Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Сұхбаттар

Қаламымды қозғайтын күш – шындықты айтуға құштарлық


Арғы бетте – Қытай елінде туып-өсіп, бір емес, екі бірдей империя кезеңін бастан кешірген Қабдеш Жұмаділов – оннан астам роман, осыншама көлемде повесть жазып, оқырман кітаптарын іздеп жүріп оқитын жазушыға айналған қаламгер. Көрнекті жазушының «Дарабоз», «Соңғы көш», «Тағдыр» сияқты тарихи романдарының әлемдік әдебиет жауһарларының арасында ауызға іліккен шығармалармен терезесі тең тұр деп айтуымызға әбден болады. Қазақ әдебиетін шырқау биікке көтерген оның шығармалары өз бағасын әлдеқашан-ақ алған. «Туған жер – алтын бесігім» атты облыста өтіп жатқан аудандардың мәдени күндерінде Өскеменге келген жазушы ағамызға өмірі мен ұрпағы, өзі бел ортасында келе жатқан бүгінгі қоғам турасында әңгімелеп беруін өтініп, бірнеше сауалдар қойғанбыз.

Өзге емес, өзім айттым өз жайымды

- Қабдеш аға, елге-жерге хош келіпсіз. Сіз өзіңізді елге танымал еткен жазушылық еңбегіңіз бен өз өмір жолыңызды суреттеген шығарма-мемуар жазған жазушысыз. Осындай біздің әдебиетте көп көрінбей, сирек жазылып жүрген мемуарды тудыруға не себеп болды?

- Енді, қазақ әдебиетінде ғұмырнамалық роман жазған жазушылар – өте сирек. Оның алғашқы нұсқаларының біріне Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» дейтін шығармасын жатқызуға болады, біздегі ғұмырнаманың алғашқы туындысы сол. Кейін Ғабиден Мұстафин «Көз көрген», Әбділдә Тәжібаев «Есімдегілер» дейтін кітаптар жазды, көп емес жалпы. Ал менің ғұмырнамалық роман жазу себебім өзім туралы өзім жазбасам басқалардың білуі, зерттеуі қиын болатын, жазуға да қиын соғатын жәйттер көп болды менің тағдырымда. Мен басып өткен жолдар күрделі, қиын болды, сондықтан кейін оларды біреулер зерттейді-ау деп дәметпей, әлгі, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, мен өзім айтып кетуге тиіс болдым. Менің өмірім екіге бөлініп жатыр, менің алғаш туғаннан жиырма жасқа дейінгі өмірім сонау Шыңжаңда, оның Тарбағатай аймағында, Шәуешек қаласында өтті. Одан кейін 1956 жыл Қытай үкіметінің жолдауымен ұйғыр-қазағы аралас елу баланың ішінде осы жаққа, Алматыға оқуға келдім. Одан кейін осында екі курсты бітірген соң, Кеңес елі мен Қытай елі арасындағы жағдай шиеленісіп, мені әрі қарай оқытпай, 1958 жылы кері шақыртып алды. Қытайға қайтып барып, сол жақта төрт жылдай саяси қуғын-сүргінде болдым. Бірнеше жыл Үрімжіде бақылау астында жұмыс істедім. Содан 1961 жылы Шәуешекке келіп, 1962 жылы өзім ұйымдастырған көшпен бірге сәуір айында Қазақстанға қайтып оралдым. Сол көште, сол сәуір айының 10-нан мамырдың 1-не дейін 20 күн ішінде шекарадан Қазақстанға 200 мыңға жуық адам құжатсыз, ештеңесіз, екі елдің шекарасын бұзып, босып өтті. Ол жәй кездейсоқ көш емес, алдын-ала жан-жақты дайындалған, белді бекем буған ұлы көш болды. Мен сол көшті ұйымдастырғаныма әлі күнге дейін разымын, жазған шығармаларым өз алдына, өз ұлтыма қандай еңбек сіңірдім дейтін болсам, 1962-жылғы көш – менің азаматтық қызметімнің шыңы деп есептеймін.

- Сізді бүгінгі әдебиетті зерттеушілер диаспора жөніндегі әдебиеттің негізін салушы деп атайды. «Соңғы көштен» бастап «Тағдырға» дейін сыртта қалған қазақтың жарты тарихын жазған жазушысыз. Сол қазақтардың елге орала алмай жүргендері әлі де көп, сіздің қазіргі көшке көңіліңіз тола ма?

