Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Диктатордың ажалы (Әңгіме)

Біреулердің аузынан «көреген көсем», «ұлы көшбасшы», «ұлт серкесі» сияқты сөз шықса болғаны, Нұртастың жүрегі зырқ ете қалады. Өйткені бұл сөзді ести-ести құлағы әбден сарсылған. Осының бәрі жәй алдамшы, өтірік сөздер екеніне, жарамсақтар тауып жүрген жалған мадақ екеніне де көзі жетіп болған. Ең бастысы, жаңағы мадақ сөздердің тасасында азу тісі ақсиып, «диктатор» деген сөз тұрғанын да жақсы білуші еді. Тақта отырғанда «Мен диктатормын, абайлаңдар!» деп кім айта қояр дейсің. Олар қашанда «төңкеріс көсемі», «халық қамқоры», «ұлт серкесі» секілді бүркеншік аттарды пайдаланады.

Сонау Шығыс Түркістанда туып-өсіп, атажұртқа соңғы он жылдың айналасында көшіп келген Нұртас Қытайдағы «көсемдер» дәуірінің бірталайын-ақ бастан өткерген­ді. Бағынышты бодан жұрттың қолдан «құдай» жасап алып, кейін содан құтыла алмай әлек болатыны да оған жақсы таныс еді. Нұртастың мамандығы – тарихшы. Сондықтан, ол тек Қытай «көсемдері» ғана емес, «мемлекет дегенің – мына мен» дейтін XIV-Людовиктен тартып, кешегі Гитлер мен Сталинге дейінгі дүниежүзі диктаторларын біршама білетін­ді. Нұртастың атажұртқа көшіп келуінің мақсаты да – бір жағы, күн санап ділінен, тілінен ажырап бара жатқан ұрпағын аманында үйіріне қосу болса, екінші бір көздегені – көсемсіз, диктаторсыз, қолдан жасалған құдайсыз елде өмір сүру еді.

Алайда, бұл заманда көсемсіз жер табу да оңай емес көрінеді. Әсілі, «көсемдер» мен «көшбасшы серкелер» отарлықтан таяуда ғана құтылып, жаңадан еркіндік алған елдерде бірден жамырап шыға келеді екен. Өйткені бұлар бұрын жат елдің құзырында билікке қолы жетпей, мансапқа жарымай келген ұлттар ғой. Солар азаттыққа шығысымен өз ортасынан әлдебір Кейқуатты таққа отырғызып, төбелеріне көтереді екен де, әлгі адам көп ұзамай «көсем» болып шыға келеді екен. Ол енді жөні түзу көсем болып, көш бастаса жақсы ғой. Арада біраз жыл өткенде жаңағы Кейқуат қылышынан қан тамған диктаторға айналады. Өйткені әркім көргенін істейді ғой. Оның білетіні – қожайын мен құл. Жаңа диктатор енді қандастарын құлға айналдырғысы келеді.

Қарап отырсаңыз, мына Араб елдерінде дәл осылай болыпты. Олар өткен ғасырдың алпысыншы‑жетпісінші жылдарында еуропалық мемлекеттердің бұғауынан босап, әрқайсысы жеке‑жеке ел болмады ма. Отаршылдар кетерінде әрқайсысына бір‑бір «көсем» сайлап берген. Сырт билігі бұрынғы қожайындардың қолында тұратын қуыршақ «көсемдер» ғой баяғы... Өздерінің салымы мұндай зор болар ма, жерлерінің асты – көлкіген мұнай теңізі екен. Сол мұнайдың арқасында жаңағы «көсемдер» мен олардың сыбайластары аз жылда алпауыт байларға айналып шыға келді. Енді біраз жылдан соң жаңағы «көсеміңіз» – қылышынан қан тамған диктатор.

Нұртас кейде ішінен «бір кезде өз өркениетімен дүниені тамсандырған араб елдері кейінгі кезде неге көш соңында қалып қойды» деп таң қалушы еді. Бір кезде ертегідей әсер қалдыратын ежелгі Бағдат, Мысыр, Шам шаһарлары неге көрінгеннің қолдаулығына айналды? Сөйтсе, байқұс арабтар отаршылардың құрығынан құтылар-құтылмаста, әрқайсысы ұзақ жыл бір‑бір диктатордың табанының астында жатыпты ғой.

Диктатор жерден шығатын қазына‑байлықтың есебінен өзі ғана байып, туыстары мен сыбайластарын байытып қана қойса, оған көнесің ғой. Одан өрбитін зардап басқада. Диктатор – қоғам денесіне түскен жегі құрт. Ол қоғамды өсірмейді. Шексіз билік өзіне табынуды тудырады. Ал, табыну мен жағыну – егіз. Диктатор мемлекет қызметіне қабілетті, талантты, білімді адамды қоймайды, өзін қолпаштап‑қоштайтын жағымпаздарды қояды. Диктатор билеген елде ақылды адам – біреу‑ақ. Ол – диктатордың өзі. Ендеше, ол елден екінші бір ұлы адамның шығуы мүмкін бе? Атамаңыз. Бұл елде мемлекет басқара алатын бір ғана адам бар. Ол да – диктатордың өзі... Күнкөріс не істетпейді. Жарамсақ ақындар осылай деп өлең жазады. Жағымпаз, жалған ғалымдар диктаторды жер‑көкке сиғызбай мақалалар жариялайды. Ендеше, мұндай жалған қоғам кері шегінбегенде қайтеді?!

Әуел бастан үш құрылықтың (Азия–Еуропа–Африка) тоғысына орналасқан араб дүниесі қашанда қайшылықтарға толы өлке саналатын. Тұрғын халқы айнығыш, бұзылғыш, жолдан тайғыш болушы еді. Соларды түзу жолға салу үшін, Жаратушы бұл аймаққа пайғамбарларды да көп жіберген. Ең соңғы пайғамбар Мұхамметтің де (с.ғ.с.) арабтарды бірлікке келтіріп, ел қатарына қосып кеткеніне де он бес ғасырдың жүзі болыпты... Кейін таққа отырған диктаторлар сол пайғамбарымыздың сара жолын ұмыта бастаған сияқты ма, қалай? Олар соңғы кезде аспандағы құдайдан гөрі астындағы мұнайға көбірек табынатын болған.

Не ғажап, былтыр, яғни, ХХІ – ғасырдың он бірінші жылы араб елдерінде үлкен сілкініс болды. Араб дүниесінің кемерінен асып, теңіздей толқығаны сонша, жолындағы бөгеттің бәрін бұйым құрлы көрмей, сол қатарда диктаторларды да бірінен соң бірін ұшырып әкетті.

