Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Күйеу бала (Әңгіме)


Бұл – жалпы адамзатқа ортақ қағида. Мұның сыртында, бай­бақуат, мансапты болудың тек қазаққа тән шарттары тағы бар. Біздің елде үнемі жолың болып, тасың өрге домалап тұру үшін, Қазақстанның қай облыс, қай ауданында тууды білу керек. Мұндайда сенің қай рудан шыққаның да аз рөл атқармайды. Билік басында тұрған элитаға рулас, жерлес боп шықсаң тіпті жақсы. Алдыңнан жасыл жарық жанады да тұрады. Тымқұрыса солардың қайын жұрты, құда­жегжаты болсаң да жерде қалмайсың. Ешкіні апа, текені жезде деп жүріп, біраз жерге барасың.

Сонан соң, кімге үйленгенің, қайын жұртыңның кім болғаны да – шешуші пакторлардың бірі. Бұл туралы «қатын алма – қайын ал» дегенді дәнішпан қазақ бұрын да талай айтқан. Бірақ ол дәл қазіргідей маңыз алған емес­ті. Қазір күйеу бала дегенің – фигура, ізбасар мұрагер. Әкімнің күйеу баласы, президенттің күйеу баласы... Қашанда «ұлылардың» ұлға жарымайтын әдеті ғой. Ұлықтардың ұлы жоқ болса, күйеулердің бағасы тіпті аспандап кетеді. Ертеңгі ел тұтқасы – солар... Міне, осы айтылған қазақы шарттардың бәрі түгел болмағанымен, жарым­жартысы бойыңнан табылса, өзің бір қуыс кеуде, кеуек бас біреу болмасаң, көңілге алған жеріңе жетіп тұрсың.

Мұны жәй ойдан ала салған, көпірме көбік сөз деп ойламаңыз. Бұл айтқанымызға алда сөз болатын Нұрболаттың өмірі толық дәлел. Әйтпесе, кешегі қойшының баласы өз қатарынан қара үзіп шығып, айналасы бір­екі жылдың ішінде миллионер болады деп кім ойлаған?! Қазір көрсең көзің тояды. Не кием, не ішем демейді. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Сұлу әйел, сәнді сарай, жүйрік көлік – бәрі сонда. Кейде тәңертең қызметке бара жатып, ауа райына қарай: «бүгін сұр костьюм кигенім жөн бе, әлде қоңырқайы дұрыс па?», немесе «бүгін «Жипке» мінгенім жөн бе, әлде «Мерседестің» өзі қолайлы ма?» деп сәл­пәл ойланып қалатыны бар. Одан басқа титтей де уайымы жоқ. Күнкөріс қамы... атамаңыз! Тұрмысқа қажеттің бәрі сол үйлену тойы үстенде­ақ шешіліп болған. Қалыңдығы Шаһизаданың әрқайсысы бір­бір саланы тіреп тұрған, аюдай­аюдай үш ағасы бар екен. Солар­ақ үйіп тастады. Үлкен ағасы тау бөктеріне салынған көп бөлмелі үйдің кілтін ұсынса, екінші ағасы су жаңа «Жип» автокөлігін көлденең тартты. Ал үшінші ағасы жаңа отаудың жасау­жиһазына қоса, «жас жұбайлар балдәурен айын өткізіп қайтсын» деп, Анталия жағалауына жолдама әкеліп тұр.

Күйеу бала өзіне бейтаныс, мүлде басқа бір «планетаға» еніп кеткенін сол алғашқы күндері­ақ сезінген. Бейне жердің тарту күшінен ажырап кеткен ғарышкер сияқты. Сөйтсе, бұрын бұл көріп жүрген қорлық өмірден басқа, соған параллель тағы бір өмір бар екен ғой. Мұнда бәрі басқаша. Екі иықтан басып, еңсені езіп тұратын тіршілік тауқыметі деген жоқ мұнда. Бәрі жеңіл, бәрі оңай, өздігінен орындалып, іске асып жатқан бір дүние. Мына жалақымды келесі айға қалай жеткізер екенмін дейтін уайым­қайғы атымен жоқ.

Анталияда өткізген алғашқы бір ай мәңгі естен кетпейді. «Балдәурен» деген аты қандай! Бұрын сырттай естігені, кітаптан оқығаны болмаса, біздің қазақта балдәуренді кім бастан кешіріп көрді дейсің. Обал­ай, жас жұбайларға тымқұрса оңаша бөлме де бұйырмай, бар қызықтарын қысылып­қымтырылып, тар шымылдықтың ішінде өткізеді­ау! Балдәуренді ойлап тапқан – Еуропа жұрты ғой. Олар дүниенің рахаты мен ләззатын біледі­ақ... Несін айтасың, Нұрболат пен Шаһизада тұрмыстың хам­харакетінен азат, бейне ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кешті. Бар бітіретін шаруалары: тамақ ішу, қыдыру, Мәрмәр теңізіне шомылу, сонан соң «үйірге түсу». Құжырлы құшақ, балдай тәтті ұйқы. Сәл­пәл демалып алған соң тағы да ләззатқа бату.