- Егер мен 1958 жылы Алматыдан Қытайға кері шақырып алмаса, қуғын-сүргінді көрмесем, «Соңғы көш» жазылмас еді. Екі томдық романның бүкіл материалын сол жақтан алып келдім, бір жамандықтың бір жақсылығы осы болса керек. «Тағдыр» романында да мен шындықты бүркемесіз жаздым, екі елдің арасында шекара қалай тартылды, қазақ елі қалай екіге бөлініп қалды, соны қозғадым.

Жалпы, диаспора тақырыбы өте күрделі үлкен дүние десек, соған алғашқы соқпақты мен бастап салдым. Осы тақырыпты әдебиетке енгізген, іргесін қалаған жазушы екеніме ешкімнің таласы болмас.

Қазір қазақтың үштен бірі сыртта жүр. Жер бетінде он бес миллиондай қазақ бар десек, соның он миллионға жуығы Қазақстанда да, бес миллиондайы шекараның сыртында. Оның бір жарым миллионы Қытайда, бір жарым миллионы Өзбекстанда, бір жарым миллионы Ресейде, қалғандары Монғолияда, Түркияда, тағы басқа жерлерде жүр. Солардың қазіргі елге қоныс аударуына, елге көшуі қарқынына менің көңілім толмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бір жақсы екпінмен біраз ел келіп қалдыдағы, қазір көш саябырсып қалды. Моңғолиядағы 150 мың қазақтың алпыс мыңдайы келді де қалғаны тоқтап тұр, Қытайдан келетін көш мүлде саябырсыды. Алдыңғы жылғы есеп бойынша көшіп келгендердің 70 пайызы Өзбекстаннан, жеті пайызы ғана Қытайдан, қалғаны – басқа жақтардан келгендер. Шетелден бауырларды көшіріп әкелу, бұл – біздің ұлт алдындағы ең бірінші міндетіміз. Олар – әр кезеңде сыртта қалғандар, біреулері мына шекара сызығын тартқанда әр жағында қалып қойды. Мысалы бұрыннан шекара бойын жайлап келген менің ата-бабам шекара бөлісі кезінде ар жағында қала берді.

Біздің негізгі кірісіміз – шикізат қой, мұнай, газ, алтын тағы басқа жер асты кендері. Сонда шеттегі қазақтардың да үлесі бар, олардың ата-бабалары да осы жерді, елді аман сақтап қалу үшін күрескен. Бірақ біздің кейбір істеріміз қазақтың басын құрауға кері әсер етіп отыр. Қазақстанда жердің сатылуы шеттегі қазақтарды келтірудің емес, келтірмеудің амалы болып шықты. Келгенде қайда келеді олар? Шұрайлы жердің, сулы, нулы жердің бәрі сатылып кеткен, алпауыттар сатып алған бірнеше мың гектардан. Кезінде бәріміз дабыл қақтық: «жерді сатпай тұра тұрсаңдаршы, сырттағы ағайындар келсе, қайда қоныстанады» деп. Бізді ешкім тыңдамады. Бірақ әлі де қоныс тауып орналастыруға болады, тек келсін сол көш. Оларды келтіруге мүмкіндік бар, қаржы бар, қазіргі мұнайдың ақшасы бәрімізге жетіп жатыр, қала салуға да, сәнді сарайлар салуға да, басқасына да. Соған жұмсаған миллиардтардың бәрін емес, үштен бірін бөлсек, жыл сайын жүз мыңдаған қазақ шеттен келер еді. Президенттің соңғы сайлауында Елбасына көші-қонға қаржыны молайтайық, ол бізге қажет деп аманат айтқам өз басым. Шеттегі қазақтарды көшіру артық жұмыс, тұра берсін сол жерінде, бізден кейінгілер көшіріп алар деп ашық айтып жүрген шенеуніктер де бар.

- Туған жеріңізге жиі барасыз ба?

- Туған жерге көпке дейін бара алмадым, бармақ түгілі, хат-хабар алудың өзі қиын болды. Мен туған жеріме араға отыз жыл салып, 1989 жылы барып, екі айдай жүріп қайттым. Үрімжіде, өзім оқыған, өскен Шәуешекте болып қайттым. Соңғы рет 2004 жылы бардым. Біздің елдің үкірдайы, ру көсемі Мұхаметқали деген кісінің туғанына 100 жыл толып, соның мерейтойына қтысып қайттым. Ол жақтағы туыстар да осында келіп тұрады.

