей бастайды, – деді ол ішінен. – Жазбен бірге құлпырып шыға келгенін көрдің бе. Өздері шеттерінен сұлу-ақ! Халық жаулары да біледі ғой, кілең мүсінді, бәденді әйелдерді қалай таңдап алған десейші! Жауларды құр қамағаннан, атып-асқаннан кек қайтпайды. Ең алдымен олардың жесірлерін қаратып алу керек. Әйелдің тән құмары қанса, сүйген жарларын әлі-ақ ұмытып кетеді!».

Өзінің бүгін кімнен тоят аларын ойлап, тәтті қиялына мас болған Мазепа атының басын лагерге қарай бұрды.

- ІІІ -

Дүние бұлай аяқ астынан астан-кестен аударылып, апатқа ұшырайды деп кім ойлаған? Өмір өз ырғағымен баяу жылжып өтіп жатқан-ды. Бай-құлақтар тап ретінде жойылып, кедей шаруа жерге ие болды. Өнеркәсіп, завод-фабрика дегеніңіз ортақ мүлікке айналып, өзінің даму жолына түсті. Одақтас он бес республикадан тұратын «СССР» деген алып ел жер шарының алтыдан бір бөлігін өзіне қаратып, бауырына басып жатты. Тәңірім-ау, біздің мемлекетке осыдан артық не керек еді?! Солай бола тұра, осы елді жеке-дара билеген жалғыз партия өз ішінен неге іріді? Октябрь төңкерісінің жиырма жылдығын тойлаймыз деп отырғанда, мына «халық жаулары» деген пәле қайдан қаулап шыға келді?

Міне, осы сұрақтар ғой – генерал Бариновтың түбіне жеткен. Әйтпесе, Сергей Васильевич Кеңес өкіметін жан-тәнімен сүйетін, Сталин десе жанын қиюға әзір, жалаңтөс белсендінің бірі болатын. Соған орай қызмет дәрежесі де сатылап, тез өсті. Азамат соғысына бастан-аяқ қатысқан Баринов кейін қызыл армиядан – Ішкі істер жағына ауысты. Өзі ауысқан жоқ-ау, партия солай ұйғарды. Бәрі де сәтті жүріп жатқан сияқты еді. Ақыр соңында, Калинин облыстық НКВД-ның бастығы болып жоғарылаған. Тасы өрге домалап тұрған кезде генерал Баринов бұлайша қазақ даласындағы «АЛЖИР» лагерінен бір-ақ шығам деп ойлап па? Тұтқын емес, әрине, осы лагердің жә деген бастығы. Бірақ соның қанша айырмасы бар дейсіз, күндіз-түні түрме маңында болған соң, сен де тұтқын емессің бе?!

Алдымен, отызыншы жылдардың басында Троцкий, Каменов, Зиновьев, Бухариндердің үстінен сот болып, оларды өлім жазасына кесті. Бәрі де жау, өкіметке қарсы, партияға дұшпан... «Япыр-ау, бұл қалай болғаны? Октябрь төңкерісін Ленинмен бірлікте осылар жасаған жоқ па еді?» деп таң-тамаша болды Баринов. Алайда, ат төбеліндей шағын адамдарға бола бәлендей бас қатыра қоймады. «Бәлкім партия ішінде жолдары қиыспаған болар. Сталин жолдас қателікке жол бермес» деп қоя салған. Арада үш-төрт жыл өтпей қызыл армияның басына да бұлт үйріле бастады. Жоғары шенді офицерлер арасынан «Троцкишілдерді» іздеуге кірісті. Айтты-айтпады, қызыл армияны алғаш жасақтаған кісі – Троцкий ғой. Ол төңкерістен кейін ұзақ жыл әскери істер халықкомы болды. Жоғары шенді командирлер арасында Троцкийдің қамқорлығын көргендер, оған бүйрегі бұратындар аз болмауға тиіс.

Алайда, мәселе Троцкидің өз басымен бітсе жақсы ғой. Мына істеп отырғаны тіпті сорақы. Айналдырған бес маршалдың үшеуі бір мезгілде ұсталып, қолма-қол атылып кетті. Тухачевский, Блюхер, Егоров... Кешегі Азамат соғысын қолдан өткерген, қызыл армияны өз қолдарымен жасақтаған, шетінен шаңырақ мүйіз қолбасылар. Баринов осылардың ішінде, әсіресе, Тухачевскийді жақсы біледі. Түстіктегі Деникин армиясына қарсы шайқаста оның қоластында бірге соғысты. Кейін ол алғашқы әскери академияға бастық болғанда, бұл сонда түсіп оқыды. Соңғы жылдары Тухечевский Бас штаб бастығы, сонан соң қорғаныс Халықкомының бірінші орынбасары болды. Ол Александров училищесін небәрі 21 жасында бітірген, әскери саладағы аса білгір теоретиктердің бірі болатын. Өз басы дворян әулетінен шықса да, Кеңес билігін шын жүректен жақтаған адам еді. Сол Тухачевский «Халық жауы» болса, сонда армияда іске татыр кім қалады? Қайран Михаил Николаевич! Әлі жап-жас еді-ау! Егер тірі болса биыл небәрі елуге келетін еді.

Ал Маршал Блюхер де азамат соғысын басынан түгел өткерген адам. Өзі тақыр кедейден шыққан. Колчактың, Дутовтың армиясын талқандаған, Шығыс Сібірді азат еткен кісі. Кейін ұзақ жыл Қиыр Шығыс әскерінің бас қолбасшысы болып тұрды. Кезінде Жапон армиясын шығыс өлкеден айдап шыққан атақты қолбасы енді келіп Жапонияға агент болыпты-мыс дегенге кім сенеді? Ол да жас кетті. Небәрі қырық жеті жасында жазықсыз атылды.

Мәселе Маршалдармен бітсе жақсы ғой, көп ұзамай генералдарға ауыз сала бастады. Одан кейін кезек полковниктерге жетті. Сенесіз бе, Генералдардың 80 пайызы оққа байланса, полковниктердің 60 пайызы жау болып, түрмеге жабылды. Және осының бәрі қай кезде істелді дейсіз ғой? Германияда Гитлер билік басына келіп, фашизм шығысқа көз алартып тұрған кезде істелді-ау!

Генерал Бариновтың өзін ұстай алмай қалған кезі, міне, осы тұс. Біраз уақыт жанын қоярға жер таппай азапқа түсіп жүрді де, бір күні отыра қалып, Сталинге хат жазды. «Бұл қалай болғаны, Сталин жолдас? Егер қызыл командирлердің 70-80 пайызы шетел шпионы болса, бүгінге дейін отанымызды кім қорғап келген? Күні ертең фашизм шабуыл жасаса, бізде әскер бастайтын сенімді адам қалды ма?» деген мазмұнда... Кешікпей «халық жауы» ретінде ұсталатынына, тіпті ел қатарлы атылып кететініне еш күмәні жоқ еді. Бұл – оның өзінше әділетсіздікке қарсы шығып, өзін құрбандыққа шалған түрі еді. Бір қабат түрме киімдерін шамаданға салып, үсті жабық қара машинаның келуін асыға күткен. Егер жоғарыға наразылық хат жазған елден ерек жалғыз Баринов болса, өзі күткендей бұл да қарауылға ілініп-ақ тұр еді. Мұның бағына, дәл осы күндері Кремльге наразы хаттар жауып кетіп, бұларға не шара қолданарын білмей, басшылардың естері шығып жатқан-ды. «Апырау, бұлар неғып кешігіп жатыр» деп Бариновтың өзі алаңдай бастаған. Белгісіздік азабын тартқызып, арада бір ай зорға өтті... Бір күні жоғарғы бас штаптан бұйрық келіп тұр: «Генерал С.В. Бариновтың шені бір дәреже төмендетіліп, Қазақстандағы лагерлердің біріне басшы етіп жіберілсін» депті. Соған қарағанда, сірә, қолынан іс келетін адамдардың көбі сотталып кетіп, мұндай жұмыстарға кадр жетіспей жатса керек.

Сонымен, бұрынғы генерал, бүгінгі полковник Бариновтың «АЛЖИР» лагеріне басшы болып келгеніне де үш жылдың жүзі ауып барады. Мына заманда бұған да шүкіршілік етпеске амал жоқ. Сол мыңдаған жазықсыз құрбандар қатарында мұның да маңдайына ып-ыстық қорғасын қадалса қайтер еді. Немесе, итжеккенге айдалып Қолыманың меңіреу түкпірінде үсіп-жаурап күн өткізсе не болар еді? Олардың қасында байтақ даладағы бір лагердің тізгінін ұстау – жарым патшалық емес пе?! Өзің – би, өзің – қожа. Қоластыңда жүздеген қызметші, бір батальонға жуық әскер бар. Лагердегі негізгі жұмысты солар атқарады. Ең кереметі, мұнда тұтқынның өліміне ешкім жауап бермейді. Тек, бұзақылар бүлік шығармаса, не бір жаққа қашып кетпесе болғаны.

Лагерлер тарихы Бариновқа бұрыннан таныс. Әр өлкеден шыққан бай-құлақтарды қапаста ұстау үшін 1931-жылы «Карлаг» (Қарағанды лагері) құрылған. Ал, орталық НКВД бас штабының 1937-жылы 15-тамыздағы №00486 қаулысы негізінде «АЛЖИР» іске қосылды. Кезінде ол бұйрық КПСС Орталық Комитетінің Саяси бюросында бекітілді. Демек, бұл – мемлекет бойынша қанша адамның «халық жауы» болатыны, олардың әйелдері мен отбасы мүшелерінің тізімі алдын ала жасалып, жоспарланып қойылды деген сөз. Сол қаулыдан кейін алғашқы жарым жылда-ақ «халық жаулары» шетінен ұсталып, небәрі ек-үш айдың ішінде үкімдері шығып, атылып кетті де, олардың әйелдері мен отбасы мүшелері лагерлерге айдалды. Балалардың он бес жастан асқандары жау ретінде түрмеге қамалды да, одан кішілері жетімдер үйіне өткізілді.

Алайда, Сергей Баринов сол «халық жауларының» да, олардың әйелдерінің де еш кінәсы жоқ екенін жақсы білуші еді. Әсіресе, әйелдері... Тәңірім-ау әйелдердің не жазығы бар? Тіпті күйеулері кінәлі болғанның өзінде әйелін қоса соттауға бола ма екен? Отбасы телім-телім болып, балалары басы ауған жаққа тентіреп кетті ғой... Мұндай мейрімсіздік КСРО-дан өзге бірде-бір елде болмаған шығар-ау. Сонда бұл не? Өз еліңді өзің қасақана тоздыру ма әлде геноцид пе? Геноцид болса, Кремльде отырғандар оны кімдерге қарсы қолданбақ? Кімдерді түп-тұқиянымен құртып жібермек?!

Бір нәрсенің басы ашық: не үшін екен, әйтеуір, билік басында тұрғандар талантты, дарынды, білімді адамдарға өлердей өш. Жалпы, зиялы жұртты сухандары сүймейді-ақ. Өздерінен ақылы асып тұрған, өкіметтің әр қадамын аңдып, арам ойын, қулық-сұмдығын сезіп қоятын көзі ашық адамдардан құтылғысы келеді. Солардан құтылса, әрі қарай рахат: аш-аламан, надан жұртты қалағанынша билеп-төстемек. Өздері көсем, өздері шешен... Троцкий де, Бухарин де, Тухачевский де сол үшін жақпай қалды бұларға. Басқа да «халық жауларының» қаптап кетуі содан. Ал, әйелдері ше? Бұл – сол шаңырақтың отын біржола өшірудің амалы. Балаларын жетімдер үйіне өткізіп, өз тегінен ажыраған жаңа сортты адамдар тәрбиелемек. «Арам шөпті түп-тамырымен отау» дейді мұның атын.

