Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Сұхбаттар

Көсем билеген ел көгермейді


Өз елінде өлу арманы еді

- Қабдеш аға, Шәуешектегі жазушы ағаңыз Қажығұмар Шабданұлының алдынан жарылқасын. Қажекеңнің қазасына байланысты, қазақта көңіл айтуға тұратын екі адам болса, соның бірі ciз деп білеміз...

- Оның рас. Марқұмның жатқан жері жаннат, иманы саламат болсын!..

- Өмір бойы «жазадан» көз ашпаған қаламгердің Қытайдағы «қылмысы» түсінікті. Ал елге оралсам деп, президент Назарбаевқа eкi рет етегі жасқа толып хат жазды. Жауабын ести алмай кетті, марқұм. Қарт қаламгерді соншама сарғайтатындай, оның Қазақстанда қандай қылмысы бар еді?

- Қажығұмар туралы айтсақ, әңгіме ұзақ... Қазақ әдебиетінің үлкен өкілі, Шыңжаңдағы жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі болды. Ел-жұрты марқұмның сүйегін 17 ақпан күні Шәуешек қаласының солтүстігіндегі Жауыртам деген жердегі мұсылмандар зиратына койыпты. Былай қарасаң 86 жас аз емес. Бірақ оның арманы ішінде кетті. Өйткені ол туған жерден топырақ бұйырса деп, өмip бойы аңсаумен болды. Сол арманы орындалмады. Туғaн жерге деген тәтті елесті қанша күтіп, қанша сағынды. Ол ғұмырының қырық неше жылын түрмеде өткізді. Сонда осы Қазақстанын аңсады. Ол қырық жылды бірден өтеген жоқ, бөліп-бөліп 15-20 жылдан отырды. Оны соншама жылдар бойғы тас түрменің азабына шыдатқан күш – туған жеріне деген ыстық махаббаты, асыл арманы болатын. Бірақ арманына жете алмады, жарықтық!

Ол Қазақстан президентіне бірнеше дүркін хат жазды. Оны біз екі түрлі «ка­нал» арқылы президент атына жолдап отырдық. Біp нұсқасын президент әкімшілігіне пошта арқылы жіберсек, екіншісін «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы жарияладық. Бірақ екі хатқа да жауап болмады. Сол екі хатта бәрі айтылған болатын. «Менің бұдан кейінгі іздеушім де, төркінім де – сендер! Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстандағы қазақтардың ғана президенті емес, дүние жүзіндегі бар қазаққа басшысыз. Сіз маған ие болыңыз!» - деп, өлердегісін айтқан. Ол хаттар Назарбаевтың қолына тимеді деп ойламаймын. Өйткені аманат екі түрлі жолмен барды ғой. Бipaқ оған қол ұшын беруге ешкімнің ықыласы болмады. Қажығұмар Қытай үкіметінің алдында да айыпты емес шығар. Өйткені ол кезде жалғыз Шабданұлы жазаланған жоқ. Жүздеген-мыңдаған адам жазықсыз жапа шекті. Кажекең – соның бipeyi ғана. Жалпы, сол заман Қытайдағы аз ұлттар үшін ауыр кезең болды. Сол азапты Кажекең ұзақ жылдар бойы тартты. Ал Қазақстанның алдында оның титтей де кінасы жоқ.

- Осында туып, кейін жан сауғалап, Қытай асып кеткенін қылмысқа балап жүрген жоқ па, біздің үкімет?

- Егер олай қабылдаса, барып тұрған топастық деп айтар едім. Ол заманда кім не қылмады? Жан үшін балапан басына, тұрымтай тұсына кетпеді ме...

Қажығұмар 1925 жылы Ұржар ауданының аумағында дүниеге келген. Ел басына төнген 1932 жылғы ашаршылық кезінде, жеті жасында отбасымен бірге Қытай асты. Содан бастап оның өмipi Қытай елінде өттi. Қазақстандағы 1937 жылғы репрессия сияқты, Қытай үкіметі тарапынан 1958 жылы ұлт зиялыларына қауіп төнді. Соның алғашқыларының бipi болып, Қажығұмар «ұлтшыл», «оңшыл» деген айыппен түрмеге түсті. Қытайдың онысы аз ұлттың зиялыларын торға түсірудің амалы ғой. Сейтіп, Қажекең ұлтшыл де­ген «қалпақпен» Тарым лагерінен бip-aқ шықты. «Қылмысын» өтеу үшін Такламакан шөлінің Тарым лагерінде жиырма жыл жүріп қайтты. Бip қызығы, ол жақта Совет үкіметіндегідей Ciбip, яғни «итжеккен» деген жоқ. Қытайдың айдайтын жері – сол Тарым өзенін бойлай салынған қалың лагерь. Кейін одан қайтып келген соң, «Совет Одағының жансызы» деген жаламен қайтадан ұсталып, Үрімжінің №1-түрмесінде он бес жыл отырады...

