Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Шамырқанса шарт сынатын тектілер естелік-эссе


Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын,
Шамырқансам, шатынап сынар болатпын.

Махамбет

Сіз, тегінде, өмір сүру деген оп-оңай деп ойлайсыз ба? Бұған біркелкі жауап табу қиын. Өйткені біреуге өмір сүру – жеп-жеңіл, ал екінші біреуге өте ауыр, тым қиынға түседі. Тұтас өмірді қойып, жәй күнделікті тіршіліктің өзін әркім әртүрлі қабылдамай ма. Бұл жағы Жаратушы Құдырет сізге қандай жүрек, қандай жүйке сыйлағанына байланысты. Бір білгіштер адамдарды хрустал нервілі, мыс нервілі, қыш нервілі, киіз нервілі деп бөледі екен. Некен-саяқ болат нервілі жандар да ұшырасатын көрінеді. Өмірдің біреуге ауыр, екінші біреуге жеңіл болатыны содан деседі.

Әрине, хрустал нервілі дегеніміз – аса жоғары сезімталдықты білдіреді. Ондай адам дүниенің барша ауыртпалығын жүрекпен сезініп, бәрін өзіне қабылдайды. Осылайша, намыспен тұтанып, іштей өртеніп жүріп, ақырында «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегеннің кебін киіп, бір күні күйіп-жанып таусылады. Бұл топқа ең алдымен ақындар кіреді, әрине. Ақындар үшін мына өмірдің әрбір айына, әрбір жылына төтеп берудің өзі – бір ақырет. «Мен ертерек бастадым, бітем ерте, менің ақылым өз ісін жасар келте» дейді Лермонтов. Ал Мұқағали «Бұл өмірге отыз бес жыл шыдадым, енді қанша тұрамын» дейді өзінің ұзақ жасайтынына күмән келтіріп. Ақынның сол айтқаны келді, ол тағы он жылға зорға шыдастық берді де, небәрі қырық бес жасында ана дүниеге аттанып кетті.

Басқа халықтарды кім білсін, осы 44-45 деген жас – біздің қазақ ақындары үшін қатерлі кезең. Осы жасқа келгенде біздің ақындар өзі-ақ өледі. Не болмаса, отаршыл өкімет оқ атып көмектеседі (Мағжан, Сәкен, Ілияс). Сонымен, кейінгі ақындарға да осы меже жол болып қалды: Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Кеңшілік, Жұматай... бәрі де сол қырық бестің төңірегінде дүние салды. Ал бірен-саран ұзақ жасаған ақындар болса, жаңағы «қылкөпірден» не мансапқа сүйеніп, не басқа бір қосымша кәсіппен айналысып, елеусіз өтіп кеткендер.

Біз бұл тізімге киіз нервілі, құл саналы жандарды әдейі қоспай отырмыз. Өйткені олар тым көп қой біздің елде. Ұлтымыздың ұлтанды бөлігін солар құрайды. Қазақтың бодандыққа түскеніне екі ғасырдан асты десек, бұл шамамен жеті ұрпақты өз ішіне алады. Демек, біздегі құл саналы көпшілік жеті атасынан бері құл деген сөз. Біздің қатарымыздан жарамсақ сарай ақындарының көп шығатыны, халқымыздың намысқа шаппай, жетекке ермей, көткеншектеп қала беретіні содан.

Қорлыққа көнбей, ешкімге кіріптар болып, бас имей, шамырқана шарт сынған ақындардың бірегейі – Қасым Аманжолов. Менің Қасымға жаным ашиды. Тоба, мұндай да әділетсіздік болады екен! Ол анадан жастай жетім қалып, өгей шешенің қысымына шыдамай (көрдіңіз бе, шамырқану Қасымда бала кезінен дарыған), үйінен қашып шығып, балалар үйінде тәрбиеленген адам. Соны әрдайым еске алып:

  • Өмірден үміт жоқ өзге
  • Даланың тердім тезегін.
  • Әке боп таптың сол кезде,
  • Советтік менің өз елім, –

деп, Совет өкіметі үшін өзегін жұлып бере жаздайтыны содан. Сол Советтік отанын жаудан қорғау үшін төрт жыл бойы толарсақтан қан кешіп соғысты ғой. Сызды окопта екі өкпесінен бірдей суық тиіп, майданнан жарымжан болып қайтты... Сол жауынгер ақынға «Советтік отаны» не жақсылық жасады? Алматыдағы шіренген шенеуніктер бас сұғатын баспана бермей қор қылды ғой. Бір жыл емес, екі жыл да емес, табандаған жеті жыл бойы. Ал, 1952-жылы қалалық үкімет оған үй бергенде, бұған дейін әркімнің босағасында жүрген ақынның денсаулығы әбден құлдырап, өлім халіне жақындап қалған-ды.

Соғысқа бармай-ақ, еш бейнет көрмей-ақ, жәйлі де, сәнді үйлерде тұратындарды ақын көрмей-білмей жүрді дейсің бе? Білгенде қандай! Бірде 9-мамыр Жеңіс мейрамы кезінде, жұртпен бірге шеру тартып, көшеде келе жатқан жазушылар әлдебір салтанатты қоражайдың қасына келіп тоқтапты.

