Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

«Жуңгу шал»


Менің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымды оқыған кісі атамыз Күдері биден: Ахмет, Жұмаділ, Шаяхмет, Нұрахмет есімді төрт ұл, Дүрия, Шағи, Ырысжан, Гүлістан деген төрт қыз қалғанын білетін болар. Ахметтен де бес ұл тараған: Баяхмет, Баяқыш (гимназияда оқып жүрген кезінде қайтыс болды), Рақыш, Әнуарбек, Талғатбек... Бүгінгі әңгімеміз Ахмет атамның тұңғышы, берітінде, Қазақстанға келген соң «Жуңгу шал» атанған Баяхмет ағамыз жайында болмақ.

Ахмет атам өзін дін жолына арнаған, жасында медіресе бітірген оқымысты кісі еді. Ол берітінге дейін Сібетіде әкесі Күдері би салдырған мешітте имам болып жүрді. Ахмет атамды мен көрдім, алдында отырып ақылын тыңдадым. Ол кісі мен бастауышта оқып жүргенде, 1946-жылы біздің елдің жарымын жайпап кеткен қалың сүзекте қайтыс болды.

Ал бүгін сөз еткелі отырған Баяхмет ағамыздың кереметі, ол – Күдері атамызды өз көзімен көрген кісі. Жәй көріп қана қоймаған, үлкен ұлдың тұңғышы ретінде, жеті жасқа толғанша Күдері бидің бауырында өсіп, ерекше мәртебеге ие болған. Шамасы, шектен тыс ерке болса керек. Үлкендер айтып отырушы еді: «Ой, бұл Баяхметтің бала кезінде қылмағаны бар ма» деп... Тайдың жорғасы – соныкі, жаға-жеңіне зер салып, кестелеген киімнің әдемісі – соныкі. Астындағы атының құйрығы мен кекіліне, киімінің өне-бойына сал-серілерше үкі тағып жүреді екен... Соны естіген біздер Баяхмет ағамызға қатты қызығып, ол кісіге ерекше құрметпен қарайтынбыз.

Әрине, кейінгі келе дүние өзгерді. Бақ тайды, байлық кетті. Баяхмет ағамызды алақанға салған Күдері би де, Ахмет имам да өмірден озды. Ата дәулеті бірте-бірте сарқылып, тіршілік аясы тарыла бастады. Ал Қытайдың Қызыл өкіметі келген соң Күдері әулетіне тиесілі неше қос жер, егіс алаңына үзбей ағып тұратын бір тоған су, ұланғайыр жайлаулық, қыстаулық жерлер түгел тәркіленіп, өзге жұрттың игілігіне айналды. Кешегі мыңды айдаған Сымайыл зәңгінің, Күдері бидің ұрпақтары қалт-құлт күн кешкен қатардағы көп еңбекшінің бірі болды.

Әйткенмен, біздің әулетте осы Баяхмет ағамыз біразға дейін ешкімге кеудесін бастырмай, өз алдына жеке жүрді. Өйткені ол кісінің бойында бала күнгі сетер еркеліктен қалған, әлі жасымаған бір өршіл мінез болушы еді. Бетің бар, жүзің бар демей ойға оралған сөзді кімге де болсын тіке айтып салатын. Ағайын арасының жер-суға байланысты бір дау-дамайында Қараменденің бір байшікеш атқан мінері біздің әулетке өктемдік көрсетіп, есе бермей отырса керек. Сонда осы Баяхмет ағамыз:

- Сен, пәленшеке, қораңдағы бессадыра малыңа, елу үйдің үстінен қарайтын болымсыз мансабыңа бола шіренбе! Баяғыда аталарың Қараүңгірдің шатқалында көмір өртеп жан бағып жүргенде, сол жақтан тауып әкеліп, ел қатарына қосқан кім еді? Соны жадыңнан шығарма! – депті.

Сөйтіп, қарсыласының аузына құм құйған екен. Өйткені, айтып отырғаны – шындық болатын. Әлгінің аталары кезекті жаугершіліктен соң, тау ішінде қаңғырып жүргенде, Баяхметтің арғы бабасы Сымайыл зәңгі оларды тауып әкеліп, қатарға қосқаны рас еді. Бұл оқиғаның есімде қалған себебі, әлгі жиналыстан кейін қашанда ел бірлігін ойлайтын менің әкем біздің үйде Баяхметке ұрсып отырды:

- Ондай шымбайға батар ащы сөзді көптің алдында айта ма екен? Ағайынның көңілі қалмай ма! Ертең солардың бетіне қалай қарайсың? – деп қыжыртқаны есімде.