Кезінде, көзі тipiciндe жазушыға көмектесе алмадық. Өлген соң Үріжардағы, Алматыдағы туыстары сүйегін болса да алып келейік деп, Шәуешекке аттанып кеткен. Бірақ Қытай үкіметі сүйегін бермепті. Ендігі көңілге медеу етеріміз – туған жерінде басылып шыққан алты томдық «Қылмыс» романы ғана. Сол «Қылмыс» қандай азаппен жазылса, сондай бейнетпен басылды. Айтар ауызға жеңіл. Бipaқ соның төте жазудан кириллицаға түcipy, компьютерде тергізу, редакциялау сияқты жұмыстарына eкi жыл уақытым кетті. Eнді Қажекең – ұстаз, мен – шәкірт болсам, шәкірт ретінде қолымнан келгені – сол ғана. Қажекеңнің маған жазған хатында мынадай арманы бар еді: біріншіден, елге барып жатсам, екіншіден, оншақты томдық дүниелерім бар еді, солар елге жетсе, ұрпақ қажетіне жараса деген. Біз көршілердің көңіліне көп қарайтын елміз. Әйтпесе 86 жасқа келіп, қаусап отырған қарт адамды сұрап алсақ неміз кетер еді. Әншейінде айтамыз, Қазақстанның бет-беделі әлемге асып тұр деп. Сол «абыройымыз» жат қолында ғұмыр бойы бейнет шеккен жазушымызды алдыруға жетпеді ғой...

Стипендия беру – сойылсоғар дайындаудың амалы

Биылғы мемлекеттік және президенттік стипендия алған жазушылардың арасынан өзіңізді байқай алмадык...

- Тәуелсіздік алғаннан кейін жазушы, композитор, әртіс сияқты өнер адамына қаламақы төлеу үрдісі келмеске кетті. Әуелі кейбір «данышпандар» өнер мен мәдениет саласына бюджеттен еш нәрсе төленбесін деген бапты Конституцияға кіргізіп тастапты. Ол аздай, Жа­зушылар одағын қоғамдық ұйым ретінде ғана тіркеуге алды. Зерттеп көрсем, Қазақстанда екі мыңның үстінде қоғамдық ұйым бар екен. Оған діни секталар, партиялар, әртүрлі қозғалыстар жатады дейді. Демек, біз де сол қатардамыз. Анығы, біз рухани дүниені жарататын еңбекшілерміз ғой. Еңбегімізге қарай ақы төленуге тиіс. Алайда саясат олай жасамай тұр. Жалпы, қай қоғам жақсы десеңіз, еңбекке ақы төленетін қоғам жақсы дер едім. Оның «измінде» тұрған дәнеңе жоқ, мейлі «социализм», мейлі «ка­питализм» болсын!

Совет үкіметі кезінде қаламақы жақ­сы төленетін. Қазір сол саясат сақталса, бұрынғыдай ел қатарлы жан бағар едік қой. Біреулер сияқты, бюджеттен де бipдеме сұрамас едік. Біздің қорғансыз күйімізді үкімет сезген болуы керек, осыдан он бес жылдың алдында қаламақының өтемі ретінде, «мемлекеттік» және «президенттік» стипендия дегенді шығарды. Мен оны содан бepi үздіксіз 13 жыл бойы алып келгенмін. Еңбегім еленген болуы керек. Оның үстіне, «Халық жазу­шысы» деген атағым тағы бар. Бipaқ оған арнайы еш нәрсе бермейді. Солардың бәрінің өтеуі ме, әйтеуір стипендия алып келдім. Неге екенін кім білсін, осыдан екі жыл бұрын сол стипендиямнан мені сызып тастады. Қай жерде, қандай шартымның толмай калғанын өзім де білмей жүрмін. Meнi сызып тастаған соң, кімдер алып жатыр екен деп карасам, оған да саясат араласып кеткен екен. Еңбегіне қарай емес, бағыт-бағдарына қарай берілетін болыпты. Мысалы, үлкендерін қарасаңыз, көбі сарай маңында биліктің сойылын coғып, сөзін сөйлеп жүргендер екен. Ең қызығы, солардың арасында тепсе темір үзетін, кызметі, жалақысы бар, бipaқ әдебитке әлі келіп болмаған жастар да жүр. Олар тіпті де стипендияға зәру адамдар емес қой. Бұл – биліктің жаңа сойыл соғарлар тарту амалы сияқты көрінді маған... Қaзip бала-шаға ер жетті. Біреуден тамақ сұрап отырған жайымыз жоқ. Бipaқ мұндай жағдай адамның жүйкесіне тиеді екен.