- Мынау – кімнің үйі? – десіп әркімдер таңданып қалады.

- Бұл – Горком хатшысы Түсіпбековтің үйі! – дейді білетіндер. Сонда ызалы Қасым бөгелместен:

Түсіпбеков жолдастың үйіне біз,

Сыртынан қараймыз да сүйінеміз.

Бір күн түсіп қалғанша хатшы болмай,

Неге ақын болдық деп күйінеміз! –

деген екен... Қазір қайда сол Түсіпбеков? Кім ол? Қазір оның кім екенін адам да, сайтан да білмейді. Ал солар кезінде билік басында отырып, Қасымдардың тағдырын шешті ғой. Амалы құрыған Қасым өмір бойы баспанасын жырлап өтті.

«Маскарадтың» шығарып масқарасын,

Алматыда жортып жүр ерке Қасым.

Мазасын ап Қаратай Құрманычтың,

Жыр етіп жүр өзінің баспанасын, –

дейді тағы бірде. «Ерке Қасым» дегені – өзіне дем беріп көтермелегені. Әйтпесе, Қасымға қайдағы еркелік? «Маскарад» деп отырғаны – өзі аударған Лермонтовтың поэмасы. Ал, «Қаратай Құрманыч» – үй бөлетін жердегі дөкейлердің бірі болса керек. Алла-ай, түкке тұрмайтын біреулер қазақтың ұлы ақынын баспанасыз қалдырып, қалай қорлаған десеңізші! Ақыры, сондай қайырымсыз жандардан әбден түңілгенде, ақын өзін-өзі былай деп жұбатыпты:

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды.

Өлеңнің отын жағып жылытамын,

Өзімді, әйелімді, жас баламды!

Сөйтпегенде қайтсын, қайран ақын өзіне-өзі жігер беріп, қайрағаны ғой. Қорлық пен мазаққа жығыла кетпей қасарысқаны. Бірақ жалғыз үй ғана ма – Қасымның басындағы тауқымет? Әлеуметтік теңсіздік, жағадан алған жоқшылық, ішіп-жемнің тапшылығы... Ақын соның бәрін сезінбеді дейсің бе? Оны сезінбесе, «үстімнен қара пальтом қойды-ау түспей, көк бөрік, көк жағаның заманында» деп, назалы өлең жазар ма еді?! Мұндай қорлықты көрген нәзік жанды, хрустал нервілі Қасымдар шарт сынбағанда қайтеді?

Мен 1956-жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға оқуға келгенімде, әттең шіркін, көрсем-ау деп армандаған екі жазушым бар еді. Оның бірі – Мұхтар Әуезов те, екіншісі – Қасым Аманжолов болатын. Бір арманым орындалды: Мұхаңды көрдім, университетте алдында отырып, дәріс тыңдадым. Өзімен жеке таныс болдым. Орысшаға әлі тісіміз батпай тұрғанда, әлем әдебиетінің нәрін Әуезовтен алдым. Ананың омырау сүтінде нәрестеге қажетті хоректік заттың бәрі болатыны сияқты, Әуезов шығармаларында да бізге қажетті нәрдің бәрі бар еді. Өйткені, Мұхаң әлем әдебиеті мен мәдениетінің бар асылын бойына сіңірген адам ғой. Сол бұлақтан біз де қанып ішкендей болдық.

Амал не, Қасым Аманжоловты көре алмай, сан соғып қалдым. Ол кісі біз келерден бір жыл бұрын қайтыс боп кетіпті. Бір тәуірі, сол жылы Қасым шығармаларының үш томдығы шығып жатыр екен. Енді соған шөліркей бас қойдық.

Ол жылдары әлі ақталмаған Мағжанның, Сәкеннің, Ілиястың шығармалары біздің қолымызға түсе қоймаған кез. Солардың жоқтығын білдірмей, Абаймен екі арадағы бос орынды толтырып, қазақ поэзиясын жаңа бір белеске көтерген – сөз жоқ, Қасым Аманжолов еді. «Қазақтың аласа аспанын, түндіктей түріп бір тастадым» деп, оны ақынның өзі де айтып кеткен.

Иә, қазақтың қара өлеңі ол кезде ешкімге таң емес-ті. Бәріміз де өлең ұйқастыра алатынбыз. Бізге керегі – тың теңеу, тың образ, бұрын ешкім айтпаған ой-пікір, соны сезім, бір сөзбен айтқанда, жаңаша ойлау жүйесі болатын. Ең ғажабы, Қасымда осының бәрі бар еді. Өлеңінің әр жолы – тұтас картина. Санаңда мөрдей басылып қалады. «Үстімде сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін» дейді Қасым. Көз алдыңа әлдеқайда шеру тартып бара жатқан әскер елестейді. Сұр шинелді сол саптың бір жерінде аяғының жарасы әлі толық жазылмаған ақын да кетіп бара жатқандай. Немесе, «солдаттың етігіндей жаным сірі» дейді ақын. Бұл да – бұрын ешкім айтпаған сөз. Дүниеде солдаттың етігіндей тепкі көретін не бар екен? Адам бойындағы ерлік те, қайсарлық та, төзімділік те – сол бір ғана теңеуге сиып тұрғандай. Ал, Маяковский туралы өлеңінде «ескі дүние есігін теуіп ашып, кіріп келді ол жүзінен жалын шашып» деген жолдар бар. Көз алдыңда өршіл ақын бейнесі бірден жарқ ете қалады. Ал, Низами туралы қалай айтқан дейсіз ғой? «Қауырсынын қалам етіп ақ қаздың, дүниені алдыңа алып хат жаздың» депті ақын. Сонау орта ғасырда өткен поэзия алыбы жайында бұдан артық не айтуға болады?

