Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Қысқа өмірде қырық құбылған дүние-ай!


Естелік­-эссе
«Желкеме шор түсер деп аямай сал,
Мен – сенің өгізіңмін өзге жегер»
Сәбит Мұқанов

Иә, бір күн бетін берсе, бір күн сыртын беретін құбылмалы дүние деген осы. Өмірге жаңа келген жоқ қой, көпті көрген Сәбең бұл қағиданы бала кезден білетін-ді. Бірақ жәй білу бар да, бастан кешу бар. Дүниенің опасыздығын, басқа қонған бақтың баянсыздығын, кейде үміт шіркіннің алдамшы екенін тап басып ұғынғаны осы таяуда ғана. Екінің бірі білетін сол ақиқатқа көз жеткізу үшін бұған жетпіс жыл өмір сүру керек болыпты ғой.

Өзінің пайымдауынша, Сәбит Мұқановты ойламаған жерден тақырға отырғызып кеткен – қоғамдағы аударыспақ. «Өзгерістер заманында өмір сүр» деген Қытай елінің қарғысы тегін айтылды дейсің бе? Мәселен, билік басына біреулер келіп жатады, енді біреулер кетіп жатады. Солардың қайсысына жағасың? Қайсысының тілін табасың? Ұлық біткеннің өз талап-итілегі бар. Солардың бәріне бірдей жағу мүмкін бе? Мұндайда сен де бір, көп байға тиген қатын да бір, жалтақтаумен күнің өтеді. Ең дұрысы – мансаптылардың маңына жоламай, өкіметтен аулақ жүру керек шығар, сірә. Бірақ сенің тартынғаныңа қоя ма, жазушы дейді, ел ішінде абыройы бар, аузы дуалы адам дейді. Сөйтеді де қып-қызыл дауға, жанып тұрған отқа кіргізеді де жібереді. Ол даудың саған келтірер зардабында жұмысы жоқ, оларға сол күнгі жеңіс керек.

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын дәл солай болды. 1962-жылы Қазақстан Компартиясы аяқ астынан пленум шақырып, Дінмұхамет Қонаевты бірінші хатшылықтан түсірмек болды. Мәскеудің ұйғарымы солай көрінеді. Мәскеу айтса бітті, оған кім қарсы тұра алады? Демек, Қонаевты қызметінен алып, орнына қолайына жаққан басқа біреуді отырғызбақ. Бірақ жоғары дәрежелі басшыны орнынан алу оңай емес, оның адресіне біраз сындар айтылып, кемшіліктері қазбалануы керек. Ол үшін сөзге шығатын шешендер күні бұрын іріктеледі. Міне, сол белсенділер қатарында пленум мүшесі әйгілі жазушы, «кәдімгі Сәбит Мұқановқа» қолқа салған.

Сәбең – Партияның байырғы солдаты. Қашанда Орталық Комитет не айтса да тәк тұратын әдеті. Жоғарының тапсырмасынан бұл жолы да бас тарта алмады. Сөзге шешен, тілі орамды, мұндай талай тартысты бастан өткерген, қарсыласын оңдырмай орып түседі. Тәйірі, орнынан түскелі жатқан бастықты аясын ба, Қонаевты олай да-бұлай да аунатып, сөзбен сойып салды. Республикада іске аспай жатқан кемшіліктерді бірінші басшыға жабыңқырап келді де, қызды-қыздымен «Қонаев жолдас кейінгі кезде құрғақ уәденің қапшығына айналды» дегенді айтып салды. Ол кезде ондай сөздердің айып-шамы жоқ-тұғын. Қатаң сындар айту – Кремльдің тапсырмасы болса, мұндағы Орталық Комитеттің бюросы аузына сөз салып тұрса, Сәбеңе бастықты сынау бұйым болып па, біркелкі төселген дауыспен, жазып алған сөзін мүдірмей оқып шыққан. Ду қол шапалақ. Кешікпей Сәбеңнің «құрғақ уәденің қапшығы» деген сөзі мәтелге айналып, ауыздан-ауызға тарап кеткен.