Бір лагерде жазасын өтеп жүрген он мың әйел! Және қандай әйелдер десейші! Талғамы биік, білігі жоғары элитаның әйелдері ғой шетінен. Бәрі де оқыған, тәрбиелі, нәзік сезімді сұлулар. Рас, ауыр еңбекте жүріп жүдеген, жасыған, қорланған. Алайда, сол қырық құрау шоқпыттың ішінде-ақ, кезінде қандай адам болғаны көрініп тұр. Министрлердің, обком хатшыларының, генералдардың, ғалымдар мен жазушылардың кезінде таңдап қосылған нақсүйер жарлары. «Халық жауларының» әйелдері ғана емес, лагерде олардың апа-қарындастары да бар. Маршалл Тухечевскийдің Елизавета және Галина атты екі қарындасы жүр осында... Бұл отбасында қазір аман қалған ешкім жоқ. Маршалдың Николай және Александр деген екі інісі бар еді, ағасы атылған соң, олар да қолма-қол Сібірге айдалды. Ал, әйелі Нина Евгеньевна басында Астарханға жер аударылып еді, 1941-жылы оны да Мәскеуге әкеліп атып тастады. Маршалдың анасы Лавра Петровна осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе түрмесінде өлді. Светлана атты он жасар қызы ғана қалған. Ол қыз қазір Свердловскідегі детдомдардың бірінде жүрсе керек. Бұларды жақсы білетіні, кезінде Баринов бұл отбасымен етене араласқан, маршалдың анасы Лавра Петровнаның қолынан талай дәм татқан.

Ал, лагердегі әйелдер арасында кімдер жоқ дейсің: білікті ғалымдар, жоғары білімді дәрігерлер, экономистер, агрономдар, мал мамандары, әншілер, музыканттар... Соларды мына қу медиен далаға әкеліп, лагерге қамағаннан не ұтты өкімет? Оларды «жау» деп қуғындамай-ақ, мамандығы бойынша мемлекет қызметіне жексе, әлдеқайда көп пайда келтірер еді ғой... Талантты маршалдары мен генералдарын үш жылдың алдында өз қолымен құртқан Сталин 1941-жылы немістер тұтқиылдан шабуыл жасағанда, есінен танып, бір апта үйінен шыға алмай қалғаны Бариновқа жақсы мәлім. Сталин басын көтере алмай жатқанда, соғыстың басталғанын халыққа амалсыздан Молотов жариялады. Соғыста әскер бастайтын адам таппай, кім көрінгенді командир етіп қойды-ау! Лейтенанттар батальон басқарса, полктың тізгінін майорлар ұстады. Сасқандарынан Сібірде қамауда жатқан Рокосовский бастатқан полковниктерді жалынып-жалпайып шығарып әкелді-ау!

Абырой болғанда, Мәскеу түбіне дейін төніп келген жаудың беті қайтты, әйтеуір. Немістерге бөгет болған – бір жағынан орыстың қақаған қысы болса (немістер Мәскеуді үш айда басып аламыз деп, жаздық киіммен шыққан ғой), екінші жағынан миллиондардың төгілген қаны. Сталин Совет адамдарын аяған жоқ, жаудың келер жолына кесе-көлденең төсеп тастады. Соғыс басталған алғашқы жарым жылда-ақ төрт миллионға жуық қызыл әскер неміске тұтқынға түсті. Масқара болғанда, біз сол тұтқынға түскен өз адамдарымызға көмек қолын созбадық қой. Сталин «Совет солдаты жауға тірі берілмейді. Қолға түскендер – тұтқындар емес, сатқындар» деп жариялады. Басқа мемлекеттер «қызыл крест» арқылы өз тұтқындарын киім-кешек, азық-түлікпен қамдап, босатып алу қамында жүргенде, Совет өкіметі өз азаматтарынан безіп шықты. Бұл да – бұрынды-соңды ешбір елдің тарихында болмаған сұмдық еді.

Сергей Баринов қазір өзін екі отттың арасында қалғандай сезінеді. Бір жағында – жан баласына аяушылық жасамайтын қанды қол өкімет, екінші жағында – титтей кінасы жоқ, жазықсыздан-жазықсыз қорлықта жүрген нәзік жанды әйелдер... Қайтпек керек? Жоғарының бұйрығын орындауға міндетті. Сонымен бірге, осында жазықсыз жапа шегіп жүрген әйелдерді қорғау да – азаматтық парызы. Былайша айтқанда, «өгізді де өлтірме, арбаны да сындырма».

Алғашқы айларда лагердегі тұрмыс аса ауыр болды. Бұрын «Карлагтың» 26-бөлімшесі аталып келген, кілең бай-құлақтар мен ұры-қары қамалған ескі барақтардың әбден тозығы жетіп, қаусап тұрған кезі екен. Оны былай қойғанда, этаппен үсті-үстіне келіп жатқан әйелдер тіпті көп, орын жетіспейді. Әр бараққа қос-қабат нар орнатқанның өзінде, тұтқындар тұздаған балықтай сығылысып, зорға сиятын еді. Сол 1938-жылдың қысы мұндай қатты болар ма, әйелдер аязда бүрсеңдеп жүріп, көл жағасынан қамыс орып, бірнеше барақты жөпелдемеде өздері тұрғызды. Екі жүз кісілік баракта екі ғана темір пеш бар. Қамыс пен қарағанды қанша өртесең де, жылу беріп жарытпайды. Байқұс әйелдер ішіне сабан сыланған жұлма матрастың үстінде бірін-бірі жылытып, құшақтасып жатқаны.

Көп әйелдер емшектегі баласымен келген. Жүкті күйінде келіп, осында босанғандары қаншама. Қанша дегенмен, өмірдің аты өмір емес пе, лагерге келген соң да ауыр аяқты болып, туып жатқандар аз емес. Ол баланы кімнен, қалай тапқаны – әйелдердің өз құпиясы. Кімнен туса да сәбиде жазық жоқ. Лагер ішінде сәбилерге арнап аурухана, бала-бақша ашуға тура келді. Баринов «Лагердегі балалар халық жауы саналмасын» деген ұран көтеріп, бұл ұсынысты Мәскеуге бекіттіріп алды. Соған қарағанда, әкесіз-некесіз, мәңгүрт балалардың өніп-өсуіне өкімет те мүдделі сияқты.

Айналасы ат шаптырым, тікенекті сыммен қоршалған лагер қорғанының батыс жағында, екі жүз метрдей жерде қызметшілерге арналған үйлер мен күзет әскері тұратын казарма бар. Лагер басқармасының кеңсесі де осында. Екі қабатты ағаш үйдің үстіңгі бір қапталын Бариновтың кабинеті алып жатыр. Ол күндегі әдетінше бүгін де таңғы тоғызда кеңсесіне келіп, екі-үш күнде топталып бір-ақ келетін хат-хабар, газеттермен танысты. Бәлендей алып бара жатқан жаңалық жоқ, майдан батысқа қарай жылжып барады. Қазір Курск түбінде кескілескен шайқас жүріп жатса керек... Тұтқындарға арналған бір қапшық хат бар екен, оны төменгі қабатта отыратын саяси бөлім бастығы майор Мишинге жолдады. Тәртіп бойынша, хаттарды сол сұрыптап таратуға тиіс. Хат құпиялығын сақтау туралы сан рет айтылса да, НКВД майоры өзінше қимылдайды, әр хатты бір ашып, тімтініп жүргені.

Бір мезгілде Сергей Васильевич орнынан тұрып, еденіне дөрекі тақтайлар төселген кең кабинетте әрі-бері жүре бастады. Жасы елуге іліне қоймаған орта бойлы, кең иықты, жұмсақ сары шашы артына құлата қайырылған, аспан түстес көгілдір көзінен үнемі мейірім төгіліп тұратын лагер бастығы терезенің алдына келіп, жаңа ғана тұтатқан «Қазбек» темекісін құшырлана сорды. Осы арадан іші қаз-қатар барақтарға толы лагер ауласы алақанға салғандай көрініп тұрады. Барақтар маңы тып-тыныш, тек тігін цехының төңірегінде оны-мұны тасыған қарбаластық байқалады. Асхананың алдында жүк машинасынан біреулер әлденені түсіріп жатыр. Қоймадан әкелген көкөніс, азық-түлік шығар дәу де болса. Мұнара басындағы күзетші солдат жердегі біреумен дауыстап сөйлесіп тұр. Ал, зонаның арғы жағы – шетсіз-шексіз жасыл дала.

Баринов сол кең жазира далаға көз жанарын суарып тағы біраз тұрады да жұмыс үстеліне қайта оралды. Кеше қаралмай қалған өтініш хаттар, құжаттар бар-тұғын. Соларға қол соза бергенде, көзіне аузы ашылмаған конверт ілікті. Енді есіне түсті, бұл хатты кеше қызмет соңында үй сыпырушы әйел әкеліп тапсырған. Кімнен екенін айтқан жоқ. «Бір тұтқын әйелдің арызы» деген жәй ғана. Баринов конвертті ашып, маржандай сұлу әріптермен жазылған арызды оқи бастады. Қарауыл бастығы сержант Мазепаның үстінен жазылған арыз. Әйел көрсе оқыранып маза бермейтін бұл неғылған пәле өзі? Жаңылмаса, өткен қыста да осының үстінен тағы бір арыз түскені есінде. Фермада бір қойшы әйелді зорламақ болғаны, ырыққа көнбеген әйелді жазалап, аязды түнде діңгекке таңып қойып, тұтқынның өкпесіне суық тигені туралы жазылған-ды. Бариновтың өзі Қарағандыға жол жүріп бара жатып, әлгі арызды тексеруді Саяси бөлім бастығы майор Мишинге тапсырған. Қап, ұмытып кетіпті-ау! Тексеру нәтижесі не болды екен сонда?

Ал, мына арызды жазған – қатардағы тұтқын емес, Маршалл Тухачевскийдің кіші қарындасы Галина болып шықты. Арызда қарауыл бастығы Мазепаның көптен бері қыр соңынан қалмай жүргені, осыдан екі күн бұрын көкөніс қоймасында өзін зорламақ болғаны туралы жазады. Егер үстеріне тағы бір әйелдер келіп қалмағанда, Мазепа көздеген мақсатына жеткендей екен. «Бізді – «халық жауының» туыстарын қалай жазалаймыз десеңіздер де ерік өздеріңізде. Қапасқа қамайсыздар ма, атып тастайсыздар ма, қолдарыңызды ешкім қақпайды. Тек, қорлауға, арымызды аяққа таптауға көне алмаймыз. Өзгені былай қойғанда, біз орыс әйеліміз ғой. Ресей шегінде тұрып жатырмыз. Орыс әйелін көрінген жендеттің жемтігі етуге қалай дәттеріңіз барады?» депті арыздың соңында.

Бариновтың бетінен оты шықты. Ұялып кетті. Бүгінгі заман үшін, уақыт үшін, бүгінгі өкімет орнатқан тәртіп үшін ұялды? Галинаны бұл сонау қыз кезінен біледі, бет пішіні ағасына тартқан ажарлы, сұлу әйел. Лагерде жүдеп-жадап жүргеннің өзінде көп әйелдің арасында көзге бірден шалынады. Қап, мынау ұят болды-ау?! Маршалдың туыстарын жазадан құтқарып алмаса да, бүйтіп қорлауға бермеуі керек еді... Қарауылдарды тәртіпке шақырмай, әлгі Мишин не бітіріп жүр?

Ия, соңғы жылдарда тұтқын әйелдер мен қарауылдардың арасында осындай құпия қатынастардың болатыны мұның да құлағына жетіп жататын. Лагерде он мыңға жуық әйел бар. Көпшілігі әлі отызға да толмаған жас келіншектер. Күйеулерінің келмеске кеткенін естіп, көңілдері әлдеқашан суыған. Қайғы-қасіреттің сыртында, тағдырға деген қыжыл-қысас бар. Тымқұрса бір уақ тән құмарын қандырып, көңіл көтергісі келуі мүмкін ғой. Мынадай аш-аламан жоқшылықта бір бөлке нан, бір кесек ет, бір шиша арақ та жолдан таюға жетіп тұр. Тұтқын әйелдердің жиі жүкті болып, лагерде әкесіз, некесіз балалардың көбейетіні содан.

