Мақалалар
Айтылмай келген ақиқат
ғұламағалым Балқаш Бапинның туғанына 70 жыл
Дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашылып, бытырап кеткен қазақтардың басын қосу идеясы – бұл күнде көптің көңіліне ұялаған, әркімдерақ қысылмай айта беретін, әдеттегі нәрсеге айналды. Біраз уақыт үзіліп қалған қазақ көші соңғы жылдары қайта жалғасып, әр елдегі қандас бауырларымыз атамекенге оралып та жатыр. Бірақ сол көш қалай басталды? Елуінші, алпысыншы жылдар аралығында үстінен құс ұшырмай тұрған империялар шекарасын алғаш рет қазақ көші қалай бұзып өтті? Бұл мәселе – азаматтық тарихымызда әлі күнге дейін зерттелмей, айтылмай келе жатқан «ақтаңдақтардың» бірі.
Қазір біреулерге: 1955−1962 жылдар аралығында Шыңжаңнан – Қазақстанға 400 мыңдай адам өтіп, олар бұл күнде үрімбұтақ, зәузатымен 800 мыңнан асып кетті десең, артық айтып тұрған жоқсың ба дегендей, өзіңе күмәндана қарайды. Бір есептен, оларға да сөгіс жоқ. Өйткені шеттегі қазақтың нақты саны, әр жылдар Қазақстанға қанша адам оралғаны соңғы уақытқа дейін жұртшылыққа айтылмай, жасырын ұсталып келді.
Шынында да, 1962жылғы көш – адам таңғаларлық оқиға. Сол жылғы көктемнің арықтұрақ шағында небәрі жиырма күннің ішінде, Шыңжаң шекарасының әр тұсынан Қазақстанға 200 мыңға жуық адам өткен екен. Ғажап емес пе?! Және солардың көпшілігі үйжәй, дүниемүлікке де қарамай, барған жерімізде қалай күн көреміз демей, ұзаса төсекорын, киімкешегін ғана алып, шекарадан жаяужалпы өте шықты. Сол жылы қыс бойы Үрімжі мен Құлжадағы Кеңес консулдығына қойылған талаптар, жүздеген, мыңдаған адам қол қойып, Алматы мен Мәскеуге жолдаған өтінішхаттар өз жемісін бермей қойған жоқ. Нәтижеде сол кездегі Кеңес үкіметі босқындарды қабылдауға мәжбүр болды... Сондағы халықтың ғажайып рухына, ата жұртқа қарай ағылған адамдар тасқынына, қазір басқалар түгіл, сол көштің бұйдасын ұстап келген өзіміз қайран қаламыз... Ол оқиғаның ұзынырғасы «Соңғы көш» романында жанжақты суреттелгендіктен, оған бұл жолы ұзақ тоқталмай, тек бір мәселеге ғана жұртшылық назарын аударғымыз келеді.
Шыңжаңнан бері бет алған қазақ көшін сөз еткенде, әрине, оның да өзіндік, тікелей және жанама себептері болды. Оның негізгілері: Қытайдағы ұлттық езгінің асқынуы, қолдан ұйымдастырған тұрмыстағы қиыншылық, ең бастысы, ата жұртқа деген адамдардың құштарлығы еді... Сонан соң осылардың ешқайсысынан кем түспейтін, бүгінге дейін айтылмаған тағы бір фактор бар. Ол – Шыңжаң қазақтарын осы сапарға күні бұрын дайындаған, қиынқыстау шақта жол бастаған – сол көштің серкелері. Егер қазақ халқының үлкен бір бөлігі сол жылдары ұжымдасқан түрде өз үйіріне сәтімен қосылды десек, ол – ең алдымен ел басқарған азамттардың арқасы. Олардың бәрі дерлік, алды министр, қазақ облысының басшысы болған, арты аймақ уәлиі, аудан әкімі дәрежесінде қызметтері бар, елге қадірлі қайраткерлер болатын. Бірақ солар жол екіге айырылып, ұлт тағдыры таразыға түсер шақта жайлы қызметім, мансабым бар деген жоқ, көпке үлгі көрсетіп, ат басын бірден ата жұртқа қарай бұрды.
Сол қадірлі азаматтардың көпшілігі қазір ортамызда жоқ. Тірі жүргендерінің де қатары сиреп қалды. Егер еске алып өтер болсақ, бұл күнде шекараның екі бетінде жүрген Шыңжаң қазақтары: Бұқара Тышқанбаевтың, Балқаш Бапинның, Жағда Бабалықовтың, Телмұхамет Қанағатовтың, Ахметқали Бітімбаевтың, Шәуен Мәсәлімовтың, Ғалым Нүкішевтің, Қалдыбай Қанафин мен Жексенбай Еділовтың, ағайынды Төгісовтардың, т.б. азаматтардың есімдерін алғыспен еске алады, мақтаныш тұтады... Бұлардың кейбіреуі ел көшіру ісіне тікелей араласса, енді біразы жол бастап, үлгі көрсетті, халықтың рухани сүйеуі, таянышы болды. Осы бір тарихи шындықты біле жүрген кімге болса да артық емес. Әсіресе, дәл қазір тәуелсіз Қазақстан құшағын ашып күтіп тұрғанда, елге қайтуға асықпай, әлі де екі ойлы боп жүрген, ата мекенге оралу экономикалық жақтан тиімді ме, жоқ па деп шотқа салып отырған шетелдегі кейбір бауырларымызға сабақ болуға тиіс.
