Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Бір кітабы миллион теңге


Мысалы, Әзілхан Нұршайықов: «Қазіргі қазақ әдебиетін көрікті бір ақ ордаға теңейтін болсақ, оның тұтас бір керегесі Қабдештің үлесі дер едім» деп жазса, ақиық ақын Тұманбай Молдағалиевтың:

  • «Бұл қазақ сөздің майын ағызатын,
  • Шыңдаса шыңға шығар нағыз ақын.
  • Құндаса бір кітабы миллион теңге,
  • Бір томы бір Самарқанд салғызатын.
  • Қара шаш ағарыпты будаланған,
  • Сүйрігім сирек туар бұл далаңнан.
  • Оқылмай жалғыз сөзі қалған емес,
  • Ойпырмай, бар ма сірә мұнда да арман?!»
  • деп толғағаны жұртқа мәлім. Міне, талантты таланттар қалай бағалаған!

Мұғалімдерге қатысты құжаттар толтыру мен математикалық есептер шешуден өзгеде қалам ұстамайтын маған 70-тен асып, 80-ге аяқ басқан шағымда, боз тарланнан жорға шыққаны сияқты, қолыма қалам ұстатқан не құдірет? Ол – тағдыр маған осы бір таудан да биік талант иесімен сонау балалық шақтан-ақ сақалды аталық шаққа дейін үзілмеген қадірлес ғұмыр кешкен дос жайлы білгенімді ортаға салсам деген ниет. Оның үстіне былайғы жұрт біле бермейтін жазушының жастық шағының кейбір қырларын менің де оқырман назарына ұсынуым керек, ол менің азаматтық парызым деп білем.

Қабаңмен 4-сыныптап бастап жұп жазбастан гимназияны бірге бітірдік және мектепті қалай бітіргенімізді мақтанышпен еске аламын. Ол кезде (ол елде) «Алтын белгі» деген болмайтын. Алайда, Қабаң бастатқан бірнешеуіміз өзімізді сол белгінің иегерлері ретінде сезінеміз. Олай дейтінім, гимназияны бітірген 1956 жылы Қабдеш Қазақстандағы ең беделді жалғыз жоғары оқу орны – ҚазМУ-ге оқуға түссе, қалғанымыз Қытайдың Пекин, Шанхай, Нянжин секілді ірі қалаларының жоғары оқу орындарына түстік. Қабаң ІІ-курсты тәмамдаған 1958 жылы Қытайда «оңшыл» ұлтшылдарға қарсы күрес» деп аталған саяси науқан басталып Қытай елі өз ішіндегі интеллигенттерді ғана емес, шет елдерде оқып жатқан студенттерді де кері қайтарып алған. Бұл жайында жазушы өзінің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында сүргінді азапты жылдарды қалай өткізгенін тамаша суреттеген болатын.

Өмір біздің басымызды қайта, қалай қосқанын қараңыз. 1963 жылы ҚазМУ-дің механика-математика факультетіне оқуға түскенмін. 1-курс студенті саналып, жатақханаға орналасу қамында жүргенмін. Байырғы студенттер жазғы каникулдан қайтып, сабақ басталар алдындағы абыр-сабыр кез еді. Күтпеген жерден жатақхана маңында Қабдешпен ұшыраса қалдым. Бір-бірінен адасып қалған дос құшақтар қуана қауышты. Сөйтсек, екеуіміздің жатақханаларымыз бір-бірімен қатар салынған төрт қабатты екі ғимаратта екен. Сонымен не керек, іздеп сабылмайсың. Екеуміздің оқу корпусымыз екі жақта болғанымен, мекен-жайымыз бір болып, қызыққа толы студенттік өмірдің ұмытылмас сәттерін бірге өткізіп жаттық. Менен екі жыл бұрын оқу бітірген Қабдештің диплом қорғауы, жұбайы Сәулемен отау тігуі бәрі көз алдымда. Жазушылар Одағы ғимаратында өткен үйлену тойына төрде отыратын төрттіктің бірі болып қатыстым. Не түрлі көркіне өнері сай, жүзіктің көзінен өтетін өз курстары мен жолдастары тұрғанда, жолдастыққа таңдаудың маған түсуі – әрине, өзінше бір мәртебе, құрмет болатын. Сондай-ақ, тұңғышы Арманның дүниеге келуі, «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа орналасуы, пәтер жалдау, алғашқы еңбекақы алу сияқты ірілі-ұсақты оқиғалардың ешқайсысы бізсіз өтпейтін. Қашанда түлкіқұрсақ жүретін студент қауым мұндайда бір жасап қалатынбыз.

