Мақалалар
Талантты топтың төлі еді
(Беташар сөз)
Өткен 20-ғасырдың 60-жылдарында Қазақ Әдебиетіне бір шоғыр таланнты жастар келіп қосылды. Сортаң тартқан теңізге тұс-тұстан жамырай құйылған тұщы бұлақтардай, бұл қуатты топ сол кездегі социалистік реализмнің қатаң қағидаларын қақырата бұзып, Советтік әдебиетке сапалық өзгерістер енгізді.
Бұл кезеңді кейін әдебиет зерттеушілері «Хрущевтың жылымығы» деп атайтын болған. Жұрт айтып жүргеніндей, дәл осы жолдарда саясаттың тар құрсауы кеңейіп, кейбір шектеулер алынып, өнер адамдарына сәл-пәл еркіндік берілгені рас. Алайда бұл өзгерісті тек саясатқа Кремльдің жарылқауына ғана еншілеп берсек, онымыз мәселенің байыбына бармағандық болар еді. Мәселе одан гөрі де тереңде жатыр. Басты пактор: адамдардың өзгеруі, қоғамдық сахнаға жаңа ұрпақтың шығуы. Сталиндік қуғын-сүргінді бастан кешпеген, үрейден, қорқыныштан ада, өзгеше ойлайтын, жаңа тұрпатты әулет келді әдебиетке. Солар алдыңғы буын айтпаған ақиқатты айта бастады. Арғы-бергі тарихты ақтарып, тың тақырыптарға батыл қадам жасады.
Біз бүгін сөз еткелі отырған Жайсаңбек Молдағалиев, міне, осындай талантты топтың өкілі болатын. Табиғатынан елгезек, еті тірі Жайсаңбек өмірге оңқай асықтай икемді, бесасбап, пысық болды. Партияға да, жазушылар одағының мүшелігіне де өз құрбыларынан бұрын өтті. Біздің қатарымызда романға алдымен қалам тартқан да – Сәкен, Рамазан, Жайсаңбек үшеуі болатын. Ол әр алуан қоғамдық жұмыстарға да ерте араласты. Газет-журналдың, баспаның қызметтерін игеріп болған соң, біраз жыл мемлекеттік баспасөз Комитетінде бөлім басқарып тұрды. Кейінірек Академияның әдебиет институтына ауысып, кандидаттық диссертация қорғады.
Жайсаңбектің бір бақыты: басқаларымыз маңайын басуға қорғанатын әдебиеттің алыптары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров сияқты үлкендермен емін-еркін араласа беретін. Сырбай мен Ғафу ағалары да тонның ішкі бауындай. Жаңағы кісілердің кез-келгенімен сапарлас, дәмдес болып жүреді. Осындай қамқор ағалары бар Жайсаңбекке біз қызыға қарайтынбыз. Бір күні ол мені Медеу аңғарындағы өзі демалып жатқан Совминнің демалыс үйіне ертіп барғаны есімде. Даңғыраған жеке котедж. Бұрын мұнда Ғабит Мүсірепов орналасқан екен. Ол кісі тығыз шаруамен Мәскеуге ұшып кетіпті де, өз орнын уақытша Жайсаңбекке қалдырыпты. Міне, ағамның қамқорлығы мен інінің еркелігі деп осыны айтса болады.
Бұрын сырттай сыйласатын Жайсаңбекпен менің қоян-қолтық араласуым 1967-жылдан басталды. «Жазушы» баспасының проза редакциясында аға редактор болып қызмет істейтін Жайсаңбек сол жылы көктемде Мемлекеттік баспасөз комитетіне жоғарылап кетті де, оның босаған орнын мен келіп бастым. Ол мұны жақсылыққа жорып:
- Проза бөліміне сенің келгенің қандай жақсы болды. Мен енді бұл жаққа алаңдамаймын. Қолжазбамды тек саған қаратамын! – деп кәдімгідей қуанғаны есімде.
Айтқанындай-ақ, мен оның «Торғай толғауының» екінші кітабынан бастап (романның бірінші кітабы баспаға мен келмес бұрын, 1966- жылы шығып кетіпті), бірнеше кітабына редактор болып, қол қойдым. Сірә, мен баспада істеген 1967 -1976 жылдар аралығында жарық көрегн кітаптарына түгел дерлік мен қол қойған болармын.