Соған қарағанда, Жаратушы ием ақшаға табынған диктаторлардың араб дүниесін қалай бүлдіргенін күнделікті бақылап көріп отырған сияқты. Оларды жөнге салу үшін, Жаратушы бұл жолы арабтарға пайғамбар жіберген жоқ (пайғамбарлар лимиті Мұхамметпен аяқталған). Бұл жолы ұлы Жаратушы арабтың аптапты күн сәулесіне аздап қана «Азаттық нұрын» қосып еді. Арабтың қанында ұлттық рух болып тасыған да, қуыршақ «көсемдерді» қаңбақ құрлы көрмей тақтан ұшырған да – Жаратушы жіберген сол ғажап Нұр болатын.

Тақтан ұшып түскен соң байыптап қарасаңыз, жаңағы диктаторлар жарамсақтар көкке көтеріп дәріптегендей «ұлы» да емес, «кемеңгер» де емес, «көшбасшы» да, ешкім орнын баса алмайтын дәнішпан да емес, қатардағы көп пенденің бірі екен. Пенде болғанда, адамгершілік, ар‑ұяттан, қанағаттан жұрдай, сайтан азғырып, ібіліс иектеген күнәкардің өзі... Өздері мұндай сужүрек, қорқақ болар ма! Зауал шағы жақындап, өмірмен қоштасар сәтте көпшілігі әскери адамға тән ерлік өліммен де өле алмады‑ау!

Әсілі, диктатор дегеніміз кім десеңіз, ол – өзімшілдік пен тойымсыз ашкөздіктің шыңына шыққан адам. Онда қанағат, рақым ізгілік деген болмайды. Жеген сайын жей берсем, жұтқан сайын жұта берсем дейді. Ол не істесе де, тек өзі үшін істейді. Мәселен, ол әлдебір шөл далаға апарып, қала салуы мүмкін. Бірақ оны бағынышты халқы үшін салды деп отырсыз ба, қателесесіз, ол қаланы да әлемді таң қалдыру үшін, өз басының даңқы үшін салады... Аттап бассаң соның ескерткіш‑мүсіндері, көше толған соның суреттері...

Мәселен, Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбарак дәл осындай болған. Сол диктатор ежелгі Египетті артық‑кемі жоқ, тура отыз екі жыл билепті ғой. Біресе референдум, біресе жасанды сайлау жолымен өз билігін жасы сексеннен асқанша соза берген. «Бұл елде менен басқа да азаматтар бар ғой, бір кезек соларға да тізгін берейінші» демеген. Оған он жыл, он бес жыл, отыз жыл да аз көрінген. Өмір бойы тақтан түспей отыра беруді қалаған. Ақырында, қандарына Алланың «Азаттық нұры» дарыған Египет халқы айлар бойы шеру тартып, айғай‑сүреңге басып жүріп, тойымсыз диктаторды биліктен зорға тайдырды‑ау! Нәтижеде, қалың бұқара сонша жыл әулиедей сеніп жүрген «көсемі» – барып тұрған қылмыскер, ел ризығын аяусыз тонаған жемқор болып шықты. Шетел банктеріне аударған миллиардтаған ақша... Қазір Хосни Мүбарак сыбайластарымен бірге әділ соттың үкімін күтіп, түрмеде отыр. Сірә, диктаторды алда дар ағашы күтіп тұрса керек.

Ал, Сирияны (ежелгі Шам шаһарын) әкесі Хафиз Асат отыз жыл, баласы Бәшір Асат он бес жыл билеген екен. Асаттар әулеті әлі де тақтан түспей сіресіп отыр. Қандарында азаттық рухы тасыған Сирия халқы «диктаторлар биліктен кетсін» деп шеруге шығып, ұран көтергелі бір жылдан асып қалды. Ереушілер мен үкімет әскері арасында сан рет қақтығыс болып, мыңдаған адам құрбан болды. Араб жұрты өз халқына қарсы оқ атып, мойнына мыңдаған адамның қанын жүктеген диктатор Бәшір Асатты жазаға тартпай тынбас.

Бұлардан басқа Морокко, Тунис, Сауд Арабиясы, Иемен елдерінің де оңып тұрғаны шамалы. Бұл елдерге демократияның «алтын күрек» самал желі аңқылдап соға қоймағанымен, «Азаттық нұры» дарыған араб ханы мұнда да белгі беруде. Бұл елдерде де көктегі құдайға емес, жердегі мұнайға сенген диктаторлар отыр. Ақшаның алмайтын қамалы жоқ. Шетелдік эксперт мамандар келерде «демократияларың қайда? Адам құқы неге сақталмаған?» десіп, екпіндеп келеді де, кетерде жақтары қарысып қалғандай, үн‑түнсіз аттанады.

Ал, араб елдері жайында сөз еткенде, Ливия мемлекетіне арнайы тоқталмаса болмайды. Себебі, диктатураның шешек атып, нағыз гүлденген жері – осы Ливия. Диктатор Каддафи бұл елді қырық екі жыл билеп, өткен күзде ғана тақтан тайды. Жәй кеткен жоқ‑ау, алты айға созылған қанды қақтығыс соңында көтерілісші сарбаздар қолынан оққа ұшты.

1970 – жылы Ливиядағы әскери төңкеріс кезінде өкімет басына кездейсоқ келген 28 жастағы талантты офицер жасы жетпіске жеткенше, қолындағы билікті ешкімге бермеген ғой. Каддафидің билікке келуінде қапы жоқ‑ау. Оның соры – биліктен қай кезде кетуді білмеуінде. Басында Керолді тақтан тайдырған төңкерісші қайраткер ретінде танылды да, одан бірте‑бірте «ұлт көсеміне», одан кәдімгі диктаторға айналды. Дара билік қоғам денесіне жегі құрт болып түсті де, Ливияны да көктеткен жоқ, Каддафидің де түбіне жетті.

Нұртас жақында диктатордың қазасынан кейін түсірілген деректі фильмді тамашалады. Көз алдыңнан Каддафи өмірі тізіліп өтіп жатады. Міне, әскери формадағы, жасы әлі отызға іліне қоймаған, сымбатты, жас офицер. Жүзінде шаттық нұры ойнап, мәз бола күліп тұр. Жәй офицер емес, төңкеріс көсемі, ұлт қаћарманы. Алда оны «Араб елдерінің лидері», «Африка елдерінің көшбасшысы» деген мәртебелі атақтар күтіп тұр. Ол өзі екі лагерге де танымал. «Африкада социализм орнатушы» деген дақпыртпен Совет Одағының құрметіне бөленсе, Ливия мұнайының арқасында капитал дүниесімен де тіл табысып, есеп‑шотына миллиардтар құйылып жатқан ірі алпауытқа айналып еді.

