Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Бір шөлмек сыра (Әңгіме)

Жазушы Айжарыққа бүгін аяқ астынан мектептен телефон соқты. Жәй мектеп емес, немересі оқитын мектеп. Хабарласып тұрған – сынып жетекшісі, әрі математика мұғалімі Сағила деген апай. Дауысы тым зілді,әр сөзі ебінің желіндей ызғарлы. Алдын ала ықтыру, үрей салу ойы бар ма, қалай?

       Сіз – Айжарық ағай боларсыз?.. Мектептен мазалап тұрмыз.

       Йә, құлағым сізде... Қай мектеп?

       Немереңіз оқитын мектеп... Тұңғыш немереңіздің бізде оқитынын ұмытпаған шығарсыз?

       Ұмытқаны несі... Ердәулет қой – айтып тұрғаныңыз? Құдай қаласа, ол биыл мектеп бітіруге тиіс.

       Сол бітіру жағы неғайбыл боп тұр-ау! Ердәулетіңіз оған дейін мектептен шығып қалмаса неғылсын!

       Не дейді? Ол бала не бүлдіріп қойды соншама?

       Ертең сағат он бірде педсоветте немереңіздің ісі қаралады. Келіңіз. Сонда бәрін естисіз.

       Ердәулеттің өз үйі, ата-анасы бар емес пе, оларға хабарластыңыз ба?

       Ұлыңыз іссапарда жүр екен. Ал, келініңізбен тіл табыса алмадық. «Атасына айтыңыз» дейді... Сонымен, ертең келесіз ғой?

Айжарық бір күннің босқа өтетін болғанына іштей қынжылса да, амал жоқ:

       Жарайды, барайын, – деп келісім берді.

         Йә, қалайда баруға тура келеді. Мектепте балаң, не немерең оқиды екен, мәлім дәрежеде сен оларға кіріптарсың. Олар, бейне, сенің бір қимасыңды аманатқа ұстап отырған секілді. Кеңес дәуірінде мұндай міндетсу, бұлдану деген болмаушы еді, осының бәрі соңғы кезде, дүние саудаға айналғанда шыққан пәле. Жаңағы мұғалімді көрдіңіз ғой, аяқты қалай-қалай тастайды? Қазір мұғалімдер балаға қоятын бағасына дейін бұлдап өткізеді деп естуші еді, сірә, сол рас болғаны ғой. Сөздерінен «алдыма келіп иілмедің, жорғалап тұрмадың» деген қиястық сезіледі.

         Амал жоқ, келесі күні жазуын тоқтатып, уәделі мерзімге жарым сағат қалғанда, мектепке карай аяңдады. Мектеп пен үй арасы бәлендей қашық емес-ті. Көлікке отырмай әдейі жаяу жүріп келеді. Уақыт – мамырдың орта шені. Аспан ашық, ауа райы тамылжып тұр. Тал-теректер жапырақ жайып, Алматының нағыз гүлге оранған кезі. Тек, мына бір тоқтаусыз ағылған машиналар тасқыны мен солардың шыққан түтін мен газ тынысыңды тарылтады. Алматының өкпесі қысылып, апқынып тұрған тәрізді. Соңғы жылдары, әсіресе жер тауарға айналғаннан бері қалада ашық алаң қалдырмай, үймелете үй салып тастаған. Әр сотық жерді жекелерге бұлдап өткізген қаланың бұрыңғы әкімі миллиондарды қалтаға басты да, шетелге тайып отырды. «Қайда барасың? Мұның қалай?» деген ешкім болған жоқ, жемтіктес достары әкімнің асыл мүліктерін арнаулы самолетке тиеп беріп, ақ жол тілеп, ұзатып салды.

         Өтіп бара жатқан өмір. Айжарықтың бір кезде оқу іздеп Алматыға келгеніне де елу жылға таяп қалыпты-ау! Шіркін, сол кездегі Алматы қандай еді! Үйлері аласа болғанымен, бау-бақшаға оранған қала айғай-шусыз, әрі тап-таза тұғын. Күзде, жазғы демалыстан қайтқанда, апорттың аңқыған иісі танауыңды жарып жібере жаздаушы еді-ау! Көшеде бір қабатты қора-жайлардың дуалынан көздің жауын алып, алма асылып тұратын-ды. Көшелерінде адам аяғы сирек. Бұл алғаш көргенде Алматының 350 мыңдай ғана тұрғыны бар-ды. Қазір қанша болды екен? Халық саны содан бері бес есе өсіп кеткен шығар-ау!