Бұл үшін, әрине, келіншегі Шаһизадаға рахмет! Сол ғой – Нұрболатты қолынан жетектеп, осы «бейішке» енгізіп жіберген. Мұны көң­қоқырдың арасынан суырып алды десе де болғандай. Әйтпесе, Нұрболат кім еді? Алматыдағы физкультура институтын бітіріп, тұрақты жұмыс таппай жүрген көп кезбенің бірі­тұғын. Рас, самбо мен каратэдан спорт шебері. Жастар арасында өткен республикалық жарыстың жүлдегері. Қазақстан құрамасына еніп, Азия біріншілігіне барғалы тұрғанда, көшедегі топтық төбелеске қатысқаны үшін жарыстан шығып қалған. Содан, амал жоқ, күн көріске бола спорт мектебіне жартылай сабақ беріп, ілдебаймен жүріп жатқан­ды.

Әйткенмен, «өлмегенге өлі балық жолығады» деген рас. Сөйтіп жүргенде, Шаһизаданың үлкен ағасы, белгілі банкир Арғынбайға оққағар қажет болады да, бір танысы оған осы Нұрболатты ұсынады. Өзгеден ерекше, бетке ұстар артықшылығы: Арғынбайдың өзімен жерлес, рулас, сенімді адам. Бұл жағынан басқа емес, Нұрболаттың ата­анасына рахмет. Мұны қайдағы бір қиян түкпірде туа салмай, бірдеңені білгендей, тұп­тура Арекеңнің ауданында дүниеге әкелгенін көрмейсің бе?!

Сонымен, біздің кейіпкеріміз Арғынбай отбасында оққағар болып жүріп жатты. Кейде шопырлық қызметті қоса атқарады. Қожасынан екі елі ажырамай, күнделікті қызметіне, аңға, қонаққа, іссапарларға ертіп барады. Бұл оққағар да – кейін шыққан кәсіп. Атыс­шабыс, тағы басқа лаңкестік әрекеттерден қорғанудың амалы. Оққағар қожасы үшін басын беруге, оған көзделген оқты кеудесімен тосып қалуға тиіс. Соған сәйкес жалақысы да жоғары. Бақытына қарай, Нұрболаттың тұсында ондай қатерлі оқиғалар болған жоқ. Бұларға оқ атылмады. Тек, бір­ақ рет жойқын төбелес болғаны есінде. Арекең екеуі Мәскеуге іссапармен барған­ды. Бір күні кешке таман метродан шыға бергендері сол еді, апақ­сапақта үш бұзақы бұларға тап бергені. Алдыңғы біреуінің қолында пышақ: «Әй, мына азияттар мұнда неғып жүр» деп әлгілер лезде қоршап алды. Тірі қалдырар­қалдырмасы екі талай, ал өлімші етіп сабап, тырдай қып тонап кетерінде күмән жоқ. Портфель толы доллар. Жаңа ғана банкіден ақша алып шыққан­ды. Не керек, жан ұшыра қорғануға тура келді. Ең алдымен пышағы бар басшысын иектен теуіп, ұшырып түсіргенін біледі, қалғаны есінде жоқ. Бір уақытта қараса, әлгі үшеуі үш жерде сұлап жатыр... Қас пен көздің арасында қалай үлгергеніне осы күнге дейін ақылы жетпейді. Бір тәуірі, Нұрболаттың қалай қимылдағаны Арғынбайдың есінде қалыпты. Алматыға келген соң біразға дейін отбасы мүшелеріне жырдай қып айтып жүрді. Туыстар арасында Нұрболаттың абыройы алғаш рет осылай көтерілген. Бірте­бірте осы үйдің бір адамына айналып бара жатты. Қолы боста Арғынбайдың бәйбішесі Айғаншаға, қарындасы Шаһизадаға атқосшы болып та кетеді. Жас жігіт жұмысқа өте тындырымды, атқарған ісі тап­тұйнақтай. Өстіп жүріп, ерке сұлу Шаһизаданың да көңілінен шықты ғой, әйтеуір. Әрине, құдай­тағала Нұрболатты да бекер жаратпаған. Бұла табиғат уызға тойған қойшының баласына күш­қайрат қана емес, сұңғақ бой, сұлу дене, сүйкімді түр берген. Осыны қапысыз таныды да, күйеу таңдап жүрген сұңғыла сұлу қалт жіберген жоқ, ұябасар шәулі қырандай өз жемін бірден іліп түсті. Бұған дейін Нұрболатқа әбден бауыр басып қалған ата­ана екеуінің қосылуына қарсы болған жоқ. Бұлар байлыққа зәру кісілер емес­ті. Армандары – тек бір ұл болатын. Қол­аяғы жеңіл, адамға жұғымды Нұрболат сол олқылықтың орнын толтырғандай болып еді.

