Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Демократия (әңгіме)


Бұлайша аяқ астынан сайлауға түсу, президенттікке кандидат болу –Баймырзаның түсіне үш ұйықтаса кірмеген нәрсе. Президент болмақ түгіл, солай ойлаудың өзі қорқынышты. Әйткенмен, есін тез жинады. Аужал тұтқаны, бұған «президент бол» деп отырған жоқ қой, президенттікке кандидат боласың деп отыр. Демек, алдағы сайлауда бір қосалқы кандидаттың қажет болғаны ғой, шамасы. Несі бар, ондайға Баймырзаның шарты толып тұр... Онсыз да бүгінге дейін биліктің кем-кетігін жамап, жыртық-тесігін бітеумен келе жатқан жоқ па? Бұл жолы да президентке атқосшы болып, біразға дейін қапталдаса шауып отыруға дайын. Жұртқа күлкі болам деп қорғанатын да ештеңе жоқ. Соншама қорланатындай, Баймырза кімнен кем? Таяуда ғана тарап кеткен, тарап кеткен емес, билеуші партияға өз еркімен қосылған білдей бір партияның бұрынғы төрағасы. Жоғары білімді заңгер. Демократ па десең – демократ, қажет кезінде оппозиционер болып та сайрай алады. Аты-жөні тым әйгілі болмағанмен, жұртқа біршама таныс... Бұл айтылғандар – көпке белгілі, көрінеу тұрған істері ғой. Ал, былайғы жұрт біле бермейтін, астыртын атқарған құпия жұмыстары қаншама?! Бұл жағынан, Баймырзаңыз – әлгі су бетіне үштен бірі ғана шығып тұратын айсбергтің өзі.

Әубаста басшылардың назарын бірден өзіне аударған алғашқы қызметі не болып еді мұның? Ұсақ-түйегін тізіп жатпай ірілерін ғана айтайықшы. Қазір ғой «демократия» десе жұрттың таңдайы тақ-тақ етеді. Бірақ сол демократия мен сөз бостандығы өзінен-өзі оп-оңай орнай қалды деп отырсыз ба? Жасыратын не бар, сонау бір жылдары жаңағы демократия мен сөз бостандығы осы елде қасқалдақтың қанындай тым тапшы болып тұрды емес пе? Еуропадағы кейбір еріккен елдер соны бетімізге салық қылып, «Қазақстан – демократиядан жұрдай, диктатор билеген авторитарлы мемлекет» дегенге дейін бармады ма?!

Сондай сөздер ғой – кісінің намысына тиетін. Әлгі сөзді естігенде, тумысынан патриот Баймырза намыстан жарыла жаздаған. Бұл елдің түсінігін қалай түзетуге болады? Сөз бостандығы болматындай, қазақтың тілін біреу байлап қойып па? Қазақта өзге дүние жетпесе де, шүкір, сөз жағы жетеді. Соны ойлауы мұң екен, басына ешкімнің ойына келмейтін бір идеяның сарт ете қалғаны. Осында зауаттар мен кеңселер жаппай жабылып, жұрт кәсіпсіз қалғаннан бері көрінген шеруге қосыла кетіп, «айғай-аттанның» дуы боп жүрген, бір әпенді шалыстау жолдасы бар еді. Бір күні сол жолдасын шақырып алды да:

- Осы сен аты әлемге жайылған әйгілі адам болғың келе ме? – деп сұрады.

- Болғым келгенде қандай? Ол үшін не істеу керек?

- Түк те істемейсің. Тек, менің айтқанымды орындасаң болғаны.

Соны айтып, басындағы идеясын сонымен бөліскен. Іздегенге – сұраған, оған да керегі – осындай оғаш оқиғалар екен, бірден келісе кетті. Екеуі бір тамаша жоспар құрып, оны жоғарыға бекіттіріп алды да, дереу іске кірісті. Досының аты – Ағынтай батыр. Баяғы есте жоқ, ескі заманда Ағынтай деген батыр болған екен, мынау – сол батырдың ұрпағы көрінеді.

