Сұхбаттар
Назарбаевқа Еуразиялық одақ туралы айтқызған Кремльдің идеологтары
- Қабдеш аға, сұхбатымызды қазіргі күндегі ең өзекті, ұлтымыз бен мемлекетіміз үшін кезек күттірмес мәселеден бастасақ. Ақорданың қалауымен біз Ресеймен одаққа кірдік. Кремльмен одақтың қатері туралы жиі айтасыз, ендігі күніміз не болмақ? Біз бұдан былай өзімізді тәуелсіз ел деп санай аламыз ба?
- Еуразиялық Одақ туралы әңгіме шықпастан бұрын Кеден Одағы құрылды. Қарсылығымызды қанша айтқанымызбен, оған да тосқауыл бола алмадық. Қоғам болып, оның ішінде оппозиция өкілдері, зиялы қауым бірігіп, Еуразиялық одаққа да барынша қарсылық танытуға тырысып бақтық. Сәуір айында Антиеуразиялық форум, яғни Еуразиялық одаққа қарсы үлкен жиын өтті. Оған да қатысып, ойымызды, қоғамның, елдің болашағын ойлайтын зиялы қауым өкілдері бұл одаққа, қайта бодан болуға қарсы екенімізді айтуындай айттық. Біздің сөзіміз ел тізгінін ұстап отырған топқа жетпеуі мүмкін емес. Ол жиында айтылған пікіріміз, сөзіміз барлық БАҚ құралдары арқылы тарады. Бірақ, біздің жанайқайымызды тыңдар құлақ бар ма?! Мәселе осында! Артынша, үш елдің президенті шарт жасасып, Одақтың құрылуына қол қойды. Ол шарттың мәнісін түсіндірген халықты, ұлттың сөзіне құлақ асқан басшыларды көрмедім. Бұл туралы халыққа «сіздердің ойыңыз дұрыс емес, біздің бұл бағытты таңдау себебіміз мынадай» деп елмен санасудың кейпін танытқан да ешкім болмады. Мен бұл Еуразиялық Одақтың шартын мемлекет немесе халықтар арасындағы шарт депмойындамаймын! Бұл – Путин, Назарбаев, Лукашенко үшеуі келісіп, тек қана президенттер қалауымен құрылған одақ. Референдум өткен жоқ, халықтың пікірін ешкім ескермеді.Сонымен қатар, ол шартта қандай мәселелер, қандай баптар жазылғаны туралы қоғам әлі де ештеңе білмейді. Соған қарамастан, үшеудің қалауымен ол шарт алдағы қаңтардан бастап өз күшіне енеді. Бізді дұрыс түсінсе дейміз, бұл Одаққа қарсы болғанда, халықтар достығына, орыс пен қазақтың, беларус пен қазақтың достығына қарсы емеспіз. Біз биліктің халық пікіріне құлақ аспай, өздері ғана одақтасып жатқанына наразымыз!
Біз кеше ғана Ресей империясының боданынан босаған мемлекетпіз. Үш ғасырға жуық Ресей империясының қол астында болдық. Империя күйреп, Алла Тағала бізге тәуелсіздік сыйлады. Кешегі отаршыл елден құтылып шыққан соң, оның құшағына қайта кірудің еш қажеті жоқ деп санаймын. Қайта белгілі бір уақытқа дейін ара қашықтық сақтауымыз керек еді. Арамызда байланыс, сауда-саттық, достық қарым-қатынас болсын. Бірақ ол үшін одаққа кіру шарт емес. Мысалы, Одаққа кірмеген көптеген елдермен тығыз қарым-қатынаста емеспіз бе?! Бізге Ресейдің пиғылы ұнамайды. Осыдан біраз уақыт бұрын Путин: «ХХғасырдың соңында үлкен бір қасірет болды: КСРО-ның құлауы. Біз міндетті түрде КСРО-ны қалпына келтіруіміз керек», – деп ашық айтты. Міне, осыны естіп отырып, Кремльмен қайта достасу, онымен одақтас болу –КСРО-ға қайта бағыт алу деген сөз! Осыдан 20 жыл бұрын ММУ-дағы кездесуде осы ойды Назарбаевқа айтқызып, оны қолпаштады. «Осы идеяның авторы Нұрсұлтан Әбішұлы, сізсіз, біз сіздің көмекшілеріңіз ғанамыз», – деді. Шын мәнінде, оның авторы – Назарбаев емес, империяның идеологтары болатын. Путин өз мақсатын ашық айтып отырса да, біздің билік сол одаққа қайта кіруге құштар.
