Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Ханның басы қанша тұрады?


Хикаят

Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Қазақта Кенекеме ер жетпейді.

Мағжан

– І –

Жер тарылып, аспан аласарып, дүние қусырылып келе жатқан. Елден алабөтен апшысы қурылып, айдыны тартылған – әрине, қазақтың жері, қазақтың аспаны. Өзге жұрттар сол ежелгі қалпында. Тіпті, жыл өткен сайын адымын ұзартып, құлашын кеңге жайып, мейманасы тасыған елдер де бар. Сондай етектегі тасы өрге домалап, бағы жанып, үйіргені алшы түсіп тұрған елдің бірі, жай қатардағы бірі емес, бірегейі – орыс мемлекеті. Ол қазір «Ресей империясы» деп аталады. Күні кеше бүкіл Еуропаны бет қаратпай келген Напалеон армиясы Мәскеу түбінде тас-талқан болып жеңілгелі бұл елдің айпарасы тіпті асып тұр.

Тоба, мұндай да салымы зор, жұлдызы оңынан туған, жолы болғыш ел болады екен! Өзге империялар: Ұлы Британия, Испания, Португалия, Франция мемлекеттері кемемен алыс сапарларға аттанып, өз отарларын мұхиттың арғы жағынан тапса, орыстар іздегенін іргеден тапты. Ең алдымен Еділ бойын, Кавказ елдерін қаратып алды да, содан кейін ғана шығысқа бет бұрды. Ермак қарақшыларының Орал таудан асып түскені кеше ғана (XVI-ғасыр) сияқты еді. Әне-міне дегенше тайгалы солтүстікті көктей өтіп, Тынық мұхиттан бір-ақ шықты. Бұл сапарда орыстарға Көшім ханнан өзге қарулы қақтығыс жасаған ешкім жоқ. Көшімді күйреткен соң, орман арасындағы шағын тайпаларды қурайдай сындырып, жапырды да отырды. Ал қазір, несін айтасың, бүкіл Орталық Азияны бір шеттен қазыдай кертіп жеп жатыр.

Ресейді алғаш рет «Империя» деп жариялаған Петр патшаның қиялдаған арманы еді ғой – осының бәрі. Сол алыс арман біртіндеп іске асып келеді. Петр ағзамның көкейін тескен түпкі ойы – қазақ даласы арқылы Кіндік Азияны көктей өтіп, Үнді теңізіне «етігін жуу» болатын. Бірақ аттың басын түстікке бұруға ол кезде мүмкіндік болды ма? Екі аралықта күш-қуаты кемел қазақ хандығы жол бермей, көлденең түсіп жатып алған жоқ па. Түстікке қарай жол ашу үшін айдаладағы ойраттармен одақ құрып, қазақ қандығына қарсы айдап салды. Сөйтіп, бейқам жатқан елді «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратып, қазақты үшке бөліп тастады. Ұлы жүз Жоңғардың қоластында қалды да, Кіші жүздің біраз руы Әбілқайыр ханның жол бастауымен Ресей бодандығына өтті. Тек Орта жүз ғана Жоңғармен теке-тіресіп, соғысумен болды.

Шынтуайтқа келгенде, Ресей патшалығына керегі – Әбілқайыр ханның өзі емес, оның «Біз Ресей бодандығына өтеміз» деп қол қойып, мөр басып берген қағазы ғана болатын. Сол алақандай құжат Ресейге қазақ даласын отарлауға заңды құқық бергенмен бірдей болды. Соның артынан көп ұзамай­ақ орыс қаруы қазақ жеріне ішкерілей еніп, Жайықты жағалата, Ертісті өрлете бекіністер сала бастады.

Бірақ орта жүздің қайсар ханы Абылайды ырыққа көндіру оңай болды ма? Ол біресе Ресейге, біресе Қытайға бет бұрып, екі империяны да дәмелендіріп қойып, екі аралықта өз ұпайын түгендеп жүрді. Дипломатиясының күштілігі сонша, Қытайдың Жоңғардан босаған Шыңжаң өлкесін қазаққа қоныс етті­ау! Абылайдың отыз бес жыл бойы Орта жүз тағына отырғаны аздай, 1770­жылы өлген Әбілмәмбет ханның орнына, үш жүзге бірдей билік жүргізетін ұлы хан болып сайланды. Осы орында мызғымай он жыл отырды. Денсаулығы мығым, әлі де ширақ болатын. Ақыры оны астыртын қастық жасап, тақтан тайдыруға тура келді. Ол бұл кезде қырғыз бен қоқанды тәубаға келтіріп, қазақтың түстік шекарасын бекемдеп жүрген. Ресейде жасалып, Ташкентте берілген у денесіне біртіндеп жайылып, ақыры Абылайдың алып соққан соң ғана, Орынбор мен Омбыдағы орыс әкімдері кең тыныс алған...

Жалғыз Ресей емес, түстіктегі Қоқанның қорқаулары да осыны күтіп отыр екен. Алдымен қырғызды қаратып алған қоқандықтар Абылай өлісімен қазақтың оңтүстік өлкесіне бассалды. Ресей Қоқанның бұл озбырлығына кедергі келтірген жоқ. Қайта, Қоқанның қолтығына дым бүркіп, қазақ хандығын әлсірете беруін құп көрген. Қоқан қайда барады, түбі, біздің жемсауымызға түскенше қабырғасын жаба тұрсын деген­ді.

Бұл кезде Ресей әкімшілігі орта жүзді іштей ыдыратып, бір хандықты екіге бөліп (Уәли хан мен Бөкей хан билігіне), өз саясатын іске асыра бастаған­ды. Ал, 1822­жылға келгенде қазақ хандығын біржола жою туралы үкім шығарды. Орта жүзді сегіз округке бөліп, әрқайсына Ресей билігін бұлжытпай жүргізетін аға сұлтандар тағайындады. Бастарынан бақ тайғанын, бағы заманның қайта келмесін түсінген Уәли хан ұрпағы Шыңғыс, Сәмеке хан әулеті Қоңыр Құлжа, Бөкей хан немересі Жамантай, Құсбектер қолдары жеткен сол аға сұлтандық дәрежеге мәз болысты. Тек, бір ғана сұлтан, Абылайдың қалмақ әйелінен туған Қасым төре (сірә, бойындағы ойрат қаны рөл ойнаған болар) хандықтың жойылуына қарсы шықты. Бірден бас көтерген ол Ресей қоластында қалғысы келмей, туған жері Көкшетауды тастап, түстіктегі Қаратау өңіріне қоныс аударды.

Алайда, бұл бағытта да Ресей дипломатиясы өз жемісін бермей қойған жоқ. Арадағы жасырын келісім бойынша Қоқан бектері іске кіріскен. Ташкент Құшбегі Бегдербек Ресейге қарсы әскери одақ құрамыз деген сылтаумен Қасым төренің ержеткен екі ұлы Есенгелді мен Саржанды шақырып алып, қасындағы жиырма жолдасымен бір­ақ түнде қырып салды. Келесі жылы Түркістандағы Әзірет сұлтан мешітіне тауап етуге барған Қасым төренің өзін талтүсте атап өлтірді. Сөйтіп, көтеріліс бір мезгіл бассыз қалғандай, осымен қауіп­қатер біткендей көрінген. Алайда Қасым төре әулеті мұнымен бітпепті. Ұялы бәйтеректей бір бұтағын кессең екіншісі көктеп шыға береді. Енді, міне, Қасым төренің кіші ұлдары Кенесары, Наурызбай дегендер шығып, қазақты аузына қаратып тұр. Өздері соғыс өнерін іштен оқып туған ба дерсің, міне, он жылдан асты орыс әскерімен табан тіреп соғысып жүргеніне. Әр жылдары Ақмола, Ұлытау, Ортау бекіністеріне шабуыл жасап, орыс армиясын көп шығынға ұшыратты. Қазақтар өз жерінің адыр­қырқасын жатқа біледі ғой. Күші басым қолмен қоршап алып, құртып жіберейін десең, әйтеуір, бір ебін тауып, сытылып шығып кетеді. Соңынан қусаң бұлтаққа салып, сені бетпақтың шөліне қамап сандалтады... Көңілге аужал тұтарың, қазір орыс генералдары да жер жадысын біліп қалды. Оның үстіне, Кенесарыға өш төрелер мен аға сұлтандар бар. Орыс әскеріне солар көмектеседі.

­ Алайда, бүгінге дейін Кенесары қарақшыларының толық жанышталмай келуінің басты себебі – көтерілісшілердің соғыс өнеріне жетіктігі емес, басты себеп – Батыс Сібір генерал­губернаторы Горшаков пен Орынбордың осы таяуда орнынан алынған генерал­губернаторы Перовскийдің жоспарлы түрде тізе қосып, бірлікте іс­қимыл жасай алмауынан, – деді сол Перовскийдің орнына жақында келіп қонжиған Орынбордың жаңа губернаторы генерал Обручев өз кабинетінде олай бұлай кезіп жүріп – граф Перовскийдің ақсүйектік, ағартушылық, жұмсақ саясатының заманы өткелі қашан. Мәймөңке дипломатияның да кезеңі келмеске кетті. Ендігі сөзді демагогтарға емес, зеңбірекке беру керек. Ұлы Ресейдің мүддесі үшін қандай қантөгіске барсақ та, тарих бізді кешіреді.

Айтты­айтпады, генерал Обручев қызметке кіріскелі Орынбордың әскери қимылдары ширай бастаған. Ең бастысы, Батыс Сібірдің губернаторы генерал Горшаковпен оп­оңай тіл табысты. Қазір бұл екеуі жарым сөзден жай түйіп, қас­қабақпен ұғысады. Екі жақтан бірдей әскер шығарып, бір мезгілде қос бүйірден қысқан кезде Кенесары ханның тынысы тарылып­ақ кетті. Оның Ырғыз бен Торғай даласын тастап, Ұлытау мен Мұғалжарға да табан тірей алмай, Жетісуға қарай ығысуы – соның дәлелі. Ал, Жетісуда оны ажал ғана күтіп тұрғаны анық. Алдында қанды қақпан құрулы дайын тұр. Былтырдан бері генерал Горшаков Кенесарының алдынан тор жайып, тұзақ құрумен айналысты да, генерал Обручев көтерілісшілерді сол қазылған аранға қарай ығыстырып айдаумен болды.

Обалы нешік, Батыс Сібір шекара комиссиясының бастығы генерал Вишневскийдің Жетісудағы қызметі өз жемісін бере бастады. Ол орыс әскерінің алдыңғы шебін Аягөзден – Қапалға көшіріп қана қойған жоқ, өткен жылы Лепсі бойында ұлы жүз қазақтарының құрылтайын ашып, талай шонжарды қармаққа іліндірді. Құрылтайға ұлы жүз рубасылары мен Үрістем төре, Сүйік төре секілді сұлтандар түгел шақырылған. Арқадан Қарқаралының, Аягөз бен Көкпектінің аға сұлтандары келді. Міне, осы жиында Кенесарының тағдыры шешілді деуге де болады.

Генерал Вишневскийдің сценариі бойынша, бұдан бұрын орыстармен көп араласпаған Жетісу қазақтарының алдында орыс әскері параттан өтіп, жиналған жұртты таңғалдырды. Әлденеше зеңбіректен оқ атып, қараңғы, момын елдің үрейін ұшырды. Ұлы жүз рубасыларына бағалы сыйлықтар беріп, омырауларына орден тақты. Оның есесіне «Кенесары қарақшыларын Жетісу жеріне өткізбейміз. Қол ұшын беріп көмектеспейміз» дегізіп, әлгілерден ант қабылдады... Реті келсе, Кенесарыны ел ішіне кіргізіп, өтірік көмектескен болып, қоршауға ала отырып, ұстап беру жағы да сөз болды.

Бұл туралы ақ патшаның арнайы жарлығы бар. Кенесарыны тірідей ұстап берген адамға да, өлтіріп басын әкелген адамға да – үш мың теңге күміс беріледі. Бұл – аз ақша емес, малға шақсақ: мың жарым қой, немесе жүз елу жылқының сомасы. Әсілі, он жылдан бері оққа ұшқан адам шығыны мен есепсіз ұсталған қаржыдан гөрі осы үш мың теңге күміс әлде қайда пәрменді болуы мүмкін. Көр де тұр: рухы өшкен бағынышты құл екені рас болса, қырғызы ма, қазағы ма, сол мардымсыз ақшаға бола хандарының басын өздері әкеліп береді...

