Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Кітаптар тізімі

Тағдыр (2021)


Жақында жаңадан қайта басылып шығады!

Кітап атауы / Наименование книги - Тағдыр
Баспа / Издательство - "Мерей"
Жылы / Год изд. - 2021
Бет саны / Кол-во стр. - 624
Салмағы / Вес - 800 г.

Кітаптың аннотациясы / Аннотация к книге:

Бірі шығысқа, екіншісі батысқа қарай өлермендене ұмтылған Ресей мен Қытайдың Маншың империясы әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін бөлісуге XIX-ғасырдың 80- жылдарында ғана мүмкіндік алды. Екі ел арасында тартылған шекара сызығы кең жайылған дала мен асқар тауларды ғана көктей өсіп қойған жоқ, осы өлкені мекендеген қазақ қоныстарын да қақ жарып өтті. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романында, міне, осы оқиғалар егжей-тегжейлі баяндалады. Романның бас қаһарманы – Демежан тарихта болған адам. Жазушы өз кейіпкерлерінің басындағы трагедиялық халды суреттей отырып, шекара сыртында қалған қазақтардың оқшау тағдырын көз алдыңыздан өткізеді.

Автордан:
Қоғамдық формация ауысып, саясат өзгергенде, біздегі көптеген жазушылардың шығармалары уақыт талабына жауап бере алмай, оқырман назарынан тыс қалды. Шүкір, өз басымыз ондай апаттан аман екенбіз. Империя кезінде жалған ұрандарға үн қосып, ағыспен ығудан сақтанып едік. Соның жемісін енді көріп отырмыз.

Қазір менің шығармаларыма сұраныс көп. Таяу жылдарда жұртшылықтың сұрауы бойынша қос-томды «Соңғы көш» пен «Дарабоз» роман-дилогияларын өз қаражатыммен қайта басып шығарып едім. Сол кітаптар баспадан шығысымен қолдан-қолға тимей тез тарап кетті.
Ал, «Тағдыр» романы – менің нағыз толысқан кезімде қапысыз жазылған шығарма. 1988-жылы 40 мың тиражбен басылған бұл романды оқырмандар небәрі екі-үш айдың ішінде талап әкеткен. Содан бері қоғам өзгеріп, ұрпақ ауысып жатса да, оқырман қауымның романға деген ыстық ыкыласы суыған жоқ. Олай болатыны, бұл шығармада тарихтың қазақ жұртына белгісіз құпия қатпары көрініс тапқан ғой. Осыған дейін: іргелес жатқан Маншың империясы деген не нәрсе? Қалың қытайды үш ғасырға жуық билеген Цин династиясы қалай пайда болып, қалай құлады? Патшалық қарауындағы бодан жұртын кімдер арқылы, қалай басқарды? Қытай кім? Мәнжу кім? Шүршіт кім? Біздің ел үшін жұмбақ болып келген осы деректер «Тағдыр» романында алғаш рет бой көрсеткен еді.

«Тағдыр» - қапысыз жазылған шығарма дейтінім, бұл роман басқа шығармаларға қарағанда барынша емін-еркін, бабымен жазылды. Ол кезде мен кеңсе жұмысын біржола қойғанмын. Тау жақтағы шығармашылық үйінде бір люксті жеке иемденіп (1985-1987 жылдар) жатқаным әлі есімде. «Тағдырда» Еуропа романдарына тән шарттардың бәрі орындалған. Прозадағы ішкі ырғақ, ішкі үйлесім, оқып отырғанда өкпенің қысылмауы, қылаяғы оқиғалар мен көріністердің тепе-тең симметриясына дейін ескерілген. Романда әр қайсысы он тараудан тұратын төрт бөлім бар. Оқиғалар шашау шықпай бас кейіпкер төңірегіне көгенделіп берілген.

Романда шекара бойындағы қазақтардың күшпен екіге ажырауы реалистікпен шынайы суреттеледі. «Қытай – қайыс ноқта болғанда, орыс – темір ноқта» дейтін елдің ежелгі тұжырымы осы тұста қайта жанданады. Құлдардың ноқта таңдауы – ең ауыр қасірет, шарасыздықтың шырқау шыңы екенін оқырман қауым оңай аңғарады.

Жалпы, ұлы шығарма – ұлы адамдардың тағдырынан туады десек, «Тағдыр» – қазақ қасіретін нақты деректерге негізделіп шынайы суреттеген біртуар романдардың бірі.. Демежан – менің ең сүйікті кейіпкерім. Есіл ер, қайран Демежанның өмірден өтер сәтін жазып отырып, өзімді ұстай алмай, еңіреп жылағаным есімде... «Тағдырдың» қандай шығарма екенін әдебиетші қауыммен бірге, жоғарғы ресми орындар да бірдей мойындады. 1990-жылы роман мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған. Ең кереметі – әдебиет пен өнер туындыларына бөлінген бес сыйлықтың төртеуі бос қалып, «Тағдыр» көмбеге жалғыз қара болып келді.