- Еуразиялық экономикалық одақ келісімі туралы Украина премьері Яценюк «Еуразиялық Одақ Ресей атындағы КСРО-ны қайта тірілту» деді. Шын мәнінде КСРО-ны қайта қалпына келтіру мүмкін бе?
- Кремль соны жасауға талпынуда.Еуразиялық Одақтың негізгі билігі Ресейде болады. Одақтың негізгі қожайыны –Ресей. Бірақ, не істесе де Кремль Одақты қайта тірілте алмайды. Бұлар Қырғызстан, Армения секілді өздігінен күн көре алмай отырған мемлекеттерді қол астына кіргізу арқылы КСРО-ның «көлеңкесін» тұрғызбақ. Бірақ, ол ойлары сол «көлеңке» күйінде қалады.
- Ресей мен Украинаның өзін былай қойғанда, біздің елдің ішінде қоғам пікірі екіге жарылып, бірі Ресейді, бірі украин халқын қолдап шықты. Сіздің пікіріңізше, Ресейді не Украинаны қолдағандардың көзқарасы неге бір-біріне қарама-қайшы?
- Мен 1988 жылы қазақ делегациясымен бірге Украинаны араладым. Тарас Шевченконың мавзолейіне гүл қойған едік.Украинаны жақсы көремін! Жалпы, Украина не Кеден Одағына, не Еуразиялық Одаққа қосылмады. Бұл Ресейдің империялық амбициясына үлкен соққы болды. Негізі украиндықтардың қаны бізге біртабан жақын. Бір кезде Киев княздерінің барлығы дерлік қыпшақ қыздарынан туған. Бұл «Игорь жасағы туралы жырдан» айқын көрінеді. Олардың тегінде түріктің қаны бар. Ал Ресейдің қазіргі ісі – Украинадан өш алып, қорлық көрсету. Біздің билік басқыншы Ресейдің көрші елге жасаған сол қиянатынан сабақ алудың орнына, Кремльге жалтақтайды. Біздің сарай маңындағылар негізінен өз ұлтынан безіп, Путинді, соның саясатын қолдап жүргендер. Кремльді қолдап, қолтығына кірмесек саяси карьерамызға салқыны тиіп кете ме деп, өз жеке қара басының қамын ойлағандар. Себебі Назарбаев Путинді қолдап отыр. Басқа шенеуніктер өзге пікірде бола алмайды.
Ресей, Украина, Белоруссияны кезінде мен «империя ошағының үш бұты»деп атағанмын. Барлығы славян жұртының тірегі болған, өзара қандас, тілдес, одақтас елдер. Бірақ дүниетанымдық көзқарас қайшылығына байланысты, өзімен бауырлас болған, өзінің қолтығындағы Украинамен Ресей жау болып шықты. Бұл– Путин саясатының кесірі. Путин президент болғалыбері, Молдавиядан Приднестровьені, Грузиядан Абхазия мен Оңтүстік Осетия жерін, биыл Украинаның Қырымын тартып алды. Қырыммен де қанағаттанып қоймай, мәлім мөлшерде, орыс диаспорасы тұратын Луганск пен Донецк өлкесінде азаматтық соғыс ұйымдастырып, сол екі облысты бөліп алғысы келіп отыр. Негізі ол жерде көтеріліске шығып жатқандар шахтерлер емес. Сол жердің тұрғылықты халқыда емес. Себебі ол жерде қоныстанғандардың жартысы украин, жартысы– орыстар. Бұл жерге Ростов облысы арқылы Ресейден әскер өтіп жатыр. Міне, бүлікті жасап отырғандар – солар. «Біз қару беріп отырған жоқпыз» деп Путин мүлде өтірік айтады! Қылмыс жасау бір, соны мойындау бар. Ал өтірік айту–ол да бір қылмыс. Бір елдің президенті бола тұра, бұлай өтірік айтуға ұялса нетті. Егер ол шын таза адам болса– өтірікке бармас еді. Бірақ біз асыққамен, Құдай асықпайды, кейін бәрі де анықталады. Енді ұялмай «Ресей өз әскерін кері шығарып жатыр» деген ақпарат таратты ресейлік БАҚ. Сонда Путиннің «әскер кіргізген жоқпыз» деген сөзі қайда қалды?! Оларды Украинаға өздері кіргізбесе, ондай әскерді қайдан шығарып алып жатыр? Рас, қазір орыс әскері Украина әскерінен басым болып отыр. Украина қарулы күштеріЯнуковичтің кезінде әбден әлсіреген, жемқорлық жайлаған елде әскерге көңіл бөлінбеген. Қазір соның зардабын шегуде.