- Енді бip жарым айдан соң президент сайлауы өтпек. Сайлауға дауыс беруге барасыз ба?

- Әрине, азаматтық хұқымызды пайдаланатын шығармыз. Жалпы, осы реткі сайлау Назарбаевқа қажет болып тұрған сияқты: алды-артын жинауға, артына мұрагер қалдыруға. Сондай-ақ, бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болуы да ғажап емес. Өйткені, меніңше, бұл соңғы сайлау болып қалмақ. Кезектен тыс өтудің ceбeбi де сондықтан деп ойлаймын. Өткелі отыр­ған сайлауымыз алдағы екі жылды асықпай күтіп жүрген оппозиция үшін қолайсыз болды. Соны білген «Азат» пен Коммунистер партиясы сайлауға түсуден бас тартты. Ал демократияның жөні осы екен деп, өздерін ұсынып жатқан кейбір үміткерлер – біз білмейтін, танымайтындар екен. Кейбіреуі жұмыс таппай үйде отырғандар. Ішінде Амантай қажы да бар көрінеді. Амантайдың жеке басын кемсіткенім емес, өз елімнің президенті ретінде оны елестете алмайтыным –шындық. Елеусізов деген азаматымыз өзінің сайлаудан өте алмайтынын біле тұра, додаға түсіп жатыр. Елеусізовтың бұл логикасын түсінбей-аққойдым.

Жағымпаздар жарға жығады

Неге екенін қайдам, қарапайым халықтың қайсысымен тілдессеңіз де, сөздерінен: «Назарбаев жеңеді ғой!» - деген үмітсіздік байқалады. Бұл, сіздіңше, Назарбаевтың қуаттылығын көрсете ме, жоқ әлде халықтың дәрменсіздігін байқата ма?

- Сұрағыңа соғудан бұрын ойымдағы біраз әңгімені ағытып алайын. 1991 жылы ел тәуелсіздігін жариялаған кезде қуаныштан көз жасым көл болып жылаған адамның бipi – менмін. Қазақ үшін тілеулес азаматпын! Сондықтан да саясаттың қисық жерін, қоғамның ащы тақырыптарын бүркемей айтып жүреміз. Қазақ ондайды «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демейтін бе еді. Қазақ қоғамының бес дұшпанын кешегі Абай соқырға таяқ ұстатқандай айтып кеткен ғой (өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ). Қaзip бізді сол бес дұшпан жағадан алып тұр. Әcipece мақтаншақтық. Дүние жүзіне мақтансақ бipcәpi, ал өзімізге өзіміздің мақтанғанымыз не?! Оны қазақ күпию демейтін бе еді. Өткен жылы біз ОБСЕ-ге төраға болдық. Дұрыс, қалыпты жағдай. Өйткені соған мүше 56 елдің бipi – бізбіз. Кезегіміз келді, басқардық. Әңгіме соған төраға болудан бip жыл бұрын мақтанғандығымызда тұрған жоқ па. Соны басымызға қонған бақтай көрдік. Әуелі кейбір жарамсақ саясаткерлер мен журналистер әлемге беделіміздің асқанынан, тасқанынан, данышпандығымыздан деп түсіндірді. Жар салды. Ұғысып көрсем, сол ОБСЕ қолынан кереметтей бірдеме келетін ұйым емес екен. Оны біреулер керек, енді біреулер керек емес деп, күмәнмен қарайтын ұйым көрінеді. Ал біз жер-суға симай мақтандық. Бір жылдай басқардық. Басқарғанда түк те бітірген жоқпыз. Баяғы қоғам, баяғы қайшылық өмір – сол қалпында.