Не үшін екен, деректі фильмдегі бейнесіне қарап отырсаңыз, диктатор Муамар Каддафи тым тез қартайыпты. Баяғы сымбатты жас офицерден із де қалмаған. Алпысқа келгенде арсаланған шал! Әлде басы артық байлықтан, әлде маңайындағы қаптаған қалың әйелден... Каддафидің күзет гвардиясы кілең қыз‑келіншектен құралған екен. Бұл да «ұлт көсемінің» міндетін ауырлата түскені көрініп тұр.

Сонымен, полковник Каддафи Ливия тағында он жыл емес, жиырма жыл емес, отыз жыл емес, табандаған қырық екі жыл отырыпты. Егер ол алғашқы он жылдан соң, жарайды жиырма жылдан соң дейікші, өз орнын абыроймен басқа біреуге өткізсе, Ливия тарихында аты алтын әріппен‑ақ жазылатын адам. Амал не, олай істеуге өзімшіл пендешілігі жібермеді ғой. Нәтижеде, Каддафи бастаған ат төбеліндей элита байыған үстіне байи берді, ал бұқара халық қайыршылыққа белшесінен бата берді. Ақырында, іште де, сыртта да Каддафидің еш қадірі қалған жоқ. Бұқара халық кеше өз қолдарымен жасап алған «құдайдан» енді құтыла алмай әлек. Бұл кезде Жаратушы жіберген «Азаттық нұры» Ливия халқының да қанын тулата бастаған. Египеттен соң көп кешікпей олар да атойлап атқа қонып еді.

Каддафидан халықтың безінгені сонша, көп ұзамай үкімет әскерінің өзі көтерілісшілер жағына шығып кетті. Диктатор енді өз халқымен көрші елдерден әскер жалдап соғысуға мәжбүр болды. Африкада не көп – жұмыссыз жүрген қаңғыбастар көп. Солардың қолына қару ұстатып, өз халқына қарсы айдап салды‑ау! Ақшаны аямапты. Жалдамалы әскердің әр күні мың доллардан айналған көрінеді.

Қашанғы әдеттерінше, диктатордын күні батуға таяғанын сезе салысымен, төңірегінде жүрген нөкерлері жан‑жаққа қаша бастаған. Енді бір қараса, әншейінде сарайға симай жөңкіліп жүретін жағымпаздардың бірі қалмапты қасында. Өзінің ет жақын туыстары мен отбасы мүшелері ғана қалыпты. Бұған дейін Еуропалық одақ әскері мен көтерілісші комитет 48 сағат ішінде елден кету туралы оған бірнеше дүркін ескерту жасаған‑ды. Бірақ, Каддафи оны тыңдамай ақырына дейін соғыса берді. Өйткені, оны бұл кезде алды‑артын ойлатпайтын «өлім есірігі» билеп алған‑ды.

Соған қарамастан, диктатор Каддафидің жаны тым тәтті, өзі сұмдық қорқақ екен. Соңғы шайқаста аяғынан жараланып, әлдебір бетон құбырға кіріп кетіпті. Деректі фильмде ереуілші сарбаздардың оны сирағынан ұстап қалай суырып алғанын тіпті анық көрсетеді. Егер дәрігерлік жәрдем көрсетілсе, Каддафидің өлмей тірі қалуы да мүмкін еді. Алайда, ереуілшілердің диктаторға өшіккені сонша, оны орталыққа жеткізбей сол арада қорлап өлтіргені байқалып тұр. «Итке – ит өлімі» деген осы.

Нұртас тағы бір «ит өлімін» осыдан екі‑үш жыл бұрын Ирак диктаторы Сәддәм Хұсейннің басынан көріп еді. Диктаторлардың қоян жүрек қорқақ болатынына сонда тағы бір рет көзі жеткен. «Мен Америка әскерін Бағдатқа кіргізіп алып, бір‑ақ жоямын» деп бөскен «батырың» жау әскері қалаға басып кіргенде, бір үйдің ауласынан үңгір қаздырып, сонда тығылып жатыпты. «Ұлт көсемінің» қадірі кеткені сонша, оның тығылған жерін жақын көмекшілерінің өздері‑ақ көрсетіп берді. Сөйтіп, бір елдің басшысы Сәддам Хусейін өте абыройсыз жағдайда қолға түсті. Нұртас сол көріністерді теледидардан көріп отырып, «қайран Ирак халқы «көсемім бар» деп, сонша жыл кімді төбесіне көтеріп келген?» деп қатты түңілгені бар еді.

Сол Сәддам Хусейін ақыры сот үкімі бойынша өлім жазасына кесіліп, дарға асылды. Сонда, су жүрек Сәддамның өзін алда не күтіп тұрғанын біле тұрып, соңғы оғын өзіне жұмсамай, іннен‑інге тығылғаны ұят‑ақ болды. Енді ойлап отырса, сол диктаторлар бейбіт кезеңде тай жеген бөрідей күпиіп жүргені болмаса, басына күн туғанда ерліктен жұрдай, адамгершілік, ар‑ұяттан ада, тек айла‑шарғымен жан баққан, бір басының қамынан өзге ойлайтыны жоқ, алаяқ біреулер екен ғой.

Жәй сөз орайы келгенде еске алғаны болмаса, Нұртас жоғарыда аталған диктаторлардың ешқайсысына аузын ашып таңдана қоймайды. Өйткені бұл ондайдың талайын өз басынан өткерген, көзбен көріп, қолмен ұстаған адам. Адамзаттың төрттен бірін уысында ұстап, ұзақ жыл жусатып‑өргізген миллиард «көсемі» Мао‑ның қасында жаңағы Хосни Мүбарактар, Сәддам Хусейіндер, Муомир Каддафилер жіп есе алмайды.

– ІІ –

Алла‑ай десейші, осы Нұртас тумай жатып кімнен қарғыс алды екен, өрімдей жастық шағы дүниедегі ең қатал, ең мейрімсіз диктатордың заманына тура келіпті ғой. Біреудің босағасында отырған бодан жұртта таңдау бар ма? Өзіңнің ата‑анаңды таңдай алмайтының секілді, туатын жеріңді, тұратын мемлекетіңді де таңдап жатпайсың. Нұртастың туып‑өскен жері – Шыңжаңдағы Тарбағатай аймағының Майлы‑Жәйір таулары. Жерде тұрған ештеңе жоқ­‑ау, бар пәле – уақытта, қоғамда.

Қытайда Қызыл өкімет орнағанда, Нұртас небәрі он жаста. Алда не күтіп тұрғанын кім біліпті, бұл әйтеуір жұрт қатарлы мектепке барғанына, мойнына алқызыл галстук таққанына мәз... «Пионер» дейді екен. Жаңа дәуірдің бастаушысы, жақсылыққа алғаш із салушы деген мағына берсе керек. Сабақ басталар алдында, кластың төріне ілінген бет‑аузында бір тал әжім жоқ, әдемілеп жасаған қасқа бас кісінің суретіне қарап, бас иіп, тағзым етесің.