Орыс қаруының соңғы айлардағы қарымына масаттанған генерал Обручев шалғысы құлағына жететін ұзын мұртын сылап қойып, өзінен­өзі жымсия күлді.

– ІІ –

Таразыға түскен тастың салмағы оның екі жақ басына бірдей білінетіні сияқты, жоғарыда генерал Обручев шолып өткен жайларды мына жақта Кенесары хан да ой елегінен өткізіп тұр еді. «Кеден болды, кедергі неден болды» дейтін емес, хан Кене де әлмисақтан белгілі тағдырдың сызып қойған жолымен жүріп келе жатқан тәрізді. Алла­Тағаланың кейде адам­пендесіне жүктейтін миссия­міндеті бар. Ендеше, Кенесары сол міндетті атқарып жүр.

Әу баста өзіңнен әлдеқайда күшті, қару­жарағы кемел Ақ патшаға қарсы көтерілу қажет пе еді? Әрине, қажет болғанда қандай! Ресей басқыншыларын қазақ даласына бұл шақырып келген жоқ қой. Немесе, бұлар орыс жеріне ешқашан басып кірген емес. Зорлық Ресей жағынан болып отыр. Жеріңе сенен рұқсатсыз баса­көктеп кірген, сені адам ғұрлы көрмей басынып, еліне билік жүргізе бастаған астамшыл жаудың бетінен қақпай, жолын бөгемей, бұғып қалуға бола ма? Мал екеш мал да бауыздап жатқанда тұяқ серпіп туламай ма, ышқынбай ма? Кешегі өз тізгінін ешкімге ұстатпаған асау­арда халық сол мал ғұрлы жоқ па? Егер орысқа құлақкесті құл болып, үн­түнсіз бағынса, тымқұрса бір азамат ошаң етіп қарсы көтерілмесе, онда қазақ халқынан қатты ұят болар еді. Атасы Абылай ханның аруағы алдында, арғы бабасы Шыңғысханның аруағы алдында Кенесары қара бет болар еді... Бұл қазақты аналары құл болсын деп туып па? Әр қазақтың анасы құл емес, ұл тудым деп қалжа жеген жоқ па?!

«Дүние – кезек» деген сол, әнеки. Күні кеше бабасы Шыңғысхан жарты әлемді аузына қаратып, оның асыл әулеті Жошы, Бату, Беркелер түркінің басын қосып, «Алтын Орда» мемлекетін құрғанда, орыстар қандай халде еді? Өзара қырқысқан орыс княздары Бату ханның алдында тізе бүгіп, қол қусырып, құл болып бағынбап па еді?! Бір ғана көрініс: жаңадан тағайындалған әрбір князь «Алтын Орда» ханының алдына келіп, жалаңаш табанын сүйіп, кәдімгідей шоқынады екен. Кейінірек, князьдар жер шалғайлығын айтып, жыл сайын Берке­сарайға келуді қиынсынып, хан табанының ізі түскен саз­кірпішті сүюге рұқсат алыпты. Әлгі қасиетті саз­тақта әр князьдың төрінде құдай бейнесі иконмен қатар тұрған екен... «Алтын Орда» мемлекеті тарағалы ұзаса үш ғасырдың жүзі болды. Кешегі ұсақ княздықтар бас қосып, бұл күнде іргелі империяға айналып отыр. Енді, міне, Горшаков, Обручев секілді генералдар түркі әулетінен бабаларының кегін алуда.

Кейде жауды жеңем деп емес, кек алу үшін, намыс үшін күресуге тура келеді. Алайда «үмітсіз – сайтан» деген. Кенесарының әкесі Қасым төре Ақ патшаға қарсы көтерілгенде, желді күні жалпылдап жанған шырақтай бір әлсіз үміттің болғаны рас. Патшалық Ресей қазақ елінің қарсылығын сезінсе, соғыста солдат қаны көп төгіліп, адам шығыны молайса, бәлкім қазақты отарлауды тоқтатар, қазақ жерін айналдыра бекініс салуды қоя тұрар деген бір тәтті арман бар еді. Бірақ оған орыс генералдары тоқтамады ғой. «Орысты мылтық беріп шетке қой» деген рас. Бұлар соғыстан жалықпайтын жұрт екен. Қазақ даласы мен Орталық Азияны жалмап жұтуға ұмтылған империялық мүдде қашанда бетінен қайтпай, бірінші орында тұрады екен.

Ал егер көтеріліс жеңіліске ұшыраса, оның басты себебі орыс қаруының мықтылығы емес, қазақтың басының бірікпеуі, рубасылардың ала ауыздығы. Қараша халық тұрыпты ғой, тым болмаса атаның аруағын сыйлар, азаттық үшін ақырына дейін бірлікте күресер деген хан әулеті төрелердің өзі жеме­жемге келгенде Қасым төрені сатып кеткен жоқ па?! Абылай ұрпағы Шыңғыс төре, Сәмеке хан ұрпағы Қоңыр Құлжа, Бөкей хан әулеті Құсбек, Жамантайлар жіліктің майлы басын ұстағанға мәз болып, аға сұлтандық мансапты місе тұтты. Ал, әубастан бодандық жолына түскен Әбілқайыр ұрпағынан не үміт, не қайыр. Айшуақ ханның ұлдары Арыстан мен Ахмет, Серғазы мен Баймағамбет сұлтандар бұл күнде орыстың басыбайлы құлына айналған. Аруағыңнан айналайын, Бұқар жырау жорыған Абылайдың түсі мұндай дәл келер ме? Хан қуып келе жатқан жолбарыс – көкжал қасқырға, қасқыр бір аунап түсіп, түлкіге айналмаушы ма еді. Қазіргі аға сұлтандар – сол түлкінің дәл өзі. Құйрығын бұлаңдатып, ханды да, орыс генералдарын да алдағысы келеді... Сол ызасына, хан Кене патшаға сатылған аға сұлтандарды талай рет шапты. Ақтылы қой, алалы жылқысын айдап алып, сарбаздарына азық етті.

Өз бастарының мүддесін ойлағанда, кім біледі, бәлкім сол аға сұлтандардың ұстаған жолы дұрыс та шығар. Бәрі орысша оқыған, шеттерінен сауатты. Есеп­хисапты, пайда­зиянды жақсы біледі. Ақыл жағы көп­ақ оларда. Тек, бір нәрсе жетіспейді. Ол – намыс. Адамдық және ұлттық намыс... Ал, Кенесарыда керісінше, ақыл жағы аз болуы мүмкін. Ал, намыс... Осы намыс қой – Кенесарының ту қып ұстап жүргені.

Бұл күнде ақылды адамдар көбейді. Қазір Кенесарыға екінің бірі ақыл айтады. Бір үміт күткен адамы – қыпшақтың төбе биі Балғожа еді. Ол да Кененің жазған хатына былай деп жауап қайтарыпты.

«Қапияда бір күні

Орға түсер боларсың

Қайта шықпақ зор болар...

Қайда барсаң алдыңнан,

Құрулы тұрған тор болар.

Райыңнан қайтпасаң,

Ғазиз басың қор болар...

Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Үйсін бар,

Жүрекке түскен түйсін бар.

Былай барсаң Бұхар бар,

Жайын болып жұтар бар.

Былай барсаң Қырғыз бар,

Ерімейтін бір мұз бар.

Артыңда қалған орыс бар,

Байқұс­ау, сонда саған қандай қоныс бар»

деп, Кенесарыға жаны ашығансып, айнала қоршаған қас жауларын тізіп тұрып көрсетіпті. «Байқұс­ау» деп мүсіркейтінін қайтерсің. Соның бәрін хан Кене білмейтіндей, досынан гөрі дұшпанының көптігін сезбейтіндей. Не істейсің, «аман кісі ақылды, есен кісі есті» деген осы. Балғожа би Кенесарыға «сорлайсың, қор боласың» деп қорқытады. Ал, ел азаттығы жолында басын беру, құрбандыққа бару жөнінде ештеңе айтпайды. Азаттық үшін күрескен кісі оның пайда­зиянын шотқа салып отыра ма?! Ызасына Балғожа биді шауып алуға ниеттеніп еді, бірақ ол сасқанынан Ор бекінісінің ар жағына өтіп кетіпті.

Біреулер Кенесарыны «Өзі хан болғысы келіп жүр. Атасы Абылайдың орнына таққа отырмақ» деп сырттан қыжыртатын көрінеді. Байқұс­ау, қазақ үшін хандық дегеніміз – азаттық, ал азаттық дегеніміз – хандық емес пе?! Кенесары үш жүзге хан сайланғанда, сол тәуекелге бақ құмарлықтан, тақ құмарлықтан барып па? Ол да көптің ақылымен болған шаруа­тұғын. «Хан болсаңыз, сөзіңіз өтімді болады, қоластыңызға халық та көп жиналады» десті ғой білетіндер. Алғашқы кезде оның ойдағыдай әсері болғаны да рас. «Хан» деген сөзге елең етпеген қазақ жоқ. Не де болса хан қасында болайық деп ағылды ғой тұс­тұстан.

Сонымен, ол кезең де артта қалды. Ақырғы үміт те үзілуге жақын. Жеңіске деген үміт азайған сайын соңына ерген жұрт та сирей бастады. Арқа жерінен түстікке қарай ауарда орта жүз руларының көбі бөлініп қалып қойды. Кенесары да оларды соңымнан ер деп зорлаған жоқ. Өз көзі анық жетпей тұрған бұлдыр дүниеге халықты қалай әуіре етерсің. Нәтижеде, Кенесары көшіне мыңдай ғана түтін ілескен. Сонан соң қашан да қасынан табылатын Ағыбай, Бұқарбай, Иман, Таймас, Басығара, Жанайдар, Жеке батыр сияқты қанды көйлек серіктер бұл жолы да тастап кетпеді. Биыл қыс тым ерте түсті де, ұлы жүз шегіне ішкерілеп енуге үлгірген жоқ. Биылша Балқаштың қалың қопасын паналауға тура келген. Төрт түлік малды ықтасыны мол жағалауда қалтырып, Сарбаздар көл ортасындағы қамал­түбекке кіріп бекінген.

Болар іс болды, енді шегінер жайы жоқ. Өзінің осынау жолға түскеніне Кенесары ешқашан өкінген емес. Мәселе – жеңісте емес, намыста. Соғыс атаулыда, әйтеуір, бір жақтың жеңетіні хақ қой. Кейде жеңіске бергісіз жеңіліс болады. Жеңілісте мән­мағына жоқ деп кім айтты? Бұлар ұлттың ар­ұяты үшін соғысып жүрген жоқ па?! Болашақ ұрпақ «аталарымыз ел намысын қолдан бермепті. Басқыншыларға қарсы ең ақырына дейін соғысыпты» деп еске алса болғаны. Қазақ «еркек тоқты – құрбандық» деп неге айтты дейсің. Халық қашанда өзінің азаматтарына сенім артқан.

Әйтсе де, «үмітсіз – сайтан», кейде түнек түбінен көрінген әлсіз сәуледей, сонау алыстан үміт отының жылтырап көрінетіні бар. Өйткені қазақтың қонысы Арқамен бітпейді, алда Жетісу мен Сыр алқабында пұшпағы бұзылмаған тұтас ел жатыр. Ұлы жүз рулары түгелімен, Орта жүз бен Кіші жүздің кейбір тайпалары бұл күнде Қоқан езгісінде кіріптарлық күн кешуде. Шіркіндер, Абылай өлген соң тым құрыса он жылға шыдастық бермеді­ау! Қоқанның қорқау кеңірдегіне оп­оңай жұтылды да кетті. Қоқандықтар олардың баққан малына да, еккен егініне де, шапқан шөбі мен жаққан отына да салық салатын көрінеді. Кенесары оларды бір сәт те есінен шығарған емес. Алғаш атқа қонғанда, бірінші мақсат – Ресей басқыншыларына тосқауыл қою болса, екінші ойлағаны – осы оңтүстік өлкесін Қоқан езгісінен құтқару болатын.

Оның үстіне, Қоқан бектерінде әкесі Қасым төре мен ағалары: Есенгелді мен Саржанның кегі бар. Қандай аңқаулық десейші. Көтерілістің алғашқы кезеңі. Қазаққа кім дос, кім жау екенін байыптамаған кез. Қазақтың Ресей империясына қарсы бас көтергенін білсе, түстіктегі тілі, діні бір Қоқан, Хиуа, Бұхара хандықтары қуана қостайды деп ойлайтын шақ... Есенгелді мен Саржан сұлтандар Ташкент құшбегінен сол төңіректегі қазақтардан әскер жинауға рұқсат алмақ болып барған ғой... Кенесары мұндай ниеттің құр қиял екенін сол кезде­ақ сезген. Өз пікірін жұқалап айтқан да болатын. Бірақ, онда Кенесарының әлі отызға да толмаған жас кезі­тұғын. Қазақтың «аға тұрып, іні сөйлегеннен без» дейтіні тағы бар. Әкесінің де көзі тірі. Бәрі кеу­кеулеп, сұлтандарды Ташкент шаһарына аттандырып салған.

