Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Сұхбаттар

Қызыл сызық


Осыдан тура елу жыл бұрын қазақ халқының тарихында елеулі із қалдырған бір ұлы оқиға болды. 1962 жылы сәуір айында Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағынан қопарыла қозғалған қазақ көші екі империяның да шекарасын қақырата бұзып, 10-сәуірден 1-мамырға дейінгі 20 күннің ішінде 200 мыңдай қандасымыз Қазақстанға қауырт өтті. Осы көштің бұйрасын ұстаған серкелердің бірі ғана емес, бірегейі қазіргі халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов болатын. Сол көш қарсаңында «Аралап көрсең нанасың, Әлемде талай қызық бар. Бақыт пен сордың арасын Бөледі қызыл сызықтар» деп жырлаған жалынды жас жігіт кейін үлкен суреткерге айналып, «Соңғы көш» дилогиясы мен «Тағдыр» романында осынау көш тарихын, бақ пен сордың сызығындай орыс-қытай шекарасы тартылғанда бір халықтың қалай екіге бөлініп қалуының жайын көркем шежіремен кестелегені белгілі. Олай болса, жарты ғасыр бұрынғы ұлы көш туралы Қабекеңнен артық кім айтпақ.

- Құрметті Қабдеш аға, шекараның ашылуы, арғы беттегі қазақтың андыздап атамекенге ағылуы сол кездегі қырғиқабақ, тоңтеріс мемлекеттер арасына тартылған темір перде жағдайында күтпеген тосын оқиға, сіреу саналарға құйылған сәулелі шұғыла болған сияқты-ау?

- Ол кездегі екі елдің келісімі бойынша шекараны қытай жағы күзетпейтін, совет шекарашылары ғана күзететін. Тарбағатай мен Барлық тауы арасындағы 150 шақырым жерде 5 үлкен застава бар, Жаманты, Бақты, Ергейті, Еміл, Шағантоғай дейді, сол бесеуінің тұсынан бес жерден бір-бір километр жерді ашып, сымдарын жинап тастады. Содан күндіз-түні 20 күн бойы атты көш, арбалы көш, жаяу, түйелі көш заулап өтті ғой. Келушілерді Кеңес Одағы бес жерден қабылдады.

Иә, бұның бәрі, шынында да, жайдан-жай емес-тін. Екі мемлекет арасындағы бұл тосын оқиға біздің талап-тілегіміздің, көшті күні бұрын дайындағанымыздың нәтижесі болатын. Сол көштің нәтижесінде осы шығыс тараптағы төрт облысқа келіп 200 мың қазақ жайласты. Бұл бір сол кездегі қазақтың арқауы сетіней бастаған, ділін, тілін қайта бекемдеуде, сұйыла бастаған қанын қоюлатуда ерекше рөл атқарған көш болды.

- Ал енді осы шекара сыртындағы қазақтар қалай пайда болды деген мәселеге тоқталып, тарихқа сәл-пәл шегініс жасасақ қайтеді?