         Бірақ, ол кезде Алматы – қазақтың астанасы саналғанмен, бұл қала негізінен келімсектердің баспанасы еді. Қазақстанның мемлекет деген аты ғана. Ашығын айтқанда, империя құзырындағы көп провинцияның бірі тұғын. Былай қарасаң, қалада не қажеттің бәрі бар: мектеп, аурухана, жоғарғы оқу орындары, театр, неше алуан дүкендер, азық-түлік молшылығы... Алайда, соның бәрі осындағы обаригендер үшін емес, осы елді билеп-төстеуге келген өктем ұлттың өкілдері үшін жасалған дүниелер. Бұратана ұлттар ділін, тілін, дәстүрін ұмытып кетпесін дейтін қамқор өкімет қайда? «Совет халқы» деген айдармен тез арада орыстанып кетсе тіпті жақсы.

         Йә, бүгінгі әңгіме мектептен шықты ғой. Сенесіз бе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін республика астанасы Алматыда бірде-бір қазақ мектебі болмапты ғой. Бодан жұртым өз тілінде оқып жетілсін дегенді қожайындар мүлде ойламаған. Ал, «бізге өз тілімізде оқитын мектеп керек» дегенді бағынышты құлдар да айта алмаған. Ұлт қамын ойлауға тиіс, қазір мақталып жүрген мүйізі қарағайдай ғалымдар мен жазушылар империя зорлығына үнсіз бойсұнып, «бізге қазақ мектебі керек» дегенді айта алмай, өз балаларын орыс мектебінде оқыта берген. Қазақтың өз ұлтынан безген ең алғашқы мәңгүрт ұрпағы Алматыда осылай қалыптасты... Бір есептеп, ол кездегі аға буынға сөгіс те жоқ. Империя әр он жыл сайын ұлтшылдыққа қарсы науқан ашып, зиялы қауымның қаймағын сыпырып отырса, «бізге өз тілімізде оқытатын мектеп керек» дегенді батылы барып қалай айтсын-ау?!

         Ал, қазақша «бала-бақша» дегенді ауызға алмай-ақ қойыңыз. Алматыда жүз мектеп болды, жүзден астам «бала-бақша» болды, солар түп-түгел орысша еді. Тілі орысша шыққан баланы қазақша қалай оқытарсың. Осыны сезген қазақтар 1980 жылы өлдім-талдым дегенде, Алматыда қазақ бүлдіршіндеріне арналған «Ертөстік» атты жалғыз бала-бақша ашқан-ды. Осыны естігенде Мәскеудің құбыжық көргендей шошынғанын сұрама. КПСС органы «Правда» газеті ұялмай-қызармай сол жалғыз бала-бақшаны ұлттар достығына қарсылық деп тауып, үсті-үстіне сын мақалалар жазды-ау! Қандай астамшылық, неткен өктемдік десейші! Өздерінен басқаны адам ғұрлы көрмейтін осы сасық кеуде ғой – империяның түбіне жеткен.

         Ал, Алматыда тұңғыш қазақ мектебінің қалай ашылғаны – Айжарықтың қазіргідей көз алдында. Бұл бір ойда жоқта сәтті түскен іс болды. Рас, қалада оған дейін де қазақша оқытатын бір-екі мектеп болған екен. Бірақ олар қала тұрғындарына емес, облыстағы малшылардың балаларына арналған мектеп-интернаттар болатын. «Қала тұрғындарына да қазақ мектебі керек» деген пікір баспа сөзде ауық-ауық көтерілгенімен, көптен бері іске аспай жүретін-ді. Ол үшін құрғақ сөз емес, тәуекелге бел буған іс керек еді. Сол іскерлер де сахнаға шықты-ау ақыры. Бұл жолы да көш бастаған – көнтерілі кәрі құлдар емес, жігерлі жастар. Сенесіз бе, ғасыр бойы орындалмай келген сол міндетті, ұлт қамын ойлаған жеті жанкешті бір-неше айда атқарып шықты. Сол жетеудің бірі – жас жазушы Айжарық та, сол ашқан оқу орны – бүгін өзі іздеп келе жатқан мектеп еді.

