Сұхбаттар
Менің өмір жолым оңай болған жоқ
Мен қасиетті шаңырақта туып-өстім
– Аға, мен сіздің өмірлік миссияңызды көрсетіп және сіздің өмірбаяныңыздың сөлін сығып алып, қысқаша түрде сұқбатқа түсіргім келеді. Сондықтан, сұқбатымыздың ойдағыдай болуына сіздің де атсалысуыңызды сұранамын. Әңгімемізді сіздің балалық шағыңыздан бастасақ? Бала Қабдеш нені армандады? Қандай ортада өсті? Ол кісінің үлкен жазушы болуына не себеп, не нәрсе түрткі болды?
– Мен 1936 жылы 24 сәуірде Қытайдың Шыңжан өлкесінде, Тарбағатайдың күнгей бөктерінде дүниеге келдім. Ал, бұл уақыт көшпенділердің әлі қаймағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген, сол қалпында сақталып тұрған кезі ғой. Көшпенділердің ақыры Қытайда ғана сақтадды. Соңы 1960 жылға дейін келді. Мен өзім үлкен шаңырақта туып-өстім. Миссия демекші, сол халық алдында әулетіміздің әр буыны өз миссиясын өтеген үлкен шаңырақта туылдым. Біздің үйді Найман ішінде «Төртуылдың қара шаңырағы» деп атайтын. Олай болатын себебі, менің арғы бабам Ысмайыл Зәңгі деген адам болған. Қытайдың «болыс» дәрежелес лауазымды қызметі ғой.
– Аға, сіздің ата-бабаңыз өз ата қонысында отырды ма?
– Біздің ата-бабамыз Тарбағатайдың теріскейі мен күнгейі Жоңғардан азат болғаннан кейін, Абылайдың заманында алғаш барып қоныстанғандардың бірі. Өйткені, Абылай жерді босатқан соң елді қолма-қол көшіріп, Наймандарды, Керейлерді шығысқа қарай бет бұрғызды ғой. Бұл әрі Қабанбай батырдың тұсында. Қабанбай батырдың біздің елден екенін білесіз. Біздің Төртуылдың ұраны – Баймұрат. Ал, Баймұрат Қабанбайдан бір мүшел кіші әрі үзеңгілес серігі. Сол Баймұраттың зираты Шәуешектің ар жағында 45 шақырым Күжібай деген жерде жатыр. Міне, көрдіңіз бе?! Осыдан біле беріңіз.
Біздің шаңырақтың үлкен болатын себебі, мен Баймұраттың інісі Бәймембеттен тараймын. Бәймембет менің сегізінші атам. Соның бәрінің зираты арғы бетте жатыр. Өз әкем Жұмәділдің де зираты арғы бетте жатыр. 1950 жылы қайтыс болған. Ал, біздің шаңырақтың үлкен болатыны Ысмайыл биден кейін Күдері би, Күдері биден Жұмәділ. Жұмәділден мен тараймын. Атамыз Ысмайыл ру көсемі болған. Қытай үкіметі жер берсе де су бермей, қоныс берсе де, тұрақты егін салдырмады. Сол кезде елден ерек бір тоған су алып, біздің елде бірінші рет егіншілікті бастаған кісі. Қазір – бізді құрметтесе, бізді емес, үлкен әруақтарды «Күдерінің, Сымайылдың шаңырағы» деп құрметтегені. Қыста «Үлкен үйдің сыбағасы» деп соғымнан, жазда бағлан піскен кезде сыбаға беріп, біздің шаңыраққа ерекше құрмет көрсететін. Мен осындай қасиетті шаңырақта туып-өстім.
Міне, осындай шаңырақта туған соң, маған да халыққа қызмет ету жауапкершілігі өз-өзінен жүктелді.
– Өз әкеңіз қандай қызметмер атқарды?
– Атам Күдері би сақарада бірінші болып мешіт салдырса, өз әкем Жұмәділ 1935 жылы біздің елде тұңғыш рет мектеп салдырды. Мен бастауыш мектепті сол әкем салдырған мектепте оқыдым. Ондай шаңырақта өскен кісі жаман болмауға тиіс. Оның бойында кандай да бір халық алдында өтейтін міндеті болуы керек.
ЖИЫРМА КҮННІҢ ІШІНДЕ 160 МЫҢ ҚАЗАҚТЫ
АТАЖҰРТҚА КӨШІРДІК
– Мынаған қараңыз! Менің маңдайыма да бір миссия жазылыпты. Мен оны екі жағдайда өтедім ғой деп ойлаймын. Біріншіден, 1962 жылы осы сәуір айының 10-ы менен 1-мамыр арасында, жиырма күннің ішінде 160 мың адам Шәуешектен атажұртқа көштік. Осыдан 45 жыл бұрын. Соны ұйымдастырушылардың бірі мен болдым. Өйткені, мен Алматыда оқып, Мәскеуде болған кісімін. Орысша білемін дегендей. Ол кезде қысым түсіп тұрған кез. Ашаршылық... Осыны пайдаланып, біз ол көшке халықты алдын ала дайындадық. Мәскеуге Хрущевтың атына, Ворошиловтың атына «Біздің атажұртымыз – Қазақстан. Бізге баспана беріңіздер» деп хат жаздым. Осыны Мәскеу қабыл алды. 1962 жылы 10-сәуір күні Тарбағатай аймағынан үш аудан көшті. Тарбағатай көшіп жатыр дегенді есітіп, Құлжадан 40 мыңдай адам өтті. Сонымен, бір айдың ішінде 200 мың адам келіп отыр. Бүкіл шекараға қазақ солдаттарын әкеп қойған, жүздеген мәшинелерді дайындап қойған. Аттылы-жаяу, арбалы көш болып, жұрт бес жерден өтіп жатыр. Көктемнің көкөзек шағында серкесіз, дайындықсыз қазақ қозғалмайды ғой. Біз осы дайындықтың арқасында аз уақытта бөгетсіз өте шықтық. Мен қазір осы жолы көш бастап келгенімді ұлт алдындағы азаматтық қызметімнің шыңы деп есептеймін. Өйткені, басымды қатерге тіктім. Ұйымдастырушы жеті адамның бірі деп, мені ұстауға үкімет қаулы шығарды. Біздің қораны қытай сақшылары қоршап алғанда, мен артқы жақтағы дуалдан секіріп түсіп, қаладан қашып шықтым, қараңғыда түнімен жүріп отырып, сәуірдің 24-і күні таңда шекараға жеттім. Ол кезде мен небәрі 26-да болатынмын. Қасымда қазіргі белгілі сатирик ақын Қажытай Ілиясов бар. Екі империяның (Қытай және СССР) шекарасын бұзып өту оңай болған жоқ. Оны патриотизмнің үлгісі дейсіз бе, жоқ па, өзіңіз білесіз. Осыдан бес жыл бұрын мен Әлем қазақтарының қауымдастығына «Осы күнді атап өтейікші, сол көшке 40 жыл болды. Кейінгі ұрпақ білсін» деп әдейі бардым. Біреуі қозғалған жоқ қой. Бір-екі телеарнадан өзім ғана шығып, сөз сөйледім: «Сонда туған бала қазір 40-қа келді. Көштің теңін буған жиырмадағы азаматтар қазір алпысқа келді. Бәрің мені танисыңдар. Бәріңді құттықтаймын», – деп өз атымнан сәлем жолдадым.