Украина президенті Порошенко жақында Америкаға барып, өздерінде орысқа қарсы соғысатан ешқандай техника жоқ деп мәлімдеді. «Демократиялық ел ретінде Украинаны сақтап қалғыларыңыз келсе– көмектесіңіздер. Бізде Ресейдің қаруына төтеп берер қару жоқ», – деді.Міне, біз осыны көзімізбен көріп отырмыз ғой. Империялық пиғылдан әлі қайтпаған Ресей ешкімді аямайтынын осы жолы анық көрсетті. Ол өзінің қандас, діндес, тілдес бауыры Украинаны аямағанда,қазақты, қырғызды тағы басқаларды қайдан аясын. Өз басым, бір есептен Құдай бізге көмектесіп отыр деп ойлаймын.Неге дейсіз ғой? Күллі дүниежүзінің алдында Ресейдің, Путиннің абыройы айрандай төгілді. Ресей Қазақстан мен Белоруссиядан басқа мемлекеттерден оқшау қалды. Бүкіл дүниежүзі қазір Ресейге қарсы. Ресейдің империялық саясаты, ашкөздігі әлемге әшкере болды. Оны Гитлермен теңейтіндер шықты. Демек, біз әлі түсінбеген нәрсені дүниежүзі айғақтай бастады.Қазір әлем елдері салған санкциялар арқылы Ресейдің экономикасы күрт төмендеп, тоқырауға ұшырап отыр. Путиннің алғашқы қарқыны басылып қалды. «Құдай асыраған тоқтыны қасқыр жемейді» дегендей, бұл да болса қазаққа Алланың болысқаны болар. Бізді жеп қоямыз, бас саламыз деп отырған қорқауларға тосқауыл қойғаны. Дүниежүзі алдында Ресейдің, Путиннің беделі түсуі қазақ халқына тиімді. Қазір бізде халық басқа, билік басқа ғой. Халық түгел дерлік Украинаны жақтайды, ал билік Путиннің соңында. Ресей қазір қатты құлдырап барады. Жириновский өз бетінше айқайлап, «бұл санкциялар жақсы болды, өйткені енді Ресей зауыттары екі есе артық жұмыс істейді, ауыл шаруашылығы шарықтап дамиды» деп жатыр. Бұл –жай ғана демагогия. Шынтуайтына келгенде, бұл жағдайлар Ресейдің жанына қатты батып отыр.
Дәл осы шиеленіскен кезеңде Ресеймен одақ болудан ұтарымыз жоқ екені белгілі. Не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
- Енді Путиннің барлық сыры әшкере болған жағдайда, Еуразиялық Одақтан бас тартуымыз керек. Еуразиялық шарттың бір бабында, мемлекеттік мүддеге қайшы келген жағдайда одақтан шығуға болады деген пункт бар көрінеді. Біз осы пунктті пайдалануға тиіспіз. Біз Антиеуразиялық форумда Еуразиялық Одаққа кірудің қатерлі екенін айтқанбыз. Қазір де сол пікірдеміз. Егер Ресей басқыншылық саясатынан таймаса, біз ол елмен одақтас бола алмайтынымызды айтуымыз керек. Кейбір істеріне қарасақ, біздің биліктің де бұл мәселеде басы қатып отырған сияқты. Ресейге салынып жатқан санкциялар, сөз жоқ, бізге де әсер етеді. Біздің Путин жағына шыққанымызды әлем көріп отыр. Міне, осының кесірінен біздің де сүйкіміміз кете бастады. Бұл ойыншық емес. Өйткені Америка сияқты алпауыт мемлекеттің бізге қарсы болуы үлкен қатер. Бізді Қытайдың, Ресейдің жеп қоймауына бірден бір кепіл мемлекет– АҚШ. Біз осы елмен қарым-қатынасымызды бұзып алмауымыз керек, арамызды суытпауымыз қажет. Ал мына жағдайда бізге берілетін көмектер азаяды. Егер олар бізге көмектессе– одаққа, яғни Ресейге көрсеткен көмек болып саналады. Бізді алшаңдатып жүрген – мұнай мен көмір, алтын мен мыс сияқты шикізаттар ғой. Қайталап айтамын, біздің пікір ескерілмеген жағдайда, «одақтан» бас тарту қажет. Референдум жүргізілсін. Президент «халықтың пікірі осындай, мен халықпен санаспай отыра алмаймын» деп ашық айтуы қажет. Қазір Путиннің қасында отыру қауіпті. Сол қауіптен ертерек шығып кетуіміз қажет! Біздің биліктен сондай жігер табылса ғой, шіркін!
