Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Сұхбаттар

Еуропалық әдебиеттің нәрін Әуезов арқылы алдық


- Сіз бір сөзіңізде «Сараң қатынның қолынан шыққандай сыздықтатып береді» деп телеарналардың эфир кестесінде ұлттық бояуы қанық дүниелерді аз беруін сынға алған едіңіз. Жалпы, телеарналардағы рухани кеңістік туралы не айтасыз?

- Теледидар біздің өміріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Біз баяғыда қағазға көп тесілетінбіз. Түнде кітап оқып, күндіз жазу жазатын едік. Қазір оған көз де, денсаулық та шыдамайды. Сондықтан оқысам да, жазсам да қағазға күндіз қараймын. Кештерде көбінесе теледидарды ермек ететін болдым. Теледидар сенің рухани қажеттілігіңді өтеуі тиіс. Керек десеңіз, ермек. Орыстарда «убить время» деген бар ғой. Уақыт өткізу үшін де керек. Сондықтан теледидарға қараймын, өзіңнің рухани сұранысыңды қанағаттандырғың келеді. Бірақ қазақ телеарналарына көңілім толмайды. Бүгінге дейін бізде бір тәулік ұдайымен берілетін ұлттық арна жоқ. Таза мемлекеттік тілдегі арна ашылса деп айтылғалы да, ашамыз деп уәде бергелі де көп болды. Қазір кабельді жүйеде 60-70 арна бар. Орыс тілінде, шетел тілдерінде хабар таратады. Соның ішінде бір арна тек қазақ тілінде болуы тиіс қой. Қытайдағы Шыңжаң қазақтарында тәулік бойы қазақ тілінде сөйлейтін жеке арна бар. Кейде Қытай қазақтары артта қалды деп мүсіркеп жатамыз. Әйтсе де олар рухани дүниесі жағынан жаман емес. Бізде осы жағы жетіспейді. Ал телеарналардағы бар бағдарламалардың өзі ұсақ-түйекке құрылған.

Сонан кейін теледидарда қазақ әндері мен күйлері аз беріледі. Кейде «Сағындырған әндер-ай» деп концерт береді. Аталған концертті қымбат бағаға билет сатып, Республика сарайында өткізеді. Ол кеште Шәмшінің, Әбілахаттың, 60-70 жылдардың әндері шырқалады. Неге сағындырған әндер? Халық өз әнін неге сағынуы керек? Осындай сұрақ туады. Ол әндерді күнделікті неге естіп отырмайды? «Малға кедей болсам да, әнге баймын» деп Шашубай айтпақшы, қазақ ән мен күйге бай халық қой. Телеарна басшыларының өздері ән-күй жазылған таспалар мен табақтар қорға сыймай жатыр, қоятын жер жоқ деп айтады. Ал сол ән-жырды неге эфирден бермейді? Жақсы сұрыпталған әндерді апта, ай сайын естіп отырсақ, ғанибет емес пе?! Бірақ сараң қатынның бауырсағындай аздап қана шашады. Эфирге тамыр-таныстықпен кіріп кеткен әншілер бары байқалады. Солардың бейнебаяндары мен әндері беріліп, тәуірлері көрінбейді. Ырғағы алға шыққан, қиқаң-қиқаң, бір-бірін қайталайтын бір сарынды дүниелер көп.

- Бүгінде Қытайдағы қандастарымыз бірқатар озық жобаларды іске асырып жатқанын байқай бастадық. Мұның өзі Қытай саясатының қысымы нәтижесінен туындаған «тұяқ серпу» деп қабылдауға бола ма?

- Жалпы, өмір бар жерде ұлт бар, халық бар, әдебиет бар. Өмір дегеніңіз жалғаса береді. Қытайда аумалы-төкпелі талай замандар өтті. Мен Қытайда жүрген кездің өзін алғанда «Мәдениет төңкерісі», «Ұлтшылдарға қарсы күрес» т.т. жұртты қысқан, ұлттың бетке шығар зиялы азаматын «ұлтшыл», «оңшыл», «халық жауы» деп санап, Такла-Макандағы Тарым лагерьлеріне айдаған көп науқандар болды. Сол түрмелерде 15-20 жыл отырып келгендер көп. Абақтыға жалғыз Қажығұмар емес, жүздеген, мыңдаған адамдар барды. Қажығұмар – соның біреуі және абақтыда ең көп отырғаны. Ал Мао Цзедун өлгеннен кейін, 80-жылдардан бастап Қытай саясатында өзгеріс болды. Дин Шаопин деген басшы үлкен реформа жасады. Еркіндік берді. Оның пайдалы дүниенің бәрі жаман емес деген қорытындысы бар. Яғни «Ақ мысық болсын, қара мысық болсын, тышқан ұстаса болды» деген қытайлық тұжырымы бар. Негізі, Қытайдың тәмсілдері қарапайым болады.

