Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер
Құрдастар (Әңгіме)
Құрдастардың қалжыңы да солай: құрдастар кездескенде жәй сөз қағыстырып, әзіл-оспаққа кезек бергені болмаса, тым қатты ойындарға бара бермейді. Құрдасша шындап қалжыңдасатындар – ата салтын ұмытпаған Балтабек пен Кеңесбай секілді бірен-сарандар ғана. Бұлар да – ойыны қысып тұрған қолы бос жігіт-желең емес, қағаз кемірген оқымысты адамдар. Кеңесбай – бір университеттің білдей ректоры да, Балтабек – оның орынбасары саналатын проректор. Екеуі де ғылым докторы, профессор. Басқа да ғылыми лауазымдары жетіп жатыр...
Әйткенмен, бұларды тату дос деп атауға да келіңкіремейді. Өйткені екеуінің мінез-құлқында, көзқарастарында толып жатқан алшақтық бар. Араларында өздері де аңғармаған бәсекелестік болуы да ғажап емес. Сондықтан бұларды жәй бір жыл туған төл, құрдастар деп атағанымыз жөн шығар. Кеңесбай болса иненің көзінен өткендей пысық, көздегенін алмай тынбайтын, қолынан да, тілінен де келетін аса іскер адам. Ал, Балтабек – осы дәрежеге өз қабілетімен жеткен, ешкіммен қақ-соғы жоқ, өз ісінен басқаға бұрылмайтын, нағыз ғылымның еңбек торысы. Университеттің оқу-тәрбие жұмысын өгіздей өрге сүйреп жүрген де – осы Балтабек. Кеңесбай оның осы еңбекқорлығына бола өзіне орынбасарлыққа шақырып алған.
Ал, Кеңесбайдың ғылыми еңбектері жайында зиялы қауым арасында әртүрлі пікір бар. Әйтеуір, бұл жігіттің соңынан түрлі-түрлі сөз еріп жүреді. Біреулерге сенсең, Кеңесбай кандидаттық диссертациясын өзі ілдебайлап жазғанымен, докторлық еңбегін түгелімен біреуден көшіріп алған көрінеді. Өзі көшіріп алмаған, ақшаға жалдаған біреулер жымын білдірмей, бұдан бұрын докторлық қорғаған біреуден көшіріп, дайындап берген. Кезінде бір-екі газетте бұл туралы Кеңесбайды әшкерелеген мақалалар да басылды. Бір ғылым докторы мәскеулік ғалымның еңбегі мен Кеңесбайдың диссертациясын алдына қатар жайып қойып, соңғысының алдыңғы еңбектен тарау-тарау, бет-бет күйінде түп-түгел көшіріп алғанын бұлтартпай дәлелдеген... Көп адамдар мынадай масқарадан кейін, Кеңесбай асылып өледі, не болмаса ғылымнан біржола кететін шығар деп ойлаған. «Байқұсқа обал болды-ау» деп, тіпті оған жаны ашығандар да болды. Бірақ олар қателесіп жүріпті. Кеңесбайдың қылшығы да қисайған жоқ. Оның бағына, дәл сол тұста тәуелсіздікке қол жетіп, демократиялық қоғам орнай қалды да, Кеңесбай өзіне сын айтқандарға пысқырып та қараған жоқ. Бұрын пединститутта декан еді, тәуелсіздіктен кейін университетке ректор болып, бірден жоғарылап кетті. Кеңесбай – қазір билеуші партияның басалқа мүшесі. Президенттік сайлау кезінде елбасының Алматыдағы сенімді өкілі... Жоғарғы жақ оған тіпті оқу министрі болуды ұсынған екен, Кеңесбай «ғұмыры екі-үш жылдан аспайтын министрден гөрі осы ректорлығым тыныш» деп, келісім бермепті деген сөз бар.
