Сұхбаттар

Ынсап жоқ жерде ұят та болмайды

Қазақ байғұс Ленин мен Калининге мұң шағып тұрғандай көрінеді...

- «Өркениеттi 50 елдiң қатарына қосыламыз» дедiк. Талап дұрыс. Бiрақ, озық елдiң қатарына қосылу үшiн тек байлықты арттыру, байларды көбейту аздық етедi. Осымен бiрге демократияшыл үрдiстердi, халықшыл жөн-жоралғыларды да дамытуымыз керек. Кiсiлiгiмiз әрбiр iсiмiзден көрiнiп тұруы керек.

Ал бiзде қалай? Халық жинал­ған, халық топтасқан жерден билiктiң өлердей қорқатыны несi? Менiңше, билiк басындағылар «Көп­тiң аты көп. Бiреу болмаса да бiреу қоймамызды, құпиямызды, қоямызды ашып қояды» деп ойлап, халықты таратқанша асығады-ау деймiн.

- Халық ерiккеннен жиналмайды ғой.

- Оған сөз бар ма?! Жаңа­өзеннiң мұнайшыларды жетi ай бойы ереуiлдедi. Ерiккеннен емес, әрине. Ашынғаннан, қорланғаннан, жұмыссыздықтан, әдiлетсiздiктен. Олардың мұң-зарын тыңдаудың орнына ол бейшараларды қырды да салды. Қазаққа қазақ оқ атты. Осылай қыра берсек, не болады? Бiр қазақты екеу ете алмай жүр­генде...

Бейбiт күнде өз халқына оқ ату... Бұл – үлкен ұят, үлкен масқара болды. Бiр қазақ атылса, бiз соның құнын даулауымыз керек. Бiрде-бiр қазақтың тағдырын сұраусыз, жоқтаусыз жiбермеуiмiз керек! Ал ендi Жаңаөзендегi қырғында қанша қазақ қаза тапты? Бiреу 17 адам дейдi, ендi бiреулер 70 дейдi, 100-дiң үстiне шығарып жiбергендер де бар...

Жарайды, халық шеруге шықты делiк. Ау, мұның не терiстiгi бар? Бiздiң Ата заңымызда, Конституциямызда шеруге, митингiге шығуға құқылы екенiмiз тайға таңба басқандай етiп жазылған ғой. Халыққа «неге ереуiлге шығасың?», «неге митингiге шығасың?» деу – қиянат.

Керiсiнше, билiктiң өкiлi халық жиналған митингiге қатысып, олардың талап-тiлектерiн дұрыстап тыңдап, дұрыстап ден қоюға тиiс. Халық митингiде көкiректерiндегi шердi, запыранды төгедi. «Запыранды төгедi» дегенiмiзден өрбидi, Алматыдағы 3-ықшамауданында бiр шағын алаңқай бар.

- «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңқайды айтып тұрсыз ба?

- Иә, соны айтып тұрмын. Мiне, халықтың митингiсi осында өтедi. Өйткенi, өзге жерге, Алматыдағы үлкен алаңдарға митингi өткiзуге билiк рұқсат бермейдi.

Осы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңқайда өткен митингiге талай рет қатыстым. Өзi қысылшаң, аядай ғана тар жер. Алматының орталығынан алып тасталынған Лениннiң, Калининнiң ескерткiштерi де қазiр осы алаңқайда тұр. Митингiге жиналған халық ұлттық тiлдiң ахуалын айтып, ұлттық мүдденiң ұмытылып бара жатқанын сөз етедi. Сол кезде маған қазақ байғұс өзiнiң мұңын Ленин мен Калининге шағып жатқандай көрiнедi. Өте бiр жаман әсерде қаламын. Ленин мен Калининнiң ескерткiшi тұр қасқа­йып. Ал қазақтар ұлттық мүдденiң жайын айтып жатыр. Мiне, бiздiң жеткен жерiмiз! Қазақтың ұлттық мүд­делерi неге зәулiм сарайларда, әдемi алаңдарда, кең кабинеттерде айтылмайды? Ұлттық мүдде неге осындай тар, қысылшаң, елеусiз жерде айтылады? Осының өзiнен-ақ бiздiң билiктiң ұлттық мүддеге деген көзқарасы ай­қын аңғарылады.