Қасым не туралы жазса да, әр сөзі тұрған жерінде бір аунап түсіп, жақұттай жарқырап шыға келеді. Басқа қазақ ақындары Коммунистер туралы ұқсатып жаза алған жоқ. Ал Қасым «бойында бұрқыраған жалын күш бар, құрыштай шынықтырған жиналыстар» дегенде, сол сәт коммунист болғың келеді. Ал мынау – әйеліне арнаған өлеңі:

Ашуыма ащы етіп,

Жібере көрме бұрыш сап.

Құрысып қалған көңлімді

Үтіктеп берші дұрыстап...

Отбасы тірлігінен туған осы шумақта қандай наз, қандай жарасымды еркелік бар?!

Қай заманда болмасын еңбексіз-толғақсыз құрметке бөленіп, ұпайларын түгендеп, «екі алып биге шығып» жүретін ақындар аз болмаған. Ондайлар Қасым кезінде де болған, қазір де баршылық. Оларды жұрт «Сарай ақындары» деп атайды. Мансап та – соларда, жақсы тұрмыс та – соларда. Кезінде Қасымдай талантқа есеп-теңдік бермеген де – солар. Олардың шама-шарқын ұлы ақын да жақсы білген. «Осы күнде шығып жүр, Қасым деген бір ақын, сол болады түбінде енелеріңді ұратын» деп әзілге сүйеп, ескерту де жасаған.

Жазбаймын үгітілген балшық өлең,
Көңілде көл жасаман тамшыменен
Серінің сертке таққан семсеріндей,
Өлеңнің өткірін бір алшы менен! –

деген жолдарды Қасым өзінің дарынсыз замандастарына ерегесіп жазған. Бұл – әрі ақынның өзіне қойған сертті талабы, әрі нағыз өлеңнің қандай болатынын оқырманға нұсқап көрсеткені. «Аламын ауыр ойдан ауыр сөзді, мақта емес, ми болған соң басымдағым» деген жолдар да сол тұста қаптап кеткен мағынасыз, жеңіл-желпі жырларға қарсылықтан туған.

Ал, сол замандағы қазақ поэзиясының деңгейі қандай еді? Жасырып керегі не, бірен-саран талантты ақындар болмаса, көпшілігі күнделікті үгіт-насихаттан аспайтын қарабайыр дүниелер болатын. Отан қорғау тақырыбына жазылған «О, пашист, сонша неге кісінедің, әкеңді танытады Д.Снегин» сияқты жолдар, «Автоматым қолымда, партбилетім төбемде, «Отан үшін» дедім де, қойып кеттім тереңге» сияқты шумақтар ол жылдары көптеп басылып жататын. Ал, ауыл тұрмысын жырлағаны «Қой шетінде Құрманбай, концерт беріп тұрғандай» рәуішті болып келетін... Міне, осындай дарынсыз, жансыз, жасанды «жырлардан» әбден мезі болған оқырман қауымға таза ауа – кислород жетпей тұншығып тұрғанда, оларға шындық пен көркемдік нәрін тамызып, құтқарып қалған – Қасым Аманжолов поэзиясы еді. Амал не, дәл осы тұста ауыру меңдеткен ұлы ақынның өзін құтқаратын ешкім болмады.

«Ел болса ер туғызбай, тұра алмайды» дегенді бұрынғылар тегін айтқан ба? Мен әлі де Қасымды жоқтап, оның орнын толтыра алмай күңіреніп жүргенімде, тағдыр маған көкжиектен енді ғана көтеріліп келе жатқан тағы бір ұлы ақынды жолықтырды. 1956-жылдың қыркүйегі. Мен Қытайдан таяуда ғана келіп, университетте оқып жатқан кезім болатын. Қазір ойласам, сол бір жыл – бәріміз үшін де бақытты жыл болған екен. Қазақстан алған рет миллиард пұт астық алған жыл. Сібірде айдауда жүрген азаматтардың, сол қатарда Мәскеуде бой тасалап жүрген Мұхтар Әуезовтың елге оралған жылы. Қайда барсаң, көтеріңкі көңіл күй, ашық-жарқын мінез, көңілді күлкі... Ал осының бәріне Алматыны аңсап келген менің көзіммен қарағанда, айнала-төңіректің одан ары құлпырып сала беретіні айтпаса да түсінікті.

Ол жылдары университеттің бас корпусы (яғни ректор отыратын ғимарат) сол кездегі комсомол көшесі мен ұйғыр көшесінің (қазіргі Төле би мен Байтұрсынов көшесі) қиылысында болатын. Ол кезде қазіргі «КазГУград» жоқ, университеттің оқу үйлері қаланың әр жерінде шашырай қоныстанған. Ал, филологтар мен математиктер жаңағы бас корпуста оқушы еді.