         Жаңылмаса, 1970 жылдың көктемі болар. Өзара пікірлес бір топ жанкешті Алматыда қазақ мектебін қай жерден, қалай ашсақ екен деп жүргенде, бір күні Карл Маркс (қазіргі Қонаев) көшесі мен Киров (қазіргі Бөгенбай батыр) көшелерінің қиылысында бір жаңа мектеп үйі бітіп тұр екен деген хабар құлаққа тиді. Барып көрсе, бәрі рас, саңғыраған жаңа мектеп салынып бітіп, ұзаса бірер айлық қана шаруасы қалыпты. Қалайда осы мектепті қолға түсіру керек. Осы ой мен жаңағы жетеу (мұның төртеуі – жас жазушылар, үшеуі – жас ғалымдар) бас қосты да, сол кездегі оқу министрі Кенжалы Аймановтың қабылдауына кірді. Министр жасы елулерге енді келген, орта бойлы, қорғасын құйған сақадай, келісті кісі екен. Топтанып жүрген жігіттерді таңырқай қарсы алып, жылы жүзбен бұйымтай сұрады. Жігіттер айтар сөздерін жұптап, күні бұрын дайындалып барған. Бірнешеуі кезектесе сөйлеп, бұйымтайларын жеріне жеткізе айтып шықты.

       Осылай да осылай: қазаққа мектеп керек. Республика астанасы саналатын бас қалада қазақша оқытатын бір мектептің болмауы былайғы елден ұят. Биылғы оқу жылында бізге қалайда мектеп ашып беріңіз, – дегенді.

       Дайын тұрған мектеп жоқ қой, табан астында оны қайдан табам? – деді министр шын қиналып.

       Сіздің жұмысыңызды жеңілдету үшін, біз мектепті де тауып келіп отырмыз, – деді Айжарық жігіттердің атынан. – Киров пен К. Маркс көшелерінің қиылысында жаңа салынған мектеп үйі бітіп тұр. Бізге соны берсеңіз жетер.

       Ойбай-ау, ол – мың балалық үлкен мектеп қой. Оны толтыратын оқушыны қайдан табасыңдар?

       Табамыз! – десті жеті жанкешті. – Мектеп үйі мен ұстаздар ұжымын жасақтап берсеңіз болғаны, бала жинау – біздің мойнымызда.

       Әй, білмеймін, мұның аяғы да ана жылғыдай «қой болсынға» айналып кетіп жүрмей ме? – деді министр әлі де сенер-сенбесін білмей. – Біздің қазақты білісіңдер, баласын алысқа тасығысы келмейді, одан гөрі үйінің қасындағы орыс мектебіне бергенді қолай көреді... Бала жиналмай, еңбектерінің зия кетіп жүрмей ме? Бас тігем, күзде мың бала жинап келсеңдер, мектеп үйіне қоса, мен мұрнымды кесіп берейін...

Сөз осымен бітті. Министр мектепке үй беретін болып, жазушылар бала жинауды міндетіне алып, екі жақ серттесіп айрылған. Не керек, сол жылы жеті жанкештінің жолы болды. Сөйтсе, бұл мектеп дегеніңіз қазақтың жарылғалы тұрған жарасы екен ғой. Көмекшілер бірден табыла кетті. Көп ұзамай алғашқы жетеу – жепіске айналды. Қолдарына тізім ұстап, көше-көшені кезіп жүрген адамдар... Не керек, тамыз айында мың емес, мың жарым баланың тізімі дайын болды. Балалардың аты-жөні, мекен-жайы, телефоны түгел жазылған. Жеті жанкешті сол тізімді көтеріп, министрдің алдына тағы кірді. Көңілдері көтеріңкі, тау құлатардай екпінмен кірген.

