«Қазақ прозасы бұл күнде ауқымы жағынан болсын, идеялық-көркемдік ізденістері жөнінен болсын, жыл өткен сайын жаңа белестерге көтеріліп, құлашын кеңге жайып келеді. Бұл сапарда әдебиетке алпысыншы жылдар келіп қосылған орта буын жазушылардың қосып жатқан үлесі аз емес. Осы буынның ішінде өінің ойлы да мәнді шығармаларымен жұртшылық ықыласына бөленіп жүрген талантты қаламгерлердің бірі – Қабдеш Жұмаділов...
«Соңғы көшті» оқып отырғанда, бір қиырдан күмбезін күн шалған әлдебір сарайдың тұлғасы асқақатап көрнеді де тұрады. Ол – біздің сүйікті республикамыз Қазақстанның бейнесі. Біз бір сәт сол зәулім сарайдың сыртына шығып, алыстан тамашалауға мүмкіндік аламыз. Шетте жүрген шерменделердің жабырқау көңілі, жасқа толы жанарымен қарағанда, көзіміз үйренім кеткен әлгі сарайдың әсем айшықтары ерекше көз тартып, бұрыңғыдан да құлпыра түседі».
«Жетісу» газеті 23-қазан, 1982- жыл
Жазушы ретінде Қабдешті қазіргі қазақ әдебиетінің бір кірпіші ғана емес, бүтін бір қабырғасы немесе бір қанаты деп бағалаймын. « Қанаты» дейтін себебім, 20-ғасырдағы қазақ әдебиетін 12 қанат Ақордаға теңесек, ал қазіргі 21-ғасыр әдебиетін 8 қанат Ақбоз үйге ұқсатуымызға болады. Сол 8 қанаттың бірі – Қабдештің шығармасы екеніне дау болмас деймін.
Ал мен өзімді 12 қанаттың немесе 8 қанаттың қатарына қоспаймын. Мен – бар болғаны ұлы қазақ әдебиетінің бір кірпіші немесе керегесінің бір көзі ғанамын. Осыны өзіме мақтаныш етемін.
Қ. Жұмаділовтың 70 жасқа толған тойында айтылған сөз. Алматы, Ғ. Мүсірепов театры.
23.06.2006 жыл.