Оқуды бітіріп, әрқайсымыз әр кәсіппен әр жерде жүрсек те, тарихи тамырластығымыздың желісі үзілмеді. Қабаңның аса жиі болмағанымен Зайсан, Ақсуат өңірлеріне жолы түсіп тұратын, сондай кездерде әдейі ат басын бұрып, үйге түсіп аттанатын. Кейде Қабаңды үйге қуа келіп үйіне шақыратын, қонақ боп қайтудың өтіне келген мықты азаматтар да кездесетін. Ондайда Қабаң өзінің әдеттегідей ұтымды әзілін айтып, асығыс, бара алмайтын жағдайда да шақырушыны күлкіге мәз етіп, рахмет айтып разылықпен қайтаратын.

Жоғарыда жазғандарыма кіріспе ретінде ат қойып, тәптіштеп жазып жатуымның себебі – әдебиет әлемінің білгірлері «заңғар жазушы» деп жүрген (осылай атануға оның ешқашан өлмейтін, уақыт өткен сайын жаңарып, жарқырай түсетін, әр буын, әр ұрпақтың таңдаулы рухани азығы болатын құнарлы еңбегі құқық берсе керек) жазушымен жақсы арақатынасымызды жұртқа біржақты мақтан ретінде жариялау емес, қайта оның бала кезінің өзінде өнегелі өмір жатқанын, мықтылықтың ерекше белгілері болғанын оқырманға таныстыру болатын. Ол үшін мектеп өмірінен бір оқиғаны баяндауды жөн көрдім.

Бір кластан басталған бүлік

1955-56 оқу жылы жаңа басталған қыркүйек айының алғашқы жетісі болатын. Шәуешек қаласындағы гимназияның 10 «б» сынып оқушылары бастаған бүлік – Тарбағатай аймақтық оқу бөліміне дейінгі ағарту мекемелерін дүр сілкіндірген айтулы оқиға болды. Әдеттегі мектеп өмірі өзгеріссіз, бірқалыпты өтіп жатқан-ды. Бір айта кетер жайт, барлық пән оқулықтары – Қазақстан баспасынан шыққан кітаптар болатын. Сол үрдіспен осы оқу жылында да химия, физика, математика т.б. пән оқулықтары секілді «Жаңа тарих» деп аталатын тарих пәнінің оқулығы да қолымызға тиген. Бар пәле осы тарих пәні оқулығынан шықты. Қоңырау соғылып, мұғалімді күтіп отырғанбыз. Көп ұзамай есік ашылып, мұғалім де келіп кірді. Бірден жаңа сабақ бастамақ оймен: «Балалар, - деді ол, - биылғы оқу жылында тарих пәні мына оқулық негізінде жүреді. Бұл кітап Шыңжаң халық баспасынан шыққан, «Жунгоның революциялық тарихы» деп аталады», - деді де, жұқалтаңдау көкшіл мұқабалы кітапты көрсетті. Алдыңғы партаға таяу отырған Қабдеш: «Мұғалім, кітабыңызды бере тұрыңызшы», - деп сұрап алды да, мұқият қарап шығып: «Пәлі, мынау бір әрібі де өзгермеген былтырғы оқыған кітабымыз ғой! – деп мұғалімге қарата: - Сіз байқаусызда кітапты ауыстырып алған тәріздісіз ғой», - дегенде мұғалім: «Ауыстырылған ештеңе жоқ, иә, сол кітаптың дәл өзі. Оқу министрлігі ұлттық мектептердің 10-сыныптарына оқулық етіп қайта ұсыныпты, - деді де, түк болмағандай, - Қанеки, жаңа тақырыпты бастаймыз», - деп тақтаға қарай беттей бергенде: «Тоқтаңыз және кешіріңіз мені. Біз былтыр сабақты осы кітаппен бастап, жыл соңында дәл осы кітаппен аяқтағанбыз. Енді оны тағы да бір жыл бойына қайталамақпыз ба? Бұл өзі не ойын, түсінсем бұйырмасын. «Соқыр көргенінен жазбайды» деген осы болар! Қане, балаларды тыңдап көрейік, қайталап оқығысы келетіндер де бар ма екен? Жолдастар, ашығын айтыңдаршы, осы оқулықпен тағы да бір жыл оқуды қалайсыңдар ма?». Мұны айтқан Оразхан Жақыпбаев дейтін үздік оқушының бірі еді. Жауап (хормен): «Жоқ, қаламаймыз!» болды. Амалы құрыған мұғалім тосылып қалды. Енді бізге өткізер сабақ та, сөйлесер әңгіме де қалмаған тәрізді. Сынып іші ұясы бұзылған арадай дуылдап қоя берді. Әркім әр жерден удай сайқымазақ ащы сөздерді қарша боратып жіберді. Дәл осы гуілдескен сәтті