Баяхмет ағамыз аса намысқой еді. Қатардан қалмау, кедейшілікке жеңдірмеу жағын қатты ойлайтын. Бірде ешкімге жөнін айтпай, ақылдаспай, әкесінің екі өгізін айдап апарып, Шәуешектің базарына сатыпты да, соның ақшасына қамыт-доғасымен жап-жаңа көк арба сатып әкелгені бар. Ол кезде қыр елінде арба деген тапшы. Арбасы бар кісі ауқатты адам саналады. Кейін туыстары сол үшін Баяхметке рахмет айтып жүрді.

Баяғы еркелік, баяғы өр мінез... Баяхмет жергілікті үкімет адамдарынан да айылын жия қоймайтын. Бергі қызыл қытайдың тұсында да солай болды. Ел іші қаптаған белсенді, үгіт-насихатшы. Бір сөзге бола жазықты қылып, тырнақ астынан кір іздейтін заман. Сол жылдары «қытай» деген сөзді айтқызбай, ол – қорлаған, кемсіткен сөз деп, оның орнына «ханзу» деп сызылатын тәртіп шыққан. Ал Баяхмет жаңа низамға көнбей бұрынғыша сөйлей беретін көрінеді. Бір күні оны белсенділер ортаға алып, жөнге салмақ болғанда, «ау, өздерің не шатып отырсыңдар? Қытайды «қытай» демегенде, төртуыл дейміз бе?» деп бет бақтырмаған – тағы осы Баяхмет...

1962-жылы көктемде Тарбағатай аймағындағы қалың қазақ түп қопарыла атажұртқа ауғанын білесіздер. Көші-қонның тым асығыс, қарбалас болғаны сонша, аласапыранда Күдері әулеті бір-бірімізден адасып қалдық. Коммунаға қарасты әр әтірет қолға іліккен көлікпен бөлек-бөлек көшкен ғой. Шекарадан өткен соң бір-бірімізді таппай қалдық. Ахметтің балалары Семейдің Ақсуат ауданына барыпты да, біз, Жұмаділ мен Шаяхметтің балалары сол облыстың Жарма ауданына қоныстандық. Ахметтің балалары да түгел емес, мұнда Баяхмет, Рақыш, Талғат үш үйі ғана келіпті де, көрші ауданда қызмет істейтін Әнуарбек арғы бетте қала беріпті. Рақыш оларды ала кетпек болып, көлік алып барған екен, қаланы қоршаған қатал күзеттен Әнуардың отбасы шыға алмапты.

Содан, не керек, арада айлар өтіп, ес жиған соң бір-бірімізді іздеп таптық қой. Келесі жылы Ақсуатқа барғанымда, туыстарымның жағдайы жаман көрінбеді. Рақыш пен Талғат «Комсомол» совхозының бас жылқышысы болып орналасыпты. Рақыш – Қытайда әтірет (колхоз) бастығы болып, ысылған жігіт, мұндағы басшылармен де тез тіл табысқан секілді. Ал, Талғат болса – жасынан атқұмар, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын адам. Несін айтасың, совхоздың екі мың жылқысы солардың иелігінде екен. Қымыз да – соларда, қазы-қарта да сол ауылда. Жұмағайша жеңгеміз (Талғаттың әйелі) он бестей бие байлап, айналасына қымыз иісін аңқыта, күрпілдетіп саба пісіп, жайлаудағы малшылардың таңдайын жібітіп отырған көрінеді.

Ал, балалы-шағалы Баяхмет ағамыз совхоз орталығы Ойшілікте жеңіл-желпі жұмыстар атқарады екен. Ауыл шетіндегі атқорада ферма бастықтары мен мал мамандары мінетін аттарға қарайды. Солардың жем-шөбі, күтімі дегендейін... Баяхметті алғашқы айларда әлдебір шопанға көмекші етіп қойған екен. Бірақ Бәкең ол адаммен сиыспапты. Ол да – аға шопандықты әжептәуір мансап көретін, парықсыз біреу болса керек. Жасы үлкен Баяхметті есігіндегі малайындай жоқтан өзгеге жұмсай беретін көрінеді. Ал, арақ ішіп алса, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады... Баяхмет қашанғы шыдасын:

- Әй, сен менің кім екенімді білесің бе? – депті бір күні «бастығының» жағасынан бүріп тұрып. – Мен – бір елдің төбе биі Күдерінің үкілеп сетерлеген немересімін ғой! Ал сен кімсің маған ақыратындай? Сен – бар болғаны совхоздың қойын бағатын тексіз малай емессің бе?! – Соны айтыпты да, алдындағы қойын санап беріп, ауылға қайтып кетіпті.