Екінші миссиям - әдеби шығармаларым.
Сол елдің шежіресін жаздым. Арғы бетте, бергі бетте жатқан қазақтың тарихын, ірі тұлғаларын түгел қағаз бетіне түсірдім. Таңдамалы шығармаларым он екі том болды. Мен тау қопарғам жоқ. Бар болғаны, біздің шаңырақ, біздің әулет сақтап келе жатқан дәстүрді ары қарай жалғастырдым. Бұл – халық алдында бабам істеген, атам атқарған, әкем өткерген миссиялардың жалғасы деп білемін.
БАҚЫТ ЖҰЛДЫЗЫ ЫЛҒИ ДА
ОҢ ЖАҒЫМНАН ТУЫП ТҰРДЫ
– Бала кезде сіз жазушы боламын деп армандадыңыз ба?
– Армандадым. Әдебиетке кездейсоқ келіп қалған кісі емеспін. Мен сол Шәуешек гимназиясын бітірдім. Сегізінші класта оқып жүргенде менің өлеңдерім өлкелік газетте басылды. Ақын болып бастадым, келе-келе прозаға көштім. Мен оныншы клас оқып жүргенде, «Шұғыла» дейтін журналдың 1956 жылы 1-санында менің “Жамал” атты тұңғыш әңгімем жарияланды. Демек, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиетті бастаған кісімін. Сол кездің өзінде-ақ мені «Жас ақын» деп мойындады. Мектепті үздік оқыдым. Мен жалпы салымым бар адаммын. Бақыт жұлдызы ылғи да оң жағымнан туып тұрды. Талай қатерден аман өттім, әйтеуір, сол жұлдыз мені тастап кеткен жоқ.
– Жебеушіңіз бар ғой?
– Жебеушім бар. Әйтеуір, Алланың көзі тура болды, тағдырым солай. Мен мектепті бітірген жылы Кеңес одағына Шыңжаннан 50 баланы оқуға жіберетін болды. Сол да маған дөп келді. Мен соған іліктім. Елу баланың оны қазақ, қалғаны – ұйғыр. Ұйғырлар Ташкентте, қазақтар Алматыда оқитын болды. Екеуі ҚазҰУ-дың филология факультетіне түсті. Соның біреуі мен болдым. Қалған сегізі Зооветте оқыды. Менің әдебиетке келуім осылай болды. 1956 жылы Қазақстан миллиард пұт астық алып, уақыттың күліп тұрған жылы екен. Айдаудағы Әуезовтердің, Қаныш Сәтбаевтардың Мәскеуден қайтқан кезі.
– Мұхтар Әуезов сізге сабақ бердіме?
– Бергенде қандай, лекция оқыды.
– Сізді байқады ма?
– Байқағанда қандай! Ол кісінің лекциясында тек бір ғана курстың баласы отырмайтын. Қаласа бірінші курс, екінші курстың да, бесінші курстың да баласы, өзің секілді журналистер де қолы бос кезде келіп, Мұқаңның лекциясын тыңдайтын. Мұқаңның лекциясы аптасына екі рет болады. «Абайтанудан» береді екен. Мұқаң «Қытайдан екі бала келіп оқып жүр екен» деп есітіпті. Бір күні лекция болып жатқан кезде «сені кафедраға шақырып жатыр» деді. Бардым. Қарасам, Төрде Мұқаң отыр. Шақыртқан сол кісі екен. Мұқаң менімен бір сағат әңгімелесті. «Қытайда қанша қазақ бар, тұрмысы қандай, немен шұғылданады, көшпенділік өмірі қалай, газет-журналы бар ма, әдебиеті бар ма?» деп соның бәрін сұрады. Мен шама-шарқым келгенше жауап бердім. Ол кісінің «Абай жолы» романын оқығанымды айттым. Мен оны оқушы кезде оқығанмын. Алғаш рет алып, кітапты көріп таң қалғанмын. Кітапта керемет үлкен кісінің суреті тұр. Бұрын біз білмейміз ғой, жыр кітаптары мен «Құранды» ғана білеміз. «Құран» аспаннан түседі деп ойлаймыз. Ал, жердегі адамның кітап жазғанын көргенде, таң қалғанбыз. «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезовті мен сол жақта жүріп «көрсем-ау» дейтінмін. Әдебиетке келуіме де осы себеп болды. Мен ол кісінің екі жыл лекциясын тыңдадым. Мені танитын еді. Кездескенде «Әй, Қабдеш, халің қандай?» деп тұратын болды. Ал, 1958 жылы екі елдің арасы бұзылды. Саяси науқан болып жатыр деп бізді кері шақырды. Кетерде біз Мұқаңмен қоштасып кеттік. Араға түсіп бізді алып қала ма деген үмітіміз бар. Мұнан кейін көрісеміз бе, жоқ па деп жайымызды айтып кетейік дегеніміз ғой. Сонда Мұқаңның бір ойланып тұрып айтқан сөзі бар: «Біз басқа елдің ісіне қол сұға алмаймыз. Не деуге болады? Саған ара түсіп алып қалу қолдан келмейді. Бірақ, түбі үміт үзбеңдер. Осындай бір қиыншылықтар болып тұрады. Жазушы боламын деген адамды тағдырдың өзі кейде бір қиыншылықтарға салады. Қиындыққа салып барып, қайтадан оң жолға түсіретіні болады. Үмітті үзбеу керек, жасымау керек», – деп бізге ақыл берді.
