Сұхбаттар

Митингiге қатыссам, оққа ұшам ба деп қорқамын

Саясаткер, көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Алтынбек Сәрсенбайұлын толғандырған мәселелер мен саясаткердiң саяси-интеллектуалдық мұрасы бүгiнде мәнiн жойған жоқ. Қайта күн өткен сайын Алтекеңнiң айтып-жазып кеткен нәрселерi өмiршеңдiгiн дәлелдей түсуде. Саяси өзгерiстерсiз қазiргi қоғамның тап бүгiнгiдей тұйыққа тiрелетiнiн саясаткер болжаған. Өкiнiшке қарай, оған сол тұста құлақ аспаған билiк пен қоғам әлi де меңiреу қалпында, таскерең күйiнде.  А.Сәрсенбайұлының 50 жылдығы қарсаңында қайраткердiң серiктерi мен замандастары, зиялы қауым өкiлдерi саясаткер белгiлеп кеткен қоғамның алдағы даму бағыттары мен саяси өзгерiстер мәселесiн бүгiнгi қоғаммен байланыстырып талқылады. “Жас Алаш” газетi редакциясының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде айтылған “Алтекеңнiң ойлары мен идеялары және бүгiнгi қоғамның келбетi” тақырыбында өрбiген пiкiрлердi назарларыңызға ұсындық.

Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ,Халық жазушысы:

“МИТИНГIГЕ ҚАТЫССАМ, ОҚҚА ҰШАМ БА ДЕП ҚОРҚАМЫН”

– Жақында Ата заңымыздың 15 жылдығын атап өттiк. Конституцияда “мемле­кеттiң ең үлкен қазынасы, байлығы – адам” деп жазылған. Бiрақ бұл сөз кү­йi­н­де қалды, қолданыста мүл­­де жоқ. Егер Қазақ мемле­кетiнiң қымбат қазы­насы адам болса, ке­шегi Жаңаөзенде жазықсыз қазақ қынадай қырылар ма едi? “Бәрi адам үшiн, мем­лекеттiң иесi – халық” деген де сөйлем бар. Бүгiнде адам баласында шыбын құрлы құн, дәрмен қалмады. Ауыр қылмыс жасаған қанiпезердi ату жазасына кеспейтiн елмiз. Сөйте тұра, кез келген шеруде, митингiде адамды сотсыз, дәлелсiз атып тастайтын болдық.

Бүгiнгi қоғамда адамды ату шiркей өлтiрумен бiрдей екенiн әлемге айдай етiп көрсетiп бердiк. Бiр-бiрден атпаймыз ғой, көгендеп қойып қосақтап, иiрiп қойып тобымен сұлатып салатын болдық. Етiмiз өлiп кеткенi сонша, бұқаралық ақпарат құралдарында сүйiншiлеп жария етедi. Өткен жолы теледидарды тыңдасам, “Ақсай шатқалында 12 адамның мәйiтi табылды” деп тiлшi сайрап отыр. Жүзiнде қамығу, қасiретке қабырғасы қайысу мүлде жоқ. Айналайын-ау, 12 адамды қырып кетуден асқан қасiрет бар ма? Адамның ғұмыры ойыншыққа айналғанын дәлелдеудiң бұдан артық қандай амалы бар? Шекарада 14 сарбазды 19 жастағы бозбала жайратып салғаны рас болса, онда бiз елдiң шетiн күзетудi кiмге сенiп тапсырғамыз?

         Қазiр қылмысты оқиғаның алдымен сце­нарийi жазылады да, бәрi сол жоспар бойынша рет-ретiмен жүзеге асырылады. Осындай сұмдықты көрiп, естiген мен қазiр митингiге қатысудан қорқамын. Өйткенi тәртiп сақтайды, елдiң тыныштығын күзетедi деген полиция шеруге шыққандарды атып тастайды, оларға ешқандай сұрау не тоқтау болмайды. Ал осындай қоғамды көргенде шеруге шықсаң атып кете ме деп қауiптенесiң. Өйткенi сенi атып тастағаны үшiн ешкiм жауап бермейдi. Ке­рiсiн­ше, өлiмге басыңды тiгiп жүрген өзiңе “заңсыз митингiге қатысқаны үшiн атылды” деп жала жабылады.      