Қаламы жүрдек Жайсаңбек өнімді еңбек етті. Үш кітаптан тұратын («Торғай толғауы», «Сарыарқаның сүйіктісі», «Ескі дос») роман-трилогиясынан басқа, «Жүрек қазынасы», «Жаз ерке», «Самал», «Алғашқы қоңырау» повестерін жазды. Қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өмірінен жазылған «Алғашқы қоңырау» хикаятын кейін толықтырып, «Таза бұлақ» атты романға айналдырды. Жайсаңбек шығармашылығы өзі туып өскен Тың өлкесімен тығыз байланыста болды. Оның «кісіге көп керек пе?» романында атақты Тың көтеруші, социалистік еңбек ері Жансұлтан Демеев бейнесі сәтті сомдалған.
Жалпы, Жайсаңбекті Тың көтеру кезіндегі ауыл өмірінің - өзгерген өлкенің жыршысы десе болғандай. Жазушының жылы юморға толы, жүрдек оқылатын шығармалары жұртшылыққа кең тарады. Бұған дәлел ретінде «Торғай толғауы» трилогиясының бірінші кітабы – 40000, екінші кітабы – 50000, үшінші кітабы - 41000 данамен тарағанын айтсақ та жеткілікті. Ол біздің буында диолог ойнатудың шебері еді. Оның шығармаларында кейіпкер сөзі оқиғаны өрбітуге септесіп қана қоймай, адамдардың мінез-құлқын да даралап, ашып тұрады.
Жайсаңбек – қолы ашық, қонақжай, жомарт жігіт болатын. Жетпісінші жылға дейін ол Тимирязев көшесінде әйелі, бес баласымен екі бөлмелі үйде тұрды. Сонда да оның үйінен қонақ үзілмейтін. Бір жолы қыс күндерінің бірінде «аулдан келген дәм бар еді» деп, мені үйіне ертіп барды. Торғайдан әкесі келіп жатыр екен. Ауылдан соғым әкеліпті. Ешкімді жатсынбайтын, зор денелі, ер мұрынды Молдағали ақсақалмен әңгімелесе отырып, ас ішкеніміз бар... Жайсаңбек мені ұзата шығып:
- Мені әлі де ауылдағы осы шал асырап тұр. Әйтпесе, жалғыз жалақы топты жанға қалай жетеді? – дегені есімде.
Ол кезде партияның мүшелік жарнасы да жазушыларға оңай тимейтін. Әсіресе кітабың шыққанда қаламақыңды опырып-ақ кетеді. Сондай сәтте Жайсаңбек айтқан: «Бұл да бір жағынан алтыншы бала боп жабысты-ау» деген сөз де жігіттердің арасында тарап кеткен.
Жайсаңбек ңағыз кемел шағында арамыздан ерте кетті. 1986-жылдың маусым айы еді ғой. Біз, бір топ жазушы бүкіл одақтық съезге қатысып, Мәскеуде жүргенбіз. Бір күні Алматыдан қайғылы хабар жетті. Жайсаңбек қайтыс болыпты. Біреулер үйлеріне әлдеқалай телефон соққан екен. Солар хабарлапты. Төбемізден жәй түскендей болдық. Кеше ғана сап-сау жүрген адам ауырмай-сырқамай, саяжайда қонып жатқан жерінде жүріп кетіпті... Былтыр ғана елуге толып еді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасын алғанда, қуанышын бірге тойлап едік.
Жайсаңбектен: Үміт атты қыз, Ермек, Ниязбек, Абай, Ілияс атты төрт ұл қалған. Бір қуанарлығы, балаларының бәрі жоғары білімді, тіршілігі бар, жақсы азаматтар болып өсті. Бәйбішесі Нағима ханым ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, Жайсаңбектің шаңырағын шайқалтпай жақсы ұстап отыр.
Егер Жайсаңбек тірі болса, биыл жетпіске толып, мүшел жасын бізбен бірге тойлар еді. Оған тағдыр шіркін жеткізбеді ғой. Оның екінші өмірі – шығармаларында. Той кезінде «Торғай толғауының» қайта басылуы – игілікті іс. Бірақ жазушы мұрасы мұнымен бітпейді. Жайсаңбек шығармаларынан 5-6 томды еркін ойып алуға болады. Балалары енді әке мұрасын толық шығаруды ойластырғаны жөн.