       Кенжеке, «мың бала жинай алсаңдар, мұрнымды кесіп берейін» деген сөзіңіз бар еді, оны бізді қайрау үшін әдейі айтқан боларсыз. Мұрныңыз орнында қала берсін, бізге тек тағы бір мектеп қосып берсеңіз болғаны.

       Неге? Бір мектеп аз болып тұр ма?

       Бала симай жатыр, Кенжеке, мың емес, бала саны мың жарымнан асып кетті. Сенбесеңіз, міне, тізім! – деп бұл кезде қалың бумаға айналған тізімді министрдің алдына жайған.

Сондағы министр Аймановтың қуанғанын көрсең! Сөйтсе, өз тұсында Алматыда қазақ мектебін ашу – ол кімнің де арманы екен ғой. Өздігінен бастама көтеруге лауазымы жол бермейді. Ал, сол арманды іске асыратын көмекшілер табылғанға бәйбішесі ұл тапқандай қуанған. Орнынан атып тұрып, жігіттердің қолын жағалата алып шықты.

     – Жарайсыңдар, бауырлар! Азамат екенсіңдер... Ту-у, иығымнан бір батпан жүк түскендей жеңілейіп қалғанымды қарашы! Ал, орын жағына саспаңдар, сол мектептің дәл қасында үш жүз балалық бастауыш мектеп бар. Жақсы хабар әкелгендерің үшін сүйіншіге сол мектепті қосып берейін!

          Министр сөзінде тұрады. Мың жарым бала зорға сиған тұңғыш қазақ мектебінің ашылуы Алматылықтыр үшін зор мереке болды... Онда Айжарықтың үлкен ұлы Арман беске жаңа толған. Онан кейінгісі – үште, онан кейінгісі – бірде дегендей... Бір жағы, сол балалардың қамы ғой – жүгіріп жүргені. Кейін балаларының бәрі ашылуына өзі атсалысқан сол мектепте оқиды. Ол кезде Айжарық қаланың батыс жағында тұратын. Жеті жасар Арманды мектепке бір айға дейін тасығаны есінде. Қазіргідей машина қайда, қашанда адамға толы автобусқа зорға ілінеді. 66-нөмірлі автобус бүгінге дейін көз алдында. Бір айдан кейін ұлы «өзім барам» деген мінез шығарды. Себебі, өзі сияқты балалар мектепке жалғыз өздері барады екен. Айжарық оған көнген болып, бірақ балаға білдірмей екінші есіктен автобусқа қоса кіріп, бір апта сыртынан бақылағаны естен кетпейді...

          Зымырап өтіп жатқан заман. Бір кезде балалары оқыған мектепте енді немерелері оқып жүр. Қазір Алматыда қазақ мектептері ондап саналады. Тәуелсіздік алғалы жыл сайын қосылып жатыр. Тек сол көп мектептің біріне министр Аймановтың аты берілмеуі өкінішті... Сан жағынан кемдік жоқ-ау, мәселе мектептің сапасында. Қазір қазақ мактептері туралы әралуан пікір айтылуда. Біреулер орыс мектептерімен салыстырғанда, қазақ мектептерінің деңгейі тым төмен дегенді айтады. Бәлкім, бұл сөздің де жаны бар шығар. Басқа мектептерді кім білсін, бір кезде өздері ашқан тұңғыш қазақ мектебінің де дәрежесі баяғыдай болмаса керек. Шенқұмарлау елміз ғой, сол мінезіміз мектепке де жұққан болар. Бір мұғалімнің лебізін кеше естіді ғой, бұған құрмет білдірудің орнына: «немереңізді мектептен шығарамыз» деп дікілдеп тұр. Ұлтқа жаны ашып, ұрпақ баулып жатқан адамның сөзі емес қой бұл.