Қытай кейінгі кезде кеңшіліктің пайдасын көріп отыр. Бұрын коммуна кезінде бәрін қысып, ортақ қазанға қаратып қойған ғой. Еркіндік беріп еді, дүр етіп байыды да кетті. Диқандар азықтың астында қалды. Қазір кекірейе тойына бастады. Өйткені шетелге азық-түлік шығарады. Оның шет жағасы бізге де келеді.

Осы аралықта әдебиеті мен өнері де өркендеп, құлашын кеңге жайып қалды. Рухани дүниесі қалпына келді. Бұрын айдауға кеткендерден кешірім сұрап, жақсы қызметтерге қойып, жақсы зейнетақы тағайындап жатыр. Қажығұмар ғана мұндай кеңшіліктен құр қалды. Қажекеңнің өткеніне де үш ай болып қалды. Ол зейнетақы да, еңбекақы да алмай, елдің садақасымен қысылып-қымтырылып күн көрді. Атамекеніне жете алмады. Ақыры Шәуешек қаласынан топырақ бұйырды.

Жалпы, Қытай қазақтарында біраз алға жылжу бар. Бірақ тым құлаш жайып жатыр деуге келмейді. Шыңжаң әдебиеті де сондай. Біршама өсу бар, поэзиясы жаман емес, ал прозасында әлі балаңдық бар. Қытайдағы қазақ прозасының бастау көзі беріде жатыр. Оның басында Қажығұмар, Рахметолла т.б. жазушылар тұр. Соның ішінде бүгінгі деңгейге лайық талант та кездеседі. Мәселен, марқұм Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» атты кітабы қайта басылып шықты. Бұл – Оспан батыр туралы жазылған туынды. Әлі дүкенге түсе қойған жоқ. Жақсылық – үлкен жазушы. Мен Қазақстанға уылдырық шашқалы келдім деймін ғой. Ол да сол үшін елге келді. О жақта жүрсе Оспан батырды жаза алмас еді, жаздырмас еді. Қажығұмардың да «Қылмыс» атты 6 томдық романы шықты. Ол 2 томын шығарғаннан кейін ар жағын жергілікті саясат шығартқызбады. Қалған 4 томын түрмеде отырып жазды. Маған жіберіп отырды. Соңғы екі жылда біраз уақытым осы «Қылмысты» шығаруға кетті. Министрлікке бару, қаражатын табу, оны жоспарға енгізу, компьютерден өткізіп, арабша қарпінен кириллицаға түсіру, қатесін түзеу оңай шаруа емес. Сөйтіп, Қажекеңнің алдындағы бір парызымнан құтылдым. Көзі тірісінде кітабын көріп кетті. Шыңжаңда осындай серпіліс бар. Бірақ жеке таланттарда ғана. Қалған көпшілігінің дүниелері әлі балаңдау, қорқа жазады. Жалтақтап жазылған шындық ақиқат болып саналмайды.