САН БАР, САПА ЖОҚ

- «Жазушылар ұсақталып кеттi. Майдаланып, күйкiленiп кеттi» деген пiкiрлер жиi айтылып жүр...

- Қалай ұсақталмайды?! Қалай майдаланбайды?! Егер...

Ендi осы мәселенi рет-ретiмен баян­дайын. Мiне, Жазушылар одағының кезектi съезiн өткiзетiн мезгiл де келiп қалды. Естуiмше, мамыр айында өтетiн секiлдi. Бiрақ, мұны созбақтатып, сиырқұйымшақтатып әрi қарай созып жiберуi де әбден мүмкiн...

Ал ендi бiз осы қаламгерлердiң съезiне қалай, қандай табыстармен, қандай жетiстiктермен келдiк? Сан бар-ау, бiрақ сапа жоқ.

- Мұны қалай түсiндiк?

- Кеңес заманында да Қазақстанда 700-ге жуық жазушы болатын. Қазiр де жазушының саны осы 700-дiң ар жақ, бер жағында. Бiрақ, «бiз жазушылардың санын кемiткен жоқпыз» деп мақтануға болмайды. Өйткенi әде­биет­тi жеке таланттар, дара таланттар жасайды. Мәселен, Қадыр, Жұмекен, Тұманбай поэзиямызды қалай өсiрдi, қалай көтердi?!

Қазiргi 700 жазушымыздың қақ жартысынан астамы, тiптi үштен екiсi десем де болады, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелiгiне Нұрлан Оразалиннiң тұсында өттi. Құдай-ау, мұның iшiнде кiм жоқ дейсiң: журналист те жүр, естелiк жазудан аса алмайтын зейнеткер де жүр, өйтiп-бүйтiп бiр-екi кiтап шығарған әуесқой ақын да жүр, әуесқой сатирик, әуесқой сыншы, әуесқой драматург, әуесқой сценарист... Және бұлардың 20-30-дан топталып өтетiнiн қайтерсiң. Осыдан кейiн Қазақстан Жазушылар одағында қандай бедел, қандай салмақ болады?!

«Бедел», «салмақ» дегенiмiзден шығады, Кеңес заманы кезiнде Жазушылар одағы ұлттық партияның, тiркел­меген ұлттық партияның рөлiн атқарды. Қазақстан Жазушылар одағын Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Әнуар Әлiмжанов, Олжас Сүлейменов басқарып тұрған кезде ЦК-ның өзi жазушыларға қарап жалтақтап отыратын. ЦК дегенiмiз кiм? Орталық Комитет! Билiк! Сол билiгiңнiң өзi жазушылар ұйымымен санасып отыратын. Колбин Қазақстанды қанша жыл басқарды? Екi жарым жыл. Осы екi жарым жыл iшiнде Колбинiңiз жазушылар одағына екi рет кеелді. Бұл санасқаны емей немене?!

- Рас айтасыз, билiктiң аты – билiк. Билiк – қай кезде де, қай заманда да билiк. Қай кезеңде де, қай заманда да билiк оңайшылықпен илiге, имене қоймайды. Сол кезеңде жазушылар билiктi қалай илiктiрдi? Қайтiп имендiрдi? Осының себеп-сырын айтып бере аласыз ба?

- Мұның бәрi басшыға байланысты. Жазушылар одағын кiмнiң басқарып отыруына байланысты.

Жоғарыда шет-жағасын айтып та кеттiм ғой, Қазақстан Жазушылар одағының мiн­детi – таланттарды ашу, таланттарды табу, таланттарды шоғырландыру, таланттарға қамқорлық жасау еке­нiн. Сол сияқты, Қазақстан Жа­зушылар одағының басшысы да айналасына аузы дуалы, сөзi өтiмдi, бе­делдi, талантты жазушыларды топтастыруы керек. Қарақан басының қамынан аса алмайтын, күнкөргiш, тiлал­ғыш, көнiмпаз, жерге қарап сөй­лейтiн­дердi емес, семсердiң жүзiн­дей өткiр, алғыр, елдiң қамын, қа­зақтың мүддесiн ойлайтын жазушыларды топтастыруы керек. Мұндай жазушылар бар ма? Бар! Бiрақ олар әр жерде, әр салада, әр қиырда жүр. Осындай өңкей талант­ты, өткiр жазушылар топтасса, билiктi илiктiрмей қоймайды.

