Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Жеті ата (Әңгіме)

Сонау бір жылдары Семей облысының бір ауданынан менің атыма жеделхат келді. Аудан болғанда, біздің елден, біздің ауылдан... Жеделхатта былай делінген: «Жақыннан бері біздің елдегі ағайын арасында бір үлкен дау туып тұр. Біздің арамыздан шыққан оқымысты, білімпазымыз – сенсің ғой. Мүмкіндігің болса, ауылға келіп, дау-дамайдың түйіншегін шешіп қайт» деп, соңына мен құрметтейтін туыстардың бірі қол қойыпты.

Сөз ләміне қарағанда, ондағылар төтенше қайғы-қасіреттен, өлім-жітімнен аман сияқты. «Дау-дамай» дейді. Не жетіспей қалды екен оларға? Ел жаққа бармағалы да екі-үш жылдың жүзі болып қалған. Шаруабасты болып, кезекті кітаптың үстінде отыр едім. Амал жоқ, барып қайтуға тура келеді. Сол күні «Алматы-Семей» пойызына белет алдым да, ел жаққа жүріп кеттім. Алайда, жол бойы бір сұрақ мазалап келеді. «Алақандай ауылда өздері шеше алмайтындай қандай дау тууы мүмкін? Ұрлық-қарлық, ұрыс-керіс болса, сол жақты милиция бар, сот бар. Оларға менің не қажетім болды екен?».

Осындай жіп тағуға болмайтын әрі-сәрі көңілмен көздеген жеріме де жеттім-ау. Мен бетке алған елді-мекен – Аягөзден ары, Семейден бері, теміржол бойындағы ауылдардың бірі болатын. Ауыл болғанда, біздің туып-өскен байырғы мекеніміз емес, 1962-жылы ұлы көшпен бірге келген (сол жылы көктемде Шәуешек төңірегінен – Қазақстанға 200 мыңдай адам өткен) біздің елдің бір бөлімі осы ауданды қоныстанып қалған-ды. Арғыбеттен қопарыла қозғалған жеті зәңгі (болыс) төртуыл мұнда келген соң бір облысқа, не бір ауданға сия ма, шекара бойындағы үш облысқа бөлініп, әр совхозға 50-60 үйден таралып кеткен-ді. Жұптарын жазбай топтана көшкен бір зәңгі ел Қараменде мен Жұмықатаңа осы мен келе жатқан Жарма ауданы бұйырыпты. Зымырап өтіп бара жатқан заман... Міне, содан бері де он неше жыл аттай шауып өте шығыпты-ау!

Мен Алматыдан шығарда қай пойызбен келетінімді айтып, жеделхат жібергенмін. Мені жақсы білетін екі жас жігіт «Жигули» машинасымен келіп, пойыздан қарсы алды. Аман-сәлемдері түзу, қабақтары жадыраңқы. Соған қарағанда бәлендей алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ сияқты.

- Ауылдарың аман ба? Сендер дауласып, бүлініп жатыр дейді ғой. Не болды аяқастынан? – жас жігіттерден сыр тартып.

- Жәй, шалдардың істеп жүргені ғой, – дейді әлгілер ыржалақтай күліп. Ауылдарында болып жатқан оқиғаға жастардың разы еместігі сезілді. Содан ары мен де қузамадым.

Сол беті бір кезең астындағы ауылға да келіп қалдық. Мұнда да бейбіт тірлік, адамдардың қас-қабағынан жабырқаған ештеңе байқалмайды. Менің келетінімді біліп, ауылдың біраз үлкендері аулада күтіп тұр екен. Бірталайдан көріспеген ағалар мен жеңгелер шұрқырай қарсы алды. Өң-шырайлары ашық-жарқын, менің келгеніме қуанып қалғандары байқалады. Туыстармен қауқылдасып, аман-сәлем жасаған соң бәріміз үйге кірдік.