Ал, мына Мазепа дегеннің қылығы шектен шығып, асқынып тұр. Өзі де әйелге тойып бермейтін диюдай қайратты неме болса керек. Әйел болғанда, жәй жеңіл жүрісті біреу емес, неғұрлым атақты, әйгілі, ел көзіне түсетін сұлуларына соқтығады. Министрлердің, секретарлардың, генералдардың әйелдері... Көрдіңіз бе, енді келіп, маршалдың қарындасына ауыз салғанын! Бұлай ету Мазепаға неге керек дейсіз ғой. Мақтану үшін! Былай шыға бере «мен бәленбайдың әйелімен, түгенбайдың қарындасымен ойнадым» деу үшін... Құл-құтанға қор болған қайран арулар! «Құлан құдыққа жығылса, құлағында құрбақа ойнайды» деген осы.

Лагер бастығы үстел жиегіндегі тетікті басып, қарсы бөлмедегі көмекшесін шақырды. Іле-шала жарау аттай жұтынған жас лейтенант кірді ішке. Енді бұйрық күтіп сіресіп тұр.

- Маған қарауыл бастығы, сержант Мазепаны тауып әкелші! – деген қабағын жазбастан.

- Хұп болады, жолдас полковник. Егер ол лагер аумағында болса, қазір-ақ тауып әкелемін.

- Жердің тесігіне кіріп кетсе де тауып кел! Осы маңда болмағанда, жер жұтты дейсің бе оны?

Арада жарты сағаттай уақыт өткенде ауыз бөлмеден тарс-тұрыс аяқ дыбысы мен дабыр-дұбыр сөздер естілді. Сәлден соң жаңағы Лейтенант зорлағандай етіп, қарауыл бастығын ішке итермелеп алып кірді. Шу шығарып жүргеніне қарағанда, Мазепа масаңдау ма, қалай, оң қолын шекесіне апарып, өзінше құрмет көрсеткен болды. Бұрыннан түстаныс, белгілі жігіт. Екі иығына екі кісі мінгендей, бұқа мойын, дәудің өзі. Жұдырығы тоқпақтай екен. Өз ортасында мұның даңқын шығарған – сол жұдырық болса керек. Өзі бұрын теңіз әскерінде болған ба, ашық омырауынан матростың ала жейдесі үнемі көрініп тұрады.

- Шақырдыңыз ба, жолдас полковник?

- Сен бара бер! – деді Баринов көмекшісіне. Қарауыл бастығына сонан соң ғана назар аударды.

- Сен, не, Сержант, жұмыс уақытында ішіп алғаннан саумысың?

- Бүгін менің туған күнім, жолдас полковник. Оның үстіне, кезек алмасқан демалысым, – деді Мазепа бірден ширап. – Кешіріңіз, сіз бүгін мені шақырады деп ойламаппын.

- Солай де... Осы сенің лагерде қызмет істей бастағанына қанша уақыт болды?

- Биыл үшінші жыл, жолдас полковник.

- Өзің батыр тұлғалы, сап-сау жігітсің. Майданға бармай, мұнда не бітіріп жүрсің?

- Қазір барлық жерде майдан емес пе, жолдас полковник. Халық жауларымен күресуге де сенімді адам керек деп, партия мені осында жіберді ғой.

«Бұл да партия мүшесі болғаны ма? Мазепаны қатарына алып, компартия да жарыған екен» деп ойлады Баринов ішінен.

- Сен мұнда жаумен күресіп жүрсің бе? Әлде күндіз-түні аңдығаның – осындағы қатындардың ышқыры ма? – деді лагер бастығы ызалана езу тартып.

Мазепа айылын жияр емес, езуі жайылып, ыржалаңдай күлді.

- Сіз не, жолдас полковник, халық жауларының жесір қалған қатынын аяйсыз ба? Қайта осындайда сұлулардың кеудесіне шығып, таптық кегімізді қайтармаймыз ба? Пролетариатпен қан араластыруға олардың өздері де кетәрі емес...

- Тоқтат! – деп Баринов үстелді жұдырығымен қойып қалды. – Үстіңнен түскен арыз бар. Және біреу де емес, бірнешеу.

- Мүмкін емес! – деді Мазепа таң-тамаша болып. – Мен білсем, маған қатындар алғыс айтса керек еді. Ал олардың оңашада, өліп-өшіп айтқан сөздерін естісеңіз ғой! Сенесіз бе, әйелдер қазір маған кезекке тұрады...

- Ау, сен өзің кімсің? Совет солдатысың ба, әлде фермадағы асыл тұқымды бұқасың ба? – деді қаны басына шапқан Баринов. – Әйелдер саған құмар болып жүрген жоқ, оларды кіріптар еткен – сенің қарауылдық қызметің. «Қызмет бабын асыра пайдалану» дейді мұның атын. Білесің бе, оның да өз статьясы бар. Ал әйелді зорлаудың жазасы тіпті ауыр.

- Жеке мен емес, қарауылдардың біразы-ақ тұтқын қатындармен әуейі. Лагерде күн сайын туып жатқан нәрестелер қайдан шықты деп ойлайсыз? – деді Мазепа әлі де тізгін бере қоймай.

Иә, мына сержанттың райдан қайтар түрі жоқ. Баринов біледі, осындағы әскерилердің бір ғана осал тұсы бар. Олар қашанда майданға жібермесе екен деп қыпылдайды. Лагер бастығы, амал жоқ, соңына сақтаған сол қаруына қол созды.

- Түсінікті. Сендейлерді бірден соғысқа аттандырмаса болмайды екен. Күшің симай бара жатса, фашистерге көрсетерсің, – деді алдындағы қағазға әлденені сүйкектете жазуға кірісіп. – Майданға айыпкер ретінде барасың ба, әлде өзің тіленесің бе?

Байқап отыр, Мазепаның лагерден кеткісі жоқ. Бірден шыр ете қалды.

- Мен соғысқа жарамаймын ғой, жолдас полковник. Басымның контузиясы бар, оның үстіне жүрегім нашар...

- Ештеңе етпейді, майданға барсаң артық еттен арылып, әлі-ақ жазылып кетесің, – деді Баринов түсін суыққа салып. – Әйелдерден аулақ кетсең жүрегің де қалпына келеді.

Манадан бері иілмей сіресіп тұрған Мазепа осы сәтте лагер бастығының алдына келіп, тізерлеп отыра кетті.

- Жолдас полковник, құлың болайын, мені майданға жібере көрмеңізші... Түзелуіме мұрсат беріңіз. Жастықпен біраз ақымақтық істегенім рас. Енді оның бірде-бірі қайталанбайды, – деді тізерлеген күйі екі қолын алға созып.

- Бұл шын сөзің бе? – деді лагер бастығы қолындағы қаламын былай қойып.

- Шын сөзім. Большевиктік билетіммен ант етейін!

«Мынау өзі су жүрек, қорқақ неме екен ғой, – деп ойлады Баринов ішінен. – Әсіре патриоттық – бұлардың сыртқы формасы ғана. Ал іштерінде ит өліп жатыр. Бір бастарынан басқа ештеңені де ойламайды...»

- Жарайды, бұл соңғы ескерту ендеше. Бірақ, есіңде болсын, үкімің, міне, шығарулы тұр. Тәртіп бұзған күні бұл лагерден саған орын жоқ... Ұқтың ба?

- Ұқтым, жолдас полковник!

- Ұқсаң бара бер!

Мазепа иесіне еркелеген иттей, бет бейнесі жылағаны, не күлгені белгісіз, аса бір аянышты түске еніп, артымен шегінген күйі есіктен шығып кетті.

Бір жолға осымен бара тұрсын. Бірақ оның түзеліп кетеріне лагер бастығы сеніп те отырған жоқ. Әу баста ар-ұяты кем адам бірден түзу жолға түсе қоя ма. «Ебін тауып, бір пәледен құтылдым-ау» деп, былай шыға бере өз әуеніне қайта басатын шығар. Не істерсің, бұдан қатты кетсең, бөлім бастығы Мишинмен бірігіп, үстіңнен арыз жазады. Онсыз да «Баринов халық жауларына жанашырлық танытады» деген қаңқу сөзді осылар таратып жүрген жоқ па?!

Лагер бастығы сол күні түстен кейін зонаға кіріп, асхананың, нан пісіретін наубайхананың жұмыстарын тексерді. Қаз-қатар орнатылған он шақты тайқазан, кешкі асқа арпа ботқасы мен капуста көже әзірлеп жатыр екен. Соғыс кезінде бұдан артықты іздесең де таппайсың. Әйтсе де, завхоз бен бас аспазды шақырып алып, нанның тым шикі болмауын, көженің де қажетті қатығымен болуын қадағалап тапсырды. Айту міндет, бірақ одан түзеліп кетер тағы ештеңе жоқ.

Сонан соң қақпадан шығып, таяу маңдағы көкөніс алқабына қарай аяңдады. Қолдарына кетпен-күрек, тесе ұстаған көп әйел атызды арамшөптен тазартып жүр. Лагер бастығы мұнда жұмыс барысын тексеруден бұрын, бір әйелмен жолығуға келген. Осындағы бригадирдің көмегімен, Тухачевская Галинаны оп-оңай тауып алды. Ауыр ой, аш-арық тұрмыс қанша қажытқанымен, Галинаның сол баяғы кербез де, такаббар қалпы. Аққу мойнын иіп, аспан түстес көгілдір көзін төңкере, келгендерге таңырқай қарады.

- Сәламатсыз ба, Галина Николаевна? – деді Баринов қасына таяп барып. – Мен сіздің арызыңызды алдым. Және тиісті шаралар қолдандым. Бұдан былай лагерде ондай жүгенсіздік қайталанбайды. Күзетшілердің әдепсіздігі үшін сізден кешірім сұраймын.

- Рахмет!.. Құбылмалы дүние деген осы екен, Сергей Васильевич. Бұл күнде маршалдың қарындасына қарапайым солдат қожалық етіп, ұялмай қол жүгіртеді, – деді бұған өңін жылыта, күлімдей қарап. – Егер мен жаңылмасам, сіз бір кезде менің ағайыммен қызметтес болдыңыз-ау деймін. Тіпті, бір-екі рет біздің үйге келгеніңіз де есімде...

- Дәл айтасыз, Галина Николаевна, мен жас кезімде Михаил Николаевичтың қоластында біраз жыл қызмет істеп, тәрбиесін алғанмын, – деді Баринов та ықылас білдіріп. Сонан соң төңірегіне қарап, маңайда бөтен ешкімнің жоғын байқады да. – Жасымаңыз, Галина Николаевна. Мұның бәрі уақыттық нәрсе ғой... Мен сіздің әулеттің әлі-ақ ақталып шығатынына титтей де шүбә келтірмеймін, – дегенді қосып қойды.

- Рахмет, Сергей Васильевич. Бұл сөзіңіз бізге үлкен медеу...

- Төзімді болыңыз. Бәрі де уақыттың төрелігінде, - деді Баринов басын сәл иіп.

Сонан соң, бір адамды ғана іздеп келгендей болмайын деп, тағы да бірнеше тұтқынның қасына барып, хал сұраған болды. Не үшін екен, лагер бастығы сол күні үйіне көңілді қайтты. Үстінен бір батпан жүк түскендей, не болмаса ұзақ жолдан кірлеп келіп, таза сумен жуынғандай, өзінің біртүрлі жеңілейіп қалғанын сезінді.