Олар қолын қанға малса да жазаға тартылмайды. Есесiне, табанақы, маңдай терiнiң өтеуiн ала алмай, көлденең көк аттыға жем болған жазықсыз жұмысшылар еңбегiн даулағаны үшiн, митингiге қатысқаны үшiн қудаланады, қылмыскер атанады, ақыры оққа ұшады.

         Жаңаөзенде қайтыс болғандардың нақты саны белгiлi емес, ресми ақпарда 17 адам дейдi, кейбiреулер 70-тен аса деп жүр. Оқиғаның соты бастал­ғанда мен полицейлер жазаға тартылатын шығар дегем, керiсiнше болды. Президент Маңғыстауға барған сапарында полицияны ақтап: “олар өз қызметiн мiнсiз атқарды” дедi. Мiнсiз атқарды өзi де. “Ат” дедi, атты. Бала-шаға, шал-шауқан, қатын-қалаш аралас. Көздеп жайрата бердi. Жаңаөзендегi қырғынның бейнетаспасын көрсең, адам баласы жырт­қыштан ары болып кеткенiн аңғарасың. Калашников автоматы оталып, халықты баудай түсiрiп жатыр. Анда-санда жаралыларға қарата атыл­ған Макаров тапаншасының шаң­қ-шаңқ еткен даусы естiледi. Осы қанды қырғында атылған кiм, атқан кiм, атқызған кiм? Жауабы айтылған жоқ. Жоғалған адам да көбейiп кеттi. Заң органдары неге жауапкершiлiктi көтермейдi? Неге халықтың алдында жауап бермейдi? Айтамыз да қоямыз. Ең бiрiншi адам құнының соншалықты төмендеп кеткенiн дәлелдеп, жазықсыз қырыл­ғандарды жоқтап алуымыз керек. Қалғаны – екiншi мәселе.

Рысбек Сәрсенбай:

   - Қазақ қоғамында неліктен қантөгіс, атыс-шабыс көбейіп кетті? Себебі неде деп ойлайсыздар?

Қабдеш Жұмаділов:

         Қазақтың қазіргі билігі, үкіметі үрей үстіде өмір сүріп келеді. «Қорқақ кісі өлтіреді» деген мақал тегін айтылған ба? Билеушілер халққа сенбегендіктен, қорқатындықтан осындай қантөгіске барып жүр... Жалпы біздің билік әубастан-ақ адам құқымен санасқан емес.

         Заң органында қызмет iстейтiн бір танысым айтып едi. Тәуелсiздiгiмiздi жаңадан алған 90-жылдары бiр топ адам аштық жарялағанда бұрын мұндайды көрмеген әлгiлер үрейленiп, Iшкi iстер министрлiгiне жүгінеді, министрдің де төбе шашы тiк тұрып, ең жоғарыдағы адамға жеткiзiптi. Сонда ең жоғарғы адам “Қорықпаңдар, бiз демократиялық елмiз, адамдар аштық жариялаймыз десе де, тіпті ашығып өліп кетем десе де еріктi. Тимеңдер” деген екен. Адам құқы мен өмiрiнің аяққа тапталуы осыдан басталады.

         Зиялы қауым өзiнiң позициясын Жазушылар одағы арқылы төмендетіп алды. Өмiрде қандай оқиғалар болып жатыр? Одақтың төрағасы да, хатшылары да былқ етпейдi, үн қатып тiс жармайды. Жазушылар одағымен ешкiм санаспайды содан кейiн. Егер одақ мүшелерi ауызбiршiлiкпен билiкке өзiнiң талап-тiлегiн айта алса, халықтың мұң-мұқтажын жеткiзсе, олар еріксіз санасар едi.

         Кеңес одағы кезiнде Компартия Қазақстан жазушылар одағына жалтақтап, айтқанын орындайтын. Колбин бiздiң елдi екi жылдан аса уақыт басқарды ғой, сонда Жазушылар одағына екi рет келiп, зиялы қауымның талабын тыңдады. Сафуан Шаймерденов сонда: “Сiз неге сөйлегенде езуiңiз жиылмайды? Әлде халықты ойын­шық көресiз бе?” деп ашуланғаны бар. Сонда Колбин: “Хатшының түсi суық деп жүргендер бар екен. Сондықтан өңiмдi жылытқаным ғой”, – деп ақталған. Сол жылдары Жазушылар одағы тiркелмеген ұлттық партияның рөлiн атқарған. Қарапайым халық мұң-мұқтажын, талап-арызын одаққа келiп айтатын.

