Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Қабдеш туралы сөз


Бұл менің Қабдештің жазушылығына беретін бағам.

Ал, азаматтығына келетін болсақ, ол жайында мына бір кішкентай детальді ғана айтқым келеді.

1970 жылы, кешегі Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына менің «Ақиқат пен аңыз» деген кітабым баспадан шығуға тиіс еді. Сол кітап бір жарым жыл кешігіп, жүнін жұлған тауықтай жұлмаланып, баспадан әрең шығып, жарық көрді. Екі рет жыртылып (выдерка жасалып), екі рет қайта терілді. Тіпті, кітаптың мүлде шықпай қалу қаупі туды. Сонда сол кітаптың баспадан шығуына қара нардай күш жұмсап күрескен Қабдеш еді.

Қабдеш сол кітаптың баспа тағайындаған редакторы болатын. Орталық комитеттің идеология бөлімінің адамдары: «кітаптың ана жерін жұлу керек, мына тұсын қысқарту, әнеу жерін жұқарту керек!» деп тістей қатып отырып алды. «Аяз – мүйізді, мүйіз тұқылды қысады» дегендей, жоғарыдағылар баспаны, баспадағылар редактор мен авторды қысты.

- Қысқартыңдар, әйтпесе, кітәп құриды, - деп бас редактор сұрланып отырып алды.

Мен «Ақиқат пен аңызды» жазып бітіре сала, инфарктке ұшыраған едім. Менің кейбір кітаптарымды жазғанда осы ауруға ұшырайтын жаман әдетім бар. «Махаббат, қызық мол жылдарды» жазғанда да, «Өмір өрнектерін» бітіргенде де сөйткенмін. Ал инфаркт болып ауырған адамның ешкіммен айтысып, дауласып, тартысуына, ашулануына болмайды – жүрек жарасы қайтадан ашылып кетеді. Сондықтан мен Қабдешке:

- Осылармен дауласып қайтеміз? Қысқарт дегендерінің бәрін қысқарта берейік. Тіпті, шығармай қойса да мейілдері деймін.

Сонда Қабдеш:

- Бұл қазақ халқы үшін керек кітап. Өйткені Бауыржанды бүкіл қазақ әлі тегіс білмейді. А. Бектің кітабын оқыған орыстар мен кейбір орыс тілділер ғана біледі. Сондықтан оны шығармауға көне салу – сіз екеумізге қылмыс! – деген еді.

Ақыры, Қабдештің күшімен, сол кітап келесі жылдың аяғына қарай баспадан шықты. Халық ұнатты. Маған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Сол кітаптың арқасында «Халық жазушысы» деген атаққа ие болдым. «Жақсыдан – шарапат» деген осы.

Егер редакторым Қабдеш емес, басқа біреу болса, «Ақиқат пен аңыздың» шықпай қалуы кәміл еді. Басқа біреудің кітабы үшін кім басын байлап, Орталық комитетпен таласқа түседі? Қабдеш түсті. Қабдеш осындай ерлік жасамаса, ол кітаптың шықпай қалуы кәміл еді. Бәлкім, 30 жылдан кейін, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғанда ғана шығуы мүмкін еді. Артынан Қабдеш ол кітапты екі рет қайта басуға кеткен баспахана шығыны үшін көп сома айып төлеп, «Жазушы» баспасындағы қызметінен қуылды. Қабдеш оған өкінген жоқ. Кітаптың шыққанына қуанды.

Мұны мен Қабдештің азаматтық ерлігі деп, әдебиетке, халыққа қажетті шығарма келуіне жан аямай күресе білген кемеңгерлігі деп білемін. Қабдеш жалғыз менің ғана кітабымды емес, баспада қызметте отырған кезінде халыққа қажет бірнеше жақсы кітаптың жарық көруіне мұрындық болды.

Қымбатты Қабдеш! Сен өз шығармаларыңмен қазақ әдебиетіне қара нардай қызмет етіп келесің. Оған «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние» тәрізді классикалық романдарың, тағы басқа туындыларың куә. Еліне, елінің әдебиетіне осындай ерен еңбек етіп келе жатқан сенің 70 жылдық мерейтойың құтты болсын.

Әр жазушы өзінше бір жеке керуен сияқты. Кітаптары, олардың ішіндегі кейіпкерлері бірінің соңынан бірі тізіліп, салқар көшті құрайды.

Бірақ, қай елде, қай заманда болсын, көш жолын торып, оған шабуыл жасаушылар болған. Олар бай керуеннен үзіп-жұлып, бірдеңелер алып қалуға тырысқан. Алып қалып отырған. Алайда дана керуен басы: «олар да құдайдың құлы ғой: жұлғанын жұтып, жұмырын жалғасын» деп керуенін алға бастап, көше берген.

Әдебиеттегі сондай салқар көштің бірі Сенсің – қымбатты Қабдеш! Көшің көлікті, көңілің орнықты болсын.

