Мақалалар
Шыңғысхан – біздің бабамыз! "Жас Алаш", 12- қыркүйек, 2019
Мақаланың тақырыбына алғаш көзі түскенде біреулер баяғыда болары болып, бояуы сіңген дүниені жазушы неге жаңғыртып отыр деп таңырқап қалуы да мүмкін. Бірақ байыптап қарасаңыз, тарихтағы көп мәселелер әлі шешіліп болмағанын байқайсыз. Ал, мен қаламымды неғұрлым шешілмеген түйіндерге жұмсайтынымды оқырман қауым жақсы біледі. Менің «қаламымды қозғайтын күш – шындықты айтуға құштарлық» деген ертеректе айтқан сөзім бар. Өтірікке төзбеймін. Менің бүкіл шығармаларым осы ұстаныммен жазылған.
Ал Шыңғысхан төңірегінде көптен бері айтылып келген, Азияда туып, одан Европаға жайылған жойдасыз өтірік менің арқама аяздай батушы еді. Жалған концепцияны әшкерелеу мақсатында ара-кідік мақалалар жазатынмын. Бірақ менің пікірлеріме құлақ асқан ешкім болмады. Әйткенмен, қалың көпшілік біле жүрсін деген оймен, жақында Нұрсұлтан қаласында ашылған Азия жазушыларының форумында «Шыңғысхан – моңғол емес, түрік» деген тақырыпта сөз сөйледім. Азияның 38 елінен келген қаламгерлер менің сөзмді көңіл қоя тыңдады. Әр тұстан шапалақ соққандар да болды. Қазір менің сол сөзімді ғаламтордағы әлеуметтік желілерде сан-саққа жүгіртіп жүргендер бар көрінеді. Форумда айтылған менің сөзімнің ұзын-ырғасы мынадай.
Жалпы Шыңғысханның моңғол емес, түрік екеніне көз жеткізу үшін асқан ғұлама, оқымысты ғалым болудың қажеті шамалы. Шындық қашанда қарапайым болады ғой. Ұлы Қағанның кім екенін орда шежіресінің сөзі-ақ айтып тұр. Шыңғысханның анасы, яғни нағашы жұрты – қоңырат, бәйбішесі Бөртенің төркіні, қайын жұрты да – қоңырат. Оны аз десеңіз, қағанның Бөртеден туған төрт ұлының алған әйелдері де түрік қыздары (қазақтың қоңырат, жалайыр, керей, найман руларынан). Қағанның ұлдары тұрыпты, немерелерінің де сүйіп алған жарлары – түрік қыздары...
Қағанның отбасы осындай болғанда, әскер бастаған қолбасы нояндары кім дейсіз ғой? Олар да – түп түгел түріктер. Бірнеше мысал келтірейік: бүкіл Қытайды бағындырған қолбасы Мұхали – жалайыр, атақты Жебе ноянның арғы тегі – арғын екен. Сүбетай баһадур – түрік тайпасы ұранхайдан. Құлағу ханның армиясын сонау Мысырға дейін бастап барған бас қолбасы Кетпұқа – найман. Осылай соза беруге болады.
Демек, Шыңғысхан әулетіне қыз берген құдалар тізімінде де, қолбасы нояндар санатында да моңғол есімі кезікпейді. Сөйте тұра «Шыңғысхан – моңғол» деген жалған ұғым қайдан, қалай пайда болды? Біздің бабамыз Ұлы Қағанды моңғолға теліп жүргендер – Қытай мен Ресей саясатшылары және солардың сойылын соғып жүрген жағымпаз тарихшылар. Әсілі, Шыңғысхан туралы дерек беретін бастау көздер көп емес. Олар – «Моңғолдың құпия шежіресі», ұлы тарихшы Рашид-ад-диннің «Жамиғы ат-Тауарих» топтамасы, Ата-мәлік Жебейнидің «Әлем әміршісінің тарихы», сонан соң Вильгельм Рубрук пен Марко Поло сияқты саяхатшылардың жазбалары. Сұмдық-ай, міне осыларды қытай тілі мен орыс тіліне аударғанда, Шыңғысханның тегі түрік екенін жазған тіркестерді мақсатты түрде әдейі сызып тастап отырған ғой! Мақсат – Ұлы Қағанды түрік емес, моңғол етіп шығару.