       Мектептегі оқу-тәрбие жұмысы құлдырап кетсе, оның себептері аз болмауға тиіс. Айжарықтың пайымдауынша, соның ең басты себебі, мектептен еркектер кетіп, оқу-тәрбие жұмысының бірыңғай әйелдердің құзырында қалып қоюында. Кеңес заманында отбасының қожасына айналған ұрғашы жұрты әлі күнге дейін мектептің тізгінін де ешкімге бермей келеді. Мектепте ер мұғалімдердің болмауы – қыз балаларға ештеңе емес, ұлдардың соры. Мектепте ер мұғалім болмаса, болашақ азаматқа еркектің мінезін, өнеге-үлгісін, ойлау жүйесін кім дарытады? Жас жеткіншек кезінде үлкендерге ұқсағысы келіп тұратын ұл бала кімге еліктейді? Кімді пір тұтады? Бұл жағдай әкесі бар балаға да оңай емес, ал жалғыз басты жесір әйелдің қолында өскен ұлдардың күні не болады? Ондайлар ерлердің тәлім-тәрбиесінен махрұм қалып, үйде де, түзде де әйел ақылынан әбден ығыр болуы да мүмкін ғой...

          Осындай сан түрлі ойлардың шырмауында келе жатып, Айжарық діттеген жеріне қалай жеткенін өзі де аңғармай қалыпты. Осыдан отыз неше жыл бұрын салынған сол баяғы мектеп. Қос қабатты, бетон қабырғалы... Бір кезде осының қолға түскеніне де қалпақтарын аспанға атып қуанған. Содан бері талай жөндеуден өтіп, талай рет сыланып-сырланғаны көрініп тұр. Бұл мектепке мүдір (директор) құтаймайды, әйтеуір. Әр екі жыл сайын ауысады да жатады. Мектепте мұғалім боп жүрген жүзге жуық әйел бар, олардың талқысына кім шыдайды?

          Айжарықтың бұл жаққа көптен келіп тұрғаны осы. Ана жылы немересі алғаш мектеп есігін ашқанда бір келген. Содан қайтып ат басын бұрған емес. Немеренің өз әке-шешесі бар, олар да бала оқытып көрсін, бала қадірін білсін... Айжарық баяғы сораппен мүдір бөлмесін оңай тапты. Қалалық оқу бөлімінен былтыр ғана ауысып келген жалпақ бет сары әйел Айжарықты мүлде танымайтын боп шықты.

– Сіз кімге келдіңіз? – деді төрде отырған қалпы мұның бетіне адырая қарап.

– Мен – Ердәулет деген оқушының атасы едім. Педкеңеске қатысасың деп шақырған соң келіп тұрмын.

– Педсоветке әлі он бес минуттей уақыт бар. Дәлізде күте тұрыңыз, – деді мүдір әйел әлдебір қағазға үңілген күйі. Дүниені бір өзі тіреп тұрғандай сызданып сөйлейді екен.

Жазған құлда шаршау жоқ, Айжарық амалсыз дәлізге шықты. Жүрген жерінде құрмет-қолпашқа үйренген жазушы едәуір қоңылтаңсып қалды. Жарайды, жазушы демей-ақ қойсын, жасы ұлғайған адам ретінде орындық ұсынып, жылы қабақ танытуға болады ғой... Жоқ, бұлар ата-ананы сыйлауды қойған. Әркімнен бірдеңе дәметіп жаман үйренген... Сәлден соң мұның қасына тағы екі әйел келіп қосылды. Бірі жас, екіншісі егде. Олар да кеңеске шақырылғандар болса керек. Жастау әйел Айжарықты біледі екен. Аман-сәлемнен кейін, өзінше мұны арқа тұтып, мұң шаға бастады.

– Айеке, келгеніңіз қандай жақсы болды. Оқу жылы аяқталарда 11-сынып оқушысын мектептен шығарды деген не сұмдық?! Сіз мұның қайдан шыққан әңгіме екенін білдіңіз бе? – деген жыларман күйге түсіп.

– Менің де келіп тұрған бетім осы. Әлі ештеңеден хабарым жоқ, – деді Айжарық шынын айтып.

– Әлгі біздің үйдегі жүгірмектен сұрасам ештеңе айтпайды. Жатқан бір құпия... Ал, сіздің немереңіз одан гөрі орнықты ғой, бұлар не бүлдірген сонда?

– Бүлініп қалған ештеңе жоқ шығар, сабыр етіңіз. Қазір естиміз ғой, – деп Айжарық әйелді жұбатқан болды.