Біз бүгін ата жұртқа ел бастап келген аға буынның алдыңғы қатарында марқұм Балқаш Бапинды құрметпен атаған болар едік. Егер Бәкең тірі болса, бүгін тура жетпіске толып, ортамызда отырар еді. Осы бір үлкен жүректі азаматтың өзі өмір бойы армандап келген қазақ елінің тәуелсіздігін көре алмай, арамыздан ерте кеткені өкінішті... Балқаштың да, оның үзеңгі жолдастарының да ерте оянып, қанат қағуына себеп болған жәйлар бар. Оның біріншісі, қоғамдағы әділетсіздік пен отаршыл өкіметтің қиянатзорлығын өз көздерімен көріп өсуі болса, екіншіден, осы ғасыр басындағы Қазақстанда етек алған, Алаш азаматтары бастаған азаттық идеясының кейін Шыңжаңға қарай ойысуы шешуші ықпал жасаған секілді. Өйткені 30жылдардан бастап, Қазақстанда атын атауға, шығармаларын оқуға тиым салынған Ахметтің, Мыржақыптың, Мағжанның, Шәкерімнің, Бейімбеттің мұралары Шыңжаңда еркін тарады. Сол бала күнде оқыған Мыржақып, Мағжан жырларын, олар ақталмай тұрыпақ, Балқаш ағамыз жатқа айтып отыратын еді.
Балқаштың досдұшпанды ерте ажыратып, жастайынан күрес жолына түсуіне өмірдің өзі итермелеп отырды. Әкесі Әлімғазы болысты 1938жылы Шың Сысай үкіметі ұстап, зынданға салғанда, Балқаш небәрі он бес жастағы, Шәуешек гимназиясында оқып жүрген бала болатын. Бұл – Таңжарық ақынның әйгілі «Абақты» дастанындағы: «Шәуешектен Қанағат, Әлімғазы, Нұртаза, Ғазиз кетті келер жазы, Алтайдан Шәріпхан мен Боқат бейсі және де Зейнеғабыл, Мөңкей Тәйжі» делінетін Әлімғазы болыс. Әкесінің жазықсыз жапа шегіп, қапыда мерт болуы жас жігіттің көкірегіне кек болып қатып, беріш боп байланғаны анық. Қырқыншы жылдары Шыңжаңда ұлт азаттық қозғалысы бұрқ ете қалғанда, оның ең алғашқыларының бірі болып атқа қонуы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Балқаш үш аймақты азат етудің көптеген жауапты жорықтарына қатысты. Ұлттық армияның подполковник шеніне дейін өскен басшы офицерлерінің бірі болды.
Осы тұста жалпы Бапиндер әулетінің азаттық идеясына, халықтық, демократиялық ағымға о бастан етене жақын болғанын атап айтуымыз керек. Бұл үшін жоғарыда айтылған Мәмбет елінің басшысы Әлімғазы болыстың қазақтың сүт бетіне шығар игі жақсыларымен бірге гоминдаңшылар қолында құрбан болуын, сондайақ Балқаштың немерелес ағасы, әйгілі демократ Башпайдың Шыңжаңдағы ұлт азаттық күресіне қосқан қомақты үлесін айтсақ та жеткілікті.
Қытай билеушілерімен екі арада ескіден келе жатқан есепті кегі бар Балқаш, бұл жаулықтың түбі неге апарып соғарын ертерек сезді де, 1955жылы ат басын ата жұртқа қарай бұрды. Бұл оның отызға жаңа ілінген, нағыз кемелді шағы еді. Ойға алған арманы, тындырсам деген шаруасы көп болатын. Бірақ алыстан келген ағайынға ықылас білдірген, төрден орын ұсынған ешкім бола қоймады. Қайта сол кездегі тоталитарлық тәртіп пен қатып қалған коммунистік идеология шеттен келгендерге әлдебір сенімсіздікпен өгейлік көрсетіп, екінші сортты адам ретінде қарағаны мәлім. Ол жылдары орыс тілін білубілмеу деген де – бір асуы жоқ бел сияқты еді. Нәтижеде, ел басқарудың қырысырына жетік, қытай тілін де жақсы білетін небір азаматтар бойдағы білімқабілеттерін жұрт игілігіне жұмсай алмады.