- «Ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ол –қазақ тілі Мәңгілік Елдің мәңгілік тіліне айналды. Тіл мәселесін біз даудың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайдалануымыз керек», – деді президент. Ал, «Үштұғырлы тіл» саясаты ана тіліміздің аяқ асты болуына алып келмей ме?
- «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері болып тұр. Мінберде бәрі тілдің қамқоры. Ал іс жүзінде ана тілді көтеретін, қолдайтын шаралар жасалып жатқан жоқ. Мемлекеттік тілді білмейтін адам үлкен қызметте отыр. Қазір біздің үкімет басшымыз Мәсімов, сыртқы істер министрі Ыдырысов сияқты екі ауыз қазақша білмейтіндер билікте отыр. Бұл ана тілімізді құрметтегендік емес! Егер қазақ тілін білмейтіндерге жоғары қызмет берілмесе, солардың барлығы бір жылда-ақ қазақша сайрар еді! Үйренсін. Президенттің өзі «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» демеп пе еді?Бірақ біз осылай жасап жүрміз бе? Осы нәрсе-ақ қазақ тілінің беделін түсіреді. Биыл қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіналғанына 25 жыл толды. Бірақ сол тіліміз өз тұғырына әлі де қонбады. Сондықтан, күрес әлі де аяқталған жоқ. Осы жолда Мұхтар Шаханов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері жүр. Ол азаматтарды қолдаймын. Бізде екі мемлекеттік тіл болсын деп жүргендер де бар. Солардың ішінде үлкен ақынымыз Олжас Сүлейменовтің жүргені өкінішті-ақ.
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Байтұрсыновтың керемет сөзі бар. Бізқазақ халқы жоғалмасын десек, әуелі тіліміз, әр сөзіміз үшін күресуіміз керек. Біріншіден, қазақ тілін білмейтін шенеуніктерге жоғары қызмет берілмесін. Екіншіден, қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін. Сосын, көшелеріміз, қалаларымыз қазақша аталсын. Осы күнге дейін Петропавл, Павлодар деп жүрміз. Бұл екеуінің де Қызылжар мен Кереку деген әдемі аты бар. Өз аттары дайын тұр. Жыл аяғына дейін, мемлекеттік тілдің 25 жылдық құрметіне екеуінің де атын өзгерту керек. Тіл мәселесі кейінгі кезде кішкене суынып қалды. Себебі, тілімізді былай қойып, еліміз жұтылып бара жатқан жоқ па? Есіл-дертіміз Еуразиялық Одаққа ауып кетіп, тіл мәселесін сәл солғындатып алдық. Еліміз жұтылса–тіліміз бірге жұтылады деген сөз. Сондықтан, қазір тәуелсіздікті қорғау басты мәселе.
- Қоғамда нашақорлық, жемқорлық пен сыбайластық,атыс-шабыс сияқты жайттар көбейіп кетті. Сіз бір сөзіңізде «қоғамды бұл сырқаттан емдейтін нәрсе - көркем әдебиет. Ол санаға бірте-бірте тарайтындықтан, оның нәтижесі бір күнде білінбеуі мүмкін. Бірақ өз болашағын ойлайтын ел оны өз саясатының басым бағытына айналдырып, оған ерекше көңіл бөледі. Өкінішке қарай, біз қазір қоғамның дертін емдейтін жағдайға жете алмай отырмыз», – дедіңіз. Сонда біздің қоғамныңбасты кемшілігі неде? Онымен қалай күресуіміз керек?