Бұл – маған аталас туыс болып келетін Қалибектің үйі. Жаңадан қора-жәй салып алған екен, бөлмелері мол, қонақ күтетін залы кең, терезелері самаладай жарық та еңселі үй екен. Бұлар әлі үстел-орындыққа көше қоймаған. Төрде текемет, оюлы сырмақ жайып, оның үстіне көрпе төселген. Соған жайғасып болған соң, туыстар тағы бір рет хал-жағдай сұрасып, тиіп-қашып тіл қатысты да, тосырқағандай тоң-торыс отырып қалды. Ауыл адамдары асықпайды. Үйге келген қонақтың бұйымтайын бірден сұрамай, аттанарда бір-ақ сұрайтын сол баяғы әдет. Бүгінгі отырысқа еш қатысы жоқ, басқа ұсақ-түйек бірдеңелерді сөз қылып отыр. Өзімнің мұнда неге келгенімді біле алмай тықыршып отырған мен шыдай алмай кеттім:

- Ал, ағалар, бұл не жағдай? «Тез келіп қайт» деген жеделхатты алысымен көңілім күпті болып, тағат таппай, тездетіп келген бетім осы. Не боп қалды? Тыныштық па, әйтеуір? – дедім отырғандарға жағалай көз тастап.

Менің сұрағыма аз-кем үнсіздіктен кейін үй иесі Қалибек жауап берді. Бұл күнде елудің ішін мол аралаған, қызыл шырайлы, сұлу қара мұртты ағамыз арғыбетте ерте атқа мініп, ел басқарған кісі:

- Ауылымызда бәлендей бүлініп қалған ештеңе жоқ. Әйткенмен, сен араласпасаң болмайтын бір шаруаның шығып тұрғаны тағы рас, – деді ежелгі сырбаз мінезімен асықпай байыппен сөйлеп. – Былай қарасаң, ағайын-жұртты тойға шақырып, қуанышты бөлісетін-ақ жағдай. Амал не, өзіңді тойға емес, дауға шақырып отырмыз. Қысқартып айтқанда, мәселе былай, – деп бастады да, бастарына түскен жағдайды аз сөзбен баян етті.

Қалибектің кенже ұлы Қажыбек әскерге барып келген соң, ауданда шопыр болып, автобазда қызмет істеп жүреді. Мінезі орнықты, жұмысқа шөгел, ешкіммен қақ-соғы жоқ, тәртіпті жігіт таяуда осы ауылды тұтқиыл дүрліктірген. Онда да ел шошитындай бұзақылық іс емес, кешке қарай аудан орталығынан бір қызды «алып қашып» келеді ғой. Бұрыннан уәделері бар ма, қалай, қызды өзі айдап жүрген жүк машинасының кабинасына отырғызған да, ауылға тартып отырған. Ауыл жастары мәре-сәре. Әйелдер жас келінге шашу шашып, басына жаулық жауып, босағадан оң аяғымен аттатып, ішке кіргізіп әкетеді. Ешқандай зорлық, жылап-сықтау жоқ, қалыңдықтың өзі мәз болып, күліп жүр дейді... Әйткенмен, алғашқы ап-сап басылған соң, үлкендер жас келінді оңашалап, жөн сұрамай ма:

- Атың кім, айналайын?

- Айтбала...

- Қай ауылдансың?

- «Скотовод» совхозынан...

- Қажыбекті бұрыннан білетін бе едің?

- Екі-үш ай болды танысқанымызға... Мен ол істейтін автобазда бұғалтырмын ғой. Сонда жүріп таныстық.

- Е-е, жөн-жөн... «Скотоводта» кімнің қызысың, айналайын?

- Қасым деген шопанның...

- Қай Қасым? – дейді Қалибек осы арада әлденеден секем алып. Қыз аз-кем ойланып қалады:

- Білмеймін... Әйтеуір, арғыбеттен келгендер «Қиықбайдың Қасымы» дейді ғой менің әкемді...

«Қап! Құдай ұрды...». Осы араға келгенде, Қалибек санын бір-ақ соғады.

- Әй, естідіңдер ме, мына Айтбала – өзіміздің Қиықбайдың Қасымының қызы екен! – дейді жиналғандарға әлдебір қайғылы хабарды естірткендей. – Енді қайттік? Мынаны Қасым естісе, бізді өлтіреді...

Абыр-сабыр лезде басылып, ауыл адамдары не істерін білмей аңтарылып қалған.

- Сендердің мұнда келгендеріңді үй-ішің біле ме? – дейді әлдекім қызға сұрақ қойып.

- Жоқ, білмейді... Әке-шешеме айтайын деп едім, Қажыбек қой – «артынан бір-ақ көреміз» деп айтқызбаған...

- Әй, бәсе, жүрегім бірдемені сезіп еді-ау! – деді Қалибек жанын қоярға жер таппай. – Өздерің қараңдаршы, мына Айтбала – Қасымның әйелі Күлшайдан аумайды ғой...