Бірақ қазақ талантты халық қой. Талант қай жерде жүрсе де талантты. Қытайдан да қазақтың жақсы ақындары мен прозашылары шығуы мүмкін. Кейбіреулері осында келіп қатарға қосылып жатыр. Мен бір жиында «Кілең талантты Қазақстанға жиылып қалдық деп ойламаңдар. Қазақ бар жерде талант бар. Ол шетте жүрсе де талантты» деп айтқан едім. Мәселен, ең жақсы бишіміз Шұғыла Шыңжаңнан келді. Майра Мұхамедқызы секілді атақты әнші де Шыңжаңнан шықты. Ұлттың бойындағы потенциалы, қуаты қай жерде болсын шығады. Ұлы ақын Таңжарық бүкіл шығармасын түрмеде отырып жазған. Қытайда «түрме әдебиеті» дейтін әдебиет бар. Оның негізін салған – Таңжарық ақын. Арада 40 жыл өткенде оның жолын Қажығұмар қайталады. «Қылмыстың» 4 томын, «Пана» деген Зуқа батыр туралы романын түрмеде отырып жазу – үлкен ерлік. Жалпы, оларда түрмеде отырып жазу үрдісі бар. Ал түрмеге түсу жағынан Қазақстан да кенде болған емес. Бірақ бұл жерде барған із бар да, қайтқан із жоқ. Атылып кеткен адамдардың соңғы сөзі немесе туындысы екен деп жарияланған жазба жоқ. Сәкеннен де, Мағжаннан да, басқасынан да түрмеде жазылған мұра қалмады. Мәдидің, Иманжүсіптің айдалып бара жатқанда жермен, елмен қоштасатын бір-екі әндері бар. Одан басқа түрме тақырыбы біздің әдебиетте терең қаузалмаған. Бұл неден болуы мүмкін? Осы мәселені зерттеу керек.

- Сіздің «Толған айдың түні» атты эротикалық әңгімеңізді оқыған едім. Қазақ ұлан-ғайыр жерге ие болып отырса да, халық саны аз екені белгілі. Осы байтақ далаға ие болатын ел керек. Осы тұрғыда демографиялық дүмпуді ояту үшін әдебиетте эротикалық тақырып жазылуы керек деп ойлайсыз ба? Әлде бұл біздің ұлттық менталитетімізге қайшы келе ме?

- Жалпы, бұл тақырыпта жазылған бірнеше шығармам бар. «Бір ғана ғұмыр», «Әмбебап әйел» атты туындыларым да осы тақылеттес. Қазір қазақ менталитеті, табиғат, экология өзгеріп, адам әлсіреп барады. Еркек пен әйел жасына жетпей төсектен қалып жүр. Бұл – бүгінгі замандағы дерттің бірі. Бала кезімде Құлыстайда, Шәуешекте Қоңыр ақын деген адамды көргенім бар. «Толған айдың түні» атты әңгімемде осы Қоңыр ақын туралы айттым. Бұл – патология. Өйткені Қоңыр ақынды қайталау мүмкін емес, ондай қуат ешкімде жоқ. Осындай адамның өмірде болғаны рас. Денесі де, денсаулығы да ірі болатын. Оны бес жасымда көріп едім. Кейін осы жаққа қайта өтіп кетті. 1932 жылы Қытайға Қазақстаннан ауып барған екен. 1942 жылы «Ел жақта еркек азайып кетіпті, елге бармасам болмас» деп қайтадан осы жаққа өтіпті. Бірақ ондай «еркелігін» кеңестік саясат көтермеген болуы керек, Сібірде айдауда мерт болған дейді. Осындай табиғаттың ерекше жаратылысы, феномені бір кездері қазақ арасында болды. Жұрттың бәрі Қоңыр ақын болмағанымен, сол кездегі қазақтардың бәрі мықты еді. Бірнеше әйел алу, ұрпақ қалдыру – сол мықтылықтың нәтижесі. Негізі, бұл – үлкен мәселе.

Былтырғы жылдары депутаттар екі әйел алуды сөз қыла бастап еді, сонда отырған орыс әйелдері немесе орыстілді әйелдер «онда бізге де екі еркекке тиюге рұқсат берсін» деп шыға келді. Депутаттарымыздың ауыздары буылды да қалды. Айтар уәж таппады... Ол неден шыққан, біздің ұлттық дәстүріміз қалай? Оған ешкім үңілмеді? Бізде көп әйел алу мыңдаған жылдар бойы қалыптасқанымен, әйелдер үстемдігінің орнағанына жетпіс-ақ жыл болды. «Дарабоз» атты романымда Көкжал Барақ деген кейіпкерімнің жеті әйелі болғаны суреттелді. Оның төртеуі – қалмақтан, үшеуі – қазақтан. Көкжал Барақ қазақ әйелдерін шейіт болған ағасы мен інісінің әйелдерін әмеңгерлік жолымен алса, қалмақ әйелдері олжада түскен қыздар. Дала заңы бойынша олжаға түскен қыз-келіншектерге кімге тигісі келетініне таңдау беріледі. Бұл дала демократиясы. Сонда әйелдер Барақты көп таңдайды екен. Қазір сол Көкжал Барақтан тараған ұрпақ Күршім ауданында мың адамнан асып кеткен. Жеті әйелінен 30 ұл, оншақты қыз тараған ғой. Өткен жылдары Батырдың 280 жылдық тойына бардым. Күршім өзенінің бойына көп үй тігілген. Маңайында батырдың бүгінгі ұрпақтары жүр. Әр үйдің қасында үстіне сауыт кигізіп, қолына найза ұстатып екі жігіттен қойған екен. Әрқайсысы екі иығына екі кісі мінгендей, шынында, батырдың ұрпағы екені көрініп тұр. Біреулері қазақ әжемізден, біреулері қалмақ әжемізден тараппыз деп жатты. Шал-шауқанды, бала-шағаны қоспағанда, арлан бөрідей жүздеген жігіт жүрді. Сонда кім ұтты? Барақ – жаугершілікке басын берген адам. Бүгін мыңдаған ұрпағымен өзі қорғаған туған жерге ие болып отыр. Халықтың демографиясын ойлаған кісі осылай арыдан ойлау керек. Қоңыр ақын секілді феномендерді мысал ретінде шығармаға арқау еткенімнің де түпкі мәні осы болса керек.