Кеңесбайдың ректор болып отырғанына да он бес жылдан асып барады-ау. Зейнет жасына да әне-міне ілініп тұр. Оның ендігі уайымы сол ғана. Үйреніп қалған, өзіне жәйлі жылы орыннан кеткісі жоқ. Бірақ онысын сездірмеген болады. Бейне осы қызметтен әбден қажыған, мезі болған адамның кейпінде жүреді. Өз айтуы бойынша, ректорлық міндеттен босатуын сұрап, жоғары жаққа неше дүркін барған көрінеді. Бірақ, не істейсің, министрлер тәжірибелі ректордан айрылғысы келмейді... Алайда мұның бәрі шындыққа сай келмейтін бос сөз екенін қызметтестері жақсы біледі. Кеңесбайдың онысы өзін құрбандық қып көрсеткен алдамшы «поза» ғана. «Жоғарғы жақта мықты «крышасы» бар. Ол аман тұрғанда Кеңесбайды ешкім де тақтан тайдыра алмайды» деседі білетіндер.
Ал енді Кеңесбайдың іскерлігінде, пысықтығында қапы жоқ. Тек, оның мынау адал, мынау арам демей «асап жіберетіні» ғана іш жиғызады. Бірақ бұл заманда, реті келсе, асап жібермейтін кім бар. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген осы. Жалпы, адамның ақыл-ойы сан-салаға бөлінеді ғой. Ақыл, парасат, кісілік, әдіс-айла, қулық, өзімшілдік, ашкөздік... Кеңесбайда осының соңғылары басымдау. Адамның басын айналдырып, тілге көндіруге келгенде одан шебер кісі жоқ. Басқаларға қиын көрінетін нәрсе – Кеңесбай үшін оп-оңай. Сенесіз бе, өткен жылы бәйбішесімен былайша «фиктивный» ажырасты да, жап-жас тоқал алып алды. Сырт келбеті келіскен өзінің аспиранты. Ең ғажабы осыған бәйбіше де, оның ержеткен ұлдары да қарсы болған жоқ, бәрі разы. Олардың тілін Кеңесбай қалай тапты? Оның жауабын әуелі құдай, сонан соң өздері ғана біледі. Ең бастысы, отбасы мүшелерін «өркениетке» жақын қып қалай тәрбиелеген десейші?!
Кеңесбайдың өзі де кәрілікке бой алдыратын түрі жоқ. Жасы алпыстан асты дейтін емес, әлі де бозбаладай қылаң ұрып тұр. Әйткенмен, өзінің әйелден салымы бар. Бәйбішесі де ажары таймаған өңді әйел болатын. Өсекшілердің айтуынша, апта сайын ол үйіне де барып, қонып тұратын көрінеді...
Тоқал алған кезінде, таныс-біліс, дос-жарандарын жинап, шағындау той жасаған. Сенесіз бе, сол тойға бәйбішесі Ғалия да қатысып, сөз сөйлеп, тілек айтты. «Біз – достармыз, дос болып қаламыз» деді ол өз сөзінде. Тоқал алу тойында құрдасы Балтабек те сөз сөйлеген. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бәйбішесі қайтыс болып, бірақ әлі де бас құрай алмай жүрген ол сол тойда мынадай әзіл айтып еді:
- Баяғыда бала күннен ағасының ескісін киіп өскен бір момын жігіттен «қашан үйленесің» деп сұраса, әлгі байқұс «ағам жаңа қатын алса, ескі қатынын маған береді ғой» дейді екен. Сол айтқандай, мына Кеңесбай жаңа қатын алды ғой, ескі қатынын маған қалдыра ма деп қуанып тұрмын! – деген-ді. Жиналған қауым қыран-топан күлісіп жатты. Кеңесбай қызарақтап:
- Ғалияның басы бос қой. Шамаң жетсе айналдырып ал! – деп жомарттық танытқан болды. Бірақ іші құрғыр қимайтыны көрініп тұр...