Бірақ, амал не, Сәбеңнің жұлдызы оңынан туып, сол бұрынғысындай дәуірлеп тұрған шағында, ойламаған жерден дүние төңкеріліп түсті ғой. Арада екі жыл өтті ме, өтпеді ме, Кремльдің өзінде адам сенгісіз өзгерістер болып жатты. Әсілі, Қонаевтың соңына шырақ алып түсіп, орнынан алдырған – Никита Хрущев еді ғой. Ол кезінде Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге, оңтүстігін Өзбекстанға қосуға қарсы болған Қонаев пен Ташеневке Хрущев тісін басып жүреді екен. Орайы келгенде сол екеуін де орнынан алып, қызметін төмендетіп, өзінше есе қайырған кезі еді. Бірақ дүние бір қалыпта тұрған ба, 1964-жылы Хрущев Қырымда демалып жатқанда, Кремльде қалған Саяси Бюроның басқа мүшелері сарай төңкерісін жасап, бас хатшылыққа Леонид Брежневті отырғызды. Брежнев бұрын Қазақстанда жұмыс істеген, Қонаевпен жұлдызы жарасқан, ымы-жымы бір дос екен. Ол билікке келе салысымен, Қазақстанда бірінші хатшы болып отырған Юсупов дегенді жұлып тастады да, Қонаевты қайтадан орнына алып келді.

«Боларын бір сұмдықтың біліп едім, ақбоз ат жамандатқыр ішін тартты» дегендей, бұл өзгеріс Сәбеңе жәйлы тимейтіні анық еді. Мемлекет басындағы тақ алмасу төмендегі біраз адамды төңкеріп кететін әдеті. «Басқа пәле – тілден» дегенді бұрынғылар тегін айтқан ба. Ана жылы пленумда айтылған «құрғақ уәделердің қапшығы» деген бір ауыз сөздің сазайын енді тартуға тура келеді. Рас, бастабында екі жақ та біразға дейін сыр алдырған жоқ. Сәбең өзінше, кең қолтық қазақы мінезбен: «Қонаев – үлкен қызметтегі партиялық басшы ғой, қызмет бабындағы ондай ұсақ-түйекке мән бере қоймас. Бір ауыз сөзге бола менен өш алар деймісің» деп арқасын кеңге салып жүрген-ді.

Амал не, іс жүзінде олай болмай шықты. Үлкен адамның өкпесі де үлкен болады екен. Ештеңені ұмытпапты. Көп ұзамай-ақ жоғарғы жақтағы әлдебір ызғырған салқындықты сезе бастады. Әрине, басшының өзі тіс жарып, зіл көрсеткен жоқ. Оның қоластындағы жағымпаздар мен жандайшаптар ғой – сенің түбіңе жететін. Алла-ай, өздері қандай қырағы десейші, басшының қас-қабағындағы болымсыз кірбіңді, сәл ғана бұлыңғыр бұлтты байқаса болды, кешікпей әлгі болымсыз бұлт төмендегі бір сорлыға дауыл боп соғып, нөсер боп жауып өтеді.

Бұл жолы да солай болды. Сәбеңе деген биліктің ыстық ықласы бірден суып кетті. Келесі жылғы құрылтайда Мұқанов Орталық Комитеттің мүшелігіне ілінбей қалды. Сол жылғы сайлауда Жоғары кеңеске депутаттыққа ұсынылмады. Шетелге шығатын делегация құрамына да қоспайды. Тіпті, осы төңіректегі жиындарға, қонақасыларға да мұны шақырмайтын болды... Жазушы соның бәрін көріп-біліп отырса да сырттай сыр алдырған жоқ. Қашанда билік басқа, айналайын халық басқа ғой. Ел ішіндегі абыройы ешкімнен кем емес. Қайда барса да өз халқының алақанында. Қолындағы қаламын әлі тастаған жоқ. Осы аралықта Шоқан Уәлиханов өмірінен жазылған трилогиясын сәтімен аяқтады. «Жазушы» баспасы келер жылдан бастап Сәбеңнің он алты томдық таңдамалы жинағын шығармақ екен. Енді бұрынды-соңды жазғандарын сұрыптап, сол жинақты әзірлемек.