Қазір де еркектен әйел көп. Бір Алматының өзінде 100 мың қыз-келіншек артық екен. Оларды кім алады? Тепсе темір үзетін 70-80 мың жігіт түрмеде отыр. Сондықтан қыз-келіншектердің бағын байламау керек. Біреулер сөгеді екен демеуіміз керек. Біздің заңдарымыз ұлттың келешегі жолындағы мүдделерге бағынуы тиіс. Екі әйел аласың деп ешкімді міндеттеме. Бірақ рұқсат беру қажет. Шамасы келгендер алсын.

- Сіздің жазушы ретінде алты алашқа мәлім еткен «Соңғы көш» атты романыңыз екені белгілі. Бұл – оқырмандарыңыздың бағасы. Осы романның кеңестік цензураға түскені туралы көп естиміз. Осы туралы өз аузыңыздан естісек дейміз.

- «Соңғы көш» сонау 1974 жылы жарияланды. Қырық жылдай болып қалыпты. Алдымен «Жұлдызға» басылды. Содан кейін жеке кітап болып шықты. Мұның жазылуынан басылуы қиын болды. Осы романды басамыз ба, жоқ па деп сараптан өткізетін адам табылмады сол кезде. «Жазушы» баспасында біраз жатты. Өзім сол баспада істеймін. Бір данасын Орталық комитетке, бір данасын Ғылым академиясының Тарих институтына, бір данасын КГБ-ға жөнелтті. Өйткені роман арқауы – шетел тақырыбы. Бұрын шетел қазағы туралы әңгіме қозғалмаған сондықтан бәрі де жауапкершілік алғысы келмей, тілдей қағазбен жауап қайтарды. «Бізде мұны байыптай алатын маман жоқ, сондықтан нақты бағасын бере алмаймыз» деген желеумен Тарих институты да, Әдебиет институты да қолжазбаны қайтарып жіберді. КГБ да «бұл оқиғаларды талдап беретін бізде маман жоқ» деді. Бірақ олар жөн сілтеді. «Мұны талдайтын мамандар бір-ақ жерде – Мәскеуде. Мәскеуде Қиыр Шығыс институты деген бар. Сол институтта қытайтанушы да, жапонтанушы да жеткілікті» деді. Романымның жата берер түрі болған соң, амал жоқ, сол кезде одақ басшысы Әнуар Әлімжановтың көмегімен Мәскеуге жібердік. Әнуар Жазушылар одағынан ақша шығарып, екі аудармашыға жолма-жол аударма жасатты. Төлеу Шаханов пен Ғаббас Жұмабаев орысшаға жүйрік жігіттер еді. Екеуі де марқұм болып кетті. Сол жігіттер үш-төрт ай табандап отырып, орыс тіліне аударды. Оны Әнуар Әлімжановтың хатымен Мәскеудегі Қиыр Шығыс институтына жібердік. Бес-алты ай өткеннен соң жауап келді. Ол жердегі мамандар да іссапармен шетелге кеткен бе, әйтеуір, айлап күттірсе де жауап келгеніне қуандық. Жақсы пікір білдірген екен. Мәскеуге 1972 жылдың аяғында жіберген едік, 1973 жылдың көктемінде жауап келді ғой. Сектор меңгерушісі «Бәрі дұрыс, ештеңе бұрмаланбаған. Қазіргі Қытай саясаты, экономикалық халі, халықтың басына түскен тауқымет, ұлттық езгі қаз-қалпында көрсетілген. Автордың асырып жіберген, кем қалған жері жоқ. Маңызды тақырып болғандықтан, басып шығару керек» деген пікірі жазылған. «Жұлдызға» апарып бердім. Шерхан Мұртаза – редактор. Ол табанды, ұлтжанды жігіт қой. Журналға жазда апарып бергенмін. Ол кезде нөмір үш ай бұрын жоспарланады. «Соңғы көшті» Мәскеудің пікірін алғы сөз етіп, 1973 жылдың 9, 10, 11-сандарына бір-ақ берді. «Жұлдыздың» бұл сандары менде сақтаулы. Сол уақытта «Жұлдыз» 196 мың данамен тараған екен. Қазіргі таралымы 3,5 мың ғана. Біздің атымыз халыққа сол «Жұлдызбен» тарады, жайылды.

