Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Батырмен өткен бір күн


Естелік-­эссе

Екі түрлі заманда өмір сүріп, екі түрлі дәуірді бастан кешкен адам оларды бір­бірімен салыстырмай тұра алмайды. Көп жасаған тәжірибелі адамның жаңа қоғамның артықшылығын да, кемшілігін де тез тани қоятыны содан. Ғұмырының көп бөлігін қауымдасқан, ұжымдасқан елде өткізген мына біздер үшін, ақшаға табынған, бас пайданы көздеген өзімшіл, жекешіл қоғамның көп тәртіп­қағидасы түсініксіз болып, ішке қонбай тұратыны да рас.

Мәселен, «бидайдың баратын жері – диірмен» дегендей, кеңестік дәуірде жариялануға тиісті әдеби­ғылыми еңбектер орталық баспаға келіп түйісетін. Біз әдебиетке ат басын тіреген мезгілде Республика бойынша ондай миссияны «Жазушы» баспасы атқарды. Рас, кейінірек «Жалын», «Өнер», «Ғылым», «Қайнар» баспалары ашылғанымен, бәрібір әдеби­мәдени ортаның негізгі жүгі «Жазушы» баспасының мойнында қала берді.

Өткен ғасырдың алпысыншы­жетпісінші жылдарында «Жазушы» баспасында 130­дан астам адам жұмыс істейтін. Баспада: проза, поэзия, аударма, балалар әдебиеті сияқты әлденеше бөлім бар. Олардың әрқайсысында жеті­сегізден редактор отырады. Әріп кемірген корректорлар бюросының өзінде он шақты адам бар. Бұларға техредтер мен кітап безендіретін суретшілер бөлімін қосыңыз. Сенесіз бе, бір баспа жылына төрт жүздің үстінде кітап шығарады. Ал жылдық табыс – бес миллион сом мөлшерінде. Бұл – авторларға төлейтін қаламақының, әдеби қорға құйылатын үлестің сыртындағы таза табыс. Әрине, баспаның кірімі – шыққан кітаптың тиражына байланысты. Ол кездегі прозалық кітаптың таралымы қырық­отыз мыңнан, поэзиялық жинақтардың таралымы он мыңнан кем түспейді. Тіпті, көбелектің қанатындай жұқа жинақтардың өзі он мың данамен шығушы еді­ау! Бес жүз, немесе мың данамен шыққан дүниені кітап деп санамайтын. Олардың қолжазбалық қана құқы бар еді. Кітап саудасы екі каналмен жүріп жатады. Қалалы жерге «Қазақ­кітап» таратса, ауыл­қыстаққа «Тұтынушылар одағы» жеткізетін.

Кітап басып шығарудың, оны таратудың осы жүйесі дұрыс па еді? Дұрыс болғанда қандай! Ендеше өзін ақтаған сол дұрыс жүйе неге жалғасын таппады? Құмға сіңген бұлақтай неге құрып кетті соның бәрі? Қазір Республикада қанша баспа бар? Ешкім оның санын айтып бере алмайды. Әлде жүз, әлде мың... Қазір құрамында төрт­бес қана адам істейтін «баспалар» көбейіп кетті. Баспа ма осылар? Қайдағы. Баспа атын жамылып, жан бағып жүрген, кітап иісі танауына бармайтын пайдакүнемдер ғой өңшең! Не авторға төлейтін қаламақысы жоқ. Керісінше, өзіңе қол жаятын тілемсектер...

Баяғыда кітап басып шығарудың сатылары қандай еді? Жазушы қаламынан туған көркем туынды ең алдымен баспаның жоспарына еніп, одан кітап болып басылғанша әлденеше өткелден өтетін. Баспаның қоржынында жатқан қолжазба кемінде екі адамның сарабынан өтеді (ол үшін сарапшыларға қаламақы төленеді). Солардың сынынан өткен соң ғана жоспарға кіріп, қолға алына бастайтын­ды. Ең соңында қолжазбаны баспаның өз редакторы қарауға тиіс. Редакторға мол құқық берілген. Редактор ұнатып, қол қойса ғана қолжазба өндіріске жол тартады. Егер редактор ұнатпай бракқа шығарса, онда қолжазба баспаның пікірімен авторға қайтарылады...

