Мақалалар
Аспанға тас лақтырма – төбеңе түседі
«Ит үреді, керуен көшеді». Жол бойы көрінген бұралқыға бұрыла берсең, жүрісің өнди ме? Сол оймен таяуда «Ана тілі» апталығында («Ана тілі» 18-мамыр, 2006) жарияланған Жәди Шәкен дегеннің мен туралы шатпағына көңіл аудармай қоя салғым келіп бір оқталдым да, «бұл қалай» деп жауап күтіп отырған оқырман қауымға қысқаша түсінік беруді жөн көрдім.
Газет мақаланың атын «Халық жазушысы халыққа не деп ақталады» деп барынша айқайлатып қойыпты. «Аяқ астынан не боп қалды» деп оқып көрсек, іші толған ұсақ-түйек, мүңкіген, борсыған бірдеңелер. Сол сәт апталықтың шекесіндегі «ұлт газеті» деген жазуға көзім түсіп, ішім удай ашыды. Бұл тіпті де ұлт газеті емес қой, бір ғана аймақтың, белгілі бір топтың газеті. Әйтпесе, ұлт газеті ұлт жазушысына қастық ойлап, еш жазықсыз қара күйе жаға ма?
Айтпақшы, осы «Ана тілі» газеті осыдан тура жеті жыл бұрын менің Ілияс Есенберлин мен Тәкен Әлімқұлов туралы естелігімді жоққа шығармақ болып, тағы бір рет шабуылдаған («Ана тілі» 20-мамыр, 1999). Ол жолы Сейілбек Қышқашев байқұсты айдап салып еді. Нәтижеде өздері мат болды, жертезек боп жеңілді. Осындай харам істерге пайдаланып жүріп, ақыры Сейілбек марқұмның да түбіне жетті.
Бұл жолғы жаңалық: айтаққа ерген жанкешті – Қытайдан таяуда келген оралман көрінеді. 1967 жылы туған, біздің баламыз құралпы. Бейтаныс. Жәди Шәкен дегенді естіп отырғанымыз осы. Сірә, әдебиетке әлі келе қоймаған, бірақ қайтсем де атымды шығарам деп жанталасып жүрген пысықай біреу болса керек.
Иә, шекара аттағанның бәрі періште емес. Оралманның да түр-түрі бар. Оралман дегеніміз – күні кеше бір елдің босағасында жанын жалдап күн көрген бодан ғой. Бағынышты құлдарда болатын жағымпаздық, сатқындық, жікшілдік, рушылдық сияқты жағымсыз мінездер оларда да жетіп артылады. Әсіресе, Шыңжаң қазақтарында қазір рушылдық дегеніңіз шешек атып, гүлденіп тұр. Мен 1990-жылы араға отыз жыл салып, Шыңжаңға барған сапарымнан «Көп жылдар өткен соң» атты мақала жазғанмын. Сол мақалада Шыңжаң қазақтарының жеткен жетістіктерімен бірге кемшіліктерін де айта келіп, былай дегенім бар-ды.
«Шыңжаңда бұрын көп байқалмаған, кейінгі кезде етек алған тағы бір дерт – рушылдық. Мұның өзі неғұрлым ұлттың рухы төмендеген, тоғышарлық белең алған жерде микробы тез өршитін ауыру ғой. Мұнда да солай болыпты. Алдымен Керей, Найман, Қызай болып, Сонан соң Алтай, Тарбағатай, Құлжа деген жікке бөлініп, аға ұлттардан артылған азын-аулақ мансапты бөліске салуға келгенде, әр ауыл өз лағын текешік қоюға тырысып, қатты қырқысады екен. Қазақтың бұл алауыздығын жоғарғы ұлықтар білсе де білмеген болады. Қайта, реті келсе: «Өкіметке шын берілген, нағыз отаншыл, сенімді ру сендерсіздер. Өйткені сендер басқалар сияқты ешқайда ауа көшкен жоқсыңдар» деп біреулерінің қолтықтарына дым бүркіп, еліртіп қояды екен. Соған-ақ аңқау ағайынымыз танауы шелектей болып, өзге руларды мүйіздейтін көрінеді...».