‑ Бұл кісі – ұлы көсеміміз Маужуши, – дейді мұғалім. – Сендер Маужуши заманында білім алатын нағыз бақытты балаларсыңдар!

«Не бұрын, не кейін емес, дәл осы қарсаңда туғанымыз қандай дұрыс болған!» деп балалар қуанып қалады.

Содан біраз уақыт өткенде комсомолдық дәуір басталды. Ел қожасы коммунист болуға қол созым ғана жер қалған. Жастардың жапатармағай жаттайтындары Мао‑ның сөздері. Жатса‑тұрса айтатындары – Марксизм‑Ленинизм және Маузайдуң идеясы. Соңғысы алдыңғы екеуіне қосылған жаңалық көрінеді. Маркс пен Ленин капитализмнен кейін ғана социализм орнатуға болады десе, Мао капитализмге соқпай‑ақ, социализмге өтудің төте жолын тауыпты. Міне, мәселе қайда жатыр. Ендеше, Мао ұстаздарынан асып кеткен. Мао – философ, Мао – дәнішпан, Мао – кемеңгер...

Ол бірден‑ақ «ұлы дәнішпанның» позасына ене білді. Әр сөзі жұмбақ, әр сөйлемі астарлы. Ол бір жиналыста залда отырған әлдебір профессорға қарап:

‑ Айтыңызшы, біз қазір жерде тұрмыз ба, әлде көкте тұрмыз ба? – деп сұрайтыны бар.

‑ Біз, әрине, жерде тұрмыз ғой, Маужуши! – дейді профессор.

‑ Қателесесіз! – дейді Мао. – Біз жерден қарағанда ғана жерде тұрамыз. Ал, Марсқа барып қарасаңыз көкте тұрамыз.

Осыны оқығанда жастардың есі кетеді. Қандай ақыл, қандай білім. Профессордың өзін сүріндірген көсем дәнішпан болмағанда қайтеді. Жалғанда диктатордың философ болғаны жаман екен. Адамның миы жетпейтін неше түрлі қым‑қиғаш сөздер айтады. «Америка Құрама штаттары – қағаз жолбарыс! – деді Мао тағы бір сөзінде. – Біз ядролық қарудан қорықпаймыз. Егер сұрапыл соғыс болып, адамзаттың қақ жарымы қырылған күннің өзінде, соның аман қалғанының төрттен бірі қытай болады».

Мына сөзді естігенде зәрең ұшады. Әйтеуір, Мао тұрғанда жеңілмейтініңді ойлап шүкірлік етесің. Осы сөзден кейін жастар «қағаз жолбарыс» – Американы да менсінбейтін болған.

«Біздің жүрер жолымыз Совет одағынан өзгеше, – деді Мао тағы бір жиналыста. – Бәрін техника шешпейді, халық шешеді, кадр шешпейді саясат шешеді». Осыдан кейін біраз жұрт Совет одағына қырын қарай бастады.

Осындай бір‑біріне қайшы, түсініксіз ұрандарға қарамастан, 1958‑жылға дейін Қытай экономикасы қарыштап дамып келе жатқан‑ды. Сол жылы дүние бүлініп, қытай қоғамы астан‑кестен болды да кетті. Әлде көз тиді, әлде табыстан басы айналған көсемнің миында бір өзгеріс болды. «Алжыды» дейін десең, Мао сол жылы небәрі алпыс бесте. Сонда не болды бұл кісіге? Әлде осыған дейін айтып жүргеніміздей, оның асқан ақылды, кемеңгер, дәнішпан екені өтірік пе?!

Сол жылы зиялы қауым арасында «Стиль түзету» деген бір науқан басталған. Осы науқан барысында оқымысты зиялылардың бір тобы оңшыл‑ұлтшыл атанып, қызметтен шеттетіліп жатқан кез... Ол аз болғандай, Мао сол жылы күзде «үш қызыл ту» деген бір пәлені ойлап тапты. Оның біріншісі, экономикада жоспармен емес, «секіріп ілгерілеу», екіншісі, бір жылда он миллион тонна құрыш өндіріп, Англияны басып озу, үшіншісі, жаппай коммуна құру арқылы бірден коммунизмге өту.

Көсем айтты – бітті, сол жылы күз айларында‑ақ әлгі науқандар басталып кеткен. Ол кезде көсем сөзіне күдікпен қарайтындар жоқтың қасы. Қарсы пікір айтатын бірен‑саран ойлы адамдар оңшыл‑ұлтшыл болып, саптан шығып қалған. Сонымен, не керек, қызмет те, оқу да жайына қалып, бүкіл жұмысшы‑шаруа, мекеме қызметкері, студенттер, мектеп оқушылары қолдарына кетпен‑күрек, қайла, лом-темір ұстап, құрыш қорыту үшін тау‑тасты кезіп кетті. Құрамында темір бар руда тауып, оны жабайы пештерде қорытып, құрыш өндірмек. Он миллион тонна құрыш деген не тәйірі, бір миллиард Қытай халқына бөлсеңіз, кісі басы он килодан әрең айналады екен. Оны бір жыл емес, бірер аптада-ақ қапқа салып алмай ма?!

Адамдардың енді бір бөлігі ауыл-қыстақта коммуна құрумен әлек. Аты дардай болғанымен, бұл жұмыс оншалық қиынға түскен жоқ. Бұрыннан бар мойынсерік-әтіреттерін бір-біріне қосып, мың отбасын бір коммунаға иірді де тастады. Мал-мүлік түгел ортада. Әр әтірет бір ғана ортақ қазаннан ас ішеді. Үй басы жеке түтін түтетуге қатаң тиым салынған. Әркім ортақ қазаннан қалағанынша ішіп-жеп жүре береді. Несін айтасың, жалқаулар мен кедей-кепшіктің тұяғын қимылдатпай, жатып ішетін-ақ жері...

Бұл кезде Нұртас бала емес, Үрімжіде университетте оқиды. Тарих факультетінің 2-курс студенті. Әр нәрсеге ой көзімен қарайтын шамаға келіп қалған. Болып жатқан оқиғалар ақылына симай, кейде шақшадай басы шарадай болады. Ұлы көсем қателесіп отыр деуге аузы бармайды. Дүниеде теңдесі жоқ ұлы адамның бұлай жаңсақ басуы мүмкін бе? Ал оның нұсқаулары дұрыс дейін десе, көз алдында бүлініп жатқан дүние мынау?