Мен енді шығыста Үржар-Мақаншыны өз ауданым деп есептеймін. Неге дейсіз ғой. Мен шекараның бойында туған адаммын, шекара маңында Үржардың шығыс жағында Ақшоқы, Бақты дейтін ауылдар бар. Жаңағы мен оқыған, мен туып өскен Шәуешек осы ауылдардан бар жоғы жиырма-отыз-ақ шақырым жерде тұр. Ақшоқы – өзі биік жотаның үстінде тұрған ауыл. Ана жылы Ақшоқыға барғанда халыққа көрсеттім «Менің туған жерім анау қара шоқының асты, осы арадан небары 20-30-ақ шақырымдық жерде, қазір машинаға мініп шәй қайнағанша барып қайтуға болады» деп. Шекара сызығын есепке алмасақ мен осы Үржар, Мұқаншы өлкесінде, Барқытбелдің күнгейінде туғанмын. Әсіресе әлгі туған ауылыма таяу жатқан, бір ауамен тыныстаған Үржар өңірі ыстық маған. Жалғыз бұл аудан ғана емес Шығыстың тумасымын. Қазір, мен шығыстағы үш бірдей ауданның – Үржар, Тарбағатай, Аягөз аудандарының Құрметті азаматымын.

Қабанбай – қазақтың мақтаны

- Батыр бабамыз Қаракерей Қабанбай өмірін, қазақ-жоңғар соғысын зерттеп, «Дарабозды» дүниеге әкелдіңіз. Бүгінгі күні сол Қабанбайдың сүйегі ана жақта жатыр, мына жақта жатыр деген көп сөздер айтылып жүр, зираты қай жерде бабамыздың?

- Қабанбайға біз қарыздармыз. Оның тұлпарының тұяғы тимеген жер жоқ Қазақ даласында. Сондықтан қазір халықтың Қабанбайға деген құрметі орасан. Бүгінде бірнеше қалада Қабанбайға ескерткіш қойылған. Ең алдымен қолға алған Талдықорған жұртшылығы, Үшаралда, Семейде, Мұқаншыда, Түркістанда Қабанбайдың ескерткіші бар. Жуықта, осы, міне, бір жұманың алдында ғана Талдықорғанның тура ортасында, Қаратал өзенінің бойында Қабанбайдың атпен тұрған ескерткіші орнатылды. Бір кезде қалқайып тұрған ескерткіштің бәріне разы болып жүрдік, жоқтан бар жақсы ғой деп. Қабанбайдың қазіргі тұрғызылып жатқан ескерткіштеріне көңілім толады. Қабанбайдың Қубас ат деген тұлпары болған, Талдықорғандағы ескерткішінде сол атымен тұр. Қабанбай ат іздеп жүріп жылқыны осы мына Ақсуаттағы Би Боранбайдың ауылынан табады. Қабанбай жекпе-жекке шыққанда астындағы аттары шыдамай, талай рет батыр майып болып кете жаздайды. Сол Қубас атты тапқан соң ғана атқа жариды ғой, отыз жыл бойы ұдайы мінеді. Мақаншыдағы, Түркістандағы және Талдықорғандағы Қабанбайдың ескерткіштерінде батырдың астындағы тұлпарының бейнесі жақсы шыққан. Ал енді осындай бір ескерткіштің Өскеменде де тұратын жөні бар, өйткені бұл жақ – Қабанбай бастаған қазақ қолының жоңғарларға қарсы соңғы майдан берген жерлері. Дәл осы Өскеменнің айналасында жан алысып, жан беріскен ең соңғы шайқастар өтті. Сондықтан Шығыс – оның айбынды ескерткіші тұратын-ақ жер. Оның әулеті де, ұрпағы да осында, туған жері де осында, мына Барлық пен Барқытбелдің бауыры, Алакөлдің бойы. Ал қайтыс болған жері де осы жақ. Қазір, иә, әркім әр саққа жүгіртіп жүр, ал менің көзқарасым басқа. Өйткені біреулер аноу бір Астананың маңайындағы ескі бейітті Қабанбайдың бейіті деп жұртқа жаңсақ түсіндіріп, сол жерге кесене орнатты, маған айтқан да жоқ, ақылдасқан да жоқ, тіпті айтпауға тырысты, дабырасыз ұрлап жасады. Мен ол кесененің басына барып көргемін жоқ, өйткені ол қолбасы Қабанбайдың кесенесі емес. Олай дейтінім, Қабанбай қазақ жерін жоңғардан тазартып, азат еткеннен кейін он бес жыл өмір сүрді. Бүкіл Шығысқа наймандарды қоныстандырды, өзі әр рудың қай жерге қоныстану керек екенін айтып, жер бөліп берді. Рулардың жерге деген үлесін шейіт болып кеткен батырларының ерлігіне қарай, еңбегіне қарай бөлген. Жаудан азат етілген аймаққа дереу елді көшіріп әкеліп қоныстандырып отырған. Бұл – Абылайдың ұстанған принципі. Әнеугүні ескерткіші қойылған Ер Жәнібек бастаған керейлер, Күршімнің Көкжарлы Көкжал Барақ батыры, Дәулетбай, басқа да батырлар бастаған наймандар 1760 жылдардан бастап Тарбағатайдың теріскейін, Ертістің бойын еркін жайлап, қоныстанған. Ал Қабанбайдың өзі өзінің туған жері Алакөл бойына, Барлықтың, Майлының маңына келіп мекен еткен. Қоңырабасаз деген жерде Қабанбайдың жайлауы болған. Қайтыс болған жері де сол Барлықта, сол жердегі Жоңғар қақпасының оң жақ босағасында жатыр Қабанбай. Бірақ оған зират тұрғызбаған, кесенесі жоқ. Өйткені сол кездегі тәртіп бойынша батырларға, дұшпаны, қасы көп батырларға кесене тұрғызбайтын. Қойғаннан кейін топырағын тегістеп, үстіне шым қалап, батырлардың қас жаулары оны қорламасын деп зираттың орнын білдірмей жіберген. Сонымен Қабанбайдың да зираты белгісіз болып қала берген. Балалары оны Түркістанға апарып, Қожа Ахмет Яссауидің қасына жерлейміз дегенде Қабанбайдың өзі қарсы болған. Мынау Тоқта тауының сырт жағында Саршоқы дейтін қоныс бар, мені сонда қойыңдар, осы Жоңғар қақпасын күзетіп жатам деген. Соноу Есіл бойына апарып көміпті сүйегін деген сөз ешбір қисынға келмейді. Осыдан екі жүз елу жылдан кейін сол жерде Астана орнайды, соның қасына жатам деп ешкім ойламайды ғой ол кезде.