Қазір Кеңесбай демалыста жүр. Жылда қабылдау емтихандары аяқталысымен осылай теңізге барып, бой жазатын әдеті. Несін айтасың, қолдың босаған, қалтаның қалыңдаған кезі. Қазір «ақылы оқу» дейтін «сауын сиыр» шықты ғой. Оның тізімі – ректордың қолында... Кеңесбай биыл қасына жас тоқалын алып, Дубай деген елге қыдырып кеткен. Бұл күндері Қызыл теңіздің жағасында қызара бөртіп, күнге қақталып жатқан шығар-ау, дәу де болса!.. Сол жақта жүріп, Балтабекке бір екі дүркін телефон соқты. Қызметке жан-тәнімен берілген адам ғой, демалыста жүрсе де:
- Тыныштық па? Алматыда не өзгеріс бар? Жоғарғы жақтан мені іздеп хабарласқан ешкім жоқ па? – деп сұрай береді.
- Алаңдама, ешқандай өзгеріс жоқ. Жыл бойы қамыт кигенің де жетер... Тымқұрса бір ай алаңсыз демалсаңшы! – дейді Балтабек.
Бастығына осылай жауап қайтарған кезде бір бұқпа қалжың бүйірін түрткілей бастаған. «Кеңесбайдың тыныштық па деп сұрай беретіні – орныма біреу отырып қойды ма деп алаңдайды екен-ау! Бәлем, тұра тұр, демалыстан келгенде зәресін бір ұшырайын!» деген өз тапқырлығына күні бұрын мәз болып.
Дубайдағы демалыс жас жұбайларға әбден жаққан болар, Кеңесбай сол кеткеннен ертең жұмысқа шығам деген күні бір-ақ оралды. Балтабек оның қандай рейспен ұшатынын, Алматыға қашан келіп қонатынын алдын ала біліп отырған. Самолет түн ортасына қарай қонса да, Кеңесбай жолдан шаршап келдім демей, ертең тура сағат онда жұмысқа келетінін біледі. Соны мөлшерлеген Балтабек сол күні қызметке ректордан жарты сағат бұрын келді. Әншейінде оншалық шіренбей жұпыны киінетін проректор бұл жолы су жаңа қаракөк костюм, ақ көйлек киіп, қызыл күрең галстук тағып, жасанып келіпті. Өз кабинетіне кірмей, бірден қабылдау бөлмесіне тартқан. Хатшы-қыз орнында отыр екен, оған былай деп ескертті:
- Бүгін ректордың жұмысқа шығатынын білесің ғой?
- Білем...
- Білсең, былай болсын: мен қазір бейне жаңадан тағайындалған ректорға ұқсап, оның орнына барып отырамын. Сөйтіп, оны бір қорқытайық... Сен оған жәй сәлемдес те, ештеңе айтпай кабинетке өткізіп жібер. Келістік пе?
Хатшы қыз басында түсіне алмай ойланып қалған. Ақырында бұл кісілердің құрдас екені, бір-біріне қалжыңдап ойнай беретіні есіне түсіп, өзі де сол қызықты тамашалағысы келді ме, оп-оңай келісе кетті.
- Жарайды, аға. Тек, соңынан ректор маған ұрсып жүрмесе болғаны...
- Ұрыспайды. Бірдеңе десе, «ол кісінің кабинетке қалай кіргенін байқамай қалыппын» дейсің ғой.
Балтабек сол беті ішке кіріп, уақыт өткізу үшін есік пен төрі ат шаптырым кең кабинетте арлы-берлі жүрді. Босағадағы киім ілгіштің қатарында үлкен шарайна бар-тұғын. Соның алдына барып, таранып-сыланып біраз тұрды. Егер дұрыс киініп жүрсе, әжептәуір келбетті жігіт екен-ау өзі... Нағыз ректор! Әнтек жолы болмай жүргені болмаса, қай ректордан кем Балтабек?! Құрысын, жасы алпыстан асқанда мансапқа ұмтылып қайтеді? Бастық болу үшін ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етіп көрсететін пысық болуың керек. Алдыңда сүйеуің, артыңда тірегің болуы керек. Кеңесбай сияқты өктем рудың өкілі, билеуші партияның белсендісі болуың керек... Ендеше ондай ештеңесі жоқ Балтабекке осы қызметі де аздық етпейді.