Былтыр «стиль түзету» науқаны кезінде университеттегі ең білімді деген ғұлама ұстаздары түгел дерлік «оңшыл-ұлтшыл» болып айдалып кеткенде, оны көсемнен емес, жергілікті күншіл белсенділерден көрген. Ал, мына биыл басталған «үш қызыл ту» дегені ешбір жобаға келмейді. Тұрақты түрде жақсы дамып келе жатқан елге «секіріп ілгерілеу» неге қажет болды? Кісі бойындай ғана жабайы пештерге руда толтырып, астынан отты қанша өртегенмен, одан темір балқып шыға ма? Осы қылығы бүкіл адамзат алдында күлкіге қалып жүрмес пе екен? Ал, коммуна... Қытай қоғамы үшін коммунизмге өтуге әлі ерте емес пе екен? Өндіріс құралдары мынадай төмен сатыда тұрғанда, оның өнімдері «қабілетіне қарай еңбек ететін, қажетіне қарай ішіп-жеуге» мүмкіндік бере ме? Қарапайым студенттің ақылына симайтын нәрсені ұлы адам неге алға тартады? Жарайды, көсем әлденеден жаңылыссын дейік, қасындағы нөкерлері не бітіріп отыр? Олар неге айтпайды?

Олар айтыпты: маршалл Пың Ды Хуай бастаған біраз адам сара жолдан бұлай бұра тарту жақсылықа апармайтынын, мұндай арандату түбі апатқа ұшыратуы мүмкін екенін айтудай-ақ айтыпты. Бірақ «ұлы көсем» оларды тыңдамаған. Олар көп ұзамай-ақ «партияға қарсы топ» және «халық жауы» атанып, қызметтерінен қуылды.

Сонымен, «ұлы көсем» шылбыр-тізгінді өз қолына алып, дара билікке көшіп еді. Оның ертеректе айтқан: «Қытай халқы – әлі із түспеген бір бет ақ қағаз сияқты. Оған ойға алған сөздеріңді еркін жазуға болады» деген күмәнділеу сөзі бар еді. Енді, міне, «Мәкең» сол қағазға ойына келгенін шимайлап жазып жатты.

Арада жыл өтпей-ақ, маршалл Пың Ды Хуайдың айтқаны айна-қатесіз дәл келді. Мына заманда баяғы жабайы тәсілмен құрыш қорытуға болмайды екен. Бүкіл мемлекет бойынша мыңдаған-миллиондаған оба-пештер құрыш ағызуға қауқары жетпей, ішіндегі руда мен көмір қойыртпаққа айналып, сол күйі тас-шемен болып қатып қалды... «Секіріп ілгерілеу» де солай. Экономикалық дамудың қатал заңын бұзып, қалай болса солай секіруге болмайды екен ғой. Оған да жұрттың көзі енді жетті. Құрыш қорытудың зардабы оңай болған жоқ. Өткен жылы қарайған халық темір рудасын іздеп, тау-тасты кезіп кеткенде, астық жиналмай қалыпты. Келесі жылы-ақ бүкіл ел көлемінде ашаршылық басталды.

Ал, Коммуна?.. Ол да мезгілсіз шақырған тауықтың кебін киді. Ол көсем айтқандай коммунизм нышаны бола алмады. Кейін ел ішін ашаршылық жайлағанда халықты аштан өлтірмей, күніне бір уақ жүрек жалғайтын орынға айналды.

Нұртастың «көсемнен» көңілі қалғаны соншалық, енді оның бірде-бір сөзіне иланбайтын болды. Тіпті, оның атын естігісі келмейді. Әрине, үміттің ақталмауы, сенімнің күйреуі, бір сөзбен айтқанда «көсеммен қоштасу» оңай болған жоқ. Бірталайға дейін әлдебір тірегінен айрылғандай жетімсіреп жүрді.

Алайда мемлекет үнсіз. «Үш қызыл туды», оның авторын ашық сынаған адам болған жоқ. «Құрыш қорыту» жорығында халықтың есіл еңбегі зая кетпегендей, соның кесірінен бұқара халық аштыққа ұрынбағандай, миллиарттаған қаржы босқа шашылмағандай. Олай болатыны, бұл жолы да ұлттық намыс, шовинизм үстемдік алған. Қытай ұлты төңкеріс көсемі түгіл, баяғы императорларын да ашық жамандамайды. Олар үшін Қытай билеушілерінің жаманы жоқ. Басқа елдердің алдында күлкіге қалғысы келмейді.

Осындай бітеу жара күйінде арада төрт-бес жыл уақыт өтті. Сол баяғы «Маузайдуң идеясы», сол баяғы «Үш қызыл ту». Алайда, бұл сырт көрініс қана еді. Орталықта ішкі тартыс жүріп жатқан. Партия мен үкіметтің кейбір басшылары іштей ұғысып, көсемнің түзелмес жолға түскенін, мына қалпында мемлекетті апатқа ұрындырмай қоймайтынын мойындаса керек. Шамалары келсе, алдағы құрылтайда қордаланған қателіктерді ашық айтып, Мао-ны биліктен тайдырғысы келе ме, қалай?

Бұл кезде жасы жетпіс үшке аяқ басқан, кәрі көкжал Мао олардың астыртын әрекетін сезбеді дейсің бе? Сезгенде қандай! Бұған дейін талай құқайды көрген әккі диктатор бұл жолы ешкімнің ойына келмеген мүлде «тың жүріс» жасап еді. Бұрын өзін қолдап келген үзеңгілес серіктерінің теріс айналғанын байқайды да, шабуылды олардан ерте бастап жібереді. Бұл кезде көсемнің айтқанын дұғадай қабылдап, соңынан еретін бір ғана топ бар-ды. Олар – әлі оң-солын танымаған жастар: студенттер, мектеп оқушылары, жас жұмысшылар. Мао өзін қорғау үшін, міне, осыларды іске қосты.

- Арамызда капитализм жолын көксеткен мансаптылар бар: отырған орнына, лауазымына қарамастан, соларды ортаға сүйреп шығарыңдар! Кеңселерін шағып, шенеуніктердің күлін көкке ұшырыңдар! Бүгіннен бастап ел билігі, қызыл жауынгерлер – сендердің қолдарыңда! – деп жастарға жарлық шашты.

Көсем айтты – бітті. Сол күні-ақ іштерінде қыжылы бар жұмысшы жастар мен студенттер, мектеп оқушылары оқулары мен кәсіптерін жинап тастап, бірден төңкеріс жасауға аттанған. Бұл, бейнелеп айтқанда, шөлмекте жатқан «жынды» босатып жібергенмен бірдей еді. Қытайдағы әйгілі «мәдениет төңкерісі» осылай басталды. Ал, төңкерісшіл жастар – «Хунбейбіндер», яғни «Қызыл жасақшылар» деп аталды.