Міне, бұлар үшін шешілмес дау осы арадан басталған. Қайтпек керек? Дереу ауылдағы үлкендер жиналып кеңес құрады. Істің бұлай қиынға айналып тұрған себебі, Қалибек пен Қасым – Төртуыл ішіндегі Қараменде дейтін бір ғана рудан. Өз ішінде Ақкісі және Табылды болып екі атаға бөлінгенімен, өзара қыз алыспайтын, жақын ағайындар... Сол арада ақсақалдар саусақтарын бүгіп, Ақкісі мен Табылдыдан тарайтын аталарды ал кеп санасын. Жоғарыдан төмен қарай да санап көрді, төменнен жоғары қарай да санап көрді. Бірақ қанша рет санаса да Қалибек пен Қасымның арасы алты атадан аспайды. Оны былай қойғанда, бір Қараменденің баласы бір-бірінен қыз алысты деген не сұмдық?!

Үлкендер ақылдаса келе, әлі ешкім құлақтанбай тұрғанда, Айтбаланы аудан орталығына қайтадан апарып тастайық дескен-ді. Бірақ үлкендердің бұл шешіміне Қажыбек үзілді-кесілді қарсы болды.

- «Жеті аталарың» өз алдына, біз енді өлсек те бір-бірімізден айрылмаймыз! – деген-ді шорт кесіп. – Егер бізді бұл шаңыраққа енгізгілерің келмесе, Айтбала екеуіміз шамаданымызды аламыз да басқа бір облысқа тартып отырамыз.

Жастармен санаспасқа тағы амал жоқ. Әсіресе, қызу қанды Қажыбек бірдемеге ұрынып қала ма деп қорқады. Сонымен, бұлар әзірше қыз бен жігітті бір-біріне қоспай, бөлек бөлмелерде ұстап отырған көрінеді.

- Қорытып айтқанда, біздегі жағдай осындай, – деді Қалибек сөзін аяқтап. – Қазір ауылдағы жастар бір жақ, үлкендер бір жақ. Жастар «Махаббатқа жол ашық» дейді. Үлкендер: «Халқымыздың салт-дәстүрін аттамаймыз. Арамыз әлі жеті атаға толған жоқ» дейді... Айтыса-айтыса біраз жерге барыстық. Біздің елде озып оқыған, көп білетін, аузы дуалы азаматымыз – өзіңсің ғой. Осы даудың төрелігін айтып, бізге бір адаспайтын тура жол сілте...

- Бұл істен Қасым ағалар хабар тапты ма? – деді ол жақтың нендей ойда екенін білгім келіп.

- Әй, солар әлі хабарсыз жатқан болар-ау! – деді үлкендердің бірі болжам айтып. – Қасым байқұс білсе, ендігі өкіріп-бақырып жетсе керек еді...

- Сенің келетініңді білген соң, Қасымға кеше кісі жібергем, – деді Қалибек маған қарап. – Онда іс мәнісін анық түсіндірмей, «ақылдасатын шаруа бар, біздің ауылға келіп қайтсын» деп қана сәлем жолдадым. Амандық болса, ол да бүгін келіп қалар.

Жаңа бір малға бата жасалған. Соның арасынша дастарқан жайылып, шай құйыла бастады. Шай үстінде де уақытты босқа жібермей, Ақкісі мен Табылдыдан тарайтын аталарды қайтадан санай бастадық. Қалай санасақ та сол баяғы алты ата. Жетінші буын Қажыбек пен Айтбаланың өздері екен. Бірақ олар ұл үйлендіріп, қыз ұзатқанша атаға саналмайды. Қазақ салты бойынша, тек сегізінші атада ғана құдаласуға рұқсат етіледі.

Сонымен, үлкендердің аужайын түйдік. Менің енді қыз бен жігітті көргім келіп еді.

- Онда, мен Қасым аға келгенше жастармен сөйлесіп көрсем қайтеді? – дедім шай дастарқаны жиналған соң үй иесіне тілек білдіріп.

- Оның жөн. Негізгі даугер – сол жастар ғой, – деді Қалибек мені қостап.