Сол оймен, төрде тұрған арқалығы биік, кең креслоға барып жайғасқан. Ректордың орын-тағы... Балтабекке құйып қойғандай жарасатын секілді. Шарға бойлы Кеңесбайдың шақша басы абажадай биік үстелден қылтиып зорға көрінуші еді. Ал, сұңғақ бойлы Балтабек креслоны лық толтырып, шалқая түсіп, еркін отыр... Кеңесбай кез келген сәтте кіріп қалуы мүмкін ғой. Сондықтан суырмадан әлдебір папканы шығарып, соны парақтап қараған болды.
Мұндайда уақыт шіркіннің өтпей қоятыны бар. Балтабек төрдегі орыннан неше тұрып, неше отырды. Кейде «маған осы ойынның не қажеті болды» деп өзіне өзі қынжылып та қояды. Алайда енді бір сәттен кейін болатын қызық басқа ештеңені ойлатар емес. Арада жылдай сарылған жарты сағат та өтті-ау! Тура сағат онда ауыз бөлмеге әлдекімнің кіргені байқалды. Әдейі төрт елідей ашық қалдырған есіктен хатшы қыздың:
- Сәламатсыз ба, Кеңесбай Кәрімұлы! Демалысыңыз ойдағыдай жақсы өткен болар, – деген сыпайы сөздері ап-анық естіліп тұр.
Ректор хатшы қызға бірдеңе айтқандай болды да, ауыз бөлмеде көп аялдамай, бірден кабинетіне қарай бет алды. Бірақ, есікті ашып, табалдырықтан аттай берді де, төрге озуға шамасы келмей, босағада қалшиып тұрып қалды. Бұл не сұмдық! Бір ай бойы жел қақтырып, суытып қойған кабинетінде мүлде басқа біреу отыр. Тым бөтен де емес, түбі менің орнымды осы басып жүрер ме екен деп іштей қауіп қылатын өзінің орынбасары. Алдындағы әлдебір қағазға шұқшия төнгені сонша, бұл жаққа бұрылып та қарамайды-ау! Бұл қалай? Шынымен-ақ... Мұның демалыстан қайтуын күтпегені ме? Солай болғаны да... Ит-ай, жақында телефонда сөйлескенде «еш өзгеріс жоқ» деп нандырып еді, зәлім неме бәрін жасырып келген екен-ау! «Жаңа ректордың» қағаздан бас көтерер түрі жоқ. Кеңесбай, амал жоқ, сол босағада тұрған қалпы тамағын кенеп жөткірінді. Балтабек сонда ғана басын көтерген.
- А-а, Кеңесбай сен екенсің ғой, – деді ештеңе болмағандай ыңыранып. – Демалыстан келіп қалдың ба? Кел, отыр, – деп бүйірдегі бос орындардың бірін нұсқады. – Иә, әңгіме айт, демалыс қалай өтті?
Кеңесбай отырған жоқ, бері қарай бір-екі қадам басты да, тұсаулы аттай кібіртіктеп тұрып қалды. Өңінде бір тамшы қан қалмай, қу шүперектей бозарып кетіпті...
- Демек, бұл орынға сені жіберген екен ғой? – деді ерні сөйлеуге келмей дір-дір етіп.
- Иә, аяқ астынан солай болды... Үш күннің алдында министр келді де, әй-шәй жоқ, мені осы орынға қонжитты. «Ректордың өзі жоқта мұнымыз ыңғайсыз болмай ма» деп тайсақтап едім, оған көнбеді.
- Кеңесбайдың бізге өкпесі жоқ шығар. Мүйіз шығатын болса, осы орында он алты жыл отырды ғой... Сол жетпей ме?! – деп бір-ақ кесті.
- Ал, мен ше? Маған қандай қызмет беретіні жайында ештеңе айтқан жоқ па? – деді Кеңесбай көрден шыққандай өлусіреген дауыспен.