Тәйірі, мұның бәрін қойшы, күнделікті атқарыла жататын тіршілік қамы ғой. Ең қиыны, Қонаевпен арадағы текетірес, дүрдараздық созыла-созыла Сәбеңнің жетпіс жасқа толған мүшел тойына тіреліп тұрған жоқ па. Той мерекесі үкіметтің де, Жазушылар Одағының да жоспарына енген. Мәскеуден, басқа да республикалардан қонақтар шақырылмақ. Дос бар, дүспан бар, сол той қалай өтеді? Мәселе сонда... Той дастарқаны, сый-сияпат жағы ешкімнен кем болмас. Ал Сәбеңнің өзін мүшел жасында мемлекет қалай бағалайды? Бүкіл халықтың күткені осы. Советтер елінде адамның еңбегі орден-медалмен, яғни атақпен өлшенетіні белгілі. Биыл Сәбең қандай атақ алуы керек? Жазушы бұған дейін «Ленин» орденінен бастап, темір-терсектің бәрін алып болған. Жетпей тұрғаны – «Еңбек ері» деген атақ, яғни «Алтын жұлдыз» ғана.

«Осы жолы қазақ әдебиетіне бір «Алтын жұлдыз» келеді» десіп, Сәбеңді күні бұрын құттықтап жүргендер бар. Олай ойлауға қисын да жоқ емес. Осыдан біраз жыл бұрын Совет Одағы бойынша Шолохов бастаған жеті жазушыға «Социалистік Еңбек ері» деген атақ беріп, омырауларына «Алтын жұлдыз» таққанда, Қазақстан ілінбей қалған. «Қап, тірі тұрғанда бұл атақты Мұхтар Әуезов та алатын еді, өмірінің қысқа болғаны-ай» десіп қазақтар сонда қатты өкінген. Жаңағы жеті жазушының ішінде ұлт республикаларынан: өзбектің Айбегі, тәжіктің Мұрза Тұрсынзадасы, түрікпеннің Берді Кербебаевы да бар еді. Солар омырауына «Алтын жұлдыз» тағып жүргенде, көңілдегі қызғаныш құрты қозатыны рас. Айтты-айтпады Сәбең солардан кем бе екен? Жазған шығармаларына келсек, әлгілерді екі орайды. Шығармаларын былай қойғанда, Совет өкіметі үшін әлгілердің қайсысы дәл Сәбеңдей күресті екен? Соның бәрін есепке алғанда, жазушыға дәл осы жолы «Алтын жұлдыз» алудың кезегі келіп-ақ тұр.

«Еңбек ері» атағын алуға жазушы Сәбит Мұқановтың шарты қай жағынан болсын толып тұр-ау, егер оны республика басшылары қолдаса, дәл осындай ұсынысты Кремльге жолдаса! Сайып келгенде, «Алтын жұлдыздың» тағдыры бұл жолы Дінмұхамет Ахметұлының бір ауыз жылы лебізіне тіреліп тұрған. Қонаев бұл күнде Республика басшысы ғана емес, бүкіл Одақ бойынша Саяси Бюроның мүшесі, Бас хатшы Брежневтің досы. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс... Ол осы жолы жәй пенделерше баяғы жеке бастық өкпенің шылауында кете ме, жоқ, әлде оның бәрін ұмытып, қазақтың ортақ намысы үшін, Сәбеңе «Алтын жұлдызды» алып бере ме?