Бәрі кейін мәлім болды ғой: әсілі Шаһизада шаңырақтың кенжесі атанып, әжесінің бауырында өскенімен, ол анығында үлкен ағасы Арғынбайдың маңдайға басқан жалғыз қызы екен. Әйелі Айғанша содан кейін де бірер құрсақ көтерсе керек. Олары қатарға қосылмай шетінеп кетіпті. Шаһизада әжесі қайтыс болған соң ғана өз ата­анасын мойындаған көрінеді. Бірақ әлі де сол «кенже» аты қалмайды, бір шаңырақтың үкілеген еркесі.

Бұл да ештеңе емес, ең ғажабы қыз бен күйеу Анталиядан қайтып оралған соң, сол үлкен «қайынағасы» Арғынбай Нұрболатты кабинетіне шақырып алды да, оған тағы бір жаңалықтың бетін ашты. Арекең осы таяуда ғана, бұлар сапарда жүргенде сенатқа сайланып кетіпті. Анығы: сайланбаған, тағайындалған. Елбасымен ауылдас, әрі туыстық жақындығы бар ма қалай, сенімді адам ретінде сенатқа өткізсе керек. Арекең бұрын Алматыдағы әйгілі банктің директоры болатын. Тіпті, иесі десе де болғандай. Өйткені банк акциясының 75 пайызы осы кісіге қарайды. Бірақ банкирлік пен сенаторлықты қатар атқару заңға қайшы көрінеді. Сондықтан банкідегі қызметін басқа біреуге өткізуі керек...

Бұл күнде жасы елудің ішіне енді ілінген, ет­жеңді, сұлу жүзді, бет пішіні Шаһизадаға келетін көрнекті азамат осыларды айтып, күйеу баласына барлай қарап отырды да:

– Иә, сонымен, елбасының ұйғаруы бойынша мен сенатқа кетіп барамын. Амал жоқ, енді банкіні сен басқарасың! – деді төбеден жәй түскендей етіп.

Бұл – Нұрболат күтпеген жаңалық еді. Қапелімде не айтарын білмей дағдарып қалды.

– Аға, бұл қалай болғаны? Мен банкіге акционер емеспін ғой... Тіпті бұл жұмыспен ешқандай таныстығым жоқ, – деді әлден уақытта аузына басқа сөз түспей.

– Неге олай дейсің? Екі жылдан бері менің қасымда жүріп біраз нәрсені үйрендің емес пе, – деді Арекең. – Ал, бұрын банкке акционер болмасаң, енді боласың. Мен ертеңнен бастап, өзіме тиесілі акцияның 25 пайызын сенің атыңа аударам. Сонда, менен кейінгі ең жарнасы мол акционер сен болып шығасың. Демек, директорлық орын да саған тиесілі.

Арғынбайдың бәрін күні бұрын ойластырып жоспарлап қойғаны көрініп тұр. Ал, Нұрболаттың мынаны естігенде есі шығып кетті. Бұл – неткен батпан құйрық?! 25 пайыз... Бұл сұмдық көп ақша ғой. Айналымы миллиардқа жеткен банкі қорының төрттен бірі.

– Аға, мен қаржы жағынан дым сызбаймын ғой. Анадай үлкен банкті басқару қолымнан келе ме? – деді қуанышынан гөрі қобалжуы басым түсіп.

– Қолыңнан неге келмейді, келеді! Үйренесің. Қасыңда қаржының жілігін шағып, майын ішкен орынбасарың болады. Ол да өзіміздің адам, сенен көмегін аямайды, – деді Арекең алған бетінен қайтпай. – Мен де бұрын сенатор болып көрді дейсің бе, әйтеуір тәуекелмен кетіп барам. Сол сенаторлар да шетінен аузымен құс тістеген жүйріктер емес шығар, – деп лекіте күліп алды: – Жалпы, есіңде болсын, қазір «мына жұмыс менің қолымнан келмейді» дегенді айтпау керек. Бүгінгі заманның беталысы солай. Көріп жүрсің ғой, қазір қазақша бес ауыз сөздің басын құрап айта алмайтын, қазақша «Ң» деген әріпке тіл келмейтін біреулер мәдениет министрі болады. Бір дәрінің атын білмейтін әлдекімнің денсаулық сақтау министрі болып отырғанын көресің. Ал өмірінде мылтық ұстап көрмеген тоғышар қорғаныс министрі болудан тартынбайды. Солардың бірде­біреуінің: «Сенім артқаныңызға рахмет, президент мырза. Бірақ бұл жұмыс менің қолымнан келмейді» дегенін естідің бе? Естіген жоқсың. Солар әлгі орында тапсырылған жұмысты әбден ақсатып, жұртқа күлкі болғанша отыра береді... Ал, сен өз банкіңді басқаруға бара жатқан жоқсың ба. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» дейді қазақ. Қасыңда маман көмекшің бар. Айтпақшы, келіншегің де − экономист­қаржыгер. Шаһизадамен ақылдасып отырасың...