Сонда бұлар не істеді дейсіз ғой? Бұлар ең алдымен кездеме сататын дүкенге барып, елу-алпыс метрдей ақ бәтес сатып алды. Сонан соң оны Баймырза қызмет істейтін комитетке әкелді де, кең залдың есігін іштен бекітіп алып, шағын бөліктерге бөлінген жаңағы ақ бұлға неше алуан бояумен плакат жазды. Өздері жазған жоқ, мекеменің суретшісіне жаздырды. Мазмұны: сол кезде орнынан түскен, немесе басына бұлт үйіріліп тұрған әлдебір шенеуніктерді арамыздан аластайық деген сарында. Әсіресе, таяуда ғана орнынан алып, шетел асырып жіберген премьер-министрдің түгін қалдырмай, қара есекке теріс мінгізді. Сонан соң жаңағы плакаттарды сол кеңсеге жақын Наурызбай батыр көшесі мен Шевченко көшелерінің қиылысындағы тал-теректердің басына ілді де тастады. Өздері ілген жоқ, әрине, бұл бір-екі кісінің қолынан келетін жұмыс па? Бірнеше адам көтергіш краны бар машинамен ел жұрт шырт ұйқыда жатқан түнгі сағат үш шамасында апарып іліп берген.

Ертеңінде барып қараса – керемет! Көше қиылысындағы тал-теректер қызылды-жасылды жазулармен жайнап кетіпті. Жол-жөнекей ары-бері өткен жолаушы ақтық байлайтын «әулие ағаш» та мұндай болмас. Әр плакаттың астына «Ағынтай батыр» деп қол қойылған. Айнала қаптаған халық. Көп адамдар көліктерінен түсіп, мына жаңалыққа есі шыға қарап тұр... Міне, саған демократия керек болса! Қазақстанда сөз бостандығы жоқ болса – мынау не?! Жеке адамның пікірі ең биікте – зәулім теректің басында тұр. Бұдан артық қандай бостандық керек?

Ағынтай батырдың плакаттары осылайша әр он күн сайын жаңарып шығып тұрды. Онда аты-жөні аталмаған әлдебір бюрократтар мен жемқорлар, оппозиция өкілдері сын садағына ілінсе, кейде «Невада-Семей» қозғалысы сарынымен Американың ядролық қаруына да қарсы ұрандар көтеріледі. Тал басына ілінген плакаттарды шетелдік туристер мен осындағы әр елдің елшілік қызметкерлері де арнайы келіп көріпті. Бізден басқа ешбір елде кезікпейтін көрініске олар да қатты таңырқаса керек. «Демократияларыңыз сырт көзге сәл жабайылау көрінгенімен, әзірше Қазақстанға жарап тұр» депті озық елдің өкілдері.

Осылайша, сөз бостандығын биік шынарлардың басына көтеріп, басшылардың алқауына ие болған Баймырза демократияның шаруасы осымен біткен шығар деп ойлаған. Жоқ, мұнымен де іс бітпепті. Бұл – бастамасы ғана екен. Тағы сол шетелдегі білгіштер «бұл елде саяси партиялар жетіспейді» деген әңгіме көтеріпті. Бұрын кім білген, Қазақстанда мұнай да, газ да, алтын да, хром да, уран да, мыс та, көмір де – бәрі бар, тек, саяси партия жағынан кемдік көріп тұр екенбіз ғой. Сол ақылшылардың бізде не ақысы бар десейші. Демократиясымен, партияларымен өздерін-ақ жарылқап алмай ма?! Амал жоқ, енді партия құруға тура келді. Біз бірдеме істесек, қашанда өзіміз үшін емес, шетелдіктер үшін, солардың сынына толу үшін істейтін болдық қой. Соларға ұқсап, шетелге бала сатуымыз керек екен. Өзімізде жоқ, бұрын тіпті атын да естімеген неше түрлі жат діндерге есік ашуымыз керек екен.