– ІІІ –

Сынаптай сусып, ауысып тұратын қайран дүние-ай! Сөйтіп, Қытайдағы өкімет билігі бір-ақ күнде жастардың қолына өтті. Еріккен жастарға, бір жағы, қызық керек. Мектеп оқушылары өздерінің мүдделерін, студенттер өз ректорлары мен профессорларын көшеге сүйреп шығып, бастарына кардоннан жасалған неше алуан қалпақ кигізіп, алаңдарда «күрес жиналысын» өткізсе, бұдан өткен қызық бола ма?!

Ректорлар мен мүдірлер тұрыпты ғой, орталықтағы министрлер мен үкімет мүшелерін айтсайшы. Олардың көрген қорлығын айтып сұрама! Төңкерістің орталық штабында күреске тартылатындардың тізімі жасалатын болса керек. Жастар, көбінше, соларға тісін басып жүр. Қытай Халық Республикасының төрағасы Лю Шау Шидің өзі «капитализм жолына түскен ең ірі мансапты» атанғанда, басқаларды аясын ба, талайлардың басына масқара қалпағын кигізіп, көше аралатып, қорлаумен болды. Сөйтіп, жыланның аяғын көрген диктатор Мао ақ-қараны айырмайтын ноқай тобырдың қолымен өз бақталастарынан өшін бір алды-ау!

Сол күндері Қытайдың сыртқы істер министрі, Саяси Бюроның мүшесі, маршалл Чин И-дің де үстінен күрес жүргізіп, көпшілік алдында тізерлетіп, әбден қорлапты. Соңында Чин И сөз сөйлеген екен. Жұртшылық арасына жасырын таратылған сол сөздің ұзын-ырғасы мынадай:

- Жастар, естеріңді жиыңдар! Айтыңдаршы, сендерге мені қорлауға кім құқық берді? Мен әлі де Саяси Бюроның мүшесі, сыртқы істер министрімін ғой. Қытай армиясының маршалымын. Мені әлі ешкім орнымнан алған жоқ. Тымқұрса, мемлекетті, үкіметті сыйласаңдаршы... Манадан бері «Маужуши Уансүй-уансүй»[3] деп шуылдап, құлақтың етін жедіңдер. Мен төраға Маомен күніне неше рет кездесетін адаммын. Соның бәрінде «Маужуши Уансүй» деп ұран шақырады деп ойлайсыңдр ма? Біздің ұрандауға мұршамыз жоқ, жәй қызмет барысын ақылдасамыз... Естеріңді жиыңдар, жастар. Саяси науқан өтеді-кетеді. Қытай елі қалады орнында. Сендер әлем жұртшылығы алдында бүйтіп масқара болмаңдар!

Алайда, әбден есіріп алған тобыр қайраткердің айтқан ақылын тыңдамайды. Төраға Лю Шау Шиді де, маршалл Чин И-ді де сүйрелеп жүріп, қорлықпен өлтіреді. Міне, сізге диктатор Мао-ның нағыз жыртқыштық бет-бейнесі. Ол өз үстемдігін сақтау жолында көп жылдан бері өзімен бірге келе жатқан, төңкерісті бірлікте жасап, жаңа Қытай мемлекетін бірге құрысқан үзеңгі жолдастарының ешқайсысын аямады ғой. Миғұла, мәңгүрт жастардың қолымен олардан құтылғанша асықты.

«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» деген сөз бар. Байтақыт қала Бежіннің өзінде әлгіндей сорақылық орын алып жатқанда, кілең бодан ұлттар жасайтын Шыңжаңның жағдайы қандай күйде болды деп ойлайсыз? «Мәдениет төңкерісі» онсыз да сүрепеті қашқан елді зілзаладай жайпап кетті.

Бұл кезде әлдеқашан университет бітірген Нұртас шалғайдағы Тарбағатай аймағының Толы деген ауданында мұғалім боп жүрген. Орта мектепте тарихтан сабақ береді. «Мәдениет төңкерісінің» қызығын Нұртас осында жүріп көрді. Ауданда капитализм жолына түскен бәлендей ірі мансаптылар жоқ. Бұл жерде қармаққа ілінгендер – аудан әкімі, мекеме басшылары, мектеп мүдірі... Сондықтан, бұл жақтағы науқан басқаша түс алыпты. Бір кезде тордан түсіп қалған ұлтшылдар, шетелмен (Қазақстанмен) астасқан «қос жүректер», көне мәдениет қалдықтары күрес нысанасына қатты алынып жатыр екен. Қашанда қазақ жүрген жер оңа ма, несін айтасың, бұл науқан да бір-бірінен өш алудың, руара қарымта қайтарудың құралына айналыпты.

Көше толған Хуңбейбіндер. Ауданда қайбір оңған Хуңбейбін болушы еді, білектеріне қызыл шүперек байлаған шала сауатты жастар мен мектепте оқитын боқмұрын балалар... Солар-ақ әр ауылдың басшыларын, мектеп мүдірлері мен мұғалімдерін алдарына салып айдап жүр... Өздерін «Маужушидің балаларымыз» дейді екен. Оларға кім қарсы келеді? Ақыл айтсаң өзіңді соққыға жығып жазалайды. Жалғанда тобырдың қолына түспе. Олардың білетіні – қирату, шағу, бүлдіру. Диктатор Мао жастардың осынау осал жерін қалай дәл тауып пайдаланған десеңізші!

Олар, ескіліктің қалдығы дегенде, ертеде араб әрпімен басылған діни кітаптарға өш екен. Кириллицамен басылған Қазақстан кітаптарын көрсе де жындары қозып кетеді. Нұртастың баяғы бала күнінен жинаған бір-екі сөре кітабы болушы еді. Бір күні өзі жоқта үйіне Хуңбейбіндер келіпті де, әлгі кітаптарын аулаға шығарып, үстіне кәресін шашып өртеп жіберіпті. Сонан соң, Совет одағында жасалған бұйымдарға қандары қарсы. Оларды көрсе паршалап, шағып, қиратып кетеді. Көп үйлерде орыс моделінде жасалған арқалы орындықтар бар екен. Хуң-бей-біңдер үй-үйді аралап жүріп, солардың арқалығын аралап, қиып тастады.

Хуңбейбіндердің сонан кейінгі тағы бір қатты шүйліккені – ұлттық өрнек, әртүрлі өнер туындылары. Олар үшін оюлы сырмақ, гүлді текемет, зерлі түскиіз, күміс ер-тұрман – түгелімен феодализм сарқыты. Соларды бір жерге үйіп қойып, үстіне кәресін шашып, өртеді-ау! Ауылда шалдардың сақалын күзеу, кемпірлердің бұрымын кесу – жәй әдеттегі шаруаға айналған.