– Жә, жолдастар, сабыр! – деген Жұмаділов дауысы тежеді. Ол: - Мәселені құр айғай, бос дуылдақ шешпейді. Менің байқауымша, бізден өзгелердің бәрі (мектеп, мұғалімдер т.б.) хабардар болғанына қарағанда, сөзсіз оқыту керек деген нық шешім жасалған сияқты. Сондықтан «Жарайды, мұны оқығыларың келмейді екен, онда мына жаңа оқулықпен оқи қойыңдар» дейтін біреулердің табыла қоюына сене алмаймын. Сол үшін де бұл оп-оңай шаруа емес. Ақылдасайық, кімде қандай ұсыныс бар, ортаға салсын. Содан әрі нықтап бір байламға келерміз. Біз (мұғалімге қарап) сізді де, сіз беретін тарих пәнін де құрметтейміз, ұнатамыз. Өйткені, өз елі мен әлем тарихынан бейхабар адам ешуақытта білімді, шынайы мәдениетті адам болмақ емес. Оқушылар еш өзгеріссіз бір оқулықты екі жыл оқуға мүлдем қарсы екенін көрдіңіз ғой. Оқытудың еріктен тыс зорлық түрі болмайтын шығар. Қайта келер сағатта басқа оқулықпен оралуыңызды күтеміз».

Сөздің осымен аяқталғанын түсінген мұғалім қоңырауды тоспай, сыныптан шығып кете барды.

Келесі бір сағатта мектеп директоры бастаған бір топ адам сыныпқа келе қалды (оқу, тәрбие меңгерушілері, сынып жетекшісі, пән мұғалімі т.б.). Мәселе баяғы тарих оқулығы жаййында болды. Басшылар сөзі «Басқа кластар тып-тыныш оқып жатқанда, сендердің сыныптарың аяқастынан бүлік шығардыға» сайды. Әңгіме өте қызу және күшті пікірталаспен өтті. Бірақ, екі жақта бір ортақ мәмілеге келе алмады. Іс мұнымен бітпегені айдан анық еді. Бұл жай аудандық, қалалық, тіпті аймақтық оқу бөліміне дейін мәлім болыпты. Бұған сұмдық көргендей үрке қарағандар да табылса керек. Өзара ақылдаса келіп, «мәселені одан әрі асқындырмай тыныштандыру керек» десіпті.