Шетелдің талаптарына аса құрметпен қарайтын біздің басшылар: «Партия керек болса, самсатып құрып тастаңдар. Саны он-шақтыдан кем болмасын» деп жарлық шашыпты. Содан, не керек, жұрттың бәрі жапатармағай партия құруға кіріскен. Партия дегеніңіз, әсілі, қоғамдағы белгілі бір таптың, не топтың мүддесінен туады, өзінің ұстанымы, идеологиясы болады дейтін еді ғой. Бұлар оған да қараған жоқ. Баймырзаның өзі әне-міне дегенше үш партия құрып тастады. Біреуі – өз атында, екіншісі – бажасы Байғабылдың атында. Ал, үшіншісін – бұл іске әйелдер де аралассын деген соң, құдағиы Алтынкүлдің басқаруына берген... Елбасының Баймырзадан басқа да жерлес, сабақтас, әріптестері көп қой. Олар да қатардан қалмай бірден-екіден партия құрып жатты. Партиялардың бағдарлама-жарғылары инкубатордан шыққан балапандай ұқсас, бірінен-бірі аумай қалған. Бірақ соған қарап жатқан кім бар? Әділет министрлігінде бәрі де тіркелген. Бәрі заңды. Бәрі де – президентті қолдайтын партиялар... Тек, бұлар сәл-пәл асыра сілтеп жіберген секілді. Нұсқауда көрсетілген он партияның орнына – он бес партия құрып тастапты... Міне, саған партия керек болса!.. Не керек, елбасының айналасын қос-қабат партиялармен қоршап қойды ғой, әйтеуір. Мынаны көргенде оппозицияда жүрген «Ақиқат» партиясы ауыздарын ашып қалды. Ал, шетелдік ақылшылардың таңданғанын сұрама: «Жер-жиһанда мұндай көп партиялы мемлекетті көріп тұрғанымыз осы» депті демократия мамандары.

Сол партиялар президентімізді қорғап-қоршап, он жылдай өмір сүрді. Парламентті де тыпыр еткізбей, өз қолдарында ұстап тұрды. Тек, демократия түбегейлі жеңіске жетіп, ел билігі бір кісінің қолына толық өтіп болған соң, жаңағы партиялар бір-біріне магниттей тартылып, «Нұрлы Әлем» дейтін біртұтас партияға бірігіп кетті. Қандай тәртіп, неткен ауызбірлік десеңізші!

Баймырзалар – партия құрудың, оларды бір-біріне қосудың ғана маманы емес, партияларды бөлшектеп, ыдыратып жіберудің де хас шебері. Мәселен, олар оппозициялық «Ақиқат» партиясын сахнадан солай тайдырды. Араларына сырттан адам қосты да, іріткі тудырып, бастан жақты айырғандай, әлгілерді қақ бөліп тастады... «Ақиқат» тұрыпты ғой, бір ғасырлық тарихы бар, «коммунизм» деп тістей қатқан компартияның өзін орыс пен қазаққа жіктеп, өзара қырқыстырды да, әрқайсысын әр жаққа қаңғыртып жіберді. Қазір КСРО-дан мұраға қалған кәрі-құртаң, кемпір-шалдар кімді тыңдарын білмей әңкі-тәңкі.

Біздің Баймырза осы науқандардың басы-қасында болып, бәрін де өз қолынан өткерді. Осылардың ара-арасында өтіп тұратын сайлау көкпары өз алдына бөлек әңгіме. Бұлар дауыс санаудың нағыз мамандары ғой. Мәселен, сізге қанша пайыз дауыс керек? Қолмен қойғандай жасап береді... Сол еңбектері елеусіз, зая кетті ме деп ойлаушы еді, жоқ, төккен терлері тегін кетпепті. Енді, міне, сол қызметтерінің өтеуіне президенттік сайлауға түсу құрметіне ие болып отыр. «Президенттікке кандидат» – қандай сенім, қандай мәртебе?!

