Шығармалардан үзінділер, шағын әңгімелер

Абақты (Әңгіме)

«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» дейді қазақ. Тақ бір өліп көрген, көріп келген кісі сияқты. Оны азырқансақ, «тозаққа түскендер үш күннен соң бір-біріне шоқ шашып ойнайды» дейтінін қайтерсің! Бейне, тозақ отына күйіп келген кісі секілді. Бір қызығы, қараңғы көр мен жалын атқан тозаққа ой жүгірткен қазақең түрме туралы мәнерлі ештеңе айтпапты. Жәй ғана «ат жақсысын кермеде, ер жақсысын түрмеде көр» деп сипай қамшылаған. Сірә, одан ары тереңдеуге батылы бармаған сияқты. Өйткені түрменің қожасы – өкімет қой. «Құрысын, бәлесінен аулақ» деген болар.

Қазақ түрмені «абақты» дейді. Ол – «абақ» деген сөзден шыққан. Абақ – аң ұстауға арналып, талдан тоқылған қапас. Ашкөз аң қапастың түбіндегі жемді жегелі ішке кірген де, тордың қақпағы жабылып қалады. Осыдан шығарып, кейін адам қамайтын үйді де «абақты» деп атаған. Әлгі қайран Мәдидің «Төрінде абақтының біз жатамыз, көңілді құмалақпен жұбатамыз» дейтін абақтысы осы.

Сол тілдерді зерттеп жүрген Бәкірдің абақты дәмін татқанына да үш жылдың жүзі ауып барады. Үш күн емес, үш жыл. Сонда да түрмеге үйренетін түрі жоқ. Кісі бостандықта жүргенде күн санамайды ғой. Ал, мұнда айың да, күнің де есепте. Күнің өтіп бермейді, айың тасбақадай табандап жатып алады. Былай қарасаң, мұнда да өмір жалғасып жатқан сияқты. Бірақ, мұндағы өмірде ағыс жоқ. Күбіге құйған су тәрізді бір орында борсып тұрғаны. Еш жаңалықсыз, бірін-бірі қайталаған бедеу күндер. Орыстарда: «Солдат ұйықтап жатса да, қызмет мерзімі өтеле береді» деген сөз бар. Түрмеде де тілейтінің – күндердің тезірек өтуі.

Дүниеде ойдан ұшқыр, қиялдан жүйрік не бар. Ойлай-ойлай, ой да таусылған. Бәкір осында жатып, өзінің қып-қысқа өмірін неше қайтара сүзіп шықты. Өзінің осынау жаза орнына қалай тап болғанын ойлағанда, «Қап, әттеген-ай» дейтін өкініші де, немесе «Әй, өзіме де сол керек» деп мойындайтын да ештеңесі жоқ екен. Тіпті, бұған тіреліп тұрған бірдеңе болсашы. Бұл да – асатынан келген апат. Немесе ойда жоқта жабысқан бақытсыздық. Мәселен, аяқ астынан жер сілкініп, отырған үйіңнің төбесі түсіп кетсе, не болмаса өзенге шомылып жатқанда тасқын іліп әкетсе, оған сен кінәлі емессің ғой. Бірақ, бұл қырсыққанда табиғаттың емес, қоғамдағы тасқынға тап болды-ау!

Әйтпесе, қой аузынан шөп алмайтын Бәкір бүйтіп, аяқастынан абақтыға түсем деп ойлап па? Тіпті, мұның өкіметте де, саясатта да шаруасы жоқ болатын. Оппозиция деген пәленің маңайын басқан емес. Болашақта үлкен тіл маманы болам деп, соның әуіресімен жүрген-ді. Күндіз-түні ойлайтыны – алдағы күзде қорғалатын диссертация. «Ғаламдасудың қазақ тіліне әсері» деген тақырыпта еңбегін аяқтап, енді автореферат шығарудың қамында жүрген. Әйелі және екі баласымен аспиранттар жатақханасының бір бөлмесінде тұратын Бәкірдің таяуда ипотекалық жолмен пәтер алудан басқа арманы да жоқ еді.