- ІV -

Лагердің бір барағында елу төсектік аурухана бар. Екінші жартысы – балалар емханасы. Кеше егіс басындағы оншақты әйел ескірген тамақтан уланып, іштері тоқтамай ауруханаға жеткізілген екен. Бүгін күндізгі кезекке шыққан Дәмелі таң атқалы солардың әуресімен жүрген-ді. Кенет бала-бақша жақтан шырқырап жылаған, әлдебір шу естіліп, далаға жүгіріп шықты.

Басында түкке түсіне алмаған. Қастарына таяп барғанда ғана іс мәнісін ұққандай болды. Бүгін бала-бақшадағы алды беске, арты үшке келіп қалған елудей баланы Қарағандыға әкетпек көрінеді. Содан ары детдомдарға таратпақ. Сол үшін облыстан арнайы адамдар келген. Кузовына матрас жайылған екі жүк машинасы жүруге дайын тұр. Енді тек күні бұрын жасалған тізім бойынша жаңағы балаларды машинаға мінгізу ғана қалыпты. Бірақ соның өзі оңайға түсетін түрі жоқ. Бәрінен де қиыны – ана мен баланы ажырату екен. Зарлаған ана, шырқыраған бала. Кішкентай сәбилер ана құшағынан ажырап, тым алысқа кететінін сезе ме екен, бар дауыстарымен бақырып, кейбіреуінің ішегі түйіліп, көгеріп қалды. Күзетші солдаттар балаларды ана бауырынан күшпен тартып алып, машинаға зорлап тиеп жатыр. Басқарып жүрген – майор Мишин мен қарауыл бастығы Мазепа. Екеуі әйелдерді аулаққа қуып әлек:

- Кетіңдер, балалардан аулақ жүріңдер! Сендер – халық жауының қатынысыңдар, бұлар болса – тап-таза Совет адамдары, пәлелерің жұғады, – дейді Мазепа өзінше бәтуа айтып.

Ойпырай, қазақ баласы бұрын-соңды естімеген сұмдық қой – мынау! Осыған ұқсаған жан шошырлық бір көріністі Дәмелі қашан көріп еді? Иә, баяғыда, Ташкентте оқып жүргенде, оңтүстік аймақтарда бірнеше ай практикада болғаны бар. Оңтүстікте қаракуль қойы өсіріледі. Еті, сүті үшін емес, терісі үшін. Тері болғанда, жаңа туған жас қозының елтірісі керемет: қарасы, көгі, алтын түстес сарысы болады. Шетелге алтын орнына қымбат бағамен өтеді. Одан қала берсе, өзіміздегі генералдар мен полковниктер каракулден бөрік киеді. Қыстық пальтоның жағасы да – қаракуль. Сол елтіріге бола жас қозыны туа салысымен қынадай қырады ғой. Енесінің қасында уызға тойып, үсті-басы құрғап, енді отыға бастағанда, туғанына әлі жарым ай да толмаған жас қозыларды өрістен теріп алады. Арбаға, не машинаға тиеп әкелген қозыларды арнайы қасапханада тірсегінен іліп, терісін сыпырып жатады. Ең аяныштысы – қозыларын әкетіп бара жатқанда, өрістегі саулықтардың маңырап, шулағанын көрсең! Азынай шулап, даланы азан-қазан етіп, машинаның соңынан жүгіреді-ай келіп. Әбден өкпесі өшіп, қуып жете алмасына көздері жеткенде бір-ақ тоқтайды.

Сұмдық-ай, бүгінгі мына көрініс те содан айнымайды. Елу баланы екі машинаға тиеп болғанша әйел-аналардың біразы есінен танып құлап қалды. Детдомға әкететін баланың ішінде Ғазизаның Ритасы бар екен. Ғазиза байқұс ботадай боздап, қызынан айрылсашы. Тілі ерте шыққан бес жасар Ританың сайрап жылағанын көрсең!

- Апатай-ау, енді біз көріспейміз бе? Бізді мыналар қайда апарады? Мен жоқта сені де әкем сияқты атып тастамай ма? Апа, сен мені тастап кетпеші... Іздеп келіп, тауып ал, жарай ма? – дегенде, Ғазизаны қоршаған әйел біткеннің еңіреп жыламағаны жоқ.

Көп ұзамай бала тиеген машиналар орнынан қозғалып та кетті. Байқұс аналар соңынан қалмай жүгіріп барады. Кейбіреуі жол үстінде етпеттей жығылып, есінен танып жатыр... Ғазиза мал дәрігері ғой. Қазір фермада мал төлдеп жатқандықтан, соңғы күндері сол жақта жүрген. Бүгін тәңертең «балаларды әкетеді» деген хабар құлағына тиіп, тізгін ұшымен шапқылап жеткен беті екен. Енді біраз кешіксе, Ритасын көре алмай қалуы да мүмкін еді... Тоба, мұндай да зорлық болады екен. Байыңды «халық жауы» деп атып таста, әйелін еш жазықсыз қапасқа қамап қой, балаңды күшпен тартып алып, әлдебір жаққа алып кет! Осыншама өшігетіндей бұл өкіметке неден жаздық біз? «Детдомға өткіземіз» дейді, ол балалар Республика шегінде қалса жақсы. Одан ары көз жаздырып, Ресей асырып әкете ме, құдай білсін...

Ғазиза байқұс, міне, осыларды айтып зарлайды. Қасындағы Бибіжамал, Гуландам, Шәкітай секілді тілектес қазақ әйелдері қолтығынан сүйеп, жұбатып тұр.

- Шыда, көппен көрген – ұлы той. Әне, әлі ес кірмеген, Ритадан да кішкентай балалар кетіп барады.

- Құдайдан қызыңның амандығын тіле. Бостандыққа шыққан соң, Ританы әлі-ақ іздеп тауып аласың.

- Бұл жерде көрінгенге көзтүрткі болып жүргенше, бәлкім сол детдомның өзі жақсы шығар, – десіп жұбатушы әйелдер дүниені оңайлата сөйлейді.

Бірақ өзегі өртеніп тұрған Ғазиза жеңіл-желпі, құрғақ сөзге жұбанар емес.

- Апайлар-ау, Рита – лагерде туған әкесіз бала емес қой. Тұранның соңғы тұяғы емес пе...Әкесі ұсталған соң қырық күн өткенде босанғам. Онда үлкен қызым Сәуле бес жаста еді. Ол қазір Украинаның бір жерінде детдомда жүр дейді. Тымқұрса, Тұранның соңында қалған қос құлынына ие бола алмадым-ау! – дегенде, қасындағы жұбатамыз деп тұрған әйелдер қоса жылады.

Әрине, басқа түскен қасіретті әркім әрқалай қарсы алады. Ұсталғанда емшекте келген, іште келген төл перзенттерден басқа, лагерге келген соң біткен, «осы балаға мен де аң-таң, апам да аң-таң» дейтін некесіз нәресетелер де аз емес-ті. Кейбір жеңіл жүрісті әйелдер ондай жолбике балалардан құтылғанына қуанып жүр. Өмір алда, тіршілік мұнымен бітпейді деп қарайды олар.

Тұтқындардың бір жерге топталып, бұлайша дүрлігуі жақсылық емес. Сондықтан майор Мишин мен қарауыл бастығы Мазепа әйелдерді өз барактарына, жұмыс басына қарай қуа бастады:

- Тараңдар, қатындар! Сонша жылайтындай бала деген не, тәйірі? Бай тауып алсаңдар, әлі де талай бала туасыңдар. Ал, бай табылмай жатса айтыңдар, көмектесеміз, – деп Мазепа ыржалаңдап, әйелдерді ойынға айналдырып жүр. Ал Мишинның ойы одан гөрі тереңірек.

- Бүгінгі оқиғаның маңызы, болашақ жас ұрпақты халық жауларынан бөліп алғанымыз, – дейді ол әр нәрседен саяси астар іздейтін әдетімен – тегінде отанға берілген нағыз патриоттар детдомнан шығады.

Өзге әйелдер өз барақтарына тарап кеткенде, Дәмелі мен Ғазиза бір сәт оңаша қалған. Дәмелі құрбысына жүйке тыныштандыратын дәрі бермек болып, оны емханаға алып кірген-ді.

- Қазір мал төлдеп жатқан кез ғой. Менің фермаға қайтуым керек, – деді Ғазиза сәл ес жиған соң. – Оның үстіне, бүгін мына арада қалғым келмей тұр. Қызым көз алдымнан кетпейді, құлағымда – Ританың дауысы.

- Шыда, алғашқы кезде солай болады.

- Сенің малшылар арасында науқастарың жоқ па еді, бірге жүрсең қайтеді?

- Баруға болады. Бірақ ол туралы бас дәрігермен келісуім керек, – деді Дәмелі, шынында да, Ғазизаны жалғыз жібергісі келмей.

Арада тағы бір сағат өткенде, мана Ғазиза мініп келген дөкпек торыны ескі тарантасқа жегіп алып, екі әйел шалғайдағы мал фермасына қарай кетіп бара жатты. Ғазиза Дәмеліден бес-алты жас кіші, осындағы қазақ әйелдерінің ең жасы, әрі қалада өскен тым нәзік жан еді. Күйеуі Тұраннан да он бес жас кіші болатын. Ол кезде Мәскеуде қызмет істейтін Тұран Алматыға бір келгенде, малдәрігерлік институттың екінші курсында оқитын жас сұлуды көріп қалып, ақыры соңынан қалмай жүріп үйленген. Ғазиза бастаған оқуын Мәскеуде жалғастырды. Ел аузына ілінген үлгілі отбасының бірі еді. Амал не, ол бақыттары ұзаққа созылмады ғой.

Ғазиза арбаның үстінде қазір де сол мұңын айтып, егіліп жылап келеді. Бұл не? Құдайдан келген зауал ма, әлде аяуды білмес адамдардың зорлығы ма? 1937-жылы Тұран екеуін іркес-тіркес ұстағанда, тұңғыш қыздары Сәуле небәрі бес жаста болатын. Басқа уақыт таппағандай, бұларды Кавказда демалып жатқанда ұстады-ау! Ал, Ританың жарық дүниеге келуіне қырық күндей ғана уақыт қалған. Сәулесі қазір Одесса қаласындағы детдомдардың бірінде көрінеді. Шешесін көрсе танымай жүре ме, құдай білсін... Бүгін бес жасқа толар-толмаста Ританы алып кетті. Бес жас бұлардың әулеті үшін қатерлі сан болды-ау! Өз анасы Арипа аман жүрсе де, осы балаларға ие болар еді-ау! Оны да Тұранның енесі деп іле-шала ұстап әкеткен. Кейін Ресейдегі лагерлердің бірінде қайтыс болды. Ал, өзінің туған бауыры Шәміл қазір Коми АСР-ында түрмеде отыр. Адамға аянышы жоқ, бұл не деген, жалпағынан келген апат? Қаптап кеткен қайдағы жау? Кімді алдайды, кімді мазақ етеді?

Өзі төменгі таптан шығып, жастай жетім өскен Тұран Кеңес өкіметіне барынша адал болды. Оның бай-бағлан десе қаны қатып қалатыны, тап күресіне де тым беріліп кеткені содан. Осы жолы «халық жауы» болып атылған көп әріптестері секілді, ол да империяның зымиян саясатын бірден түсінбеді. Мәскеудің өзімшіл өктемдігін көре тұра, көп жағдайда өз ұлтына араша түсе қоймады. Тұранның «Алаш» қайраткерлерімен сиыспай, тым орысшыл, советшіл болып жүргені де сондықтан... Әрине, ол кезде Ғазиза тым жас болды, күйеуімен пікір таластыра алған жоқ. Амал не, бұл үшін де көп нәрсенің басы кейін ашылды ғой.

Ғазиза, міне, осыларды айтып, мұң шағады. Екеуара оңаша қалудың бір жақсысы осы. Көз жасына ерік беріп, іштегі шерді бір тарқатып аласың. Фермадағы Нұржамал апайға «Осы сіз қой бағуға неге құмар бодыңыз» десе айтатын-ды. «Иен далада Би-ағаң мен балаларымды жоқтап, емін-еркін жылап алғаныма жақсы» дейтін-ді. Сол кісі айтқандай, осындай оңашада болмаса, лагердегі ығы-жығы қатындар арасында кімге барып мұң шағарсың?!