Биыл соны Литва деген Балтық бойындағы шағын ғана ел ың-дыңсыз-ақ атқарып жатыр ғой. Бірдеме деп бөріктepiн аспанға атқандарын естімедім.

Саммит өткіздік. Байлығымызды, барлығымызды көрсеттік: келгендердің алдарына ас қойдық, шапан жаптық. Қазақ үшін ол да ғанибет. Қонақжай, меймандос халықпыз ғой. Бірақ соның бәрі тағы мақтан үшін болды.

Есілдің сол жақ бойындағы жұрт бір апта бойы үйқамақта отырыпты. Қаланы бірнеше мың армия қарауылдаған көрінеді. Сол кезде теледидардан көрдім, бip әйелді полицейлер балконға шыққаны үшін тергеп жатыр екен. Тергеушілер айтады: «Қарауылдап отырған мергендер атып жіберсе қайтер едіңіз?» - деп. Не болса да, бұл саммит – халықты бiр тарының қауызына сыйдырған жиын болды. Саммитке келген қонақ басқаға таңданбаған шығар, өйткені құрылыстың түр-түрі өздерінде де бар. Олар «апыр-ау мына қаланың тұрғындары қайда кеткен» деп қайран қалған болулары мүмкін. Өйткені олар саммитте болған көзтаныс бес-алты қазақты көрмесе, қаладан басқа қазақ кездестірмегеніне күмәнім жоқ. Назарбаевтың «тұңғыш президент» деген ешкім ешқашан өзгерте алмайтын, қазақ тарихына алтын әріппен жазылып қалатын атағы бар. Бірақ кейбір жағымпаздар соны аз көріп, оған «елбасы», «көшбасшы» деген атақтарды тықпалады. Қарап тұрсаңыз, сол «елбасы», «көшбасшы» дегендеріңіз «тұңғыш президенттің» жанында түк емес.

- Қазақ ұлты арабтан да, басқа мұсылманнан да кенде қалған жайы бар. Өзінің құқы мен қақысын қорғап, қан қызуын қотара алмаған соң, ocылай демеске лаж бар ма, аға?

- Араб елдеріндегі жағдайды көріп көріп отырмыз. Біз бip нәрсені ecкермейміз. Ол – тарих сабағы. Тарих көсемдер заманының келмеске кеткенін көрсетіп отыр. Жалпы, көсем басқарған елдің жарығанын, көсегесі көгергенін көрген жоқпын. Өйткені көсемдердің заманы өткен. Мысалы, бір қоғамның көсемі болған Сталин не қылды? Ұлттың сүт бетіне шығар игі жақсыларын қырды. Мао да солай етті. Ким Эр Сенді де, Саддам Хусейн деген көсемді де көрдік. Біреуі жырғатқан жоқ өз қоғамын.

Дегенмен, әлем саясатында жиі ауызға алынатын демократияның әcepi шығар, араб халқы оянып жатыр. Біздің жағымпаздар араб елдеріндегі осы жағдайларды көре тұрып, Назарбаевты сол жолға итермелейді. Өйткені Назарбаевтың тақта отыра беруі өздеріне тиімді. Демек, жағымпаздар өз мүдделерін күйттеп, осындай қадамға барып отыр.

Зиялылар пенделіктен аса алмай жүр

Алаш зиялыларының еңбектерін қарап отырсаңыз, тұнып тұрған ұлт мүддесі. Ал бүгінгі зиялы санап жүрген сіздің әріптестеріңіздің жазған-сызғандары – бір-бірінің «минустары». Бұл ұлттың ұсақталуы ма, зиялының зауықсыздануы ма?

- Жұрт зиялы қауымға өкпелі: қоғамдық мәселелерге неге ара түспейді, неге зиялы сөзін айтпайды, неге күреспейді деп. Жасыратыны жоқ, зиялы қауым кезінде қолынан келгенді айтқан, істеген. Бірақ кейінгі кездері тыңдайтын құлақ қалмады. Соның кесірінен зиялылар бойын түңілу, немкеттілік билей бастады. Қазір өздеріңнің «Дат», анау «Жас Алаш» газеттерінен басқа көңіл жұбататын басылым да жоқ. Өзге басылымдардың бәрі биліктің «трибунасы» болып кеткен. Олар зиялының шын сөзін баспайды. Анығы, баса алмайды. Жұрттың зиялыға өкпелеуінің жөні бар. Өйткені зиялының бір шоғыры сарай маңында жүр. Бір қауымы стипендия, мерейтой, әртүрлі сыйлықтардан дәмелі. Олар ешқашан мыңқ етпейді. Қысқасы, пенделіктен аспайды. Негізі, азамат тәуелсіздігінің ең үлкені – экономикалық тәуелсіздік. Онысы шешілмеген жазушы жалтақ келеді. Осыларды көрген халық қой, зиялыдан түңіліп жүрген. Бұл да – қоғам дерті.