Бәрін соңынан ұғынды ғой, алдағы президенттік сайлауда Баймырзаның кандидат болып қатысуы аса бір қажеттіліктен туған көрінеді. Бәрі де – сол демократияның қамы, қайткен күнде де шетелдіктердің сынынан сүрінбей өтудің амалы... Президентімізге сенімді серік, баламалы кандидат керек. Бақталас партиялар – коммунистер мен «Ақиқаттықтарға» сенім жоқ. Өзара сиыспай, бөлініп-жарылған партиялар орталарынан бірегей кандидат ұсына ма, жоқ па? Тіпті, олар президентті демократиядан ақсату үшін, қасақана кандидат ұсынбай қоюы да мүмкін ғой. Сондықтан баламалы сайлау шартын алдын ала ойластырмаса болмайды... Ал, қосалқы кандидатқа Баймырзадан артық адамды іздеп табу қиын. Аты-жөні көпшілікке таныс. Аз уақыт болса да партия басқарғаны бар. Кезінде әжептәуір қызметте болған. Ой десең – ой, бой десең – бойы бар. «Мынау – президенттікке кандидат» десе ұялмайтындай, кескін-келбеті де ешкімнен сорлы емес. Ең бастысы, сыннан өткен сенімді адам, жеме-жемге келгенде сатып кетпейді.

Баймырзаның тағы бір ұғынғаны, бұл енді күдік тудырмау үшін «Нұрлы Әлемді» де, президент аппараты мен қауіпсіздік комитетін де уақытша ұмытуы керек. Сайлауға өзін-өзі ұсынған бейтарап адам ретінде түсетін болады. Қазір партиялардан әбден ығыр болған жұртқа бейтарап, тәуелсіз кнадидат әлдеқайда өтімді. Бағыт-бағдары оппозицияға жақын болса тіпті жақсы. Халқымен кездескенде «оппозиция дегеніңіз – мына менмін» деп кеудесін ұра берсін. Демек, сайлауда жеткілікті дауыс ала алмай құласа, жаман аты сол баяғы оппозицияда қалады. Сөйтсе, қарсыластарынан мәлім бір дауысты жырмалап қана қоймайды, әрі оппозицияның құнын түсіріп, қадірін кетіреді. Бір оқпен екі қоянды қатар жығу дегеніміз осы.

Ал, қабырғаға жапсыратын бағдарлама, сайлаушылармен кездесуде айтатын сөзге келетін болсақ, оған қиналатын ештеңе жоқ, осында зиялы қауым айта беретін, бірақ ешқашан іске аспайтын неше түрлі ұрандар бар емес пе, соларды көшіріп аласың да шетінен сыдырта бергін. Мәселен, мемлекеттік тілдің қазіргі күй-жайы... «Егер мен президент болып сайлансам, билікте жүрген шалапай мәңгүрттерді екі-ақ айда қазақша сайратар едім» десін... «Жерасты кендерінен түскен ен байлықты алпауыттарға жем қылмай, халықтың игілігіне жаратар едім» десін... «Медициналық қызмет пен оқу-ағарту саласын да баяғыдай ақысыз, тегін дүниеге айналдырар едім» десін... Парыз-қарызы жоқ, құрғақ уәдені аяй ма, көпіртіп соға берсін. Атқарушы үкіметті де оңды-солды сынай беруге болады. Тек, бас жаққа барыспаса болғаны.

Жұмсалатын қаржы, материалдық шығын жағы... Бұл мәселеге Баймырза алаңдамай-ақ қойсын. Барлық шығын – қазынадан. Алдағы аптада бес бөлмелі үйге түседі. Жасау-жиһазімен, әрине. Шетелдік тілшілер көрсін – біздегі кандидаттардың қандай үйде тұратынын! Жүріс-тұрыс, қалааралық қатынас – түгел мемлекет мойнында. Мына бір жарты миллион доллар – еңбекақысы... Егер сайлау науқанын ойдағыдай өткізсе, соңынан берілетін сый-сияпаты тағы бар.