– Ол кісі сіздің жазғаныңызды оқып көрді ме?
– Оқып көрген болар. Ол кезде менің өлеңдерім «Лениншіл жасқа», «Білім және еңбек» және «Пионер» журналдарына шығып жүрді. Менің қасымда Төлеубек Жақыпбаев деген жігіт болды. Ол проза жазады. Жалпы Мұқаң біздің әдебиетке деген құмарлығымызды байқап жүрді.
– Содан кейін Әуезовті көрмедіңіз ғой?
– Біз сол кеткеннен мол кеттік. Елу адамның ішінен гуманитарлық салада жүргендерді түгел алып қалды. Біздің жазған шығармаларымыз, өлеңдеріміз бар. «Шыңжаңда қандай қаріппен жазуды таңдау керек?» дегенде, мен «Қазақстан жазуын таңдау керек» деп мақала бергенмін. Оным шықты алдымнан. Бар-жоғы 22 жастамын. Содан «оңшыл, ұлтшыл» деген қалпақ киіп, оқудан қалдым. Екі елдің арасындағы қатынас үзіліп қалды. Совет пен Қытайдың саясаты екі басқа болды. Біз ұлтшылдық ауруына шалдыққан адам болып есептелдік. Содан бізді Үрімжінің батыс жағында Шисан деген таудағы көмір кеніне жіберді. Шахтаға беліңе арқан байлап түсесің. Соның астынан барып, он екі сағат көмір қазып, есеңгіреп шығасың. Біз бір жарым, екі жылдай сол көмірдің кенінде жүрдік. Шахтада зығыр майымен жанатын майшам болды. Соның түтіні бар, көмір ысы бар. Монша көрмей, су көрмей жүре бергенбіз. Кейін қалаға келіп, моншаға барғанда да үстімізден қап-қара лай ақты. Содан кейін, «Бұларды мамандығы бойынша пайдалану керек» деп мені “Шыңжаң газетіне” жіберді. Онда да басымда «қалпағым» бар. Өз фамилияммен мақала жазуға құқым жоқ. Бірақ, редакцияның жұмыстарын бақылау астында жүріп істеуге болады. Содан сол жерде екі жылдай істедім. Мен Әуезовтың қайтыс болғанын үш айдан кейін ғана естідім. 1961 жылы маусым айында қайтыс болыпты, ал мен қыркүйекте естідім. Өйткені, жұртқа газет-журнал оқуға тыйым салған. Онда да радиода істейтін бір адам Әуезовтың дүниеден өткенін сыбырлап қана айтты. Бұл маған оңай соқпады. Ұзақ күңіреніп жылағаным есімде.
МЕНІ МҰХТАР ӘУЕЗОВКЕ ҰҚСАТСА,
МЕН ОНЫ МАҚТАН ЕТЕМІН
– Сіздің Әуезовке ұқсайтындығыңыз туралы сөз болды ма? Жасыңыз ұлғайған сайын сіз сол кісіге ұқсап барасыз ғой?
– Қырық жастарымда қатты ұқсадым. Мұны көп адамдар айтады. Қазақ па, орыс па, бір суретшілер сұрайды. Ондай сұрағандарға: «Мен туысы да емеспін, баласы да емеспін. Жәй жерлеспіз. Ол кісі Арғын, мен Найманмын» деймін. Біреулер «Ауылдарыңыздың арасы жақын болған ғой» деп қалжыңдайды. Сонда менің айтатыным бар: «Мен осындай пыш-пыш әңгіменің болатынын біліп, құстан басқа ештеңе де өте алмайтын шекараның арғы жағында туып келдім» деймін. Былтыр мені жамандаған біреулер, «Қабдеш өзін Мұхтарға ұқсаймын деп жар салып, реклама жасайтын көрінеді» деп әңгіме қылды. Кімге ұқсайтынымды мен емес, халық қой айтып жүрген. Асқар Тоқпанов дейтін үлкен режиссер болды. Қырық жастағы кезімде мені көріп: «Әй, Жұмаділов, егер Әуезов туралы пьеса жазылса, сені ойнатамын» дейтін. Мен Әуезовтің шәкіртімін. Көбісі маған «Сіздің жазу мәнеріңіз, сөз саптауыңыз Әуезовке келеді. Әуезовтің мектебіненсіз» дейді. Біз енді, бір ендікте тудық қой, мені Әуезовке ұқсатса мақтаныш етемін. Жалпы біздің елде Әуезовке ұқсайтын адамдар көп.
– Балалық шағыңыздағы есте қалған әсерлі оқиғаларыңызды айтыңызшы, аға?