Дәмелі өзінен бірнеше жас кіші құрбысын не деп жұбатарын білмей қиналып келеді. Бәрі де бұрын талай айтылған белгілі жайлар. Баяғыда, ауылда жүргенде бір нәрсеге таң қалатын. Қайғылы қаза үстінде екі қатын көріссе, әрқайсысы өз қайғысын жырға қосатын-ды. Сөйтсе, ол «сен жалғыз емессің, менің басымда да арылмас мұң бар» деп қайғыны бөліскені екен ғой. Қазір Дәмелі де солардың кебін киіп келеді.

Дәмелі мен Ғазиза – терезесі тең министрдің әйелдері. Бұл екеуі бұрыннан аралас-құралас, сыйлас құрбылар болатын. Дәмелінің отбасы мүшелерін Ғазиза жақсы біледі. Екеуінің де күйеулері «халық жауы» атанып, бір мезгілде мерт болды. Бұл жағынан мұңдары да ортақ. Алматыдағы малшаруашылық институтында Дәмелінің бауыры Мүсіліммен Ғазиза бірге оқыды. Оқта-текте басына бұлт үйірілгені болмаса, әзірше бұл әулеттен айдалмай аман жүргені – сол Мүсілім ғана. Мұның Ғазизадан бір айырмашылығы, күйеуі Әмірбек «халық жауы» болмаса да, Дәмелі бәрібір лагерге қамалар еді. Өйткені ағасы Әлімхан Ермеков те «халық жауы». Жәй қатардағы қылмыскер емес, баяғы «Алашорда» көсемдерінің бірі. Кешегі қызыл комиссарлар: Әмірбек пен Тұран «халық жауы» болып жатқанда, империяның ата жауы – Алаш қайраткерлері қалай аман қалсын-ау?! Әлекең бүгінге дейін түрмеден көз ашқан емес. Аспанға бұлт ілінсе-ақ болғаны, Әлекеңнің басына қарлы боран соғады да тұрады.

Әлімхан Ермековты 1930-жылы Ташкентте Мұхтар Әуезовпен бірге тұтқындап, екі жыл қамауда ұстады. Содан 1932-жылға келгенде, екеуіне де «Кеңестік түзімді мойындаймыз» деген хаттар жаздырып, абақтыдан босатты. Бірақ жоғары қызмет ұсынған жоқ. Біраз жыл Ташкент пен Алматының оқу орындарында профессор болып, математикадан сабақ берді. 1937-жылы қазақ аспанында бұлт қоюланғанын сезіп, Әлекең Ресей жаққа бой тасалаған. Куйбышев университетінде кафедра меңгеріп, тағы да математикадан сабақ жүргізді. Сөйтсе, оның әр қадамы аңдулы екен ғой. 1938-жылы НКВД-ның ұзын құрығы ол жаққа да жетіп, Ермековты тұтқынға алды да, сотсыз-сұрақсыз он жылға кесіп жіберді. Қазір Колымадағы лагерлердің бірінде. Айдаудан тірі қайта ма, жоқ па, ол жағын бір құдай біледі... Баяғыда Дәмелінің бір кітаптан оқығаны бар еді. Жаңылмаса, «Спартак» романы. Сүйген жары Спартак соғыста мерт болғанда, әйелі: «Менің қайғымдай қайғы кімде бар» деп күңіренетіні бар-тұғын. Сол айтқандай, Дәмелінің қайғысы басқалардан екі есе. Тек, өзінің өр көңілді қайсарлығымен сыр алдырмай жүргені болмаса.

- Мен әкеден жастай қалдым да, Әлімхан ағаның (әкесінің інісі) тәрбиесінде өстім – деді Дәмелі әңгімесін одан әрі жалғап. – Бәріміз де ауқатты, бай балалары болатынбыз. Мен он үш-он төртке келгенше ұлша киініп, ерке-шора болып өстім. Азаматтармен бірге жылқы бағып, көкпар тартып, асаудың құлағында ойнайтынмын. Егер Әлімхан ағам болмағанда, сол ерке-шолжың күйімде жүре берер ме едім, қайтер едім...

- Бәрібір күндердің күнінде күйеуге тиер едің ғой. Бірақ Әмірбекпен жолыға алмай қалар ма едің, кім біледі, – деді Ғазиза сөзге араласып.

- Иә, егер Ташкентке оқуға бармасам, Әмірбекпен жолықпауым да мүмкін еді. Онда өмірім, сөз жоқ, басқаша қалыптасар еді... Министрге тимесем, бұлайша «халық жауының» әйелі болып, қамауда жүрмес пе едім.

- Кім білсін, ауылда болашақ күйеуіңнің кім болып жолығарын. Бәлкім, кәмпеске кезінде бай-құлаққа жатып, ол да айдалып кетер ме еді?!

Бұл сөзге екі әйел даланы басына көтеріп, қосыла күлді. Көптен бері емін-еркін күлгендері осы. Ғазиза да бала қайғысын бір сәт болса да ұмытып, жеңілейіп қалғандай.

- Иә, сонымен әңгіменің қай жеріне келіп едім? – деді Дәмелі торы атты қамшымен қузап қойып. – Айтпақшы, Әлімхан ағамның мені өз қолына алып, қалай адам еткенін айтпақ едім ғой. Мені оқуға баулып, Қарқаралыдағы жеті жылдық орыс-қазақ мектебін бітірткен де, 1923-жылы Ташкенттегі Орта Азия университетінің медицина факультетіне оқуға түсірген де – Әлімхан ағатайым. 1929-жылы университетті үздік бітірдім. Сол жылы Әмірбекке тұрмысқа шықтым. Одан арғысы өзіңе бес саусақтай белгілі, - деді Дәмелі іштен тына күрсініп. – Болашақты кім болжай алған. Министрге тидік деп мәз болып жүргенде, ақыры «халық жауының қатыны» атанып, «АЛЖИР-ден» бір-ақ шықтық.

Осыдан кейін екеуі біразға дейін үнсіз қалды. Әрқайсысы өз ойының шырмауын ағытып, ұшығына жете алмай отырса керек. Күн түске тармасып қалған, аспан шайдай ашық. Құлағыңа шегірткенің дамылсыз шырылдағаны, тап-таяу жерден бозторғайдың үздіккен үні келеді. Дала үнпазы аспан төсіне ілініп қалған күміс қоңыраудай безек қағып, әлдебір үзілер тірліктің ақтық жырын төгіп тұрғандай.

Табиғатынан әсершіл, арманшыл Дәмелі ұзақ үнсіздікке шыдамай, әрі Ғазизаны да уайымға батырғысы келмей, қасындағы серігін әңгімеге тартты.

- Осы сенің туған ауылың қай жақта еді? Соны бір сұрамаппын ғой, - деді өзі күнге бөртіп жатқан жап-жасыл даладан көзін айырмай.

- Жаркент қой... Шекараға жақын, Іленің бойы...

- Иә, солай екен-ау. Жаркент тамаша жер дейді. Тіршілікте бір барып көрудің сәті түспепті...

- Жоңғар Алатауының күнгей беті ғой. Тамаша, сұлу жерлері баршылық. Оны білетінім, менің әкем де мал дәрігері болатын. Бала кезімде әкеме ілесіп, атпен талай шарлағам.

- Ал, біздің туып өскен жеріміз осы – Арқаның кең даласы, - деді Дәмелі төңірегіне ғашық көзбен сүйсіне қарап. – Ұлытау мен Көкшетаудың арасы. Ертіс, Есіл, Нұра өзендері жарып ағады. Батыста – Қорғалжың, Ерейментау, шығыста – Баянауыл, Қарқаралы, Шыңғыстау... Солардың қақ ортасында – Қоянды жәрмеңкесі. Құт қонған, қыдыр дарыған-ақ жер еді, амал не, берекесі кетті ғой аз жылдың ішінде. Әлі есімде, кәмпескеге дейін осы өлкеде мал дегенің жыртылып-айрылатын. Аң да солай. Кейде дала төсінде жайылып жүрген қойы қайсы, ақбөкені қайсы, айыра алмай қалатынбыз. Ал, жылқыда есеп жоқ, қос-қосымен, үйір-үйірімен жерге симай жатар еді. Әлгі өлеңде айтылатын: «Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас, Аюлы мен Нияздың Қаракөлі» дейтін жерлер осы арадан онша қашық емес. Қайда сол ен далаға сыймай жататын қалың мал? Мың-мың жылқы қайда? Миллион-миллион қой қайда?

- Сен малды айтасың, бұл даланың адамы қайда демейсің бе? – деді Ғазиза осы арада сөз қосып. – 1932-жылғы әдейі қолдан жасалған ашаршылық кімдерге керек болғанын енді түсінген шығарсың.

- Айтпа, түсінгенде қандай! Империя мүддесінен туған, тым арыдан ойластырылған, көп сатылы қастандық екен ғой соның бәрі. Мақсат – қазақты жер бетінен жою, иесіз қалған даланы емін-еркін билеу...

- Мұны әзірше тірі қалған сен екеуіміз түсініп отырмыз-ау. Ал, біздің күйеулеріміз – кешегі қызыл комиссарлар сол сезбеген, білмеген күйі кетті ме, әлде өмірлерінің соңғы сәтінде райларынан қайтып, бармақтарын шайнады ма екен? – деді бүгін өзін айрықша уытты сезініп отырған Ғазиза.

- Түрмедегі қинау-қыспақ оларға да ой салмады дейсің бе. Бірақ, керегі не олар кеш қалды ғой. Қылмойынға тұзақ түскен соң өкіндің не, өкінбедің не, - деді Дәмелі. – Ал, Алашорда қайраткерлері осының бәрін қолмен қойғандай біліп кетті. Менің Әлімхан ағатайым серіктерімен оңаша бас қосқанда алда не боларын жасырмай айтып отыратын. Жиналыстарда ашық айтқан кездері де болды. Амал не, жоққа алданған қалың қазақ соған сенбеді ғой, соңдарынан ермеді. Өзімізден шыққан шолақ белсенділер оларға тіпті ырық бермеді.

Бұлар біразға дейін тағы да үнсіз қалды. Ту-у, мына бір бозторғайдың жан ұшыра шырылдауын-ай! Бишара бармақтай болып, ненің хабарын айтып тұр екен? Жырлап тұрғаны – көктемгі қуаныш жыры ма, әлде қасіреттің гөй-гөйі ме?

- Бізді қойшы, біздің шаруа осымен бітті ғой. Ал, ендігі жас ұрпақ, балалардың көрген күні не болады? Бәрінен де соны айтсайшы, - деді Ғазиза манағы бала қайғысынан әлі де арыла алмай. – Ұрпағымыз осылайша отбасы тәрбиесінен, тегінен ажырап, телім-телім боп кеткені ме?

- Бала үшін қайғырма. Олар Кеңес өкіметінің нағыз «бел баласы» болып шығады, - деді Дәмелі сақылдай күліп. – «Лагерде туған балалар халық жауы болып саналмайды» деген сөзді өкімет жайдан-жай айта салды дейсің бе? Бала керек оларға... Айтқанды екі етпей орындайтын құл керек! Сөйтіп, олар кілең құлдардың басын құрап, ұлтқа, дінге бөлінбейтін, «Совет халқы» деген су жаңа ұлыс жасап шығармақ.

- Алла сақтасын, тіпті ойлаудың өзі қорқынышты! – деді Ғазиза қарадай тітіркеніп.