Ойламаған жерден байлыққа батқан Баймырза қойылған шартқа қуана-қуана келісті. Қолымнан келе ме деп қобалжитындай не бар, шынында? Сайлауды жаңа көріп жүрген жоқ. Демократия дегенің – күні кеше тұмсығынан үрлеп, өзі туғызып алған төлтумасы. Көмекші жағы жетерлік. Баймырзаның құжаттары тиісті жерге тіркеліп, бәрі де өздігінен істеліп жатыр. Кандидатты елу мыңдай адам қолдауы керек екен. Бірер аптада ол да дайын болды. «Нұрлы Әлемнің» жергілікті ұйымдары өз мүшелері есебінен лезде толтырып беріпті. Әділет министрлігі дейсіз бе, орталық сайлау комиссиясы дейсіз бе, бәрі де құрдай жорғалап, иіліп тұр.

Сөйтіп жүргенде, кандидаттардың сайлаушылармен кездесіп, өзін-өзі насихаттайтын мезгілі де келіп жеткен. Жұрт сенген өкілдерін, батагөй тілекшілерін ертіп, Баймырза да жолға шықты. Мұныкі – салтанатты серуен, көңілді демалыс секілді. Жүрісі жайлы, көлігі сайлы. Қай облысқа барса да, басшылары құлдық ұрып, алдынан шығады. Бұл сайлауда өзіне сенген елбасы басқалар сияқты ел аралап, өзіне-өзі жарнама жасамай, Ақордада әліптің артын бағып отырған-ды. Сондықтан, бұл сапарда ең қадірлі кандидат Баймырза болды. Басқа кандидаттарға жалдамалы бұзақылар шіріген картоп лақтырып, жиналыстарының шырқын бұзып жатқанда, Баймырза сый-құрметпен жұрттың алақанында жүрді. Қасындағы кеңесшілері:

- Байеке, жүрісіміз тойға айналып барады. Күдік тудырмау үшін сізді де бірер мәрте сабатып алсақ қайтеді? – дегендей сыңай танытқан.

Бірақ бұл ұсынысты Баймырза қабылдамады.

- Мәселені ушықтырып қайтесіңдер, жігіттер. Артық қыламыз деп жүріп, тыртық қылып алмайық, - деген серіктеріне басу айтып.

Өзінің осы жүрісіне шүкірлік еткен Баймырза кездесуін жалғастыра берді. Басқалар сияқты жан ұшырып асықпайды. Жұртқа жағайын, дауысты көп жинай қояйын деп жанықпайды да. Көңілі тоқ, уайымы жоқ. Атасының ерке баласындай емін-еркін жүріс. Бейне ататын аңы бір жерде байлаулы тұрған мерген секілді, немесе қайтатын белеті қалтасында жүрген бейғам жолаушы сияқты. Баймырза бәрін көріп-біліп жүр. Біреулер мұны мәселенің шет-жағасын сезіп құрметтейді. «Иесін сыйласаң итіне сүйек сал» деген бар. Ал, енді біреулер «тегін адам мұндай сайлауға түсе ме. Осы пәле түбінде президент боп кетіп жүрмесін» деген қауіппен сыйлайды... Ал, өз облысы, өз ауданына келгенде, байқұстар іс мәнісін қайдан білсін, руластары жарылып қала жаздады. «Бізден де патша сайланатын күн болады екен-ау» деп тай сойып, той жасағандар болды.

- Жарайды, бұл жолы өзің де елбасының алдына түсе қоймассың. Бізге қатар-құрбыңнан қара үзіп шыққан осы жүрісің де жетеді! – деді көзқарақты ағайындардың бірі.

Мынадай сөзден кейін бұл сапарына Баймырзаның өзі де мән бере бастаған. Әрине, бұл ешқашан да президент бола қоймас. Мәселені дауыс емес, дауыс санау машинасы шешетін елде түпкі нәтиже айтпаса да түсінікті. Әйткенмен, ел басшыларының Баймырзаны президенттікке кандидат болуға лайық деп санауының өзі неге тұрады?! Міне, бір ай болды – ел ішінде қаздай қалқып, үйректей жүзіп жүр. Осының өзі кім көрінгеннің қолы жетер бақыт па? Жас кезінде бірер мәрте күйеу жолдас болғаны бар еді. Соған ұқсас бір сезім жүр көкірегінде. Қалыңдықты күйеу жолдас алмайды, әрине. Бірақ ол да күйеумен бірге омырауына ақ гүл тағып, той төрінде отырады. Соның өзі аз құрмет пе? Сол сияқты, Баймырза да президент болып сайланбағанмен, тарихта кандидаттар тізімінен орын алары анық.