Бұрынғы ел басқарған би-болысты, үкірдай-зәңгілерді көрсе, тобырлардың жыны тіпті қозып кетеді. Басқа аудандарды кім білсін, Нұртас тұратын Толы ауданының Хуңбейбіндері мүлде шектен шығып кетті. Нұртастың ел ішінде қатты құрмет тұтатын бір адамы бар еді. Ол – бұрын Жәйірді жайлаған, кейін Коммуна құрылғанда, Өшеті деген жерге иіріп тастаған уақ елінің басшысы Уәйіс зәңгі. Ал, Уәйістің әкесі Әбіштай деген кісі уақтарды осы өлкеге бастап келіп, қоныс әперген адам... Сол бір рудың ақылшы абызы болған Уәйіс зәңгіні сол елден шыққан Хунбейбіндер мойнына арқан салып, сүйреп жүріп өлтіріпті. Осыны естігенде Нұртастың қалай күйінгенін сұрама! Елдің қазіргі халін көріп, өзін тоқтата алмай, оңашада еңіреп жылағаны есінде.

Хуңбейбіндердің қолында – Мао еңбектерінен үзінділер басылған қызыл кітапша. Сол кітапшаны көкке көтеріп, «Маужуши Уәнсүй» деп шулағанда алаңды бастарына көтереді. Қазір адамдар өзара жолыққанда «ассалаумуғалайкумды» қойған, бір-бірімен «Маужуши Уансүй» деп амандасады. Әр үйдің төрінде Мао-ның үлкейтілген суреті. Тәңертең тұра сала сол суретке тағзым етіп, кешке жұмыстан қайтқанда бүгін не бітіргеніңді айтып, көсемге есеп бересің.

Бұл туралы ел ішінде тараған күлкілі әңгімелер де аз емес. Бір тақуалау ақсақал жұрттан жасырып, төргі үйде намаз оқып жатса, бір тентектеу немересі «Маужуши жүз жасасын» деп айғайлап, жайнамазын әрі-бері кесіп өте беріпті. Ашу қысқан қарт қиқар немерені шапалақпен тартып жіберсе керек. Немересі де заманға лайық туған, бір қаны сұйық, зәндем екен. Дереу Хуңбейбіндерге барыпты.

- «Маужуши Уансүй» деп ұран шақырып едім, атам мені ұрды! – дейді ғой баяғы.

Қызыл жасақшылар бірден шалды ортаға алып, тергей бастайды.

- Ұран шақырған немереңді ұрғаныңыз рас қой?

- Рас.

- Неге ұрдыңыз?

- Біз бәріміз ұран шақырғанда «Маужуши он мың жасасын» демейміз бе. Ал, мына ақымақ «Маужуши жүз жасасын» деп сандырақтайды. Ойбай-ау, ұлы көсемге жүз жас не болады? Соған күйіп кеттім де, шапалақпен тартып жібергенім рас.

Хуңбейбіндер не істерін білмей желкесін қасиды. Былайша, шалдың сөзі қисынды сияқты. Сөйтіп сұңғыла қарт желөкпе жастардың өз бидайын өзіне қуырып беріп, пәледен құтылып кетіпті.

Айтпақшы, сол тұста Хунбейбіндер арасында өз әкесін менсінбей «Мен Маужушидың баласымын» дейтіндер көбейген. Соны естіген бір қазақтың қаны көптен қайнап жүрсе керек. Бір жиналыста баласы «Маужушидың баласымын» дегенді тағы қайталапты. Сонда әкесі шыдай алмай кетіп:

- Әй, ақымақ, өзің не оттап тұрсың? Сенің шешең Маужушимен тамыр болған ба, сонда? Ұлы көсем сенің жаман шешеңді не қылады? – депті баласына, оқты көзін қадап.

Сол сөзі үшін әлгі адам жеті жылға сотталғанын Нұртас өз көзімен көріп еді.

Әрине, «Мәдениет төңкерісі» Нұртастың өзін де сыбағасыз қалдырған жоқ. Көптен көлкілдеп тұрған бітеу жара бір күні жарылды. Оған себеп: аздаған молдалығы бар әкесі ауылда тұрушы еді. Белуарына түскен, өзіне көрік беріп тұратын әдемі сақалы бар-тұғын. Бір күні әкесі аудан орталығындағы Нұртастың халін білмек болып, салтатпен қалаға келе қалмай ма. Көшеде Хуңбейбіндер қартты ұстап алыпты да, сақал-мұртын қайшымен қиып, күзеп жіберіпті. Байқұс әкесі құйрық-жалы күзелген, асқа соятын жылқыдай шұнтиыпты да қалыпты. Нұртастың өзі танымай қала жаздаған. Сондағы әкесі марқұмның:

- Я, Жаратқан, мынадай қорлықты көрсеткенше, мені ертерек алғаның жақсы еді ғой! – деп, зар еңіреп жылағанын көрсең!

Мына сұмдықты көргенде, Нұртас ызадан жарылардай болып, бірден Хуңбейбіндердің аудандық штабына қарай жүгірген. Бұдан ары не істеп, не қойғанын өзі де білмейді. Кейін ұғынғаны: кеңседегі үстелдерін төңкеріп, ұран жазылған плакаттарын жыртыпты. Қарсы шапқан бірнеше Хуңбейбіннің мұрнын бұзыпты. Онымен де қоймай:

- Сендер – ешқандай да төңкерісші емес, Мао-ның айтақтаған иті, санасыз тобыр, қанішер бандысыңдар! – депті. – Халыққа, адамшылыққа, мәдениетке қарсы осындай төңкеріс бола ма екен? Танауларыңа мәдениеттің иісі бармайтын, шеттеріңнен надан, топассыңдар! – депті. – Сендер қожаларыңның сойылын соғып болған соң, әлі-ақ иттей ұлып, далада қаласыңдар! – депті.

Қойшы, әйтеуір, айтпағаны жоқ, жыл бойы жиналған запыранды аямай бір төгіпті. Нұртасты сол күні-ақ қолға алған. Бір айдай көше аралатып, «күреске» алды да, ақыры он жылға соттап, Тарым лагеріне айдап жіберді. Ол жазалау лагерінен 1976-жылы Мао өлген соң ғана босап шықты.

«Мәдениет төңкерісі» арқылы өздерінің әлем жұртшылығы алдында тағы бір рет оңбай масқара болғанын Қытайдың көзқарақты адамдары түгел-ақ сезді. Бірақ «ұлы көсемді» ашық айыптаған тағы ешкім болмады. Бар кінәны кейінгі жылдар Саяси Бюроға мүше болып, Мао-ның қасынан табылған әйелі Жаң Шың мен күйеу баласы Яо Ван Юан бастатқан «Төрт бандыға» жапты да, аржағын қазбаламай қоя салды. Мао-ның қалай өлгені жайында нақты мәлімет жоқ. Кейінгі айларда миына қан құйылып, ел басқарудан қалса керек. Кімнің мұрагер екені анықталмай, арты ырың-жырың дауға айналды. Егер қоғамға жеткізген зияны, халыққа көрсеткен жәбірі, жазықсыз жапа шеккен құрбандықтар санын есепке алса, әділ сот үкімімен дарға асылатын нағыз қылмыскер диктатор Мао еді, амал не, қытайлар ата салты бойынша бұл жолы да өз билеушісін қорғап қалды.