Ақыры не болды? Ташкент құшбегі Бегдербек қазаққа әскер жасақтап бермек түгіл, адам айтқысыз жауыздыққа барыпты. Есенгелді мен Саржанды бірнеше күн қонақ етіп, күнде ертеңмен алдарқатып жүріпті де, сұлтандарды қасындағы жиырма жолдасымен бір түнде қырып салыпты. Ағыбай батыр мен Саржанның ұлы Ержан ғана кездейсоқ аман қалған... Ал, әкелері Қасым төрені Түркістанға тауап етуге барған кезінде қоқандықтар тапа­тал түсте атып кеткен...

Бұл ненің буы? Қоқан бектері өздігінен мұндай тәуекелге бармаса керек еді. Қолтықтарына дым бүркіп отырған біреулер бар сияқты. Бәрі кейінірек мәлім болды ғой. Орыс ықпалы бұл жаққа да жетіп, астыртын одақ құрып үлгірген екен. Бәсе, Қоқан билеушілері кейінгі кезде тым айқұлақтанып, есіріп барады. Бұрын өздерін «бек» деп атаушы еді, қазір бектерін «хан» дейтін болыпты. Омар хан, Мәделі хан, Шерәлі хан... Әттең, түстіктегі етекбасты жұрт дүрк көтеріліп, Кенесарының соңынан ермейді ғой. Егер түстіктегі ұлы жүздің рулары мен қалың қоңырат соңынан ерсе, қоқан бектерін тәубасына келтірер еді... Оның үстіне, Қоқан хандығы қазір жалғыз емес, қырғызбен берік одақ құрып, солардың қолымен от көсейтін көрінеді. Қырғыз манаптары қазақты бірге жауласып, қоқан бектері үшін алым­салық жинап, қызмет көрсететін болса керек. Әсілі қоқанға шабуыл жасаудан бұрын, алдымен қырғызды жөнге салмай болмас.

Демек, алдағы жаз хан Кенені үлкен жорықтарға бастайтын мазасыз жыл болайын деп тұр. Ол жорықтың нәтижесі ұлы жүз руларының белсенділігі мен өз хандарын қаншалық қолдауына байланысты. Әсілі, бұл руларға тым сеніп кетуге де болмас. Не үшін екен, осылар Қоқан мен Қырғызға әбден бауыр басып алған. Түстіктегі жұрт біреуге бодан болмаса күн көре алмайды­ау, сірә... Ұзақ жыл Жоңғар қоластында отырды. Одан қазақ әскерінің күшімен азат болып еді, Абылай өлген соң көп ұзамай, Қоқанның қолтығына кірді. Ондай елдің бірден бас көтере қоюы екі талай. Оның үстіне, бұл өлке орыс отаршылдығының дәмін әлі татқан жоқ. Солтүстік жақтан өздеріне қандай қауіп төніп тұрғанын сезінбейді де.

Сонымен, алдағы жыл бұларға қандай сый тартары белгісіз. Сондықтан, Кенесары алда әлдеқандай заман болады деп, анада, осы Балқаш бойына келген соң, Қытайдың Құлжа қаласына елші жіберген, Ілені бойлап төте жүрген кісіге Құлжа алыс емес, төрт­бес күндік қана жол көрінеді. Жанайдар батыр бастаған он шақты адамды Құлжа Жаңжұңы[1] жылы жүзбен құшақ жая қарсы алыпты. Орыс отаршыларына қарсы арыстандай алысып жүрген хан Кенені Қытай ұлықтары сырттай біліп отырған көрінеді.

­ Сіздердің Абылай хандарыңыз кезінде біздің ұлы император Сяньлунмен керемет дос болған. Екі ел арасындағы сауда­саттық та сол кезде дамыған. Ендеше, Абылайдың немересі Кенесары хан да бізге бөтен емес, өте сыйлайтын адамымыз! – деп елшілердің асты­үстіне түсіп күтіпті. Аста­төк қонақасы берілген. Әр адамға тартылған сый­сияпат өз алдына. Тек «Қазақ ханы мыңдай түтінмен Шыңжаңға көшіп өткісі келеді. Соған жайлы қоныс беріңіздер» дегенге келгенде, Қытай жаңжұңы тайсақтап қалса керек.

­ Қазақ ханы Шыңжаңға қоныс аударса біз үшін үлкен қуаныш болар еді. Бірақ бұл мәселені біз шешпейміз ғой. Оны Бежіндегі орталық өкімет шешеді. Өтініштеріңізді орталыққа хабарлайық. Бір­екі айда жауабы келіп қалар, – деп екі ұштылау жауап беріпті.

Демек, бүлікші ханды олар да өз еліне жібергісі келмеген. Басты себеп, Кенесарыға баспана берем деп, Ресеймен арадағы достық келісімді бұзғысы келмесе керек. Оның үстіне, бұл кезде Қытайдың өз іші де тып­тыныш емес­ті. Ішкі Қытайда шаруалардың «Тәйфун» көтерілісі етек алса, Шыңжаңда ұйғырлар мен дүңгендердің наразылығы белгі бере бастаған. Дәл осындай шақта Кенесары ханды Шыңжаңға жіберу – онсыз да от алып, тұтанғалы тұрған дүниеге жанып тұрған шаланы тастай салғанмен бірдей болар еді.

Қайда барсаң «Қорқыттың көрі». Апырай, бұл қазақ қайда барып жан сақтар екен?!

– ІІІ –

Сол жылы көктем ерте шықты. Оның үстіне, көл бойындағы көктем қандай! Жыл құстары қайта оралып, бүкіл жағалау құс базарына айналды да кетті. Оған төрт түлік түгел төлдеп, қой қоздап, бота боздаған малдың шуын қосыңыз. Бұл, бәлкім, біреулер үшін ақырғы көктем болғандығынан ба, кісі қимайтын, естен кетпейтін жақтары көп еді.

Қар кетіп, жер аяғы кеңісімен, хан Кененің сарбаздары да Балқаштың қоғалы қопасынан кең далаға шығып, еркін бір тыныстаған. Көл бойынан қозғалған көш оның батыс тарапындағы құмайт далаға бұрылмай, бірден шығысқа, Алатау бөктеріне қарай бет түзеді. Себебі, көк қасқа бұлақтары жарыса ағып жатқан жайлы қоныс та, шұрқыраған қалың ел де – осы жақта. Салқар көш соңынан шұбырған төрт түлік малмен Іледен сал жасап өтті де, Алматы бекетінің етегін баса, Ақсай, Қаскелең, Қарғалы, Күрті өзендерінің аңғарын бойлай, кең жайыла қоныстанды.

Қыс бойы Балқаштың қалың қопасында үн­түнсіз жатып, жаз шыға көк темір құрсанып, жарқ ете қалған көтерілісшілер Алатау бөктерінде қойын құрттап, айранын ұрттап, бейғам жатқан ел үшін көктен жәй түскендей болғаны рас. Анығын айтсақ, қазақтың соңғы ханын бұл елде әркім әртүрлі қабылдады. Көзі ашық, бойында намысы бар, Қоқанның тепкісінде көптен қорланып жүрген билер мен батырлар Кенесарыны ақ ниетпен құшақ жайып, қуана қарсы алды. Сонымен бірге «әлдеқашан ұмытылып кеткен бұл хан деген пәле қайдан шыға келді? Қоқанның түтін салығынан құтыла алмай жүргенде, енді оған зекет­ғұшыр деген хан салығы қосыла ма» деп, сырттан келгендерді ұнатпай, қажырта қарағандар да жоқ емес. Дегенмен, қорыққанын сыйлап дағдыланған халық үстеріне келіп, үш мың сарбазбен ошарылған ханға жалбақтап, бас ұрмасқа да амалдары жоқ еді.

Осылардың ішінде Ұлы жүз руларын бөле­жара билеп жүрген Үрістем мен Сүйік төрелердің ықыласы тіпті бөлек. Ол екеуі көктем шығар­шықпастан Кенесарыға кісі жіберіп, «елімізге келіңіз. Сіз үшін есігіміз ашық. Сіздің ендігі тірегіңіз біз боламыз» деп дұғай сәлем жолдаған. Олар сол сөзінде тұрды. Көтерілісшілер көшіп келген соң «мынау – ерулігіміз, мынау – хан сыбағасы» деп, әрқайсысы екі айғыр үйіріндей жылқы айдап келіп, Кенесарыға сәлем беріп қайтты. Былай қарасаң, екеуі де бөтен адамдар емес, Үрістем – Абылайдың ортаншы ұлдарының бірі де, Сүйік сұлтан – Абылайдың Әді деген ұлынан туған немересі... Хан Кененің жіп таға алмай отырғаны: бұлардың екеуі де – өткен жылы Лепсіге барып, генерал Вишневскийдің қолынан сый­сияпат алып қайтқандар. Сонда, олардың мына қылықтарын қалай түсінуге болады? Мансап адамына тән екі жүзділік пе? Әлде бас имеген сұлтандарды тырдай қып шауып алатын хан Кененің қаһарынан қорыққандық па? Немесе, оның екеуі де емес, орыс генералы «Кенесарыны алдап қақпанға түсір» деп осыларға тапсырма беріп қойды ма. Солай болуы да мүмкін­ау... Ол жағын не де болса соңынан көре жатар­ды. Ал, қазір оның бәрін шотқа салып отыруға мұрша жоқ.

Ұлы жүздің рубасы, билерінде де бәтуа жоқ. Өткен жылы Лепсіде орыс генералынан сый­сияпат алып қайтқандардың талайы жалбақтап алдынан шықты. Хан Кенені алма­кезек қонаққа шақырады. «Мынау – ерулігіміз» деп, үйір­үйір мал айдап келіп жатқандар да бар. Кенесары ондайлардың ешқайсысын бетінен қаққан жоқ. Әкелген сыйларын да кері қайтармады.

Ал, Қоқанның қоластында қорлық көрген қарапайым халықтың ықыласы олардан бөлек еді. Былайғы ел Кенесары ордасына топ­тобымен келіп, ханмен дидарласудың өзін көңілге медеу тұтады.

­ Апырай, біздің де жоқтаушы иеміз бар екен­ау!

­ Бізді Қоқанның құқайынан құтқара көріңіз...

­ Жекелеген қарсылықты қоқандықтар шыбын шаққан ғұрлы көрмейді. Жұртты жорыққа бастайтын өзіңіздей серке керек! – деседі.

Айтса айтқандай, Қоқанның алман­салығы жыл өткен сайын ауырлап, халықтың шымбайына әбден батқан көрінеді. Хан Кененің алғашқы қадамы – сол салық жинаушыларды түгел қолға түсіріп, алдарындағы мал­мүлкін халықтың өзіне қайтарып берді.

Ел ішінде қоқандықтарға тісін басып, зығырданы қайнап жүрген жігерлі, намысты азаматтар көп екен. Солардың бірі Шапыраштының Есқожа тармағынан шыққан ағайынды қос бөрі Сұраншы және Саурық деген батырлар... Екеуі де отыздың ішіне енді ілінген қайратты жігіттер көрінеді. Солар қастарына ерген бір топ жігітпен Кенесары жасағына алдымен келіп қосылды. Ұзынағашта, Қордайда, Қарақыстақта Қоқанның бекіністері бар екен. Жер жадысын жақсы білетін сол жігіттердің жол бастауымен көтерілісшілер жаңағы бекіністерді оп­оңай жойып жіберді.