          Көп ұзамай бұларды ішке шақырды. Мүдір бөлмесіне біраз адам жиналып қалыпты. Кілең апайлар: мүдірдің өзі, оның екі орынбасары, жетекші мұғалімдер, мектеп бойынша сайланған ата-аналар комитетінің төрайымы... Түгел ұрғашы жұртынан. Бейне, әйелдер еліне келген сияқтысың. Айжарық еріксіз езу тартты: маңайда өзінен басқа еркек кіндік жоқ екен. Бұл неткен молшылық!

          Кеңестің тізгінін ұстаған мүдір апай сөзді тым арыдан бастады. Егемен еліміздің оқу-ағарту саласындағы табыстары, елбасының әкелік қамқорлығы мен биылғы жолдауда айтылған тапсырмалары, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу, бәрі-бәрі тілге тиек болды. Осыларды айта келіп:

     – Мектебіміз оқу-тәрбие жұмысында зор табыстарға жетіп, үнемі алда келе жатыр еді. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, шектен шыққан үш бұзақының қылығы бетімізге салық болайын деп тұр, – деп аз-кем тыныстады да, осыдан он шақты күн бұрын, яғни бірінші мамырда өткен оқшау оқиғаны баяндап кетті.

          Сөйтсе, бірінші мамыр күні Алматы мектептерінде бүкіл қалалық «сенбілік» болған екен. Бұл мектептің оқушылары осы төңірек пен іргедегі Панфилов паркінде тазалық жұмыстарын жүргізген. Бәрі ойдағыдай өтіп, мектеп ұжымы қалалық оқу меңгермесі тарапынан алғыс алуға жақын тұрған. Тек, әлгі оңбаған үш оқушының оғаш қылығы болмағанда...

          Осы араға келгенде, Айжарық шыдай алмай кетті:

– Сонда, олар не істеген? Кісі тонаған ба, әлде дүкенге ұрлыққа түскен бе? Осыншама елді дүрліктіретіндей, ол үшеуі сонда не бүлдіріп қойды?

– Сәл сабыр етіңіз, жолдас ата-ана... Фамилияңыз кім еді? Йә, әлгі Ердәулеттің атасы екенсіз ғой, – деді мектеп мүдірі бұған зәрлене қарап. – Кісі тонап, дүкенге түспесе де, ол үшеуі, ішінде сіздің немереңіз де бар, мектеп оқушысына лайықсыз қылық көрсетті. Басқалар еңбек етіп жатқанда, 11-А сыныптың үш оқушысы көлеңкеде отырып, көшпелі жаймадан сыра алып ішкен. Бұл аз ба сізге? Кісі басы бір шөлмек сыра ішкенін өздері мойындап отыр.

          Осыны естігенде, Айжарық қуанғаннан қарқылдап күліп жібере жаздады. «Ту-у, сарамас! Балалар оқыста бірдемені бүлдірді ме деп қорқып еді, тәйірі, бір шөлмек сыра ма – қоңыраулатып жүргендері?!»

– Педагогикалық кеңесте қаралатын бірнеше мәселе бар. Бірінші кезекте жаңағы үш оқушының мәселесі, – деді мектеп мүдірі сөзін жалғастырып. – Не істейміз? Үшеуін де мектептен шығарамыз ба? Жоқ, әлде қылмысқа бастамашы болған біреуін тауып, соны ғана жазалаймыз ба?

– Мектеп бітірейін деп тұрғанда, үш бірдей оқушыны оқудан шығару тым обал ғой, – деді егделеу апайлардың бірі.

– Қалайда шара қолданбай болмайды, өйткені жоғарғы жақ құлақтанып қалды, – деді мүдірдің тәрбие жөніндегі орынбасары.

– Үшеуін осында шақырыңызшы: бастаушы кім, қостаушы кім екен, анықтайық, – деді барынша малынып киінген ата-аналар комитетінің төрайымы.