Ой, сұмдық-ай, диктаторлар өлсе де халыққа кесірін тигізіп жатады. Осы таяуда Солтүстік Корея диктаторы Ким Шен Эр қайтыс болған. Теледидардан көрсетті: жылап-еңіреп жоқтаған жас-кәрі, шашын жайып, бетін жұлған әйелдер... Нұртас соларды көріп отырып: «Ойпырмай, мына кәрістер өз көсемдерін сұмдық жақсы көреді екен-ау» деп ойлаған. Сөйтсе, соның бәрі бұйрықпен жасалған нәрсе екен. Кеше газетке шықты: көсемді ойдағыдай жоқтамаған, дұрыстап жыламаған мыңдаған адам жұмыстан қуылыпты. Демек, диктатордың бүкіл тірлігі осындай жасанды қолпашпен өтті деген сөз ғой.

Нұртастың атажұртқа оралғанына он шақты жылдың ғана жүзі болды. Осы елдің азаматтығын алса да, әлі де саясатқа сұғынып кете алған жоқ. Өйткені, саясаттан әбден тойған. Саясат десе, жүрегі май ішкендей кілкіп тұрады. Біреулер «көсем», «ұлт көшбасшысы» десе, «ел бастар серке» десе, аза бойы қаза болады... Бұл елдің президентінің де таққа отырғанына жиырма жылдан асыпты. Бұл – көп уақыт қой, Американдық өлшеммен бақандай төрт президенттік мерзім. Өзінің не ойлағаны бар екен, айналасындағылар оны тақтан түсіргісі келмейтін секілді. Президенттің төңірегі толған миллионерлер мен миллиардерлер, одан қала берсе кілең рулас, жерлес, туыстар көрінеді. Олар өз асыраушыларын жібергісі келмейді. «Мәңгілік президент» ұранын көтерген де, сайлаусыз-ақ президенттік мерзімді ұзартпақ болған да – солар болса керек. Олардан басқа «елбасы», «көшбасшы», «ұлт көсемі» деген неше түрлі атауларды ойлап тауып, ел ішіне таратып жүргендер де – сол ортаның адамдары.

Осыларды естігенде, табыну мен жағынудан әбден запы болған Нұртастың жүрегі тағы да зырқ ете қалады. Талай диктаторға бүркеншік ат болған жаңағыдай жантық сөздерге қазақ президентін қимайды. Айналасын қоршаған жемқорлар мен жағымпаздар президентті жарға жыға ма деп қорқады.

«Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті». Тарихқа алтын әріппен жазылатын осы лауазымнан асатын атақ бар ма?! Ендеше, жағымпаздар жапсырған «көшбасшы», «ұлт көсемі», «партия лидері» сияқты жасанды мансаптарға неге қызығады біздің президент? Әлде осының бәрі тақта отыру мерзімін ұзарту үшін керек пе? Ал, тақта екі мерзімнен артық отырудың не қажеті бар?

Нұртастың пайымдауынша, ата жұртта демократия жағы тым тапшы. «Қазақстан азаматы көшеде шеру өткізуге, алаңда митинг ұйымдастыруға ерікті» деп ата заңдарында жазып қойғанына қарамастан, оған жол берілмейді екен. Әсілі Жаңаөзендегі трагедияның төркіні – сол «жиын өткіздірмейміз» деген зорлықтан туса керек... Ақыры не болды? Жазықсыз халық қырғынға ұшырамады ма. Нәтижеде, Қазақстан өзінің бейбіт халқына оқ атқан өкіметке айналып, дүниежүзі қауымдастығы алдында масқара болды.

Ой, сұмдық-ай! Бұл елде полицейлер халыққа өз қалауынша оқ жаудыра береді екен. Талай қырғынды көрген Нұртастың қазақ әскері қазақты қырғанын көргені осы еді. Талайға дейін есін жия алмай есеңгіреп жүрді.

Бәлкім, соның әсері болар, таяу күндерде бір қызық түс көрді. Астанада, «Ақорда» маңайы ма екен дейді... Ақүй жақта мыңсан қарулы әскер тұрған секілді. әскер алдында полковник Каддафи... Құрысын, Каддафиі несі, ол қанішер келмеске кетпеді ме, оның елесі қайдан жүр мұнда? Әскер алдында – өзіміздің елбасы.

Ал, мына бетте ереуілші халық. Оның да санына көз жетпейді. «Ойпырмай, текетірестің соңы осыған әкелген екен-ау! – деп ойлады жанұшырған Нұртас. – Шынымен-ақ, қан төгіле ме? Әскер алдында президенттің өзі тұр ғой, оқ атыла қоймас».

Дегенмен, не деп болады. Көптің арасында кім жоқ дейсің? Әлдебір ашынған жанкешті немесе әлдебір арандатушы... Солардың біреуі шүріппені басып қалса!.. Нұртас осылайша жанұшырып қысылып жатып оянып кетті.

«Түбі, менің түсім қайырлы болар. Оқ атылмады ғой» деп жұбатты ол кейін өзін өзі.

Нұртастың қатты қызығатыны – міне, екі ғасырдан бері өзгермей келе жатқан Американың сайлау жүйесі. Президент сайлауы әр төрт жыл сайын кезегімен келеді де отырады. Жаңылмайсың, ақпан айы 29-нда бітетін «высокосный жыл». Сайлауға қатарынан екі мәрте түсуге де болады. Жұрт көңілінен шығып, көп дауыс алсаң сегіз жыл тақта отырасың. Одан артыққа жол жоқ. Екі мерзімнен кейін «бастары жаңа идеялар мен ұсыныстарға толы» келесі президентке орын босатуың керек. Айғай да жоқ, шу да жоқ. Біреудің дауысын біреу ұрлау да жоқ. Бейне, іскер машинист тепловозды белгілі бекетке дейін айдап келіп, кезекшісіне өткізіп бергендей ғана әсер аласың.

Америка Құрама Штаттарында да: Вашингтон, Линкольн, Рузвельт сияқты даңқты президенттер болған. Бірақ оларға ешкім де «көшбасшы», «ұлт көсемі», «партия лидері» деген атақтарды жапсырған емес. Капитал дүниесіне көсем емес, білімді, іскер басшы керек.

Әттең, дүние! Бізге де сол Америкадағы секілді көсемсіз, дау-дамайсыз, ру таласынсыз, сыбайласқан ұры-қарысыз, еркін өмір сүретін күн болар ма екен?!

2012 – желтоқсан. (2012-жыл. - 12-22 – желтоқсан)