Қазақтардың аяқастынан бұлай бас көтеруінен секем алған қоқандықтар да қарап жатқан жоқ еді. Олар хан Кененің Жетісуға келіп қоныс тепкенін әлдеқашан естіген. Қоқан бегі орыстардың демеуімен көтерілісшілерге қарсы дүркін­дүркін әскер аттандырып отырды. Ежелгі әдетпен тағы да қырғыздың қолымен от көсей бастаған. Әскерінің дені – қырғыздар... Оның бір қолайсыз жері, ұлы жүздің рубасылары Қоқанға қарсы күресуге бар да, қырғызға келгенде батылдары бармай тайсақтап тұрады. Қайшылық, түбі, осы арадан тумаса неғылсын. Мәселен, дулаттың Сыпатай, Тойшыбек секілді батыр, билері осындай қос қыртысты саясат ұстанды. Өздері қырғыздармен құда­жегжат па, әйтеуір, бір жақындығы бар. Әуелі Тойшыбек Алматы маңынан жә деген қамал­бекініс тұрғызған екен. Оған Қоқан гарнизонын орналастырыпты. Көрдіңіз бе, Қоқанға арқа сүйеу арқылы бұл күнде Қапалға келіп орнығып, енді Алматыға аттап түскелі тұрған орыстардан қорғанбақ... Тойшыбектер Кенесарыға да орысқа қарсы аттанғаны үшін ғана болысып жүр. Ал, Қоқан мен Қырғызға қарсы аттап басқысы келмейді.

Әйткенмен, бұл жылдары қырғыз манаптарының кеудесінде де әлдебір ісік­желік пайда болған. Өмірі маңдайларына хандық бітіп көрмеген қырғызға Орман манап өзін «хан» деп жариялапты... Ал, одан кейінгі Сарбағыш манабы Жантайдың жәйі белгілі. Ол бүкіл үрім­бұтақ, зәузатымен қазаққа қарсы адам. Олар баяғыда қолбасы Қабанбайдың қолынан мерт болған аталары Әтеке Жырық пен әкесі Қарабектің кегін ұмытпайды... Бәрі кейін мәлім болды ғой. Қырғыз манаптарының ісінуі тегін емес. Сөйтсе, орыс ықпалы оларға өте бастапты. Қазір қоқан­қырғыз әскерінде кеңесші болып есауыл Сотников пен майор Карбышев секілді орыс офицерлері жүрген көрінеді: демек, қоқаны, қырғызы, орысы болып хан Кенеге қарсы бірлесе қақпан құрып жатқаны анық еді.

Соған қарамастан, Кенесары ағайынның алдынан өтіп, қарызынан құтылу мақсатында қырғыз манаптарына неше дүркін хат жазды. Ол хатта солтүстіктен төнген орыс өктемдігіне, түстіктен қысқан Қоқан басқыншылығына бірлікте қарсы тұруға шақырып, «менің мұнда келу мақсатым – жауласу, хан төгу емес, қазақ пен қырғыздың күшін біріктіру, сөйтіп, оңтүстік өлкені Қоқан қысымынан құтқару» деп ағынан жарылған­ды. Бірақ, орыспен одақ құрғанға әлдеқандай болып, өкпесі қабынған манаптар ол хаттарға пысқырып та қарамады.

Бірталайдан бері Қоқанның қолтығына кіріп, түстіктегі ұлы жүз рулары мен Сыр бойындағы басқа да қазақтарды еркін билеп­төстеген қырғыз манаптары дәл іргелеріне Кенесары хан келіп орныққалы қазаққа мүлде өшігіп алды. Осы тұста олардың қай­қайдағы кегі қозғалыпты. Бір кезде қырғыз манаптарының қазақты ойраттармен бірге шапқаны, одан қала берсе көп жылдан бері Қоқанның сойылын соғып жүргені, Қоқанға қарсы соғыстан қайтып келе жатқан қазақ сарбаздарын шу бойында қапыда қоршап алып, солардың кесілген бастарынан «Кәлла мұнара» орнатқаны естерінде жоқ. Соның кегі үшін Абылайдың қырғызды шапқанын, сол жорықтағы атақты «Жайыл қырғынын» еске ала береді. Ал, Сарбағыш манабы Жантайдың кегіне келсек, сол Абылай жорығында оның атасы Әтеке Жырық қолбасы Қабанбайды өзі сұранып жекпе­жекке шақырған. Жетпіс бестегі қарт батырды оп­оңай түсіріп кетем деп дәмеленсе керек. Алайда, оның дегені болмайды, жекпе­жектің теңдесі жоқ шебері, кәнігі батыр Қабанбай Әтеке Жырықты найзамен сайып түсіреді. Ал, Жантайдың өз әкесі Қарабек болса Қабанбай батырдың ауырып жатқанын естіп, көзі тірісінде батыр ауылын шаппақ болып, бес жүз қолмен сонау Барлыққа өзі іздеп барған. Нәтижеде, «жау кеп қалды» дегенде ауырып жатқан Қабанбайдың өзі атқа қонып, жекпе­жек сайыста Қарабекті де бақи дүниеге аттандырады... Осы жеңілістер Жантай манаптың көкірегінде беріш боп қатып қалған. Алда қырғыз бен қазақ арасында соғыс болады дегенді естігелі «әттең, шіркін, Кенесарыны қолға түсіретін күн болса!» деп алақанына түкіріп, қатты кектенген адамның бірі – сол Әтеке Жырықтың әулеті Жантай мен оның немере інісі Қалығұл болатын.

Әзірше қырғыздың да, қоқанның да қазаққа қарсы аттандырған аз санды жасақтары ұрыста әбден ысылған Кенесары сарбаздарына төтеп бере алған жоқ. Наурызбай мен Ағыбайдың, Иман батыр мен Бұқарбайдың жүздіктері қырғыздың Жаманқара, Орманбек, Сұбанбек деген батырлары бастап келген әскер тобын әне­міне дегенше жусатып салған. Осы жеңістердің әсері ме, ұлы жүз сұлтандары Үрістем мен Сүйіктің, рубасылар – Сыпатай мен Тойшыбектің бет алыстары жаман емес. Өздері қатысқан ұрыстардан олжаға түскен мал­мүлікті түгелімен хан жасағына сыбаға қып беріп жүр. Не ойлағандары барын кім білсін, «күзге қарай қырғыз­қоқан шебіне бірлікте шабуылдаймыз» дегенді жиі айтады. Сол жорыққа Сыпатай батыр екі мың, Үрістем төре үш мың әскер шығармақ. Бұған Сұраншы мен Саурықтың жүздіктерін қосса, әжептәуір күшке айналмақ. Тек, батырлардың осы айтқан уәделері баянды болсын деңіз.

Бұл кезде қырғыз­қоқан әскерінің бірігіп кеткені құпия болудан қалған. Ол жайындағы хабарлар үсті­үстіне келіп жатыр. Айырмашылығы: қырғыз алдыңғы сапта да, қоқан әскері – артқы сапта. Ортада – бұлардың қимылын үйлестіретін орыс офицерлері жүрсе керек. «Қоқан әскерінің біразы қырғыздың ақ қалпағын киіп алыпты» деп келді барлаушылар. Не істеу керек? Енді шегінуге болмайды. Не де болса тәуекел демеске шара жоқ.

Әйткенмен, ақылдасатын жайлар да жоқ емес. Шешуші жорыққа аттанар алдында хан ордасында шағын кеңес болды. Бұл жиынға жасаққа кейін келіп қосылғандар қатысқан жоқ. Бұрыннан келе жатқан көтеріліс басшылары, айтулы батырлар ғана шақырылды. Кенесарының өзі сөз бастап, қазақ әскерінің қазіргі құрамы мен алдағы ұрыстың мән­жайы туралы жан­жақты баяндады. Хан Кене бүгін ерекше сұсты еді. Ақсары жүзі күреңітіп, қалың қабағы түйіліп, бәлкім ұйқысыздықтан болар, сәл шегірлеу, сұрғылт көзі қанталап қызарып кеткен.

­ Бәріміз де жаумен жаңа соғысып жүрген жоқпыз. Бірақ алдағы ұрыстың бұрын біз көрген ұрыстарға ұқсамайтын өз ерекшелігі бар, – деді ол дауысы сәл тұтқырлана сөйлеп. – Бұрын біз қазақтың кең даласында соғысып келдік. Жауға күтпеген жерден құйындай соғып, олар ес жиғанша шегініп кететінбіз. Сақара төсінде қалауымызша манеуір жасап, еркін қимылдайтынбыз... Алдағы ұрыс қырғыз тауларының арасында, қысаң жерде болғалы тұр. Мұндай жағдайда қырғыз бен қоқанның біріккен әскеріне қалай төтеп береміз? Кімде қандай ұсыныс бар?

Жиналғандар бір­біріне қарап, әзірше тіс жармай үнсіз отыр. Алдағы ұрыстың оңай болмасын әрқайсысы әлдебір ішкі түйсікпен сезетін секілді. Жүздері сұрланып, қабақтары түсіп кеткен.

­ Жердің тарлығы ештеңе етпес, ол екі жаққа бірдей ғой, – деді Бұқарбай батыр әлден уақытта. – Менің қорқатыным, қырғызда орыс пен қоқаннан алған отқару бар дейді. Онысын әзірше көрсетпей жасырған болады. Бірақ жаны қысылса іске қосады ғой оны да...

­ Ой, тәйірі­ай, мылтықты жаңа көріп жүрсің бе? – деді құрдасы Таймас батыр оның сөзін әзілге айналдырып, – Қоқанның мылтығы орыстың зеңбірегінен қиын болып па?!

­ Біраз мылтық бізде де бар. Егер алыстан атысар болсақ, біздің мергендер де қарап қалмас! – деді Наурызбай төре өткір көзінен от шаша қарап.

­ Қолма­қол соғыста жеңсең де, жеңілсең де арман жоқ. Құдай желкеңнен атар сатқындықтан, сөзінде тұрмас опасыздықтан сақтасын! – деді Иман батыр сол түйілген қалпында.

­ Неге олай дедің? Әлде біреулерден күдігің бар ма? – деді Кенесары оның бетіне аңтарыла қарап.

­ Күдігім бар... Мен бізбен одақтасып жүрген Үрістем төре мен Сыпатай батырға сенбеймін. Мен білсем, солардың бір ені ішінде...

­ Айтты­айтпады, солар осы жорықты неғып жеделдетіп жіберді? Бізді бастап барып, қақпанға түсірейін деп жүрген жоқ па екен солар? – деді әншейінде көп сөйлемейтін Ағыбай батыр Иманның сөзін қостап.

«Бұған не айтасыз» дегендей бәрі аңтарылып, Кенесарыға қараған. Хан сәл ойланып қалды да:

­ Мен қайдан білейін Үрістем төре мен Сыпатай батырдың ішінде қандай ит өліп жатқанын ит біліп пе? – деді қанталаған шегір көзі ұшқын атып. – «Бізді Қоқанның тепкісінен құтқара гөр» деп, жасаққа қосылған өздері... Осы жолы екеуі бірігіп, бес мыңдай қол қосып отыр. Ары жүр деп кеудесінен қалай итерерсің. Не істейміз, олардыосы соғыста сынап көреміз де... Бұра тартқанда қайда барады? Ұрыс тізгіні менің қолымда болмай ма?

­ Дегенмен, сақ болған жөн, – деді манадан үнсіз отырған Жеке батыр – «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген ғой бұрынғылар.

Жиналғандар бұдан басқа да біраз жайларды сөз етіп, алдағы ұрыс жоспарын ертең жасақ басшыларымен бірлікте жасайтын болып, алдағы сәрсенбінің сәтінде жорыққа аттануға сөз байласты.

– ІV –

Бұл кезде хан ордасы мен айналасындағы біраз ауылдар Қордай асуына таяу Мәтібұлақ және Еспе деген қоныстарда отырған. Қырғыз жеріне тақау, әрі дулаттар мекеніне ұрымтал, жақын отырмақ болып, осы маңға таяуда көшіп келген­ді. Айналада атыс­шабыс, жаугершілік болып жатса да, ежелгі орда салтанаты бәлендей бұзылмаған. Бұлақ бойындағы жасыл алаңқайда ақ ордалар бір бөлек, төрт түлік малға, шаруашылыққа қарайтын төленгіттер мекені бір бөлек, бұларға сәл қиыстау, әскер жасағына арналған шатырлар тізбегі бір бөлек тігіліпті. Төленгіттер ауылы маңында бие байлаулы, көк түтіні шұбалған жерошақтарда қазан­қазан ет асулы. Күзетте, барлауда, жаттығуда жүрген сарбаздар кезегімен келіп, ас­су ішіп, аттанып жатыр.

Бүгін хан Кене манағы мәслихаттан кейін өз ордасында оңаша болатын. Қасында әйелі Күнімжан, сонан соң Сызық, Ахмет сияқты жасөспірім балалар ғана бар еді. Хан мен ханша кешкі асты да ордада оңаша отырып ішті. Ханның жасы биыл қырық бесте. Ал, Күнімжан қырыққа жаңа ілінген. Бәденді, сұлу әйелдердің қырық жасында екінші рет гүл ашып, қайта бір құлпыратыны болады ғой. Бүгін Кенесары өз әйелінен сондай бір өзгерісті бар болмысымен сезініп, дастарқан жасап, шай құйып жүрген Күнімжанға қадала қарап қалған.