– Біз көшпенділер ауылында туып-өстік. Қыстау, жайлау, күзеу, көктеуді көріп өскен ұрпақпыз. Қазақ жұртын ескіртпейді. Жұрт тозады, сол үшін араға ай салып көшіп отырады. Әр елдің өз қонысы бар. Араға ай салып, жиырма күн салып, анау жердің шөбін жеп болып, мал сусып тоқтамайтын кезде ары қарай көшіп өтеміз. Көшпенділер жерді бір-ақ күнде тоздырмайды. Қазақта «Жаман қойшы өрісін бір күнде тауысады» деген сөз бар. Біз сол көшпенділердің дәуірінде өстік. «Жайлауға қашан көшер екенбіз?» деп асығатынбыз. Әрқайсымыздың өз тайымыз, өз құнанымыз болады. Оған күні бұрын ер-тоқымымызды сайлап, дайын отырамыз. Көш біз үшін бір мереке болатын. Көшпенділерді білмейтін біреудің жазған романын оқып күлгенім бар. Көшті бір азап көреді екен. «Әлі келе жатыр, әлі келе жатыр, қиналып» деп жазады. Көштің өз романтикасы, өз экзотикасы бар. Біз көшке бір апта бұрын дайындалатынбыз. Мен бір үйдің ерке баласы болдым. Бес бала екенбіз, содан үшеу қалыппыз. Күн қызбай тұрып жолға шығуымыз керек. Мәселе сонда ғой. Әлі есімде шешемнің «Әй, Қабдеш-ай, тұр. Басыңа шаңырақ түседі» деген қоңыр даусымен оянып, көзімді ашсам, туырлық сыпырылып, уық сиреп қалған екен. Үйдің уықтарын алып жатыр. Уықтардың арасынан әлі жұлдыздар жымыңдайды, сарғайып сары белден таң атып келе жатады. Атып тұрам, жүрегім қуаныштан жарылып кете жаздайды ғой. Апыл-ғұпыл киініп, сайға карап құнаныңа жүгіресің. Содан жүк арту басталады. Оны көресің. Көшпенділер деген өз ісінің шеберлері ғой. Қанатты құсқа ұшу қандай оңай болса, қазаққа көшу сондай жеңіл. Бір сағаттың ішінде үйін жығып, жүгін артып, малын айдап, жолға шығып үлгіреді. Кім нені істейтіні күні бұрын бөлінген. Әркім өз қызметін біледі. Түйеге теңді артып, әйелдер, қыздар, бәйбіше қатындар атқа мінеді. Көш – салтанат. Түйенің үстіне әдемі сырмақтарын, әдемі кілемдерін жабады. «Бұл кімнің көші?» дегенде ұялмайтындай болу керек. Көрме сияқты. Түгел ауылыңды бір көрсетесің. Бар іліп аларыңды көшке киесің. Қазір кейде бір қырға, тауға шыққанда сол көш еске түседі. Кейде қойшының ауылдарына барып қаласың. Құдай-ау, ол жайлау ма? Жайлау емес. Жайлау көшпенділер көшуді қойғанда тоқтаған. Мыналардыкі мал жаятын колхоздың жатақтары ғой. Мысалы, жайлауға барып үй тігесің. Пах! Жан баспаған жерге сен барып үй тігесің. Әппақ қаздың жұмыртқасындай болып, қаз-қатар тізіліп тұрады. Мен осындай көшті көріп өстім. Ал, қазіргі тарихқа арналған қазақ киноларына менің көңілім толмайды. Әппақ үйлер қайда? Көшпенділер міндетті түрде киіз үйдің есігін шығысқа қаратып тігеді. Ал мыналардікінде біреуінің есігі шығысқа, біреуінікі батысқа қарап тұрады.
– Көшпенді халықтың психояогиясындағы, болмысындағы бір ерекшелік – ол кезде қазіргідей жазу-сызу болмағаннан кейін бе, олар құймақұлақ, есте сақтау қабілеті зор әрі зерек болды Қазір бәрі керісінше ме?
– Менің бала кезімде үйде дастандар көп болды. Мен көп дастандарды жатқа білдім. Шәкәрімнің «Дубровскийін» жатқа айтатынмын. Діни хиссаларды жаттайтынмын. Қыстыгүні маған дастан айт дейтін. Алғашында оқып айтатынмын, кейіннен жатқа соғатын болдым. Оның үстіне, біздің үйде кітап көп болды. Бір ағамызды 1935 жылдары Ташкентке оқуға жіберіпті. Сонда менің әкемнің інісі Нұрахмет деген кісі үш жыл оқып келген. Латын қарпімен басылған көп кітаптар алып келді. Біздің үйде елде жоқ дүниенің бәрі болды. Патифон болды. Оны тыңдаймыз деп үйге бүкіл ел келетін. Біздің үй өз алдына мәдени орталық сиякты еді. Мен сондай шаңырақта өстім. Әлгі әкемнің қолындағы бар дүниесін жұмсап, мектеп салып жүргені де сол жылдар.
БІЗГЕ АБА ЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН ҮЙРЕТКЕНДЕРДІҢ БӘРІ
«ХАЛЫҚ ЖАУЫ» БОЛЫП ШЫҒА КЕЛДІ
– Қазақта «Болатын бала – боғынан» дейді ғой. Болатын баланың басына тағдыр бір сынақ салып, ылғи да есейтіп отырады. Сізді есейткен оқиғаларды есіңізге алып көре аласыз ба?