Міне, сол ешкіммен қақ-соғы жоқ, бейуаз адамды ойламаған жерден «тасқын» шайып кетті. Көктегі құдайдың тасқыны емес, жердегі өкіметтің тасқыны. Тіпті, сол оқиға болардан бір күн бұрын көңілінде еш қауіп жоқ еді-ау! Сенбінің кешінде қала сыртындағы «Шаңырақ» ауылында тұратын бажасының үйіне қонаққа барған. Жәй қонақ емес, туған күн. Жаңағы бажасының әйелі, яғни мұның қайынбикесі – Гүлсара қырыққа толыпты. Бұған қалай бармассың. Бәкірдің әйелі Бибісара әпкесіне қажетті бір бағалы сыйлықты базардан зорға тауып, «Шаңыраққа» қатынайтын қоғамдық көлік болмаған соң, бірүйлі жан таксилетіп жеткен-ді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Шұбартаудан көшіп келген еті тірі бажасы осында төрт-бес бөлмелі үй салып алған. Ас үй, монша, гараж сияқты қосымша ғимараттары тағы бар. Жатақхананың бір бөлмесіне қамалған Бәкірдің бала-шағасы осында келген сайын жайлауға шыққандай мәз болып, масайрап қалады.

Бұл жолы да солай болды. Бажасы Төлеу осы кешке арнап қой сойып тастаған екен, қонақтар жас сорпа ішіп, ащы қуырдақ жеп, мәре-сәре... Іргелес көршілері де өздері сияқты қарапайым адамдар. Ана жылы халық қазынасы ханталапайға түсіп, ауыл адамдары кәсіпсіз, күнкөріссіз қалғанда, Қазақстанның әр түкпірінен бассауғалап келген босқындар. Солар қала сыртында баяғыдан бос жатқан, жықпыл-жырасы көп, саздауыт жерді құрғатып, жағалай үй салып, кәдімгідей ауылға айналдырған. Ауылдарына «Шаңырақ» деп ат қойған-ды. Әлденеше көшеге бөлінген жүздеген үйдің сорабы бар еді.

Бұл өзі – үш жүздің баласы бас қосқан бір қызық ауыл. «Кедей-жомарт» деп неге айтты дейсің, өздері бір атаның баласындай тату-тәтті. Бір шәугім шайын бөліп ішіп, араласып тұрады. Бәкір осында келген сайын көп рудың адамдарын бір жерден тауып, жата-жастана әңгімелесіп, кейбір лекцикалық ерекшеліктерді қағазға түртіп алып жүретін... Бәкірдің байқағаны, қазір «Шаңырақ» ауылында бір ғана уайым бар. Жер сатылатын болып, тауарға айналғаннан бері қалалық әкімшілік: «Сендер бұл жерді заңсыз иемденіп алғансыңдар. Көшіңдер!» деп, бастарынан қиқу кетпей тұрған көрінеді. Шамасы, түк пайда түспейтін кедей-кембағалды қуып тастап, жерді қалталы байларға бұлдап сататын ойлары бар көрінеді. «Шаңырақты» күшпен көшіру туралы қалалық соттың шешімін шығартып алған ба, қалай? Туған күн кешінде, көршілер бұл мәселені де біраз сөз қылып, қаладан келген Бәкірге мұң шаққандай болып еді.

Әйткенмен, кеш көңілді өтті. Отырыс біразға дейін созылды да, Бәкірлер сол күні қалаға қайтпай, бажасының үйінде қонып қалды. Ертең күн жексенбі, асығатын не бар. Бала-шағасымен бір бөлмені жеке иемденіп, бәрі де алаңсыз ұйқыға кіріскен... Қатты ұйықтап қалған екен, бір мезгілде ауланы басына көтерген әлдебір шудан оянып кетті. Басында мұның не екенін ажырата алмай, аңтарылып біраз жатты. Әй, мынау – бір-екі адамның айғай-шуы емес, тұтас ауылға келген апат қой. Үрген ит, жылаған бала, бажылдай бақырған әйел, ер адамдардың ышқынған, ызалы дауыстары... Енді бір жақтан гүрілдеп-сарылдаған мотор үні естіледі.