- Дұрыс айтасыз, қазақ қоғамының дерті күн сайын асқынып бара жатқандай. Мәселен, рушылдық пен жершілдік жастардың да бойына жұққан...

- Иә, пікіріңді жоққа шығара алмаймын. Қазақ қоғамын рушылдық, жершілдік дерті бұрынғыдан ары дендеп барады... Кітап таралымының аздығына байланысты болар, қазір жазушы бір рудың, немесе бір ауданның ғана жазушысы болып қалды. Совет үкіметі кезінде кітап 30-40 мың данамен, журнал 100 мыңдап таралатын еді. Біз сол кезде танылдық. Бізді танитын буын орта жастан асқан және біз құралыптас. Көп тиражбен таралған кітаптарды бар қазақ баласы оқитын. Ал бүгінгі күні кітабың шықса, туыс-туған, жора-жолдас, өз ауданыңнан артылмайды. Соның да кесірі болар, әр ру, әр облыс өз жазушысын ғана танитын келеңсіз жағдай орын ала бастады. Мысалы, былтыр Қызылордадан үкімет ақша бөліп, біраз кітап шығарыпты. Кітаптың авторлары тек сол өңірден шыққан жазушылар ғана екен. Енді бұл жершілдіктің асқан түрі емес пе. Бүгін Қызылорда бастаса, ертең басқа облыстар қайталайды.

Негізі, қай жерде ұлттың рухы әлсіресе, сол жерде рушылдықтың «вирусы» асқынады екен. Рушылдық нарыққа да әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, жең ұшымен жалғасып жатқан жемқорлық бірін-бірі сатып кетпейтін руластар арасында еркін сайрандайды.

Біз – дүние жүзіне төрағалық еткісі келген, бүкіл Еуропаны біріктіруді көздеген, еліміздегі 130-ға тарта ұлтты бір анадан туғандай ынтымақтастырғысы келген мемлекетпіз. Алайда осы елдің қожасы қазақтардың өзі бір анадан туғандай ма? Гәп осында. Біздің билік алдымен осыны бір жөнге салып, халықты рудан ұлттық деңгейге көтермей, ел – ел болмайды. Алайда бүгінгі билік үшін «бөліп ал да, билей бер» деген саясат қолайлы. Оларға қазақтың осылай қырықпышақ болып, руға, жерге бөлінуі тиімді сияқты. Онсыз да халық санағын алғанда қазақтың санын үш рет бірінен-бірін кемітіп мәлімдеген жоқпыз ба. Билік қазақтың пайызы жоғары болғанынан қорқатын тәрізді. Осы жершілдік пен рушылдықтың тағы бір әңгімесін айта кетейін, газетіңде орын болса.

- Айтыңыз, орын болады ғой!

- Қазір, Құдайға шүкір, сөз бостандығы қалыптасып қалды. Оның дәлелі – ел ішінен шығып жатқан тәуелсіз баспасөздер. Дегенмен билік олардың саясатқа байланысты айтылған сөздерін бақылап отырады. Артық бірдеме айтып қоя ма деп. Ал ел ішіне лаң салып жүрген, арам пиғылды басылымдарды аңдымайды. Еркіндік берген: езулеріне не келсе, соны гөйітеді. Шылғи өсек-аяң. Біреудің сөзін бұрмалап, екінші біреуге айдап салады. Сондай газеттердің біреуі «Үшқоңыр» деп аталып жүр.

«Үшқоңыр» аты жақсы, жүрекке жылы естіледі. Өйткені президенттің туған жері. Бірақ сондай жақсы атты жамылғандар әр нөмір сайын мен туралы бірдеме жазады. Айтпағанымды айтты, жазбағанымды жазды қылады. Соңғы бір санында Шерхан, Әбіш, мен – үшеуімізді қосып соғыпты. Мен туралы қайта-қайта жаза берген соң, онда жұмыс істейтін адамдарды тексердім. Көзім жеткені, олар – Үшқоңырмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар екен. Үшқоңыр өңірінің азаматтары емес. Ныспысы бөлек. Сөйтсем, тіркелу үшін сол атты әдейі таңдап алған сияқты ғой. Ал атқарып отырған шаруалары мүлде басқа.