Бұдан ары қарсыласуда еш мән жоқ екенін сезді де, күйеу бала Арекеңнің ұсынысын еріксіз қабылдады. Міне, «секіру» деп осыны айтса болады. Банк директоры, жиырма бес жасар миллионер... Күні кеше осының бәрі Нұрболаттың түсіне кіріп пе екен? Міне, өзіне таныс абажадай кабинет. Кеше Арекең отыратын төрдің төбесінде бүгін өзі отыр. Енді Нұрболат өмірдің басқа қабатында. Өзінің шопыры бар, оққағары бар. Кешегі оққағардың өз оққағары болады деп кім ойлаған... Не істейсің, бәріне көндігуге тура келеді.

Қызмет бабымен таныса келе байқағаны, бәлендей қорқатын ештеңе жоқ екен. Ең бастысы, бұл қатардағы қызметкер емес, бастық қой. Жәй қызметкер болсаң бастығыңа күнде есеп бересің. Кемшілік, олқылығың бадырайып көрініп тұрады. Ал, бастық... ешкімге есеп бермейді. Орынбасарың, көмекшілерің бар, бәрін солар тындырады. Бар міндетің – қағаздарға қол қою. Ол үшін қатынас­қағаздарды түсінетіндей сауатың болуы керек. Сол оймен әртүрлі оқулықтарды жинап алған Нұрболат экономфактың қаржы бөліміне сырттай оқуға түсіп қойды.

Ең ғажабы, Нұрболаттың банкіге келуіне ешкім таңданған жоқ. Кімнің қандай дипломы, қандай мамандығы бар екенін қазір кім тектеп жатыр. Арғынбай өз орнын күйеу баласына қалдырған екен, онда тұрған не бар? Оның үстіне, өз ауданымызда туып, өз руымыздан шыққан сенімді адам. Банктың 25 пайыз акциясына ие болған кісі директор болмағанда қайтушы еді?!

Нұрболат қанша дегенмен қойшының баласы ғой. Ол кейде банктегі ақшаны қорадағы қойға ұқсатады. Қой төлден өссе, банкі кредитпен, өсіммен көбейеді. Банкирдың екінші аты – өсімқор. Соңғы жылдары «Ипотекалық несие» деген шығып, банкирлердің бағы жанып тұр екен. Құрылыс алпауыттарымен тіл біріктіріп алып, үлескерлердің қанын теспей сорады екен. Несие алушылар мойнындағы қарыздан 20-30 жылда зорға құтылады. Төлей алмаса салдырған үйі банкке өтеді. Несие алып, қарызға бататын – тағы сол тырақы қазақтар. Әкесіне ас берсе де, баласын үйлендірсе де банкіге шабатынын қайтерсің.

Күйеу бала банктың қыры-сырын осылайша бірте-бірте біле бастаған. Мұндағы негізгі бағыт – пайда табу. Осыдан жаңылмауың керек. Тәйірі малдан төл алу деген оңай ғой, мықты болсаң теңгеден теңге тудырып көр! Жоғары пайызбен қарыз беру – пайда табудың көзі. Сонан кейін көз алмай бақылайтының – теңге мен доллардың арақатынасы. Осы таяуда ғана Нұрболаттар бір-ақ күнде жүз миллион доллар пайда түсірді. Тағы сол Арекеңнің арқасы. Сенатта отырған Арғынбай жақын күндерде доллар бағасының күрт өсетінін хабарлаған. Бұлар ұлттық банкпен тіл табысып, бір күнде жарты миллиард доллар сатып алды. Ертеңінде-ақ доллар бағасы 120 теңгеден – 150 теңгеге бір-ақ көтерілді. Міне, қаржы әлемінде сәтімен жасалған «жүріс» деп осыны айтады.

