Мақалалар

Азаттық Аңсаған Көш

(Шыңжаңдағы ұлт-азаттық күресінің даңқты қаһарманы Қалибек Хакімнің туғанына – 100 жыл)

Әбден жүгіне жетіп арықтаған көтерем малдың да жілігінде болар-болмас жылтыраған май болады екен. Сол май сарқылып, түгелдей қаракемікке айналған кезде жаңағы көтерем орнынан тұра алмай қалады. Қарап отырсаңыз, жеке адам мен тұтас бір халықта да осыған ұқсас бір хал бар. Өзгеге бодан болып, құлдық қамытын киіп жүрген ұлттың да жүрегінде бостандыққа деген бір сәуле өшпейді. Қашан қара тұяқтан хал кеткенше азаттыққа ұмтылады. Сол үміт шырағы өшкен күні жаңағы ұлт та ел болудан қалады.

         Бір ғажабы, бас еркінен айрылған қазақ ұлты соңғы екі ғасырда, қай елдің босағасында жүрсе де, азаттық идеясынан ажыраған жоқ. Құлдық қамытын жұлып тастауға уақ-уақ ұмтылып отырды. Он тоғызыншы ғасыр басында қазақ әлі асау болатын. Мойынға түскен Ақ патша бұғалығына көнбей, Кенесары болып бұлқынды. Хан Кене Ресей империясымен он жыл соғысып, күш басым жау мен іштен шыққан сатқындарға төтеп бере алмай, ақыры өз басын құрбандыққа шалды.

         Сонан кейінгі бір бұлқыныс 1916-жылы бұрқ ете түсті. Қазақ жеріне әбден орнығып алған Ақ батша бұл жолы қазақтан әскер аламыз деп, әдейі шапқа түртіп тулатты да, күні бұрын әзірлеп қойған жазалаушы әскерін атқа қондарап, бейбіт халқты қанға бөктірді.

         Ал, 1930 – 1931-жылғы мал-мүлікті тәркілеуге, жаппай колхоздасуға қарсы көтеріліс – қазақтың ең соңғы тұяқ серпуі еді. Бірақ бұл тоқу қазақ даласын түгел қамти алған жоқ. Созақта, Маңғыстауда, Шұбартауда шаң берген бұлқыныстар Кеңес өкіметі тарапынан аяусыз жанышталды... Ал, 1932-жылғы ашаршылықта қақ жарымы қырылған, 1937-жылғы қуғын-сүргінде көзі ашық зиялы ұлдарынан түгелге жуық айрылған, 1941-1945 жылдары дүниежүзілік қанды қасапқа іліккен сор маңдай қазақ ендігі жерде ошаң етіп, бас көтеруден қалған-ды. Ұлт азаттығы жайына қалып, «байтал түгіл бас қайғының» кебін киді.

         Әйткенмен, азаттық идеясы мүлде өшіп қалған жоқ. 1930-1940 жылдары ұлт азаттық күресінің эпицентрі Шыңжаңға ауды. Сонау 1918-жылдың көктемінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Марсеков сынды Алаш көсемдерінің Шәуешекке барып, кіші құрылтай өткізуі, Шығыс өлкеден қарулы жасақ құруға талпынуы тіпті де тегін емес-ті. Олар Шыңжаң қазағын арқа сүйер тірегіміз, қоймадағы қорымыз деп есептеген.

         Айтса айтқандай, 1932-жылы аштықтан босып барған елге де, бассауғалап барған Алаш қайраткерлеріне де Шыңжаң қазағы сүйеніш, пана болды. Алаш ұлдары ол жаққа жәй барған жоқ: Райымжан Марсеков, Зият Шәкәрімұлы, Тұрсын Мұстафин, Ыбырайым Жайнақов т.б. қолдарына бір-бір шырақ ұстап, барды. Олар әр аймақта мектеп ашып, ағартушылық  қызмет атқарды. Қазақстанда жаныштылған азаттық идеясын енді олар Шыңжаң жастарының бойына сіңірді. Амал не, олардың бұл қызметі ұзаққа созылған жоқ, 1938-жылы, осы жақтан барған тізім бойынша, Шың Сы-Сәй үкіметі Алаш азаматтарын түгелдей ұстап, Кеңес өкіметіне өткізіп берді.