­ Мені жаңа көргендей сонша неге сұқтандыңыз, хан ием? – деді Күнімжан бетмоншағы төгілген баяғы жас келіншек кезіндегідей сүйкімін арттыра жымиып.

­ Байқайсың ба, бәйбіше, сен жыл өткен сайын сұлуланып барасың, – деді Кенесары әлі де әйелінен көз алмаған күйі.

­ Қойыңызшы, бізден сұлулық қалғалы қашан... Жәй, көңіл демеу үшін айтқаныңыз шығар.

­ Жоқ, шын айтам. «Егер өз бабында күтіп ұстасаң, он әйелдің беретін ләззатын бір әйел де бере алады» дегенді бір жерден оқығаным бар еді. Сені көрген сайын сол сөз есіме түседі...

Жақсы сөзге жан семіреді. Күнімжан аспалы фанар жарығында айсырғасы жалт­жұлт етіп, әлдебір еркелікпен сыңғырлай күлді.

­ Сізге төсек жаңғыртуға жаугершілік мұрша бермеді ғой, хан ием. Ат жалын тартып мінгелі жаумен шайқасып келесіз. Әйтпесе...

­ Не, әйтпесе?

­ Әйтпесе, әлденеше отауды баяғыда­ақ қатар қандырар едіңіз ғой... Атаңыз Абылай он екі қатын алып, олардан отыз ұл, қырық қыз сүйіпті. Өз әкеңіз де қос­қостап қатын алған... Сіз ғана ғой – ондай бақыттан құр қалған.

­ Тәйірі қатын алам деген кісіге жаугершілік бөгет пе екен? – деді Кенесары ас ішкен соң, дастарқаннан сәл шегініп. – Шын айтам, дәл бүгінге дейін өзіңнен артық әйел кезікпеді. Кім біледі, «үмітсіз – сайтан» деген... Қартайып тұрған жоқпыз. Алда елу бар, алпыс бар.

­ Е, бәсе, дұрысына енді көштіңіз, – деді Күнімжан наздана күліп. – Айтпақшы, мен екі жыл тұтқында болғанда қалай күн көрдіңіз? Сол тұста «жас иіс» құшсаңыз, еш айып­шамы жоқ еді ғой.

­ Еске салмашы сол бір қарғыс атқан күндерді. Сенсіз жалғыз қалғанда қандай азап шеккенімді білмейсің ғой...

Иә, Кенесарының өзі жорықта жүргенде, орыс әскері ойда жоқта ауылды басып қалып, Күнімжанды екі баласымен кепілдікке алып кеткен. Орынбор генерал­губернаторы граф Перовскийдің қолында екі жыл мырза қамақта отырған. Сөзден сөз туып, ендігі біраз әңгіме сол туралы болып еді.

­ Көз алдыма ылғи да бір сорақы көріністер елестейтін. Орыс төрелері сені қорлап жүр ме деп ойлағанда, зәрем зәр түбіне кетуші еді, – деді Кенесары іргедегі жастыққа жантая беріп. – Бір жағынан намыс қысады. Елге қарайтын бет жоқ. Өз бала­шағасын қорғай алмаған хан кімді жарылқайды деп ойлауы мүмкін ғой.

­ Обалы кәнеки, орыс ұлықтары ондай әбес қылық көрсеткен жоқ. Қанша айтқанмен, ақсүйектер ғой, Перовскийдің өзі де әдептен озбады, – деді Күнімжан. – Өзімізді жеке үйде бөлек ұстап, бір башқұрт әйелін күтушілікке қойды. Арнайы мұғалім белгілеп, маған және Ахмет пен Сыздыққа орысша үйреткенін қайтерсің?!

­ Иә, Перовскийдің орны бөлек еді ғой. Ол кеткен соң ғой – дүниенің бұзылғаны, – деді Кенесары күрсініп.

­ Әйткенмен, менің айым сізге бір өткен екен ғой... Айтпақшы, мені тұтқында жүрген қанша орысқа айырбастап алдыңыз? – деді күйеуінің қасына келіп жантайған Күнімжан.

­ Бағаң жетті. Ішінде бір майор, бір капитан, екі есауылы бар, он орысты босаттым ғой бір сен үшін! – деді Кенесары қасына келген ханымды қарулы қорымен құшағына тартып. – Бір кезде Ханзадаға тидім, енді рахатқа батам деп ойлаған шығарсың. Ал көргенің – кілең атыс­шабыс, жаугершілік...

­ Қайтеміз, маңдайға жазылғаны сол болса? – Күнімжан алқына күрсінді...

­ Сол үшін кешірім сұраймын сенен...

­ Қалайша?

­ Саған рахат өмір сүргізе алмағаным үшін, көрген бейнет, тартқан азабың үшін... Кезінде айттырған адамыңнан тартып алғандай болып ем, сол үшін!

­ Сізге қосылғаныма өкініп жүр дейсіз бе? – деді Күнімжан ханның бауырына тығыла түсіп. – «Ездің қойнында жатқанша, ердің аяғын құш» деген бар емес пе?! Тәйірі, өзге дүниенің рахаты сізбен өткен бір күніме тати ма?!

Бұл кеште хан мен ханым баяғы алғаш қосылған күндеріндей, айрықша қызу жалынмен табысып еді.

Тәңертеңгі шай кезінде үстеріне Ағыбай батыр кірді. Ордаға сұраусыз кіретін екі­ақ адам бар. Олар – Наурызбай мен Ағыбай ғана. Жас кезінен бірге келе жатқан Ағыбай Кенесарымен даң құрдас, қалжыңдаса береді. Ол келген бетте Күнімжанға сұқтана қарап:

­ Пай­пай, бүгін ханымның ағы – ақ, қызылы – қызыл боп, балбырай қалған екен! Тіфа­тіфа, тіл­аузым тасқа! – деді алдына қойған кесені бақандай қолдарымен ала беріп.

­ Өз келіншегің жас болған соң мазақ қыласың ғой бізді, – деді Күнімжан да қарап қалмай. – Жас тоқал алып, жұрттың көзін қызықтырып жүрген – сен ғана...

Күнімжанның айтып отырғаны тегін емес, Ағыбай өткен жылы бір жап­жас қызға үйленген. Бай қызығын әбден көрген бәйбішесі балаларымен елде қалып, Ағыбай жорыққа жас тоқалын ертіп шығатын болған. Күш­қайраты бойына симай, кімге соқтығарын білмей жүрген батырға тоқал дегенің таптырмас ермек болды. Қазір үйден ұзап шыққысы келмейді.

­ Қал қалай, Көсе[2], жақсы жатып, жәй тұрдың ба? Өзіңді жас тоқал сүліктей сорып, езіп тастаған жоқ па! – деді Кенесары да әзілдей тіл қатып.

­ Айтпа! Қанша дегенмен, құрғыр жас емес пе. Кісіге желімдей жабысып, айырылмайды­ау, антұрған! – деп Ағыбай орданы басына көтере қарқ­қарқ күлді.

­ Оқта­текте қолымызға әрең дегенде бір түсесіңдер, соны да көп көресіңдер ме? – деді Күнімжан туралған қазы­қартаны Ағыбайдың алдына таман сырғытып.

Шай дастарқаны жиыла бергенде, ордаға Иман, Бұқарбай, Таймас, Басығара батырлар кірген. Енді қымыз құйыла бастады. Қазір шөп басы сарғайып, қымыздың қоюлана бастаған кезі.

­ Әй, қанша дегенмен, Арқаның нәрлі қымызына жетпейді­ау! – деді Иман батыр алғашқы аяқты жедел тартып жіберіп. – Жеріне, шөбіне байланысты ғой. Алатаудың кеупая, көкжасық шөбі Арқаның қара отына қайдан жетсін?!

­ Қалай, жігіттер, жорыққа дайындық қалай жүріп жатыр? – деді Хан Кене батырларына жағалай көз тастап.

­ Шүкір, жаман емес, бес қаруымыз бойымызда, жорыққа бүгін аттансақ та дайынбыз! – деді Бұқарбай бәрінің атынан жауап беріп. – Жаңа ғана Үрістем төреден жаушы келді. Сыпатай батыр екеуі бастаған дулат қолы төменгі Шу бойында қос тігіп, күтіп жатқан көрінеді...

­ Бәрекелде! Уәделерінде тұрған екен Үрістем төре мен Сыпатай батыр! – деді Кенесары ризалық білдіріп.

­ Уәде өз алдына. Мен солардың тым елгезек боп, елпілдеп кеткенінен күдіктенем, – деді Ағыбай батыр өз ойын жасырмай. – Сыпатай қырғызбен құдандалы деп еді, осы жолы неғып алға түсе қалды?

­ Соны айтам, осылардың әрекеті тым күмәнді, – деді Иман батыр да оны қостап.

Хан Кене аса бір қиын түйінге тірелгендей, біразға дейін тіл қатпай, үнсіз отырып қалды.

­ Жігіттер! – деген әлден уақытта. – «Арқаның қысы жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, осы отырған бәріміз де Арқаның кең даласынан орыс қысымына шыдамай қоныс аударған жоқпыз ба? Енді, міне, тар жерге келіп қыстырылып, күніміз үшін кім көрінгенмен одақ құрып отырмыз... Жорық алдында жөнсіз жорамал айтып, жігерімізді мұқалтпайық. Енді, не де болса, бағымызды майданда сынаймыз. Бір кезде бәріміз де «өлсек бір шұқырда, тірі қалсақ бір төбеде боламыз» деп ант ішіп, атқа қонғамыз. Егер алдағы ұрыстан қаймығатын болсаңдар, осы бастан айтыңдар. Ондайларға рұқсат, ешкімді зорламаймын...

Батырлар ду ете қалды:

­ Құдай сақтасын, хан ием! Сізден бөлініп не көрініпті?

­ Ақырына дейін өзіңізбен біргеміз...

­ Өзіңіз айтқандай, бізді өлім ғана айырар! – десті батырлар күңіріне тіл қатып.

­ Олай болса, іске сәт! Ертең жорыққа аттанамыз. Шайқас оңай болмайды. Қырғыздың артында Қоқан тұр. Қоқанның артында тағы кім тұрғанын өздерің де білесіңдер... Сыпатай қолымен бір сапта соғысамыз деп сөз байласып қойған соң, енді шегінгеніміз ұят. Әрине, негізгі салмақ өзімізге түседі... Алда не жеңіс, не жеңіліс. Мен ешкімге міндетті түрде жеңіске жетеміз деп уәде берген емеспін. Біз тек ажалды қасқайып тұрып қарсы алуға уәделескенбіз. Солай емес пе? Әлде басқадай келісім болып па еді?

Осы сәтте бір тізерлей отырған Ағыбай батырдың гүрілдеген үні естілді.

­ Мен соғысты да, өлімді де жаңа көріп жүргем жоқ. Ажалмен талай рет бетпе­бет келген адаммын. Менің мана айтпақ болғаным: жаңа «достарымыз» адал ма? Ақырына дейін сертте тұра ма дегендік қой. «Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді» деген сөз бар... Кейін бамақтарыңды шайнап, «Ағыбай байқұс айтып еді­ау! Сол сорлы бірдеңені сезген екен ғой» деп опынып жүрмесеңдер болғаны.

­ Көсе, сен де сау сиырдың жапасы емессің. Айтқан сөзіңде жан бар, – деді Кенесары отырғандарды ду күлдіріп. – «Сақ болайық» дегенің жөн­ақ. Енді жаңа достарымызды ұрыс үстінде сынаймыз. Бала емеспіз ғой, әлдекімнің қазған орына түсе қоймаспыз...

Осыған бәтуаласқан батырлар ертең сәрсенбінің сәтіне аттанатын болып, мінер аты мен қару­жарағын әзірлеуге кірісті.

Ертеңінде күн шығар­шықпаста Күнімжан ханым ақ орданың сыртында тұрып, хан Кенені шығарып салды.

­ Жолыңыз болсын, хан ием! Жеңіспен оралыңыз! – деді атқосшысы әкеліп көлденең тартқан Шалқұйрық аттың шаужайынан ұстап тұрып. – Бұрын мұндайым жоқ еді, бүгін біртүрлі қобалжып тұрғаным... Сақ болғайсыз, хан ием! – Соны айтып, көз жасын көрсеткісі келмей теріс айнала берген.