Бір күні осы күнгі қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар екеуіміз түс ауа сабақтан шығып, енді Виноградов көшесіндегі (қазіргі Қарасай батыр көшесі) жатақханаға бұрыла бергеніміз сол еді, Оразақын әлдебір жігітпен шұрқыраса кетті. Сыңайы, бірін-бірі көптен білетін адамдар. Үйші, ауыл-аймақтың амандығын сұрасып жатыр. Содан бір уақытта Оразақын әлгі жігітті маған таныстырып:

- Менің Нарынқолдық ауылдасым. Қазір қазақ радиосында диктор болып істейді. Мұқағали Мақатаев деген ақын осы! – деп аз бөгелді де, кезек маған келгенде. –Бұл да – Шыңжаңда көп өлеңдері жарияланған талантты ақын. Жиырма күннің алдында ғана, Қытайдан келді. Университетте бірге оқимыз! – деді.

Жас кезіміздегі зерде (памить) дегенің керемет еді ғой. Жаңа «Мұқағали Мақатаев» дегенді естігенде, өткен жылы «Жұлдыз» журналында басылған «Хат» және «Біздің ауылдың іңірі» деген екі өлеңі жадыма сарт ете қалды. Мен сол арада Мұқағалидың қолын ала беріп, «Хат» деген өлеңнің екі шумағын жатқа айтып жібердім.

Сағынышым – тек өзіңсің бір ғана,

Ұшып жетті қарлығаш та, тырна да.

Саралақаз жұмыртқалап үлгірді,

Кеше екеуіміз асыр салған жылғада.

Ең алғашқы нөсер де өтті себелеп,

Әлдеқашан гүлге қонды көбелек.

Бақыт, байлық бәрі де бар ауылда,

Әттең, Сәулем, өзің жоқсың, не керек! –

деп тоқтағанымда, Мұқағали мені бассалып құшақтай алды.

- Бауырым-ау, келгеніңе әлі ай толмай жатып, мына өлеңді қашан жаттап алып жүрсің? – деген таң-тамаша болып.

- Өткен жылы «Жұлдыз» жұрналынан оқығам, – дедім мен.

- Сол жұрнал Қытайға да барғаны ма сонда?

- Барғанда қандай!

Не керек сол күннен бастап Мұқағали екеуіміз таныс-біліс, ағайын боп кеттік. Мен алғаш көргенде Мұқағали тура жиырма бес жаста еді. Сол кездегі ақынның түр-тұлғасы әлі көз алдымда: сұңғақ бойлы, мелжемді, екі иығына екі кісі мінгендей, ұяңдау ұзын шашын желкесіне құлата қайырған, нарттай қызылшырайлы жігіт еді. Бір жерін шертіп жіберсең қан бұрқ ете түсетіндей әсер қалдырған.

Мұқағалимен қарым-қатынасымыз жалғаса берді. Келесі 1957-жылы мен Совет одағында оқитын қытайлық студенттер атынан (ол жылдары Совет одағында Қытайдың алты мыңдай студенті оқушы еді) Мәскеуде өткен дүниежүзі жастары мен студенттерінің алтыншы фестиваліне қатынастым. Содан қайтып келген соң, бірге оқитын Оразақын: «Биыл елге барып қайтуға кеш қалдың. Каникулдің қалғанын біздің ауылда өткіз» деп, мені өзінің еліне ертіп кетті. Міне, осы айларда Нарынқолда демалыста жүрген Мұқағалимен тағы ұшырастық.

Әй, сол күндері Шалкөде жайлауында армансыз бір сайрандадық-ау! Шалкөде бойы бие байлаған ауылдар. Оның бәрін түгендемей, кілең бір қызы бар ауылдарға қыдырамыз. Оразақын тұратын «Киров» колхозы мен Мұқағалидың ауылы Қарасаз («Энгельс» колхозы) арасы жеті-сегіз-ақ шақырым. Көп ұзамай біздің топқа жас ақын Еркін Ібітанов қосылды. Ол да – Қарасаздан, Мұқағали екеуі ауылдас. Өзі аудандық мәдениет бөлімінде істейді екен. Жүрген жері – сауық сайран. Ауыл-ауылды аралап, кино көрсетеді. Қыз-келіншектерді жинап алып, концерт қояды, би ұйымдастырады. Несін айтасың, әлгі «өзім сері, өзім салдың» өзі.

Бір жолы Қарасазға барғанымызда, Мұқағали үйіне шақыруға жағдайы болмады ма, бізді колхоз асханасына апарып, қонақ етті. Мұқағали ол кезде үйлі-баранды мектепті бітірер бітірместен өзінен екі жас үлкен мұғалима қызға үйленген... Асханада бізден басқа көп ешкім жоқ. Ащы заһардың бірер шөлмегін төңкеріп тастап, дуылдасып отырмыз. Аспаздардың әзірлеген асы ұнамады ма, бір мезгілде Мұқағали «Осы ауылдағы бір шалдың шығарғаны» деп, бір ауыз өлең айтты:

Аулымызда ашылды сталабай,

Тамағының дәмі жоқ қызталақ-ай!