Оның рас. Біреулер түсінеді, біреулер түсінбейді. Біреулер Шыңжаңдағы қандастарды мына 30-шы жылдар зобалаңында колхоздан қашып барған қазақтар шығар деп ойлайды. Бергі көшті ғана біледі. Бірақ оның шынайы тарихы арыда жатыр. Қазақ көші Шыңжаңға Абылай заманында барған. Сол жерде найман хандығы болған, керей хандығы болған Алтайда. Шыңғыс хан тұсынан бері ол қазақ жайлаған жер болатын. Еренқабырға мен Іленің бойында Үйсін хандығы болды. Бәрі де – қазақтың байырғы атамекені. Кейін дүние алай-бұлай төңкерілген кезде қазақ батысқа қарай ысырылып, ана Шыңжаң жерінде, Тарбағатай өлкесінде 1640-жылдары жоңғар хандығы құрылды. Қазақпен дүркін-дүркін соғысып отырды. Бізге ең үлкен зиян келтіргені 1723-жылғы «Ақтабан шұбырынды...». Бірақ «мың асқанға бір тосқан» дейді, сол жоңғарға да зауал келді. XVIII-ғасырдың 30-40-шы жылдары, одан 50-ші жылдарға келген уақытта Абылай басшылық еткен үлкен соғыс басталды. Қазақ батырларын маңайына топтап, Абылайдың тарих сахнасына шыққан кезі. Жоңғарларды жеңіп, 1754-жылы қазақ жерін біржола азат етті. Абылай ұстанған екінші үлкен саясат, ол қанша жауласқанмен, жоңғардың мүлде жойылып кетуін тілеген жоқ. Өйткені ар жағындағы қағанатқа қарсы арада берік қалқан боп тұрса деп ойлады. Бірақ жоңғарды жойылуына тағдырдың, тарихтың үкімі шығып қойған. 1756- жылыМаңшынның қалың әскері келіп, берекесі кеткен, тоз-тозы шыққан жоңғарды қырып салды. Бір жыл бойы қансоқта қырғын болған. Өліктер шашылып жатты бүкіл жоңғар даласында деген тарихшылардың сөзі бар. Сол жер аяқастынан босап қалды.

- Сонда қазақ көші Шыңжаңға қашан барды?

- Иә, Шыңжаң иен қалды. Абылай алғашқы елшілер арқылы қытай императоры алдына бірден мәселе қояды. Жоңғардан босаған жерлер үшін кезінде біз де соғысқанбыз. Жоңғар ортақ жауымыз болды. Тарбағатай, Алтай, Ерентау деген жерлер – қазақтың ежелгі атамекені. Енді сіздің арқаңызда жоңғар жойылды, енді соның орнына, яғни ежелгі атамекеніне біздің халқымыз барғысы келеді. Мал көбейді, өріс керек дейді. Басында қытай жағы жолатпайды. Сөйтіп 4-5 жыл ары тарт, бері тартпен, талас-тартыспен өтеді. Алайда, кейін қытай әкімшілігі келісуге, қазаққа жер беруге мәжбүр болады. Оның мынадай себебі бар. Бұл да Абылайдың саясаты. Қытаймен жақындасып жүргені, «түбі сіздерге бағынышты боламыз ба, кім білсін» дейтіні – Абылайдың Шыңжаңдағы жерді басып қалудың амалы болатын. Ақыры осы сөз императордың буынына түсіп кетеді ғой. 1765-жылғы Сяньлун императордың Абылайға жазған хатынан мынадай үзінді келтірейін: «Оның үстіне, бірнеше жылдан бері сіздер бергі бетке көшіп кеп, мал бағасыздар. Генерал амбандарымыз сол малдардың иелеріне қарсы жорық жасау туралы өтініш айтуда. Сіздерге рақымым түсіп, кеңшілік жасадым. Тіпті қарауылдың ішкі бетіндегі жайылымдарды сіздердің малшыларыңызға өріс ретінде пайдалануға рұқсат етуге жарлық бердім, сіздерді мойынсұнған бағынышты елім ғой деп, арқалары кең болсын дедім» деп жазады. Абылай саясаты осы хаттан да көрініп тұр.

- Мына хаттың өзі ол жерлерді қазақтың емін-еркін жайлауына жол ашып тұр емес пе?

- Іс жүзінде солай болған. Қазақ көші басында Тарбағатай, Барлық, Жоңғар Алатауынан аса көшіп, одан саулап ары қарай өтіп кетеді. Қытайларға да пайда керек. Салық төлейсің дейді. Оны жылқы түрінде алады. «Сары ноқта салығы» дейтін салық болды алғаш көшіп барғанда. Үкімет әскерлері келіп жылқыны сары ноқта кигізіп әкетеді екен. Қазақ соны «сары ноқта салығы» деп атап кеткен.