Шынжаң қазағы қазір де сондағы қалпынан өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Сірә, жаңағы Жәди Шәкен деген де туа сала рушылдықпен ауызданған қызыл көз белсенділердің бірі болса керек. Екі сөзінің бірі – Керей. Міне, көрдіңіз бе, шекарадан аттай салысымен ел ішін ірітуге кіріскенін.
Ал енді бұл жігіт «Ана тілі» басшыларымен қалай табысып жүр? Тәйірі, сол да сөз болып па, «ұры мен ұры намазшамда кездеседі» дегендей, күншілдер мен жікшілдер бірін-бірі иісінен сезеді. Алыста жүрсе ұлып табысады.
Сонда бұлардың «Халық алдында не деп ақталасың» деп жалаулатып жүргені не дейсіз ғой? Кісі күлерлік ұсақ-тұяқ бірдеңелер. Ең елеулі деген бір-екеуіне тоқталайын. Мен «Таңғажайып дүние» атты романымда Керейдің Жәнібек батырының бір ерлігін Төртуыл Баймұрат батырға ауыстырып жіберіппін. Автор соны ұзақ сонар сөз етеді. Бұл – қолбасы Қабанбайдың жас батырларды қалай сынағаны жайындағы бір аңыз. Менің қолымда аңыздың әлденеше нұсқасы бар. Кейде Қабанбай орнына Абылай алынады. Ал, сыналған батырлар: бірде Жәнібек, бірде Баймұрат, енді бірде Барақ, Шынқожа делініп ауысып отырады. Аңыздағы әлдебір оқиғаны әр ру өз батыр-билеріне телитіні ежелден бар әдет. Қазақстанда бұл аңыз Кенесары ханның Ағыбай батырды сынағаны түрінде де айтылады. Ал Мәшһүр-Жүсіпте (8-том, 184-бет) бұл оқиға Абылай хан мен Балта-Керей Тұрсынбай батырдың арасында өтеді. Қабанбай нұсқасына келсек, жауынды күні аз қолмен түзде түнеген Қабанбай шарбақты бейіттен отын алып келуге жас батырды әдейі жұмсайды ғой. Бейітке күні бұрын жасырынған құрдастары оны аруақ болып қорқытпақ болады. Сонда әлгі батыр (Жәнібек, Баймұрат, Барақ) қылышын суырып алып: «Өлген аруақ сен түгіл, тірі Қабанбай аштан өлгелі жатыр. Қайт кейін!» деп аруақтарға тап беретіні бар. Мен романда, өз тақырыбыма орай, бала жастан құлағымда қалған Баймұрат нұсқасын алғанмын. Оның өзі 650 беттік романда жарты беттен аспайды. Ал енді осыған бола байбалам салудың не қажеті болды. Ел аузындағы ескі аңыз ешкімнің меншігі емес. Оны қаламгерлер өз қажетіне қарай пайдалануға ерікті. Мысалы, М. Әуезов «Абай жолында» қанша тарихи фактыны өзгертіп пайдаланды. Бір ғана «Қодар-Қамқа» оқиғасын алыңыз...
«Көзі қарайған там сүзеді» дегендей, мақала авторы келесі кезекте «Тағдыр» романына келіп соқтығады. Демежанның өмірбаянын бұрмалады. Оның түбі Керей екенін (көрдіңіз бе, тағы да Керей) жасырды дей ме, айтпағаны жоқ. «Тисе – терекке, тимесе - бұтаққа». Автор беті бүлк етпей өтірік айта береді. Демежанның сүйегі керей екенін жасырған кім бар. Демежанның руы Керей, оның ішінде Меркіт екені, Төртуыл Керімбай үкірдайдың қарындасынан туған жиені екені романда тайға таңба басқандай жазулы тұрған жоқ па? Әрине, көркем шығармада сараланып, сәл өзгертіп алған да оқиғалар бар. Көп кейіпкерлер жазушының қиялынан туған. Қазір Шыңжаңда «Тағдырға» еліктемейтін жазушы жоқ. Мақалада есімі аталған Ғизат Әубәкіров деген де Демежан туралы зерттеуінде көп фактыларды «Тағдырдан» көшіріп алған. Ал Шыңжаңдағы жаңа әдебиеттің іргесін қалаушылардың бірі, әрі Демежанмен рулас Рахметолла Әбшеұлы «Тағдырды» оқыған соң: «Мынадан кейін мен айтатын сөз қалмапты» деп, Демежан туралы роман жазу ниетінен қайтқаны есімізде.