Біраздан кейін қыз бен жігітті бір оңаша бөлмеге шақыртып алдым. Менің үстіме алдымен Қажыбек, сонан соң Айтбала кірді. Екеуі де – қарасаң көз тоймайтын өрімдей жастар. Қажыбекті кішірек кезінде бір көріп едім, қазір ұзын бойлы, қол-аяғы серейген, алпамсадай азамат. Әкесіне тартқан сұлу өңді, сүйкімді жігіт боп өсіпті. Қыздар ғашық болса болғандай... Ал, Айтбала... Ол да – түр-тұлғасы шешесі Күлшайға келетін сұлу да, сұңғақ, әсем бойжеткен. Ұзаса, он сегіз – он тоғыз жас шамасында. Мектепті бітірген соң бір жылдай бухгалтерлік курстан өтіп, қазір аудандық автовазда есепші көрінеді. Жастардың осы ауылға келген соңғы төрт-бес күнде көріскені осы болар, екеуі бірі мен бірі сүйісе жаздап, құшақтарын жазбай, қол ұстасып, қатар отыр. Бұлар менің келгенімнен хабардар сияқты. Бізді бұл азаптан бір құтқарса, осы кісі құтқарар дегендей, жалынышты көзбен жапақтап қарай береді... Қажыбектің тағаты әбден таусылған секілді. Мен сұрақ қоймай-ақ, сөзді жігіттің өзі бастап кетті.

- Аға, сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды. Біз мына Айтбала екеуіміз бір-бірімізді ұнатып, қосылуға бел байлағанбыз. Осындағы шалдар «Жеті ата» дей ме, «әлі қыз алыспаған ағайынбыз» дей ме, қайдағы пәлені ойлап тауып бізді бір жұмадан бері қамауда ұстап отыр. Шалдарға түсіндіріп айтыңызшы: біз, бәрібір қосыламыз. Енді бізге шегінетін жер жоқ! – Қажыбек осы сөздерді жаттап алғандай бір демде айтып шықты.

- Сен де осылай ойлайсың ба? – дедім мен енді Айтбалаға қарап. Қыздың әдемі ақша жүзіне арай жүгіріп, сәл қызарып кетті де:

- Біздің ойымыз да, мақсатымыз да бір ғой, аға, – деді төмен тұқыра сөйлеп.

- Араларыңда күш көрсету, қорқыту, зорлап алып қашу сияқты әдепсіздік болған жоқ қой?

- Құдай сақтасын, аға! Біз – өз еркімізбен қосылған жандармыз, – деді Айтбала әлгіден гөрі батылдау тіл қатып.

- Мен әрине сендерге тілектеспін, – дедім жастарға қарап. – Бірақ сен, Қажыбек, «шалдар жеті ата деген пәлені ойлап тапты» дегеніңді қой бұдан кейін. Ол – осы ауылдың шалдары ойлап тапқан «пәле» емес, халқымыздың мың жылдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі. Оны өкімет те, ешкім де бұза алмайды. Санап көрдік, сендердің араларың әлі жеті атаға толмапты. Екеулерің оданда үлкендерден кешірім сұрап, бір жолға қайырым етуін тілеңдер. Сендердің тағдырларыңды басқа емес, сол «шалдар» шешеді!

Соны айттым да, жастарды босатып қоя бердім. Аңдып тұрған адамдар екеуін екі жаққа алып кетті. Мен үлкендер тобына қайта келіп қосылдым. «Иә, қалай болды» дегендей, бәрі менің бетіме қарайды.

- Жастар өз уәделеріне берік, – дедім мен жауап күткен ауыл адамдарына қарап. – Қосыламыз деген сол баяғы сөздерінен қайтар емес. «Үлкендер біздің білместігімізді кешіріп, осы жолы бізге рұқсат етсін» дегенді айтады.

- Онда не істейміз? Ендігі әңгімені Қасым келген соң бір-ақ жалғастырмаймыз ба, – деді Қалибек көпшілікке қарап. – Ет те пісіп қалған шығар. Оған дейін далаға шығып, бой жазып келгеніміз дұрыс болар.

Бәріміз біртіндеп далаға шықтық. Мен мана пойыздан күн шығар-шықпаста түсіп едім, уақыт түске тармасып қалыпты. Бұл ауыл айнала қоршаған биік таулардың қойнауында болатын. Дәл іргеден Қандығатай мен Байжантасы бой көтерсе, сонау батыста Арқат таулары қылаң береді. Шығыста – Биесимас пен Қайрақты қыраттары бар. Қайрақтыда Ақтайлақ бидің кесенесі бар. Ол заманда бүгінгідей білместік болмайды ғой. Әрине бола қалған күнде қазақтың ең соңғы ұлы биі Ақтайлақ мұндай дауды екі-ақ ауыз сөзбен шешер еді. Ал біздің түріміз мынау – ойдағы-қырдағымыз жиналып, болымсыз шаруаға бола бір бәтуаға келе алмай отырған. Биліктен бедел, ауыздан дуа кетті деген осы...