Бұл сұрақтың жауабын саясат пен әдебиет маңындағы «көріпкелдердің» ешқайсысы дәл тауып айта алған жоқ. Сол кездегі құпиялықтың қатаң сақталатыны сонша, қысқасы, Абай атындағы опера және балет театрында Мұқановтың жетпіс жылдық тойы басталғанша, марапаттың қандай болатынын ешкім білген жоқ еді. Тіпті, Сәбеңнің өзі де білмеген деседі. Не болары белгісіз алақұйын сезімдер шарпысып жатқан. Әйтсе де, күдіктен гөрі үміт басым еді. Құрысын, дос-дүспанның табасы демес, сол атаққа Сәбеңнің өзі құмартып та отырған жоқ. Оның үстіне, құттықтауға келген түрікпен жазушысы Берді Кербебаевтың, қас қылғандай, омырауындағы «Алтын жұлдызын» жарқыратып, дәл қасына келіп отырып алмасы бар ма?! Тымқұрығанда, өзгеден бұрын осының аптығы басылса екен!

Театрда ине шәнішар жер жоқ. Жалғыз Сәбең емес, жиналған халық бүгін бір нәрсені тағатсыздана күтіп отыр. Орталық Комитет пен Республика үкіметінің құттықтауын оқуға, ең бастысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің указын жариялауға мінбеге Орталық Комитет хатшысы Саттар Имашев көтерілгенде, залда шыбын ұшса білінетін өлі тыныштық орнап еді.

- Жазушы Сәбит Мұқановтың Совет әдебиетіне сіңірген көп жылдық еңбегін ескере отырып, және жетпіс жасқа толуына байланысты, – дегенде Сәбеңнің өзі де, залда отырған халық та еңселерін тіктеп, мойындарын соза тыңдап қалды да:  ол «Ленин» орденімен марапатталады, с – дегенді естігенде той иесі де, көпшілік халық та сылқ етіп отыра кетті. Бүкіл зал аһ ұрып күрсінгендей, «гу» етіп барып басылды.

Халықтың көңілі қалғаны, Сәбеңе «Ленин» ордені таңсық емес-ті. Ол бұл орденді алпыс жасында да омырауына қадаған. Ал соны жетпіс жасында тағы қайталау – қорлаудың бір түрі еді... Сонымен, «Алтын жұлдызға» бұл жолы да қол жетпеді. Амал не, ол «Жұлдыз» жалғыз Сәбеңе емес, иісі қазақтың намысы үшін керек еді ғой. Демек, біреулер ұлт намысынан гөрі өз намысын жоғары қойған болды. Сорлы қазақ алты бақан, ала ауыз берекесіздіктен қашан құтылар екенсің?!

Айтпақшы, сол «Алтын жұлдыз» қазақ әдебиетінің қанжығасына бәрібір байланды. Мұқанов қайтыс болғаннан кейін, тура бір жылдан соң, 1974-жылы КСРО Жазушылар Одағының құрылғанына 40 жыл толған. Осы датаға байланысты, алғашқы құрылтайға қатынасқан ескі көз жазушылардың біразына «Еңбек ері» атағы берілген. Қазақстаннан бұл жолы марапатқа Ғабит Мүсірепов ілінді. Ғабит пен Ғабиден құрдас кісілер, қалжыңдаса беретін:

- Сен бұрын менімен тайталаса беруші едің. Кімнің батыр екенін енді түсінген шығарсың! – депті Ғабит өзін құттықтай келген Ғабиден Мұстафинге омырауындағы «Алтын жұлдызды» көрсетіп. Сонда Ғабиден де қарап қалмай:

- Егер Сәбит тірі тұрғанда, бұл «Жұлдыз» соныкі еді ғой. Сенің бағың түйенің көтенінен де зор екен! – депті қарқ-қарқ күліп...