Бес жылдықты төрт жылда орындамақ,

Шіркіннің жұмысының қысталақы-ай!

Біз сөз саптауына қарап-ақ, бұл өлеңді шығарған «ауылдың шалы» емес, тап осы арада ақынның шығарғанын біле қойдық. Мұқағали мен Еркін араларындағы төрт-бес жасқа қарамай, құрдастарша қалжыңдаса береді екен. Мұқағали бір кезде қасында отырған Еркінге қарап алды да:

- Түбінде, мына бала сорлап қалатын болды, – деді оны иегімен нұсқап.

- Қалайша?

- Адам деген шама-шарқына қарамай ма, менімен бір ауылда туып несі бар? Кейін мына Қарасазға менің атымды береді. Сонда бұған не тиеді?

- Мұқа, сіз өте дұрыс айтып отырсыз, – деді Еркін оп-оңай келісіп. – Қарасаз – сіздікі. Оған ешкімнің дауы жоқ... Ал маған аудан болмаса, ауыл аздық етпей ме?!

Қыран-топан күлкі.

- Әй, мына қызталақтың дәмесін қарай гөр! – деп Мұқағали да екі иіні селкілдеп, мәз боп қалды.

- Басқа ауылдар бар емес пе? – дейміз біз әңгімеге май тамызып. – Солардың бірі Еркінге бұйыратын шығар.

- Олар да оңайшылықпен орын босата қоймас, – деді Мұқағали. – Бәрі көсемдердің атында...

Айтып отырғаны рас. Нарынқолда он колхоз бар екен. Бәрі түгел көсемдердің атында: Маркс, Энгельс, Ленин, Калинин, Крупская, Киров, Ворошилов... Осылай кете береді. Араларында бір ғана «Абай» колхозы бар. Бұл туралы бір қызық анекдот шыққан. Анекдот емес, болған оқиға. «Абай» колхозының бір жігіті ұзақ жыл «Ленин» колхозында мұғалім болады ғой. Бір жағдайда мектеп мүдірімен келіспей қала ма, аудандық оқу бөліміне барып, өз ауылына ауыстыруды сұрайды.

- «Абай» ауылында орын жоқ. Қаласаң, «Крупскаяға» жіберейін, – деді бөлім бастығы. Сонда күйіп кеткен мұғалім:

- «Лениннен» опа таппағанда, мені «Крупская» жарылқайды деп отырсыз ба? Жіберсеңіз өз ауылым «Абайға» жіберіңіз! – десе керек.

Бұл әңгімені манадан бері тыңдап отырған НКВД-ның адамы:

- Әй, сен не шатып отырсың? – депті мұғалімге оқты көзін қадап. – «Лениннен опа таппадым» дегенің қай сандырақ?

Сонымен не керек, әлгі мұғалімді сол арада қолға алып, сегіз жылға соттап жіберіпті...

Көсемдер демекші, Мұқағали – Маркс туралы да, Ленин туралы да дастан жазған адам. Елеп-ескермей қойған өкімет осыдан кейін көзге іле ме, санаса ма деп дәмеленген сияқты. Бірақ ол үміті ақталмады. Амал не, мызғымастай көрінген Компартия мен Совет өкіметінің қалай омырыла құлағанын, ауыл атын иемденіп алған Қызыл комиссарлардың да келмеске кеткенін Мұқағали көре алған жоқ. Өзі айтқандай, «Энгельс» колхозы – Қарасаз бұл күнде «Мұқағали ауылы» деп аталады... Ал, Еркін сол өзгерістерді өз көзімен көріп кетті. Алайда, көсемдерден босаған ауылдардың ешқайсысы ақын Ібітановқа бұйырмады-ау деймін.

Мен кейде оңаша отырып, Қасым мен Мұқағалиды ойша салыстырамын. Қасым – ұстаз, Мұқағали – шәкірт. Мұқағали Қасымды өмір бойы пір тұтып өтті. Аралары небәрі жиырма жас. Бірақ екеуі – екі дәуірдің адамдары. Қасымның өмірі қырғын соғысқа, Сталин заманының қасқаған қысына тура келді. Егер Қасымға кейінгі біздің тұсымыздағы еркіндік берілсе, қайран ақын қалай көсілер еді?! Сол тар қыспақтың өзінде, бір жағы аурумен алысып жүріп, үйсіз-күйсіз жағдайда қанша қазына қалдырды десеңізші!

Әділетсіздік пен қиянатты Мұқағали да аз көрген жоқ. Бірақ Қасым өмір сүрген қақаған қыспен салыстырғанда, Мұқағалидың өмірі жайма-шуақ жаз секілді. Қанша дегенмен, ол Хрущев пен Брежневтің «жылымығында» өмір сүрді ғой. Қасым сияқты үйсіз-күйсіз де қалған жоқ. Ал денсаулық дегенің – кісі қызығарлықтай еді. Ел-жұрты – Алматының іргесінде. Шалкөдеге барып, қалай шалқимын десе де ерікті болатын... Соған қарамастан, Мұқағали қайғы-қасіретке қалай ерте бой алдырды? Соңғы жылдары неге ащы заһарсыз жүре алмайтын күйге жетті? Басты себеп не нәрсе? Сәтсіз махаббат? Құтсыз отбасы? Әлде алынбаған атақ, берілмеген сыйлық? Көрсетілмеген қошамет? Осылар ма – ақынның түбіне жеткен?