Ал Астананың жанындағы бейіт кімдікі дейсіз ғой, ол да –Қабанбайдікі, бірақ ол арғынның қанжығалы руының Досхана атасынан шыққан Қабанбай деген бидің зираты. Кесене Астанадан отыз шақырым жерде орналасқан. Оның ұрпақтары бар, әлі күнге шейін, менімен хабарласып тұрады. Арыз да жазып жатқан көрінеді Парламентке атамыздың зиратын өзімізге қайтарыңыздар деп. Ал біреулер Қабанбай батырдың зираты осы деп пайда тауып отыр одан, көрдіңіз бе. Әйтеуір исі қаракерей болғанға, мен Қабанбайдың ұрпағымын деп Камал Әбдрахманов деген біреу, әлгі кесенеге шырақшы болып, ішіне, сыртына урна қойып, келген бүкіл туристердің ақшасына байып отыр. Жұмысы жоқ туған-туысқандарын көшіріп алып, дүрілдеп байып отырған көрінеді. Демек, Қабанбайдың Астана маңындағы кесенесі біреулерге саясат үшін, біреулерге күнкөріс үшін қажет болды.

Танымал әннің тарихы

- 90-жылдардың басында сіз «Қазақ әдебиеті» газетіне «Ол әннің иесі бар» деген мақала жазып, қазіргі жастарымыз аузынан тастамай айтып жүрген «Сен маған ыстықсың басқадан» деп басталатын махаббат туралы әннің сөзін де, әнін де тудырған осыдан біраз жыл бұрын дүниеден өткен досыңыз – Төлеубек Жақыпбайұлы екенін дәлелдеп жаздыңыз. Сол әннің тарихын айтып берсеңіз?

- Айтып берейін. Ол ән әлі күнге дейін есімде. «Сен маған ыстықсың басқадан» деп аталады ол ән. Былай деп басталады:

  • Сен маған ыстықсың басқадан,
  • Сүйем деп айтуға жасқанам.
  • Жеткізе алар ма жүректің
  • Жасырын жан сырын жас қалам?
  • Кездессең, ұрлана қарайсың,
  • Асаудай тулайды жас жүрек.
  • Мен сені жаныма балаймын,

Айтсайшы, сенде бар не тілек?