Нұрболат, кіріс-шығысты дұрыс есептеу жағынан қиналған жоқ-ау, оған бәрінен де кеңседе өзін-өзі ұстау, бастықтың позасына ену қиын болды. Өмірі анық бір сағат құйрығы жер иіскемейтін адамға кабинетте күні бойы сіресіп отырудан өткен азап жоқ шығар. Бұрын ол маңындағы адамдармен қалжыңдасып, күліп-ойнап жүре беретін. Енді соның бірі жоқ. Кеңсеге кірісімен түсіңді сәл суытып, қабағыңды түйіңкіреп, өте байсалды, ойлы пішінге енуің керек. Әлгі «позаға ену» дегеніміз осы. Әлдебір шаруаны тапсыру, не мәлімет алу қажет болса, қызметкерді өзің іздеп барма, хатшы қыз арқылы кабинетіңе шақыртып ал. «Сізді Нұрекең іздеп жатыр» десін, ол да әлгінің дегбірін алып. Қызметкер ішке кірген соң да бірден сөйлесіп кетпей, салқын қабақпен аз-кем ойланып отыр. Түбіңнің таяз екенін ешкімге білдірме, қашанда терең ойдың құшағында жүргендей әсер қалдыр. Дүниеде білмейтін заты жоқ, бәрінен хабардар адамның рөлін ойна. Кеңсе де – бір сахна, сен онда іскер бастықтың рөлін ойнауың керек.

Бұрын кім білген, жер бетіндегі тірлік те жеті қат көк сияқты әлденеше параллель қабаттардан тұрады екен ғой. Біріндегі тәртіп пен заң екіншісіне жүрмейді. Нұрболат ең жоғарғы қабатқа жетпегенімен, ортаңғы басқыштарға іліне бастағандай. Банк басшыларының бас қосуы, кәсіпкерлермен кездесуі болып тұрады. Банкирлермен банкетте бірге болу, бильярд ойнау, «моншаға бару» үрдістері тағы бар... Сонда бір байқағаны, төменгі қабатта түсіңе кірмейтін ғажайыптар жоғарғы қабатта жәй үйреншікті дүниеге айналыпты. Мәселен, ана бір жылы ұлт қамын жеген зиялы қауым «қазақтың саны аз, еркекпен салыстырғанда бізде жүз мың әйел артық. Сондықтан баяғы ата салты бойынша екі әйел алуға рұқсат болсын» деген тілектерін парламентке өткізе алмай қойып еді. Жоғарғы қабатта бұл мәселе әлдеқашан шешіліп қойыпты. Қазір әкімдердің, министрлер мен депутаттардың, тағы соларға жуықтардың қос-қостан қатыны бар көрінеді. Оларға астананың Алматыдан – Ақмолаға көшіп баруы да таптырмас сылтау болған. Несін айтасың, бір үйі – Алматыда, екінші үйі – Астанада. Бірінде – бәйбішесі, екіншісінде – тоқалы. Соған өздері мұртынан күліп: «Алматы мен Астананың арасында «қатын ап» жүріп жатырмыз» дейді екен. Біздің жоғары шенді шенеуніктер ұлт қамын қатты ойлайды ғой. Солар екі-үштен әйел алып, қазақтың санын өсіруге кірісіп жатса керек. Мұны үйреншікті әдетпен «елбасының тапсырмасы» деуге келмес. Бірақ сол кісінің көрсеткен үлгісі, төңірегіне тигізген шарапаты екенінде талас жоқ.

«Күлме досқа, келер басқа» деген осы. Жас иіс құшқандарды сырттай тамашалап жүргенде, «қос қатынның» әлегі Арғынбай шаңырағына да келіп жетті-ау! Биыл жыл басында Нұрболаттар да перзентті болған. Шаһизада кішкентай сәбилерін бағып, декретте жүрген. Бір күні Нұрболат жұмыстан соң үйіне келсе, келіншегі пора-пора боп жылап отыр. Басында балалары бірдемеге ұшырады ма деп шошыған. Жоқ, бала аман, бұл күнде мойны қатып, құйрық басып қалған кішкентай Бауыржаны манежде әкесін танып, уілдеп, жалбақ қағады.

– Жаным, не болды саған? Біреу ренжітті ме? – деген әйеліне пәруана болып. Шаһизада жөнін айта қоймады.

– Потом... Кейін-кейін, – деді дәл қазір сөйлесуге құлқы жоқ екенін аңғартып. Долданып жылағанға қаны бетіне тепкен келіншек қазір тіпті сұлу боп көрінеді.