­ Уайымдама! – деді Кенесары әйелінің арқасынан есіркей сипап. – Бәрі дұрыс болады. Қырғызды бағындырып, оңтүстік өлкені Қоқан тепкісінен құтқарған соң, сен екеуіміз Меккеге, қажы сапарына аттанамыз. Сөйтіп, бойымыздағы дүниенің кір­қоқысынан жақсылап бір арыламыз!

­ Айтқаныңыз келсін, хан ием! Ақ тілегіңіз қабыл болғай!..

Күнімжан соны айтып, хан Кенені қолтығынан алып аттандырды. Сонан соң, күйеуі астындағы атын жылдап бастырып, қотан шетіндегі қалың топқа барып қосылғанша соңынан көз алмай қарап тұрды. Бұл жолы әйел жүрегі жайдан­жай қобалжыған жоқ­ты. Күнімжан өз күйеуі хан Кенені енді қайтып көре алмайтынын тек әйелде ғана болатын ішкі түйсікпен сезіп тұр еді.

– V –

Ойдан­қырдан жиналған қазақ қолы Қордай асуында бас қосып, Шудың оң жағалауымен шығысқа қарай бет түзеді. Аз емес, ұзын саны алты мыңдай сарбаз. Шоқпар мен сойылды, найза мен қылышты есепке алмағанда, біраз адамда білтелі мылтық бар. Хан Кененің сыннан өткен сайдауыл жасағы мыңның үстінде. Қалғандары жергілікті жұрттан таяуда жиналған құрамалар. Бұл жолы Үрістем төре мен Сыпатай батыр уәдесінде тұрып, бес мыңға жуық қол жинапты. «Қанына тартпағанның қары сынсын», жайшылықта қырғызбен үйір­шиыр болғанымен, жеме­жемге келгенде олар да ұранға шаппай тұра алмаған сияқты.

Міне, қазір де Үрістем мен Сыпатай әскердің маңдай алдында хан Кенемен қатар келе жатыр. Екеуі де көңілді. Әсіресе, жасы алпыстың ішін енді аралаған, дөңгелек қара сақалды, сұлу жүзді Сыпатай астындағы кер төбел атты жайтаң қаққызып, хан қасында есе сөйлеп келеді.

– Қоқанның қорлығы шымбайымызға әбден батып тұрғанда, құтқарушымыз болып, дер кезінде жақсы келдіңіз­ау, хан ием! – дейді, құлыққа жағымды қоңыр дауысын күмбірлете шығарып. – Халық та жетесі жұқарып әрең отыр екен, екі айтқызған жоқ, «Қоқанға қарсы аттанамыз» дегенді ести салысымен, бір ақ күнде ту түбінен табылды...

­ Сіздің елдің көрші отырған қырғызбен ілік­шатысы бар ғой. Мен сол жағы қол байлау бола ма деп едім, – деді Кенесары Сыпатайға сынай қарап.

­ Рас айтасыз, көрші отырған соң ағайынмен араласпай тұра алмайсың ғой. Бұрын менің де қырғыз манаптарымен ит қасынысқандай ілігім болушы еді, кейін қырғыздар қоқанның қолтығына тығылғаннан бері соларды біртүрлі жек көріп кеттім, – деді Сыпатай.

­ Батыр дұрыс айтады. Осы қырғыздар тілі, ділі, тұрмысы жақын бола тұрып, қазақтан гөрі қоқанға неге бейім тұрады екен, құдауанда? – деді жетпістен асса да әлі өңін бермеген, беліне күміс кісе буынып, басына құндыз бөрік киген Үрістем төре астындағы қаракөк атты қамшылап қойып. – Әлде, Абылай атамыздың кезінде қырғызды қызыл көтен қып шапқанын әлі күнге дейін кек тұта ма екен?

­ Осы Шу бойында қапыда қолға түскен қазақ сарбаздарының басынан «Кәлла мұнара» орнатып, Абылай ханның намысына тиген қырғыз манаптарының өздері ғой, – деді Кенесары осы арада сөз қосып. – Оның арты қырғызды қанға батырған «Жайыл қырғынына» ұлпаспады ма?

Осы тұста ханның астындағы Шалқұйрық ат құлағын жымырайтып, әлсін­әлі қатарласа берген, Сыпатайдың кертөбелін желке тұсынан қапсыра түстеп алды.

­ Иә, айтпақшы, солай екен­ау! – деді Үрістем төре бұл күнде әркім білетін жайды есіне енді түсіріп. – Абылай атам қырғызды, міне осыдан кейін шапқан екен­ау... Әйткенмен, осы Шу өзені – қазақ үшін қанды су. Құдай кеселінен сақтасын.

Бұлар Шу аңғарын жағалап, едәуір өрлегенде алға озып кеткен шолғыншылардан хабар келді. Қырғыз­қоқан әскері осыдан түстік жерде, Кекілік­Сеңгір тауының бөктерінде жиналып жатқан көрінеді. Қаралдысы онша көп емес, бес мыңның о жақ, бұ жағында... Бірақ өздері төңірегін шаңдатып, кешке қарай отты мол жағып, көп болып көрінгісі келетін сияқты... Мейлі, енді жаудың саны қанша болса да шегінетін жай жоқ. Кімнің бағы жанып, жұлдызы жоғары болса, ұрыс тағыдырын сол шешеді. Бұл кезде күн еңкейіп, батуға айналған. Қазақ қолы Кекілік тауға бес­алты шақырымдай таяп келіп, Алмалы сай аталатын бұлақ бойында тізгін тартты.

Қырғыздар бекінген Кекілік тау бөктері қалың шаң, буалдыр. Бейне, арғы жақтан түйдек­түйдек әскер келіп жатқан секілді. Бұл – әсілі, Солтының Орман манабы ойлап тапқан бір тәсілі болатын. Небәрі екі жүздей салтатты сарбазды бір жотаны шыр айналдырып, шаңдатып түсіре береді екен... Ал, кешке таман ымырт үйірілісімен Кекілік таудың бөктері андыздаған қалың отқа толып кетті. Бұл да – Орман мен Жантай манаптардың айласы еді. Олар әр сарбазға бес жерден от жағуға бұйырыпты... Оның қарсы жаққа әсері болмай қалған жоқ. Әлгіні көрген Үрістем төре мен Сыпатайдың жасағы қатты үрейленіп, «ойпырай, аспандағы жұлдыз көп пе, жердегі қырғыз көп пе» десіп, өздерінің осы сапарға шыққанына өкінген деседі.

Қырғыздың қоқан­лоққы айласы Кенесары мен оның айналасындағы санаулы батырларға жақсы мәлім еді. Өйткені, мана түс қайта Таймас батыр жіберген барлаушылар осының бәрін жіпке тізгендей айтып келген болатын.

Келісім бойынша, Алмалы сайдың алдыңғы шығыс жақ беткейіне Хан Кененің байырғы әскері, арт жақтағы адырларға Үрістем мен Сыпатай жасағы орналасқан. Әскердің бұлай бөлінуінде бәлендей оғаштық жоқ. Өйткені әрбір жасақтың ат көлігі, жол азығы, қазан­ошағы бөлек­тұғын. Салтатты сарбаздар кең тыныстап демалуы керек. Ертеңгі ұрыс кезінде де хан жасағы ежелгі салт бойынша маңдайда тұрса, Үрістем мен Сыпатай оң мен сол қанатта тұрып, жауды қос өкпеден қысуға келісілген. Кешкі астан кейін хан Кене мана барлаушылар айтып келген мәліметті Сыпатай мен Үрістемге хабарлайын деп бір оқталды да, түн ішінде аптықпай­ақ ертең тәңертең айтуға бекіген.

Оның есесіне, әбден қас қарайып, көз байланған шақта Үрістем мен Сыпатай бұлақ бойындағы шоқ талдың түбінде жасырын кездесіп еді. Екеуі әлденелер жайында күбірлесіп көп сөйлесті.

­ Сонымен, түн ортасы ауа тықырымызды білдірмей, ақырын шегініп кетеміз ғой? – деді Сыпатайға сыбырға жақын құмыққан үнмен.

­ Әрине, сөз байласқан келісімді бұзуға бола ма? Бізге енді ешкім де кінә таға алмайды: уақытша болса да әскер санын көбейтіп ханның көңілін ауладық. Орысқа берген сертіміздің, қырғыз бен қоқанға берген уәдеміздің үддесінен шыққалы тұрмыз... Жасақтан бір адам шығын бермей, аман­есен үйіріне апарып қоссақ, бізге халық та разы болмай ма?! – деді Үрістем төре өздерінің бір оқпен неше қоянды жыққалы тұрғанын масаттана еске салып.

­ Пай­пай, төрем­ай! Ел басқарып қалған сұңғыла саясатың осындайда көрінеді­ау! – деді Сыпатай дән риза болып. – Әлгі дойбы ойнаған қазақтың «екі алып, биге шықтым» дейтіні осы емес пе?!

Түн ортасы ауып, таң саз берген шақта арттағы Үрістем жасағы жақтан бір салтатты келді дүбірлете шауып. Шырт ұйқыда жатқан сарбаздар ат дүбірінен шошып оянған.

­ Не боп қалды?

­ Күзет қайда?

­ Мына сөдегей салтатты кім? – десіп жатыр үрейленген жұрт.

­ Ойбай, ағайындар­ау, бұл не жатыс? – деді әлгі салтатты аттан қарғып түсіп. – Үрістем төре мен Сыпатай батырдың жасағы майданнан шегініп кетіп қалды. Сіздер қырғыз­қоқан әскерінің қоршауында қалдыңыздар...

­ Ау, жігітім, өзің кім боласың? Жөніңді айтшы! – деді Ағыбай батыр оның төбесінен төне қарап.

­ Мені Сұраншы батыр жіберді... Әскер ішіндегі опасыздықты ханға жеткіз деді...

Бұл кезде таң аппақ атып, жерге жарық түсе бастаған. Жігіттер жотаға шығып қараса, расында да, Үрістем төре мен Сыпатай батыр қолынан тірі жан қалмапты. Жасақтың көшкен жұртында әлі сөне қоймаған оттары ғана бықсып жатыр. Одақтастардың түн қараңғысында дыбыстарын білдірмей тайып тұрғаны мәлім болды... Бұл кезде шатырынан шыққан хан Кене болған жайды санасына сидыра алмай, сенделіп тұрып қалған. Бұл оның арсыз опасыздықпен алғашқы рет бетпе­бет келуі еді.

­ Ой, Алла­ай, мұндай да сұмдық болады екен! – деді ол әлден уақытта жағасын ұстап. – Мына мен қандай елге хан болып жүргем, япырау? Кім үшін жарғыға түсіп, кімдерді азат етпек болғанмын? Құлдыққа еті өліп кеткен бұл неткен намыссыз жандар? Өз хандарын, шынымен­ақ, үш мың күміске сатқаны ма?!

Бұл кезде Ағыбай, Иман, Бұқарбай, Басығара, Таймас батырлар мен Саржанның баласы Ержан, Есенгелдінің баласы Құдайменде секілді жас сұлтандар ханды айнала қоршап тұрған­ды. Бәрінің еңселері түсіп, қабақтары түйіліп кетіпті. Бірдеңе айтуға батылдары жетпей қиналып тұр... Тек, Шұбыртпалы Ағыбай батыр ғана:

­ Айналайын, хан ием­ай! Осыларға сенбеңіз деп айтудай­ақ айтып ем­ау, мен сорлы. Сөзіме құлақ салмадыңыз... Солардың тым елпек боп, алға түсе беруінен шошып едім. Былтыр ғана орыс жандаралынан орден алған Үрістем мен Сыпатай қазаққа опа қыла ма? – деп жыларман күйге түсті.

­ Иттер қырғыз бен қоқанға қарсы соғысқысы келмесе соғыспай­ақ қойсын. Бірақ бізді алдап несі бар? Жасаққа келіп қосылып несі бар? – деді Иман батыр да ызадан жарылардай болып.

­ Орыс, қоқан, қырғыз болып, бәрі бірлікте ақыл қосқан болды ғой. Үрістем мен Сыпатай солардың тапсырмасын бұлжытпай орындаған! – деді Таймас батыр. – Әне, бізді бастап келіп, тұзаққа түсірді де, өздері түк болмағандай кете барды...

­ Пәлі, ананы қараңдар! – деді осы сәтте жас сұлтан Құдайменде. – Үрістем мен Сыпатай кетерінде қырғызға белгі берген ғой. Біз қоршауда қалыппыз...