Ал, қазір соның ешқайсысы жоқ қой. Бұл күнде белгісіз авторлар мен оқуға келмейтін жасық кітаптар қайдан қаптап кетті деп ойлайсыз? Оның себебі, бұрынғыдай іріктеу мен сұрыптаудың жоқтығынан, ақшасын төлесе кім көрінгеннің кітап шығаруға құқылы болғанынан деп қарау керек.

Мұны айтып отырғаным: өз басым «Жазушы» баспасында он жылдай (1967­1977) қызмет істеп, жүзден аса кітапқа қол қойған адаммын. Баспа мен кітап тарату жұмысын бір кісідей білемін. Қазір біреулер әдебиет бар дейді, екінші біреулер әдебиет жоқ, бәрі құрыды деп ауызды қу шөппен сүртеді. Ал мен әдебиет бар, тоқтап қалған – әдебиет емес, әдеби процесс деймін. Ал, әдеби процесс деген не? Ол – мынадай факторлардан тұрады. Олар – жазушы, яғни шығарма, баспа, кітап саудасы, әдеби сын, оқырман... Міне, қазір бізде осылардың арасы үзіліп қалған. Сенің жазған шығармаң – ол әлі әдебиет емес, жоғарыда айтылған қызметтер түгел іске қосылғанда ғана әдебиет дүниеге келеді.

Мен үшін баспада қызмет істеген жылдар тегін өткен жоқ. Біріншіде, сен мұнда кітап шығару ісінің бүге­шігесімен танысасың. Редакторлық жұмыс жазушыны ысылдырады. Өйткені сенің алдыңнан неше түрлі шығармалар өтіп жатады. Сен үлгі алатын үздік шығармалар да, ортадан төмен, жілігі татымайтын, нашар дүниелер де. Тәуір туындылардан қалай жазуды үйренсең, нашар шығармалардан олай жазбау керектігін көңілге түйесің. Қысқасы, жазушы мен оқырман арасында дәнекер болу сенен екі тарапты да білетін маман етіп шығарады.

Әрине, біздің тұсымызда редакторлық қызметтің бейнеті де аз болмайтын. Кейде жоғарыдан бекітіліп, жоспарға еніп кететін шикі шығармалар да ұшырасады. Оны оқушы кәдесіне жарату үшін үстінен өңдеп, біраз тер төгуге тура келеді. Бұл жайында менің баспа қызметкерлері арасында тараған «қисық шегелер» деген сөзім бар. «Менің қолжазбамды тым ұзақ қарадыңыз ғой. Неге бөгеліп жатырсыз?» деген бір әдеби шенеунікке: «Өйткені, сіздің сөйлемдеріңіз – сөйлем емес, ескі тақтайдан суырылған қисық шегелер сияқты. Оны оқушы кәдесіне жарату үшін, әрқайсын төске салып түзету керек» дегенмін. Содан шыққан сөз.

