Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Қилы-қилы тағдырлар


Қазір не көп – баспа көп, одан шығып жатқан кітаптарда есеп жоқ. Бәрін оқып үлгіре алмайсың. Ал, осы бір кітапты бірден қолға алып, оқып шығуыма тақырыбы түрткі болды. Авторы – әдеби ортаға бейтаныс Ғалым Нөкішұлы. Кітаптың аты – «Жүз тайлақ» атанған Бәтіш сұлу. Деректі хикаят. Соны көргенде-ақ, ми қатпарындағы ақпараттар белгі бере бастады. Ең алдымен таблода «Жүз тайлақ» деген жазу жарқ етті. Одан ары 1916-жылғы көтеріліс, Мұхтар Әуезовтың «Түнгі сарын» пьесасы...

Пьеса мен мына деректі хикаятта бірдей «Жүз тайлақ» атанып жүрген әйел - әсілі, бір адам. Пьесада Бибіш ханым аталғанымен, шын аты – Бәтіш. Семейдің атақты байы Аймағамбет Икеұлы Бәтіштің сұлулығына қызығып, қалыңмалына жүз тайлақ беріп алған екен, содан «Жүз тайлақ» атаныпты. Семей мен Ертіс өңіріне атағы кең жайылған, әрі тобықтыға келін боп түскен Бәтішті Мұхтар Әуезов, әрине, жақсы білген. Жазушының кейіпкер қып алуына Бәтіштің өмірінен гөрі, оның «Жүз тайлақ» деген аты ұнаған секілді. Өмірдегі Бәтіш – 1916 жылы осыдан бірер жыл бұрын ғана келін боп түскен жас қыз. Ал, пьесада «Жүз тайлақ» боп жүрген Бибіш ханым – Майхан болыстың азулы бәйбішесі, небір сұмдықты ойлап табатын ұнамсыз бейне. Үстем тап өкілі, тап жауы. Пьеса 1934 жылы жазылған ғой.Осыдан екі жыл бұрын ғана абақтыдан шыққан М. Әуезов бұдан басқаша жазуы мүмкін емес-ті.

Ал, кейін «Жүз тайлақ» атанған өмірдегі Бәтіш кім еді? Деректі хикаят, міне, осыны көрсетуге арналған. Бәтіштің өскен ортасы – Ақсуат, Қалбаны жайлаған, кешегі ағасұлтан Тана мырзаның елі. Қаракерей-мұрын ішінде құт қонған Жанай ауылдары. Бәтіш - әйгілі Түгелбай болыстың немересі, ел анасы Аймекештей әженің бауырында өскен еркесі. Жас кезінде орыс көпесімен бәстесіп, ақшамен самауыр қайнатқан – осы Түгелбай.

Бәтіш – небәрі он бес жасында асқан сұлулығымен ауыл-аймаққа даңқы шыққан қыз. Жалпы, Жанай ауылдарын сұлулардың көрмесі десе болғандай. Бір кезде Тана мырзаның қызы Тұржан сұлуға Абай ғашық болған. Құнанбай мен Тана мырза – терезесі тең, досжар кісілер. Бір жылы Абай әкесімен ілесіп, Тана мырзаға амандаса барғанда, Тұржан сұлуды көріп, құлай беріледі. Абайдың онда Алшынбай қызы Ділдаға таяуда ғана үйленген кезі екен. Тоқал алам деуге аузы бармай, амал жоқ, арман арқалап ауылына қайтады. Тұржан сұлуды жеңгелері «Қаламқас» деп атайды екен. Абай кейін Тұржанға арнап, «Қаламқас» атты ән шығарады. Қазір бүкіл ел болып шырқайтын «Айттым сәлем, Қаламқас» әні осылай туған-ды.

Содан бері де арада біраз жылдар өткен. Жанай ауылдары әлі де сұлудан кенде емес-ті. Жаңағы Бәтіш сұлу, Ыбырай қажының қызы Үкібай сұлу, Гүлсім сұлу, Камила сұлу боп жалғаса береді. Әсіресе, Бәтіш сұлудың түр-сипаты бөлек, табиғаттың төтенше жаратқан сыйы десе болғандай. Он бес-он алты жасында оның даңқы бүкіл Ертіс бойына, Семей өңіріне мәлім болады. Ел ішіндегі бозбалалар сөз салып, құда түсүге болыстан бата алмай, іштей өртенеді... Сөйтіп жүргенде, Бәтіш сұлудың даңқы Семейдегі ірі бай Аймағамбет Икеұлының құлағына тиеді. Байдың жасы елуге таяп, тоқал алудың қамында қыз таңдап жүрген кезі екен. Ақыры, Түгелбай болысқа сәлем берем деген сылтаумен, сол Аймағамбет Бәтішті көруге келеді. Келіп көрсе – тіпті керемет! Жұрттың айтып жүргені түк емес, мақтау-мадақтың бәрі жолда қалады. Содан, не керек, сұлулықтың не екенін жақсы білетін қала капиталисі бірден іске кіріседі ғой.