Газет ұжымындағылардың дені өмірде жолы болмаған, әдебиетте бағы жанбаған, сол үшін таланттардан өш алып, ел ішіне үнемі лаң салып жүретін біреулер екен. Араларында баяғыдан бері менің соңыма түсіп жүрген Бекділда Алдамжаров, Жәди Шәкенұлы, Әбдеш Дайырбаев деген біреулері бар көрінеді. Айтса, айта берсін! Мен – олардың қолы жетпейтін биікке көтеріліп кеткен жазушымын.

Қалай дегенмен бұл жақсылықтың нышаны емес. Әшейінде саясат туралы не айтылады деп, басылымдарды бағып отыратын министірліктер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті осындай пәлеқор, жалақор басылымдарды тізгіндемей ме. Ұлт жазушыларына айтылған өсек-аяңға нүкте қойып, қорғамай ма.

- «Мерген» деген әңгімеңізді жазуға не себеп болды? Бір сыншы-әдебиетші бауырыңыз айтады: «Мергендегі» оққа ұшқан кейіпкерлердің біреуі не Алтынбек, не Заманбек деп. Біз де солай топшылаймыз...

«Мергендегі» мерген – әділетсіздікке оқ ататын адам. Ал әңгіменің ішінде Заманбек туралы шағын сюжет бар. Бірақ Мерген оны атпайды. Өйткені ол әділдік жолында шейіт кетті ғой...

Соңғы жылдары жазған әңгімелерімнің ішінде қоғам індетін ашатын «Пирамида», «Тоқымқағар» сияқты бірнеше шығарма бар. Мәселен, «Пирамидада» көпдінділікті сынадым. Көпдінділік – елді біріктірудің емес, ел арасына іріткі салудың жолы. Тарихтан оқып жүрміз ғой, көпдінділіктен қаншама империялардың құлағанын, қаншама патшалықтардың жойылғанын. Менің әңгімемде көпдінділік бір отбасын ыдыратады. Ал «Тоқымқағарда» ақша мен қызметтің сананы, иманды билеп, адамды намыстан айыратындығы айтылады.

- Алла амандығын берсе, биыл 75 жасқа толады екенсіз. Үкімет тарапынан мерейтой тұсында қандай жұмыстар атқарылғалы жатыр?

- Иә, жыл өткен сайын ұлғайып келеміз. Құдай қуат берсе, осы жылдың 24 сәуірінде 75 жасқа толады екем. Егер халқым, туған өлкем, облысым, Жазушылар одағы елеп-ескеріп жатса, той аталып өтетін шығар. Себебі, қуаныш қой, сексен жасқа жетеміз бе, жетпейміз бе. Жетсек, кім бар, кім жоқ дегендей. Біреулер бір жазушыны мақтап жатыр: не 60 жасын, не 70 жасын, не 80 жасын тойламады, не деген қарапайымдылық деп. Мен олай ойламаған болар едім.

Жазушы өзінің халқымен бірге болуға тиіс қой. Халқының көкейінде не бар, соны естіп, есеп беріп тұруы керек. Ал халықпен кездесуден қашатын адамда бір шикілік бар деп ойлаймын. Өйтпесе халықпен ашық жүздеспей ме. Ондай жазушы бірдемесінің ашылып қалуынан, өзі туралы ыңғайсыз әңгімелер айтылып қалудан қорқады. Қысқасы, өзіне сенбейді. Қазақ мұндайды: «Ұрының арты қуыс» деген сөзбен жеткізген.

Қоян жылы қиын болып тұр. Арқа аяз, біздің шығыс қарлы. Ерте көктемде тойлау міндетті емес. Бұрын елдегі ағайынның жер аяғы кеңігенде шақырып жататын әдеті бар еді, биыл да соны қайталап жатса, ел жаққа барамын. Еліммен бірге атап өтермін мерейтойымды. Бәрі бола жатар, бастысы, денсаулығымыз мығым болсын дейік!

- Иә, Қабдеш аға, денсаулықтың мықты болғанына не жетсін. Ауырмаңыз, сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Жұқамыр ШӨКЕ, «D» «Дат» газеті. 23-ақпан, 2011