- Ол туралы сөз болған жоқ. Не бопты, түбі саған да бірдеңе беретін шығар, – деді Балтабек өзін күліп жіберуден зорға ұстап. – Тіпті болмаса, менің орным бос тұр ғой, сонда барарсың...
Кеңесбай сөз аяғын тоспай есікке қарай бет алған. Бір қолымен қабырғаға сүйеніп, тәлтіректеп, зорға жүріп барады... Орнынан ұшып тұрған Балтабек:
- Әй, Кеңесбай, тоқта! Сен осындай су жүрек пе едің? Қалжың ғой бәрі де... Сен соған, шынымен-ақ сеніп қалдың ба? – дегенше болған жоқ, ректор ауыз бөлмеге шыға бере гүрс етіп құлап түсті.
Оның соңынан іле-шала Балтабек те жүгіріп шыққан. Кеңесбай аяқ-қолын созып жіберіп, етпеттеген күйі сұлап жатыр. Не істерін білмей, хатшы қыз жүр шырылдап.
- Ағай-ау, сұмдық болды ғой! Соншалық не айттыңыз бұл кісіге? – дейді Балтабекке таңырқай қарап.
- Ештеңе де болған жоқ, өзі ғой – қалжыңды көтере алмаған, – деді Балтабек қызды сабырға шақырып. – Жә, сен енді сөзді көбейтпе! «Кабинетіне кірмек болып, есікті аша берді де, құлап түсті» десең болғаны... Сөйтсең, екеуіміз де басы артық әңгімеден аулақ боламыз!
Сөйткенше болған жоқ, қабылдау бөлмесіне адамдар толып кетті. Әр бөлімдегі кіші бастықтар ректордың келгенін естіп, сәлемдесуге ұмтылғаны сол болатын. Бірақ оған үлгермеді ғой. Біреулер Кеңесбайдың тамақ тамырына саусақ тигізіп көріп еді, тірі сияқты. Сәл қырыл аралас баяу ғана тыныс алады.
- Неғып тұрсыңдар, «жедел жәрдемге» телефон соқсаңдаршы, - деді алдымен ес жиған біреуі.
Хатшы қыз телефонға жүгіргенде, тағы бір әйел Кеңесбайдың бетіне стаканмен су әкеліп шашты. Бірақ, оның да әсері болмады. Бір ай бойы теңізге шомылып, тынығып келген ректордың қызметке кіріспей жатып, аяқ астынан құлап түскені кімге де болса түсініксіз жәй еді. Істің анық-қанығын біліп жүрген ешкім жоқ. Ректормен бет көрісіп, сәлемдескен – екі-ақ адам: проректор Балтабек пен хатшы қыз ғана. Бұлар да көп сөйлесіп үлгірмеген. Ректор дәлізде кездескен Балтабекпен бірге кабинетіне кіре беріп, құлап түскен...
Балтабек хатшы қыз құрастырған осы уәжге қарсы болған жоқ. Сөзге ілінем деп қорыққанынан емес, Кеңесбайдың өзін аяғандықтан. Ал, шындықты айттың дейік, сонда не табасың? «Мен құрдас болған соң қалжыңдап, ол келерде креслосына отырып едім, шенқұмар байқұс соны шын көріп құлап түсіпті» демек пе? Олай десе, бұл әңгіме елге жайылып, азаматтың сүйегіне таңба болмай ма? Сонан соң, хатшы қызға да оңай тимейді. Ол Балтабекпен тіл біріктіріп, ректордың алдынан әдейі тұзақ құрған болып шығады.
Бұл кезде Кеңесбайды бәрі қаумалап демалыс бөлмесіндегі диванға апарып жатқызған. Әлі ес жияр түрі жоқ. Сол бұрынғыша баяу тыныс алған күйі сұлық жатыр. Әркім әртүрлі болжам айтады.
- Бірден ауа алмасқанда әманда осылай болады...
- Иә, дұрыс айтасың. Сонау Африка құрлығынан бір күннің ішінде Азияға келіп түсу оңай ма?