Екіншіден, баспада қызмет істегеннің тағы бір пайдасы – әдеби процестің қайнаған ортасында жүресің. Көп қаламгерлермен, мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлермен таныс­біліс боласың. Баспада қызмет істеген он жылда жүзден аса кітапқа қол қойғанымды жоғарыда айттым ғой. Жұрттың пікіріне қарағанда оншалықты жаман редактор болмаған сияқтымын. Талай­талай тақырыбы күрделі, цензурадан өтуі қиын, даулы шығармаларға қол қойып, жолын ашқаным еске түседі. Міне, сол жылдары өзім қол қойып шығарған кейбір кітаптар менің кітапханамда сақталыпты. Авторлар алғыс айтып, қолтаңба қалдырған. Менің редакторлық даңқымды шығарған, сірә, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы болса керек. Ілекең «Көшпенділердің» соңғы кітабына: «Аяулы інім Қабдеш, осы кітапқа өзімнен кем еңбек етпеген едің. Шын жүректен алғыс айтып, өміріңнің де, еңбегіңнің де бақытты болуын тілеймін. Ілияс Есенберлин. 1.02.1974 ж.» деп қол қойыпты. Ал белгілі партизан жазушы, сол кездегі жазушылар одағының төрағасы Әди Шәріпов «Ормандағы от» атты повестер топтамасына: «Құрметті, Қабдеш! Осы кітабымның жарыққа шығуына көп еңбек сіңіріп едің. Қабыл ал. Әди Шәріпов. 4.04.1968» деп қолтаңба қалдырыпты. Ал профессор Тұрсынбек Кәкішев кезінде көп кедергіге ұшыраған, 20­ғасыр басындағы әдебиетті сөз ететін «Сын сапары» атты кітабын бір сөзіне тимей шығарғаным үшін разы болғаны соншалық: «Менің ұлы редакторым Қабдешке!» деп қол қойыпты. Әр қолтаңбадан авторлардың ағынан жарылған мінезі де ап­айқын көрініп тұрады.

Ал, мына бір «Сұрапыл жылдар» атты кітапқа аса мәнді, мәдениетті, сыпайы да салмақты сөздер жазылған. «Осы кітаптың жолын ашып, кіндігін кескен қадірлі інім Қабдешке шынайы құрметпен! 10.04.1971» деп қол қойыпты. Авторы кім дейсіз ғой? Авторы – Совет одағының батыры, доктор, академик Мәлік Ғабдуллин... Ендігі аз сөз осы Мәлік ағамыз жайында.

Әрине, Мәлік Ғабдуллинді білмейтін қазақ бар ма? Біз ес білгеннен Бауыржан мен Мәліктің есімдері қатар аталатын. Екеуі де – ұлттық мақтанышқа, символға айналған адамдар. Жиындарда сырттай көріп жүреміз. Бірақ төте барып сәлемдескен, араласқан адам емес еді. Бізді жақын таныстырған – сол баяғы сөз өнері, қалам қызметі. Нақтырақ айтқанда, сол кездегі көркем сөздің қазан­ошағын ұстап отырған «Жазушы» баспасы.

 Мәлік аға 1970­жылдың күзінде баспаның проза бөліміне майдан өмірінен жазылған естеліктер кітабының қолжазбасын алып келді. Соғыс тақырыбына арналған мақала­естеліктерге «Сұрапыл жылдар» деп өте үйлесімді ат қойыпты. Кітап алдағы жылдың жоспарында тұр. Мәкеңе әрқашанда жол ашық қой. Алайда кітапқа редактор белгіленетін кезде:

­ Бауырым, сені жұрт редактор ретінде тәуір атап жүр ғой. Мынау – жазылғанына біраз болса да басы бірікпей жүрген нәрсе еді. Осыны сен қарасаң қайтеді? Бір ізге салып, бір жүйеге түсіріп дегендей, – деп маған қолқа салды.

­ Жарайды, аға. Жақсы кітапты қарауға біз де құштармыз. Қызметіңізге әзірмін, – дедім бірден келісіп.

Күткенімдей­ақ қолжазба қамшы салдырған жоқ. Сүттей аппақ қағазға басылған маржандай таза дүниені оқудың өзі рахат қой. Естеліктер әр кезеңде, түрлі тақырыпта жазылғанымен, оқиға бір­біріне жалғасып, оқушыны өзіне тартып отырады. Автор көбінесе осы Алматы түбінде құрылған, өзі қатарында жүріп соғысқан Панфилов дивизиясы туралы, майдандас достары жайында, Төлеген Тоқтаров сияқты қайталанбас ерлер хақында жазады. Артық сөз жоқ. Қиялдан туған дүние емес, өмірдің өзінен туған, күні кеше бастан кешкен, көзбен көріп, қолмен ұстаған көріністер. Қолжазбаны оқып отырғанда, сен де сол ерлермен бірге қып­қызыл өрттің ішінде жүргендей әсер аласың. Мәкең соғыс басталған күннен ротаның саяси жетекшісі, кейінірек батальон комисары. 1942­жылы Мәскеу түбінде айрықша көзге түсіп, батыр атағын алатын сұрапыл шайқасы... Бәрі­бәрі көз алдыңнан тізіліп өтіп жатады.