ЖАҒЫНУ – ЖАЗУШЫНЫҢ IСI ЕМЕС

Ендi, қарағым, мен саған бiр мысал айтайын. Ресейдiң қазiргi прези­дентi В.Путин прези­денттiк сайлауға түсер алдында өзiнiң сайлауалды штабын құрды. Сөйттi де, штабқа Говорухиндi басшы етiп сайлады. Говорухин кiм? Өнер адамы. Атақты кинорежиссер. Ептiлiк, пысықтық жөнiнен Говорухиндi он орап алатын шенеунiк­тер бар. Бiрақ соның бiрiне де тоқтамай, Путин Говорухиндi қалады. Неге? Халықтың бетiн берi қарату үшiн. Өйткенi, халық Говору­хиндi ерекше жақсы көредi, сыйлайды, құрметтейдi. Мұны не үшiн айтып отырмын? Билiк ешуақытта өнер адамдарымен есептеспей, санаспай тұра алмайды. Өнердiң атасы, өнердiң көкесi – жазушылық. Демек, билiктiң жазушыларды санаттан шығарып тастауы мүмкiн емес. Нұрланның бiр жаман жерi, билiктi жағынумен, жағыну арқылы илiктiргiсi келедi. Жағыну – жазушының iсi емес. Билiктi жағынумен жеңе де алмайсың, илiктiре де алмайсың. Халыққа беделiң жүрсе, халықтың алдында беделдi болсаң, билiк сенi өзi-ақ iздеп келедi. Говорухиннiң билiкке жағынғанын көрдiң бе, не болмаса бiр жерден оқыдың ба?

- Көрген де, оқыған да емеспiн!

- Әнекей, Говорухиндi билiктiң өзi iздеп тапты. Қазақстан Жазушылар одағы да билiктi беделмен алуы керек. Ол үшiн, жоғарыда айтқанымдай, өткiр де өтiмдi, беделдi жазушыларды шоқтай ұйыстыру керек. Ал бiздiң Нұрлан, керiсiнше, талантты жазушыларды шашыратып, пышыратып алды. Оның есе­сiне, айналасына өзiне дауыс беретiн­дердi жинап жатыр. Әйтпесе, Халықаралық «Алаш» сыйлығының бiрден 42 адамға үлестiрiлуiн қай қисынға жоруға болады? «Халықаралық «Алаш» сыйлығы бiрден 42 жазушыға берiлдi» дегенге әуелгiде сенбе­дiм. Артынан «Қазақ әдебиетi­нен» оқып, осы 42 жазушының iшiнде Халықаралық «Алаш» сыйлығын алу былай тұрсын, Жазушылар одағына мүше болуға шарты толмайтын жазғыштарды көрiп, көңiлiм мүлде қоңылтақсыды...

- Егер Н.Оразалин Халықаралық «Алаш» сыйлығын бiрден 42 адам­ға, өзiңiз айтқандай, үлес­тiрiп берiп, өзiне дауыс бере­тiн­­дердi жинап жатса, Жазушылар одағының басшылығынан кетпеу­дiң қамын ойластырып жатқан болды ғой?

- Әрине, бұл – жазушылардың пленумы қарсаңында, съезi қарсаңында өзiн жақтайтындарды көбейту­дiң амалы. Мен Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлығы жөнiндегi комиссиясының мүшесi едiм. Бұрын шақырып тұратын, бұл жолы, неге екенi белгiсiз, шақырған жоқ. Соған қарағанда, менi комиссияның мү­шесiнен шығарып та тастаған сияқты...