Үй ішіне жарық түсіп, таң ағарып атып қалыпты. Әйелі бұдан бұрын оянып, сыртқа шығып кетсе керек, жертөсекте екі баласы ғана ұйықтап жатыр... Бәкір де үстіне жеңіл-желпі бірдеңені іле салып, далаға атып шықты. Есік алдына шығып қараса, бұл ауылға бейне зілзала, заманақыр орнап қалғандай. Басында көтерлген шаң-тозаңнан ештеңені ажырата алмаған. Көз үйрене келе байқағаны, болат тістері ақсиған ондаған бульдозер көрші үйлерді жаппай қиратып келе жатыр екен. Бейне, жан-жақтан шабуылдаған жау танкілері тәрізді. Шеткі екі көшені жайпап болып, енді мұның бажасы Төлеу отырған үшінші көшеге азу сала бастапты. Жүздеген полицей балалар мен әйелдерді үйлерінен сүйреп шығарып, қарсыласқан жігіттерді қолдарындағы дубинка-таяқпен басқа-көзге соққылап, сабап жүр.

Өз қақпасының алдында бажасы Төлеу де қолына іліккен күректің сабын оңды-солды сілтеп, полицейлерге қарсы қайтпай ұрыс салып жүр екен. Қайтсын-ай, өліп-талып әрең тұрғызған баспанасын қиратуға қалай көнсін-ау?! Бірақ, оның айқасы ұзаққа бармады, төрт-бес полицей жабылып жүріп жықты да, Төлеуді сүйрелеп алып кетті.

Екінші жағына бұрылып қараса, ауланың бір бұрышында Төлеудің әйелі Гүлсара талып жатыр. Сірә, күйеуіне ара түспек болғанда, оған да соққы тиген тәрізді. Тағы бір полицей өз әйелі Бибісараны шашынан сүйреп сабап жүр... Осыны көргенде, Бәкірдің басы айналып, көзінің алды қарауытып кетті. «Бибісараны құтқару керек» деген бір ғана ойдың келгенін біледі. Жандәрмен солай қарай ұмтылғанын біледі. Дереу жаңағы полицейдің қолындағы дубинканы жұлып алып, әлгіні қақ басқа салып қалғанын біледі... Бәкір қолы тым қатты, қарулы жігіт емес-ті. Бірақ, әлгі полицей әйелдерге күш көрсеткені болмаса, өзі бір қағанақбас, осал неме екен, сол арада тыраң етіп, талып түскені... Бәкір діттеген мақсатына жетіп, әйелі Бибісараны бір құтқаруын құтқарды. Бірақ, өзі полицейге қарсылық көрсетіп, қару жұмсаған адам ретінде сол арада қолма-қол тұтқындалып кете барды.

Алғашқы күндері Бәкір түкке де түсінбей мәңгіріп қалған. Басы толған сұрақ: өз күндерін өзі көріп, бейбіт отырған «Шаңырақ» ауылы неге қиратылуға тиіс? Ондай бұйрықты берген кім? Қаптаған болат тісті бульдозерлерді жіберген кім? Өз баспанасын, бала-шағасын қорғағаны үшін адамдар неге жазықты болуға тиіс? Ең соңында, сол ауылға бір күнге ғана қонаққа келген бұл неге абақтыға қамалуы керек?

Бәкірдің сауаты кейін ашылды ғой. Сот тергеуі кезінде бұған бәрін ұғындырды. Сөйтсе, «Шаңырақ» деген қазақ ауылының әубаста дүниеге келуі заңсыз екен. Заңсыз салынған үйлер, заңсыз адамдар... Ондайлардың өмір сүруге қақысы жоқ көрінеді. «Шаңырақ» тұрғындары сот қаулысы бойынша күшпен көшірілуге тиіс еке. Ал, олар заңға бойсұнбай өкімет өкілдеріне қарсы шапқан. Нәтижеде, екі жақтан да біраз адам жаралы болыпты. Бір полицей өліпті. Оның ажалы кіммен келгені белгісіз. Ал, Бәкір осы жанжалды ұйымдастыру үшін қаладан әдейі келген оппозиция өкілі болып шықты... Содан, не керек, жиыны он жеті адам сотталды ғой. Алдына – он бес жыл, ең соңына – үш жыл... Бәкірге – төрт жыл, бажасы Төлеуге – бес жыл.