Әрине, бұлар да бар. Бірақ негізгі себеп емес. Негізгі себеп – қоғамның қарғыс қабағында, өмірдің өгейлігінде, әлеуметтік әділетсіздікте. Жәй адамдар елемейтін, көзі үйреніп, еті өліп кеткен жайларды хрустал нервілі ақын бар болмысымен сезініп отырды ғой. Ақын-жазушы – ұлт көңіл-күйінің барометрі. Қазақ жерінде сыналып жатқан ядролық қарулар, өзімізге бұйырмай шетке ағылып жатқан ен байлық, кетеуі кеткен қазақ тілі, жабылып жатқан мектептер ақын назарынан тыс қалды деп ойлайсыз ба?

Ал, Мұқағалидың өз басына келсек, ақын өмір бойы қуғын-сүргіннен құтылған жоқ. Қуғын-сүргін – міндетті түрде Сібірге айдау емес. Адамды өз ауылынан, өз қаласынан қозғамай-ақ қуғындауға болады. Мұқағали мектепте мұғалім болып жүріп, жиырма жасында Компартияға мүше болған. Біраз жылдан соң, ақынды әлдебір тәртіпсіздігі үшін партиядан шығарды. Ол заманда партиядан шыққан адамның жарым басы кем деген сөз. Жұмыс орны да құтайған жоқ, оны қызметтен талай рет шығарды. Ең соңғы қармаған талы – Жазушылар Одағының мүшелігі еді, қудалаушылар оны да бұған көп көрді. Еңбегің бағаланбаса, басқалар алып жатқан сыйлықтар, атақ-дәреже саған бұйырмаса... Осының бәрін көре тұрып, сорлы ақын құсаланбағанда қайтеді? Іштегі дертті ащы заһармен тұншықтырмағанда қайтеді?

Мұқағали осыдан кейін бар өшін ақ қағаз бен қара сиядан алды. Іште жатқан шер-шемен, ашу-ыза өлең боп құйылды. Бірақ тілге тиек, ауызға қақпақ қойылған. Көп нәрсені айтқызбады. «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» дейтіні содан. Мұқағалидың басқа ақындардан артықшылығы – ана тілі айдынында емін-еркін жүзетіндігі. Ол нені айтам, қалай айтам деп қысылмайды, сөз іздеп зорланбайды. Уызында жарыған тіл мәйегі оның қаламына өздігінен құйылып жатады. Мұқағали поэзиясында Қасымда кездесетін айшықты теңеулер аз болғанымен, өлеңдерінің шынайылығы мен қарапайымдылығы оқырманды бірден баурап алады. Ұлы ақындарда болатын көп қасиеттер – Мұқағалиға тән. Соның бірі – табиғатпен іштей табысып, туысып кету. «Қабағы күннің қатулы, қар жауа ма қайтеді. Бұлақтар мұңға батуы, мұз қата ма қайтеді» дегенде, ақын да сол өзі айтып отырған табиғаттың бір бөлшегі тәрізді әсер қалдырады. Ал «Аршаларым, шыршаларым, сендерге арнап мен бүгін ән саламын» дегендегі аршалар мен шыршалар – ақынның аға-бауыр, туыстары секілді...

Осы орайда жазушылар арасында талас тудырып келген бір мәселеге тоқтала кетейін. Ол – Мұқағалидың Одақ мүшелігінен шығарылуы жайында. Біреулер сол кездегі Жазушылар Одағының басшысы Әнуар Әлімжановты мұқатқысы келіп, «Ол Мақатаевті одақ мүшелігінен шығарып жіберген» деп айыптайды. Ал Әнуарды ақтағысы келген біреулер «ондай ештеңе болған жоқ» дегенді айтады. Бұл күнде оның екеуі де өмірде жоқ. Сондықтан жұртты шатастырмай, мәселенің анығына көшейік.

Іс мәнісі былай: шамамен Мұқағали қайтыс болардан екі жыл бұрын Жазушылар Одағына Қазақстан Жоғарғы Советі президиумының төрағасы Сабыр Ниязбеков келіп, қаламгерлермен кездесу өткізді. Осының алдында болып өткен партия съезінің бағыт-бағдарын жұртшылыққа түсіндірмек. Жиналысты Әнуар Әлімжанов кіріспе сөзбен ашып, Ниязбековке сөз берді. Төраға бүгінгі тілмен айтқанда, Республика президенті мінберде сөйлеп тұр. Арада бес минет өтті ме, өтпеді ме, артқы қатардың бірінен: «Бұл – не қыртылбай» деген дауыс естілді. Мұқағалидың дауысын бәріміз біле қойдық. Ақынның қатты ішіп жүрген кезі болатын. Сірә, масаңдау болса керек. Бұл жолы оны төрдегілер де, залдағылар да естімеген, білмеген болып елеусіз өткізіп жіберуге тырысты. Алайда, іс мұнымен тынған жоқ. Арада үш-төрт минет өтер-өтпесте Мұқағалидың «балтавня» деген дауысы саңқ ете қалды. Бұдан ары төзу мүмкін емес-ті. Төрде отырған Әнуар орнынан ұшып тұрып:

- Әй, қайсың барсың? Ананы алып кетіңдер! – деді сол маңда отырған жігіттерге иек қағып.