Бұлар жол бойы әңгіменің иін қандырып, шалқар түсте мал фермасына да келіп жетті. Осы маңда үш табын сиыр, бірнеше қора қой бар. Сай-салада көкке тойған көп мал маржандай шашылып, жайылып жатыр. Жолаушылар ең алдымен ферма меңгерушісі орналасқан орталық қыстауға қарай бұрылды. Жайлауға көшетін-ақ мезгіл. Бірақ, көктемде малшылар отыратын киіз үй қайда? Ақ ордалар кәмпеске кезінде талауға түскен, одан қалғаны ашаршылықта тігулі күйінде далада иен қалып, шіріп кеткен... Малшылар, амал жоқ, шатыр тігіп алыпты. Жауын-шашында су өтпейтін, ықтасыны мол, әскери шатырлар... Қой қоздап, сиыр бұзаулап, малды ауыл мәре-сәре. Уызға тойған малшылар әжептәуір әл жиып, өңденіп қалыпты. Алғашқы жылы лагер басшылары әр қойшыға бірден қарауыл қойып, қызық болған. Кейін ондай артық қырағылықтың қажеті болмай қалды. Соғыс кезінде солдат тапшылығынан болды ма, әлде әйелдердің ешқайда қашпайтынына көздері жетті ме, қарауыл санын азайтты. Мына заманда қағазсыз, құжатсыз қашқанда қайда барасың? Қазір бірнеше күзетші мал қораларын атпен аралап қана жүретін болған.

Дәмелі бір сөздің кезегінде ферма бастығынан Нұржамал апайдың жағдайын сұраған. Ферма бастығы бұрынғы тұтқын, кейін еркін еңбекте жүрген егделеу адам еді, жауап беруге асықпай, күмілжіп қалды:

- Сіздердің келгендеріңіз мұндай жақсы болар ма, - деді аз-кем үнсіздіктен кейін. – Нұржамалдың майдандағы баласынан «қара қағаз» келді. «Днепрден өтерде ерлікпен қаза болды» делінген. Соны қалай көрсетерімізді білмей отыр едім... Қазір сол жаққа бірге барсақ қайтеді?

Дәмелі мен Ғазиза төбелерінен жәй түскендей сілейіп отырып қалды. Алда байқұс-ай, Нұржамал апайдың жатса-тұрса тілеуін тілеген бар сүйеніші – майдандағы ұлы еді, одан да айрылған екен ғой. Өткенде бір келгенде баласынан хат алып, қуанышы қойнына симай отыр еді. Онда хат Сталинград майданынан келген. Нұржамал соған өзінше мән беріп:

- Көрдің бе, менің ұлым әкесін «халық жауы» деп атып тастаған, шешесін еш жазықсыз лагерге айдаған Сталинның қаласын қорғап жүр! – деген айызы қана сақ-сақ күліп.

- Апай, артық сөз айтып қайтесіз, «үй артында кісі бар», сақ болсаңызшы, - деп ақыл айтқан Дәмеліге:

- Ой, тәйір-ай, енді мені қайтадан соттайды деп отырсың ба. «Халық жауының» әйелі осылай сөйлемегенде қайтуыш еді. Қиын қылса атып тастар! – деп, әбден ашынып алған ана алған бетінен қайтпай, турасынан бір-ақ кескен.

Одан бері де төрт-бес айдың жүзі болды. Бұл жолы көктем күніндей, Нұржамалдың да жүзі жадыраңқы екен. Алда өзін не күтіп тұрғанын қайдан білсін, «О-о, сіңлілерім келіп қалды ғой» деп Дәмелі мен Ғазизаны құрақ ұшып қарсы алды. Біраз қой сауып, орта қазан сүт пісіріп отыр екен, келіншектерді әлі уызы арылмаған қоймалжың қой сүтімен сыйлады. Көңілінде ештеңе жоқ, осындағы күзетші солдаттарды күлкі етіп отыр.

- Туасы түк көрмеген өңшең дүлейлер ғой. Әне күні қой сауып жатсам, «бұл – мемлекет малына қастандық. Қозылар аш қалады» деп осындағы айдауылдар әлек шығарды емес пе. У-шудың үстіне мына ферма бастық келіп, мән-жайды әлгілерге түсіндірді-ау деймін.

Нұражамал лагердегі ұсақ балаларды алыс бір жаққа алып кеткенін, олардың ішінде Ғазизаның да қызы бар екенін біреулерден естіген екен. Соған байланысты Ғазизаға жұбату сөздер айтты.

- Болған іске болаттай берік бол, сіңілім! Қазақтың басына төнген бұл да бір апат қой. Жеке қазақ емес, ақылды, зейінді адамдарға келген төтенше зауал! – деп аз-кем үнсіз қалды. Жалпы, Нұржамал қазақы сұлуға жататын дөңгелек жүзді, ақсарының әдемісі. Осы лагерге келгеннен бері ғана қырау жала бастаған самай шашын жаулығының ішіне жинақтап, сәл бөгелді де: – бес баламды бес жаққа қаңғыртып жіберіп, мен де отырмын ғой, мінеки. Би-ағаң ұсталғанда тапсырған екі аманаты бар еді. Бірі – балалары, екіншісі – қолжазба, кітаптары. Амал не, соның екеуіне де ие бола алмадым.

Мынадай көңіл күйде отырған анаға майдандағы баласының қазасын қалай естіртпек? Бірақ бұдан ары жасырып қалуға тағы болмайды. Ферма бастығы – бұрынғы «Қарлаг» тұтқыны, орта жастағы қазақ еді. Сол тамағын кенеп, аз-кем оқталып отырды да:

- Нұржамал, саған ақыл айтатын емес. Өзің, міне, сіңлілеріңе тоқтау салып отырсың... Сен – көпті көрген, ер әйелсің ғой, басқа түскен тағы бір қайғыны көтеріп кетер деп сенем... Сұм соғыс талайларды жылатып жатыр ғой. Сенің де... – деп арғы жағын айта алмай бөгеліп қалып еді, сезімтал Нұржамал:

- Не болды? Әукенімнен қаралы хабар әкеліп отырғаннан саумысың? – деді дауысы жер астынан шыққандай құмығып.

- Солай боп тұр... Әукен ұлыңыз Днепрден өтерде ерлікпен қаза болыпты, - деп ферма бастық қалтасынан қаралы қағазды алып ұсынды.

Дәмелі қайғылы хабардың арты ұлардай шуға, жоқтау-жылауға ұласар деп ойлаған. Барын салып, Нұржамал апайды жұбатуға іштей дайын отырған-ды. Бірақ, бұл күткендей болмады. Жылап-сықтау да, шаш жайып, бет жырту да болған жоқ. Нұржамал қара қағазды қолына ұстаған күйі мелшиіп отырып қалды. Жылай-жылай көз жасы да сарқылған болар. Жартастан шыққандай екі тамшы жас ақша бетінен сырғанай жылжып, иегіне келіп тоқтап қалды.

- Әукеннің өлетінін білгем... Жақында түс көргем, - деді әлден уақытта. – Құлыным түсімде әкесімен бірге жүр. Екеуі қол ұстасқан күйі әлдебір жаққа кетіп барады... «Болашақ шаңырақ иесі сенсің» деп, Би-ағаң марқұм оның басынан құс ұшырмайтын еді ғой... Әкесінің аруағы қорғап-қоршап жүрген шығар деп ойлағам... Сөйтсем, ұлын өзімен бірге әкеткелі жүр екен ғой.

- Соғыс миллиондарды жалмап жатыр ғой. Отаны үшін өлгеннің арманы жоқ. Берік болыңыз, жеңеше! – деді Дәмелі аузына басқа сөз түспей!

- Иә, мына заманда өкіметтің өз оғынан емес, жау оғынан өлу де – бір мерей, - деді Нұржамал өзіне емес, өзге біреуге көңіл айтып отырғандай. – «Ерлікпен қаза болды» деп пе? Иә, бұлардың әулеті сүйтеді... Жау десе қолында өледі ғой. Атасы – Амангелді мен Кейкі батыр... Өмірі жаудан қайтпаған. Оның үстіне, байқұс бала «әке абыройын ақтаймын» деп барын салған болар... «Аң шадырын оқ табар» деген ғой бұрынғылар.

Естірту, көңіл айту, жұбату рәсімі осымен аяқталған. Осы сәтте ферма бастығы өз тарапынан тағы бір адамгершілік мінез танытты.

- Сен, Нұржамал, бүгін-ертең жұмысқа шықпай-ақ қой. Бүгін бір мал сойып, майданда өлген азаматтың рухына құран бағыштайық! – деді сыпайы тіл қатып.

Жиналып қалған үлкен-кіші осымен тараған. Қазір бұл елге өлім таң емес. Тірі кісі тіршілігін істейді. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Дәмелі мен Ғазиза да өз міндеттеріне кірісіп кетті.

- V -

Ай артынан ай, күн артынан күндер жылжып өтіп жатты. Арқа жеріне күз түскені кеше ғана сияқты еді, әне-міне дегенше қарлатып, борандатып, қыс та келіп жетті. Жаз бойы арқа-басын кеңге салып, жадыраңқы күн кешкен тұтқын әйелдер бүрсеңдеп, барақтарына қайта тығылды. Бұл маусымда лагер басшыларының қатты алаңдайтыны – қыстық отын. Алғашқы жылдары маңайдағы қамыс пен қарағанды жағып тауысқан. Былтырдан бері Қарағанды маңындағы шахтадан көмір тартатын болды. Босқа емес, әрине. Қарымтасына мал өнімдерін, астық, не көкөніс беріп, сатып алады. Көмір қызулы, тау-тау қамыс жинағанша, бірер жүз тонна көмір алсаң, әлдеқайда тиімді.

Сергей Бариновтың сонан кейін айналысатын бір жұмысы – мерзімі толған тұтқындарды босату, жаңадан келетіндерін қабылдау. Бұл елде «халық жаулары» мен «шпиондар» өмірі бітпейтін болар, бірі босап шықса, екіншісі орнына келіп жатыр. 1938-жылы, алғашқы лекте сотталған әйелдер бес жылға, не сегіз жылға кесіліпті ғой. Бес жылға кесілгендердің мерзімі биыл бітті. Оншалық көп емес, бірер мың әйел. Бәрі дерлік Ресейден келгендер. Солардың бәрін босатса, лагердің жүгі едәуір жеңілейіп-ақ қалар ед. Тегі, жоғарыда отырғандар тұтқындарды қазақ жерінде ұстау арзанға түседі деп ойлай ма, болмаса басқа бір себебі бар ма, жақында: «Ресейдегі лагерлерден бірнеше жүз тұтқын сендерге ауысады, орын әзірлеңдер» деген бұйрық келді. Амал жоқ, оларды да қабылдауға тура келеді.

Не үшін екен, мерзімі толып, азаттыққа шыққандар да жуық арада Қазақстаннан кеткісі жоқ. Себебі, лагерден босағандар Мәскеу, Ленинград, Киев секілді үлкен қалаларға бірден кіре алмайды екен. Жол ортада уақытша тағы бір мекенге күл төгіп жүргенше, осы Қарағанды, Ақмола маңында қалғанды қолай көреді. Көп әйелдер лагерден босап шығысымен, кезінде детдомға өткізілген балаларын тауып әкеліп, адамы сирек, азық-түлігі мол, жері кең Қазақстанға ірге теуіп тұрып қалмақ. Осылай етуге өкімет те мүдделі. Қазақстанда қалам деушілерге жол ашық, қолма-қол қағаз жасап береді.

Бұрын кім білген, папкадағы «істерін» қайта қопарғанда мәлім болды ғой, кезінде әйелдерді соттағанда, неше түрлі асыра сілтеушілікке жол берілген екен. Кейбір әулетте «халық жауының» әйелі, шешесі, апа-қарындасы, ұл-қыздары түгел сотталған. Немесе бір кісінің бұрынғы әйелі, кейінгі әйелі қатар айдалғандар да аз емес. Ал, енді біреулердің әйелі мен ашынасы осы лагерге келген соң табысыпты. Бұлар үшін арнайы сот отырысы, тергеу-сұрақ болмаған ғой. «Халық жауының» әйелісің бе, бітті, бес жылға, не сегіз жылға айдалып кете барған.

