Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Сұхбаттар

Шашымды да бір ғана шаштаразға алдырамын


Оқу... Жазу... және Оқу...
- Қабдеш аға, негізгі істен қол боста немен шұғылданасыз?

- Газеттен көріп жүрмін, менің көпшілік әріптестерімнің бірі – суретші, екіншісі – аспаз, үшіншісі – әнші көрінеді. Өте қызықты нәрселер. Бірақ өз басым ара-кідік қамшы, домбыра жинайтын әдетімді, қосауыз мылтығымның барын, Аңшылар қоғамының мүшесі екенімді есептемегенде, әлгіндей өнерлерден құралақан қалыппын. Көп уақытым кітап оқу мен жазуға кетіпті. Басқасының бәрін осыларға бағындырыппын. Бұдан қырық жыл бұрын мына Сәуле жеңгеңе үйленгенде: «Сенің бір ғана «күндесің» болады... Әдебиет деген. Содан қызғанбасаң болды. Басқа алатын жау да, сенімен таласатын дау да жоқ» дегенмін. Сол сертпен жүріп келеміз. Ғұмырымды кәдімгі фанаттар секілді тек осы ала қағазға... жазу-сызуға арнаппын.

Кітапты жасымнан-ақ көп оқыдым. Сабақ үстінде де оң жамбасымда немесе үстел тартпасында кітап жататын. Мұғалімдер жасырын бөгде бірдеңеге шұқшиып отырғаныңды байқаса да шыдаушы еді, бірақ. Себебі, жастық алғырлықтан, зейін-зерденің жақсылығынан шығар, бір құлақпен оны да тыңдап отырасың, орныңнан тұрғызып: «Кәне, жаңа не айттым мен, қайталай қойшы!» дегенде сақ еткізесің.

Сондай ұғымталдықтың пайдасы болар. 1956 жылы Шыңжаңнан Қазақстан мен Орталық Азия жоғары оқу орындарына қатаң сынақпен іріктелген он қазақ баласының бірі мен едім.

Мұнда келген соң да жатпай-тұрмай ізденуге, оқуға тура келді. Себебі, орыс тіліне кеш жетілдік қой біз. Бұл беттегі замандастарым әлдеқашан түгесіп қойған шығармаларды қолға кештетіп іліктірдік. Алғашқыда Батыс пен Ресей классиктерінің туындыларын қазақша аудармасынан болсын қотара оқып, кейінірек оларды қайтадан орысшасымен салыстыра сүзген кездеріміз болды.

Реті келгенде айта кетейік, сонда жалпы дүниежүзі әдебиетінің қазақ тіліне жоғары деңгейде аударылғанына көз жетті.

Дойбышылықтың пайдасы
- Сөзіңізге қарағанда, қаламгерліктен өзге нәрсеге бәлендей құлқыңыздың, икеміңіздің болмағаны ма?

- Жоқ, бала кезімнен тәуір дойбышы болдым. Әкем Жұмаділ, нағашым Ақыш деген кісі дойбышы еді. Ауылды аралап, ешкімді бет қаратпай ойнайтын Тоқтасын деген шал бар, солардың қасында өстік.

О кездегі дойбы тасы бүгінгідей емес, қойдың жіліншігінің басындағы қызасықты екі бөліп, қолдан бояп, жасап алатын көшпенділердің дойбысы ғой.

Кейде бала кезімде әкеме кейбір жүрістерді айтып та жіберетінмін. Сонда қарсыластары «мұны балаң айтып қойды» деп кәдімгідей дауласып жататын.

Кейін қалаға гимназияға келгенде шахмат үйрендім. Тіпті, 1955 жылы соңғы сыныпта жүргенімде Шәуешек қалалық шахмат жарысынан бірінші орын алғанмын. Анада бір ескі қағаздарымды ақтарып отырып, сол турнирде сыйлыққа берілген кітапты тауып алдым.

Дегенмен, дойбышылығым мықтылау болған секілді. Теориясына жетік болмағанмен, төрт-бес жүрісті алдын ала есептей білетін қазақы ойыншы едім.

Бірақ 1962 жылы бұл бетке көшіп келіп, Жарма ауданына қоныстанып жатқанымызда, жаңылмасам, Семейдің пединститутынан демалысқа келген бір мұғаліммен кездесіп қалып ойнап, алғашқы күні быт-шыт ұтылып қалғаным бар.

Сөйтсем, ол республиканың чемпионы екен. Ертеңіне қайта ойнап, тең түстік. Одан кезек ұтысуды бастадық. Сонда ол «Спорт шеберіне кандидат деңгейінде ойнайды екенсің!» деп еді. Мен өзінен бір басқыш төмен қойғанымен аса жоғары бағалағаны да.

Еске түседі, сол алпысыншы жылдары Үрімжіде жүрмін, Коммуна дейтін құрылып жатқан кез. Даланы да, қаланы да жайлаған ашаршылық...

Аштық енбеген үйлер де бар. Үкімет мүшелері, шенеуніктердің үйлері ғой... Соларға сәлем берген боп, кеңескен боп барамыз жағалап. Дойбы ойнаймыз. Қасымдағы Мақатан деген ақын жігіт: «Мына кісіні бүгін қатырып ұтып жібер, сонда ертең қайта шақырады» деп сыбырлайды. Жеңемін. Айтқандай-ақ тағы шақырады. О жолы тең ойнап немесе «жеңіліп» көңілін көтеріп шығамыз. Сөйтіп дойбының арқасында тамақ асырап, қарнымызды тойғызған кездеріміз де болған.

Келе-келе миға қосымша күш түсіретіндіктен дойбыны да, шахматты да азайттық.

Картаны да көргенбіз...
- Дойбы мен шахматты жақсы игерген адам картаға да жаман болмаушы еді...