– Менің «Таңғажайып дүние» деген ғұмырнамалық үлкен романым бар. Сонда менің төрт жастан бастап алпысқа келгенге дейін аралықтағы барлық өмірім қамтылған. Мен әлеуметтік тартысты, әділетсіздікті ерте сездім. 1949 жылы қалаға келіп оқыдым. 1950 жылы Шығыс Түркістан үкіметі құлап, орнына қызыл Қытай үкіметі келді. 1945 жылы қазақ азаттыққа шықты ғой. Біз соны көрдік. 1950 жылдары менің жасым он төртте. Бір жыл пионер болып жүрдім. Ол да бір бала үшін мәртебе. Әппақ көйлекке қып-қызыл галстук тағып жүреміз. Оған елдің бәрін ала бермейді. Әр сыныптан 4-5 оқушыны ғана алады. Көшеден өтіп бара жатқанында басқа оқушылардан сені ерекшелеп тұрады. 1952 жылы біздің мұғалімдеріміздің бір тобын ұстап әкетті. Ішінде мектеп директоры Тұрсын Мұстафин бар. Мені оқуға қабылдаған сол кісі. Біздің мұғалімдеріміздің өзі осы жақтан барған өңкей жетік кісілер болды. Мен солардан сабақ алдым. Сонда мен бірінші рет жолайрығына жолықтым. Бір әділетсіздік, бір зорлық бар екенін сездім. Бізге Абайдың, Шәкәрім мен Мағжанның өлеңдерін үйреткен жандардың бәрі «халық жауы» болып шыға келді. Сонда өзіме мынадай серт қойғаным бар: «Егер осы кісілерді қоя берсе, шынымен де, бұл өкімет әділетті. Ал, қоя бермей, жазықсыз жазаласа, онда – бәрі өтірік». 1949 жылы әкем тамақ іше алмайтын қылтамақ ауруына шалдықты. Жатсам да, тұрсам да құдайдан соның жазылып кетуін тілеймін. Мектепте біреу құдай бар десе, біреуі жоқ дейді. Мен құдайға мынадай шарт қойдым: «Егер құдай бар болса, менің әкемді алмайды, өйткені мен әлі жаспын ғой. Егер құдай жоқ болатын болса, онда әкемнің жазылуы екіталай». Сөйтіп жүргенде әкем өліп қалды. 1949 жылы мен әлі он үштемін ғой. Сол сияқты алғашқы шарт қойған үкіметте мұғалімдеріміздің ішінен Тұрсын Мұстафин мен керемет даусы бар, маған сабақ берген Шәкен деген әншіні атып тастады. Қалғандарын 15-20 жылдан түрмеге жапты. Осыдан кейін-ақ үкіметпен арамызда бір перде пайда болды.
ОЛ ҚЫЗБЕН ЖОЛЫМЫЗ ЕКІ АЙРЫЛМАҒАНДА
КОСЫЛАР МА ЕДІК
– Діни қайшылыққа және саяси қайшылыққа түскеніңізді айттыңыз. Ал енді, алғашқы ғашықтығыңыз қай кезде болды?
– Гимназияда оқып жүргенде алғашқы балалық махаббат болған шығар. Сегізінші кластан бастап жас ақын деген атым шыға бастады. Оның үстіне жақсы оқимын. Мен сабақгы алалағам жоқ. Мені «химик бол», «математик бол» деп үгіттейтін. Мұғалім сұрақ қойғанда оның жауабы кітаптың мына жақ бетінде ме, әлде ана жағында ма – сол көз алдымызда тұратын. Кейіннен қыздар: «Алла-ай, адам баласына қарамаушы едің ғой. Сенен дәмелі едік. Кекірейіп жүруші едің. Сөйтіп бәрімізден құр қалдың ғой» дейді әзілдеп. Махаббат жөнінен үлкен трагедияға баратындай соңына түскенім жоқ. Мен «Соңғы көш» деген романымда әдемі қыздарға сүйсіну, ғашық болу туралы жазғанмын. Кейін осы жақтан барғаннан кейін арып-ашып, жазалы болып, көше сыпырып жүрміз. Сөйтіп жүргенде қазақтың бір қызы өзі іздеп тапты. Ол кітабымда бар. Оны киноға шақыратын жағдай жоқ. Ол қыз маған «киноға барайық, аға» дейді. Мен «қалтамда ақшам жоқ» деп шынымды айттым. Ұлтшыл болдың деп стипендияны да жойған. Сонан анау қыз ішегі қатып күліп, «ой, аға, қандай қызықсыз. Менде бар ғой» дейді. Өзі бір керемет көңілді қыз болды. Кейіннен мен Шәуешекке келгенімде, оны Қашқар жаққа жер аударып жіберді. Ол да бір қазақтың ару қызы еді. Егер біздің жолымыз екі айырылмағанда екеуміз қосылар ма едік, қайтер едік.
– Сіздің жүрегіңізде алғашқы махаббат болып сақталған осы бейне болды ғой?
– Әрине. Ғұмырнамалық кітабымда Гүлжиһан образы шынайы болып шықты. Сонда оның мынадай сөзі бар. Мен оған «бір аяғым көрде, бір аяғым жерде, бақылауда жүрген адаммын. Қызға ғашық болатындай жағдайым жоқ» дегенімде Гүлжиһанның мені жеңгені бар: «Осы дүниені тіреп тұрған сіз бе, әлде өмір сүруден қорқасыз ба? Әйелді жетектеп жүрмесе адам болмайды деп ойлайсыз ба?» – дегені бар.
Содан кейін Қазақстанға оралдық. Қаз-ҰУ-ға қайтып келсем, академик Дарханбаев ауысып, математик Асқар Закарин деген кісі ректор болыпты. Студенттік билетім костюмімнің ішінде тігулі жүретін, соны көрсеттім. ҚазҰУ-дың тарихында төрт жылдан кейін студентті қайта қабылдау болмаған екен. Менің жағдайымды ескеріп, үшінші курстан бастап қайта қабылдады. Амандосов деген деканымыз «Жұмаділов, қайда жүрсің?» деп қояды, құдды мен лекциядан бірер сағат кешігіп қалғандай. Менімен қатар оқитын Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин – бәрі бітіріп кетіпті. Өзімнен төрт-бес жас кіші топқа қосылдым. Осы күнде оларды «өңкей детсадтан шыққан балалар» деп мазақ қыламын. Мен курстың ақсақалы болдым. Алғашында бәрі «мынау кім, сыртқы бөлімнен ауысқан ба?» деп мені менсініңкіремей жүрді. Анау жақтан тозып келгенмін, сыртқа шығуға киімім де жоқ. Қоймаға қойған бар киімімді талап кеткен. Студенттер өз-өздері жұптасып алған. Орталарында мен бір кірме сияқтымын. Содан мені біртіндеп тани бастады.