- Дегенмен, осы Дубай деген жерде бір пәле бар. Өткен жылы ғана біздің бір академик Дубайда қайтыс болып, сүйегін самолетпен зорға әкелмеді ме?! – десіп, жиналғандардың бірі атып, бірі қағады.
Соның арасынша «жедел жәрдем» де келіп қалған. Білектерін сыбанып, зембілдерін көтерген үш-төрт адам... Келген дәрігер науқасты олай-бұлай тексеріп көрді де:
- Қан қысымының тым қатты көтерілуінен инсульт алған сияқты. Миына қан құйылып кетті ме деген қауіп бар... Бұл кісіні енді орталық аурухананың жансақтау бөліміне апарғаннан басқа амал жоқ.
Соны айтып, қасындағы серіктеріне белгі берген. Сол-ақ мұң екен, ақ халат киген атпал азаматтар Кеңесбайды зембілге көтеріп салды да, «жедел жәрдем» машинасымен ауруханаға алып кетті.
Балтабек сол күні де, содан кейінгі күндерде де ауруханаға барып тұрды. Кеңесбайдың мұндай халге ұшырауына өзін кінәлі сезініп, іштей қатты қиналды. Бүйткен құрдастығы бар болсын. Бүгінгі ұрпақ ұмыта бастаған ескі дәстүрді қайта тірілтіп, сол итке қалжыңдап несі бар еді? Сынап несі бар еді? Кеңесбайдың мансапқор, шенқұмар екенін, орынтақ үшін өліп беретінін бұрын білмеді ме бұл? Егер Кеңесбай осы жолы өліп кетсе, өмір бойы өкініші кетпес еді. Мұның бағына, ол он шақты күн комда жатып, есін жиды, әйтеуір. Бірақ денсаулығы бұрынғы қалпына келген жоқ. Инсульт оның бір жағынан ғана соқса керек. Сол жақ қолы мен аяғы дәлекүстеу болып, сол көзі қитарланып, бір жақ езуі сәл қисайып барып бітті. Сөзі де тым анық емес, тілі күрмеліңкіріп, кейбір дыбыстарды бұзып айтатын болды.
Кеңесбай ауруханада бір-екі ай жатып, денсаулығы біршама түзелген соң үйіне шыққан. Кейін тілдесуге жараған кезде отбасы мүшелеріне өзіне бұл аурудың неден, қалай жабысқанын ежіктеп айтса керек. Болары болып, бояуы сіңген дүниені сол жабулы күйінде қалдырмай, оны неге қайта жаңғыртқаны түсініксіз. Сөйтсе, Кеңесбайдың бір ұлы қаланың бір ауданында прокурордың орынбасары екен. Әлгі әңгіме құлағына тиісімен сол жігіт аудандық сотқа арыз беріп, Балтабектің үстінен қылмыстық іс қозғады. Қанша дегенмен заң адамы ғой, қиуасын жақсы-ақ келтірген: «Әкем демалыстан қайтып, жұмысқа шығарда орынбасары Балтабек Байғалиев оның кабинетіне кіріп алып, өзін «ректормын» деп жариялап, психологиялық шабуыл жасаған. Нәтижеде, әкемнің миына қан құйылып, жарымжан күйге түсті. Әкеме келтірген рухани, материалдық зияндары үшін, Б.Байғалиевтан бес миллион теңге төлемақы өндіріп берулеріңізді сұраймын» депті арыз-хатта.
Ал, саған керек болса! Осыдан кейін құрдасыңмен қалжыңдасып көр! Кеңесбайдың ұлы да әкесі сияқты қадалған жерінен қан алатын бір пәле екен. Балтабек арнайы барып, сөйлесіп көріп еді, маңайын бастырар емес: «мен ештеңе білмеймін, бәрін заң біледі. Заң алдында жауап бересіз» дейді сызданып.