Бұл арада моңғолдардың титтей де кінәсі жоқ. Олар «Шыңғысхан – біздің бабамыз» деп таласқан да емес. Оларға «мынау сендердің бабаларың» деп әлем әміршісін тарту еткен империя саясатшылары. Шыңғысханды түріктерге жақындатпаудың амалы. Себебі Ресей империясы да, Қытай қағанаты да түріктерден қатты қауіптенетін. Қытай елі ұлы қорғанды кімнен қорқып тұрғызғанын білесіздер. Ал орыстар үш ғасыр бойы түріктерге (Алтын Ордаға) бодан болғанын өмірі ұмытпайды. Орайы келсе соның есесін қайырып, кек алғысы келеді.
Азия жазушыларының форумына Моңғолиядан екі-үш жазушы келген екен. Мен сөйлеген сөзімде соларға қарап тұрып, моңғол халқына рахмет айттым. Мойындауымыз керек, кезінде «Ойбай, Шыңғысхан басқыншы, Шыңғысхан жауыз» деген империя насихатына сеніп, біз өз бабамыздан безіп, ат-тонымызды ала қаштық емес пе?! Сол заманда, уақытша болса да, иесіз қалған Ұлы Қағанға моңғолдар ие болғаны рас. Олардың жалғыз кінәсі – «бұл біздің бабамыз емес» деп айпағандығы. Қожалары ұсынып тұрған соң қарсыласпай қабылдаған. Бұл оларға жаман болған жоқ. Моңғолдар Ұлы Қағанды төбелеріне тұтып әспеттесе, Шыңғысхан моңғолдың абыройын асырып, атын әлемге жайды.
Жалпы, моңғолдар аз халық қой. Шыңғысхан заманында олар саны 20-30 мыңнан аспайтын белгісіз тайпа болатын. Бейбіт заманда рулар әрбір 25-30 жылда екі-еселенеді. Осылай еселеп өскеннің өзінде моңғолдар сегіз ғасырда үш миллионға әрең жетті. Осындай шағын халық Шыңғысханның жер қайысқан түмендерін жасақтай ала ма? Бату хан Еуропаға жорық жасағанда 250 мың әскермен аттаныпты. Осыншама қол құрау аз халық моңғолдың қолынан келе ме? Бұлай істеу Шығыс Қытай теңізі мен Қаратеңіздің арасын алып жатқан ұлы түріктің ғана қолынан келді. Үйің күйгір отаршылар көрінеу тұрған осы фактілермен де санаспады-ау!
Әр нәрсе өз уағында. Шыңғыс қаған енді өз отанына қайтуы керек. Шүкір, ұрпақтары бұл күнде тәуелсіздік алып отыр. Біз азаттықтан кейін ғана ұлы бабамызды зерттеуге мүмкіндік алдық. Жазушы Мұхтар Мағауин Шыңғысхан заманы жайында төрт томдық кітап жазды. Кімнің қай рудан екені, атқарған қызметі сол кітаптарда толық көрініс тапқан. Тарихшы Тілеуберді Әбенайұлы Шыңғысхан өмірі мен оның әулеті хақында әлденеше кітап шығарды. Ең кереметі, қытай тілін жетік білетін Тілеуберді Рашид-ад-диннің көп томды «Жамиғы-ат-Тауарих» кітабынан бастап, басқа да тарихи еңбектерді түпнұсқадан қайта аударып, оны бұрынғы басылымдармен салыстырып шықты. Отаршылардың баба тарихына қастықпен жасаған қиянаты, қасақана істеген бұрмалауы, міне, осыдан кейін ғана ашылып отыр.