Қарап отырсам, Нұрлан Оразалин­нiң Қазақстан Жазушылар одағын бас­қарғанына 16 жыл болыпты. Бұл аз уақыт емес. Жаңа туған сәбидiң ат жалын тартып мiнетiн азамат жасына жететiн уақыты! Ал ендi одан әрi басқара берем деу – онсыз да берекесi қашып тұрған Жазушылар одағын одан әрi сансырату болар едi. Қазақстан Жазушылар одағын ешкiм де 16 жыл басқарған емес! Бұған дейiн ең көп басқарған Әнуар Әлiмжанов болса, соның өзi 9 жыл басқарды. Жазушылар одағына жаңа басшы керек. Бұл – көптiң тiлегi, көптiң қалауы. Жаңару, жаңғыру – уақыт, заман талабы.

ХАЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ НЕГЕ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАЗУШЫСЫНА БҰЙЫРМАЙДЫ?

- Атақты, белгiлi, талантты жазушыларға үкiмет тарапынан мем­лекеттiк стипендия берiледi. Сiз осы стипендияны 13 жыл бойы алып келiпсiз. Ал соңғы жылдары бұл стипендия Сiзге берiлмейтiн болды. Неге?

– Композиторы, әншiсi, күйшiсi, әртiсi, жазушысы бар, жыл сайын 80-90 өнер адамына мемлекеттiк стипендия берiледi. Бұлардың iшiнде жазушылардың саны 30-ға жуықтап қалады. Мiне, мен осы стипендияны 13 жыл бойы алып келдiм. Осыдан дәл 16 жыл бұрын Қазақ үкiметi арнайы қаулы қабылдап, мемлекеттiк стипендия тағайындаған болатын. Және жаңылыспасам, осы қаулыда «бұл стипендия шығармашылықпен танылған, мойындалған талантты жазушыларға берiле­дi» деп атап та көрсетiлген-дi. Қаулы шыққан жылдан бастап бұл стипендия­ны үзбей 13 жыл бойы алып келдiм. 3 жыл болды, неге екенi белгiсiз, маған стипендия берiлмейдi. «Неге берiлмейдi, не үшiн берiлмейдi?» деген сұрақтың түбiне жете алмай-ақ қойдым. Бұған кiнәлi Қазақстан Жазушылар одағы ма, ҚР Президентi әкiмшiлiгi ме, жоқ әлде үкiмет пе, соны нақтылай алмай-ақ қойдым.

Жылына бiр берiлетiн бұл қомақты қаражат әжептәуiр көмек едi. Сол көмектен айырылдық. Соңғы 4 жылда 3 кiтап шығардым. Қол қусырып қарап жатқан жоқпыз, еңбектенiп жатырмыз. 1990 жылы ҚР Мемлекеттiк сыйлығына ие болдым. 1998 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» деген биiк атаққа қолым жеттi. Қарап отырсам, қазiр көзi тiрi 8 Халық жазушысы қалыппыз. Әлгi мемлекеттiк стипендия осы сегiз жазушының екеуiне берiлмейдi екен: оның бiрi – мен, екiншiсi – Мұхтар Мағауин. Ала қойды бөле қырыққандай бiз екеумiздi неге бөлектеп тастаған? Бұл қандай саясат? Кiмнiң саясаты?

Мемлекеттiк стипендия дегенiмiз – президенттiң, не болмаса үкiмет басшысының ақшасы емес, халықтың ақшасы. Ал ендi сол халықтың ақшасы неге халықтың жазушыларына бұйырмайды? Қаулыға қарасаң, стипендия «шығармашылықпен танылған, мойындалған талантты жазушыларға» берiлуге тиiс. Алып жатқандардың iшiнде әлi ешкiм тани қоймаған шикiөкпелер де жүр...

Мұхтар Мағауинге көмек керек емес деп кiм айтты? Ол да бiр зейнетақыға қарап отыр. Қазiр Чехияда жатып 4 томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты тарихи баянын жазып жатыр. Мұның бiрiншi кiтабы жақында «Жұлдызда» жарияланды. Төрт нөмiрге. Сыншысың ғой, өзiң-ақ айтшы, қалай екен?