Бәрі соңынан мәлім болды ғой. Сөйтсе, Шаһизада Астанадағы шешесімен осы жаңа ғана телефон арқылы сөйлесіпті. Айғанша екі-үш күннің алдында ғана Астанаға ұшып кеткен. Ол кісі «Арқаның бораны жақпайды» деп, қыс айларын Алматыда өткізіп, жаз шыға жыл құстарынша Астанаға бет түзейтін. Сол дағдысымен биыл да күйеуі тұратын қалаға мамыр туа аттанған-ды. Бірақ осы жолы Айғанша күтпеген көріністің үстінен шығыпты. Арекең жалғыз жатудан зерікті ме, әлде қатарынан қалғысы келмеді ме, бір «жас иісті» ол да үйіне кіргізіп алыпты. Онысы тіпті жас, Еуразия университетін былтыр ғана бітірген жиырма үштегі қыз дейді. Арғынбайдан тура отыз жас кіші. Сол қыз алты ай қысты Арекеңмен бірге өткізген... Қазір екіқабат, аузы мұрнынан шығып, шермиіп отырса керек. Өзі анау-мынаудан қайтпайтын, өте өжет, тақылдап қалған пәле көрінеді. Айғаншаны көргенде, айылын да жимай:

– Төрлетіңіз, апашка! Сіз бәйбішесіз ғой... Мен білем, бәйбішенің орны төрде болады. Ал, мен – Арекеңнің тоқалымын, яғни сіздің көмекшіңіз боламын! – деп сайрап тұр дейді.

Осыны естігенде күлесің бе, жылайсың ба? О заманда, бұ заман, мұндай да қорлық болады екен. Біреудің басыбайлы күйеуіне екінші бір әйелдің орта жолда ортақтаса кетуі деген сұмдық емес пе?! Ал, Арекеңнің кәперінде ештеңе жоқ дейді. Жайы жарасқан, қағанағы қарық, сағанағы сарық. Тіпті көңілді дейді өзі.

– Бәйбіше, оқыста осындай бір іс болды. Арқаның аязын білесің, басында тіземді жылытайын деп бір «жас иісті» үйге кіргізіп алып ем, бауыр басып қалған соң кісі қимайды екен. Бұл жалғыз мен емес, осындағы біраз азаматтың басында бар нәрсе... Мүйіз шығатын болса, отыз жыл бойы мені бір өзің жеке иемденіп келдің ғой. «Көсеу ұзын болса қол күймейді». Шар тартқанда қолғанат болсын деп, саған бір көмекші тауып қойдым, – деп қарқ-қарқ күлетін көрінеді.

Айғанша телефонда осыны айтып жылағанда, көзінің жасы көл болыпты. Шаһизаданың бүгін шеше қайғысына ортақтасып, тұлан тұтып отырғаны сол екен.

– Бұл не, әкеден тірі айрылу ма? Әкеміз бізді шынымен-ақ тастап кеткені ме? – деп ықылық ата еңірейді.

– «Тастап кеткені» несі? Біз бәріміз де бала емес, ересек адамдарымыз ғой... Папаңның да өз алдына өмір сүріп, бақытты болуға қақысы бар шығар, – деді Нұрболат әйелін не деп жұбатарын білмей.

– Әне, еркектер біріңді-бірің қолдайсыңдар, – деді Шаһизада одан ары ботадай боздап. – Ал, апам ше? Қартайғанда ешкімге қажеті болмай далада қалғаны ма?

– Неге далада қалады? Біз бармыз... Арекең де біржола кетпес, бәйбішесіне ара-кідік соғып тұрар...

Арада апта өтпей, Айғаншаның өзі де келіп қалды. Ұзақ жыл бір өзі билеп-төстеген еркектен айрылу оңай ма, әлі де тұғырдан таймаған, ет-женді, адуын әйел айналасы бірнеше күннің ішінде-ақ сылынып, жүдеп қалыпты. Бірақ әлі де ашуы тарқамаған, арыны басылмаған. Әуежайға қарсы ала шыққан Нұрболат пен Шаһизадаға жыл бойы қаһарын төгумен болды.

– Асқан екен Арғынбай! Мен көргенде галстукті қалай байлауды білмейтін сорлы еді, өзінше сенатор болып, сәндене қалыпты. Мен оның былық-шылығын, айла-шарғысын бес саусақтай білемін. Кімге қанша пара бергеніне дейін алақанымда... Ертең осындағы тәуелсіз газеттердің біріне барамын да, абыройын айрандай төгемін. Сонан соң сенатор болып көрсін!

Мына сөздерді естігенде Нұрболаттың қарадай зәресі ұшты. Айтты-айтпады, отыз жыл отасқан әйелдің күйеуі жайында білетіні аз дейсің бе. Мына бетінде барып шағымданса Арекеңе оңай тимесі анық. Қашанда биліктен мін табуға тырысатын оппозициялық басылымдар аяй ма, олар әдейі отқа май құйып, сенатордың құйрығына жуырмаңда өшпейтін шала байлап жібереді. Ал, Арекең құласа, Нұрболаттың да шаруасы бітті деген сөз... Тоба, ұзақ жыл отасқан қосағың да аяқ астынан жау болып шыға келеді екен-ау! Әлгі «астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе» дегенді бұрынғылар осындайда айтқан шығар.