1965 жылы университетті үздік бітірдім. Сол жылы наурыз айында «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер болып жұмысқа орналастым. Сол жылы үйлендім. Қалыңдығым ҚызПИ-де оқыды. Мамандығы – физик. Жас деген келіп қалды, шегінетін жер жоқ. Сәулемен бір жылдай сынасып жүрдік. Қарасам, бұл да арғы беттен келіпті, әкесі сол жақта басшы қызметте болған кісі екен. Жақсы отбасынан шыққан. Өздері әсілі Семейдің қазақтары. Бірақ, Семейге жете алмай, бір жыл Қырғызстанда болып, сосын Жамбыл ауданының бір жеріне қоныстанып қалған екен. Екінші курста таныстық. Үшінші курстан соң үйлендік. Әкесі құда түсе барғанымызда: «үлкен қызымыз еді, сенің басыңды кемітпейміз, бірақ оқуы қалып қоймасын» деді. Ол кісіге уәде беріп, 1965 жылы үйлендік. Менің бұрқыратып жазып жүрген кезім ғой. Тұрмыстан қиналған жоқпыз. Үлкен ұлымыз Арман анасы мемлекеттік емтихан тапсырып жүргенде бір жаста болатын. Сәуле сол оқу орнында отыз жыл жұмыс істеп, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Бес баламыз бар.
– Пәтер мәселесі қалай?
– 1965 жылы үйленсек те, 1968 жылы пәтерді әрең алдым. Бұрын бір еврейдің бұзау қорасында тұрғанбыз. Арманға анда-санда «сен осы үйде туылғансың» деп көрсетіп қоямын. Бір жылдай бір ағайынның бос үйінде тұрдық. Содан Жазушылар одағы үш бөлмелі үй берді. Әзілхан Нұршайықовтың босаған үйі. Екінші ұлым Дәрмен жаңа үйге келісімен дүниеге келді. Дәулет пен Жәнібек те сол үйде туылды. Әрі-бері өткенде көрсетіп қоямын.
– Одан бері қарай әлеуметтік жақтан көп қиыншылық көрген жоқсыз ғой?
– Мен он жылдай «Жазушы» баспасында редактор болдым, Баспалар комитетінде, «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істедім. Бәрін қосқанда – он бес, он алты жыл. Қызметтен кетіп қалғаныма да отыз жылдай уақыт болды. Он роман жазған кісімін. Романдарым бірінен соң бірі шығып жатты. Біреуінің ақшасы екіншісі шыққанша жетеді. Жазушыларға барлық жағдай жасалған. Жазда Қара теңізге, Балтық теңіздеріне бала-шағамызбен кетіп қаламыз. Обалы кәнеки, Кеңес үкіметі Жазушыларды алақанда ұстады.
МЕН ОТБАСЫМДА БАҚЫТТЫ АДАММЫН
– Отбасында бақытты болдыңыз ба?
– Бәйбішем менің көмекшім болды. Машинка басуға келгнде ол менен жүйрік еді. Бір күні бір нәрсені қиқалап басып отырсам, қарап тұрды да, «қой, маған бер» деді, отырды да заулатты ғой. Сөйтсем, бір жыл соның оқуын оқыған екен. Мен көбіне қолмен жазамын, менің жазуымды Сәуле жақсы таниды. Он екі томдығымның алғашқы оқырманы сол болды және соның үдесінен шықты.
Балаларым жаман болған жоқ. Арман ҚазҰУ-де мұғалім. Қазір Арманнан Ерасыл, Мағжан деген екі немерем бар. Дәрмен Америкада оқыды, сонда докторантура бітірді. Университетте сабақ беріп жүріп, конкурсқа қатысты. Содан жеңіп шығып, қазір Венада Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропадағы штабында қызмет атқарады. Ол бала әлі үйленбей жүр. Биыл сәті түсіп қала ма деген үмітіміз бар. Үшінші ұлым Дәулет ҚазҰУ-дың филфагын бітірген. «Азаттықта» тілші болды. 1996 жылы «Би-би-Си» конкурс жариялап, сонда алғаш рет барып қазақ тілінде бағдарлама ашты. Он жылдай «Би-би-Си-да» журналист болып қызмет атқарды. Былтыр жазда елге қайтты. Қайтқаны – ол жерде қазақ бөлімі жабылды. Қазір «Шеврон» компаниясының қызметкері. Он жылдай Лондонда тұрды ғой. Ағылшын тілін өте жақсы біледі. Төртінші ұлым Жәнібек, «Болашақпен» Америкада оқыды, Индияна университетін бітірді. Қазір республикалық инвестиция қорында департамент директоры. Бұрын Алматыда Қаржы министрлігінде істеді. Тоғжан, Торғын атты кішкентай қыздары бар. Ерке дейтін кенже қызымыз былтыр «Болашақ» бағдарламасы бойынша Голландияға оқуға кеткен. Ағылшын тілінде оқиды. Апта сайын сөйлесіп тұрамыз. Алдыңғы жылы Лондонға, Венаға барып қайттым. Әрқайсысында он бес күннен болып, Еуропаны асықпай араладым. Біздің жағдай осы. Жалпы, отбасымда бақытты адаммын. Былтыр жетпіске толдым. Халық жазушысымын, Мемлекеттік сыйлықтың иегерімін, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығын алдым, «Парасат» орденімен марапатталдым.
– Жеріңіз, коттеджіңіз бар ма?
– Жоқ. Кезінде балалар жас болды, оқуда болды. Біз дүниенің беталысын білмейміз ғой. Балаларға да тек «оқи бер, оқи бер» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқпыз. Ішінен бірде-бір саудагер шыққан жоқ.
– Одан ұтылмаған сияқтысыз. Дегенмен, адамды адам ететін кәсіп қой. Сіздің осындай атақты кісі болуыңызға еңбекқорлық себеп болған шығар. Еңбекқорлықты қалай қалыптастырдыңыз?