Енді тақырыбымызға оралайық. Той өтті, жұрт тарқады. Өзінің ащы да, ауыр ойларымен Сәбең жалғыз қалды. Той кезінде итжығыс түскен аумалы-төкпелі сезімдерді елемеген сияқты еді. Бірақ сондағы үміт пен күдіктің шарпысуы жүйкесін біраз жұқартып кеткені мәлім болды. Жүрегі оқтын-оқтын сыздап ауыратын тәрізді ме, қалай? Содан бері жазу үстеліне жоламай, қағаз-қаламын жинап тастаған. Тіпті, қағазға қарағысы келмейді. Жетер! Үзбей шығарма жазған кісі Сәбит Мұқановтай-ақ болсын. Бүкіл жазғанын жинақтаса елу томдай болады екен. Бірақ не шықты содан? Кімге керек соның бәрі? Марқұм Қасым Аманжоловтың:

    Өткен күннен белгім аз,

Беттегі әжім болмаса.

Шимайлаппын көп қағаз,

Ол дағы бір далбаса! –

деген өлеңі болушы еді. Иә, Қасым өте дұрыс айтқан. Мынадай қоғамда істеп жүрген істің бәрі – далбаса... Әйтпесе, Совет дәуірінде дәл Мұқановтай еңбек еткен жазушы кемде-кем. Өзінің бір кезде: «Желкеме шор түсер деп аямай сал, Мен – сенің өгізіңмін өрге жетер» деп, партия мен өкіметке берген серті бар-тұғын. Бұл – жазушының сыры еді. Айтты-айтпады, Сәбеңнің Кеңестік идеологияны елу жыл бойы өгіздей сүйреп келгені рас қой. Бірақ бұл аңғармаған көп дүниенің беті енді ашылды. Сөйтсе, «Совет өкіметі», «Компартия» деп жүргеніміз – мәңгілік тұрақты ұғым емес, белгілі бір адамдардың уақытша біріккен тобы екен ғой. Олар да уақ-уақ ауысып, жаңғырып отырады екен. Оның біріне жақсаң, екіншісіне жақпайды екенсің. Сені күш-қуатыңның барында «өгіздей өрге жегіп» пайдаланады екен де, бойыңнан әл-қуат азайғанда қажетсіз заттай лақтырып тастайды екен... Осыны бүгінге дейін, сақал-шашы ағарғанша қалай түсінбей келген?! Не деген аңқаулық!

Рас, Сәбең – әдебиетке «тап» деп, «тап күресі» деп, кедейдің жоғын жоқтап келді ғой. Өйтпеске амалы да жоқ еді. Жаңа құрылған Совет өкіметі де дәл осындай жалаңтөс батырақтарды керек қып тұрған. Іздегенге – сұраған, Сәбит Мұқанов осы талапқа сай келе кетті. Сәбеңе де керегі осы еді. Өйткені шала сауатты, жалбыр тонды жас жігіт өнер-білім жағынан сол кездегі бай балаларымен, яғни «Алаш» қайраткерлерімен таласа алмайтын-ды. Бұл олар сияқты Мәскеу мен Петербургте, тымқұрса Омбы мен Семейде оқып білім алған жоқ-ты. Бірақ, оның есесіне, оларда жоқ бір артықшылық Сәбитте бар еді. Бұл – Совет өкіметінің нағыз бел баласы, жалаңтөс кедейдің өзі болатын. Міне, сондықтан Сәбең оқыған мырзаларға тап күресін қарсы қойды. Тап күресі – Мұқановтың ұраны ғана емес, қолындағы қаруы болатын. Сол қарудың арқасында, Совет өкіметінің желеп-жебеуімен қарсыластарын жеңді де. Сәбең сол жылдары тап жауларына қыр көрсетіп, әрі өзін әйгілеу үшін:

Табым сонда толғатып мені тапқан,

Тапты шаққан у-жылан мені шаққан.