Жігіттер өздігінен жүре қоймаған Мұқағалиды қолтығынан алып, қаумалап алып кетті. Міне, бар болған оқиға осы. Ал осыдан кейін Одақтың басшысы Әлімжанов жиналыстың шырқын бұзған тентекке қандай шара қолдану керек еді? Бұлар не істер екен деп, жоғарыдан қарап отырған үкімет – мынау. Әр қадамыңды аңдыған «үш әріп» – анау! Баяғы Сталин заманы болса, адамдар ондай қылығы үшін «итжеккенге» айдалар еді. Әйткенмен, қазір де әлгіндей тәртіп бұзғандарды жазасыз қалдыруға болмайтын-ды. Оның үстіне, ол кезде Одақ маңында «қызып» жүретіндер көп-тұғын. Соларға сабақ болсын деді ме, Әлімжанов ертеңінде секретариатты шақырды да, Мұқағалиды Одақ мүшелігінен шығарды. Бірақ қаулыны Мәскеуге жолдаған жоқ, хаттаманы өз тартпасына салып қойды. Өйткені, Мұқағали бәріміз сияқты КСРО Жазушылар Одағының мүшесі ғой. Мәскеу бекітпеген соң, ол одақ мүшелігінен шыққан болып есептелмейтін.

Бұл арада Әнуарды айыптаудың орны жоқ. Ол жазушылар одағында тәртіп орнатуға міндетті болатын. Тегінде, Әнуар Мұқағалиға жаман қараған жоқ. Екеуі бір жыл туған төл ғой. Әлімжанов Мұқағали шығармаларының бөгетсіз басылуына жол ашып отырды. Мұқағалиды жоғарғы стипендия төлейтін Мәскеудегі екі жылдық әдеби курсқа жіберген де – Әнуар. Ақын ол курсты бітірмей жарты жылда соң қайтып келгені болмаса, ол көп адамның қолы жетпейтін оқу болатын. Жалпы, біздің одақта жазушыларға Әнуардай қамқорлық жасаған басшы кемде-кем. Одақ ауласындағы конференс зал, таудағы шығармашылық үйі, жазушыларға арналған тұрғын үйлер – бәрі де Әлімжанов тұсында салынған... Ал Мұқағали қайтыс болғанда, дереу секретариат шақырып, оның мүшелігін қалпына келтірді. Ақынның жерлеу рәсімі жоғары деңгейде өтуіне күш салды.

Менің Мұқағалимен аралас-құраластығым (қайсыбіреулерше «дос едік» деп мақтанғым келмейді) жиырма жылға созылған екен. Бір-біріміздің жазғандарымызды қалт жібермей оқып отыратын едік. «Соңғы көш» жарыққа шыққан кезде Мұқағали:

- Сен өрісіңді енді таптың. Айтарың өте көп екен. Оның бәрі өлеңге симайды ғой. Прозаға көшкенің қандай дұрыс болған! – деп балаша қуанып, құттықтағаны есімде.

Айтпақшы, мен Қытайда төрт жылдай сүргінде болып, 1962-жылы қайтып келгенімде, әдейі іздеп келіп, көріскендердің бірі – тағы да Мұқағали еді:

- Аранның аузынан тірі қалғаның мұндай жақсы болар ма! Ел-жұртыңның тілегі қабыл болған шығар. Көр де тұр, сенің жасың ұзақ болады! – деп еді марқұм.

Ең соңғы рет дәмдес болғанымыз ақын қайтыс болардан екі-үш ай бұрын «Алматы» ресторанында өтіп еді. Университетте бірге оқыған, көптен көріспей кеткен Жұмабек Шорманов деген жолдасым бір күні мені іздеп, Жазушылар Одағына келе қалғаны. Ол бұрын Нарынқол жақта еді, таяуда Есік қаласына мектеп мүдірі болып ауысыпты. Екеуіміз жұмыс аяғына қарай қазіргі Абылай хан даңғылы мен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы «Алматы» ресторанына қарай тарттық. Жұмыс күні ресторанда адам аз, орын көп екен. Сол жақ қапталдағы бір үстелде Мұқағали мен композитор Әбілахат Еспаевтың отырғанын байқап қалдым. Біз оларға соқпай, оң қапталға бұрылып, бір бұрыштағы жеке орынға барып жайғастық. Өйткені, өз әңгімеміз өзімізде, оқу бітіргеннен бергі «қызықтарымызды» айтып тауыса алмай жатырмыз. Даяшы қызға тапсырысты молынан беріп, асықпай отырмақпыз. Біз алдымызға келген астан ауыз тиіп, бірер рюмканы көтерер-көтерместе, сондағы даяшы қыздардың бірі салфеткаға жазылған хат әкеліп берді. Хат емес, бір шумақ өлең:

Қабдешжан, ағаң менен досың отыр,

Екі-үш сомнан ақшасын қосып отыр.