Майдан әдебиетімен көптен таныспыз ғой. Айтпақшы, сол тұста Жеңістің 25­жылдығы тойланып жатқан. Осы датаға байланысты соғыс жайында кітаптардың көп жазылып жатқан кезі... Мен осының алдында ғана соғыс туралы бір көк жасық дүниені қиналып жүріп, зорға өткізгенмін. Талант болмаса, сол соғыстың ішінде қан кешіп жүрсең де, одан тәуір шығарма тумайды екен. Шіркін, көркем әдебиеттің қасиетінің өзі сонда ғой. Әлгі оқылмайтын нашар қолжазбаның авторы – бр қолын соғыста снаряд жұлып кеткен мүгедек. Бір күні сол кісіден:

­ Әбеке, айтыңызшы, сіз қолыңыздан қай жерде, қалай айрылдыңыз? – деп сұрағаным бар.

Айтып отырса сұмдық: снаряд жарылғанда ауыр жараланып, естен танып қалғаны, бір қолының білектен үзіліп анадай жерге ұшып кеткені, бұл ес жиған кезде жауынгерлер әлгі қолды тауып әкеліп, бір теректің түбіне жерлегені... Ең өкініштісі, осы оқиға жоқ қой оның кітабында.

­ Әбеке­ау, мынауыңыз керемет қой! Осы көрініс неге жоқ сіздің кітабыңызда? – деймін ғой күйінгеннен жылап жібере жаздап.

­ Ал мұндайды шығармаға қосуға бола ма? – дейді әлгі автор мені онан ары таңырқатып.

Оның ойынша, жеңімпаз совет жауынгері ондай қасіретке ұшырамауы керек екен. Міне, сізге – соғыстан кейін университет бітірген жоғары білімді әдебиетшінің түсінігі!

Міне, осындай бейнеттен кейін Мәлік ағаның қолжазбасын оқып, тыныстап қалғаным есімде. Қолжазба әдебиеттің жілігін шағып, майын ішкен, өте сауатты адамның қолынан шыққаны көрініп тұр. Естеліктерге тек формалық жағынан кейбір өзгерістер енгіздік. Кейбір материалдарды жазылу мерзіміне қарай емес, оқиғаның өтуіне, соғыстың бағыт­бағдарына қарай орын алмастырдық.

Мәлік ағай сондай кішіпейіл. Көңілге қонымды пікір айтсаң, бөгетсіз қабылдайды. Мәкең бұрын бірыңғай ғылыммен айналысып, көркем прозаға ат басын көп бұрмаған кісі ғой. М. Ғабдуллин – Республикадағы ең ірі фольклортанушы. Ол аспирантураны соғыстың алдында бітіріп, Қобыланды батыр бастатқан батырлар жыры туралы диссертациясын қорғап үлгере алмай майданға аттанған. Ол диссертацияны соғыстан оралған соң, 1948­жылы қорғады. Ғалымның докторлық диссертациясы да фольклорға байланысты. Осы арада мынадай сұрақ туады. Мәлік Ғабдллиннің батырлар жырын зерттеп жүргенде соғысқа аттанып, майданнан батыр атағын алып қайтуында өзара байланыс жоқ па екен? Байланыс болғанда қандай! Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батыр жырларын жатқа білген, оны және түбегейлі зерттеген адамның майданда ерлік көрсетпеуі мүкін бе?!