Біз үйге кіріп, отырар отырмаста сырттан дабыр-дұбыр дауыс естіліп, әлдекімдердің келгені байқалды. Бұл келген – қыз әкесі Қасым еді. Бұлардың әзірше алыс-жуық ағайынға айтпай қоя тұрамыз, білдірмейміз дегені бекер тәйірі, ауыл арасында сөз жата ма, Қасым бәрін естіп-біліп келе жатқан секілді. Қалибек пен Қасым түйдей құрдас. Арғыбетте құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен адамдар ғой. Екеуінің арасында жарастықты әзіл-қалжыңдар болушы еді. Енді не десетіндері белгісіз. Міне, қазір де Қасым сонау кіреберістен бастап сөйлеп келеді:

- Әлгі Қалибек қу қайда? Біреудің баласын ұрлап алып келіп, інге тығылған суырдай түк білмегенсіп жатыр ма үйінде? Көрсетейін мен оған – бала ұрлағанның қандай болатынын!

Қасым дембелше келген, палуан денелі, бұжырлау, қара кісі болатын. Аузы сөзден босамай ішке кіріп келді де, алдында самсап тұрған адамдарды көріп, аңырып тұрып қалды. Қол қусырып, қалбақтап алдынан шыққан Қалибекке қараған жоқ. «Тұра тұр, сенімен сөз басқа» деп ұсынған қолын қағып тастады да, төр жақта тұрған маған қарай бет алды. Келе құшақтап, беттен сүйіп жатыр.

- Сен де келіп қалғансың ба? Қол-аяғың сау, бала-шағаң аман ба? – деп, есен-саулық сұрасып алған соң, аяқастынан көңілі босап, еңкілдеп жылап жіберді. – Міне, көрдің бе, сен жоқта жаман ағаңды кім көрінген басынады. Баласын ұрлап әкетіп, іргекүш көрсетеді...

Соның арасынша, үйдегілер жан-жақтан кеу-кеулеп, басу айтып, Қасымды төрдің төбесіне зорға отырғызды. Қасымның мені көргенде көңілі босап, мұң шағатын себебі, екеуіміз де – Қараменденің Табылды тармағынанбыз. Арғыбетте ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, бірге отырушы еді. Көңілі босауына тағы бір себеп, жаңа құшақтасқанда байқадым, Қасекең ашу үстінде аздап ішіп алған секілді. Сөзге енді Қалибек араласты:

- Сен, Қасым, өкпең қабынып, желікпей тұра тұр! – деді арадағы аз үзілістен кейін ес жия бастаған үй иесі, – әзірше бүлінген ештеңе де жоқ. Екі бала білместікпен осында келіп қалған екен. Айтбаланың сенің қызың екенін осында келген соң бір-ақ білдік. Содан бері екеуін бір-біріне жолықтырмай, бөлек үйлерде қамап отырмыз... Не істемек керек? Ақылдасайық. Міне, өзің келдің. Мына жазушы ініміз де сонау Алматыдан сол үшін келіп отыр. Бұл – бәріміздің басымызға түскен ортақ әңгіме. Сен, Қасым, құрдан-құр даурықпай, бізге ақыл қос. Не істейміз бұл екі ақымақты? Екеуін қосамыз ба, әлде көз жастарына қарамай айырып жібереміз бе?

Бұл кезде істің байыбына барған Қасым да біртіндеп сабасына түсе бастаған.

- Әйтеуір, зорлап әкелген жоқсыңдар ғой? Қызым өз ризалығымен келіп пе? Мен Айтбаламен сөйлесуім керек! – деді сәл бәсеңсіп.

- Ойбай-ау, Айтбала ризалығымен келмесе, сол келген бетте-ақ қайтарып жібермейміз бе?! – деді Қалибек істің беті бері қарай бастағанын сезіп. – Жастардың уәделері тастай берік көрінеді. «Бізді енді өлім ғана айырады» деп қасарысып отыр.

- Анық қой осы сөздерің?

- Анық! – дедім мен осы тұста әңгімеге араласып. – Жаңа сіз келердің алдында мен екі жаспен оңаша сөйлестім. Екеуі бірін-бірі сүйеді екен. Бұлардың достасып, бірге жүргендеріне екі-үш айдың жүзі болыпты. Олар өздерінің бір рудан екенін білмеген...