- Ғажап! Аса құнды, игiлiктi еңбек! Бұл – Шыңғыс ханның бұрын-соңды ешкiм жазбаған толық әрi шынайы тарихы. Мұны үлкен-кiшiге бiрдей қажет әрi пайдалы «Қазақ тарихының» аса үздiк оқулығы деуге де болады. Жалпы, мұның сыртында Мұхтар Мағауин өзiнiң осы еңбегiмен «Қазақ тарихы қалай жазылуы керек?» деген айрықша маңызды, ерекше күрделi сауалға да жауап бере кеткендей. Бiздiңше, қазақ тарихы дәл осылай жазылуға, осылай бағалануға, осылай байыпталуға тиiс! «Шыңғыс хан және оның заманының» кiрiспе бөлiмiнде автор «Сайыпқыран Шыңғыс ханның аруағы риза болғай! Қадым заманда жасаған Алып Бабаларымыздың асқаралы даңқы дабылдай берсiн!» дейдi. Бiрiншi кiтапты оқып шыққаннан кейiн бiз де «Алып жазушымыз Мұхтар Мағауиннiң мерейi мен мәртебесi арта берсiн!» дедiк шын ниетiмiзбен.

- Мiне, үкiметтен берiлетiн көмек те әлдекiмдерге емес, халық үшiн, ұлттың мүддесi үшiн, ұрпағымыздың ертеңi үшiн аянбай еңбектенiп жатқан Мұхтар Мағауин секiлдi жазушыларға берiлуге тиiс емес пе?!

«АБЫЛАЙДЫҢ АСЫНДА ШАППАҒАНДА, АТАҢНЫҢ БАСЫНДА ШАБАСЫҢ БА?»

- «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деген мәтелдi естiген боларсың?

- Естiдiк қой.

- Естiсең, мұның астарында «Абылай ханның асынан үлкен ас болмақ емес, ендi өнерiңдi, барыңды осындай үлкен ас, ұлы жиында көрсетпегенде қайда көрсетпексiң?!» деген мән-мағына жатыр. Бұдан ненi аңғаруға болады? Қазақтың Абылай ханды ерекше қадiрлегенiн, оның қайраткерлiгiн өте жоғары бағалағанын байқауға болады.

Қош делiк. Мiне, бiз сол күллi қазақ қадiрлеген ұлы тұлғаның 300 жылдық мерейтойын атаусыз қалдырдық.

Жасыратын түк те жоқ, қазiргi күнi «Нағыз тарих бiзден басталады!» дегенге саятын бiр баянсыз, шолақ, келте түсiнiктi қалыптастырғысы келетiндердi де байқап жүрмiз. Мұның бәрi бос әурешiлiк! Өткенге мұрын шүйiре қарау – жетесiздiктiң белгiсi. Мәдениетсiздiктiң, Нарықсыздықтың белгiсi. Қазақ осылай, дәл осы күйiнде аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Қазақ мемлекетiнiң тарихы тым әрiде жатыр. Қазақ хандарының бiразы майданда, ұрыс даласында өлген. Мұндай сирек мысал, мұндай сирек дерек кез келген халықтың тарихынан табыла бермейдi.

Ендi Абылай ханға тоқтала кетейiн. Мен – Абылай хан туралы, оның айналасы туралы, Абылай ханды қоршаған қазақтың мүйiзi шаңырақтай батырлары туралы көркем шығармалар жазған адаммын. Шығарма жазу үшiн олардың тарихын, iс-әрекетiн, тiрлiгiн зерттейсiң. Сонда көзiм жеткен бiр нәрсе, Абылай ханның қазақ халқына сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз.