Сонымен, не керек, Балтабек аудандық, қалалық соттардың есігін тоздырып, сол болымсыз шаруа үшін екі-үш ай әуіре болды. Соған бола адвокат жалдады-ау! Аудандық сот бұларға төрелік айту үшін қазақша біліңкіремейтін ұйғыр келіншегін бөліпті. «Құрдас деген немене» деп өзіңнен сұрайды әлгі әйел. Сонан соң, «құрдастар бір-біріне шантаж жасауға ерікті ме?» деп қадалады. Қазақ салтынан бейхабар осындай шалапайлар сенің тағдырыңды шешпек. Оны айтсаң тағы пәлеге қаласың. Ұйып отырған ұлттар достығына сына қаққандық болады екен... Не керек, Кеңесбайдың прокурор ұлынан қаймыққан аудандық сот арызда жазылғандай, Балтабекке бес миллион теңге айып кесті.
Бұрын соттасып кім көрген. Сот шешіміне разы болмасаң, бір басқыш Жоғарыға арыздануға болады екен. Былай қарасаң әділетке жетуге жол ашық сияқты. Ал, шынтуайтқа келгенде олай емес. Бұл, сірә, соттардың бір-біріне жемтастауы, нәпақа бөлісуі болса керек. Амал жоқ, Балтабек те өзін ақтауын сұрап, қалалық сотқа арыз берген... Міне, содан бастап мұның ісі оңалуға бет алды.
Қалалық сотта бұлардың делосы жас мөлшері Балтабектің өзі құралпас тәжірибелі судияның қолына тиіпті. Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы білетін жігіт екен. Алғаш кездескенде-ақ:
- Әй, мынау бір айта жүретін, тарихта қалатын іс болды! – деп мәз болып күлгені бар. – Құрдаспен ойнағанда не тұр екен? Бүйте берсек, қазақы салттардың біразын қылмысқа жатқызып тынармыз.
Осы әредікте Балтабектің пайдасына шешілетін тағы бір көмек келіп қосылды. Қанша дегенмен «ел құлағы – елу». Сөйтіп жүргенде бұл қызық оқиға журналистердің құлағына шалынады ғой. Оларға жұртшылықты елең еткізер жаңалық керек, сенсация керек... Әншейінде тақырып таппай жүретін қаламы жүйрік жігіттер аясын ба, оппозицияға бейім бейтарап газеттердің бірінде: «Құрдастың қалжыңы мансапқорды алып ұрды» деген мақала жарқ ете қалды. Ал, енді мықты болсаң, біреуден біреу іліп әкететін журналистерді тоқтатып көр! Осыдан кейін бұл мәселе жайындағы қоғамдық пікір күрт өзгерген. Нәтижеде, Балтабек бастығына қоқан-лоққы жасаған қылмыскер емес, мансапқор бастықты әшкерелеген «герой» болып шыға келді. Ал, Кеңесбайдың заңгер ұлы лай судан балық аулаймын, екі арадан пайда табам деп жүріп, әкесінің бетін айдай етіп, абыройын төгіп тынды.
Қалалық сот Балтабекті кінәсыз деп тауып, аудандық соттың шалағай шешімін жоққа шығарды. Бұл аралықта университетке жаңа ректор тағайындалған. Оны таныстыра келген оқу министрі соңынан Балтабекті оңашалап:
- Көңіліміздегі ректор – сіз едіңіз. Амал не, ұзаққа созылған бәтуасыз дау-дамай кедергі жасады. Енді пенсияға дейін бұрынғы қызметіңізде алаңсыз істей беріңіз, – деген.
- Дұрыс шешім қабылдағансыз, министр мырза. Мынадай даудан кейін мен ректор болсам, қарсы жақ: «әкеміздің орнын басу үшін, Байғалиев әдейі қастық жасады» деуден тайынбас! – деген Балтабек те разы көңілмен.
Осылайша, өмір жалғасып жатыр. Бірақ, сол өмірдің қамшының сабындай тым қысқа екенін, бет жыртысуға тұрмайтын бес күндік дүниенің түбіне ешкім де жетпейтінін кейбір ақкөз ағайындар ойламайды. Міне, бәрінен де сол жаман.
2012 - қыркүйек. (8.09.2012 - 15.09.2012)