Сап-сарала, сап-сасық жөргектерде

«Іңга» орнына мен ылғи «тап» деп жатқам! –

деп өлең жазудан тартынған жоқ. Ақын мұнда «Сап-сарала, сап-сасық жөргектерді» бай-бағландар себетін француз әтіріне әдейі қарсы қойып отыр. Сәбең осы шабуылын өмір бойы тоқтатқан жоқ. Бертінге дейін қарсыластарын бет қаратпай келді.

Дыр-думаны көп қайран жастық! Қыр елінде миллионер болып, «алты атар» асынып, әр ауылдың итін шулатып жүретін жылдар... Ол да бір қызық дәурен еді-ау... «Алты атардың» да пайдасы тимей қалған жоқ. Бір байдың мәпелеп отырған қызын (осы күнгі Мәриямды) ата-анасының қарсылығына қарамай тартып әкетті. Баяғы заман болса, жалбыр тонды батырақ бай қызының маңайын баса ала ма? Бұл да болса – Совет өкіметінің арқасы.

Иә, сол өкіметті арқаланып, Сәбеңнің артық кеткен, асыра сілтеген кездері де болмай қалған жоқ. Әсіресе, бір қылығын ойласа осы күнге дейін ұялады. 1923-жылы, Орынборда ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсыновтың 50 жасқа толған мерей тойының шырқын бұзып, бұзақылықпен таратып жіберді-ау! Шолақ тонды милиционер Угар Жәнібековке мылтық атқызып, өздері шіріген картоп, жұмыртқа лақтырып, зиялы қауым жиналған әжептәуір тойдың шәк-шәлекейін шығарды. Мұнысы – ұлт намысын мүлде ойламайтын қас надандық, әрине. Өзіне абырой әпермейтін сол оқиғаны жасырып-жабуыдың орнына, Сәбең оны өмірбаяндық кітабы – «Өмір мектебіне» кіргізіпті ғой. Кезінде оны, сөз жоқ, мақтан үшін жазды. «Міне, біз қандаймыз! «Алаштың» көсемі Байтұрсыновты біз осылай қорлағанбыз» деу үшін! Совет өкіметіне көрініп қалу үшін! Енді, міне, сол ақымақтығы алдынан шығып жүр. Байқамаса, күндердің күнінде тасқа басылған өз сөзің өзіңді ұстап береді екен ғой.

Иә, осыны жырла деп аузыңа сөз салып, қолтығыңа дым бүркіп тұрған соң, Советтік ақындар кезінде не айтпады? Әсіресе, күн көсемді жырлау модаға айналған кезде Жамбыл көкесі бастатқан қазақ ақындары бұлбұлша сайрады емес пе. Ұлы көсем Сталинді жеті қат көкке көтеріп, оған «тең таппай» қиналды-ау! Бұл, бір жағы, Сталинді мадақтау болса, екінші жағынан өздерін көтеру болатын. Сталин – қолдарындағы қару, әрі қорғаныш қалқан. Соны бетке ұстасаң саған оқ өтіп, қылыш кеспейді. Әйтпесе, осы Сәбең:

«Сен оған айт: «бұл Сәбит тасыды де»,

Тасытқан – Сталинның ғасыры» де! –

деп өлең жаза ма? Жарайды, Совет өкіметін жырлай берсін. Бірақ бір қолы май, бір қолы қан адамды бұлай әспеттеудің қажеті жоқ еді. Тымқұрса, кеше өзіне ұстаз болған Сәкеннің, Ілияс пен Бейімбеттің аруағы үшін, тағы басқа жазықсыз төгілген құрбандардың қаны үшін! Жалпы, билік басындағы «көсемге» жағымпаздану – поэзияға жат нәрсе ғой. Сәбең, міне, осыны ескермеген.