Көпшілік енді байқады, шынында да, солай екен. Биік тұрғының бәрін ақ қалпақтылар иемденіп алыпты. Адыр­қырқада бір­біріне хабар беріп, шаңдатып жауып жүр. Көрінеу басынғандық, айласын асырғандық байқалады. «Бәлем, қалай екен» дейтін сияқты. Өйткені бұл кезде қырғыздың әскері қазақтан бес есе көп еді.

­ Сонымен, не істейміз? Соғысамыз ба, әлде қырғыздар құрсауын тарылтпай тұрғанда қоршауды бұзып, жаңағы Сыпатайдың соңынан біз де шегінеміз бе? – деді Бұқарбай батыр көз қиығын Кенесарыға аударып.

­ Соғысамыз! – деді осы сәтте біреу саңқ етіп. Жұрт мұны айтқан Хан Кененің өзі ме деп қалып еді, жоқ, ханның өзі емес, Басығара батыр екен. – Майданға келіп тұрып, тұра қашатын қатынбыз ба соншалық? Қашсақ, ана тұрған қырғыздар сүрі боғың түскенше қуады... Ал, жарым­жартымыз аман құтылдық дейік. Сонда ел­жұрттың бетіне қалай қараймыз?

Кенесары әлі үнсіз тұр. Оның көз алдынан өзге бір суреттер көлеңдеп өтіп жатыр еді. Қоршаудағы әскердің қалай харап болғаны, қырғыздардың арттағы ауылды қалай шапқаны, әйелі Күнімжан бастатқан бала­шағаны өшіккен жаудың қалай қорлағаны... Сарбаздар ештеңе емес, артта сорлаған елді айтсайшы!

­ Иә, Басығара батыр дұрыс айтады. Соғысамыз! – деді хан Кене әлден уақытта батырлар мен сарбаздардың өзіне қарап тұрғанын сезіп. – Қашқаннан құдай сақтасын. Опасыздар мен сатқындардың ызасына қасақана соғысамыз! Қазақтың бәрі бірдей қорқақ емес екенін, опасыздар мен сатқындардан өзіміздің мүлде басқаша жаралғанымызды әлемге әйгілеуіміз керек... Әйтпесе, келер ұрпақ бізді кіммен салыстырып бағалайды? Қайтеміз, маңдайға жазғаны осы шығар. Біз – бостандық үшін басымызды тіккен жандар едік қой. Бүгін, несін айтасың, соның орайы келіп тұр... Бәлкім, қырғыздар бізді өлтірер, бірақ қазақтың ерлік рухын өшіре алмас! Өлсек те, жастығымызды ала жығылайық, жігіттер!

Осы сөз байлам болды. Бір мыңнан асар­аспас шағын қол түзем құрып, ұрысқа дайындала бастады. Тек, осы тұста хан Кене Ағыбай батырды оңаша шақырып алды да, мынадай тапсырма берді:

­ Сен, Көсе, бұл соғысқа қатыспайсың! – деді оның бетіне күле қарап. – Бүгінге дейін қылышыңды қанмен суарғаның да жетер... Қасыңа екі сарбаз ал да, осы қазір ауылға тарт! Мәтібұлақтағы, Еспедегі ауылдарды жау қолына түсірмей, Арқаға жеткізетін бол! Ұғып тұрсың ба?

­ Түк те ұғып тұрғам жоқ... Өлсек бір шұқырда боламыз деген серт қайда? Сені тастап қалай кетем? – деді Ағыбай балаша өксіп тұрып.

­ Барасың! Бұл – бұл ханның соңғы тапсырмасы. Осыны абыроймен орындасаң, мен саған ризамын...

Осы кезде хан қасына Наурызбай сұлтан келіп қалған:

­ Хан аға, Ағыбай батырмен бірге өзіңіз де шегініп кетсеңіз қайтеді? Қырғыздың сазайын тартқызуға мұнда біз бармыз ғой! ­ деген­ді.

Інісіне қайырған хан жауабы қысқа болды:

­ Науанжан­ау, әскерін тастап тұра қашқан ханда не абырой қалады? Ұлы мақсат жолында бірге өлеміз деп серттескен серіктерімді, өзіңді қалай тастап кетем?! – деген сабырлы қалпын бұзбай.

Осыдан кейін Ағыбай батыр көп бөгелген жоқ, қасына екі сарбаз алды да, жау қоршауын қақ жарып, көлденең киліккен екі қоқандықты найзамен іліп тастап, Қордай асуына қарай құйындата шауып бара жатты.

Көп ұзамай­ақ қанды шайқас басталып та кетті. Қырғыздар қоршау шеңберін біртіндеп тарылта берді де, оқ жетер жерге келгенде, қазақ мыңдығына тұс­тұстан лап қойды. Күш тең емес­ті. Сірә, бір қазаққа бес қырғыздан келген шығар. Бірден мәлім болғаны, бұлардың бәрі бірдей қырғыз емес, қақ жарымы ақ қалпақ киген қоқандықтар болып шықты. Бірақ ажал қалпақ астында қандай бастың тұрғанына қараған жоқ. Алғашқы сәтте қоңқақ мұрын қоқан да, жалпақ бет қырғыз да қазақтың қайқы қылышынан ат жалын құшып жатты.

Басында қазақ қолы жұдырықтай жұмылып, қаумалаған жауды маңайына жолатпай, таяу келгенін қағып тастап отырған. Бірақ көп көптігін істемей қоя ма, біраздан соң сарбаздар бірнеше топқа бөлініп кетті. Батырлар өз жүздігімен жеке­дара шайқасуға тура келген. Әр жүздік мыңға қарсы соғысып жүр. Әрі­беріден соң біреуді біреу білуден қалған­ды. Хан Кененің қасында Ержан сұлтан мен Иман батыр қалқан болып жүр еді. Енді бір қарағанда, өне бойынан қан саулаған Иман батырдың ат жалын құша құлағанын көріп қалды.

Кенесарының көптен бері қоян­қолтық ұрысқа араласқаны осы. Мына қоршаудан енді құтылу жоқ, тек жастығын ала жығылу керектігін сезді де, алдаспанын оңды­солды сілтеп, төніп келген жауының бірнешеуін жаћаннамға аттандырып жіберді. Хан Кененің қатты алаңдап іздегені інісі Наурызбай болатын. Бір әредікте мойын созып қараса, Наурызбай қылыш пен найзаны қатар сілтеп, жауды жапырып жүр екен. Топқа кірген жері есіктей болып ойылып қалады. «Жарығым­ай! Көзсіз батырым­ай... Қайраусыз өтер алдаспаным­ай! Көп иттің талауына түсіп, қор болдың­ау!» деді Кенесары өксік ата күңіреніп. Сыңайы, қырғыздар хан Кене мен Наурызбайды тірідей қолға түсірмек секілді. Екеуін жекелей ортаға алып, оңашалай береді... Бір кезде Кенесарының назарын гүрсілдей атылған мылтық дауысы бөліп кетті. Қазақ батырлары қолма­қол ұрыста алдырмайтын болған соң, қоқандықтар бір шетте тұрып, оларды көздеп атып жатқан секілді. Осыдан кейін­ақ қазақ қолының қатары сиреп, әлсірей берген.

Бұл кезде Кекілік тауының бір иек артпа белесінде төменде жүріп жатқан шайқастың қызығына қарап, бір топ адам тұр еді. Бұлар қырғыз манаптары Жантай мен Орман, Қоқанның әскербасы Әлімқұл құрбашы, және подполковник Карбышев пен есауыл Сотников бастаған орыс офицерлері болатын. Көңілді кейіптерінен бүгінгі ұрыс нәтижесіне дән разы екендіктері байқалады.

­ Шайқас аяқталуға жақын. Қалай ойлайсыздар, мырзалар, бәрі де алдын­ала ойластырғандай болды емес пе?! – деді Әлімқұл құрбашы қарқ­қарқ күліп. – Ендігі шаруаға біз араласпаймыз. Ханның басына өздерің ие боласыңдар.

­ Оған алаң болмаңыз, құрбашы әпендім. Бастың жайын біздің Жантай манап жақсы біледі, – деді Орман манап құндыз бөркін шалқайта киіп, – Жәкеңнің атасы Әйтеке деген кісі бір кезде қазақ сарбаздарының басынан «Кәлла мұнара» тұрғызған...

­ Онда, іске сәт! Айтпақшы, бастың кесімді ақшасынан бізге бірдеме тие ме? – деді құрбашы сауда жағына жүйріктігін танытып.

­ Ақшада тұрған ештеңе жоқ, жарым­жартысын сіздермен қуана­қуана бөлісер едік. Бірақ онда «бұл ұрысқа қоқандықтар қатысқан жоқ» деген құпиямыз ашылып қалады ғой! – деді Жантай манап жанұшыра жауап беріп.

­ Солай ма?.. Ал, ана Үрістем мен Сыпатайдың үлесін қайтесіңдер? Кенесарыны біздің тұзаққа әкеліп түсірген солар емес пе? – деді Әлімқұл қандауырдай қадалып.

Бұл сұраққа Жантай мен Орман үндемей қалып еді, оның жауабын есауыл Сотников қайырды.

­ Үрістем төре мен Сыпатай батырды сыйлықтан құр қалдыруға болмас. Бұлай ету ертең «хандарына қазақтардың өздері қарсы болды» деп айтқанға жақсы...

Бұл кезде, расында да, төменгі жазықтағы ұрыс саябырсып қалған. Олай болатыны, бұл шақта қазақ сарбаздары түгел дерлік құрбан болып кетіп еді. Тұра қашқан, не жансауға сұраған бір адам болған жоқ. Бәрі де ерлік өліммен ажал құшты. Ал, қырғыз бен қоқан әскерінің шығыны қазақтан екі еседей көп болатын. Әр жерде әлі жан тәсілім етпеген жаралылар бар екен. Тұтқын алу, не болмаса жаралыға жәрдем беру кәперіне келмеген қырғыздар оларды найзалап өлтіріп жүр. Қазақтан екі­ақ адам тірі қалыпты. Бір топ қырғыз хан Кенені қаумалап, екінші бір тобы Наурызбайды ортаға алып, Майтөбе жақтағы ауылға қарай әкетіп бара жатты.

– VІ –

Бұл – Жантай манаптың немере інісі Қалығұлдың ауылы еді. Кенесары мен Наурызбайды бір­біріне қоспай, бөлек­бөлек үйге түсірді... Қазақ сұлтандарының ендігі тағдыры әйгілі Әтеке жырықтың ұрпағы осы Қалығұл мен Жантайдың қолында. Өзін қырғыздың ханы деп санайтын солтының манабы Орман: «мен енді бұл іске араласпаймын. Қанша айтқанмен, «Хан» деген атым бар ғой. Ханға ханның жаны ашып, Кенесарыға бүйрегім бұрып кетіп жүрер. Ендігісі сендерге аманат» деп бәрін Жантайға тапсырып кетіпті­мыс.

Сол Жантайдың ақылы ма екен, бөлек үйлерге қамалған Кенесары мен Наурызбайды бұлар үш­төрт күн бәйек болып күтті. Бағланның жылы­жұмсақ еті мен жас сорпаға тойғызып, жеңіл­желпі жараларын таңып, әбден әлдендірді: «Бұлар не істегелі жүр, сояр алдында бізді семіртіп алмақ па?» деп хан Кене аң­таң. Істің мән­жайы төртінші күні мәлім болды. Төртінші күні кеште ағайынды сұлтандардың қойнына үріп ауызға салғандай екі сұлу қыз әкеліп салды.

Рахмет қырғыздарға!.. Сөйтсек, бұлар қазақ сұлтандарын керемет бағалайды екен ғой. Асыл сүйегін, қайтпас жігерін, қайталанбас ерлігін... Сондай ерлерді босқа өлтіре салмай, олардан тұқым алып қалғысы келеді екен... Қайтсын байқұстар, өмірі хандық құрмаған, басшыға жарымаған ел ғой. Тағдыр әйгілі Абылай хан әулетінен бұларға бір хан сыйлай ма, кім біледі. Және болашақ асыл тұқым Сарбағыш тайпасынан шығып, күллі қырғызды билесе несі бар... Амал не, манаптардың жоспары іске аспай қалды. Ағайынды сұлтандардың ақ қалпақты қырғыздан көңілі қалғаны сонша, қас жауларына өздерінің асыл ұрқын қимапты. Тақ бір ақылдасып алғандай, ағайынды екеуі де қасындағы ару қыздардан бас тартыпты... Осыдан кейін бұл қазаққа қалай ішің жылиды? Бұлар қырғызға жайлы қонысын, жерін бөліп бермек түгіл, бір кештік рахатын, бір тамшы ұрығын қимайды ғой.