Қасым ағам осы тұста бір бүйірден маған қадала қарап сәл отырды да:

- Айналайын, бауырым, көңіліңе келмесін, осы былықпайға сен кінәлісің! – деді мәймөңкені білмейтін әдетімен. Ана жылы арғыбетте тып-тыныш жатқан елді қозғап, Қазақстанға көшіріп әкелген сен едің. Біз сенің етегіңнен ұстап едік. Бірақ осында әкелдің де қалың Төртуылды тарыдай шашып жібердің. Қазір Төртуыл әулеті осындағы үш облыста шілдей бытырап жүр. Жастарымыз кімнің бауыр, кімнің туыс екенін білмейді... Баяғыдай Барқытбелдің бөктерінде айрандай ұйып отырсаң, балаларымыз өстер ме еді? Енді не болды міне? Бір атаның баласы баба салтын бұзып, бір-бірімізбен құда болуымыз керек пе? – деді бар кінәны маған қарай аударып.

Мына сөз маған тым ауыр тиді. Шекемде шытынай қалған. Бұл – жалғыз Қасымның көкейінде жүрген сөз емес, мына отырған ағайындардың бәрі де солай ойлауы мүмкін. Мәселенің басын ашып, түбегейлі жауап беруге тура келеді.

- Атажұртқа көшіп келгеніңізге өкініп отырсыз ба, Қасеке? – дедім туысымның бетіне тура қарап. – Баяғыда біреу «Қонағым, өз үйіңді де ойлай отыр» деген екен тым бәлсініп, алдына келген асты ұнатпай, шіреніп қалған қонағына. Сол айтқандай, арғыбетте бір тілім нанға зар болып, «Коммунаның» қазанына телмірген аш-аламан күндеріңді ұмытып қалдыңдар ма? Тілге тиек, ауызға қақпақ қойған, бір ауыз сөз үшін айдалып кететін күндерді ше? Қазір ондағы қазақтардың көрген күні бұрынғыдан да жаман. Басқаны былай қойып, бала табуға дейін шектеулі. Қазақ әйеліне екі баладан артық тууға рұқсат жоқ. Байқамай жүкті боп қалған әйелге түсік тастатады. Уақытынан өтіп кетсе, іштегі баласын жарып алады... Біз бүгін ағайын арасында білместікпен адасып келген бір баланы сөз қылып отырмыз. Ал, арғыбетте қазақтың дүниеге келетін жас төлін көктей орып жатыр...

Мен соны айтып, сөзімнің әсері қалай болар екен деп, отырғандарға жағалай көз тастадым. Біреулері, «шынында солай екен-ау» дегендей бас шұлғыса, енді біреулері ештеңе естімегендей бедірейіп отыр.

- Иә, Атажұртқа келген соң ағайындар әр тарапқа бөлініп, шашырай қоныстанғанымыз рас, – дедім сөзімді одан ары жалған. – Төртуылға қарасты сондағы отыз мың шаңырақ бір аймаққа, не ауданға сия ма? Әр совхозға елу-алпыс үйден бөлініп кеттік. Бірақ Совет өкімет көшіп келгендерге жаман қараған жоқ. Осы отырған барлықтарыңды бір айдың ішінде жұмысқа орналастырып, екі айда қолдарыңызға «Совет азаматы» деген қып-қызыл паспорт берді. Балаларымыз тегіс оқуда, жастарымыз техниканың құлағында ойнайды. Мал баққан шопандардың табысы жаман емес, үй басы жеңіл машина... Айтыңыздаршы, осы жаман ба? Арғыбетте жүргенде осындай тұрмыс түсімізге кіріп пе еді? – дедім туыстарымның бетіне қадала қарап. – Қасеке, қазір неше балаңыз бар?

- Сегіз-тоғыз боп қалды ғой. Бірақ біздің үйдегі жеңгең баланың санын онға апармай тоқтамаймын деп отыр! – деді ақкөңіл Қасым ағынан жарып.

- Міне, көрдіңіз бе, арғыбетте жүрсеңіз, осының бірде-бірі болмас еді ғой! – дедім айтқан сөзімнің нысанаға дәл тиіп жатқанын сезіп.

Соның арасынша, төрге дастарқан жайылып, алдыға ет тартыла бастаған. Осы елдің салтына бейімделіп, біздің ағайындар да ішімдікке үйрене бастапты. Етпен бірге көк мойын шөлмектер де келіп қалды.