Ашық жақтап сөйлемегенімен, оқушыларына үнемі іштартып жүретін сынып жетекшіміз арқылы төрт 10-сынып оқушыларын біріктіріп үлкен жиналыс өткізілетінен біз де құлағдар болдық. Дереу сынып белсенділері бас қосып, алда болатын жиынға дайындық шараларын талқыластық. Қорытынды сөзді сыныптың көшбасшысы есебінде танылған Қ. Жұмаділов былайша тұжырымдады:

* Үлкен беделді адамдар қатысатынын ескеріп, қызбалыққа салынбай салқынқанды болайық.

* Айтылған әр сөзімізге жауапты екенімізді ұмытпайық.

* Басқа сынып оқушыларынан қолдау табу керек. Ол үшін әр сыныпқа бөлініп барып, талабымыздың заңды екеніне көздерін жеткізу керек.

* Сыпайылық сақтап, біреулердің атын атап, намысқа тиер сөзден сақтанайық. Не сөйлеуді әрқайсың жақсы білесіңдер. Ал, жолымыз болсын, іске сәт!

Күтіп жүргендей, ақыры әйгілі жиын өтер сағат та келді-ау. Төріне қызыл бұл жапқан ұзын стол, арқалы орындықтар қойылған акт залында қонақтарды қобалжи күтіп отырмыз. Есіктен аймақтық оқу бөлімінің бастығы Фатик әбзи бастаған бір топ адам кіріп, арнаулы орынға жайғасты. Мектеп директоры жиынды өзі басқарып:

- Оқушылар, бәрін де хабардар шығарсыңдар, 10 «б» сынып оқушылары биылғы оқу жылы программасына белгіленген тарих пәнінің оқулығы бойынша қайталап оқымаймыз деп әңгіме шығарған-ды. Ол сыныпта тарих пәнінің сағаты оқылмай, ашық қалып келді. Мектеп тарапынан түсінік берілсе де, оңды нәтиже бермеді. Жоғары оқу орындарына хабарлама беруге мәжбүр болдық. Міне, бүгін осы мәселе бойынша оқу бөлімдерінің басшылары келіп, жиынға қатысып отыр. Енді мәселені талқылауға көшеміз. Қанеки, 10 «б» сынып оқушыларынан кім түсініктеме жасайды?

- Маған рұқсат етіңіз, - қолын көтеріп орнынан тұрған мықтылардың бірі Ахмет Дәудиев болатын. – Өткен оқу жылында, - деді ол, - 9-сынып оқушылары оқыған тарих пәнін биыл 10-сыныпта қайталап оқуға ұсынып отыр, оқулық бойынша бір жыл оқып, жыл аяғында кластан класқа көшу емтиханын тапсырғанбыз. Үлгермеуші болмағаны былай тұрсын, орташа баға алғандар саны өте аз болып, көпшілік жақсы және өте жақсы бағаға тапсырған. Бұл сөзімді емтихан хаттамасы растайды. Солай бола тұрса да, биылғы оқу жылында сол оқулық 10-сыныптарға қайта оқытылмақ. Мұны қалай түсінуге болады? Біз бір жыл емес, бір сағат уақытымызды да босқа өткізгіміз келмейді. Қайталау емес, тың білім беретін өзге оқулық болуын қалаймыз. Біздің өзгермес талабымыздың бар болғаны осы ғана.

Залдың әр тұсынан «Ол дұрыс айтады, біздің де талабымыз осы», «10 «б»-ны қолдаймыз!» деген дауыстар өктем шықты. Директор:

- Тынышталыңдар! Былай болсын: сөйлеген оқушының сөзінен және залдағы оны құптаушылардан өзгеше ойлайтын, тың пікір айтам деушілер болса сөйлесін, рұқсат. Қане, кімнің сөйлегісі келеді? – Шошаң еткен қол жоқ, жым-жырт. – Түсінікті. Ендеше, сөз сіздерде, - деп төрде отырған бастықтарға қарады. Сөз алған шешен:

- Бұл оқулық ұлттық мектептерге арналған, өз тіліміздегі тұңғыш оқулық. Мұнда ұлы көсеміміз Мао бастаған қытай коммунистерінің ерен-еңбектерінің ақиқат жазбасы, жаңа мемлекет құру жолындағы айбынды күрес тарихы, біле-білсеңдер, оны бір жыл ғана емес, әрбір қытай азаматы өмір бойы оқып үйренуі керек. Мұны әрқандай істе басшылыққа алуы тиіс. Ол бізге үнемі жол көрсетіп тұратын маяк іспетті саяси бағыт-бағдар береді. Ал, сендер бір рет оқығанбыз, енді бүгін бетін ашпаймыз деулерің үлкен қателік. Оны былай қойғанда, партия басшылық етіп отырған үкімет органдарының шешіміне қарсы шығу, оның нұсқауларын орындаудан бас тартудың не екенін түсінесіңдер ме?! Сендер жас шәкірттер болғандықтан кешіріммен қарап отырмыз. Егер мұндай ұябұзар бүлікті ересектер жасайтын болса, оған үлкен саяси мән беріліп, жауапқа тартылар еді. Нені оқытуды жоғарғы органдар шешеді, ол сіз бен біздің құзырымызда емес. Сондықтан, балалық жасамай, бүйректен сирақ шығарып әуре болмаңдар, ақылға келіп, сабақтың дұрыс жүруіне бөгет жасамаңдар, - деп тоқтады.

Келесі сөйлеушілер де осы тақылеттес пікір білдіріп, үгіт жүргізіп бақты. Енді аймақтық оқу бөлімінің бастығы Фатих соңғы сөйлеуші боларын сезген, одан әрі кешігуді жөн көрмеген Қабдеш Жұмаділов сөз сұрады.

- Аса құрметті ағайлар! – деді ол. – Сіздердің сөздеріңізді мұқият тыңдап ұққаным – біз балалық жасаған екенбіз. Біз үкімет ұйғарымына қарсы шығыппыз! Біз жоғарының нұсқауын орындаудан бас тартыппыз. Сонда біз кім болғанымыз? Ашық айтпағандарыңызбен, көмейлеріңізде тұрған бір сұмдық сөзді аңғарып қалдық. Құдай-ау, егер сіздердің жанашырлық сезімдеріңіздің шапағаты тимегенде, күніміз не болмақ еді?! Жоқ, құрметті ағайлар! Бізді олай кемсітіп намысымызға тимеңіздер! Шынында, біз кімбіз өзі? Меніңше, біз әлдекімдердің ойына не келсе соны істей салатын ессіз, ерке-шолжаң бала емеспіз. Біз күні ертең гимназияны бітіріп шығатын 18-20 жасар орта білімді азамат емеспіз бе? Онымен қоймай, бір оқулықты екі жыл оқымаймыз, басқа оқулықпен тың білім алғымыз келеді дегеніміз де қылмыс болып па?! Біздің ел сияқты бір оқулықты екі жыл оқытқан әлемде бірде бір ел болды ма екен? Әй, қайдам! Өз ұрпағын, келешекте мемлекет иесі боларлық ұрпағын білімді де сапалы етіп тәрбиелегісі келетін адам олай ете қоймас! Бір жыл деген біз үшін – қайта оралмайтын, жоғалтуға болмайтын өміріміздің елеулі бір бөлшегі. Бір жылда біз біршама білім негіздерін үйренген болар едік. Біздің бұл талабымыз кімге зиянын тигізбек?! Өткен оқу жылының соңында барлық оқытылған пәндерден естихан тапсырып, келесі сыныпқа көшкеніміз қайда? Сол емтихан жалғыз тарих үшін неліктен күшін жойған? Мұны кім немен түсіндіреді екен? Және де жоғарыда сөйлеген ағайларымыз бізді ашық кінәлайды. Онымен қоймай, мұны әдейі, қасақана біреулер ұйымдастырған шығар деп күдіктенеді. Кінәнің бары анық, тіпті үлкен. Анық айтсақ, ондаған мың 10-сыныпта оқып жатқан өрендердің бір жылдық бір пәнді меңгеруге жұмсайтын уақытына қиянат. Оны кім жасап отыр? Логикаға жүгінсек, ол осы оқу программасын жасаушы оқу министрлігінде, жұмсақ та жайлы кабинетте ұйқылы-ояу отырған, өткен жылы оқылған пәннен, жасалған программадан хабарсыз бір сабаздың ісі. Кінәлай алсақ, кінәлі осы шығар. Лауазымды адамға бұлай деуді артық санасаңыздар, сыпайылыққа сыймайды десеңіздер, мен кешірім өтінемін, қызбалыққа салыныңқырап кеткенім рас.