Біздің аталарымыз сол XVIII-ғасырдың 60-шы жылдарында барған. Менің жеті атамның сүйегі сол Шәуешек маңында, Шыңжаңда жатыр. Найман ішінде Төртуыл. Тоғыз таңбалы найман дейді, соның бір таңбасын алған үлкен тайпа ғой. Біздің ұранымыз – Баймұрат батыр – Қабанбайдың үзеңгі жолдасы, мыңды басқарған батыр. Сол Баймұраттың зираты Шәуешектің ар жағында 50 шақырым жерде Күжібай деген жерде жатыр. О жаққа XVIII-ғасырдың 60-70-ші жылдары ер Жәнібек бастап барған керейлер де өздерінің ата қонысы Алтайға орнықты. Демек, керей мен найман бұрынғы ата қонысына түгел көшіп барып алған ғой. «Дарабоз» романында Абылай мен Қабанбайдың әрбір руға қалай қоныс бөлгені, жер бөлгені көрсетіледі. Жоңғарға қарсы соғыс кезінде қай ру қанша қайрат қылды, қандай батыры шейіт болды, соның бәрі ескерілген.

Сонан кейін 1916-жылғы толқуда, жазалаушы әскерден қашқан мыңдаған отбасы тағы барды. Одан соң қауырт бір барғаны – отыз екінің ашаршылығы мен кәмпескеге қарсы көтеріліс кезі. Ауа көшіп, босып барып, Шыңжаңнан пана тапты. Ол жақта ағайын бар екенін, ел бар екенін біліп, соны ес көріп барып отыр. Шынында да, әр елдегі қазақ бір-біріне пана болды. Бұл жерден арып-ашып барған адамдарды о жақта бай тұратын ел көтеріп кетті. Қыз алысып, қыз берісіп, сіңіп кетті.

- ХІХ-ғасырдың соңына қарай орыс-қытай мемлекеттері өзара келісімге келіп, шекара белгілеген жағдайына тоқталып өтсеңіз енді?

- Бұрындары орыс-қытай арасындағы шекара анық болған жоқ, қазақтар екі жақта еркін көсіліп жүре берді. Екі елде тұрып жатырмыз-ау деген ұғым жоқ онда. Ар жақта Барлық тауына жайлауға шығады да, бері келіп Алакөл бойын қыстайды немесе Тарбағатайдың теріскейін қыстап, күнгейін жайлайды.

Шекара мәселесі жөнінде 1860 және 1881-жылдары Петербор келісімі және Бейжің келісімі деген келісімдер болған. Ақыры бір тоқтамға келіп, содан іс жүзінде шекара бөлісуге кіріседі. Бұл 1884-жылғы Шәуешек протоколы деп аталады. Сонда екі жақтың географтары, топографтары, орыс пен қытайдың жер жыртығын жамаған өңкей мамандары келіп, ту Алтайдан бастап, Шыңжаңның тұсында 400 километр жерге созылатын Тарбағатайдың жонын қақ жарып, содан мынау Шәуешектің бергі тұсына келген уақытта Алакөлдің шығыс жағына қарай тік тартып, Барлықтың бергі батыс тұмсығын кесіп өтіп, Жоңғар қақпасы арқылы Алатау жотасын қақ айыра ары қарай өтіп кетеді. Бұл бөліс 1884-жылы басталып, 1892-жылға дейін созылады. Көп қиыншылықпен, өте тауқыметті жағдайда өтеді. Сол ел айырылған кезде шыққан көп халық өлеңдері бар. Қай жағына қарайсың, өзің біл деп бір ай срок беріпті. Бұл, енді, кеңшіліктің түрі. Ол оңай ма екен бірақ. Біреудің бауыры о жақта, біреудің құдасы бұ жақта, біреудің жайлауы о жақта, біреудің қыстауы бұ жақта. Өзінен гөрі малын көбірек күйттейтін қазақ қайда барып күн көреді? Сонымен әрең-пәрең дегенде 1892-жылдың жазында шекара белгіленіп болады, сол атыраптағы қазақ қақ бөлінеді. Өте қиын болған соң орыстар мына Барлық тауын он жылға жалға алыпты қытайдан. Кейін көшіп-қонып жүрген халықтың бәрі сол жақта қалып қойды.