- Бүгін алыстағы Алматыдан жазушы бауырымыз келді. Өзіміз де жақсы тілеудің қарсаңында отырмыз. Осы заманның төл асы ғой, мынадан да аздап алып отырайық, – деді үй иесі Қалибек мезіреті жасап.

«Жақпаушы еді» деп бас тартқан бір-екеуі болмаса, қалғандары тамақ алдында ащы заһардан тартып жіберді. Бұл аудан Дегелеңдегі ядролық сынаққа тұспа-тұс, жақын. Мұндағы халық радиациядан қорғану үшін ішеді...

Түскі астан кейін арадағы әңгіме қайта жалғасқан. Қалибек менің бетіме бір-екі рет жалтақтап, қарап алды да:

- Ал, бауырым, біздегі жағдайды көріп отырсың. Жастармен де ауызба-ауыз сөйлестің. Мына Қасым екеуіміздің басымызға осындай шешуі қиын іс түсіп тұр. Біз ғана емес, саған бүкіл қазақ елі, дүние жүзі жақсы таныс қой. Осыған төрелігіңді айтып, біздің арадағы дауымызды бітіріп кет! – деді өтініш білдіріп.

Мен үшін жауапты сәт енді туды. Не айтуым керек? Таразының бір басында бүгінге дейін ата салтын сақтап келген ағайындар. Оларға «сендер енді туыстықты қойып, өзара құда болыңдар» деп қалай айтам? Құдалық туыстықтан әлдеқайда алыс. Таразының екінші басында – бірін-бірі шын сүйген жастар, адал махаббат тұр. Ата салтын қатал сақтаймын деп, сүйіскен жастарды қалай жылатасың? Қай жағына шығу керек?

Шынымды айтсам, менің ықыласым жастар жағында. Көз алдымнан бір бастарына сауға сұрап, жазықсыз жаудыраған қыз бен жігіт кетпейді. Олар мына бетінде ақ батасыз да басы ауған жаққа кете беретін түрі бар. Одан гөрі екі жақтың берекеге келіп табысқанын қалар едім. Бірақ соны үзілді-кесілді, түйеден түскендей етіп айта салмай, алдымен бұл мәселеге шариғаттың қалай қарайтынын, басқа түрік жұрттарының құдалықты қалай шешіп жүргенін әңгімелеп, алыстан орағыттым.

- Өздеріңіз білесіздер, ислам шариғатында құдалық кезінде жеті ата қарастырылмаған. Мәселен, Әзіретәлі – Мұхаммет пайғамбардың Әбутәліп дейтін ағасының баласы яғни немере бауыры. Соған қарамастан, пайғамбарымыз сол Әзіретәліге өзінің жалғыз қызы Бифатманы беріп отыр. Арабтарда әлі күнге дейін сол үрдіс сақталған... Тек, арабтар ғана емес, қазақтан басқа бізбен тілі бір түрік халықтары да дәл сондай шариғат жолымен келе жатыр. Мәселен, ұйғырлар, өзбектер, әзірбайжандар, Стамбул түріктері, емшек сүті араласпаса болғаны, ағайынды адамдар бірінің қызын бірі ала береді...

«Шалатын палуанның бөксесі қисық келеді» дегендей, мені қайда тартып бара жатқанымды Қасым аға сезді-ау деймін, сөзімді орта жолдан бөліп жіберді:

- Немере қарындасын алатын сол арабтардың да жетісіп кеткені шамалы ғой. Әлі күнге дейін бір-бірімен қырық пышақ болып, соғысып жатқандар – солар емес пе? Қасиетіңнен айналайын Мұхаммет пайғамбардың аруағы демесек, мен сол арабтарыңды ұнатпаймын! – деді бір езулей қыжырт күліп.

- Сіз ұнатасыз ба, ұнатпайсыз ба, мен сізге өзге халықтардың әдет-ғұрпын айтып отырмын, – дедім Қасымның сөзімді бөлгенін ұнатпай. – Ал дүниеде құдалық кезінде жеті атаны толық сақтайтын бір ғана ұлт бар. Ол – біздің қазақ. Бұл – керемет нәрсе. Ұлтымыздың бойындағы ең асыл қасиет. Ұрпағың азбауы үшін, қаның бұзылмау үшін, жеті атаға дейін қыз алыспау өте қажет. Мұны қазір ғылым да мойындайды. Ғылым былай есептейді: әке жағынан келгенде, сенің қаның балаңда – 50 пайыз (жарымы – анасының қаны), немереңде – 25 пайыз, шөбереңде – 12,5 пайыз, шөпшегіңде – 6,25 пайыз, жұрағатыңда – 3,12 пайыз, туажатыңда – 1,55 пайыз, жамағайыныңда – 0,75 пайыз, ал сегізінші буында – 0,35 пайыз болып, қан туыстығы бітеді. Қазақтың тек сегізінші атада үйленуге рұқсат беретіні содан.