Сөйтсек, ұлы бабамыз Шыңғысхан – кәдімгі түрік екен. Түріктің маңғұл аталған шығыс тармағынан. Оның ішінде жалайыр, оның ішінде төре руынан. Діні – ислам. Бүкіл әулетімен түрік тілінде сөйлеген. Туып-өскен жері – қазақ даласы. Оны қиыр шығысқа апарып жүрген – отаршыл тарихшылар... Ол да – Шыңғысханды қазаққа жақындатпаудың амалы. Түріктің «моғол», «маңғұл» деген сөздерін қасақана бұрмалап, «моңғолға» айналдырып жіберген. Орданың «Қарақорым» аталған орталығы Ұлытауда болыпты. Әкесінен бір жыл бұрын өлген Жошы ханның Ұлытау өңіріне жерленуі тегін емес. Шығыстағы майдан даласында құлан аулап жүріп мерт болған Жошының сүйегін жолдың ұзақтығына қарамай туған өлкесі Кеңгір бойына алып келген. Ең ғажабы, жер-көктен іздеп таппай жүрген Шыңғысханның асыл сүйегі де Ұлытауда жатыр. Баяғыдан бері біздің «Алаша хан» деп жүргеніміз – қасиетті Шыңғысханның өзі екен. Өз басым неше алуан миф пен аңыздан өзге нақты дерегі жоқ, әркім әрқалай жоритын «Алаша-ханның» кім екенін біле алмай, «Әй, осында бір шикілік бар-ау» деп ойлаушы едім. Ақыры күдігім расталды. Тарихта Алаша-хан деген адам болмаған. Ол да Шыңғысханды ұмыттыру үшін жасалған амал. Бізді адастырған – тағы сол отаршыл тарихшылар. Ұлы Қағанды қазаққа жақындатпаудың амалы. Енді бүгін шүкіршілік, тәуба деуімізге болады. Ұлы бабамыз даламыздың төрінде жатыр. Шыңғысхан мен Жошының аруағы қазақты қаһарлы салауатымен-ақ қорғайтын болады.
Орыс халқы ғылымға жақын, көзі ашық, әрі турашыл жұрт қой. Шыңғысханның түрік екенін алдымен солар мойындай бастады. Осыдан екі жыл бұрын Мәскеуден шығатын «Новое время» газеті былай деп жазды. «Осы біз үш ғасырға жуық (XIII – XV ғ.) моңғолдың езгісінде болдық дейміз. Бірақ орыс тіліне енген моңғолдың бір-де бір сөзі жоқ. Оның есесіне, сол жылдары тілімізге түріктің жүздеген сөзі еніпті. Соған қарағанда, біздің «моңғол» деп жүргеніміз түрік емес пе екен?» депті тіл маманы.
Осылайша ақиқатты өз бетімен іздеп тапқан адамдарға, әрине, рахмет айтасың. Алайда, жұрттың бәрі бірдей ме? Ғасырлар бойы санаға сіңіп қалған жасанды ұғымдар оңайшылықпен сейіле қояма ма? Енді біреулерді жалған намыс, империялық кеуде, қызғаныш жібермейді.
Мәселен, Қытай идеологтары бұрынғы райынан әлі қайтқан жоқ. Олар әлі күнге дейін Шыңғысханды моңғол деп есептейді. Білместіктен емес, қасақана. Қытайлар Шыңғысхан туралы көп сериялы бірнеше фильм түсірді. Ал «Құбылай хан» атты сериалдары осы күнде біздің телеэкранда жүріп жатыр. Қытайлар кино түсіре біледі. Оқиға өрбіту мен техникалық жақтан ешқандай мін таппайсың. Мәселе мазмұнда. «Шыңғысхан – моңғол» деп өздері ойлап тапқан өтіріктің мына кинода одан ары жалғасуында. Бұл фильмде салт-сана, әдет-ғұрып, киген киіміне дейін түгел моңғолша. Ордадағы бас қосулар, тіпті құрылтайларының өзі арақ-шарапсыз өтпейді. Мөңке қаған маскүнем... Жап-жас ханзадалар да арақпен ауызданған. Құбылай ханның қайынатасы өліп бара жатып, бір жұтым арақ сұрайды-ау! Ал, өмірде олай болмаған ғой. Түріктер арақ ішпеген. Шыңғысханның өзі де, өзге өрен-жараны да ислам дінін әлдеқашан қабылдаған. Қаған әулетінің түгел мұсылман болғандығын Рашид-ад-диннің «Жамиғы-ат-Тауарихы» да, Рубрук пен Марко Полоның жазбалары да растайды.