Рысбек СӘРСЕНБАЙ:

– Қазақ зиялылары бiрауыздан ұлттың, халықтың, мемлекеттiң мүд­десi үшiн күреспеген соң, беделiнен айырылады. Он шақты қаламгер бiрiксе де үлкен күш болады. Олар оппозицияны қолдаса, тiптi күшейер едi ғой.

Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ:

– Халықтың көзiн аша беру керек. Ол үшiн баспасөздің маңызы зор. Халық оянады дегеннен қорықпау қажет. Халық өз билiгiн қолына алады. Қор болып көрiнген жерде атылып өлгенше, күресiп өлген дұрыс. Күресем деген халыққа тоқтау сала алмайсыз.

         Тәуелсiздiк алғанда бiз шетелдегi қандастарымыз да көк тудың астына, атажұртқа келедi деп қуандық. Соңғы уақытта 2015 жылға дейiн көштi тоқтатып, шеттен қазақ келтiрмеу туралы қаулы шықты. Сұмдық қой! Егер

шеттегi қазаққа шапағатымыз, мейiрi­мiмiз тимесе, онда тәуелсiздiгiмiздiң құны көк тиын! Мұндайды кiм ойлап тапты? Кiмнен келген бұйрық? Осы мәселенi анықтауымыз керек. Көштi тоқтату – ұлтқа жасалған қиянат. Қастандық. Соңғы санақта қазақтың санын үш рет өзгерттi. Алғашында 67,8 па­йыз дедi. Екi айдан кейiн 65-ке түсiрдi. Тағы екi ай өткенде 63 пайыз дедi. Менiңше, қазақ қазір – 70 пайыз. Билiк оны мойындағысы келмейдi. Елімізде 70 пайыз қазақ тұрғанда ассамблея дегеннiң керегi не?

Рысбек СӘРСЕНБАЙ:

– 2004 жылғы Парламент сайлауынан кейiн халық қатты наразы болды. Сайлаудың бұрмаланғанына, дауыс ұрланғанына ашынған жұрт көтерiлуге дайын едi. Бiрақ оппозиция халықты бастап шықпады. Мүмкiн, сол кезде бастап шыққанда кейiнгi қасiреттi оқиғалар болмас па едi?

Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ:

– Араб елдерiн мысалға алып “Диктатордың ажалы” деген мақалалар сериясын жаздым. Ол “Жас Алаш” бетiн­де жарық көрдi. Диктаторлар билеп-төстегенде қоғамның қамын жемеуi өз алдына, бiзден кейiн не болады деген мәселе ойына да кiрiп-шықпайды. Бұлар қоғамды лайлайды, бүлдiредi, түзел­мей­тiн күйге жеткiзедi. Ливия, Мысырда осы нәрселер болды. Басшылары 40 жыл ел билесе де, өзiнен кейiн мұрагер қалдырмаған. Бiзде де солай. Назарбаевтан кейiн не болады,мен содан қорқам. Бiздi қазiр бөлшектеп тастады. Ассамблея бiр бөлек, қазақтың өзi бiр бөлек, оның орыстiлдiсi бiр бөлек, қазақтiлдiсi бiр бөлек. Менен кейiн не болады дегендi ойлап жатқан ешкiм жоқ. Кiм мұрагер, кiм iзбасар? Менен кейiн топан су қаптаса да бәрiбiр деген ұстаныммен келе жатыр. Бiз құлдық санадан арыламыз ба десек, қазiр құлдықтың жаңа вирусы енiп жатыр. Ол – жағымпаздық, бiр кiсiге табыну. Империядағы құлдық санадан тазарамыз ба деп жүрсек, құлдықтың жаңа түрiне тап болдық. Бұдан арылу оңайға түспейді. Халыққа жөн сілтейді дейтін жазушылардың өзi қырық пышақ.

«Жас Алаш» №71-72, 11-қыркүйек