- Шекара бөлу кезінде қазақтар тарапынан қарсылық білдіру нышандары да болған ғой?

- Былай атқа мініп бой көрсету, сойыл, шоқпар сілтеу болды. Бірақ кесек қимыл болмады. Өйткені қазаққа қазақтың өзін салды. Шәуешектегі орыс консулы Николай Балкашиннің Әріп Тәңірбергенов деген атақты тілмашы болды. Әрі көмекшісі. Бұл – кәдімгі ақын Әріп қой. Шәуешекте ши-амбының тілмашы Демежен бар. Сондайларды салып жүріп бунт көтерген қазақтарды райынан қайтарғаны менің «Тағдыр» романымда айтылады. Шекара Сарышоқының үстінен Диқанбай дегеннің ауылын қақ жарып өтеді. Диқанбай ана жерді тастап кеткісі келмейді. Сол кісінің «Мемлекетсіз қалдық демейік, айналайын, біздің ауылды айналып өтсеңдер қайтеді. Өкпелемей-ақ қояйын. Бізге мемлекеттің керегі жоқ, осы ауылға тиіспеңдерші» дейтіні бар. Сонымен, 1884-жылы қақ бөлініп, осылай қала берген дүние ғой. Халықтың тұтастығына не жетсін. Бір халық екіге жарылып, дамудың екі түрлі жолына түсті. Қытайдың өз саясаты, өзінің мемлекеттік жолы бар. Шыңжаң қазағы соған бағынды. Мына жақта Қазақстан Ресейдің құзырына қарады.

- Қабеке, енді 62-ші жылғы көшке қозғау салған жайттарды бір баяндап өтсеңіз?

- Көш қайдан пайда болды дейсіз ғой? Ол енді менің тағдырым мен өмірбаяныма тікелей байланысты. Мен 1956-жылы Шәуешек гимназиясын бітірдім. Сол жылы құдай маған бір бақ жұлдызын жандырды. Шыңжаңнан елу бала Ташкент пен Алматы қалаларына оқуға барады екен. Сол елудің ішіне іліндім. Біз екі бала, Мырзахан Құлманбаев деген жігіт екеуіміз КазГУ-ге келіп түстік, филология факультетіне. Алматы көрсек деген, «Абай жолы» романын оқып алған кезіміз, Әуезовті көрсек деген арманымыз орындалып, біз үшін керемет бақытты жылдар болды ол. Әуезовтен сабақ алдық. Сол кездегі профессорлар қандай, құдай-ау! Кеңесбаев, Балақаев, Маманов, Кенжебаев, Нұртазин... Түгел алғашқы оқулық жазған ғұламалардан тікелей тәлім алдық. 57-ші жылы Мәскеуде жастар мен студенттердің дүниежүзілік 6-шы фестивалі болды. Оған осы жерде оқитын қытай студенттері атынан мен де қатыстым. 3-ші курсты бастап оқимыз деп жатқан кезде қытай мен советтің арасы бұзылды. Содан мынадай хабар келді: «Сендер июль айының басында елге қайтасыңдар. Бір айлық курс бар. Елдің жағдайымен танысасыңдар, сонан соң үйлеріңе барып, күзде сабаққа келесіңдер» деді. Қуанып кеттік. Мәскеуден келген елшілік адамы Алматының аэропортынан бізді отырғызып, Үрімжіге жолға салды. Сөйтсек, лапылдап жанған оттың үстінен барып бір-ақ түсіппіз. Бір айлық курс дегені де, басқасы да бекер. Зиялы қауымның біразының аяғына тұсау, басына ноқта түсіп қалған екен. Алды айдалып, түрмеленіп жатыр, арты күресте.

- Күрес дегеніңізді қалай түсінеміз?