- Қазір біздің қоғамда неше алуан дерт бар. Жемқорлық, парақорлық, қатыгездік қоғамымызды дендеп бара жатыр. Ел ішінде неше түрлі қатыгез қылмыстар көбейді.Отбасымен қырып кету, жас баланы өлтіру, зорлық- зомбылық сияқты адам аузы бармайтын қылмыстар көбейіп кетті. Осы қылмыстарға жаза қатал болуы керек. Ауыр қылмыскерлерді түрмеге салып, үш мезгіл тамағын беріп бағамыз.Оларды өмір бойы асыраудың түкке керегі жоқ. Демократиялық сарынға қосыламыз деп, өлім жазасын алып тастадық. Меніңше, осыны қалпына келтіру қажет.Қоғамға сыйымсыз, ауыр қылмыс жасағандарды ату жазасына кесетін мемлекеттерәлемде көп. Бізге, сірә, осы жағынан заңымызды жетілдіру қажет болар.
Біз бүгінге дейін экономика деп келдік. Байыған үстіне байи түс, қалай байысаң да өзің біл дедік. Осы нәрсе жемқорлық пен қылмысқа жол ашты. Мұның бәрі рухани кедейшіліктен болады. Руханият дегенді ұмыттық. Қатыгездік вирусын өлтіретін бір ғана дәрі бар. Ол –көркем әдебиет, поэзия. Адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді көркем әдебиетпен емдеу керек. Міне, менің жаңадан басылған кітабым небәрі 2000 данамен шықты. Бұл Алматыдан әрі аспайды. Біз бұрынғы даңқымызбен жүрміз. «Соңғы көш», «Тағдыр» деген кітаптарымыз 40-50 мың данамен шыққан. Жұрт бас алмай оқыған. Біздің үлкен қателігіміз– бәрін ақша шешеді дегенге сендік. Жоқ, бәрін ақша емес, адамгершілік, ар ұят шешеді екен. Ақша саған ар да, иман да бола алмайды. Бізде миллионерлер жүздеп, миллиардерлер ондап саналады. Солар бұл байлықты қалай жинады? Балабақшаға бала беру үшін, мектепке бала оқыту үшін пара беру деген не сұмдық?! Осы жағдайлар руханиятымызды әлсіретіп болды. Біз дертке шалынған қоғамда өмір сүрудеміз. Біздікі сау қоғам емес. Қоғам сау болса, күнде кісі өліп, жасөспірімдер асылып, атылып жатпайды. Осының себебін зерттеу қажет. Біз тек соттауды ғана білеміз. Сотталу жағынан біздің мемлекет дүниежүзінде алдыңғы орындарда. Тепсе темір үзетін 80 мыңдай азаматтың түрмеде жатуы өзі аз халық үшін жақсылық емес. Біз қылмысты азайтуымыз керек, ол үшін талантты адамдарды алға шығаруымыз қажет. Құр билікті мақтайтын жағымпаздар рухани дүниені байытпайды. Бізге ащы шындықты жылап отырып жазатын ақындар мен жазушыларкерек. Қоғамды ауыр сырқаттан емдейтін– тек солар ғана.
- Қазір көп адам кітап оқымайды. Әсіресе, жас ұрпақ ойлану қабілетінен айырылып қалған сияқты деп айтып жүрміз ғой. Жазушы мен оқырманның арасын байланыстырып, әдебиетке оралту үшін не істеу керек?