Басында Бәкір өзінің бес минөтсіз ғылым кандидаты екенін көрсетіп, тергеушілермен біраз айтысып баққан. Адам құқы туралы лекция оқуға да бар еді. Бірақ, ол әрекетінен ештеңе де шықпады. Тергеушілердің жұдырығы – ат тепкендей. Бір күні қазантолмастан тиген қатты соққыдан талып түсті де, содан қайтып қарсыласуды қойды.

- Сен өзің полиция қызметкерін ұрғаның рас қой? – деді ертеңінде бұл арыз айта барған полковник Сәлімгерей.

- Иә, әйелімді арашалап, полицейді өз дубинкасымен салып кеткенім рас.

- Сен өзің полицейдің кім екенін білесің бе?

- Кім білсін, ол да – адам шығар...

- Полицей – жәй адам емес, билік басындағы өкіметтің өкілі. Демек, полицейді ұрғаның – өкіметке қол көтергендік болып саналады.

Полковник соны айтып, Бәкірдің аңғырттығына жаны аши қарап, сәл отырды да:

- Тиірмен айналып кетті, енді оны тоқтату қиын. Бұлар бәрібір сені сындырмай қоймайды. Қарсыласқаннан пайда жоқ. Ғылыми қағида, адамдық қисын бұл араға жүрмейді. «Қылмысыңды» мойныңа алған болып, қол қойып бер де, құтыл! – деген еді.

Міне, осы сөзден кейін пәленің неден туғанын Бәкір де ұғына бастаған. Уайымдайтын ештеңе жоқ. Қазақстан қазір тәуелсіз елге айналған. Өз әскері, өз ақшасы, өз парламенті, өз президенті, өз түрмесі бар... ТМД елдері ішінде Қазақстан – түрмеге өте бай ел. Баяғы «халықтар түрмесі» саналған Ресей империясынан бізге қалған бір мұра – осы түрме. «Карлаг» пен «Алжирді» айтпағанда басқа ат қойылмағандары қаншама?! Бізде сол түрмелерді толтыратын қылмыс та жетерлік. Аш-арығы, босқыны көп елде қылмыс қоздамағанда қайтеді? Ана бір жылдары қамауда отырғандар жүз мыңнан асып жығылған. Қазір сексен мыңның айналасында болса керек. Небәрі он бес миллион халқы бар елде (оның еңбекке жарамдысы – бес-ақ миллион) тепсе темір үзетін сексен мың азаматтың қамауда жатуы – мақтанарлық нәрсе емес.

Сол сексен мыңның бірі – біздің Бәкір. Қазір көңілі орныққан, алаңсыз. Асықпайды. Неменеге асығады? Пәтерақы төлейтін емес, түрме өзінікі, мұны қуып жатқан ешкім жоқ. Шіркін, қалаған уақытта шалқаңнан түсіп жата кететін өз түрмең болғанға не жетсін! Баяғы империя кезіндегідей сасық түрме жоқ қазір. Бұл күнде бәрі жаңарған, бейне, курортқа келген сияқтысың. Соңғы жылдары ғаламдасу жаңғырығы біздің түрмеге де жеткен. Камераларда адам саны азайған, баяғы бірінің үстіне бірі жататын қос қабат нарлар алынған... Дәретханалар құбырға қосылған. Сөйтпесе бола ма, бұл жағынан да елу елдің қатарына қосылуымыз керек. Оның үстіне, таяуда ОБСЕ-ге төраға болатын елміз... Сол елдерден комиссия келіп тексерсе, ұят болмай ма?! Осыған байланысты түрмеде дін бостандығына да ерік берілген. Мұсылман болғыңыз келе ме, әлде христиан дінін артық санайсыз ба, не болмаса будда, кришна діндерін қалайсыз ба, мархамат, ерік өзіңізде. Дін таратушы миссионер дегенің күпінің битіндей өріп жүр. Қамаудағыларға туыстарын жібермеуі мүмкін, ал дін таратушы сопыларға есік ашық.