          Мектеп мүдірі иек қаққандай болды ма, 11-А сыныптың жетекшісі сыртқа шығып кетті де, сәлден соң ішке үш баланы ертіп кірді. Бала емес, он жеті - он сегізге келіп қалған сындардай жігіттер... Сабақтан шыққан беттері болса керек, мұнда кімдер отырғанын енді біліп, абыржып қалғандары байқалды. Оларға отыратын орын да жоқ екен, үшеуі босағада түрегеп тұр. Айжарықтың немересі Ердәулет ортада. Атасын қарап: «біздің халді көрдің ғой» дегендей, жымия күліп қойды.

– Ал, кәне, мына ата-аналарыңның көзінше айтыңдаршы: сембілікте сыра ішкендерің рас қой? – деді мүдір апай сөз бастап.

          Балалар бұған дейін де талай тергеуден өтіп, әбден жалыққан сияқты. Тек, осы бір мән-мағынасыз сүргіннің тезірек бітуін қалайтындай.

– Кәне, неге үндемей тұрсыңдар, сөйлеңдер! – деді тәрбие мүдірі қандауырдай қадалып.

– Біз «сыра ішкеніміз рас» деп талай мәрте айтқан жоқпыз ба, – деді Тимур деген қоңыржай өңді, бұйра бас бала ренішін жасырмай.

– Кім бастады? «Сыра ішейік» деп алғаш айтқан кім? Ақшаны кім шығарды? – деп бір бүйірден мүдірдің тағы бір орынбасары килікті.

– Ешкім де «сыра ішейік» деп үгіттеген жоқ. Үшеуміздің де сусын ішкіміз келді. Ақшасын тиындарымызды құрап, бөліп төледік, – деді Әнуар деген ұзын бойлы аққұба бала.

– Сонда, сырадан басқа сусын құрып қалды ма? Неге балмұздақ жемедіңдер? Неге лимонад ішпедіңдер? – деп мына жақтан қанын ішіне тартып, сынып жетекшісі қадалды.

          Мыналардың қасында сот та, прокурор да жолда қалатын шығар. Өздері кәдімгі тергеушідей түстерін суытып, сұрланып алады екен. Қалайда істі болған адамның қырын сындырмай, қылмысын мойындатпай қоймайтын сол баяғы ескіден қалған әдет. Баяғыда «халық жауларын» осындайлар тапқан ғой... Бірақ мұндай бопсаға балалар айылын да жиар емес.

– Ол жерде балмұздақ болмады. Лимонад таусылып кетіпті. Амал жоқ, күн ыстықта шөлдеген соң сыра іштік, – деді Ердәулет біртүрлі жалыққан сыңай танытып.

– Ал, «сыра ішейік» деп бастаған кім?

– Ешкім де емес... Үшеуміздің де ішкіміз келді. Іштік. Сол жетпей ме сіздерге? – деді Ердәулет «мыналардан құтқаршы» дегендей атасына жапақтай қарап.

– Үшеуі «сыра ішейік» деп, бір мезгілде хормен айтқан болды ғой! – деді мектеп мүдірі оқушыларды кекетіп. Оның бұл сөзіне бағынышты апайлар да мәз болып, күлісіп қалды.

«Ойпырай, мыналар неткен қатігез адамдар. Әшейінде әйелдерді мінезі жұмсақ, қайырымды, нәзік жандар деп жатамыз. Сонымыз бекер болып жүрмесін, – деді Айжарық ішінен. – Израилда кілең әйелдерден құрылған, қарсыласын бет қаратпайтын, баскесер батальион бар деуші еді, сірә, жойыттар әйел табиғатын жете зерттеген болды ғой... »

– Біз сендерді он жыл бойы шыншылдыққа, адамшылдыққа, отанның адал ұлы болуға тәрбиеледік қой. Ал сендердің сырақор бұзақыны атауға батылдарың жетпей отыр. Он жылдық есіл еңбегіміз – сендерге қор болған! – деді бір қартаңдау апай бастығына жағынып қалғысы келіп.

          Талай қайталанған жаттанды сөздерді үш оқушы тыжырына тыңдады. Олардың өз апайларын сыйламайтыны, керек десеңіз, менсінбейтіні түрлерінен көрініп тұр.