Бір қызығы, қазақ әйелдері түп-түгел сегіз жылға сотталыпты. Жер өздеріңдікі, қайда асығасыңдар деді ме екен, бес жылға кесілген біреуі жоқ. Біздің кейіпкерлердің жаза мерзімі енді үшжылдан кейін, 1946 – жылы бітеді. Амандық болса оған да жетерміз деп, жансебіл байқұстар алдағы күнге үмітпен қарап жүр.

Лагер өмірінде алып бара жатқан төтенше жаңалық жоқ. Сол баяғы мимырт тірлік, өтпейтін ұзақ айлар, бір-бірінен айнымайтын бедеу күндер. Әйткенмен, тіршілік тоқтап қалған жоқ. Әйел заты жүрген жерде өмірдің жалғаса беретіні белгілі ғой. Былтырдан бері де лагерде бірер жүз бала дүниеге келіпті. Саяси бөлім бастығы, майор Мишин балаларды қаттап-шоттап, есейіп қалған тағы бір тобын детдомға өткізуге дайындап жүр. Осылайша, «халық жауларының» жұтаған жұртында болашақ «Совет патриоттары» өніп-өсіп жатыр.

Айтпақшы, сол «патриоттардың» біразының дүниеге келуіне себепші – қарауыл бастығы Мазепа еді ғой. Жақында сол Мазепаның басынан бір қайғылы жағдай өтті. Басында біз сыпайылық сақтап, оқымысты оқырыманның көңіл күйін бұзбау үшін, сол бір өрескел оқиғаны айтпай-ақ қойсақ деп ойлағанбыз. Кейін ойлап қарасақ, өмірде шын болған жағдайды аттап кетуге болмайды екен. Оның үстіне, жазушы өз кейіпкерінің тағдырына жауапты. Кейіпкер ұнамды ма, ұнамсыз ба, бәрібір, қалың оқырман оның ақырының немен біткенін білуі керек.

Өткенде Мазепаның өз қылығы үшін лагер бастығынан кешірім сұрап, «түзелуіме мүмкіндік беріңіз» деп жалынғаны естеріңізде шығар. Алайда, соның бәрі жәй көз алдау болып шықты. Әу баста бойға бітпеген адамшылық, ар-ұят аяқ астынан қайдан ояна қойсын-ау?! Түзелу былай тұрсын, қарауыл бастығы келе-келе бұрынғыдан да дандайсып, әбден асқынып алды. Керек десеңіз, лагер бастығы Бариновты жүре тыңдайтын дәрежеге жетті. Олай болатыны, Мазепа ойламаған жерден жоғарғы басшылардан қолдау тауып еді.

- Әйелдердің көңіл күйін орнықтырып, жан дүниесін тыныштандыруда Мазепа жолдастың атқарып жүрген рөлі өте маңызды, - депті Жоғарыдан келген өкілдердің бірі. – Сондықтан, лагерде сәбилердің көптен дүниеге келуінен қорықпаңыздар. Олар – біздің болашағымыз, соғыста қаза болған солдаттардың төлеуі, – депті сөз соңында.

Осы сөзден кейін жалғыз Мазепа емес, басқа қарауылдар да, айқұлақтанып шыға келген. Бұрын тәк-тәкпен әрең жүрген солдаттар қойға шапқан аш қасқырдай анталады. Ал, Мазепа лагердің еркесіне айналып еді. «Ойбай, Мазепа дегеніңіз сұмдық қайратты екен, қанша шапса да талмайды екен. Әйелдердің сауабын алу үшін оны өкімет осында әдейі жіберіпті» деген дақпырт тарады. «Ел мақтаған жігітті – қыз жақтаған» деген сөз бар. «Шіркін-ай, сол жігітті бір көретін екен» дейтін қызық құмарлар көбейді. Солардың бірі – Анастасия атты кавказдық келіншек. Ол өзі «халық жауының» әйелі де емес, ашынасы екен. Бес жылдық мерзімін өтеп, жақында қайтқалы жүрген. Ол да өз ісінің хас шебері болса керек, Мазепамен ойнап-күлуге ықыласы қанша ауғанмен, Анастасияға кезек тимей жүретін-ді.

Бұл кезде Мазепаның әбден кекірелеп, асып-тасқаны сонша, ешкімде жоқ, өзгеше жат қылықтар шығара бастап еді. Тіпті, айтуға ауыз бармайтын, адамшылыққа жат нәрсе. Қалыпты ер-әйел қатынасы тұрыпты ғой, ол енді әйелдерге қару-жарағын зорлап сорғызуды шығарған. Кіріптарлық не істетпейді, әйел байқұстар қайтсін, соған да көніп жүрді. Ол үшін Мазепа арнайы жылы орын іздеп жатпайды, кез-келген жерде әйелді тізерлетіп қояды да, шалбардың ауын ағытып жіберіп, ботасы емген саулы інгендей иіп тұрғаны. Көп әйелдер бұған көне қоймайды, әрине. «Ағатай-ау, құралыңызды қолданатын құдай жаратқан өз орны дайын тұр ғой, соған салсаңызшы» деп жалынады. Бірақ, оған Мазепа құлақ аспайды. Ол үшін бұлай істеу жан рахаты. Әрі «халық жауынан» өш алудың бұл да бір әдісі еді.

Содан, не керек, бір күні кезек Анастасияға келеді ғой. Қарауыл бастығы бұлғақтаған мас дейді. Алайда кавказдық сұлу оның бұл жаңа зорлығына көне қоймайды. Ал, Мазепа бұған дейін талай асауды жуасытқан. Келіншекті есінен тандыра төмпештеп алып, ақ қардың үстіне қайтадан тізерлетеді ғой. Сонан соң білеудей бірдеңесін аузына тықпалайды. Міне, сол кезде болады сұмдық оқиға. Қорлыққа шыдамаған кавказдық әйел пышақтай өткір тісімен әлгі пәлесінің бел ортасынан бір-ақ басады. Мазепаның құлындаған дауысы шығады. Ақ қардың беті қызыл ала қан болады. Оқиға кешкі астан кейінгі апақ-сапақта, асхананың сырт жағындағы қуыста болған екен. Мазепаның жан айқайын естіп, қарауылдар, аспаздар жетеді жүгіріп. Лагердің емханасы таяу жерде болатын, дереу соған алып келеді. Алғашқы көмек көрсетіледі. Бірақ мұндағы дәрігерлер еш қайла жасай алмай, азық-түлік таситын жүк машинасымен Ақмоладағы ауруханаға жөнелтеді. Мазепаның жағдайы мәз болмаса керек. Кавказдық әйелдің тісі мұндай өткір болар ма, «жыныс мүшесі терісіне ғана ілініп тұр» дейді, Дәмелі сияқты көзімен көрген дәрігерлер.

Мазепа Ақмола ауруханасында бір айға жуық жатып шықты. Ондағы дәрігерлер зақымданған мүшені біршама қалпына келтіріп, жібек жіппен тігіп, жамап-жасқап, өздерінше жөндеп берген көрінеді. Бірақ онысы жәй кіші дәретке отырғанға болмаса, одан өзге қызметке жарамсыз деседі білетіндер.

Алайда, осы болымсыз оқиғадан өрт шығып кете жаздады. Арты қып-қызыл дау. Майор Мишин бастатқан НКВД қызметкерлері «бұл – Совет жауынгеріне әдейі жасалған қастандық» деп тауып, Анастасия байқұсты Ақмола түрмесіне апарып қамап тастады. Ал, лагер бастығы Баринов бастаған біраз адам бұдан гөрі басқаша пікірде еді.

- Ал, бірақ сол Совет жауынгері өзінің ең жанды жерін жат пиғылды, жау әйелдің аузына неге тосып жүр? Олай етуге оны кім зорлады? – десті олар. – Біз Мазепаны білеміз, оның үстінен түсіп жатқан шағымдар аз емес.

Анастасияны ұстап әкеткен күннің ертеңінде лагердегі тұтқын әйелдер көтерілді. Бұл – «АЛЖИР» тарихында бұрын-соңды болмаған толқу еді. Кезінде Мазепадан зорлық көргені бар, басқасы бар, бес мыңға жуық әйел алаңға топтасып, бір күн бойы жұмысқа шықпай қойды. Ол жылдары бұл елде «адам құқы» деген ұғым мүлде жоқ болатын. Соның өзінде:

- Анастасияға бостандық берілсін!

- Тұтқын әйелдер – қарауылдардың көңіл көтеретін ермегі емес.

- Әйелдерге әлімжеттік жасап қорлаған Мазепа сұмырай сотқа тартылсын! – деген ұрандар көтеріп, шуылдап тұрып алды.

Көпке не істейді? Көптің аты – көп. Тұтқындарды ұрды-соқты, айқайлады, бірнешеуін таяққа шықты. Қарауылдар авчарка иттерін арсылдатып, аспанға мылтық атты. Бірақ ашынған әйелдерді басып тастай алмады. Ақыры, Қарағандыдан, Ақмоладан НКВД басшылары келіп, бұл оқиғаны өршітпей, тез жауып тастауды жөн көрді.

Ал, Анастасияны көп ұзамай-ақ түрмеден босатқан. Бірақ оны бұл жерде аялдатқан жоқ, құжат-қағаздарын қолма-қол реттеп беріп, Кавказға шығарып салды. Мазепа да лагерге қайтып оралмады. Мұндағы жұртқа көрінуге беті шыдамаған болар, ол да өз тілегі бойынша қызметін ауыстырып, Ресейге қайтып кетті. «Жүйрік ат аяғынан қалады» демекші, ол да өзінің ең көрінекті мүшесінен айрылып, абыройсыз қайтты еліне.

Сөйтіп, Ақмола лагері ойда жоқта бір дүрлігіп барып, қайтадан сабасына түсті. Алайда, Мазепа туралы әңгіме бірден сап тиыла қойған жоқ. Артында айта жүрерлік түрлі-түрлі аңыз қалды. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Енді біреулер кәдімгідей қимастық танытады.

- Ортамызда орынға тұратын жалғыз еркек бар еді. Бәрің жабылып жүріп, оны да орға жықтыңдар-ау! Маңдайымызға симай кетті-ау есіл ер! – деп бір әйел өкініш білдіріп.

- Мазепада арман жоқ. Артында өшпес із қалды. Лагерде туған балалардың ең кем дегенде елу-алпысы – соның ұрпағы, - депті тағы біреу.

- Бір өзі әкесіз-некесіз соншама «патриоттарды» дүниеге әкелген Мазепаға өкімет батыр атағын берсе де көптік етпейді, - депті үшінші біреу.

Ал, біз білетін қазақ әйелдері құбыжықтан құтылғанына қуанды. Нұржамал бұл хабарды фермаға келген Дәмеліден алғаш естігенде:

- Апырай, жақсы болған екен! Мазепа да бір – аш қасқыр сияқты ғой. Бір күні аяқ астынан сап ете қалып, сендердің сорларыңды қайната ма деп қорқушы едім, - деген шын қуаныш білдіріп.

- Мазепаның көңілі ауған бір адамы – сіз едіңіз. Өзіңіз оны қасқырға теңеп, қимай тұрған жоқсыз ба? – деді Нұржамалмен жеңге деп ойнай беретін Дәмелі.

- Кетші ары, сен қыз да қайдағыны айтады екенсің. Ол пәле мына сен сияқты сылқымдар тұрғанда мені қайтеді, - деп Нұржамал да есесін жіберер емес.

Түгел дерлік сегіз жылға сотталған қазақ әйелдерінің бостандық алуына әлі де үш жыл бар еді. Ал «АЛЖИР-дың» бір жола жабылуына тағы он жыл қажет болатын... Амал жоқ, сол күнді күтуге тура келеді. Тұтқындардың төзімін тауысқан ауыр айлар мен тасбақа күндер баяу жылжып өтіп жатты.