Несін айтасың, соңғы жылдары Қазақстан түрмесінің престижі (мәртебесі) қатты көтеріліп тұр. Бұрын жұрт түрмеде тек ұры-қары, кісі өлтіруші, маскүнем, наркомандар отырады деп ойлайтын еді ғой. О-о, қазір мүлде олай емес. Бұл күнде тәуелсіз еліміздің түрмесіне министрлер, әкімдер, төрағалар, генералдар мен полковниктер еркін ене бастады. Қазір көрші камераларда солармен бірге жатқаныңды ойлағанда, көкірегіңді мақтаныш кернейді... Тегінде, әрқандай қоғамның дәрежесі бостандықта жүргендермен ғана емес, қамауда кімдердің жатқанымен де өлшенетін болса керек. Кімнен үлгі алып жүргенін кім білсін, біздің шенеуніктер арасында жемқорлар өте көп екен ғой. Бұл жағынан жаңағы елу елдің маңдай алдында тұрған көрінеміз.

Кеше қызық болды. Түскі ас кезінде асханаға барып, бір тостаған капуста көже мен арпа ботқасын алуға кезекке тұрғаны сол еді, кенет көзі әлдебір таныс адамға түсіп, аңырды да қалды. Сол полковник пе шынымен? Ол кісі қайдан жүр мұнда? Әй, сол-ақ шығар... Сойып, қаптап қойғандай, полковник Сәлімгерейдің дәл өзі. Тергеу кезінде оның алдында бірнеше рет болды ғой, қателесуі мүмкін емес. Жасы елудің ішін енді аралаған, ақбөрте, толық адам еді, қазір едәуір ысылып, жүдеу тартыпты. Соған қарағанда, қақпанға түскеніне біраз уақыт болғаны-ау, шамасы. Обалы кәнеки, бұл көрген қызыл жағалылардың ішінде біршама сауаттысы да, иі жұмсақ имандысы да – осы Сәлімгерей болатын. Ендеше, бұл қалай келіп жүр мұнда? Әлде «алтын көрсе періште жолдан тайыпты» дегендей, бұл кісі де бірдеңені «асап» қойды ма екен?

Ақыры, Бәкірдің сол болжамы дәл шықты. Түрменің «ұзын құлағы» сұмдық. Сыртқы дүниеде не болып жатқанын қолма-қол біліп отырады. Полковник Сәлімгерей біреуден отыз мың доллар пара алып жатқанда қолға түсіпті. Шын солай болды ма, әлде біреулердің арандатуы ма, кесіп айту қиын. «Қалай болғанда да, өзімен тілдесу керек» деп түйді Бәкір ішінен.

Біразға дейін басқа барақта жататын Сәлімгереймен сөйлесудің сәті түспей жүрді. Бірде бетпе-бет келіп қалғанда, Бәкір оған иіліп сәлем берген. Сәлімгерей мұны таныды ма, жоқ па, бетіне таңырқай қарап өте берді. Әйтсе де, көрсеткен ықыласын ұнатып қалғаны анық. Әсілі, түрмеде кімге де болсын оңай емес қой, ал қамаудағы полицейлердің көрген күнін итке берсін. Тұтқындар өлердей жек көреді оларды. Кезіккенде, сәлем беру қайда, оқты көздерімен жирене қарап өтеді. Оларды оңашада сойылға жығып, ұрып кететіндер де аз емес. Сондай бір қауіп Сәлімгерейде де бар сияқты. Байқұс үлкенге де, кішіге де төменшіктеп, жалбақтап, иіліп өтеді.

Сондай күндердің бірінде бір топ тұтқын ауланың төріндегі құрылысқа кірпіш тасуға шыққан. Машинаға тиелген кірпішті жерге түсіріп, одан ары зембілмен біраз жерге тасып апару керек. Тұтқындар екі-екіден жұптасқанда, Сәлімгерей екеуі бір зембілге жегілуге тура келді. Сірә, Бәкірді таңдаған – тұтқын полковниктің өзі-ау деймін. Алғашқы рейстен кейін-ақ, Сәлімгерей сөз бастады:

- Інішек, түсің таныс, бір көрген адамым сияқтысың. Біз бұрын кездесіп пе едік?