Осының ертеңінде кешке таман Астанадан Арекең телефон соқты. Нұрболат пен Шаһизада өз үйлерінде кешкі астарын ішіп, енді жәйбірахат теледидар көріп отырғанды. Арекеңнің дауысы естілісімен қосақтаулы телефон трубкасын екеуі де құлақтарына қатар тосты.

– Шешелерің оралды ма? – деді Арекең қысқаша амандық сұрасқан соң. – Алматыны шулатып жатқан жоқ па? Сендер оқыған, көзі ашық адамсыңдар ғой, Айғаншаға ақылдарыңды айтыңдар. Құтырмасын. Дүниеде отставкаға шыққан жалғыз қатын сол ма екен? Басқаны былай қойғанда, оның бірінші ледиден қай жері артық? Ол жеңгеміз де отыр ғой: күйеуіне жол беріп, немерелерін өсіріп...

– Көке, сонда апамның ендігі көрген күні не болады? Оның ұзақ жылдық еңбегін тәрк етіп, осылай тағдыр тәлкегіне тастағаныңыз ба? – деді Шаһизада әкесінің сөзін бөліп.

– Саспа, шешең далада қалмайды, – деді Арғынбай сол салмақты да, салқын қалпынан айнымай. – Өзін дұрыс ұстаса, менің бір үйім болып отыра береді... Ал, күнкөріс, кіріс жағына келсек, мен банкідегі акциямның он бес пайызын Айғаншаның атына аударам. Оның түсімі өмір бойына жетеді.

– Оған апам көне қойса! – деді Шаһизада.

– Көнеді! – деді Арекең. – Нұрболат, сен де тыңдап отырсың ба? Ертең Шаһизада екеулерің барып, шешелеріңе осыны ұғындырыңдар... Ал, Айғанша менен өш алып, дүниені шулатсын дейік, содан кім пайда табады? Онсыз да біздің банкке көз сүзушілер аз емес. Егер банк қолдан кетсе, сол Айғаншаң таз кебіне қайта түсіп, баяғыдай жыртық қос, тесік астауға қарап қалмай ма?! Менің сүрінгенім – бүкіл әулеттің құлағаны. Сендер оған әсте жол беруші болмаңдар.

«Алда, Құдай-ай, шынында да солай екен-ау! – деді Нұрболат тұлабойы түршігіп. – Айтты-айтпады, бәріміздің бүйтіп шалқақтап жүргеніміз – сол Арекеңнің арқасы емес пе. Қой, қалай болған күнде де енемізді мәмлеге көндіру керек шығар».

Шаһизада басында шеше намысын жыртқанымен, әке сөзіне тез иланды. Әкесінің де тұрмыста бақытты болуға қақылы екенін іштей мойындаған сияқты. Нұрболат екеуінің ойы ортақ: қайткен күнде де банкіні сақтап қалу керек. Онымен салыстырғанда, отбасының ұсақ-түйек кикілжіңі түкке де тұрмайды.

Ертеңінде, күн жексенбі болатын, түске таман қыз бен күйеу енелерімен келісімге келмек болып, жолға шықты. Бұлар жалғыз емес, жол-жөнекей Арекеңнің кенже інісі Үйсінбайды қастарына қосып алған. Үйсінбай – осындағы бір университеттің ректоры, белгілі профессор. Мәселеге жан-жақты қарайтын оқымысты азамат. Әулетте әлдебір келіспестік туа қалса, бәрі айналып келіп, осы ректордың сөзіне тоқтаушы еді.

Арғынбайдың Алматыдағы үйі – Көктөбенің бауырындағы котедждердің бірі болатын. Күні бұрын хабар тапқан Айғанша кәдімгідей дастархан жасап қойған екен. Ас үстінде бұлар үлкен әңгімеге бармай, баяғы бейбіт күндегідей әрнені сөз етіп, көңілді отырды. Айғанша да – Арекеңнің өзімен қатарлас, жасы елудің ішіне еніп кеткен, еркек бітімдес, зор әйел болатын. Соңғы жылдары тым толысып кеткені болмаса, әлі де төсектен қала қоймаған, өз күйеуін өзге бір әйелдің жетектеп ктеуіне жол беретін кісің емес-ті. Оқта-текте өзі де байқамай көкіректі қарыс айыра күрсінуі – сол іштегі күйіктен хабар бергендей.