Қайда барсам да «Соңғы көштің» авторы» деп жұрт керемет қарсы алады. Жұрт басып кете жаздайды. Роман жарық көргеннен кейін келесі жылында Тарбағатай мен Зайсанды аралағаным бар. Арғы беттен келген қойшылар «Жұмаділов келіпті» деп, атпен жайлаудан дүркіреп түсті. Бәрі «Соңғы көшті» оқып алған. Қойны-қоныштарында «Жұлдыз» журналы. Жергілікті басшылар мені жайлауға апарып, қойшыларға көрсетіп, жұртты әрең тоқтатқан еді. Сол кезде райкомның бірінші хатшысы Дәукеев деген кісі басында салқын ғана қабылдаса да, қайтарда үлкен жиналыс ашып, «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» етіп марапаттады.

- Сіздің келбетіңізді ұлы Мұхаңа, Мұхтар Әуезовке ұқсатады. Осы жайлы өзіңізге айтқан адамдар бар ма? Жалпы, сіз бұл ұқсастықты қалай қабылдайсыз?

- Осы үшін мені жазғырып, «бұл өзін Әуезовке ұқсаймын деп айтады екен» деген, осы ұқсастықты маған көп көріп, қимай, мін қылып таққандар да бар. Ал мен өзімді өзім олай деп айта алмаймын ғой. Ана бір жылдары тіпті қатты ұқсап кетсем керек, көшеде әлдекімдер тоқтатып алатын. Әсіресе суретшілер. Орысы бар, қазағы бар, қауға сақалды суретшілер: «Кешіріңіз, сіз Әуезовке туысқан боласыз ба? Баласысыз ба, інісісіз бе?» – дейтін. «Жоқ, олай емес, Әуезовке менің қатысым жоқ» дедім. Әркім өзінше қартаяды. Енді құдайдың ұқсас қылып жаратқаны шығар...

Әуезов – менің ұстазым. Алдынан сабақ алдым, дәрісін тыңдадым. Ол кісі мені жеке таныды. Жеке шақырып алып, қабылдады. Өйткені Шыңжаңнан оқуға келген студентпін, Қытай азаматымын. Сол жақтан екі студент келіп, КазМУ-да оқып жатыр дегенді естіп, Әуезов кафедраға шақырып алды. Бір сағат бойы сөйлесті. Кейін де қолы қалт еткенде сөйлесіп жүрді. 1958 жылы бізді кері алып кетерде мен Әуезовке барып, қоштастым. «Мұха, біз кетіп бара жатырмыз. Қайта келеміз бе, жоқ па? Қытайда баяғы 37-жыл болып жатыр. Көріспесек, аман болыңыз», - дегенде, Мұхаңның айтқан өсиеті бар «Жасымаңдар. Жассыңдар ғой. Біз олардың ішкі ісіне араласа алмаймыз. Әдебиетші, жазушы боламын деген адамдарды кейде тағдырдың өзі қиын жолға салып, кейін қайтадан өз орнына қоятыны болады. Сенің өмірбаяныңа да тағы бір тарау қосылайын деп тұрған шығар. Жасыма. Өзіңе берік бол», - деп ақыл айтты. Бұл – 1958 жылдың шілдесі еді. Сонан кейін Мұхаңды көргем жоқ. Мұхаң қайтыс болғанда мен арғы бетте сүргінде жүр едім. Мұхаңнын өлгенін үш ай кеш естідім. Радиосы, газеті жоқ, қатынас үзілген түкпірде жүрмін ғой. Өлкеде радиода істейтін бір әдебиетші кезігіп, «Әуезов қайтыс болды ғой, естідің бе?», - деді. «Қашан?» - дедім. «Маусым айында» - деді. Мен қыркүйек айында естіп отырмын. Сол жерде өксіп жылағаным есімде. 1962 жылы Қазақстанға қайтып келсем, Әуезов бір жыл бұрын қайтыс болған екен. Алматы қаңырап, бос қалғандай көрінді маған. Жазушылар одағына барсам, ешкім мені танымайды, ешкім қарсы алмайды. ҚазМУ-да екі жыл ғана оқыдым ғой. 1956 жылы келіп, 1958 жылы кетіп қалғанмын.