ЭПИЛОГ

«Таң атпайын десе де, күн еркіне қоймайды» дегендей, заманнан – заман өткенде, қазақ даласының төсіне шыққан қатерлі жара – «АЛЖИР» де жер бетінен жойылып еді. Бәрі бір диктаторға қарап тұр екен. Тұп-тура Сталин өлген 1953-жылы әйелдер лагері де жұмыс істеуін тоқтатты. Жаза мерзімі біткендері де, бітпегендері де өз мекендеріне қайтып жатты.

«Соқырдың тілегені – екі көзі» дегендей, тұтқын әйелдердің бостандыққа шығысымен іздегені – өздері жоқта детдомға өткізілген балалары еді. Көпшілігі балаларымен қауышты. Ал, буыны қатпаған жас сәбилердің көбі шетінеп кетіпті. Соғыс жылдарындағы аштық пен ауыру-сырқауға анасынан ерте айрылған тірі жетімдер төзе алмаса керек. Өлі-тірісі белгісіз, ұшты-күйді хабарсыз кеткендері қаншама.

Ал, тірі жүргендерін аналары іздеп тапқанымен, олар баяғы бала емес еді. Мүлде бөтен, жат балалар... Ең бастысы, олар енді қазақ емес, түп-түгел орыс болып кеткен. Кейбіреулері өз аналарын танымай да қалыпты. Үйге келген соң да туыстарын жатырқап, көп айлардан соң өз үйіріне зорға қосылды. Әу баста осы қуғын-сүргіннің өзі шаңырақты шайқалту, ұлттың қаймағын қалқып алу, жас ұрпақты тілінен, ділінен, тегінен айыру үшін жасалған ғой. Бұл жағынан алғанда, империя көздеген мақсатына толық жетті деуге болады.

Әсілі, «Қарлаг» та, «АЛЖИР» де қазақ жеріне жайдан-жай орнамаса керек. Көп ұзамай бүкіл қазақ даласы лагерге айналды. Кремль өзіне ұнамаған, сенімсіз, күмәнді деген ұлттарды Қазақстанға жер аударды. Соғыс жылдарында немістермен, жапондармен тіл табысып кетеді деген күдікпен сонау қиыр шығыстан кәрістерді, кавказдан шешен-ингуш, қарашай-балқарды, Волга бойынан немістерді көшіріп әкелді. Ерікті түрде емес, зорлықпен, небәрі 24 сағаттың ішінде күшпен пойызға тиеген... Ал, соларды қазақ жеріне әкелгендегі мақсат – қазақ атын мүлде өшіру, жаңағы ұлттарды да тегінен, тілінен айырып, біртұтас «Совет халқы» етіп шығару. Оны және жасырған жоқ, Қазақстанды «ұлттар достығының лабораториясы» деп жариялады. Сол «лаборатория»ұлттарды бір-біріне қосып, қорытып шығармақ болды.

Алайда, балшабектер көздеген мақсатына толық жете алған жоқ. Ұлт дегеніңіз – олар ойлағандай, бір-біріне оп-оңай жұтылып, жойылып кететін нәрсе емес екен. Тек бұл науқаннан отызыншы жылдардағы ашаршылықтақақ жарымынан айырылып, әбден әлсіреген қазақ қана оңбай зардап шекті. Ал келімсектердің түгі де кеткен жоқ. Кәріс те, неміс те, шешен-ингуш те тілін, ділін сақтап қалды. Тек, өз елінде адам симай жатқан кәрістер ғана отанына қайтқан жоқ. Одан басқа неміс те, жойыт та, қырым татары мен шешен-ингуш те Сталин өліп, заман түзелісімен ата-жұрттарына қайтып кетті.

Дүниеде мәңгілік не бар? Еш жазықсыз оққа ұшқан азаматтардың нахақ қаны жібермеді ме, немесе жастық шағы лагерде жылап кеткен әйелдердің қарғыс-наласы тиді ме, не болмаса ата-анадан мезгілсіз айрылып, зар жылаған сәбилердің көз жасы атты ма, әйтеуір «АЛЖИР» жабылған соң арада қырық жылдай уақыт өткенде, әншейінде мызғымастай көрінген әлемдегі ең соңғы империя – КСРО аяқ астынан омырыла құлап түсті. Ешкім бір оқ атпай, ешкім де қарулы төңкеріс жасамай, өзінен-өзі құлады-ау! Көк темір құрсанған бес миллион әскер де, осы елді жетпіс жыл билеген, жиырма миллион мүшесі бар коммунистік партия да, баяғы НКВД-ның өзгерген жаңа түрі КГБ да ештеңе істей алмады. Компартия көсемдері тымқұрыса халық алдына шығып, бір ауыз уәж айтуға жарамады-ау!

Сол бір 1991-жыл мәңгі есімізде. Бұл жолы азаттық таңы шығыстан емес, батыстан атты. Сол азаттық таңы қашан атар екен деп, Империя езгісіне әрең шыдап отырған одақтас республикалар бірінен соң бірі өз тәуелсіздігін жариялап жатты. Ерте көктемде Балтық жағалауынан басталған бостандық таңы жаз айларында Кавказ елдерін нұрландырып, күзге таман Орта Азияға да келіп жетті-ау! Сол жылы 31-тамызда қырғыздар, бірінші қыркүйекте өзбектер бөлініп кетті. Ендігі кезек біздікі шығар, ұзаса араға апта салып, қазақ та өз туын көтерер деп күткенбіз. Жоқ, атамаңыз, тәуелсіздік біз үшін әлі де төбесін көрсетер емес. Баяғы «достық лабораториясы» кезінде миымыз шайқалып қалған ба, аға ұлттардан тіпті айрылғымыз жоқ. Не керек, Империяның ең сенімді, адал құлы екенін қазақтар осы жолы бір танытты... Ақырында, 1991-жылы, 8-желтоқсанда Империя ошағының үш бұты – Ресей, Украина, Белорусь өзара енші бөлісіп, КСРО деген ел тарап кетті. Құлаған Империяның ескі жұртында, дүниені таң қалдырып, Қазақстан ғана қалып қойды. Бұдан ары кешіксек, біз санаттан мүлде шығар едік, ешкім бізді мемлекет деп танымас еді. Содан не керек, 16-желтоқсанда бос жатқан тәуелсіздікті әрең дегенде алдық-ау! Қырғыз бен өзбектен кейін үш жарым ай артта қалдық... Бәлкім, қазір кейбіреулер тәуелсіздікті өз халқымызға көп күш жұмсап, зорға әпердік деп кейінгі жас ұрпаққа мақтанатын болар. Бірақ біз көрген ақиқат болмыс осындай.

Дегенмен, бұған да шүкірлік етуіміз керек. Өйткені, сол тұста біздің кейбір «көсемдеріміз» тәуелсіздікке қызықпай, Ресей құрамында қалып қоюды көксеген көрінеді. Азаттыққа қол созбай ұзақ отырып алғанда да, Ресейден бір ишара болама деп күткені анық. Біздің бағымызға, Ресей басшылары «адал құлдардың» ол ұсынысын қабылдамапты. «Одақтас республика деген аттарың бар. Әзірше, ел қатарлы тәуелсіздіктеріңді ала беріңдер. Біз енді өзімізде қалған жиырмаға жуық автономиялы республикаға ие болып қалсақ та аз олжа емес» деп, артық жүктен бас тартса керек.

Біздегі балшабектер тәуелсіздіктен текке қашып жүрген жоқ, оның да өз жауапкершілігі бар. Азаттық алған екенсің, енді соған лайық ел іргесін бекіту, қоғамды отарсыздандыру, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, ұлы аруақтарға ескерткіш қою, ұлттық тілді, мәдениетті дамыту деген мәселе туындайды. Алайда, бізде бұл шаруа тым ықылассыз, шабан жүрді. Билік басында қалған балшабектер ел өмірін жаңғыртуға асыққан жоқ. Ұлттық езгіні, Империяның зорлығын, қазақтың басына төнген аштық пен геноцидті қозғағысы келмеді. Енді қайтсын, Ленин – балшебектердің атасы, Сталин – көкесі. Оларға қалай мін тағып, жағасынан алып жатсын-ау?! Мәселен, баяғы «АЛЖИР» лагері тұрған орынға белгі қойып, мұражай ашу керек деп, қалың жұртшылық дауыс көтергелі қашан. Билеуші шенеуніктер бірден ақшаның соңына түсіп кетті де, «АЛЖИР» кесенесі тәуелсіздіктің он алтыншы жылында әрең дегенде қолға алынды.

Қазір Астана (бұрынғы Ақмола) қаласынан батысқа қарай отыз бес шақырым жерде, Қорғалжың тас жолының бойында «АЛЖИР» лагеріне арналған кесене-ескерткіш тұр. Әртүрлі экспонаттарға бай, еңселі мұражай да осында. Баяғы барактардың бірі жоқ. Сонау бір жылдары «тың көтерушілер» лагердің орнын тас-талқан етіп бұзып тастапты. Империя зорлығынан із қалмасын деді ме, кім білсін. Ақмола стансасында тұтқын әйелдерді жер-жерден тасып әкелген «азап вагондарының» бірі сақталған екен. Өткен күннің бір белгісіндей сыртқы аулада сол вагон тұр. Қабырғаларында қос қабатты нар-төсек орнатылған, еденінде ұрадай тесік бар (дәретке отыратын жер), темір есікті, темір терезелі кәдімгі вагон. Тұтқындар осы вагонмен алыс өлкелерден айлап, апталап жол жүріп жеткен.

Ең керемет ескерткіш – Мұражайдың сыртын айнала қоршаған мәрмәр қабырға. Осы қара мәрмәр қабырғада «АЛЖИР» іске қосылған он бес жылда (1938-1953) ілгерінді-кейінді жазасын өтеген жиырма мыңдай әйелдің алфавит ретімен жазылған тізімі тұр. Біз өз кейіпкерлерімізді осы тізімнің ішінен оп-оңай тауып алдық.

Кезінде КСРО көлемінде «халық жауы» шықпаған ұлт жоқ қой. Демек олардың жазасын өтеуге жіберген әйелдері де «АЛЖИР» де бас қосқаны анық. Ендеше, бұл – жалғыз Қазақстан емес, ТМД елдеріне ортақ ескерткіш. Кезінде жиырма мыңдай әйелді уысында ұстаған 20-ғасыр құбыжықтарының бірі. Сол ТМД елдеріндегі жастар өз әжелерінің жазықсыз жапа шеккен жазалау орнын көргісі келмес деймісің. Көргісі келгенде қандай! Амал не, «АЛЖИР-дың» соған татитын насихаты жоқ. Ол халықаралық туристік маршруттарға да іліне қоймаған. Алыстан келген қонақтарға Астанадағы жылтырақ сарайларымызды (өзге елдерде ондай биік үйлер жоқтай-ақ) көрсетуге асығамыз да, маңызы жағынан дүниеде теңдесі жоқ «АЛЖИР» кесенесі көлеңкеде қала береді.

Сонымен, біздің шағын хикаямыз да аяқталуға жақын. «АЛЖИР» мұражайына ара-тұра барып жүріп, жазықсыз жапа шеккен аналар қасіретін көз алдымыздан өткізгенде, көңілге сәуле түсірген кейбір суреттер осындай. КСРО-дан өзге ешбір елде болмаған. Ондай зұлмат енді қайталанбасын деп тілейік. Тағы бір отаршылдар ойда жоқта жерімізге баса-көктей кіріп, ойына келгенін істемесін. Жеріміздің иесі де, киесі де қайта оралсын. Бір кезде біздің бабаларымыз абақтысыз, түрмесіз, бостандықта ғұмыр кешкен екен. Қазақты сол бабалардың рухы қолдасын! Аумин.

2010-қыркүйек (2.09.2010 - 28.09.2010)