          Кеңесте ата-аналардың да отырғаны естеріне енді түсті, білем. Мектеп мүдірі бір сәт бұларға да назар аударғансып:

– Ал, құрметті ата-аналар, сіздер не айтасыздар? – деді сол сұрланған қалпы. – Бала тәрбиесі сіз бен бізге ортақ. Баланың ішкілікке бейім болуы, көбінесе, отбасына байланысты, – деп кінәнің ауыр жағын ата-аналарға аударғысы келді.

          «Ата-аналар» деп отырғаны – үш-ақ адам: екі әйел, бір еркек. Әйелдер «сіз сөйлеңіз» деп Айжарыққа жол берді.

– Жарайды, мен бірдеңе айтайын, – деді Айжарық бойын тіктеп. – ол үшін балалар сыртқа шыға тұрсын. Өйткені, менің сөзім негізінен ұстаздарға қаратылған.

– Балалар, сендер шыға тұрыңдар, бірақ ұзап кетпеңдер! – деп ескертті мектеп мүдірі. Онсыз да тықыршып әрең тұрған балалар асығыс шыға жөнелді.

– Менің айтарым: өз басым жаңағы балаларға дән риза, болып, сүйсініп отырмын, – деді Айжарық, а дегенде-ақ апайлардың көзін атыздай қылып. – Балалардың адамгершілігіне, уәдеге беріктігіне, қасындағы жолдасын сатпағанына көңілім толып, қуанып қалдым. Егер жаңағы жерде менің немерем «сыра ішейік деген – Әнуар, не Тимур» деп қасындағы жолдасын ұстап берсе, мен оны өмір бойы жек көріп кетер едім, – деп көңілін сәл демдеп алды. – Мен сіздерді түсінбедім, апайлар. Бір шөлмек сыраға бала, «жазықтыны ұстап бер» деп өз шәкірттеріңізді сонша қинағандарыңыз не? Сіздерге кім керек өзі? Өз басының амандығы үшін тар жерде жолдасын ұстап беретін опасыз, сатқын керек пе? Осы біз екі жүзді сатқындықтан, қоян жүрек қорқақтықтан, бір-біріміздің үстімізден донос жасайтын ішмерездіктен тойған жоқпыз ба? Біз енді бұдан былый азат елдің еркін ойлы, үрейден ада, азат адамдарын неге тәрбиелемейміз? Менің тілімді алсаңыздар, бір шөлмек сыраға бола балаларды қыспаққа алуды қойыңыздар. Бұл мәселе жабулы күйінде қалсын. Ал, егер оған көнбесеңдер, мен бұл істі баспасөз арқылы жұртшылық талқысына саламын. Төрелігін халық айтатын болады.

          Екінші айтарым: енді он бес күннен кейін соңғы қоңырау. Бір айдан соң жаңағы балалар мектеп бітіріп, кәмелеттік аттестат алады. Оқу бітірерде түлектеріңіздің көңіліне дақ салатын не жөндеріңіз бар? Енді бір-екі айдан соң олар бір шөлмек сыра түгілі, одан зорғысын ішеді. Тек, адалдығын, кісілігін жоғалтпасын деп тілеңіз. Менің айтарым осы, апайлар. Тәрбие мәселесінде тым ұсақтап, қазымырланып кетпей, биіктей көрінуге тырысыңыздар.

          Педкеңестің үш оқушыға байланысты алғашқы бөлімі осымен бітті де, ата-аналар бөлмеден шығып кетті. Ұстаз апайлар не қарсылық білдірмеді, не рахмет айтпады, көкбеттеніп, сазарған күйі қала берді. Кейін Ердәулеттен сұрастырып көрсе, апайлар сыраның дауын сонымен доғарған көрінеді. Сірә, Айжарықтың «педагогикасы» саналарына жеткен секілді...

          Бірақ мектептің қордаланып, баттасып жатқан міні мұнымен түзеле қоймас. Ұрпақ тәрбиесін жаңа сатыға көтереміз десек, бар жұмысты әйелдерге артып қоймай, тәрбие тізгінін ер-азамат өз қолдарына алуы керек шығар...

2009 – Шілде (04.07.2009 - 08.07.2009)