- Кездескенбіз! – деді Бәкір бөгелместен. – Тергеу кезінде сіздің алдыңызда бір-екі рет болғанмын. Маған осы «курортқа» жолдаманы сіздер бергенсіздер...

- Қандай іс еді сіздікі?

- «Шаңырақ» шайқасының геройларымыз. Оқиға болардың алдында сол ауылға қонаққа барып едім, содан әлі қайта алмай жүрмін.

- Е-е, әлгі әйелін құтқармақ болып, арандалып қалатын жігіт сен екесің ғой, енді есіме түсті, - деді Сәлімгерей зембілге кірпіш қалап жатып. – Неше жыл берді саған?

- Төрт жыл... Алдымда әлі бір жыл бар.

- Аз қалыпты ғой. Жас адамға бір жыл деген не, тәйірі, әлі-ақ өте шығады... Білесің бе, Қытайда бір қазақ жазушысы түрмеде қырық жыл жатыпты. Соған шыдаған жаны қандай сірі десейші.

- Өлмеген соң жүрді де, әйтеуір... Демек, түрмеге жатуға келгенде біздің қазақтан озған ешкім болмағаны ғой, - деп Бәкір лекіте күлді. – Ал, ағасы, өзіңіз мұнда қалай келіп қалдыңыз? Қызмет бабымен бе, әлде сіз де жазаңызды өтеп жүрсіз бе?

- Өзің қалай ойлайсың?

- Кім білсін... Кейде чекистер бір істі анықтау үшін тұтқындар арасына әдейі кіріп алады дегенді естуші едік.

- Жоқ, мен де – өзің сияқты тұтқынмын. Жаңағы «курортқа» жолдама беретіндер маған да жеті жылды арқалатып жіберді.

- Жазығыңыз не сонда? – деді Бәкір серігінің бетіне аңтарыла қарап.

- «Пара алдың» дейді... Отыз мың долларды біреу менің портфеліме салып кетіпті. Соның шатағы...

- Демек, біздің елдің соттары жазықсыз адамға да жаза кесетінін өз көзіңізбен көрген екенсіз ғой?

- Мен оны бұрыннан білетінмін.

- Біле тұрып, заңсыздыққа жол қойып келдіңіздер...

- Кезінде қарсы күрескен де шығармыз. Ол жағын қозғап қайтесің, бауырым. Ол – ұзақ әңгіме. Мені аяқастынан «жемқор» қып шығару, бәлкім біреулерге керек болған шығар, қайдан білесің.

Үзіп-жұлып айтылған әңгіме сол күні осымен біткен-ді. Сәлімгерей сөзінің соңы жұмбақтау еді. Бәкір оны сұрауға үлгіре алмай қалды. Арадағы әңгімені келесі күні жалғастыруды ойлаған. Бірақ ертеңінде кірпіш тасуға келгендер бұл күтпеген суық хабар жеткізді.

- Естіген жоқсыз ба, кеше түнде біреулер Сәлімгерейді сойып кетіпті! – деді онымен бір камерада жататын қазақ жігіті.

- Не дейді? «Сойып кеткені» қалай?

- Душқа түсуге барған Сәлімгерейді бастарына шұлық киген үш адам соққыға жығыпты. Бір қолын, бір аяғын, қабырғасын сындырған. Тіпті, өлтіріп кеткендей екен, біреулер үстеріне келіп, қалмаса...

- Осы түрмеде өшігіп жүрген біреу шығар, дәу де болса... Қазір полковниктің өзі қайда?

- Түрме ауруханасына алып кеткен. Жағдайы тым ауыр. Байқұстың жаны қалса жарады...