- Иә, картаны да көрдік қой.

Жас кезде оны да қолдан жасап алатынбыз. Отызыншы жылдары арғы бетке осы жақтан қашып барған кісілердің сандығында өтпейтін ақша түрлері көп, солардың ішінде Николай патшаның ақшасы карта жасауға ыңғайлы болатын. Өзі қалың, жылтыр бетіне ақ қағазды жапсырып, шетін әдемілеп қиып, картаның төрт түлігін таңбалап шықсаң, тура атлас картадан кем болмайтын.

Есейіп осында келіп, оқу бітіріп, қызметке араласып, жазуға кірісе бастаған тұстарда «Бұл – зиялылардың ойыны. Оны білмесең болмайды» деген соң преферансті де үйрендік. Бірсыдырғы, ұтылмайтын деңгейде... Бірақ бұған да салынбадым. Өйткені күндер, кештер, түндер кетеді екен. Уақыттың жұты десе болады.

Бильярдтың қазақшасы – тасқаяқ
- Сонда өзі, оқу, жазу деп барлық қызықты құрбандыққа шала берген сияқтысыз ғой.

- Неге? Мысалы, бильярдтан қашпаймын. Әр нәрсені көре келе, жазушыға ең керек ойын сол ма деп қалдым.

Сексенінші жылдары жазушылардың Шығармашылық үйінде жатып көп ойнадық. Керемет бильярд залы бар еді. Екі үстел сыңғырап істеп тұратын.

Қаның тарайды, бой жазасың. Бір сағат ойнасаң, тақтаны айналып жүріп төрт шақырымдай жер басады екенсің.

Біреуге біреу кийін бермейді. Сондықтан осы Әкіміңіз, Бек Тоғысбаевыңыз, Сәкен Жүнісовыңыз... Сонда жүрген жазушылардың бәрі арнайы шебер шақыртып, жүз сомнан төлеп, бас-басымызға кий жасаттық. Үйде әлі тұр.

Алайда, менен аса мықты бильярдшы шықпады. Өйткені оны буыным қатып кеткенде бастағанмын ғой. Десем де, осы деңгейімнің өзі демалып, арқа жазуға жарап тұр...

1984 жылы Ғабит Мүсірепов ақсақалмен бірге сонда қыстап, кезекті шығармаларымызды жаздық. Ол кісі өзі ойнауды қойғанымен қалтасынан ақша шығарып, жарыс ұйымдастырғаны бар. Сонда Сафуан ағамыз шақ келтірмей ұта берді бізді. Қалжыңдағаным бар еді: «Шіркін, Сәкең сексенге келгенде кездесіп, бір шайқассақ!» деп (Былтыр бір ұшырасып, есіне салдым соны. Шаршаңқырап жүр екен, күліп, жадырап қалды).

Әлгі жарыста асығыңқырап кетсем керек, ауызда тұрған оп-оңай бір шарды түсіре алмай қалғаным. Соны байқап қалған Ғабеңнің:

- Ай-й, қап! Мына шарды алуың-ң керек еді-і! Романды қандай жазар ең-ң, ә-ә?! – деп бас шайқап өкінгені есімде. Бір жағы, маған көпшік қойғаны, екіншіден, жасымасын дегені ғой.

Сол жолы жабыла жүріп бильярдтың атауларын қазақшаладық. Көбін мен таптым. Мысалы, бильярдтың өзін «тасқаяқ» дедім. Қазақта «тасқаяқтай қағыстыру» деген сөз бар емес пе. Біразын ұмытып отырмын, кийді «сүмбе», тағы бір атауды «ұя», фораны «сауға» дедік.

Сайып келгенде...
- Өнер адамдарының бесаспаптығы дегенге қалай қарайсыз, жалпы?

- Тегінде, мен «өзі – ақын, өзі – жазушы, өзі – сазгер, өзі бәлен, өзі түген» дегенге қарсымын. Себебі, қазір сонау «Сегіз қырлы-ы, бір сырлы-ы» дегеннің дәурені өткендей.

Діттеген мақсатыңа жету жолында көп төгіліп-шашыла бермей, шығармашылық күш-жігерді бір арнаға тоғыстырған дұрыс-ау.

Белгілі бір іске, белгілі бір әдетке адал болуды ұнатамын. Бірде алай, бірде бұлайға жоқпын. Тұрақтылықты қадірлеймін. Мәселен, биыл жиырма алты жыл болды, шашымды бір ғана... Жанғазы деген шаштаразға алдырып келемін. Оның да хоббиі – таныс жазушылардың шығармаларын автор қолтаңбасымен жинау сияқты. Өткен жылы: «Сіз де бір кітабыңызды берсеңізші!» деген соң: «Ширек ғасыр бойы шашымды күзеп, түрімді түзеп келе жатқан Жанғазыға шынайы құрметпен!» деп жазып, екі томдық «Соңғы көш» кітабымды апарып бердім.

Ол еңбек демалысына шығып кетсе, шашымның өскеніне қарамай келгенін күтіп жүремін. Халықаралық дәрежедегі шебер. Табысты жігіттердің бірі. Мәселен, менің шашымды алған он бес минутте төрт жүз теңге табады. Бизнесмендер одан да мол береді. Келушілер өте көп. Жыл сайын біздің қолымыз жетпей жүрген Анталияға барып демалады.

Осындайда іні-қарындас, ұл-қыздарыма: «Белгілі бір кәсіпті шырқау шегіне жеткізіп игеріңдер, барлық қабілет-қарымды бір бағытқа үйлестіріңдер!» дегім келеді.

Әңгімелескен Құлтөлеу МҰҚАШ «Қазақ әдебиеті». 19-қазан, 2001 ж.