- Қазір интернет деген шықты. Мен кітабымды оқыса тек кітаптан оқысын деп, электрондық нұсқасын оларға бермей жүрмін. Ол бір сәттік оқу. Бізге кітап тарату ісін қолға алмаса болмайды.Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, талай сындардан өткен Қабдеш Жұмаділовтің кітабы неге 2000 ғана данамен шығуы керек? Әдебиетке жаңа келген «Мырқымбайдың» да кітабы 2000 болып шығады. Бұл қайдан шыққан теңгермешілік.Мен осы қоғамның ащы шындығын жазамын. Дәрі деген ащы болады, ащы дәріні ішсең дертіңе шипа. Шала сауатты шенеуніктер мен әкімдер ащы шындықты айтты деп кейінгі кезде мені жақтырмай жүреді. Бұрын маған мемлекеттік стипендия берілетін. Алты жылдан бері Мұхтар Мағауин екеумізге берілетін сол стипендияны тоқтатып тастады. Бұл маған экономикалық жағынан қысым көрсеткендері. Қазір жеті ғана халық жазушысы бар, соларды алалайды.
- Аға, бір топ жазушы Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің жұмысына көңіл толмайтындықтарын жеткізіп, жұмыстан кетуін талап етті. «Оразалин әдебиетті қорлаумен келеді» деген айқай-шудың болғанын білеміз. Осы оқиға туралы не айтасыз?
- Жазушылар Одағының ұстанымын адам түсінбейді. Қазір жазушылар одағында 770-тей жазушы бар. Соның ішінде біршама танымалы 70 шығар.Ал қалған 700-ін мен танымаймын, кім екенін де білмеймін. Кейбіреулерінің кітабы тіпті оқуға келмейді. Мен нағыз әдебиеттің қандай болатынын білетін адаммын.Әдебиет санмен емес, сапамен өлшенеді. Былтыр Нұрлан Оразалин құрылтай қарсаңында 42 адамға «Алаш» сыйлығын үлестірді. Ішінде әлі кітап жазбағандары да бар.Сөйтіп, олар «Алаш» деген атты осылай қорлады. Осыдан кейін әдебиетте не қадір қалды. Сыйлық деген жылына ұзаса 3-5 адамға ғана берілуі керек. Сыйлық – қайырымдылық қоры емес қой, тұрмысы төмендерге берілетін. Қазір екінің бірі «Алаш» сыйлығының лауреаты. Меніңше, рухани дүниенің құлдырауына себеп болған бір нәрсе осы.
- Ғалым Жайлыбай бір сұхбатында «Елімізде Әдебиет туралы заң қабылдау қажет» депті. Расымен, әдебиет туралы заң жобасы керек пе? Егер мұндай заң қабылданса, ол бізге не береді?
- Білмеймін. Менің қазір ол одаққа қатысым жоқ. Тек өзім құрметтейтін адамдармен ғана араласып тұрамын. Өйткені Оразалин Одақтың басында отырғанда, мен ондағы жиынға қатыспаймын. Тіпті, ол басқарған жиналыстарда отырғым келмейді. Әдебиет үшін бір ғана нәрсе керек. Ол –таланттарды көтеру, соларға жағдай жасау. Жазушыларға қаламақы төлеу қажет. Қаламақы деген пара емес, еңбекақы деген сөз. Қандай қоғам жақсы десеңіз, ол– еңбекке ақы төлейтін қоғам. Ол социализм бе, капитализм бе–бәрібір. Халықты рухани дүниемен байытып отырған жазушы еңбегіне неге ақы төленбейді? Біздің Конституциямызда қоғамдық ұйымдарға бюджеттен ештеңе бөлінбесін деп жазылған. Бізде 2000-ның үстінде қоғамдық ұйым бар екен. Жазушылар Одағы да сол санатқа жатады. Бұдан артық қорлау бола ма? Қазір бізден гөрі әншілердің жағдайы жақсы. Тойға барып, ән салып, ақша табады. Бізде кітап тарату механизмі жоқ. Кеңес Одағы кезінде кітаптар екі каналмен тарайтын. Қазір билік сенің жазбағаныңа қуанады. «Ең жақсы депутат– үндемейтін депутат» депті ғой біреу. Талантсыздардың көңіліне келмеу үшін, біз қазір талант деген сөзді айтпайтын болдық. Әдебиетті тек таланттар жасайтынын ұмыттық.
- Сізді жазушы ретінде алты Алашқа мәлім еткен «Соңғы көш» атты романыңыз екені белгілі. Осы романның кеңестік цензураға қалай түскенін білеміз. Қазір Кеңестік кезеңді мадақтайтындар көбейді, соларға бір сабақ болсын, сол Кеңестік цензура туралы айтып бере аласыз ба?