Өмір деген осы. Биік қорғанның ішіндегі қатаң күзет астында тұрған түрмеде де тыным жоқ. Біреуді-біреу сойып, біреуді-біреу соққыға жығып жатқаны. Мұнда негізінен қара күш үстемдік алады. Боксерлер, каратистер құрметті орында. Әйткенмен, олардың да жауы аз емес. Өткен айда бір боксердің бүйіріне әлдекім қандауыр сұғып алыпты...

Бәкір сонау шеткі барақтың қақ жарымын алып жатқан түрме ауруханасын жақсы білетін. Науқастар көбейіп кеткенде, екі-үш рет күтуші боп барғаны бар. Дәрігерлер мен медбикелер де мұнымен жақсы таныс еді. Сондықтан, ол бүгін Сәлімгерейдің көңілін сұрап қайтуға бекінді. Кеше әйелі Бибісара кездесуге келіп, біраз азық-түлік енгізіп кеткен. Алма, жеміс шырыны, айран, арасан суы дегендей. Солардың біразын дорбаға салып алды да, ауруханаға қарай аяңдады.

Сәлімгерей бір кешірек бөлмеде жалғыз өзі жатыр екен. Кеудесі, қол-аяғы гипспен қапталған. Бір аяқ-бір қолын төсектің бас-аяғындағы қондырғыға сыммен тартып тастапты. Басы да жартылай таңулы, бір көзіне зақым келген бе, қалай? Бәкір қасына таяғанда, өзінше бұған мұң шаққаны ма, Сәлімгерей көзіне жас алып, кемсеңдеп жылады. Ерні кезеріп, кенезесі кеуіп жатса керек, Бәкір бір стаканға жеміс шырынын құйып, жастығын сәл биіктетіп, сусын ішуге көмектесті. Шөлі қанып, таңдайы жібігенге науқастың өңіне қан жүгіріп, азырақ тілге келді.

- Рахмет, айналайын! Тілім таңдайыма жабысып, қаталап жатыр едім, жақсы келдің-ау...

- Халыңыз қалай, Сәке? Мынадай күйге қалай ұшырап жүрсіз? – деді Бәкірдің де көңілі босап.

- «Қалай» дерің бар ма, біреулерге менің көзімді құрту керек болған ғой. Мен тірі тұрғанда ішкен астары бойларына тарамай жүрсе керек.

- Кімдер олар? Қастандық жасағандарды түстеп тани алдыңыз ба? Осындағы өшіккен тұтқындардың бірі емес пе?

- Жоқ, олай болмас, - деді Сәлімгерей басын шайқап. – Соншама өшігетіндей мен қызмет бабында ешбір тұтқынға тіземді батырған емеспін. Менің қаупім басқада...

Бәкір «түсінбедім» дегендей аңтарыла қараған. Сәлімгерей сау қолымен белгі беріп, «бері еңкей» дегендей ишара жасады. Бәкір енді бар зейінімен науқастың үстіне төнген.

- Мына бетінде олар мені тірі қоймайды, бәрібір өлтіреді, - деді Сәлімгерей күбірлей тіл қатып. – Өзің білесің, мен бүгінге дейін талай тергеуге қатыстым. Көп құпияны білемін... Заманбектің, Алтынбектің істері де маған жақсы таныс... Кейінгі кезде олар маған сенбей жүр. Сырымызды сыртқа шашады деп қорқады. Менің аяқ астынан неге «жемқор» боп шыққанымды енді түсінген шығарсың...

- Түсіндім, Сәке... Ойпырай, сіздерге мынадай зауал төнгенде, біздің өкпелеп жүргеніміз бекер екен. Ақиқат, әділет деген ұғымдар, шынымен-ақ, далада қалғаны ма сонда? – деді Бәкір дауысының қалай қатты шығып кеткенін өзі де аңғармай.

- Ақиқаттың ауылы алыс боп тұр ғой, бауырым, - деп Сәлімгерей аз-кем тыныстады. – Әттең, мына қапастан енді маған аман шығу жоқ шығар... Егер осыдан аман шықсам, тәуелсіз басылымдардың біріне қолым жетсе, алаяқтардың жүзін айдай етер едім-ау!

Бәкір айтарға сөз таппай, Сәлімгерейді не деп жұбатарын білмей, науқастың қасында тағы біраз аялдады.