Бұдан соң Жәди Шәкен менің Шыңжаң тақырыбына жазылған өзге де шығармаларыма жармасады. Оның ойынша, менің ондағы қазақтардың басына түскен қасіретті айтып, өкіметтің солақай саясатын сынағаным «су ішкен құдығыма түкіргенім» болып саналады екен. Мені бір Шыңжаң жағдайын білмейтін, қазақ үшін қабырғасы қайыспайтын біреу етіп көрсеткісі келеді. Ол жақтағы жазушылар әлі ауыз аша алмай отырғанда, «Соңғы көш» романы арқылы Шыңжаң шындығын алғаш рет менің көтергенімді айтқысы да келмейді.
Сонан кейін маған тағылған тағы бір кінә – Күнгей Мұқажанұлы деген қаламгердің өлімі жайында. Бұл туралы да мен жаңсақ айтыппын. Мәселе былай: 1990-жылы Шыңжаңдағы жол сапарынан туған «Көп жылдар өткен соң» атты менің мақалам ондағы белсенділердің басына жәй түсіргендей болады. Сондағы мәдени мекемелерге, оқу орындарына тарайтын «Қазақ әдебиеті» газетін дереу жинап алады. Қытайлар оны қайдан білсін, «ойбай, жау шапты» деп жоғарыға жүгірген – тағы да қазақтың жағымпаздары.
Міне, сол тұста менің мақалама қарсы ұрандап шыққан қызыл белсендінің бірі – Алтайда тұратын жаңағы Күнгей Мұқажанұлы көрінеді. Оның шамына тиген – менің түрмеде жатқан Қажығұмар Шабданұлына сұрау салғаным, Қажығұмарға қол ұшын беру керек деп, Қазақстан үкіметінің алдына мәселе қойғаным болса керек. Рушыл Күнгей Мұқажан – Қажығұмарға ежелден қарсы адам. Оны абақтыдан босатпау керек деп өмір бойы қарысып өткен кісі. Менің мақаламды оқиды да: «Ойбай, аттан! Шетелден келген Жұмаділов деген біреу біздің ішкі ісімізге араласып, халық жауы Қажығұмарды ақтап алмақ» деп жоғарғы жаққа жар салады.
Кәнігі қызыл жауынгер мұнымен де шектелмейді, енді ол бұл мәселені біржола шешу үшін, Алтайдан – Үрімжіге аттанады. Қолтығында – папка. Папка толған арыз бен шағым, күні бұрын әзірлеп алған мақалалар. Сол екпінмен келіп, Үрімжідегі газет-журнал редакцияларын кезеді ғой. Алайда, сорына қарай, оның жазғандарын газеттер баспайды. Радио-телевидение қабылдамайды. Қытай қоғамына ондай жариялылықты кім берсін. Алдында менің сапарым жайында ауыз ашпаған баспасөз бұл мәселені де жабық күйінде қалдырғанды жөн көреді.
Алайда, әсіре белсенді Күнгей Мұқажан бұған да тоқтамайды. Енді ол газет-журналдардың үстінен үкіметке арыз жазады. Әуре-сарсаң жүріс айға созылады. Амал не, мұндай сергелдеңге Күнгейдің қажыры жеткенмен, жүрегі шыдамапты. Өлкелік өкіметке арыз енгізбек болған тағы бір күні туалеттің ішінде құлап түсіпті. Қолтығында – папка. Папка толған – арыз.