Нұрболат пен Шаһизада жол бойы Үйсінбай ағаларына мән-жайды ұғындырып, алдағы әңгімеге дайындап келген-ді. Дастархан жинала бере ректор асықпай сөз бастады. Арғы-бергі тарихқа жетік, философия докторы нені қалай айтуды біледі. Сөзді баяғы ата салтынан бастап, одан ұлт алдындағы парыз-қарызды сөз етіп, ақырында ағасы Арғынбайдың қадір-қасиетіне тоқталған.

– Арекең – біздің туысымыз ғана емес, белгілі мемлекет қайраткері, сенатор. Елбасының оң қолы, сенімді серігі. Ол тіпті, екінші әйел алмақ түгілі, дүниені өртеп жіберсе де, дәл қазір оның атына қылау түсіруге болмайды. Жасырып-жабатын не бар, Арекең елбасына сүйенсе, біз Арекеңе сүйенеміз. Бізді біріктіретін сол шынжыр үзілмеуі керек... Біз не болсақ, ол болайық, бәрімізді адам санатына қосқан сол азаматымыз аман болсын. Ештеңеден кемдік көріп, сағы сынбасын. Өзінің тағы қанша әйелге шамасы келеді екен, тіпті, одан да жастауынан бірнешеуін алып берейік! – деп отырғандарды бір күлдіріп алды да, сөздің соңын Айғаншаға арнады. – Ал, жеңеше, мен білсем, сіз сасатындай ештеңе жоқ. Сіз – Арекеңнің бас бәйбішесі, сенімді серігі емессіз бе. Осы дәрежеге екеулеріңіз бірлікте жеттіңіздер. Енді сол қол жеткен игілікті бірге қызықтап отырмайсыз ба?! Арекеңнің күтіміне өнебойы өзіңіз жүгірмей, көмекші жас қыздарға тапсырып қоймайсыз ба!

– Әй, философтар-ай, айтасыңдар-ау! – деді Айғанша кешегіден гөрі сәл жұмсарып қалғанын аңғартып. – Сендерге салса, бәйбіше де бақытты, тоқал да тоқ, қам-қайғысыз өмір кешеді екенбіз ғой...

– Енді қалай деп едіңіз? «Бір еркекке – бір әйел» деп миымызды әбден улап тастаған – балшабектер ғой. Әйтпесе, бабаларымыз мүлде басқаша өмір сүрген... Өзіңіз «Шыңғысхан» телехикаясын көрдіңіз бе, ханның неше әйелі бар? Ал, Абылайдың сегіз әйел алғаны анық! – деді Үйсінбай әңгімені әзілге қарай бұрып.

Осы әредікте Шаһизада сөз алып, әкесінің кеше телефонда айтқан сәлемін жеткізді. Сөз соңында шешесіне бұрылып:

– Көкемнің сізде мүлде сыбағасыз қалдыратын ойы жоқ. Банкідегі акциясының он бес пайызын сіздің атыңызға аудармақ! – деді бет пішіні шешесінен гөрі әкесіне көбірек ұқсайтын Шаһизада.

– Міне, көрдіңіз бе, ағамыз бәрін ойластырып та қойған. Бәсе, бекер адам сенатор бола ма?! – деп желпінді Үйсінбай.

Айғанша – қанша дегенмен, есеп-қисапты білетін банкирдің әйелі емес пе, райынан тез қайтты. Оның буынына түсіп кеткен – көпірме көп сөз емес, банкінің он бес пайыз акциясы еді. Сауатты әйел оның кемінде он бес миллион доллар болатынын бірден пайымдаған. Ондай сомасы бар әйел, сол Арғынбайдың ызасына, жалғанды жалпағынан басып, ендігі қалған өмірді сауық-сайранмен, өз қалауынша өткізуіне болады.

Нұрболат пен Шаһизаданың да шошыған жүректері орнына түсіп, үйлеріне көңілді қайтты. Қалай дегенмен, бұл әулеттің бір қатерден қалғаны анық. Қайта, құдай сақтады десейші. Егер ата-ененің арасынан жік шығып, арты айықпас дауға айналса, соның салдарынан бәрін асырап отырған банк қолдан шығып кетсе не болар еді. Онда бұлар төменгі қабатқа бір-ақ түсіп, баяғы таз кептерін қайта кимей ме?!

Нұрболатқа ендігі күнде қайын атасы Арғынбайдың амандығын тілеуден басқа амал жоқ. Ол үшін қазіргі жүйе құламай аман тұрсын деп тілеңіз. Өйткені бұл қауым бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Көз алдыңызға бір арқанға жармасып, биік құзға өрмелеген алпинистерді келтіріңізші. Көздеген межеге аман-есен жету үшін, аспақталған арқан үзілмеуі керек.

2009 – тамыз. (15.08.2009 - 20.08.2009)