Араға біраз жыл салып, тағы бір барғанымда, Баяхмет мүлде бос жүр екен. Бұл кезде жасы зейнетке де толып қалған. Оның үстіне, ұлдары Сәрсен мен Жексен ержетіп, әрқайсысы бір-бір трактордың құлағын ұстапты. Демек, күнкөріс мәселесі шешілді деген сөз... Мен, әрине, алдымен Рақыш пен Талғатқа бұрылмай, жасы үлкен Баяхметті іздеп жүрмін. Ол өткен жылы орталықтағы басқа бір үйге көшіп түсті деп естігем. Бір қызығы, ауыл шетіне тоқтап, өткен-кеткеннен «Баяхметтің үйі қайда» деп сұрасам, ешкім білмейді. «Бұл қалай? Әлде оның үйі бұл ауылда емес пе?» деймін аң-таң қалып. Содан бір кезде:

- Сіз осы «Баяхмет» деп «Жуңгу шалды» айтып тұрған жоқсыз ба? – деді бір әйел менің бетіме күле қарап.

- «Жуңгу шалы» несі? – Мен әлі де түкке түсінбей тұрмын.

- Ол кісіні бұл ауыл қазір «Жуңгу шал» деп атайды. Өзінің екі сөзінің бірі «жуңгу» болған соң, жұрт содан шығарып, ат қойып алған...

Мен енді ғана бірдеңе ұққандай болдым. «Жуңгу» деп отырған – Жұңго. Қытайлар өз елін осылай атайды. «Орталық мемлекет» деген сөз... Демек, Баяхметті «Жуңгу шал» дегені – қытайлық деп кемсіткені-ау, шамасы?

Сонымен, ағамызды жаңа есімі бойынша іздеп тауып, шұрқырасып жатырмыз. Бәкең әлі де бақуат, тың көрінеді. Зейнетке шықтым деп қарап отырған ол жоқ, өзіне ыңғайлы бір оңаша кәсіп тауып алыпты. Бұл ел моторлы көлікке көшкеннен бері, атқа жегілетін арба-шана дегенді мүлде ұмытқан ғой. Соны көрген Баяхмет не істеген дейсіз ғой? Атқора маңында, қойма мен қырман басында елеусіз жатқан арбаның білігін, дөңгелегін, дәртесі мен қанаттарын жинастырып, өзіне лайық шағындау арба жасап алыпты. Сол арбаға биесін жегеді екен де, жаз айларында қырға шығып кетеді екен. Қырға шыққанда, сейілдеу үшін емес, тағы сол күнкөрістің қамы.

Ақсуат даласында не көп – қараған-тобылғы, кісі бойламайтын ши көп. Баяхмет соларды таңдап жүріп, түбінен орып әкеледі екен де, ұзын сапты сыпыртқы жасайды екен. Сабына темір шығыршықпен бекітілген қараған сыпыртқы, ши сыпыртқы... Сондай сыпыртқының он бес-жиырмасын арбасына тиеп алады да, жексенбі күні Ақсуаттың базарына апарып сатады. Бұл күнде адамдар өз қолымен бірдеңе жасауды қойған ғой. Баяхметтің сыпыртқыларын лезде талап әкететін көрінеді. Жетпей қалғандары келесі жолға «заказ» береді. Бұл дегенің – қып-қызыл ақша. Міне, сізге «бизнес» керек болса!

Менің сол үйде отырғанымды біреулерден естіген болар, сәлден соң ауылдың учаскелік милициясы келді үстімізге. Жап-жас лейтенант. Шамасы, кітап оқитын болар, мені жақсы біліп тұр. Қысқаша аман-сәлемнен кейін учасковый маған мынадай өтініш айтты:

- Мына Бәкең сіздің жақын ағаңыз екен. Бәріміз сыйлаймыз бұл кісіні. Өзі де, балалары да – ешкіммен қақ-соғы жоқ, еңбекқор адамдар, – деді Баяхметке жасқана көз қиығын салып. – Алайда бұл ағамыздың бір кемшілігі бар. Сәл нәрсеге ренжісе болғаны, «Жуңгуге кетем» деп шу шығарады. Басында «Жуңгудің» не екенін түсінбей жүргеміз. Сөйтсек, онысы «қытай» деген сөз екен. Сол «жуңгуді» жиі айтқандықтан, ақыры өзі «Жуңгу шал» атанып кетті... Ағаңызға ақылыңызды айтыңызшы, бұдан кейін «Жуңгуге кетемін» деп бізді қорқытуын қойсын!