Әрине, күннің көзін ешкім де етегімен жауып тұра алмайды ғой. Дүние жүзі бірте-бірте Шыңғысхан туралы ақиқатқа оралатыны анық. Ең бастысы, ұлы бабамызды өзіміз танып, оған ие болуымыз керек. Жасырып керегі не, соңғы жылдарға дейін біздің зиялы қауым Шыңғысхан туралы бірауызды болған жоқ. Кейбір дүмше патриоттар: «Шыңғысхан біздің Отырардай қаламызды күйретті. Қамал бастығы Қайырханды азаптап өлтірді» деп Ұлы Қағанға кәдімгідей өшігіп жүрді. Отырардың күйреуіне арнап, Қайырханды жоқтап қаншама шығармалар жазылды. Әсіре патриоттар өздерінше Шыңғысхандай Гималайды құлатып, оның орнына Қайырхандай төбе тұрғызғысы келді.
Олар Отырардың қазақ қаласы емес, Хорезмнің шекарадағы ең шеткі қамал-қаласы екенін, Қайырханның сүйегі қаңлы болғанымен, Хорезм-Шахтың туған балдызы екенін де ескеріп жатпады. Ал шындыққа жүгінсек, дұшпандық жасап, алдымен соқтыққан – Шыңғысхан емес, Қайырханның өзі ғой. Бейбіт мақсатта 500 түйемен Хорезмге кетіп бара жатқан Шыңғысханның керуенін тонап, елшілерін түгелдей қырып тастаған Қайырханды Ұлы Қағанның жазаламай кешіре салуы мүмкін бе? Сол үшін Отырар қамалын қоршауға алып, ақыры Қайырханды қолға түсіреді. «Сенің алтын-күміске тоймайтын аш көзің осы ма» деп, екі көзіне ерітілген күміс құйғаны рас.
Әсілі, Ұлы Қағанның Хорезмге қарсы таяу арада соғыс ашу ниеті жоқ тұғын. Қайырханның араға от тастаған қылмасты әрекеті оқиғаны жеделдетіп жіберді. «Ал, ендеше, май сұрасаң, міне құйрық!» деді де, келесі жылы Орта Азия түріктерін Хорезм құлдығынан азат ету жорығына аттанды.
Бұдан былай қазақ зиялысы бірлікке келеріне, қалың бұқара халықтың да ұлы бабаларының аруағымен қуана қауышарына сенемін. Халықтың сауатын ашу үшін Шыңғысхан туралы жаңа деректерді көптеп жариялау керек. Әсіресе, Тілеуберді Әбенайұлының «Шыныңа көш, тарих. Шыңғысхан кім?», «Құпия шежіренің құпиясы», «Түгел тарихтың түбінде не жатыр», «Шыңғысхан тарихы – қазақ тарихы» атты еңбектерін көп тиражбен қайта басып шығарған жөн.
Ұлы бабамыз Шыңғысханға қазақ халқы ғана емес, бүкіл түрік жұрты қарыздар. Егер ол ЕурАзияны уысында ұстап, «Алтын Орда» мемлекетін құрмағанда, қазіргі түрік республикалары телімге түсіп, кімдердің босағасында отырары белгісіз еді. Дәл осы орайда, қазақ халқын құттықтап, сүінші сұрағанымыз жөн шығар. Қуана бер халқым! Дүниеде теңдесі жоқ ұлы қолбасшы, түрікті құлдықтан құтқарған әлем әміршісі Шыңғысхан – біздің бабамыз!
Қабдеш Жұмаділов
Қазақстанның халық жазушысы