- Мен шетелдегі қазақтар туралы тұңғыш шығарма жазған адаммын. Бұрын шетелде қазақ бар деп айтпайды екен. 1956 жылы Қытайдың жолдамасымен Алматыға оқуға келгенде,зообаққа жаңа арыстан не керік кепті дегендей,бізді көреміз деп студенттер қаптап кеткен. Біз он бала келдік, біздің қазақша сайрап тұрғанымызды көріп әлгілер таң қалған. 1963 жылы «Қаздар қайтып барады» атты шекара туралы әңгіме жаздым. Ал «Соңғы көшті» шығару қиын болды. Цензура жібермеді. Осы романның басын ашып беру үшін 4 дана қылып бастырып, біреуін ЦК-ға, біреуін ғылым академиясына, біреуін Әуезов институтына, тағы біреуін қоғам қауіпсіздік мекемесіне жібердік. 2-3 айдан кейін бәрінен бір-бір жапырақ қағаз келді. Бәрі де «Бізде мұны анықтайтын маман жоқ, мұндағы оқиғалар қаншалықты өмір шындығына сәйкес екенін білмейміз», – деумен тыныпты.Тек КГБ ғана нақты кеңес берген. «Бұл тақырыпты анықтайтын бір ғана орын бар. Ол – Мәскеудегі Қиыр Шығыс институты.Қолжазбаны соларға жіберіңіздер», – депті.Жазушылар Одағының бастығы Әнуар Әлімжанов орысша жақсы білетін екі кісіге «Соңғы көшті» орысшаға аудартты, сонан соң өзі хат жазып, Мәскеуге жолдады. 4-5 айдан кейін жауап келді. «Бұл қазір бізге өте керек кітап, Қытайдағы ұлттық езгіні, отаршылдықты қолмен қойғандай қылып жазған екен. Асырған да, жасырған да жері жоқ, бізге өте қажет кітап. Мұны тез арада басып шығару керек», – депті институттың сектор меңгерушісі. Сосын Шерхан Мұртаза басқарып отырған «Жұлдыз» журналына алып бардым. Роман «Жұлдыздың» 1973 жылғы үш санында жарияланды.Ол кезде «Жұлдыз» журналы 196 мың данамен тараған екен. Менің даңқымды аспанға асырған роман осылай жарыққа шыққан. Мен әсілі шығармаларымды жазған соң ешқашан қайта түземеймін. Өйткені шығарма жазылмайды, туадыдеп есептеймін. Мәселен, бала туған соң оның қол-аяғын қайта түзеу мүмкін емес. «Соңғы көш» арада отыз жыл өткенде қайта басылды. Арада қоғам өзгерген, мемлекеттер өзгерген. Бірақ мен романның бір сөзін өзгерте алмадым.
- Қоғамымызда «екі әйел алуды заңдастыру» туралы мәселеге нүкте қояр кез келген сияқты.
- Екі әйел алу туралы Парламентте сөз болды. Сонда әйелдер жағы «екі әйел алуға рұқсат берілсе, бізге де екі күйеугетиюге рұқсат берілсін» деді.Оны естігенде еркектер үнсіз қалды. Ешбір уәж айта алмады.Әйелдерге де сын жоқ. Олар орысша тәрбиеленгендіктен,біздің тарихымызды,салтымызды білмегендіктен солай айтып отыр. Баяғы көшпенді өмірде үйде еркексіз өмір сүру мүмкін емес-ті. Жесір әйелдің сүйенішсіз өмір сүруі қиын болатын. Әмергерлік те мұқтаждықтан туған. Жаугершілік заманда еркектің шығыны көп болды.Ақсақалдар жесір қалған әйелдерді қайынаға-қайындарының біріне еріксіз қосты.Өйткені мал-жанға ие болатын кісі керек. Елімізде 100 мың қыз-келіншек артық көрінеді. Өйткені тепсе темір үзетін ер-азаматтарымыздың біразы түрмеде отыр.Енді біразы арба сүйретіп, өз қара басын асырай алмай жүр. Біздің заңдарымыз ұлттық мүддеге бағынуы керек қой. Екі әйел аласың деп ешкімді зорлама. Бірақ оларға рұқсат беру қажет. Шамасы келгендер алсын.