Арада ай өткенде сайлау науқаны аяқталып, дауыс беру қорытындысы да шығып қалған. Нәтиже «сценариде» жазылғандай ап-айқын. Билікте отырған президент 91 пайыз дауыс алыпты. Баймырзаның дауысы – коммунистер өкілімен тепе-тең 3,5 пайыздан. Ал, «Ақиқат» өкілі одан да төмен... Баймырза жалпы сайлаушылар санына шағып, есептеп көрді. Бұған, мөлшермен, 200 мыңдай адам дауыс беріпті. Демек, ел ішінде соншалықты жанкүйері бар деген сөз. Және бір өзі, осы елді жетпіс жыл билеген коммунистік партиямен тең түсіпті.

Билікке жақын жүрген неге жаман болсын, бұл күнде Баймырза – бай-бақуат тұратын белгілі адамның бірі. Аты-жөніне «қоғам қайраткері» деген атақ тіркелетін болған. Баяғы сайлаудан соң әртүрлі мекемеде жауапты жұмыстар атқарды. Қазақстан халықтары ассамблеясына, тағы басқа қоғамдық ұйымдарға мүше... Айтпақшы, Баймырзаның соңғы жылдары қатты тер төккен мекемесі – осы халықтар ассамблеясы. Осындағы аз ұлт өкілдерін достық лабораториясына салып, қайта қорытып шығарған – осы Баймырза. Еңбегі нәтижесіз емес. Ассамблеяның он шақты мүшесін ешбір сайлаусыз-ақ парламентке депутат қып өткізіп жіберді. Аузы дуалы аз ұлт өкілдері көтерген, әлгі «Қазақстандық ұлт» пен «Мәңгілік президент» идеясына да Баймырзаның қосқан үлесі аз емес... Оны азырқансаңыз, «Осы бізге парламент керек пе? Алдағы уақытта қалтадағы парламенттің атқаратын міндетін халықтар ассамблеясына бере салсақ қайтеді» деген ұсынысты да еңбекші халық атынан дайындап қойған көрінеді.

Өткен жылы Баймырза алпыс жасқа толып, «Құрмет» орденімен марапатталды. Мерейтой кезінде сөз сөйлеп, құттықтаушылар той иесінің атқарған қызметін теріп-теріп қана айтқан болды. Бірақ, көрінеу істелген ресми жұмыстарын ғана тілге тиек етті де, оның демократияны нығайту жолындағы астыртын қызметтері атаусыз қалды. Амал не, жұмыс бабы солай. Тарихта жағдайға байланысты кейбір ерлердің елге сіңірген еңбегі осылай құпия қалпында қала бермек.

Айтпақшы, біз жақында Баймырзаны Астанадағы Пирамида маңынан көріп қалдық. Өткен күзде қажыға барып қайтыпты деп естіп едік, сол рас секілді. Басында – мүриттер киетін ақ кепеш, үстінде – тобығына түскен ақ шапан, қолында – тәспих. Аса бір бірәдарлық түске еніп, әлдебір дұғаны іштей күбірлеп оқып келеді... Соған қарағанда, жоғарғы жақ Баймырзаны діндер орталығына «десант» қып түсірген сияқты. «Іске сәт» дейміз, әрине. Енді тәжірибелі демократ дүние жүзінің діншіл сопыларын сапқа тұрғызып, қайтадан тәрбиелейтін шығар. Егер діншілдер уәдесінде тұрып, біздің елімізге аса мәртебелі халықаралық сыйлықты әперетін болса, Пирамида салуға кеткен миллиондардың артығымен өтелгені.

2009 – қараша