«Сұрапыл жылдар» – Мәкеңнің өзі қатысқан соғыстың қағазға түскен шынайы шежіресі. Енді сол проза жанрында жазылған алғашқы кітабын көргенше асық. Баспаға апта сайын келіп тұрды. Батырдың келуі біздің проза редакциясындағы бес­алты жігіт үшін мереке, дереу қоршап аламыз. Ол кісінің соғыс туралы жай ауызша айтылған әңгімесінің өзі қызық. Мәлік аға керемет сұлу кісі еді ғой. Сындардай сұңғақ бой қандай! Әскер қатарына шыңдалған тіп­тік тұлға. Алақандай қос жанары ботаның көзіндей жаудырап тұрады. Қараторы жүзіне әлі әжім де түсе қоймаған... Қазір ойлап отырсам, Мәкең бізге келіп жүргенде небәрі 55 жаста екен ғой.

Баспаның жұмысы өз алдына, оған қосымша өз шығармашылығың тағы бар. Онда менің «Соңғы көшті» жазып жүрген кезім. Күндіз кеңсе қызметінен қол босамайды. Романды, көбінше, түнде, ұйқының, денсаулықтың есебінен жазамыз. Оның үстіне үй­ішінің күйбең тірлігі таусылмайды. Балаларды бақшаға орналастыру, әйеліңе қызмет тауып беру – көп қажыр­қайратты талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, шаршап­шалдығып жүресің. Мен және тұрмыстың ұсақ­түйек шаруасына бәлендей пысық дам емеспін ғой.

Менің әйелім Сәуле КазПИ­дың физмат факультетін бітіргеніне үш­төрт жыл болса да, балабасты болып, өз мамандығы бойынша қызметке тұра алмай жүрген. Оларды пединститутта орта мектепке мұғалімдікке әзірлеген ғой. Ол кезде Алматыда қазақ мектебі жоқ. Алматыдағы қазақ мектебінің тұңғышы 12­мектепті ашуға бір топ адам енді жүгіріп жүрген кезіміз...

Бір күні әйеліме жұмыс бермек болған бір жер уәдесінде тұрмай, кеңсеге шаршап келіп отырған кезім болатын. Ойламаған жерден проза бөліміне Мәлік аға келе қалды. Бұл кезде мен қарап болып, қол қойған Мәкеңнің қолжазбасын енді бас редактор оқып жатқан­ды. Кітаптың өндіріске кеткен­кетпегенін білуге келгені ғой.

­ Бүгін сенің қабағың пәс қой. Бірдемеге ренжіп отырған жоқсың ба? – деді сезімтал Мәкең қарсыдағы орындыққа тізе бүгіп жатып.

­ Жәй, әшейін... Үй­ішінің күйбің тірлігі ғой, – деп жалтара жауап беріп едім, Мәлік аға:

­ Ол не, айтсайшы, бәлкім менің көмегім тиіп қалар, – деп қаузап болмады. Ақыры бойымыз үйрене бастаған ағаға шынымды айттым.

­ Келініңіз осыдан үш­төрт жыл бұрын осындағы пединститутты бітіріп еді. Басында балабасты болып, декретте жүріп қалды да, енді соған лайықты жұмыс таппай жүрміз... Бүгін де бір жерге барып, жолым болмай қайтып едім, – дедім мән­жайды түсіндіріп.

­ Мамандығы не келіннің?

­ Физмат факультетін бітірген ғой.

­ Пәлі, осыны әнекүннен бері айтпайсың ба?! – деді Мәлік аға ренжіп. – Онда келінге айта бар. Ертең үшеуіміз бірге жүріп қызмет іздейміз. Сендер қай маңайда тұратын едіңдер?

­ Розыбакиев көшесі ғой. Тимирязев көшесімен қиылысқан бұрышта...

­ Онда, ертең таңғы сағат тоғызда үйлеріңнің қасында дайын тұрыңдар. Мен машинамен барып, алып кетемін. Келістік пе?

Әрине, келісеміз. Келіспеске амал жоқ. Әбден тығырыққа тіреліп, қажыған кезіміз. Сол күні үйге керемет қуанып қайттым. Ал, бірақ осыған Сәулені сендіре алсамшы! «Ертең тәңертең сағат тоғызда Совет Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллин машинасымен біздің үйдің қасына келіп тұрады. Үшеуіміз бірлікте саған қызмет іздейміз» десем, әйелім еш иланбайды.

