Кітаптар тізімі
Таңғажайып дүние (2020)
Кітап қолда бар! Тапсырыс беруге болады
Кітаптың аннотациясы / Аннотация к книге:
Сонау көшпенділер ауылында туып-өсіп, бір емес, екі империяны бастан кешірген Қабдеш Жұмаділов – өмірбаяны аса бай жазушы. Ғұмырнамалық бұл романды – естен кетпес сәттердің жиынтығы, адам, қоғам, уақыт туралы толғау десе де болады. Автор нені жазса да шындықтан жалтармаған. Өмір жолында шарапаты тиген жақсылар да, кесапаты тиген кесірлер де қаз-қалпы қағазға түскен. Сондай-ақ көркем сөздің құпиясы, кемелдік, шеберлік мәселелері де кітаптың алтын арқауларының бірі.
Автордан:
Соңғы жылдары оқырман қауымның сұрауы бойынша, менің «Соңғы көш», «Дарабоз» атты романдарым қайта басылып, қазір қолдан-қолға таралуда. Жоғарғы жақтан «осы шығармалар қажет-ау» деп қол ұшын берген ешкім жоқ. Жаңағы кітаптарды өз қаражатыммен шығарып, оқырмандар тілегін орындауға күш салдым.
Менің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымды да іздеушілер көп. Көлемі 600 беттен астам қалың романды қайта басып шығарудың сәті түспей келіп еді. Биыл мүшел жасыма (85 жас) орай, сол романға кезек беріп, өмірімнің ұмытылмас сәттерін оқырмандардың есіне салуды ұйғардым.
Қазақ әдебиетінде ғұмырнамалық шығармалар көп емес. Совет дәуірінде бұл жанрға екінің бірі бара алған жоқ. Өйткені, мемуардың бұра тартуға келмейтін, жаныңнан өтірік қосуға болмайтын, таза фактіні ғана пір тұтатын өз заңы бар. Ең бастысы, мемуар жазу үшін, сенің өміріңде қоғам өмірімен астасып жатқан маңызды оқиғалар, кейінгі ұрпақ үлгі алатын өнегелі істер болуы керек қой.
Кейінгі кезде мемуар жазатындар көбейді. Бірақ, сәтті шыққандары некен-саяқ. Біреулері өз әулетін, өзінің ата-бабасын дәріптеуге ұрынса, екінші біреулері өз басының дау-дамайынан, айтыс-тартысын баяндаудан аса алмай жүр... Ал Қалихан Ысқақов сияқты біреулер өзін көтермелеп, өтірік айтуға дейін барыпты. Қалихан өзінің «Келмес күндер елесі» деген мемуарында: «Біз, қаламдас достары Қабдешке көп көмек көрсеттік. Мәселен, мен мемлекеттік сыйлықты алғалы тұрған кітабымды комиссиядан қайтып алып, Қ. Жұмаділовтың «Тағдыр» романына жол бердім» депті. Тоба, былай да өтірік айтуға болады екен! Қалиханның «Ақсу – жер жаннаты» деген шығармасы мен «Тағдыр» романының сыйлыққа қатар ұсынылғаны рас. Екеуіміз министрлер кабинетіне (ол кезде үкімет үйі Жазушылар Одағының қасында ғана болатын) бірге барып, кітабымыздың бірнеше данасы мен қажетті хаттама-құжаттарарын қатар тұрып өткізбек болғанбыз. «Тағдыр» романы бөгетсіз өтіп кетті де, Қалиханның кітабын қабылдамай, жарық көрген айы-жылы тура келмей, өзіне бірден қайтарып берді... «Тағдыр» романына сол 1990-жылы комиссияның мүшелері бір ауыздан жақтап дауыс беріп, бәйгеден бір өзі жалғыз қара болып келді. Әдебиет пен өнерге бөлінген бес орынның төртеуі бос қалды-ау! Сонда Қалихан маған қалай көмектесіп жүр?
Сонан кейін еске салатын бір нәрсе, кездесулерде оқырмандар: «Сіздің ғұмырнамалық романыңыз алпыс жасқа дейінгі өміріңізді қамтиды. Аяғы қайда? Одан бері де біраз жыл өтті ғой. Ғұмырнамаңызды жалғастырмайсыз ба? – деп сұрайды.
Көзқарақты оқырман біледі: «Таңғажайып дүние» жалғанбай қалған жоқ, кейін мен бастан кешкен оқиғалар басқа формада, көркем шығарма түрінде жазылды. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген «Қылкөпір» романы (2003) мен «Мәңгілік майдан» хикаятын (2008), тағы бірнеше әңгімелерді ғұмырнамалық шығарма деп қабылдауға әбден болады. Осы шығармалардағы бас кейіпкер – жазушы Айжарықты автордың өзі деп ұғынсаңыз еш қателеспейсіз.
Мен қашанда «шығарма жазылмайды, туады» деген ұстанымнан айныған емеспін. Сол қағида бойынша, «Таңғажайып дүниеге» ешқандай өзгеріс енгізгем жоқ. Бұл романды да бүгінгі оқырманға осыдан ширек ғасыр бұрын құдай «құлағыма сыбырлап» аян берген қалпында ұсынып отырмын.