- Ал, мына Қажыбек пен Айтбала нешінші ата болып тұр? – деді Қасым тағатсызданып.

- Оны біз манадан бері неше мәрте санадық, – дедім мен сөзді ұзартпау үшін. – Қажыбек пен Айтбалаға келгенде алтыншы ата бітіп, жетіншісі басталады екен. Демек, арадағы қан туыстығы бұлардың немересі туғанда бітеді. Баяғыда қазақтар сегізінші атаға толғанда, бір көкқасқаны айтып сойып, ұлан-асыр той жасап, ақсақалдар бата беріп, алғашқы құдалыққа жол ашады екен... Ал Қажыбек пен Айтбаланың жетпей тұрғаны – небәрі екі ата ғой. Маған салсаңыздар, екі жастың білместігін бір жолға кешіріп, қосылуға рұқсат еткеніміз жөн сияқты. Бірін-бірі жан-тәнімен сүйіп тұрған жастардың обалына қалып, қалай жылатамыз? – дедім отырғандарға жағалай қарап өтіп.

Әр тұстан мені қостаған сөздер естілді:

- Сол жөн ғой...

- Екі жасты бір-бірінен айырып, жылатқанда не мархадам табамыз?

- Жастардың білместігін бір жолға кешіріп, батамызды берейік! – десіп жатты.

- Ол ақымақтарды біз кешіреміз-ау, ата-баба аруағы кешіре ме? – деді Қасым әлі де болса көңілдегі күдігі тарқамай.

- Кешіреді... Аруақтар да ұрпақ қамын ойламас деймісің! – деді жастау жігіт тағы бір шөлмектің аузын ашып жатып. – Келіңіздер, жаңа басталған құдалық үшін алып қоялық!

Осы ұйғарымға басқалар да бірауыздан келіп отырса керек, алдындағы ыдыстарын лезде босатып қойды. Орта стакан арақты Қасым да тартып жіберген. Бірақ кенет түсі бұзылып, кемсеңдеп жылай бастағаны.

- Жұртым-ау, айтыңдаршы, осымен, шынымен-ақ туыстығымыз біткені ме? – деді көпшілікке қарап. Сонан соң есік жақта отырған Қалибекке бұрылып: – Ит-ай, бір ауылда, бір жылы туған төл едік, туыс едік... Енді сенің төріңде «құда» болып қалай отырам?! – деп ал кеп еңкілдесін: – Тумай туашөккірлер-ай, басқа қыз, басқа жігіт құрып қалғандай, бізді ақыры осыған жеткіздіңдер ме?

Әйткенмен, бұл отырыстың арты қуанышқа, тойға айналып кетіп еді. Жұрт кеу-кеулеп, Қасымға бір ақсарбас ісекке бата жасатты. «Ақ қой сойып, ақ бата беру» деген осы. Тек арты қайырлы болғай!

Ертеңінде мені Алматыға бет алған пойызға бір топ жастар шығарып салды. Сол топтың ішінде Қажыбек пен Айтбала да бар. Кешегідей емес, екеуі де гүл-гүл жайнап көңілді жүр. Жастардың түсінігінде, ғашықтарға азаттық әперген – мен сияқтымын. Бәрі дуылдап, мені пойызға көтеріп мінгізді. Ұзамай пойыз да орнынан қозғалып кеткен. Сермелген қолдар, қимас жүздер... Бірнешеуі вагонмен жарысып келеді...

Бірақ, амал не, ақыры сол екі жастың жолы болмады. Арада бір жыл өткенде Айтбала алғашқы баладан қайтыс болды да, Қажыбек соның артынан көп ұзамай жол апатынан қаза тапты. Мен осы күнге дейін таңғалам. Бұл не сонда? Кездейсоқ бақытсыздық па? Әлде ата салтын аттаған жастарға Жаратушының жіберген зауалы ма? Кейде осы некеге жол ашқаным үшін, өзімді кінәлы сезінем. Бірақ менің ойымда ешқандай қаралық жоқ, бар болғаны, махаббатқа жол ашқым келді ғой. Өзіме соны ғана жұбаныш етем.

2014 – ақпан.