- Көші-қон мәселесі туралы не айтасыз? Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл саясат жақсы жүрді. Кейін неге соңы кері кетті?Қазақтың көбеюінен қорқатын билікұлтқа жақсылық әкелеріне сенесіз бе?
- Көші-қон деген –менің мәңгілік тақырыбым. Өзім де бір кезде Отаныма оралған адаммын. Шетелдегі қандастар тағдыры мені қатты толғандырады. Қазақстан тәуелсіздік алған сәтте екі көзімнен парлап жас ақты. Бұл көптен күткен қуаныштың жасы еді. Шетте жүрген 5 миллиондай қандасымыз Отанымызға оралады деп қуандым. 1992 жылы алғашқы құрылтайды ұйымдастырып, басы-қасында жүрдім. Моңғолияға, Түркияға барып қазақты атажұртына шақырдым.Мен өзім кезінде ел көшіріп әкелген адаммын. 1962 жылы 10 сәуір мен 1 мамыр аралығында Тарбағатай аймағынан атажұртқа ешқандай құжатсыз 200 мыңдай қазақ босып өтті. Олар Қазақстанның шығыс аймақтарына қоныстанды. Сол көштің бұйдасын ұстап, ұйымдастырып әкелгенімді әлі күнге дейін мақтаныш етемін. Сірә, жан тәсілім етерде соны еске алып көңілім жайланып өлетін шығармын-ау! Мен сол жандарға баспана сұрап, Мәскеуге хат жаздым. Қысқасы, сол көштің идеологы болдым. Амал жоқ, соны басқа ешкім айтпаған соң, өзім айтып отырмын. Сол көшті әлі күнге дейін зерттеген жан жоқ. Құлжа, Алтай аймағы неге тыныш қалды? Өйткені оларды ұйымдастыратын адам болмады. Шеттегі қандастарымыз келсе қазақ ұлтының көптеген мәселелері өздігінен шешілер еді. Біз қазір қазақтың санын әдейі 70 пайызға жеткізбей ұстап отырмыз. Өйткені 70 пайызға жетсек, біз көпұлтты емес, унитарлы мемлекет болып саналамыз. Біз ылғи да «көпұлтты мемлекетпіз, елімізде 130-дай ұлт бар» деп даңғазалаймыз. Неге? Қазақ ұлтының мәртебесін түсіру үшін, сол көп ұлттың бірі екенбіз, мына байтақ даланың иесі жалғыз біз емес екенбіз деу үшін! Әйтеуір, көпұлтты мемлекетпіз деуге біздің билік құмар-ақ. Бұл үлкен қателік. Сонда орыстардан таяқ жеп қашып келген шешен де бір, қазақ та бір болып шығады. 2011 жылы көші-қон, оған бөлінетін квота –бәрі тоқтап қалды.Тіпті қазір қыдырып келу, виза алу да қиын. Мұның барлығын қиындатып отырған өзіміз. Онымен қоймай, оралмандарға неше түрлі жала жаптық. Олардың қолынан түк келмейді екен дедік. Жаңаөзендегі көтерілісті оралмандарға жаптық. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» осыны ұялмай басты. Оралмандарды жарылқамай-ақ қойсын, ең құрығанда жала жаппау керек қой. Қандастарымыз елге оралса, тіл мәселесі, ұлттық мәселелер, демографиялық мәселелер өзінен-өзі шешілер еді. 2017 жылы өтетін ЭКСПО-ға да қарсымын. Құдай-ау, біздің қай тауарымыз өтпей жатыр? Бұл жарнамадан басқа түк те әкелмейді. Сол жиынға 2 миллиондай адам келеді екен. Олар келеді-кетеді,не ұтамыз? Сол ақшаны көші-қонға, қандастарымызға жұмсасақ – ұлт мерейі қандай өсер еді!Қорыта келгенде, кәрі құлдарға емес, мен жастарға сенемін. Ұлттық мүддені қорғап, түбінде қазақтың жаршысы, қамқоршысы, жоқшысы болатын солар.
- Тұшымды пікіріңізге рахмет, аға! Ауырмаңыз! Сұхбаттасқан Мәдина Жәлелқызы