Алайда ата мекенін аңсап келген адамдар «битке өкпелеп тонын отқа жаққан» жоқ. Қолына түскен жұмысты арланбай атқара берді. Ал бұрыннан оқығантоқығаны мол, зерделі ағамыз Балқаш ғылымның жолына түсті. Ол ұзақ жыл ғылым академиясының тіл институтында қызмет істей жүріп, өз білімін талмай толықтырумен болды. Осы жылдар ішінде білімге ғашық Бәкең ғылым академиясының қолжазбалар қоры мен жарты кітапханасын ақтарып шықты деуге болады. Жәй ақтарып қана қойған жоқ, ғылымнан еркін сусындады. Ол өте көп білетінді. Балқашпен жәй әңгімелесудің өзі адамға бір мектеп сияқты еді.
Академияда жүрген кезінде Балқаш тіл институның жұмысына белсене араласты. Ол – қазақтың он томдық түсіндірме сөздігін құрастырушылардың бірі. Сонан кейін ұзақ жыл көз майын тауысып, шұқшия зерттеген басты бір еңбегі қазақ пен қытай тілдерінің арасындағы байланысқа арналды. Бұл зерттеудің құндылығы – тек тіл фактілерінің төңірегінде қалып қоймай, тарих қойнауына емінеркін бойлап, екі халық арасындағы ежелгі байланыстарды жанжақты ашуында болатын. Қазір біреулер «жаңалық» ретінде айтып жүрген ертедегі ҮйсінҚытай қатынасы жөніндегі деректерді Балқаш Бапин осыдан жиырма жыл бұрын қағазға түсірген.
Кейін бұл зерттеу ғылыми диссертацияға айналғанын білеміз. Еңбекті оқыған тілшіғалымдар оның құндалығын бір ауыздан мойындаған. Кешікпей Бәкеңнің авторефераты басылып шығып, диссертация қорғауға жіберілетінде болған. Бірақ... бар мәселе осы «бірақта» жатыр. Сол кездегі ғылымның да, басқаның да үстінен қарайтын құдыретті мекемелер Бапиннің диссертациясын қорғауға жіберткізбеді. Сылтаулары: зерттеудің тақырыбы саясатқа тура келмейдімыс. Ежелгі қазаққытай қатынасын ғылыми айналымға түсіруге, фактіге айналдыруға болмайдымыс.
Сонымен, не керек, дайын тұрған диссертация қорғалмай қалды. Мұндайда біренсаран күншіл ағайынның іштарлықпен жазған бұқпантай арыздары да отқа май тамызбай қойған жоқ... Қанша қайсар, қанша өр мінезді болғанымен, ұзақ жылдық үмітті еңбегінің іске аспай қалуы Балқашқа оңай тимегені анық. Сырттай сыр бермегенімен, іштей қатты мүжіліп, ойсырап қалғандай болып еді. Жүрекке түскен сол салмақ ақыры ұзаққа жібермеді. Балқаш Бапин өзі аңсаған азаттықтың алтын күрек желі енді ғана соғып, тәуелсіздіктің төбесі көрініп қалған шамада, алпыстан аса бере дүние салды. Сөйтіп қазақтың тағы бір жүйрігі бәйгеге қосылмаған, шын бабына келіп, өнерін ашпаған күйі арманда кетті.
Біз бүгінгі әңгімемізді мыңдардың тағдырынан бастаған едік. Одан жекеге қарай ойысып, сол бірдің тартқан тауқыметі арқылы мыңның мұңын жеткізуге тырыстық. Әрқайсымыздың өміріміз – кейінгі жас ұрпаққа ғибрат боларлықтай бірбір дастан. Біз бүгін ғұлама ғалым, атағы жоқ академик Балқаш ағамыздың жүріп өткен жолына көз жібергенде, ақыры сол ғұмырдың зая кетпегеніне куә боп отырмыз. Иә, ата жұртқа ел бастап келген, қайда жүрсе де өз еліне қарлығаштай қанатымен су сепкен ағалар еңбегі текке кеткен жоқ. Қазақтың алғашқы көшін бастап, Қазақстанға «май табан» боп келдік. Еңкейіп кеткен қазақтың еңсесін көтеріп, тәуелсіздікті жеделдеттік. Төбемізде көк байрағымыз желбіреп тұр. Сол жеңіс қуанышына қазір бәріміз де ортақпыз. Құдайға шүкір, теңелдік. Кезінде өзіміз шықпаған биікке бұл күнде ұрпағымыз жетіп отыр. Сол үшін тәуба қылайық, ағайын. Бұл заманға жете алмай кеткен ерлердің рухына дұға бағыштап, тірі қалғандарымыз азат өмірдің игілігін көрейік! Аумин!
1992 ж.