­ Қойшы, ақыры мені мазақ қылайын дедің бе? Қайдағы академик? Қайдағы герой... Мәлік Ғабдуллин сені іздеп, үйіңе келеді деген! – деп бет бақтырмайды.

Амал жоқ, оқиғаның бүкіл барысын, баспада батырдың кітабын қарап жатқанымды, бір әңгіме үстінде әйелімнің үйде жұмыссыз отырғанын естіп қалып, жұмыс іздеу жөніндегі ұсынысты Мәлік ағаның өзі айтқанын түгел баяндауға тура келді.

Содан, не керек, ертеңінде сағат тоғызда Сәуле екеуіміз есік алдына шықсақ, көшенің жиегінде аппақ «Волга» тұр. Бізді өздеріне қарату үшін жүргізуші сигнал берді. Мәкең алдыңғы орында отыр екен, машинадан түсіп, Сәулемен амандасып жатыр.

­ Уайымдама, келінжан. Бүгін саған қайтсек те қызмет табатын шығармыз! – деп көңілімізді бірден көтеріп тастады.

Біз қайда барамыз деп те сұрағамыз жоқ. Міндетіміз – Мәлік ағаның соңынан ере беру. Сыңайы, Мәкең біздің үйдегі келінін ғылымның нағыз қайнаған ортасына біржола енгізіп жібермек. Алғаш ат басын тіреген жеріміз – Академияның математика институты. Бұл мекемені Новосибирскіден ауысып келген Төлеубай Аманов деген азамат басқарады екен. Ондағылар академик Ғабдуллинды құрақ ұшып қарсы алды:

­ Пәлі, Мәкеңді көретін күн болады екен! Біз жаққа ат басын бұрмаушы едіңіз, бүгін сізді қандай жел айдап келді? – деп сұрақты жаудырып жатыр.

­ Бұл күнде бос жүретін кім бар. Кісі бір жерге келсе, бұйымтаймен келеді де, – дейді Мәкең көңілдене күліп. – Мен бүгін мына қасымда тұрған келініме қызмет іздеп жүрмін. Бос орын бар ма сендерде?

­ Бос орын болмаса, табамыз. Тіпті, бір кісіні жұмыстан босатып жіберсек те, сіздің келініңізге орын табылады ғой, – деп жатыр профессор Аманов.

Анығында, бұл институтта орын бар сияқты. Таяуда университеттің математика факультетіне ауысып кеткен бір кандидаттың орны бос болып шықты.

­ Әзірше сол орын жетеді. Менің келінімді үш жылда кандидат, жеті жылда доктор етіп шығарасыңдар, – дейді Мәлік аға әзіл­шыны аралас.

Бірақ осы арада біздің Сәуле басқа бір жал тауып, әлгі орыннан бас тартқаны. Кілең ғылым докторалар мен кандидаттардың арасына кіруге жүрексінді­ау деймін:

­ Аға, біздің факультетіміз физмат аталғанымен, мен физика тобында оқып едім. Мүмкін болса, қызметті сол саладан іздесек! – деді қиыла өтініп.

­ Жарайды, қалауың білсін, айналайын. Онда не тұрыс бар, физика институтына тарттық! – деді Мәлік аға.

Ақ «Волга» енді тау жаққа қарай зулап келеді. Әлден уақытта бұрын біз көрмеген тағы бір ғимараттың алдына келіп тоқтадық. Бұл – Акадмияның ядролық физика институты екен. Мәлік ағаны бұлар да тегіс танып тұр. Қазағы, орысы аралас ғалымдар қалбалақтап алдынан шықты. Бұйымтай сұрағандарға айтар жауап біреу:

­ Келініме қызмет іздеп жүрмін! – дейді Мәкең. – Сіздерде лайықты орын бар ма?

­ Табамыз! – дейді Институт басшылары. – Сіздің келінге ұсынбаған орынды ит жеп кетсе болмас па?!