– Менің өмір жолым оңай болған жоқ. Айдауы да, қуғын-сүргіні де бар, бір елден екінші елге қашып өтуі, босып өтуі бар, осының бәрі оңай шаруа емес. Бір ҚазҰУ-дың өзін екіге бөліп оқу, озып кеткен замандастарымды қайта қуып жету, қатардан қалмау, бәрі де үлкен еңбекпен келді. Басында айтқандай, миссия демекші, ел менен үміт күтті ғой. Таңертеңнен кешке дейін кеңседе болып, кешке жазу жазамын. Кейде таңға дейін отырамын. Таңертең жұмыс. Денсаулығым біршама мықты болды. Сосын сенбі, жексенбіні пайдаландым. Жазғы демалыс та жазуға жұмсалды. Мен қазір жастармен кездесулерде айтамын: «Уақыттың тізгінінен айрылмай, кім тежеп ұстаса, сол адам көздеген мақсатына жетеді» деймін. Ал, қалай болса солай, бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырса, онда одан ештеңе шықпайды.
РОМАН ЖАЗҒАН АДАМ
АЛЫС ЖОЛДА КЕЛЕ ЖАТҚАН КЕРУЕНДЕЙ
– Сіз бір апталық, бір жылдық өміріңізді жоспарлайсыз ба?
– Мен қызметте жүргенде барлық жұмысымды түнде атқардым. Онда да үш-төрт сағаттан асырмай. Ертең де күн бар ғой. Бірыңғай шығармашылыққа шыққан соң күндіз жазатын болдым. Таңертең балалар жан-жаққа кетеді де, үй маған қалады. Сонымен күніне 4-5 сағат жазуға отырамын. Күніне 4-5 сағат жақсы жазып отырсаң, сол жетеді. «Жазу керек екен деп таңнан кешке дейін отырып алып жаза беруге болмайды. «Роман жазып жатқан адам жол тартқан керуен сияқты. Сен үлкен жолда көлігіңді қинап алма, ертең тағы жол жүресің». Арбакештер ертең жүріп кетуге оңайлау болсын деп дөңестеу жерге тоқтайды. Мен де осы әдісті қолданамын. Уақытты пайдалану – күніне бір нәрсені оқу немесе жазу. Оқымасаң тағы болмайды. Біз, қанша дегенмен, мыңдаған кітап оқыдық қой. Оған да уақыт керек. Тарихи романдарды да көп оқыдым.
– Жазған романдарыңызды алдын-ала дайындайсыз ба сонда?
– Әрине. Мәселен “Соңғы көш менің басымда он жылдай жүрді. ”Мен «Соңғы көшті» осында келе салып жазуыма болар еді. Оны жазбас бұрын өлеңдер жинағым, әңгімелер жинағым шықты. «Көкейкесті» романын жаздым. Осы үшеуі шыққан соң ғана Жазушылар одағына мүше болдым. Осыдан кейін ғана үлкен романға жол ашылды.
ДОСТАРЫМНЫҢ ҮМІТІН АҚТАДЬІМ,
ҚАСТАРЫМНЫҢ ӨЗЕГІН ӨРТЕДІМ
– Осыншама еңбекқорлықты қалай қалыптастыра алдыңыз?
– Қажырлылық, қайсарлық, табандылық қажет. Еңбексүйгіштік маған анамнан дарыған. Менің анам керемет еңбекқор адам болды. Үлкен шаңырақ. Сол шаңырақгы анам ұстап тұрды ғой. Мені бір кісідей еркелетті, жұмысқа да салды. Мал айдау, мал суару, керек болса отын жару – осының бәріне мен ерте пістім. Содан кейін алдыма мақсат қоя білдім. Үздік оқудың өзі еңбек қой. Мұғалімнің үйге берген тапсырмасын табандылықпен орындау керек. Шәуешекте үлкен кітапхана болды. Кітапты дорбамен әкеліп оқитынбыз. Сабақта отырып суырманы ашып қойып, кітап оқып отырамын. Мұғалім «Орныңнан тұр, жаңа мен не дедім?» десе, «Сіз мынадай дедіңіз» деп дәл айтып беремін. Қазір сондағы зерденің бірі жоқ. Қазақта «Ер қайрағы – намыс» деген сөз бар. Мен намысқой болдым. Класта біреу есепті менен бұрын шығарып қойса, намыстан өртеніп, жылап жібере жаздайтынмын. Жұрттың екі сағатта шығаратын есебін мен жиырма минутта шығарып кете беретінмін. Мені Алматыда ешкім алақанға салған жоқ. Маған қысым көрсететіндер, аяқтан шалатындар шықты. Бір-ақ мысал айтайын: 1969 жылы үш кітаппен (біреуі роман) Жазушылар одағына мүшелікке өтпек болғанда, мені құлатты ғой. Он бес адамның он төрті шауып өтті де, мені жерге қаратты. Бір жылдан кейін зорға өттім. Менің соңыма түскен адамдар болды. Соларға қазір рахмет айтқым келеді. Мен ешкімнен кем емес екенімді дәлелдеуім керек болды. Мені қорлап жүргендерден артық екенімді дәлелдегім келді. Аяқтан шалушылар, көре алмаушылар, қорлайтындардың алдында өзімнің кім екенімді дәлелдеу керек деген мақсат қойдым. Соған жеттім ғой деп ойлаймын. Менің бақытым сонда. Достардың үмітін ақтадым, қастардың өзегін өртедім.
– Жұрт сізді жазушы деп қай еңбегіңізден кейін мойындады?
– Мен болашағыма қапысыз сендім. Кеудем тым жоғары еді. Бойымда потенциалдық қуат болды. «Көкейкестіні» бітірген соң сенімім арта түсті. Мен оны повесть деп жазғам. Рамазан Тоқтаров оқып көрді де: «Әй, мынауың – роман ғой», - деді. Сонымен роман болып басылды. Кейін ол жүз мың тиражбен орыс тіліне аударылып, бүкіл одақтық оқырманға тарады.
– Сізге ең алгаш сенім тудырған «Көкейкесті» болды ғой?
– Өзіме солай. Ал мені жұртқа танытқан – «Соңғы көш». Бұл бүкіл бір елдің шежіресі ғой. Эпикалық жоспарда жазылған. Барлық жағынан мінсіз шыққан шығармалардың бірі.