- Бұл сырымды сенен басқа жан баласына айтқан жоқ едім, - деді Сәлімгерей әлден уақытта. – Бір адам білсе – ол да жақсы... Саған көп-көп рахмет, айналайын! Сен енді маған келе берме. Осында мені аңдушылар жүруі әбден мүмкін.

- Өзіңізге әлі де қауіп бар деп ойлайсыз ба, аға?

- Қауіп болғанда қандай! Олар менің өлмей, тірі қалғанымды білсе, сөз жоқ, қайта айналып соғады.

- Аурухана күзет қоймай ма сізге?

- Түрме бастығы мана күзет қоямыз деп кеткен. Бірақ, олардан енді не қайыр, бәрінің ымы-жымы бір ғой...

Ауруханадан сүйретіліп әрең шыққан Бәкір қайтар жолда манағы келген ізімен емес, басқа бір жақпен айналып жүрді. Өзінше, Сәлімгерейге барғанын білдірмеген түрі. Әр барақта салпаңқұлақ тыңшысы бар. Солар қия басқаныңды жоғарыға жеткізіп тұрады. Тәйірі, «жоғары» дейтін – ол қайбір жоғары дейсің. Осындағы саяси тәрбиешілер мен қарауылдар да, баяғы. Сірә, бұл қазақ құлдық санадан өмірі арылмайтын шығар. Абақтыда қамаулы жатып та, бірінің үстінен бір донос жинайды-ау!

Барақтың сырт жағында қорғанның бір бүйірінен кіріп, екінші бүйірінен шығып кететін шағын жылға бар-тұғын. Сірә, көшеден былғанып келетін болар, суы тұнбай үнемі лайланып жатады. Кіретін және шығатын ауызда білектей темір тор... Бәкір жылғаның жағасындағы көкмайсаға келіп, шалқалап жата кетті. Қолы қалт еткенде тыныстайтын жері – осы ара. Тірі табиғаттың бір пұшпағы. Лай да болса, мына жылғаның әлдебір құбырға кіріп кетпей, осылай көрінеу ағып жатқаны қандай жақсы.

Бүгін Алматы аспаны ашық екен. Түтінмен ысталған, шаң-тозаңға бөккен, тозған шүперектей кірлі аспан... Айнала қоршаған түйе бойы қорған мен оның үстіне жүргізген тікенді сым сол кірлі аспанның да өлшеулі екенін, мұндағы тіршілік аясының тым тарлығын білдіреді. Зая кеткен уақыт демесең, өмір олайда-былай өтеді ғой. Тек, «азаттық алдық» деп далұрып жүргенде, еш жазықсыз өз еліңнің түрмесінде тұншығу қандай өкінішті. Кейін кім жауап береді осы заңсыздыққа?

Әйткенмен, Бәкір өзінің басқа қалаға айдалып кетпей, Алматыда қалғанына шүкірлік етеді. Арқа жақта қыс қатты ғой, Павлодар түрмесіне жіберілген бажасы Төлеу «қыс бойы қақшақтап тоңып шығамыз» депті жазған хатында. Бір жақсысы, «Шаңырақтағы» Төлеудің үйі бұзылмай қалған. Әйелі мен балалары сонда тұрып жатыр.

Арада екі-үш күн өткенде ауруханадан суық хабар жетті. Өткен түнде Сәлімгерейді біреулер өлтіріп кетіпті. Өз төсегінде жастықпен тұншықтырған деседі. Демек, оның қыр соңына түсіп, түбіне жеткендер – осындағы кек алушы тұтқындар емес, арнайы тапсырыспен, сырттан келгендер екенінде еш күмән жоқ.

Өмір еш өзгеріссіз сол қалпында тұрған сияқты. Бірақ, бұл үстірт қарағанда ғана солай. Анығында – бір зұлымдық үстем болып, бір ізгілік кеміген. Таразы басы теңшелмей, дүние бір жағына ауып тұр. Бізге бұйырған заман солай болса, оған енді не шара?!

2009-қазан (30.09.2009 - 07.10.2009)