- Күрес жиналысы – сенің үстіңнен шуылдап бүкіл ел шағым айтып, сені жауапқа тарту ғой. Яғни таланттарды тобырға талату. Бұрыннан көзге көрініп, іс басында жүрген адамдар түгел соған іліккен. Қазақ облысының бастығы Жағда Бабалықтан бастап, жазушылардан Қажығұмар Шабданұлы оңшыл, ұлтшыл деген қалпақ киіп, айдар тағылып, айдалудың алдында жүрген кез екен. Соған бізді де қосып жіберді. Біздің өлеңдеріміз бар, біраз мақалалар жазғанбыз. Әліпби туралы полемика болғанда сол жақтың газетіне мақала жазғанмын. «Шыңжаң қазағы қай жазуды қабылдау керек?» дегенде Қазақстан жазуын қабылдау керек. Бір ұлт бір жазумен болу керек деп айтқанмын. Сөйтсем, соның бәрі қызыл сиямен сызылып алдымда тұр. Ұзын сөздің қысқасы, бір-екі ай тергеп, елу баланың ішінен онын ұстап алып қалды. 7-8 ұйғыр, сосын Мырзахан Құрманбаев екеуміз. Біз оқудан қалдық, үлкен жаза сол болды. Шахтада көмір қаздық. Ауыр еңбекке салды. Еңбекпен түзеу, еңбекпен тәрбиелеу деген бар. Қытайша лаугай, лаужау дейді. Екі жылдан кейін, кішкене жеңілдік жасап, жазу құқы жоқ, бірақ мамандығы бойынша пайдалануға болады деген пәрмен алдым. «Шыңжаң газетінде» істедім, мақала өңдеймін, өзім жазбаймын. Біраз жеңілдік алған соң есіл-дертім Шәуешекке жету болды. Оған құмартып тұрғаным, шекараға жақын. Шәуешектен небәрі 20-ақ шақырым. Бар ойым – Алматыға жету, үзіліп қалған оқуымды жалғастыру. 1961-жылдың көктемінде «мына үлкен газетте істеуге менің шартым толмайды, төменге түсіп өзгеруім керек, мені Шәуешекке ауыстырыңдар» деп арыз жаздым. Содан олар төменге түссін деген қаулы шығарды. Сөйтіп көкек айының аяғында мен Шәуешекке келдім.

- Сол кезде Шыңжаңдағы ел жағдайы қалай еді?

- Үрімжіде кісі қызығатын ешнәрсе қалмаған, ашаршылық басталған. Екі жыл бұрын болат қорыту, шойын қорыту науқандарына елдің бәрін шығарып жіберіп, астық орылмай, егін жиналмай қалған ғой, содан бүкіл Қытай бойынша ашаршылық. Ішкерідегі аштар енді осылай қарай ағылып, тоқшылықта отыратын Шыңжаңның өзінде жағдай қиындап кеткен.

Шәуешектегі халық та ашаршылыққа ілініпті. Былтыр ғана коммуна құрылған. Жұртты ортақ қазанға иіріп қойған, сол жерде тақ-тұқ бірдеме тисе тиеді, тимесе қояды. Ошақсыз қалу, түтінсіз қалу психологиялық жағынан да өте ауыр тиді халыққа. Содан, мен келсем, ел дағдарып отыр екен. Менің келуім олар үшін үлкен оқиға болды. Әсіресе, жастар жағына. Арт жақтан «идея қалта» дейтін делом келмей 3-4 ай бос жүрдім. Сол кезде маңайыма үйірілген халыққа қарай отырып маған мынадай ой келді. Жалғыз кетсем ғой, кез келген уақытта өте шығуыма болады. Шекарашыларға документімді көрсетсем болды, кетем ары қарай. Оған көзім жетіп тұр. Бірақ бұл жақта халық мені қаумалап алды. Алматыдан оқып келген, бұл жақты біліп тұрған кісімін. Мәскеуді көрген кісімін. Мен не айтсам соған ұйып тұр. Басы қатып жүрген, ата жұртқа қалай өтеміз деп ұшарға қанаты болмай жүрген адамдар менің маңайыма үйіріліп алды. Шәуешекте қала бағы бар, кеш түссе соған барамыз. Той-томалақ, анау-мынау жиын болса, онда да менің маңайымнан адам үзілмейді.

- Сөйтіп, тарихи Отанға қоныс аудару жөнінде үгіт-насихатқа кіріскен екенсіз ғой?