Біз уақытымызды босқа өлтірмеу үшін сынып ішінен үздік оқитын оқушылардан төртеуін «кіші мұғалім» етіп сайлап алдық, олар кезекпен сабақ өткізіп келеді. Қолдан сызылған «Класс журналы» да бар, оған әлгі төрттік оқушылар білімін бағалап, бағасын түсіріп те келеді. Сондай-ақ, әр лектордың конспектісі де бар, папкаға жинақтап келеміз. Осылай етіп жаңа тарих оқулығын оқып жатырмыз. Сөз беріп, ықылас қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

Жиналыс басталғаннан әр сөзді қалт жібермей шұқшия тыңдап сергек отырған Фатих әбзи орнынан көтерілді. Жұрт не айтар екен, қалай да қорытынды байламды осы кісі айтар деп тағатсыздана күтуде еді.

- Оқу министрлігі бекіткен оқыту программасындағы бір пәнді оқымаймыз деп үзілді-кесілді бас тарту, бір аймақ былай тұрсын, бүкіл еліміз көлемінде бұрын-соңды кездеспеген оқиға. Сондықтан ол естір құлаққа тым тосын болатыны рас, бірақ мен сендердің талаптарыңды да түсінемін. Сондықтан оны «заңға қайшылық», «бұзақылық», «әдейі ұйымдастырылған бүлік» деп қарамаймын. Алайда, мұндай істе қалыптасқан кеңселік тәртіп болады, оны, әрине, тәжірибесіз жастар неге орындамады деп сөгудің де реті жоқ. Ал, айтулы 10 «б» сынып оқушылары уақытты қадірлей білетіндерін көрсетіпті. Мен оны құптап отырмын, бұл істің дұрыс шешімін табуына жедел кірісемін... – Сөздің аяқталуын күтпей оқушылар орындарынан тұрып, ұзақ қол соқты.

Жиын осылай аяқталып еді. Бұл дегеніміз айтулы оқиға ретінде санамызда күні бүгінгідей сайрап тұр.

Көп ұзамай жаңа тарих оқулығы бекітіліп келді. Бұл – оқушылардың зор жеңісі еді. Егер оны шынында жеңіс деп танысақ, жеңіске жеткізген қолбасшы болмай ма, ол кім еді? Оның қарым-қабілеті қандай? Шешен тіл, темірдей берік логика, тым ұшқыр ой кімге тән еді? Зерделі оқырмандардың өздері де байқап отырғаны анық. Ол – бұрынғы гимназист, қазір 75-ке толып отырған Қабдеш Жұмаділов еді. Қазақтың «Болар бала...» деп басталатын мәтелі осы Қабаңдарға арналған болар, өйткені ол сол кездің өзінде терең білім мен біліктілік иесі еді. Өйткені, ол мектеп программасындағы пәндерден «5»-тен кем баға алып көрмей, «6» деген баға бар болса соны да аларлық дара қабілетке ие еді. Шәуешектің үлкен кітапханасынан ол оқымаған қазақша әдеби кітап, журналдарды табу қиын болатын.

Мақсұтқали Тергемесов, зейнеткер ұстаз. «Ертіс өңірі газеті». 19-қазан, 2011 ж.