Сонан соң, тағы бір еске алатын жай: Сәбең өмір бойы Мұхтар Әуезовпен тайталасып келді ғой. Қайран Мұхаң жәй ғана бақталас емес, Сәбең өз салмағын уақ-уақ өлшеп тұратын таразының тасы тәрізді еді. Демек, Әуезовпен тең түссе, мұның да осал болмағаны. Сәбең Мұхтар Әуезовтың терең білімін, бойындағы мол талантын, жоғары мәдениетін мойындады, әрине. Бірақ, сөйте тұра, оны өзінен бір саты төмен ұстауға тырысты. Сәбең болса – талай сыннан өткен, тап күресінде шыңдалған болшевик, шашасына шаң жұқпаған, тал бойында «бір міні» жоқ, кедейден шыққан советтік жазушы. Ал Әуезов болса – Советтік қоғамға кірме, бай баласы, кешегі «Алаш орда» қозғалысының тәубеге келген соңғы өкілі, отызыншы жылдары біраз жыл Совет түрмесінде жатқан, қазір де бақылауда жүрген адам. КГБ оны кез келген уақытта ұстап әкетуі мүмкін. Сондықтан, Мұхтарды өзімен тең санамай, мүсіркей қарағаны рас.

Әуезов 1932-жылы өзінің райдан қайтқаны, Советтік түзімді қабылдағаны туралы Совет өкіметіне хат жазып, түрмеден босанғанда, Сәбең Мәскеуде, қызыл профессорлар курсында оқып жүрген болатын. Сонда жүріп, түрмеден жаңа шыққан Мұхтарға хат жолдады. Мәскеуде Марксизм-Ленинизмнің жілігн шағып, майын ішіп жатқан қызыл профессор бойдағы білімін аясын ба, Советтік қоғамды онша түсінбейтін алашордашыл ұлтшылға біраз ақыл айтып тастады. Көлемі он бес беттен асатын сол хатта Сәбең біраз көсілген. Совет өкіметінің ерекшелігі неде? Оған қалай қызмет ету керек деген мәселені егжей-тегжейлі түсіндірген. Мұнысы, сыпайылап айтқанда, тым астамшылық, өзін өте жоғары санаудан басқа ештеңе емес еді. Шала-шарпы, үзіп-жұлып оқыған кешегі батырақ білгенді әлденеше университет тауысқан Әуезов білмейді деп жүр ме екен? Қоғамды әр қырынан, тіпті түрмеде жатып та зерттеген Мұхаң, бәлкім, Сәбеңнен артық білуі де мүмкін ғой.

Бірақ, соған қарамастан, Сәбең өзінің артықшылығын сездіру үшін Мұхтарға бұдан кейін де хат жазып тұрды. 40-жылдары жазған кейінгі хаттарында Әуезовтың Советтік өмірден алып жазған пьесалары мен әңгіме-повестерін ұнатпай, әртүрлі сындар айтады. «Сен социалистік қоғамды бойыңа әлі шындап сіңірген жоқсың. Советтік өмірді жазғанда, баяғы қазақ ауылын сүйсіне суреттегендей шын көңілден иімейсің» деп жазғырады...

Осы арада әділет үшін айта кетейік. Сәбең тап осы мәселеде қарсыласының кемшілігін дөп басып, дұрыс айтып отыр. Мұхаңның советтік өмір шындығына иімей өткені рас. Бұл ақиқатты кейінгі жазғандары да толық дәлелдеді. Әуезов «Абай жолы» романдары үшін «Лениндік сыйлық» алған соң, жағымпаздардың кеу-кеуімен Советтік өмірден сол эпопеяға пара-пар тағы бір шығарма жазбақ болып кірісіп-ақ еді, бірақ онысынан ештеңе шықпады. «Өскен-өркен» шала туған шаранадай толық бітпеген күйі аяқсыз қалды. Олай болатыны, Советтік қоғам – ұлы жазушының идеалы емес-ті.