ШЫҒАРМА ЖАЗЫЛМАЙДЫ, ТУАДЫ
– Мінсіз демекші, кейбір шығармаларыңызды қазіргі биіктен қарап, қайта жазуыңыз мүмкін бе?
– Бұл мен ұстанған жол емес. Шығарма жазылмайды, туады. Туған баланы қайта туа алмайсыз ғой. Ол туды. Бойында он екі мүшесі бар. Сол күйінше қалуы керек. Біздің кейбір ақсақал жазушылар да шығармалары жеті рет басылса, жеті рет қайта жазады. Бір романын екі рет, үш рет жазбай тұра алмайтын жазушыларымыз да бар. Мұны мен шала туған шаруа деп есептеймін. Шығарма шала, қанатсыз болып туылса, сен қанша жерден мипаздағаныңмен, сол қанатсыз күйінше қалады. Оны жөндеуден, сөйлемдерін жылтыратып, қайта жазудан ештеңе шықпайды.
– Үлкен жазушы болу үшін үлкен өмірбаян керек, сонымен қоса үлкен денсаулық та керек дейді. Сіз денсаулықты қалай күтесіз?
– Екеуі де өте қажет. Өмірбаяның болуы керек. Көп нәрсені білуің керек. Көз алдыңда үлкен көкжиек, үлкен запас тұруы керек. Соның ішінен керегін суырып аласың. Түк көрмеген адам нені жазады. Екіншіден, мықты денсаулық керек. Ақын деген халық өзі нәзіктеу келеді ғой. Ал, романшылар, жоғарыда айттым ғой, алысқа жол тартқан арбакеш сияқты. Кейде қонаққа бармай, өзіңді тежеуге тура келеді. Ешнәрсені өз қалпынан асырып жібермеу керек. Артық демалыс, артық ойын, серілік мәселесі де өз орнында болуы керек. Мен былай деп есептеймін: Талантты адамның таланты сенің меншігің емес, ол – халықтың қазынасы, ұлттың байлығы. Сен соған жауапкерсің. Сенің бойыңа Алла бір миссия жіберді. Соны дұрыстап атқаруың керек. Оны төгіп-шашуды, қалай болса солай жұмсауды мен күнә деп есептеймін.
– Тамақты талғап ішесіз бе?
– Дәмдісін тәуір көремін. Менің анам балбармақ кісі еді. Бұрын маған қандай тәтті тамақ болса, бәрі жаға беретін. Қазір қант құрамы кейде асып кетіп жатады. Амал жоқ, дәрігерлердің айтқанымен жүреміз.
– Жүгіресіз бе?
– Жоқ. Маңайда жүгіретін ашық жер де жоқ. Алматыда демалатын жер қалмады ғой. Баланы қыдыртатын жер жоқ. Үйіңе тақаған жерде стадионың бар болса, саябақ болса жүгіретін едім. Қазақтың кең жерін қолдан тарылтып қор қылдық қой. Алматы тарылып бара жатыр.
– Мына тұрған велотренажермен айналысып жүргеніңізге қанша болды?
– Бес жылдай болып қалды. Мұны Еуропадағы балам әкеліп қойған. Осымен үйде отырып-ақ талай шақырым жер басамыз.
– Жазуды қалай жазасыз?
– Тек столда отырып, қолмен жазамын. Қазақ сүр етті қолмен жейді ғой. Мәшинкемен басу – сүр етті қасықпен жегенмен тең. Сүйсінбейсің. Жазу да солай. Сен әр әрпіңді өз қолыңмен жазуың керек.
– Қатты қуанған сәтіңіз?
– Алматыға оқуға келген кезімде. Екінші рет «Сенің көш туралы Мәскеуге жасаған ұсынысың қабыл болды» дегенде, маңдай терімнің еленіп, мемлекеттік сыйлық алған кезімде. Осы сәттерде бақ жұлдызым жарқырап жанып тұрды.
– Қатты қиналған сәттеріңіз ше?
– Уақытша қиындықтар болды. Бірақ, өмірден түңілген, үлкен трагедиялық жағдай болған емес. Алдағы мақсаттан тайдырып жіберетіндей қиындықтар болған емес. Аяқтан шалу сияқты қиянаттарды көп көрдім. Менің «Егер Қазақстан Жазушылар одағы өзінің қырағылығымен мақтанғысы келсе, біз Қабдеш Жұмаділовті мүшеліктен құлатқанбыз деп мақтануларына болады» деп жазғаным бар. Сонда Есенберлин мені шақырып алып «Жасыма, мен мұндайдың талайын көргенмін. Сен алдымен партияға өтіп ал» деді. Мен «Ілеке, бұл менің жоспарымда жоқ еді» деп едім: «Әй, сен қызық жігіт екенсің. Өзің Қытайдан келген біреусің, өзіңді қалай қорғауды білмейсің. Сенің оққағарың, сауытың ғой бұл. Сені бір рет қорғауға жарайды. Өтіп ал», – деді. Содан партияға өттім. Бір емес, екі билет қалтаға түсті.
– Жазушылар үйінен қанша рет үй алдыңыз?
– Осы үшінші үйім. Әр үйді алған сайын ескісін қайта өткізіп отырдым.
– Хоббиіңіз?
– Кітап оқу. Мылтығым бар. Бірақ онымен анды, құсты атуға жүрегім дауаламады. Дойбыдан оқушылар арасында Шәуешектің чемпионы болғанмын.
– Жазушы болмағанда кім болар едіңіз?
– Ғалым болып кетер едім. Менен жақсы математик, әлде физик шығар ма еді. Бірақ, мен әдебиетке ештеңені айырбастаған жоқпын.
– Жаза алмай жүрген дүниеңіз бар ма?
– Бар. Бірақ, мен негізгі тақырыптарымды жазған сияқтымын.
Сұқбаттасқан Жарылқап Қалыбай “Адам ата – Хауа ана” газеті, №5 2007 ж., мамыр