- Иә, мен осы қолайлы сәтті пайдаланып, ашық айта бастадым мәселені. Бұл жақ туралы сұрақ қояды. Ой-хой. Мен тіпті әсірелемей, асырмай Совет Одағының жетістігін жай айтып бергеннің өзінде ауыздарының суы құриды. Сонан соң о жақта тоқшылық екенін, әсіресе, жыл ара миллиард пұт астық алатынын, нан деген дүкендерде үйіліп жататынын естігенде, аштық жайлап отырған ел «енді қалайда, Атажұртқа жету керек» деген байламға келген. Осылайша, өмірдің өзі итермелеп, менің шекарадан жалғыз өзім өтем деген жеке мақсатым енді ұлттық ортақ мүддеге айналды. Өйткені, басқа амал жоқ. Осыдан бір жыл бұрын Алтайда көтеріліс болған коммунаға қарсы. Алтайдың елі жауынгер ел. Соның өзінде өкімет әскері тарапынанаяусыз жанышталған. Ондай қайрат біздің Шәуешектен шықпайды. Ендеше, ашаршылықтан, езгіден құтылудың бір-ақ жолы бар, ата жұртқа көшу. Баршамыз осы түйінге тоқтадық.

- Атажұртқа қоныс аударатын көшті қабыл алуға Кеңес Одағының үкіметін, ресми орындарын дайындау орайында да жұмыс жүргізілген болар?

- Биыл кеш қалдық, келесі көктемді құдай қолға бере ме, жоқ па деп жұрт алақанын ысқылап отырды. Бірақ, Совет Одағымен келіспей, құрдан-құр, ай-шай жоқ атойлап жетіп баруға тағы болмайды. Халықты шұбыртып барғанда сені қарсы алса жақсы. Қарсы алмаса не болады? Содан мен күзден бастап Кремльге хат жаза бастадым. Жүздеген адамның қолын қойдырып, жеке-жеке, ондаған хат жібердік. Адрес белгілі: Москва, Кремль. КПСС Орталық Комитетінің бас секретары Никита Сергеевич Хрущев жолдасқа дейміз. Немесе «Жоғарғы Совет Президиумының төрағасы К.Е. Ворошилов жодасқа» дейміз. Кейде ол хаттардың көшірмесін Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа жолдап отырдық. Кереметі, хаттарыңды алдық деген таңба басылған түбіртегі қайтып отырды. Сонан кейін тағы бір байланыстар болды. Құлжадан Кеңес Одағының вице-консулы келді. Шәуешекте Совет азаматтары қоғамы дейтін қоғам бар. Сол жерде елді қабылдады. Қабылдауға мен де кірдім. Тілмәштың керегі жоқ, орысша тілім жеткенше айттым, документтерімді көрсеттім. Менің жағдайымды өзі де біліп отыр екен. «Саған жол ашық қой, ана бетте сені ешкім ұстамайды, - деп күлді. – Кез келген уақытта кете беруіңе болады». «Ал халық ше?.. – дедім. –Халық көшеміз дейді. Арыз жазып жатырмыз. Халық не болады? Совет Одағы бізге баспана бере ме?..». «Беріп қалар, өтініш-тілектеріңді жоғарыға жеткізем» деді вице-консул. Кешеден бері талай шалдар кірген. Бұл жақтағы ахуалға ашынған адамдар атажұртқа қайтуға бекінгендерін айтқан. «Солай айт» деп құлақтарына құйғанбыз. Консул: «Көш мәселесін халықтың өзі шешеді ғой түбінде. Совет Одағы барған кісіге, еңбекші халықтарға пана ғой қашанда. Бетін қайтармайтын шығар» деп тұжырды. «Ендеше, біз іске кірісіп жатырмыз. Жоғарыға хат жаздық.Халық үгіт-насихатсыз-ақ көшуге дайын» деп едім. Ол «Іске сәт!» деп қолымды алды. Көштің жайы осылай айқындалды.

- Бұдан соң сіздің де соңыңызға шырақ алып түскен шығар?