Күнгейдің өлімі туралы бізге жеткен ахбарат әртүрлі. Басында біреулер сол құлаған жерінде жүріп кетіпті дескен. Кейінірек жеткен хабарда: «Туалетте талып жатыр екен, ауыруханаға әкелген соң жан үзіпті» десіп жүрді. Біз алғашқы мәлімет бойынша жазғанбыз. Екі нұсқада бәлендей алып бара жатқан айрмашылық жоқ. Күнгей Мұқанжанұлын бейне мен ұрып өлтіргендей, мақала авторының неге сонша күйінді болғанын түсінбедім.
Жәди Шәкеннің халық алдында мені әшкерлеп, сүріндірмек болған сұрақтарының сиқы осындай. Оның да Күнгей Мұқажан мектебінің «түлегі» екені көрініп тұр. Арғы бет, бергі беттің жікшіл-күншілдері қиуадан кезігіп, қапысыз қалай табысқан десеңізші?!
Бұл күндері менің жасым жетпіске толып, соны көпшілік қауым қуанышпен атап өтуде. Еліміздің «Егемен Қазақстан» бастатқан ондаған газетінде мен туралы жылы лебіздер басылды. Тіпті өзім атын естімеген бейтаныс басылымдар да үн қосты. Менің еңбегімді бағалаған барша қауымға айтар алғысым шексіз. Ал өздерін «ұлт газеті» санайтын «Ана тілінің» істеп отырғаны мынау. «Жазушы мүшел жасқа толып жатыр екен, мереке мерейін лайламайық» деп ойлауға болады ғой. Кереметің болса сонан соң көрсет. Бірақ оны сезінуге жікшіл белсенділердің кісілігі жетпеген.
Таң қаламын: осыншама өшпенділік, қараулық қайдан шығады екен? Мен білсем, осының түп негізінде көп нәрсе бар: іштарлық, күндестік, қызғаныш, жікшілдік, рушылдық, надандық, кісіліктің кемдігі... Жамандықтың жаны қандай сірі десеңізші. Қоғам да, уақыт та талғамай жалғасып келеді. Бір заманда осы қырсық орыс қоғамында да болған-ау, шамасы. Әйтпесе, И.А. Крылов пілге үрген кәнден жайында мысал жазар ма еді. «Піл мен кәнден». Біздің бүгінгі тақырыбымызға дәл келіп-ақ тұр.
Ал қызғаныш пен күндестік – біздің қазақтың ежелгі ауыруы. Абай қаламынан туған мына бір жолдарға көз салыңызшы:
- Қыран құс не алмайды салса баптап,
- Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
- Қыран шықса қияға, жібереді
- Олар да екі құсын екі жақтап.
- Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
- Күйкентайы үстінде шықылықтап.
- Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
- Күні бойы шабады бос далбақтап...
- Қандай дәл сурет. Небәрі екі шумақ өлеңге қазақтың бүкіл қасіреті мен соры сиып тұр.
Тағы да айтамыз: егер біреулер осныдай ұсақ-түйекпен Жұмаділовтың шамына тиіп, жүйкесін жұқартам деп ойласа, қатты қателеседі. Мен мұндай кедергінің талайынан өткен, анау-мынау құқайға алдырмайтын адаммын. Елім-жұртым, қалың оқырманым бар, олар өздерінің сүйікті жазушысын көпе-көрінеу қиянатқа бере салмайды. Ең басты қорғаныс-қамалым – жазған шығармаларым. Ұлы Пушкин:
Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес,
Ел ізі оған салған суи білмес.
Асқақтап Александр мұнарасынан
Жоғары оқшау шығып, тұр ол дербес, -
десе, дәл соған ұқсаған бір сенім бізде де бар. Менің қаламымнан туған «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние» атты романдардың әрқайсысы – әдебиет әлеміндегі бір-бір алып жартас тәрізді. Оларды орнынан қозғау ешкімнің де қолынан келмейді.
22.05.2006 ж.