Абылай хан 1754 жылы қазақ жерiн басқыншылардан толық азат еттi. 40 жылға созылған осы соғысты өз басым «Отан соғысы» деп атап жүрмiн. Тарихшыларымыз осыны қабылдап-қалыптастырып жiберсе, тiптi жақсы да болар едi. Қалай Отан соғысы демейсiң, бүгiнгi тiлмен айтқанда, бiздiң бес облыс (Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Түркiстан Ташкентiмен қоса) жоңғардың атының тұяғының астында қалды. 1754 жылы Абылай хан қазақ жерiн жоңғарлардан толық тазартты. Ал ендi осыдан дәл бiр жыл кейiн, нақтылай айтсақ, 1755 жылы әйгiлi Маңшың өкiметi «Жоңғарларды жер бетiнен тып-типыл етiп құртамыз!» деп жойқын шабуылға шықты. Жоңғарлар тоз-тоз болды. Ал егер сол жоңғарлар бұрынғыдай Қазақ жерiнде отырғанда не болатын едi? Қытайлар жоңғарларды, өздерi айтқандай, «жер бетiнен тып-типыл құртып жiберу үшiн» Қазақ жерiне де келетiн едi ғой. Сонан кейiн оларды қазақтар жоңғарлар сияқты қайта қуып жiбере алатын ба едi, жiбере алмайтын ба едi, бұл – өте күрделi сұрақ, қиын сұрақ...

Жалпы, тарихты жасайтын тұлғалар ғой. Абылай ханның айбынының, амал-айласының, сесi мен сұсының қаншалық екенiн, оның қайраткерлiк, ұйымдастырушылық қабiлетiнiң қаншалық екенiн мынадан да байқауға болады. Абылай хан өлгеннен кейiн 10 жылға жеткен жоқ, Оңтүстiк Қазақстанды Қоқан басып алды. Мына жақтан Ресей де қазақ жерiне қол сала бастады...

- Қазақтың көрiпкел ғұламасы Мәшһүр Жүсiп Көпеев «Батырда Қаракерей Қабанбайдан өткен батыр жоқ, Биде Үйсiн Төле биден өткен би жоқ!» дей келiп, қазақ хандарының iшiнде Абылай ханның еңбегiн айрықша биiк бағалайды. Тарихи деректер келтiре отырып. Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң толық шығармалар жинағының 12 томы басылып шықты. Бұрындары Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң Абылай хан туралы айтқандары ғылыми айналымға түспей келiп едi, ендi түсетiн шығар...

- Қазақтың белгiлi адамдары, қазақтың ғұламалары мен тарихшы-ғалымдары былай тұрсын, Абылай ханды шет жұрттар да биiк бағалаған. Қытайдың, Ресейдiң тарихшылары бұл жөнiнде жазып қалдырған.

Қай бiр күнi, ә-ә-ә, ендi есiме түстi, 16 желтоқсан, яки Тәуелсiздiк күнi бiраз зиялылар бiздiң үйге телефон соғып, «Абылай ханның ескерткiшiне гүл қояйық» деп өтiнiш бiлдiрдi. Екiншi Алматы темiржол вокзалының алдындағы Абылай ханның ескерткiшiне келсем, 40-50 адам жиналып қалыпты. Алматының әдеби-мәдени зиялылары, Абылай ханның қазiргi ұрпақтары, тағы тағылар. Содан әлгi жерде жиын жасап, сөз сөйледiк. Тәуелсiздiк туралы айттық, Абылай хан туралы айттық. Әншейiнде өрiп жүретiн тележурналистердi көре алмадым. Сөйтсем, осы жиынды ұйымдастырушылар бiреу емес, екеу емес, бес бiрдей телеарнаға телефон соғып, Абылай ханның ескерткiшiне гүл қоятынын ескертiп-хабарлапты. Бiрақ бiрде-бiр телеарна төбе көрсетпедi. Неге? Өйткенi олар да жоғары жақтағылардың, билiктегiлердiң Абылай ханға салғырт қарайтынын сезiп-бiлiп отыр. Содан кейiн қалай келедi?!