- Қалалық орталау мектепте мұғалім боп жүр едім, мені желтоқсан айында, жаңа жылға он күн қалғанда қырдағы ауыл мектебіне жер аударды. Бірақ мені жастардан, халықтан бөліп тастағысы келгенмен, олар кеш қалды. Шаруаны оған дейін реттеп, бітіріп қойғанбыз. Сол жерде үш айдай ғана болдым, он күн сайын сақшының адамы келіп тексеріп тұрады. Ешқайда шықпауым керек, кетпеуім керек. Салт атпен жан-жақтан келіп, жастар бәрібір қарым-қатынасын үзген жоқ.

- Содан, ақыры, көштің уағы пісіп жетілді ғой?

- Сол жылы құдай беріп қар ерте кетпесі бар ма, көкек айы туысымен жер дегдіп, дала көгеріп, жұрт егін салуға кірісіп жатқан кез. Қашан басталар екен деп тықыршып отырған кезде жетті ғой жігіттер қос-қос атпен менен сүйінші сұрап. 10-сәуір күні басталыпты. Совет пенен қытайдың арасын бөлген Тарбағатай шекарасында бес жерде үлкен застава бар, сол бес жерден шекараны ашып тастаған. Алдымен қала жастары өтіпті. Шапанын иығына салып өте шыққан сыбай-салтаң жастар. Олар балдай батып, судай сіңіп кеткен. Одан соң шекарадан бес-он шақырым жерде отырған ауылдар өте бастайды. Одан 30-40 шақырымдағы ауылдар өтті. Біздің қазекеңнің ана жерде ұзатылған қызы бар, мына жерде құдасы бар, сонау жақта жекжаты бар. Солар бір-бірімен хабарласып, біріне-бірі айтып, қазақтың ұзынқұлағы телефоннан да шапшаң, көш хабары бүкіл аймаққа таралып болды ғой екі күннің ішінде. Көш өтіп жатыр. Мен де ана ауылға бір соғып, мына ауылға бір соғып, қозғалмай тұрған ауылдарды қозғап, біресе қалаға келіп, біресе қырға шығып, жүрек дүрсілдеген, көңіл алағызған бір аласапыран күндер болды. 25-тегі жас кезіміз ғой. Шаршау дегенді білмейміз. Содан әбден бұрығып, ұйқыдан ұшып кете жаздап, 22-сәуір күні Шәуешекке келдім. Өйткені онда екі қарындасым оқиды орта мектепте, шешем бар. Жол бойы, разы болатының, андыздаған көш. Үлкен ауылдар иен қапты. Айнала ұлыған иттер...

- Қытай жағы көшті тоқтатпаққа шара қолданып, қарекет етті ме?