Қысқа өмірде қырық құбылған дүние деген осы. Сол Мұхтар да өте шықты өмірден. Бірақ ұпайын түгендеп, олар сыбағасын алып кетті. Екеуінің арасындағы айтыс-тартыс әдеби жиындардың тұздығы іспетті болушы еді. Сөйтсе, жоғарғы билікпен арадағы ағайын екі қошқарды сүзістіріп қойып, қызығына қарап отырады екен ғой. Уақыт өте келе білім мен парасат бәрібір озды. Төрт кітаптан тұратын Абай туралы эпопея Әуезовтың өзін ғана емес, күллі қазақ әдебиетін дүниежүзілік биікке көтерді...

Көптен бері үйден ұзап шықпаған Сәбең бүгін Жазушылар Одағына бармақ болып, көшеде баяу ілбіп келеді. Бәйбішесінің такси шақырып берейін дегеніне қарамай, өзінше қан таратпақ болып, жаяу жүріп кеткен. Әлі көктем ызғары кете қоймапты. Мәриямның айтуымен үстіне жағалы пальто, басына көнелеу құндыз бөркін киіп алып еді, сонысы дұрыс болған екен. Қолындағы таяғына салмақ сала көше жиегіндегі жанжолмен аяңдап келеді. Баяғыда қасынан қалмайтын көп нөкердің бірі жоқ, жалғыз өзі...

Одақтың қазіргі төрағасы Әнуар Әлімжанов та әлдебір жұмысы болып, соған келген-ді. Әнуар – әрқашан күліп тұратын, өте кішіпейіл, елгезек жігіт қой. Сәбеңнің келген шаруасын лезде бітіріп берді...

Ой-хой, дүние! Сол баяғы өзі басқарған одақ қой. Бір емес, араға жылдар салып, екі мәрте келді ғой бұл одаққа. Соғыс кезі сияқты ылғи бір қиын жылдарда келуші еді. Онда жазушылар бұл ғимаратта емес, пролетар көшесіндегі бір қабатты қорада болатын. Қазіргі үш қабатты сәнді сарай – ет-сүт министрлігінің өздеріне арнап салған үйі екен. Мұхтар мен Ғабит Орталық Комитетті иландырып, осы үйді жазушыларға күшпен алып берді ғой.

Одақтың қазіргі аяқалысы кесек. Биыл жазда Алматыда Азия-Африка жазушыларының конференциясын өткізбек. Екі құрлықты қамтитын халықаралық үлкен жиын. Хатшылар соған дайындалып, танауларына су жетпей жатыр екен. Сәбең оларға бөгет жасамай, ақырын аяңдап далаға шықты да, Коммунист көшесін (қазіргі Абылай хан даңғылы) кесіп өтіп, үкімет үйінің алдындағы гүлзарға барып тізе бүкті.

Дәл қарсы алдында Лениннің зәулім ескерткіші тұр. Оң қолын жоғары көтеріп, халқына жол сілтеуден бір танбайды. Одан ары биік үйлердің иығынан қары әлі кете қоймаған Алатау жоталары қылаң береді... Арқалы орындыққа жайғасқан Сәбең кенет кеуде тұсының шымырлап ауырғанын сезді. Жүрегі түскірдің бүгінгі аздаған жүрісті ауырлап қалғаны ма? Биыл Сәбеңнің 73 мүшелі. Осы мүшелден аман өтсе жарар еді...

Алайда дүние-ғайып деген осы ғой. Алдағыны кім болжап білген. Дәл осы сәтте Сәбең алда бір-ақ айлық өмірі қалғанын, жаңа ғана уәде беріп шыққан Азия-Африка жазушыларының жиынына ақсақал ретінде қатыса алмайтынын білген жоқ еді... Ал енді жиырма жылдан кейін дүние өзгеріп, коммунистік биліктің өзінен-өзі омырыла құлайтыны, мына тұрған Ленин ескерткіші орнынан алынып тасталатыны әлі ешкімнің кәперіне кіріп-шықпаған.

2014 - қазан