Бірақ Әуезовтен біз көп нәрсе алдық. Біз орыс тіліне кейін жетілдік. Бір кезде орысша кітаптарды оқи алмадық. Сонда еуропалық әдебиеттен біз қалай нәр алдық деген сұрақ туады. Біз ол нәрді Әуезов арқылы алдық. Әуезов бүкіл дүниежүзінің, Еуропаның әдебиетін бойына сіңіріп, өзі шығарма жазған. Біз соны оқыдық. Ананың сүтінде сәбиге керекті қоректің бәрі болады екен. Әуезовтің шығармалары бізге ананың сүті сияқты болды. Біз бүкіл дүниежүзілік әдебиеттің сиқырын Әуезовтің шығармалары арқылы ұғындық. Басқа да жазушылар бар, әрине. Кейін бірте-бірте орысшаға жетілдік. Әуезовпен арақатынасымыз осындай. Мұхаң туралы «Әуезов тағылымы» деген үлкен мақала жаздым. Әуезовтің ұшар шыңға көтерілген тұсын да, «Өскен өркенді» жазамын деп қиындыққа ұшыраған сәтін де шынайы көңіліммен жаздым. Біреулер мені Әуезовке сын айтыпты деп қыжыртып жүрді. Сын емес. Жағымпаздар әрқашан біреуге бірдеңені таңып жүреді ғой. «Әуезов кеңес дәуірінен жаңа эпопея жазады, бұл «Абай жолынан» да асып түседі» десті олар. Сөйтіп, арандатты, жарға жықты.

- Жас әдебиетшілерден кімдердің қарымын байқап жүрсіз?

- Менің барлығын іздеп жүріп оқуға жағдайым жоқ. Кейбір кештерде, кездесулерде өздері кітаптарын беріп жатса, қарап шығамын. Қазір өзі уақытыңды сығымдап ұстайтын, сараңдықпен пайдаланатын кезге келдік. Бір кезде ақшасы көп көпес секілді уақытты оңды-солды шашып ұстайтынбыз. Қыдырысқа да жететін, жазуға да жеткізетінбіз. Қазір қалтаның түбі таязып қалды. Баяғы көпестік жоқ. Сондықтан уақытты үнемдеп пайдалануға тырысамыз. Жас ұлғайғанда шағын жанрға көшкеніміз де осы уақытты үнемдеуден туып отыр. Бастаған дүниеңді бітіру керек. Мансапта отырғандар «Жетпіске келсек те күш-қуатымыз тасып тұр» дегенді айтады. Ондай сөзге сенуге болмайды. Жетпіске келгенде күш-қуат ешқашан тасымайды. Қайратың қайтады. Ақыл-ой да, зерде де қайтады. Жетпістен асқанның бірі – мына мен. Құдай біршама дарын, қабілет сыйлаған адамның бірімін. Мектепте де, университетте де үздік оқығанмын. Зердені бір кісідей-ақ берген еді. Бірақ соның бәрі қайтты. Жаңсақтық, ұмытшақтық пайда болды. Кейде жазып отырып, керек сөз ойыма түспей қояды. Минөттеп барып бір-ақ келеді. Бұрын ол өзі саулап тұратын. Соның бәрі ұлғайғанның, шаршағанның, тозғанның белгісі. Кәрілік – адам баласының бәріне тән нәрсе.

- Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Думан Нұрланұлы «Алаш айнасы». 26-сәуір, 2011 ж.