Іле-шала Бәтішке құда түсүге Тәуке батыр бастатқан Тобықтылар келеді. Түгелбай болыс әлпештеген немересін жас ортасына келіп қалған адамға тоқалдыққа бергісі келмейді, әрине. Бірақ бірден бетін қайтаруға Аймағамбет те оңай кісі емес, қала мен далаға бірдей белгілі адам. Ояз бен Губернаторға да беделі жүріп тұр. Алда – болыс сайлауы. Жасы келіп қалған Түгелбай бұл жолы болыстықтан түсіп, орнын аталас інісі Дәуітбекке қалдырмақ ойы бар. Ел іші партияларға бөлініп тұрған мына заманда, ол да оңай біте салатын шаруа емес. Мұндайда қала ұлығына салуға Аймағамбеттей адам керек-ақ.

Ақыры, қыр көкжалы Түгелбай ойлана келе өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жол тауып, Аймағамбеттің меселін қалыңмалмен қайтарғысы келеді: «Баламыздың жастай атастырған жері бар. Бәйжігіт ішінде Қабанбай әулеті құда түсіп, қарғыбауға бір айғыр үйірі жылқы өткізген. Аймағамбет мырза алдымен соны өтесе, сонан соң қалыңмалға танауы тесілмеген, бұйдасы есілмеген жүз ақ тайлақ берсе, құдаласуға болатын шығар» дейді келген кісілерге. Жүз тайлақ – мөлшермен бес жүз байталдың құны, өзінше, қала саудагері бұған шыдамас деп ойласа керек.

Алайда, сұлулыққа табынған Аймағамбет қалыңмалдан қаймыға қоймапты. «Бәтіш сұлудан аяа қаларым жоқ, болыстың айтқаны болсын» депті сөзге келместен. Кешікпей өзі құдаласуға келіп, бәйжігіттің қарызын қайтарудың сыртында, қыздың «қарғыбауы» деп, қос арғымақ жегілген су жаңа фаетон беріп кетеді. Тек, өңі-түсі бір келкі, жүз ақ тайлақ табу қиынға түссе керек. Айнала іздеу салғанда, ондай бір түсті мал Тарбағатайдағы Шаянбай ауылынан ғана табылыпты. Шаянбайдың Бөгіс-Төгіс деген ұлдары – түйелі байлар болатын. Аймағамбет сол ауылға бірнеше көлікпен тайтұяқ жамбы артып барып, бұйда тағылмаған жүз асау тайлақты қайын жұртына бір-ақ айдатады.

Сол жылы он жетіге толған Бәтіш сүлу Семейдегі ірі бай Аймағамбетке, міне, осылай ұзатылған екен. Бұл 1914-1915 жылдар. Ақсуат-Семейде өткен осы оқиғаны Ғалым Нөкішұлы қолмен қойғандай тәптіштеп суреттейді. Бәрі айқын, нанымды. Күдік тудыратын титтей селкеулік байқалмайды. Жер бедері, ел байлығы да көзден таса қалмаған. Анадай ортада Бәтіштей сұлу шықса шыққандай. Сөйтсек, Бәтіш өскен орта – автордың өз ауылы екен. Шығармада сол елде саудамен байыған Нөкіш деген кісі де ара-кідік көрініп қалып отырады. Нөкіш – автордың өз әкесі. Түгелбай болыстың бір немересі Нөкіштің қызын алып отыр.

Кітапта Семейдегі байлардың келін түсіру, той жасау салтанаты да жақсы көрініс тапқан. Аймағамбеттің – ақшаның құлы емес, көзі ашық, ұлт қамын ойлаған саналы азамат екені көрінеді. Кезінде оның Алаш қозғалысын қолдап, қаржылай көмек көрсеткені мәлім. Бәтіштің тойына Семейдің бүкіл қаймағы жиналады. Той төрінде Ахмет Байтұрсынов, Райымжан Марсеков, Сұлтанмахмұт Торайғыров пен жас Мұхтар Әуезовтың отырғанына еш таңданбайсыз. Кейін Аймағамбет пен інісі Қаражанның Алашордашылар санатында айыпталуы да біраз жайды аңғартса керек.

Бәтіштің тойы – дауыл алдында демін ішіне тартқан толас кезеңнің ең соңғы салтанаты сияқты еді. Арада жыл өтпей дүние дүрлікті де кетті. 1916-жылғы қазақтан майданға жігіт алатын патша жарлығы, жер-жерде бұрқ еткен көтерілістер, соған ілесе келген Қазан төңкерісі, билік басына балшабектердің келуі, ірі байларды кәмпескелеу, жер аудару, үркін-босқын, қайғы-қасірет... Қазақ қоғамының іргесін ірітіп, негізін шайқаған осы өзгерістер хикаятта жан-жақты көрініс тапқан. Бұл – қазақтың бай-бағлан, игі жақсылары сахнадан тайып, тексіз құл-құтандар басқа шыққан заман еді. Мұндай апат Аймағамбет мырзаны да айналып өткен жоқ. Қолдағы бар байлығы тәркіленіп, өзін Қырғызстанға жер аударады. Тап жауының әйелі ретінде Бәтіш сұлудың да алтын алқа, шор білезік, жақұт жүзік, тағы басқа асыл тастарын тартып алады. Міне, осындай алмағайып кезеңде он үш жыл отасқан Аймағамбет пен Бәтіштің де жолы екі айырылады.