- Қабеке, осы Сiзден көптен берi сұрайын деп жүрген бiр сауалым бар едi. Бiздiң ғалымдарымыз Абылай ханның сүйегiн тапты, бұл сүйектiң Абылай хандiкi екенiн «бұлтартпай дәлелдедi», осы сүйектер арқылы Абылай ханның жаңа портретiн жасады. Ғалымдарымыздың дәлелдеуiнше, Абылай ханның бойының биiктiгi 157 см екен, аузында бiр тiс жоқ, кемиек көрiнедi... Осы ғалымдарымыздың дәлелiн, болжамын, олардың зерттеуiн, тексеруiн, тiрлiгiн, әрекетiн өзiңiздiң әрiптес iнiңiз, қазақтың көрнектi жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетов бүге-шiгесiне дейiн, егжей-тегжейлi жоққа шығарды. Бұл жөнiнде Т.Нұрмағамбетов бiр мақала, екi мақала емес, тұтас бiр кiтап жазды. Ол кiтап жарыққа да шықты. Т.Нұрмағамбетовтiң кiтабын зейiн қоя оқып шықтым. Шын мәнiнде, сүйек Абылай хандiкi емес екен. Мұны жазушы ешбiр тарихшы, ешбiр ғалым, ешбiр зерттеушi уәж қайтара алмайтындай етiп дәлелдеген. Дәлелдерi – нық, темiрдей. Және бұл мәселенi Т.Нұрмағамбетов өз тарапынан мейлiнше терең зерттеген.

Сүйек Абылай хандiкi болмаса, ғалымдарымыздың осындай асығыстыққа баратындай, елдi алдайтындай не бастарына зор күн туды?

- Табылған, зерттелген сүйек Абылай хандiкi емес. Басқа бiреудiң сүйегi қалай Абылайдiкi болады?! Мен бұл жөнiнде осы сүйектi Абылай хандiкi деп «дәлелдеп жүрген» ғалымдардың бетiне айтқам.

«Заманына қарай адамы» дейдi қазақ. Қазақтың хандарының бәрiшеттерiнен батыр болған: Әз Жәнiбек, Керей хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Есiм хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Салқам Жәңгiр... Мұның бәрi батыр! Өйткенi ол кезде батыр емес адам хан сайланбаған. Хан болғың келе ме, мiндеттi түрде батыр болуың керек. Сондықтан да ханның тұқымдары, ханның ұрпақтары қаршадайынан бастап қылыштасу, семсерлесу, найзаласу, садақ тарту, шоқпар сiлтеу, айбалта жұмсау секiлдi жауынгерлiк амал-тәсiлдердi үйренуге кiрiскен. Оларды «оғлан» деген. Ал оғланға жауынгерлiк амал-тәсiлдi үйрететiн адамды «аталық» деген. «Аталық» дегенiмiз – ұстаз. Ол батыр болумен қатар, бiлiмдi, бiлiктi, сан қырлы болған. Оғланға оңай адам ұстаз болушы ма едi?! Абылайдың аталығы – Ораз. Осы Ораз Абылайды жауынгерлiк амал-тәсiлдерге 7 жасынан үйрете бастаған. Қылыш жастанып өскен, қаршадайынан шынығып, ширап өскен бала ер жеткенде қалай ғана 157 см болады?! Тарихи деректерден белгiлi, оның үстiне Абылай – жекпе-жекке шыққан батыр. Қарсыласы – әйгiлi Шарыш ноян. Жоңғардың айтулы, iрiктi батыры. Шарышты шаншып түсiру үшiн де (Абылай Шарышты найзамен шаншып түсiрген) күш, қайрат, салмақ керек. Абылай ханның керемет алып адам болмауы әбден мүмкiн, бiрақ оның бойлы-сойлы болғанына күмән келтiрудiң еш ретi жоқ. Егер жаңылыспасам, Үмбетей жырау болуы керек, Абылай ханның егде тартып, қартайған шағын тiлге тиек ете келiп, «кебеже қарын, кең құрсақ» дейдi. Бойы 157 см адам «кебеже қарын, кең құрсақ» бола алмайды. Дене бiтiмi мол пiшiлген адам ғана «кебеже қарын, кең құрсақ» бола алады. Үмбетей – Абылайханды өз көзiмен көрген адам.