         Алайда, Алаш қайраткерлері егіп кеткен азаттық рухы текке кеткен жоқ. 1940-жылға келгенде солар қойып кеткен «бомбалар» жарыла бастады. Әр аймақта Шың Сы-Сәй  өкіметінің озбырлығына қарсы қарулы көтерілістер бұрқ ете түсті. Алдымен қозғалған – Алтай аймағы, оның Көктоғай, Шіңгіл аудандары. 1944-жылы оларға Тарбағатай, Іле аймақтары үн қосты. 1945-жылы солтүстіктегі үш аймақ (Алтай, Тарбағатай, Іле) түгел азат болып, дербес ұлттық Шығыс Түркістан Республикасы құрылғаны баршаға мәлім.

         Тарбағатайда, оның Сауан, Қызыл өзен өңірінде партизандар жасағын ұйымдастырып, қолына қару алып соғысқан, сөйтіп, азаттық таңының атуына мол үлес қосқан қаһарманның бірі – Қалибек Хакім  Райымбекұлы. Қалибек Хакім ұлт азаттығы жолында әубастан Алтайдағы Оспан батырмен пікірлес, ниеттес болды. Азаттықтан кейін, 1945-жылы Оспан Алтай аймағының уәлиі (губернаторы) болып сайланғанда, Қалибек Тарбағатай аймағындағы Сауан ауданының әкімі болды. Ал, 1947-жылы Үрімжіде 11 тармақты бітімге қол қойылып, дербес «Шығыс Түркістан Республикасы» деген ат жойылып, оған «уақытша үш аймақ үкіметі» деген айдар тағылғанда, Оспан да, Қалибек те лауазымды қызметтерін тастап, шегініп кетті. Өйткені олар жаңағы «үш аймақ үкіметі» – өздері аңсаған азат республиа емес, Совет Одағы мен қызыл Қытай арасындағы алдамшы қуыршақ үкімет екенін байқап қалып еді.

         Бұдан ары қарулы қарсылық қайта басталғаны мәлім. Оспан батыр Алтай, Бәйтік тауларында, Қалибек Хакім Еренқабырға бөктерінде ұлтазаттық күресін одан ары жалғастырды. Оспанның күрес тәжірибесі бай, соңынан ерген жасағы да мол болатын. Ол Алтайдан амалсыз ығысып, Баркөл, Құмыл өңіріне өтіп, біріккен Қытай, Монғол, «Үш аймақ» әскерімен үш жылдай соғысты. Ал, Қалибек Хакім Ерентау өңірінен қоныс таппай, Қашқариядағы Такламакан шөліне өтіп кетті.

         Көтерілісшілер қанша жанкешті, жауынгер болғанымен, үш жақты: Совет, Қытай, Монғол қысымына төтеп бере алмай, күші басым жаудан жеңілді, әрине. Оспан батыр Гансу шекарасында қоршауда қалып, ерлікпен қаза тапты. Ал, Қалибек Хакім қуғыншы әскермен соғыса жүріп, Гималай арқылы Үнді жеріне бет түзеді. Ойға оралатын бір сұрақ: осы батырлар аз күшпен қаптаған қалың жауға төтеп бере алмасын білмеді деп ойлайсыз ба? Білгенде қандай! Ендеше, олар өздерінің жеңілетінін  біле тұра неге берілмеді? Біздіңше, бар гәп осында жатыр. Көзсіз ерлік, «ерлердің ессіздігі» деп осыны айтады. Адамды жойып жіберуге болар, бірақ оны жеңу мүмкін емес. Нағыз ерлер құрбан болуға бар, бірақ құл болып жүре алмайды. Оспан да, Қалибек те жауларына бағынбаған, жеңілмеген күйде өтті дүниеден. Өз ерліктерімен кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі қалдырып кетті.