Бұл – Аймағамбеттің ақылымен болған іс еді. Бұрын ол Бәтіштей сұлуды көл-көсір байлығымен, ел сыйлайтын айбынымен қорғап келсе, ендігі жерде оған қорған бола алмасын анық сезеді. Бәтіштің қазір отызға толып, толықсып тұрған кезі. Шолақ белсенділер қазірдің өзінде-ақ әйгілі сұлуды аш қасқырдай торып жүр. Аймағамбет ендігі өмірде Бәтіштің қорланғанын, зорланғанын өз көзімен көргісі келмейді. Осыны алдын ала сезеді де, Бәтіш атынан сотқа арыз жаздырып , басына бостандық береді. Ерлі-зайыптылар, осылайша, разы-хоштықпен ажырасады.

Елге қайтатын әлдекімдермен жалғасып, Ақсуатқа жеткен Бәтішті не күтіп тұрды дейсіз бе? Тозақ күтіп тұрған. Бейне жау шауып кеткен ел сияқты. Бәрі өзгерген, дүние асты-үстіне келіп, аударылып түскен. Байлардың бәрі кәмпескеге ұшырап, барса келмеске айдалып кеткен. Бәтіштің әкесі Аққазы, ағалары Сіләм, Сәлмендер түрмеде. Қалған бала-шаға кілетте қамаулы тұр... Ақсуаттың кең жазығына сыймай жататын төрт түлік малдан тігерге тұяқ қалмапты. Бәрі де ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, құрдымға кеткен. Қазір Жанай ауылдарын кешегі құл-құтан Әйтеке жырық билеп тұр екен. Бәтішке басқасы жетпегендей, енді осы Әйтеке жармасады. «Тап жауының қатыны... Енді сені мен аламын! – дейді ол бірден шабуылға өтіп. – Мен саған қыз кезіңнен ғашық болатынмын». Қарсы сөз айту қиын. Бәтіш оны алдап-сулап: «Мен алыс жолдан шаршап келдім. Аздап ес жиып алайын» деп зорға тоқтатады.

Бәтіштің бұдан былайғы тағдыры, бұрын біреулер айтып жүргендей емес,  мүлде басқаша шешіледі. Бұрын Бәтіш өмірін тиіп-қашып зерттеушілер оны Аймағамбетпен бірге Қырғызстанға жер аударылып, сол жақта өлді деп есептеген. Ал, шын мәнінде, Бәтіш еліне келген соң көп кешікпей қытай асып кетеді. Оны Әйтекенің тырнағынан құтқарған – Манабайдың Жәлелі. Жәлел де бір кезде Бәтішке қолы жетпей арманда қалған ауыл мырзасының бірі болатын. Қанша дегенмен, қадірін білетін, қатар өскен ескі көз. Ол да ел ішіне симай, арғы бет асуға қамданып жүреді екен. Екеуі тез тіл табысады да, қалған өмірді бірге өткізуге бел байлап, босып жатқан елмен бірге шекарадан асып кетеді.

Бұлар Шәуешек маңындағы Төртуыл еліне барып қоныстанады. Осында жиырма жылдан астам тату-тәтті өмір сүреді. Аймағамбеттен бала көтермеген Бәтіш кейінгі күйеуінен Зуһра атты қыз туады. Ол да анасы сияқты асқан сұлу болып өседі. Бірақ оның да бағы жанбайды. Зуһраның сұлулығын қызығып, сондағы төрелердің бірі тоқалдыққа алған екен, ауыр аяқты кезінде күндестері у беріп өлтіреді.

Бұған дейін өмірдің небір теперішін көрген Бәтіш сұлу енді мына қайғыны көтере алмайды. Өзінің асыл көркімен шекараның екі бетін бірдей таң қалдырған қайран ару 1952-жылы небәрі елу төрт жасында опасыз жалғанмен біржола қош айтысады. Ал күйеуі Жәлел 1959-жылы Ақсуатқа қайтып оралған. Ол Бәтіш қабірінен бір уыс топырақ әкеліп, аталарының зиратына қосыпты.

Былай қарағанда, бір ғана әйелдің ғұмырынамасынадай болып көрінгенімен, хикаятта сол бір дүрбелеңді жылдардың толып жатқан шындығы бар. Тіпті, романның жүгін көтеріп тұр десе де болғандай. Бүгінге дейін Ақсуат жұртының төл тарихы қозғалмай, тың күйінде жатқанын еске алсақ, бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан Ғалым Нөкішұлының игілікті іс атқарғанына күмәніңіз қалмайды.

17.02.2008