Сол сөз үшін тергеу-тексерудің талайынан өткен Баяхметтің әбден еті өліп кеткен сияқты. Өзіне тағылған айыпқа айылын жияр емес:

- Сен, бала, ақыры айтқан соң түгел айт! Мені КГБ-ның қызметкерлері ауданға апарып тексергенін неге жасырып отырсың? Оны да айт – мына інімнің алдында! – деді мені арқаланған Баяхмет лейтенантты көзге іліңкіремей.

- Иә, өз арамыздағы әңгіме болған соң ол жағын айтпай отыр едім, – деді учасковый сәл ыңғайсызданып. – Ағамыздың «Жуңгуге кетем» деген сөзі ауданымызда біраз әңгіме болғаны рас. Білесіз ғой, шекаралық аудан болған соң, бізде саяси мәселеге өте сақ қарайды. Ойымызда ештеңе жоқ, бір күні аудан орталығындағы қауіпсіздік мекемесінен екі-үш кісі келіп тұр.

- Осы ауылда Ахметов деген біреу Қытайға қашқалы жүр дейді ғой. Ол қайда? – дейді дігір салып.

Мен оларға мұның жаңсақ хабар екенін, бұл ауылда Қытайға қашқалы жүрген ешкімнің жоқтығын, ал Баяхмет ағамыздың әлденеге жаны кейігенде  «Жуңгуге кетемін» деп жұртты жорта қорқытатынын ұғындырып бақтым. Анығында, шын қашқалы жүрген адам «мен Қытайға кетемін» деп күні бұрын жар салып айта ма? Бірақ ол мекемені білесіз ғой, өздерінен басқа ешкімге сенбейді... Содан, ағамызды ауданға апарып, екі-үш күн тексерді-ау деймін...

- Мына жігіттің айтып отырғаны рас па? Шынымен-ақ Қытайға қайтқыңыз келді ме? – деймін мен Баяхметке таңдана қарап.

- Сол бір тұста Жуңгуге қайтқым келіп, қатты толқығаным рас, – деді қашанда бұра тартуды білмейтін Бәкең. – Неге олай болды? Ол – ұзақ әңгіме. Тыңдасаңдар айтып берейін...

Сөйтсек, мәселе былай болыпты. Баяхметтің мына өлкені жерсінбей, мұндағы тұрмысқа әлі көндікпей жүрген кезі болса керек. Бір жылы жайлау кезінде інісі Талғат отырған жылқы қосына барыпты. Салқын жайлауда таза ауа жұтып, қымыз ішіп, атқа мініп, олай-бұлай қыдырады. Жылқылы ауыл ең арғы жұртта, шекараға тақау көрінеді. Бір күні әлдебір биікке көтерілгенде, Барқытбелдің күңгейіндегі өзіне таныс өлке жарқ ете қалады ғой. Мәссаған, оң қол жақта – Жуантөбе, Қайрақты... Тіпті, мына иек астында тұрған – Бөлендінің жұрты емес пе?! Ал, мына сол жақта Ақирек, Қаражал, Ақтас... Төртуыл қоныстары. Жас кезінде Баяхметтің қызды ауылдан қымыз ішіп, қыдырған жерлері... Күдері бидің қонысы – Ақиректе, Көксеген үкірдайдың қонысы – Қаражалда еді... Одан ары еңкейсең – Сібеті даласы, Абдыра аңғары...

Пәлі, мына Шәуешекті қара! Тал-терегі майысқан қайран Шәуешек! Әнеу бір салбыраған тұмсық қаланы түгел көрсетпей, батыс жағын қалқалап тұр... Сонау көкжиекпен астасқан алыс түстікте Барлық тауы, Майлы-Жәйір сілемдері...

Осыларды көргенде-ақ, Баяхметтің көзінен жас парлап қоя берген. Біразға дейін өзін тоқтата алсашы! Әй, әкесі өлгеннен кейін ағыл-тегіл жылағаны осы шығар. Сол сәтте оған мынадай ой келген: «арғы бабам Сымайыл зәңгінің сүйегі, атам Күдері бидің сүйегі, өз әкем Ахмет имамның сүйегі, олардан басқа қанша туыстың сүйегі Сібеті даласында, Малдыбай бұлағында жатыр... Ал мен бұл жақта не бітіріп жүрмін? Жас болса біраз жерге келіп қалды... Жат өлке, бөтен елде босқа қаңғырып жүргенше, сол бабаларымның қасына барып жатпаймын ба?!». 