Төлеубек те – сол 1962 жылы көшпен бірге келген азамат. Тарбағатай аймағының жігіті. КазГУ-де менімен бірге оқыды. Осында келіп, оныншы класты Мұқаншыда бітірді ол, сонан соң барып КазГУ-ге филфакқа түсті. Төлеубек марқұм Розалия дейтін қызды өте қатты жақсы көріп еді. Розалия Мұқаншыдағы мектепті Төлеубекпен бірге бітіріп, екеуі кейіннен Алматыға келген болатын. Төлеубек университетке, қыз шет тілдер институтына түскен. Розалияны біз де білетінбіз, толықша келген, тана көз, қараторының әдемісі. Ортамыздағы жалғыз «қалыңдық» сол болған соң, бәріміз бірге қыдырып, бірге жүрдік көбінесе. Бірақ Розалия бір жылдан кейін Төлеубектен айнып, КазГУ-ді бітірген басқа бір аспирант жігітпен жүріп кетті. Бір кездегі шағын ауылда, Мұқаншыда көзіне оттай басылған Төлеубек Алматыға барғанда жұпыны болып қалды ма, кім білсін. Өйткені, оның қарайласатын ешкімі жоқ, туыстарының бәрі арғы бетте қалған. Киімі де, басқасы да, ақшасы да болмады. Бұл 1957 жыл болатын. Жиырма беске келіп қалған Төлеубекке бұл жағдай оңай тиген жоқ. Дүниеден түңіліп, өзіне-өзі келе алмай, қамкөңіл күй кешті. Төлеубек сөйтіп махаббатын аяқасты қылған қызды көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Ақыр аяғында жан күйзелісін, Розалияға деген ақ-адал махаббатын жыр жолдарына айналдырып, «Сен маған ыстықсың басқадан» деп аталатын өлең жазды. Онымен де қоймай әлгі өлеңді «Сорвала я цветок полевой» деген орыстың халық әнінің әуеніне салып, мандолинмен айтуды шығарды. Ол өзі домбыра, скрипка, мандолин тартатын өнерлі жігіт болатын. Бірінші курстың соңы еді сол уақиға болған кез. Оразақын Асқар, басқа да бірге оқыған көзі тірі адамдар осы өлеңді Төлеубек жазып, ән шығарғанына куә. Алдымен біздің бөлмеден шығып жататын ән бара-бара бүкіл жатақханаға тарап кетті. Біздің Виноградова 88-дегі, қазіргі Қарасай батыр көшесіндегі жатақхана жастары сауық кештерде осы әнді шырқайтын. Біраз уақыт өте келе бұл әнді бүкіл қаладағы КазПИ, ЖенПИ, Мединституттың, басқа да жоғары оқу орындарының студенттері шырқайтын болды. Осыдан кейін барып қана Төлеубектің қайғысы тарқап, жеңілдегендей еді. Сол Төлеубек оқу бітірді. Жамбыл облысында, Семей облысында журналистік қызметтер атқарды, «Семей таңы» газетінде де жұмыс істеді. Қамаргүл дейтін бір қызға үйленді, Маздап дейтін ұлы, Назым дейтін қызы бар. Қазір екеуі де балалы-шағалы. Алматының Талғар жағында тұрады. Қамаргүл де бар.

Бір күні радионы тыңдап отырсам, Төлеубектің әнін «Қорабай Есенов өз әнін орындайды» деп беріп жатыр, гитарамен айтып жүрген әнші екен. Содан соң еріксіз қолыма қаламымды алып, «Ол әннің иесі бар» деген мақала жаздым «Қазақ әдебиетіне», сонымен бірге кейіннен ғұмырнамалық романыма енгіздім осы ән туралы ақиқатты. Кейін білсем, ол өзі Арқа жақтыкі, 47-жылғы жігіт екен. 1957 жылы Төлеубек ол әнді шығарғанда, Қорабай небары он жаста ғой. Мүмкін емес қой. Былтыр осы әннің шығуына куә болған, осы әнді бірге шырқаған ақын Оразақын Асқар да Қорабайға арнап тұрып «Әй, Қорабай, сен ол кезде он жаста едің ғой, сенде ұят болса, бұл ән менікі емес деп айт көпшіліктің алдында, әруақтан ұят болады» деп қарсы мақала жазды. Біздің жазғандарымызды көрмей жүр емес ол, әрине, көріп жүр, енді айту керек еді ғой ақиқатын. Жақсы ән жалпыға ортақ, ол әнді күні-бүгінге шейін айтып жүр жастар. Алайда ол «Төлеубек Жақыпбайұлының әні» деп айтылмай келеді.