Ядролық физика институтының өзі жатқан бір қалашық, лабораториясының өзінен адам адасқандай. Неше түрлі қымбат аппараттар... Бәрі де бүкіл әлемдік деңгейде қызмет істеп тұр. Бұрын мұндайды көрмеген Сәуленің көзі атыздай болды.

­ Ойбай, аға, мен мұндай жерде жұмыс істей алмаймын! – деді Мәкеңе жалтақтай қарап.

­ Неге? Сен физика факультетінде оқыған жоқсың ба?

­ Біз пединститутта оқыдық қой. Бізге физикадан үйреткені мектеп программасы көлемінде... Ондағы лаборатория да мұндай емес, қарапайым болатын...

­ Сонда, өзің қандай жерде қызмет істегің келеді? Ауылға бармасаң, Алматыда қазақ мектебі жоқ... Енді не істейміз? – деп Мәкең кәдімгідей дағдарып тұр.

­ Аға, маған өзіміздің КазПИ­дегі физика кафедрасы жетеді. Тіпті болмаса студенттерге лабораториядан сабақ берермін, – деді Сәуле Мәлік ағаны сонша әуреге салғанына жерге кірердей ұялып.

­ Ту­у, балам­ай, таңертеңнен бері осылай демейсің бе?! – деп Мәкең қарқылдап күліп жіберді. – Онда, мәселе шешілді. КазПИ – менің он екі жыл ректор болған жерім ғой... Қазірден бастап пединституттың физика кафедрасына орналастым дей бер. Онда қызмет сұрап барма! Ертең сені олардың өздері іздеп келеді...

Расында да, бәрі сол Мәкең айтқандай болды. Ертеңінде КазПИ­дің ректораты, физмат факультетінің деканы мен кафедра меңгерушілері алма­кезек телефон соғып, менің әйелімді ал кеп іздесін! Сол күні Сәулені аға лаборанттық қызметке қабылдаған ректордың бұйрығы шықты. Бір есептен осы да дұрыс болды ма деймін. Өйткені бұл кезде бала­бақшаға баратын екі баламыз бар. Үшіншісіне Сәуле ауыр аяқты. Ядролық физикаға барса, шынында да, қиналып қалатын еді... Не керек, Сәуле сол кафедрада отыз жыл қызмет істеп, зейнетке бір­ақ шықты ғой. Бұл күнде бес баланың анасы, немере бағу деген жаңа қызметі тағы бар. Мәлік ағамен бірге өткен сол қайталанбас бір күнді біз отбасымызбен осы күнге дейін еске алып отырамыз.

Қайран Мәлік аға осыдан кейін араға үш­ақ жыл салып, тымқұрса алпысқа да толмай, небәрі елу сегіз жасында бұл өмірмен қоштасыпты. Кешегі от пен оқтың ортасынан аман шыққан есіл ер бейбіт күннің бықсық тірлігін көтере алмады ма, кім білсін.

Мәлік Ғабдуллин қайтыс болды дегенді естігенде, Бауыржан Момышұлы: «Теперь бьет по нашим квадратам» депті әскери тілмен. Өзінің майдандас, полктас досы қаза болғанда, Баукең бұдан артық не десін.

Ал мен Мәкең қайтыс болғанда екі көзден алты тарам жас ағып, пора­пора жыладым. «Апырай, мен жақсы көрген, немесе маған ықласы түскен адамдардың өмір жасы қысқа болатыны несі? Құдай маңдайды тайқы қып жаратқан соң не шара?! – деймін іштей күңіреніп. – Бұған керісінше, жан баласына жақсылық етпейтін, тоқішегі қысқа, іші тар мыстандардың жаны сірі, жасы тым ұзақ болатыны несі?!».

Бауыржан мен Мәлік, Мәншүк пен Әлия, Талғат Бигельдинов пен Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаев... Міне, осылар ғой – алты аласы, бес бересіміз жоқ орыс­герман соғысын қазаққа жақындатып тұрған. Ерлердің өшпес рухына үш қайтара тағзым!

2012–тамыз.