Осындай қиялмен бір мезгіл қатты толқығаны рас. Жаны кейіген бір күні, осындағы шолақ бригадирге ыза болып: «егер мені сидырмасаңдар туған елім Жуңгуге қайтып кетемін» дегені де рас. Сол сөзді біреулер жоғарыға жеткізіпті ғой. Бұрын кім білген, шекаралық ауданда салпаңқұлақ, жансыз дегенің күпінің битіндей өріп жүреді екен...

- Қазір қалайсыз? Кейін ол ойыңыздан қайттыңыз ба? – дедім Баяхметке күле қарап.

- Қайтпасқа амалың қайсы? – деді Жуңгу шал жанары жасқа толып. – Ата-бабаң ол жақта, бауырларың мен бала-шағаң бұл жақта. Екі отттың арасындағы тірлік қой – біздікі. – Соны айтып, аз үндемей отырды да, қайта көңілденді. – Мен кейде «Жуңгуге кетем» деген сөзді мыналарды қорқыту үшін әдейі айтам, – деді лейтенантты иегімен нұсқап. – Тақ бір менің кету-кетпеуіме дүние тіреліп тұрғандай, сол сөзді шын көріп, мені күндіз-түні аңдитындарына күлкім келеді...

Мен Баяхметті соңғы рет 1977-жылы наурыз айында көрдім. Соның алдында анам қайтыс болып, қаралы боп қалғанбыз. Семей облысындағы туыстарға хабар айтылған. Анамның жаназасына басқа аудандардан біраз адам келгенімен, Ақсуаттан ешкім қатыспады. Сөгіс жоқ, жер шалғай, көктемгі аласапыран кез.

Онда үйіміз Розыбакиев көшесі мен Тимирязов көшелерінің қиылысында болатын. Бір күні ұйқыдан енді тұрып жатқанымызда, біреу есік қоңырауын басты. Бейтаныс қазақ жігіті, таксиші екен:

- Менің машинамда бір шал отыр, – деді кейіген кейіпте. – Пойыздан түскен беті «мына адреске апарасың» деген соң осында алып келдім. Енді «анық әкелдің бе, жоқ па, сол үйдің иесін ертіп кел» деп машинадан түспей отыр.

Мен апыл-ғұпыл киіне салып, жүгіріп шықсам, таксидің ішінде өзімнің «Жуңгу шалым» отыр. Бірден шұрқырасып, көрісіп жатырмыз. Мен таксидің ақысын төлеп, рахмет айттым да, қонағымды үйге ертіп келдім. Осы жолы Баяхмет ағама разы болғанымды сұрама! Өзінен әлдеқайда кіші, хат сауаты толық Рақыш пен Талғат алыс жолға шығуға батылы жетпегенде, Баяхмет інілеріне ыза болып, өзі тартып кеткен ғой. Өзі және өмірге қандай бейім? Қашан мені ертіп келгенше, таксиден түспей отырғанын көрмейсің бе?

- Қанипа (менің шешемді айтады) Күдері шаңырағына келін боп түскенде, мен жеті жасар, шолжаңдаған ұл едім. Талай тәрбиесін көріп ем... Марқұмның орнына келіп құран оқымай қалай отырайын! – дейді қайран Бәкең көзіне жас алып.

Сол жолы Баяхмет Анамның Кеңсайдағы қабіріне барып Құран оқыды, топырағын сүйіп, тауап етті. Алматыны асықпай аралап, осы маңайдағы туыстарға қонақ болып, дәм татты. Алматыдан аттанарда қоштасып тұрып:

- Бәсе, Күдері әулетінен бір адам осылай жарып шықса керек еді. Сен сол биікке шыққан екенсің, айналайын Алла-Тағала әмісе осылай жолыңды оңғарсын! – деді маған бата беріп.

Сол жолы Баяхмет, шынында да, осындағы туыстармен қоштасуға келген екен. Арада екі-үш жыл өтпей, Жуңгу шал да бақиға аттанып кетті. Мен топырақ салуға үлгірмесем де, жетісіне қарай Ақсуатқа барып, марқұмның қабіріне Құран бағыштадым.

2015 – қаңтар.