- Осы сөзiңiзден шығады, бiздiң көбiмiз Қарғабойлы Қазтуғанды шағын денелi, қолтоқпақтай ғана адам болған деп түсiнемiз. Қарғабойлы Қазтуған әрi ақын, әрi батыр болған адам ғой. Соңғы кездерi айтылып жүр, Ноғайлыда «қарға», «қарғабойлы» деген рулар болыпты. «Қаракерей Қабанбай» деген сияқты Қарғабойлы да Қазтуғанның руы көрiнедi...

Тiптi Абылай ханды қойып, бергi Сырым батырдың заманын алайықшы. Сырым батыр әрi би де болған ғой. Сырым билiк айтқан кезде билiкке көнгiсi келмей қыңыратқығандарды тақымына басып, сабап-сабап алады екен.

- Иә, ол кезде ел басқарған адамдарға бiлiкпен қатар, бiлек те керек болған. «Суворов қолтоқпақтай ғана кiсi болған ғой, Абылай ханның бойы да 157 см болса болған шығар...» дейдi кейбiр әрiптестерiм. Суворовтың заманы бөлек қой. Суворовтың заманы – от қарудың (зеңбiректiң, мылтықтың, мүшкеттiң) заманы. Суворовқа штабта отырып, карта сызып, өз әскерiнiң стратегиялық бағытын белгiлеп берсе, бiтiп жатыр. Ал Абылайдың заманында Абылай ханға әр адым басқан сайын бiлек күшi керек, қажет боп отырған. «157 см» дегенмен келiспейтiнiм де сол. Бұл – Абылай ханды қорлау, оның сүйегiн қорлау.

ЖАҢА АСТАНАНЫҢ СЫНЫН БҰЗАТЫНДАЙ...

- Тек Абылай ханды ғана қорлап, жалғыз Абылайды ғана ескерусiз қалдырсақ бiр сәрi-ау...

- Дұрыс айтасың, Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдық мерейтойы облыстық деңгейде ғана аталып өттi. Семейде...

Алаштың көсемi. Қазақтың көсемi. Ұлттың көсемi. Ұлттың көсемiне қандай құрмет көрсеттiк? Не ескерткiшi жоқ. Не оның атына берiлген көше жоқ...

Алаштың көсемiнiң мерейтойы – бүкiл алаштың тойы, қазақтың көсемiнiң мерейтойы – күллi қазақтың тойы емес пе едi?! Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуге не кедергi болды? Менiңше, билiктен тек ынсап қана кеткен жоқ, сонымен бiрге ұят та кеттi. Әлихан Бөкейханов, Әлiмхан Ермеков... Қайсыбiрiн айтайын, Алаштың аяулы тұлғаларының мерейтойларының жетiм қыздың тойындай болып өтуi де – билiктiң ықылассыздығынан.

«Ықылассыз» дегенiмiзден шығады, Қазақ мемлекетiнiң iргетасын қалағандар кiмдер? Әрине, әз Жәнiбек хан мен Керей хан. Әуелгiде «әз Жәнiбек хан мен Керей ханның ескерткiштерi Қытайда құйылып едi. Жөндi құйылмапты...» деген сөз шықты. Ерiнбей Астанаға iздеп барып, ескерткiштердi әдейiлеп көрдiм. Құйса Қытай құйсын, ескерткiштер әдемi құйылыпты: айбынды, ажарлы. Содан қоятын жер таппай, бұл ескерткiштер бiр қыс күресiнде жатты. Халық шулап кеткеннен кейiн, бұл ескерткiштердi елеусiздеу бiр жерге қоя салды, әйтеуiр. Қазiр Астана «ескi Астана», «жаңа Астана», «Есiлдiң оң жағалауы», «Есiлдiң сол жағалауы» деп бөлiнетiн болды ғой. Қайран әз Жәнiбек хан мен Керей ханның, қазақтың маңдайына басқан киелi тұлғаларының ескерткiшi тап бiр жаңа Астананың сынын, сәнiн бұзатындай, ескi Астанада, адам аяғы жиi бара бермейтiн елеусiздеу бiр бұрышта тұр...

- Әңгiмеңiзге рақмет!

Әңгімелескен – Әмірхан МЕҢДЕКЕ «Жас Алаш». 20-наурыз, 2012 ж.