         Такламаканді көктей өтіп, енді Гималайға бет аларда, Қалибек Хакім қасына кісі қосып, он алты жасар ұлы Хасенді (бұл күнде иісі қазақ құрмет тұтатын Хасен Өралтайды) Оспанға жібереді: «Енді бізге бұл елде күн жоқ. Бізбен бірге жүріңіз, Үндістанға, одан ары Түркияға көшейік» деп дұғай сәлем жолдайды. Оспан бірер күн ойланып, көшуден бас тартыпты. Өзі басы тағдырдың бұйырғанын осында күтіп алатынын айтып, көшетін елге ақ жол тілеген. Көрдіңіз бе, осы арада ерлердің жолы екі айрылып тұр. Бір жол – өлімді қасқайып қарсы алу, екіншісі – алыстан бұлдырап көз тартқан азаттыққа ұмтылу. Екеуін де жазғыра алмайсың. Екеуі де – қазақтың маңдайына жазылған сыбаға!

Жалпы, қазақтың көші – еріккеннің ермегі емес, көштің астарында азаттықты аңсау, бостандыққа деген құштарлық жатыр. «Пәледен машайық қашыпты» деп, күші басым басқыншы жауға жұртын сипатып кету – қазақтың ежелгі салты. Қалибек Хакім мен оның үзеңгілес серіктері: Қамыза Ұшар, Құсайын Тәйжі, Қалифа Алтай сияқты қандастарымыз жол бойы көп қиындықтарды жеңе отырып, соңдарынан ерген неше мың адамды Түркияға бастап баруы – өз алдына жатқан ерлік шежіресі. Бұл оқиғалар Хасен Оралтайдың «Елім-айлап откен өмір» кітабында жан-жақты баяндалғандықтан, біз бұл арада оған тоқталып жатпаймыз. Тек, бұл күнде Түркия мен Еуропаның әр қаласында кәсіп істеп жүрген қазақтар – сол көштен тараған ұрпақтар екенін еске салғымыз келеді.

Бір ғажабы, осындай екі айрық жол, екі түрлі таңдау қазақ үлтының алдынан оқта-текте ұшырасып тұрады. Арада он шақты жыл өткенде, Шыңжаң қазағының алдынан тағы да екі айрық жол шықты. Ұлттың бетке ұстар зиялысы түгел қуғынға ұшырап, былайғы қалың бұқараны аштық жайлаған кез. Халықты ортақ қазанға – Коммунаға иіріп тастаған. Не істеу керек? Апаттан құтылар жол қайсы?

Іргелес жатқан Алтай мен Тарбағатай аймағының халқы екі түрлі жолға түсті. Оспанның жауынгерлік дәстүрін әлі ұмыта қоймаған Алтай жұртшылығы тағы да атқа қонды. Бірақ бұл кезде әбден орнығып, тамыр тартып алған Қытайдың қызыл өкіметі көтерілісшілерді қанға бояп, аяусыз жаныштады. 1960-жылы Ақыт қажының баласы Қалман бастаған алпыс адамды қол-аяғын кісендеп, Үрімжі түрмесіне әкеліп тоғытқанын көзбен көрген куәлардың біріміз.

Ал, қолына қарудан көрі қалам ұстауға бейім Тарбағатай халқы не істеді дейсіз ғой? Олар бір жыл бойы Мәскеу мен Алматыға арыз-хаттар жөнелтіп, Совет өкіметін алдағы көш жайында құлақдар етті де, 1962-жылдың көктемінде атажұрт – Қазақстанға қарай тартып берді. Бас-аяғы 20 күнде (оныншы сәуірден – бірінші мамырға дейін) 200 мыңдай адамның шекарадан іркілмей босып өте шыққанын, сол көштің бұйдасын ұстап келген біздер, бұл күнде мақтанышпен еске аламыз.

Жалпы, қазақтың көші мен азаттық, еркіндік деген ұғымдар бір-біріне өте жақын. Қазақ жай көшпейді, жаңа қоныс іздеп, азаттық аңсап көшеді. Қазақ көші әлі тоқтаған жоқ. Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан, Монғолиядан андыздаған көш тоқтаусыз ағылуда. Мен бұл күнде атажұртқа бет алған оралмандардың көшінен де азаттық аңсаған баяғы Қалибек көшінің жалғасын көргендей боламын.

2008 – қазан.