Бұрынғы заманда керуенге шабуыл жасаушыларды қарақшылар (пираттар) деп атаған екен. Ал қазіргі әдеби көшке шабуыл жасаушыларды міншілдер, міңгіршілдер немесе күншілдер, көре алмаушылар, қызғаншақтар, эгоистер деп атауымызға болатын шығар. Мейлі, күншілдер күңкілдей берсін, Қабдештің көші оған мән бермей, алдағы ғасырларға қарай тарта береді.

Ең соңында осы мерейтойға қатысып отырған қымбатты Бегуллах ибн Ә. ибн Алдамжар әд-Дөйти ініме бір ауыз базынам – ағалық сөзім бар. Енді соны айтайын. (Сағатқа қарап) Жоқ, айтпаймын. Уақытым бітіп қалды. Оны кейін газеттен оқырсыздар. Енді қазақтың классик жазушысы, халқымыздың сүйікті ұлдарының бірі Қабдеш ағаларыңа оның сүйікті жеңгесі Халима туралы жазылған «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітабымды сыйлап, ата дәстүрі бойынша арқасына шапан жауып, құрмет көрсетуіме рұқсат етіңіздер.

Көп сөйлегеніме кешірім сұраймын.

II

Құрметті Бекділда-Бегуллаһ бауырым!

Сенің «Ана тілі» газетінде басылған Қабдеш туралы жазылған ұзақ мақалаңды оқыдым, қалқам. Бұл мақалаңа бар күшіңді салыпсың. Бәлкім бұған ПЕНклуб сияқты кейбір жат жұрттық әдеби үйірмелер сыйлық бәйге беруі де мүмкін. Берсе, ал, айналайын. Сыйлықтан ешкім қашпайды ғой.

Бірақ, мақалаңның көп жерінде ақиқат пен әділдіктен ат шаптырым ауытқып кетіпсің, бауырым. Мәселен: Қабдештің жазғандарының бәрі түкке тұрмайды деп бағалапсың. Мұның асыра сілтеп, ағат айтқандық. Қабдештің «Соңғы көш», «Тағдыры», «Дарабозы» классикалық еңбектер ғой, қуатым-ау. Басқа кітаптары да ешкімнен олқы емес.

Екінші дұрыс емес жерің І. Есенберлинге «Көшпенділер» романын С. Бақбергенов, М. Мағауин және Қабдеш Жұмаділов жазып беріпті-мыс дегенің. Ешкімге ешкім роман жазып бермейді, қарағым. Жазушының жазған дүниесін жақын достарына көрсетіп, пікір-кеңес сұрауы баяғыдан келе жатқан әдеби үрдіс. Аталған адамдардың кейбірі кеңестерін қаламгер қабылдаса қабылдаған шығар. Бірақ, атағы дүние жүзіне жайылған 73 баспа табақ романды басқа біреулер жазып берді деу әбестік қой, айналайын. Шолоховтың «Тынық Донын» басқа біреу жазыпты деген де өсек шыққан. Бірақ, ол өсектің ініне су құйылды емес пе?! Сенің бұл пікірің де сондай салауатсыз әңгіме, қалқам.

Сонымен бірге Сен Қабдеш өз романын «Жұлдыз» журналының биылғы 4 – 5- нөмірлерінде жаңадан жариялатып жатыр депсің. Қайта басу дәстүрі журналдарда болы. Баяғыда Ә. Нүрпейісовтің «Сең» романы «Жұлдыз» журналында екі рет басылған. Соңғы басылымында автор өзіне қажет түзетулер жасаған. Бәлкім, бұл романның қайта басылымында да Сен айтып отырған кемшіліктер түзетілген де болар. Оны да елеп, ескергенің жөн, шырағым.

Ең соңында айтарым: мен Сені бұрын Бекділда Алдамжаров кезіңнен білетін едім. Өзімнен екі мүшел кіші інім Сен екеуміз силас та сияқты болатынбыз. Артынан Сен өсіп, бой түзепсің. Тіпті, аты-жөнің де өзгеріп кетіпті. Танымай қалдым десем де болады.

Сенің еліміздің сүйікті жазушысының 70-ке жеткен мерейтойы қарсаңында мұндай мақала жариялауың, сөйтіп, халықтың әдеби тойының шырқын бұзуға тырысуың, ағаттық болды, бауырым. Әлде бір эгоист ағалардың азғыруымен алданып қалған шығарсың. Өз абыройын сақтай білмейтін ондай «үлкендердің» сөзіне ілесіп, қайтесің? Әркімге өз абыройы, өз елінің абыройы қымбат. Ойлан, толған, қарағым. Ұлылар ұсақ сөзге бармаса керек қой!

Менің бұл айтқандарыма өкпелеме, Бегуллаһ бауырым. Менікі ағалық ақыл ғана ғой. Қабылдау, қабылдамау өзіңнің еркінде.

Мен болдым, осы тамаша әдебиет тойына келген қадірлі қауым, әдебиет жанашырлары, бәрілеріңіз де сау-сәлемет болыңыздар.

23.06.2006 жыл. Алматы, Ғ. Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер театры.