Даяшыға тиіні жетпей қалып,

Абақтыға түсем деп шошып отыр, –

депті де, соңына «Мұқағали» деп қол қойыпты. Демек, олар бізді манадан байқап отырған болды ғой. Енді бөгелудің орны жоқ, мен дереу орнымнан тұрып, солай қарай бет алдым. Келсем, жағдайлары, шынында да, мүшкіл екен. Үстелдің бір бұрышында бірнеше сарқұлақ теңгелер, ағы мен сарысы аралас бір уыс тиын үйіліп жатыр. Олары дастарқан ақысына маңайламайды да. Екеуі бір-біріне сеніп қалған ба, әлде өздерінің қолданып жүрген бұл да бір тәсілі ме, кесіп айту қиын. Әйтеуір, таныс жігіттердің бірі құтқарар деп отырғанда, қармаққа біз ілінгеміз ғой.

Мен ұсақ ақшаларын өздеріне қайтарып бердім де, оларды қарызымен бірге біздің үстелге көшіріп келдім. Үстеме заказ беріп, отырысты одан ары қыздыра түстік. Екеуі де – сыйлайтын адамдарым. Мұқағали өз алдына, Әбілахат Еспаев – бір кезде «Маржан қыз» атты ән шығарып, саясатпен сіресіп қалған қазақ әуенінің бетіне қан жүгірткен адам. Соғыста контузия алған ба, сәл-пәл тұтықпалау. Бірақ өзі жатыпатар, айтқыш. «Мәдениет және тұрмыс» журналынан болымсыз қаламақы алып тұрып: «Мәдениеттерін тәуір болғанымен, тұрмыстарың мәз емес екен» дейтін – осы Еспаев. Тағы бірде Әбілахат опера театрының маңындағы гүлзарда демалып отырса, сондағы шалдардың бірі «Шырағым, қай рудансың» деп тақымдап қоймапты. Көңіл күйі болмай, басы ауырып отырған Әбілахат «Біз – «алқаш» деген руданбыз» десе керек. Әлгі шал «апырай, ол қай жүзге жататын ру екен?» деп әлі де ұғына алмай отыр дейді. Сонда Әбілахат одан ары қағындырып: «алқаштар – қазір кең тараған ру ғой. Ол үш жүздің үшеуінде де кездеседі» деген көрінеді.

Сол Әбілахат Еспаев қой – дәмдес боп отырған кісіміз. Мұқағали екеуі досжар. Туысы жақын болмағанымен жаңағы өзіміз айтқан жағдайда екеуі «рулас». Отырысымыз барынша көңілді болды. Мұқағали ағыл-тегіл өлең оқыды... Бір кезде есеп айырысып, тысқа шыққанбыз. Енді тек қызыңқырап қалған қонақтарымызды үйлеріне жеткізіп салу қиынға соғып тұр. Әншейінде тұтықпа Әбілахат масайғанда сөйлей алмай, тілі күрмеліп қалады екен. Әдресін сұрасақ, адам ұқпайтын бірдеңелерді айтады. Оның үстіне, Еспаевтің бір жаман әдеті, ішіп алса болды бәтінкесін шешіп, айдалаға лақтырып жібереді екен. Жұмабек тал-талдың арасынан оның бәтінкесін іздеп әуре.

- Оның үйін мен білем! – деді Мұқағали.

Сонымен екеуін де таксиге отырғызып алып, Еспаевті микрорайон жақтағы үйіне апарып салдық. Сонан соң орталыққа қайта оралғанбыз. Мұқағали манағы өзіміз шыққан ресторанға таяу, Құрманғазы көшесінде тұратын-ды. Ол бізді үйіне енгізіп дәм татырмақ болып еді, онысынан ештеңе шықпады. Қанша төпелесе де, «глазоктан» сығалаған әйелі есігін ашпай қойды.

Бұл отырыс ең соңғы дидарласу екенін қайдан білейік. Осыдан кейін мен Мұқағалиды көре алғаным жоқ. Мұқаң ауруханада жатыр екен деп естігенбіз. Кезекті емделуі шығар деп ойлап едік, олай болмады. Арада апта өтпей қайтпас сапарға аттанып кетті. Дәрігерлер ұзақ мерзім пайдаланған ащы заһардан бауыры езіліп кеткен деп тауыпты.

Айналып келгенде, Қасымды да, Мұқағалиды да алып жеген – сол баяғы әділетсіз қоғамның ауруы ғой. Алдымен шапқа түртіп тулатады, жыныңа тиіп – ызаландырады, арыңа тиіп ашындырады. Сонан соң ащы заһар ұсынып, ашуыңды басқан болады. Енді біраздан соң тұлабойыңды заһар жайлағанын бір-ақ білесің. Мұндай сынаққа хрустал нервілі нәзік жандар төтеп бере ала ма?

«Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын» демей ме Махамбет. Қасым да, Мұқағали да – сол Махамбеттің сойылынан. Бізде құл саналы, киіз нервілі көмпістер жетіп артылады. Ендігі тілек – өзі аз қалған хрустал нервілі, шамырқанса шарт сынатын тектілердің тұқымы үзілмесе екен!

2013-желтоқсан