Сол күннің ертеңінде­ақ сұлтандарға деген мәміле басқаша түс алған. Күзет қатайып, қол­аяқтарын қыл шылбырмен шандып байлап тастады. Сірә, ажал сағаты да тым алыс емес­ау. Бұлар үкімді орындауға әлдекімді күтіп отырған сияқты... Хан Кененің тағы бір аңдағаны, бұларды бірден өлтіре салмай, әбден қорлап, жүйкесін жұқартып, өздерінің айызы қанғанша мазақ етіп барып, бір­ақ өлтірмек. Ауыл иелері алма­кезек келіп, әртүрлі ақымақи сұрақтар қояды. Наурызбай олардың мылжыңын тыңдамай, өздеріне тап берсе керек. Сондықтан, айналдыратыны – Кенесары ғана. Көбінесе, Жантай манаптың інісі Қалығұл келіп, өзінше кекеп­мұқап, өш алған болады. Қазақ десе қаны қатып қалатын баяғы Әтеке Жырықтың әулеті... Қалығұл хан Кенеге бұрыннан таныс. Көктемде бір мәрте хан ордасына елші болып барғаны бар... Ендігі әңгіме тұтқын мен жеңімпаз арасында:

­ Қалай, мәртебелі хан ием, зерігіп қалған жоқсыз ба? – дейді Қалығұл селдір сақалын тулата, жалпақ бетіне түгел күлкі жүгіріп. Күлгенде сықсиған сығыр көзі мүлде жұмылып кетеді. – Хан ордасындай емес, тұрмысымыз жұпыны, бірдеңеден тарығып қалған жоқсыз ба?

­ Ол жағына алаңдама, бізге барлық жағдай жасалған, – дейді Кенесары кекете күліп. – Қырғыздың қонақжайлығы сонша, тіпті сұлу қыздарына дейін көлденең тартты ғой...

­ Құрметті қонақтан немізді аяйық. Шама жеткенше тырысып­ақ жатырмыз, – дейді Қалығұл тағы да бет­аузы жайыла мәз болып. – Қазақ хандарын құрмет тұтқанымыз сонша, естелікке тұқым алып қалмақшы болғанымыз рас, оның үстіне Наурызбай сұлтан тұяқсыз өтіп барады екен. Одан да бір перзент қалсын дегенбіз... Оған қырсық сұлтан көнбеді ғой.

­ Дұрыс істеген... Бұрын­соңды хандық құрып көрмеген, хан қадірін білмейтін елге тұқым қалдырып не керек.

Бұл жолы Қалығұлдың күлуге шамасы келмей қалды.

­ Иә, бізге, шынында да, біреуді хан көтерудің қажеті шамалы. Өйткені бізде сіздер сияқты әтуер тұтатын Шыңғысхан әулеті жоқ қой! – деді ол әлденеге шамырқанып. – Сондықтан сіздерді ұзақ ұстамай о дүниеге аттандырсақ деген ойымыз бар.

­ Оған енді кім бөгет болып тұр? Мені ақыры өздеріңе хан сайламайтын болсаңдар, тезірек құтылмайсыңдар ма? – деді Кенесары езу тартып.

­ Хан көтерсек, өзімізде де адамдар бар ғой. Бірақ бізге ханның керегі жоқ.

­ Енді сендерге хандық қайда? Өмір бойы осылай көрінгенге құл болып өтесіңдер...

­ Ханның да әуселесін көрдік қой. Қазақтар да ханнан тойып болыпты, – деді Қалығұл қыбы қанған адамдай. – Көрдіңіз ғой, өз халқыңыз сізді сатып кетті.

­ Халыққа тіл тигізбе! Ондай опасыз сатқындар әр елден де табылады, – деді Кенесары түсін суытып. – Айтпақшы, осы сендер Үрістем мен Сыпатайды қалай қолға түсірдіңдер?

­ Оларды біз қолға түсіріппіз бе? – деген Қалығұл манағы кекесін күлкісін қайта тауып. – Олардың өткен жылы Лепсіде сізді ұстап беру жөнінде орыс генералы Вишневскийге берген уәделері бар екен. Соны орындау үшін өздері келді ғой бзге...

­ Солай де... Енді олардың еңбегін немен өтемексіңдер?

­ Ол жағы сіздің басыңыздың бағасына байланысты. Орыстар сіздің басыңызға қанша ақы төлесе, үштен бірі солардікі! – деді Қалығұл езуі жайылып. – Әйткенмен, өздері шебер­ақ. Үрістем мен Сыпатайды айтам. Сіздерді алдарқатып әкеліп, құрулы қақпанға қалай түсірді десеңізші...

­ Ақ патша менің басыма үш мың теңге күміс тіккенін естігем, – деді Кенесары сәл үнсіздіктен кейін. – Ханның басын тым арзанға сатқан жоқсыңдар ма? Сол ақшаны мен­ақ беретін едім ғой сендерге...

­ Бірақ ол ақша мен бұл ақшаның парқы бір емес қой, – деді Қалығұл насаттанып. – Біз қазір бір оқпен екі қоянды қатар жығып отырмыз. Әрі қас жауымыздан құтыламыз, әрі үш мың күміс қалтаға түседі.

­ Иә, Қоқанның қолтығына кіргелі сауданың жәй­жапсарын біліп қапсыңдар, – деді Кенесары бойын кернеген ашуды зорға тежеп. – Адамгершілік, ар­ұят деген жоқ қой сендерде. Қырғызға енді жетпегені қазақтың басын сату еді...

­ О­о, біз қазақтың басымен бұрыннан айналысып келеміз ғой! – деді Қалығұл кенет қатыны ұл тапқандай қуанып. – Біздің атамыз Әтеке батыр осы Шу бойында қазақтың басынан «Кәлла мұнара» тұрғызғанын ұмытпаған шығарсыз?

­ Сол қатыгездігі үшін атаң Әтеке Жырық та, әкең Қарабек те қазақтың найзасынан мерт болған жоқ па? – деді Кенесары өз жауабына айызы қанып. – Бірақ біздің ел ешкімнің сүйегін қорламайды. Әтекені де, Қарабекті де Қабанбай батыр адал жекпе­жекте сайып түсірген, және сүйегін өздеріңе берген.

­ Қазақтың ол дәурені өтті ғой! – деді Қалығұл шырт түкіріп. – Міне, қазақтың ең соңғы ханы менің қолымда отыр... Қашан басын алсам да өз еркімде.

­ Иә, заманның азғанын осыдан­ақ біле бер! – деді Кенесары езу тартып. – Бұрын ханның басын хан алушы еді. Енді, міне, ол міндетті құл­құтан да атқара беретін болды.

Соңғы сөз Қалығұлдың шымбайына батып­ақ кетті. Бірақ сырттай сыр берген жоқ.

­ Ту­у, ханмен сұхбаттасып, көңілім көтеріліп қалды ғой! – деді орнынан тұруға ыңғайланып. – Жантай ағамыз бір асқа кетіп еді, сол кісіні күтіп отырмыз. Сол келген соң сіздерді баратын жерлеріңізге жөнелтеміз.

Осыдан кейін, расында да, ажал сағаты көп күттірген жоқ. Ертеңінде ауылдың шетіндегі қоңыр үйдің маңына адамдар топталып, ырду­дырду боп жатыр еді. Қырғыздар алдымен өздеріне тізесі қатты батқан Наурызбай батырды кескілеп өлтіріпті. Әрине, бұл сұмдықты көзімен көрген қазақ баласы жоқ. Қылмысқа куә болған, қанды қасапқа мізбақпай қарап тұрған – қырғыздар ғана. Осы оқиғаны тірі куәлардың өз аузынан жазып алған қырғыз тарихшысы Б. Солтанаев сол 19­ғасырдың өзінде артына мынадай сөздер қалдырыпты. «Қырғыздарды найзамен шаншып өлтірген қаһарлы қолың осы ма» деп, алдымен Наурызбай батырдың оң қолын шауып түсіріпті – дейді тарихшы. – Сонда тұлабойын қан жауып кетсе де құламай, қасқайып тұрған Наурызбай: «Иә, Жаманқара батырыңды жайратқан, Орманбетіңді ойрандаған, Сұбанбегіңді сұлатқан, Қалпақ батырыңды талпақ қылған қаһарлы қолым осы!» деп жауап беріпті. Сол кезде қырғыздар шыдамай кетіп, бірнеше найзамен бастарына тік көтеріп алған екен. Наурызбай сонда да тілін тартпай, «Атаңа нәлет, ит қырғыздар, бәрібір сендерден найза бойы жоғары тұрмын ғой» депті.

Тағы сол тарихшының жазуынша, өмірі қорқуды білмеген, жаудан қайтпаған батырдың жүрегі қандай болады екен деп, Наурызбайдың кеуде сүйегін қақ жарып, жүрегін алып қараса, жәй адамдыкінен екі еседей үлкен боп шығыпты. Оған қоса, жүректің қабында жал боп біткен қайратты қыл бар екен... Демек, қырғыздар одан тұқым алып қалуға жайдан­жай қызықпаса керек.

Ал, жаңағы тарихшының айтуынша, Хан Кененің өлімі одан гөрі басқаша болған көрінеді. Хан қырғыздардың өзін өлтіруге әзірленіп жатқанын сезеді де, Қалығұлға мынадай өтініш айтады.

­ Екі ғана тілегім бар. Біріншісі, аздаған уақыт беріңдер. Өлер алдында дәрет алып, екі ракағат намаз оқып, Жаратушыға сыйынайын. Екіншісі, сендерге керегі – менің басым ғой. Сондықтан, өзге денемді бүлдірмей, жанымды қинамай, басымды қылыш ұстай білетін біреуің шабыңдар. Сонан соң, мұсылман баласысыңдар ғой, денемді қорламай арулап көміңдер! – депті.

Қырғыздар өзгені білмесе де бас шабуға ежелден­ақ шебер ғой. Хан Кененің өтінішін мүлтіксіз орындапты. Бас денеден бөлінген соң, енді оны Қапалдағы орыс бекінісіне қалай жеткіземіз деген мәселе біраз сөз болғанға ұқсайды. Біреулер «Ханның басын орыстар дәл тану үшін, оны осы күйінде апару керек» десе, екінші біреулер «Онымыз жабайылық болады. Өйткені шикі бас Қапалға жеткенше жидіп, сасып кетуі мүмкін ғой. Ондағы орыс генералдарынан ұят болып жүрмесін. Сондықтан басты пісіріп, етінен айырып, таза сүйегін апарған жөн» дейді.

Ақыры осы соңғы пікір жеңіп, үш мың күміске сатылатын басты тазалауға кіріседі. Сөйтіп, қырғыздар өздерінің жаңа қожайындары алдында асқан «мәдениеттілік» көрсетіпті. Ал, бастың кімдікі екеніне күдік тумау үшін, осында жүрген орыс офицерлері «Бұл – қазақ ханы Кенесарының басы» деп қағаз жазып, мөр басып беріпті.

Осыдан кейін ғана бастың сапары басталған. Алдымен, мұқият орап, қоржынға салған басты бір топ қырғыз қос атпен төрт тәулік күндіз­түні шауып отырып, Қапалға жеткізеді. Одан ары бас сапары – Семей­Омбы­Петерборға жалғасады. Орыс астанасы Петерборда Эрмитаж сөресіне қойылып, империяға қарсы шыққан бұзақының көретін күні осы деп, отаршылдар бүкіл әлемге мақтанады. Ал, қырғыз манаптары мен қазақ сатқындары Ақ патшадан үш мың теңге күміс алып, біраз қаужаңдап қалған көрінеді.

Бертінге дейін Эрмитажда тұрған Кенесары ханның басы соңғы жылдары үшты­күйді жоғалды. Бүгінгі тәуелсіз ұрпақ өз ханының басын қанша іздесе де таппай жүр. Сыңайы, ол басты біреулер тығып тастап, мына нарық заманында оны неше есе бұлдап, қайта сатпақ ойы бар секілді.

Қазақтың бұл күнде ел бастар серкеге, басшыға жарымай жүретіні, бастығы бір жаққа, бағынышты халқы екінші жаққа тартатыны – Хан Кененің басы мен денесі бірікпеуінен деседі білетіндер. Әйткенмен, үміт үзбейік. Заман да осы қалпында тұрмас. Алла сәтін салса, бас пен дененің қайта бірігетін күні де туар.

2012­ тамыз.