- Адам ұрпағымен бақытты дейді, өзіңіздің балаларыңыз, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?

- Мен кештеу үйлендім. КазПИ-де оқитын өзіммен тағдырлас, жерлес, арғы беттен келген Сәуле дейтін қызға үйлендім. Өзі Үрімжіде туып-өскен екен. Құдайға шүкір, балалы-шағалымыз, бес баламыз бар, олардан өрбіген немерелеріміз бар. Төрт ұлымыз бар, ең кенжеміз – қыз, аты Ерке. Иә, әлгі «Қабдештің қалжыңдарында» бар. Үшінші ұлдан кейін төртінші бала қыз болса екен деп күтіп жүргенде төртінші ұлымыз Жәнібек тағы да ұл болып туды ғой, сонда перзентханада жатқан бәйбішеме «Қыз таппадым деп қапаланба, егер осы ұлдарың аман болса, түбі қазақтың біраз қызы біздің үйге келеді» деп хат жазып жібергемін. Шынында да солай болды. Үлкен ұлым Арман ҚазМҰУ-да оқытушы, тарихшы, ғылым кандидаты. Одан кейінгі ұлым Дәрмен «Болашақ» бағдарламасымен Америкада оқып келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Венадағы штабында қызмет істеп жатыр. Үшінші ұл Дәулет ҚазМҰУ-дың филфагын бітірді. Балалардың бәрі қазақ мектебінде оқыды, Алматыдағы 12-қазақ орта мектебінде. Бұл ұлым ағылшын тілін жақсы білді, Лондонға барып «Би-Би-Си-ден» қазақ бөлімін ашты. Бұрын «Би-Би-Си» 40 тілде сөйлесе, 41-ші тіл қылып қазақ тілі бөлімін ашып, қазақша хабар беруді бастады. Бірақ ол жерде он жылдай ғана қызмет істеп, алдыңғы жылы қайтып келді. Қайтып келген себебі, қазақ бөлімі жабылды. Бұл олардың кінәсі да емес, Британияның да кінәсі емес, біздің елдің кінәсінен болды. Қажетті толқын бермей, «бізге ол жақтан хабар таратудың қажеті жоқ» дегендей керенаулық танытты. Содан соң қайтып келді, қазір Астанада жұмыс істеп жүр. Жәнібек дейтін ұлым физика-математика мектебін алтын медальге бітірді, ҚазМҰУ-дың экономика факультетін бітіріп, ол да «Болашақ» бағдарламасымен екі жыл Американың Индиана университетінде оқып қайтты, қаржыгер. Ал қызымыз Ерке ҚазМҰУ-дың сыртқы қатынастар факультетін бітіріп, «Болашақпен» Амстердамда оқып келіп, қазір ЕҚЫҰ (ОБСЕ)-ның Алматыдағы бөлімшесінде қызмет істеп жүр.

- Дос деген қандай болу керек, достарыңыз көп пе еді, аға?

- Дос деген терминді біз кейде бәріне бірдей қолдана саламыз, жолдас дейтін болады, таныс-біліс, әріптес дейтін болады. Бірақ өмірде олардың қатары, достардың саны өзінен-өзі қысқарады екен. Маңайыңда бір қолдың саусағына жетер-жетпестей ғана дос қалады екен. Біреулері сыннан өте алмайды, біреулерінің өмірі жетпейді. Жақында «Жас Алашқа» менің бір «Кешірім» дейтін әңгімем шықты, онда менің өмір бойы өзіне жақсылық жасап өткен жақын адамымның мені қалай сатып кеткені жөнінде жазылған. Болған оқиға. «Жасымау керек, түбі қайыр болсын деп тілейік, жазушы болам деген адамды өмір кейде осындай қиындыққа салып барып, кейін бәрін өз орнына қояды» деп маған сенім артқан еді ұстазым Мұхтар Әуезов мен елге қайтарда.

- Қабдеш аға, әңгімеңізге рахмет, соңыңыздан келе жатқан кейінгі толқын, келер ұрпақ сіздің де сеніміңізге лайық болсын.

Әңгімелескен – Жанаргүл Мұқатай «Дидар» газеті 19-желтоқсан, 2009 ж.