- Шәуешек әкімшілігі, сақшысы бар, басқасы бар, аймақтық парткомда жиналыс ашады. Басында көш бұлай ұлғайып кетеді деп ойламаған. Үгітке тоқтамаған елді Совет Одағы қабылдамайтын шығар, қайтарып тастайтын шығар деп үміт етеді. Ол үміт ақталмайды. Содан Үрімжіге хабарлайды, Үрімжі Бейжіңге хабарлайды. Содан нұсқау келгенше уақыт өтіп кетеді. Бірақ жергілікті өкімет қамсыз емес еді, осы көшті бастап жүрген бұзақылар бар. Соларды ұстап қалайық деп шешеді. Кейін елді бүлдірген осылар деп өздерін ақтау үшін аймақтық үкімет жеті адамды ұстауға сақшыға нұсқау берген екен. Тізімнің басында мен тұрмын, әрине. Жұмаділов деген осы. Совет Одағында оқып келген. Халықты үгіттеген де – сол, Мәскеуге хат ұйымдастырған да сол. Бірақ құдай сақтағанда, анда-мында шапқылап жүрген мені ұстай алмайды. Оның үстіне дүние аласапыран. Ұлты қазақ сақшылар қаруын лақтырып тастап, өздері көшпен бірге кетіп қалған. Ал қытай сақшылары жер жадынын білмейді. Жоғарыда айтқанымдай 22-сәуір күні шаршап-шалдығып Шәуешекке келсем, шешем де қамсыз болмай, бір көрші қақпадағы ұйғыр арбакешпен келісіп отыр екен. Таңертең ерте жүретін болдық. Сөйтіп отырғанда, осы күнгі белгілі ақынымыз сол тұста Шәуешекке келіп жүрген «Шыңжаң» газетінің тілшісі Қажытай Ілиясов кіріп келді. «Ойбай ағатай, аман екенсің ғой!»... «Не болды?». «Сені ұстауға жарлық берілген, кешеден бері сақшы іздеп жүр. Жаңа да мен кіргенде, қақпаның алдында екі адам тұр, қытай. Қайда барасың деп мені тексеріп кіргізді. Кетпесең болмайды». Мұны естіген шешемде дегбір қалмайды: «Ойбай кетіңдер. Мен өзім ертең арбамен бірдеңе ғып жетермін, Жаманты заставасынан табарсыңдар» - деді. Сосын Қажытай ақырын қақпаға барып еді. «Ойбай, әлгілер төртеу болыпты, қытайша сөйлесіп жатыр. Үйінде екен, қазір басып кіреміз дейді. Ұстап әкетпек қой. Бізде қару бар деп ойлайтын сияқты» деп қайтып оралды. Содан жан-дәрмен қораның сырт жағындағы биік дуалдың үстіне шығып, ары қарай секіріп түстік. Зымырап қашып келеміз. Көше қараңғы. Ел аяғы сирек. Шәуешек қаңырап бос қапты. Он күн болған ғой көш басталғалы.

- Елді ата жұрттың жолына салып жүріп, өзіңіз қолға түсіп қала жаздаған екенсіз ғой?

- Айтпа деймін. Мен неше күннен бері ұйқы көрмей шаршағам. Қажытай менен гөрі сирақтылау, қолымнан алып дедектетіп, құстай ұшырып келе жатыр. Қаланың шетіне шыққанда түнеп жатқан көшке кезіктік. Мені танитын көш. Сусын ішіп, әйтіп-бүйтіп жан шақырып, мызғып алдық та, екеуміз таң ата тартып кеттік. Күн арқан бойы көтерілгенде шекараға да жеттік-ау. 23-сәуір. Жайнап тұр дүние. Кеше тау жақта жаңбыр жауған ба, шекарадағы шағын өзен сол күні лайланып, өткел бермей жатыр екен. Кешіп өтейік деп едім, Қажытай айтты: «Сен аяғыңды шешпей-ақ қой, мен арқалап өте шығайын». Бәтіңкесін лақтырып жіберді де, мені арқалап өтті. Аштық кезінде өзімізде салмақ та жоқ. Соны қазір Қажытай қалжыңға айналдырып, «Сол кезде зілдей ауыр еді, сөйтсем бір қап роман арқалап өтіппін ғой» деп айтып жүр.

Әншейінде құстан басқа ештеңені басынан асырмайтын шекара аяқ асты жол боп қалыпты. Қазақтар біресе олай, біресе бұлай шауып өтеді. Біз де көшті тамашалап әрі-бері араладық. Сөйтсек, Ақшоқының сай-саласы, бер жағындағы Бақтының үсті жыртылып айрылғандай. Көктемдегі құс базары дерсің. Бүкіл Шәуешек қазағы осында. Қаладағы 100 мыңға жуық адам қауырт өткен. Жайрап жатқан жұрт, біреу киіз үй тігіп алған, біреулері ашық аспан астында жатыр. Көп мал айдап келген. Қой жүрмейді, қора-қорасымен қалып қойған. Әр тұста ірі қара сойып жатыр. Бірнеше үй бірігіп ошақ көтеріп, қазан қайнатып жатыр. Аштықтан әбден тырнағы қурап, өзегі талып келген ел. Неғыласың. Мейрам. Өлең айтып, ән салып жатқан жұрт. Ауыздағы қақпақ, тілдегі тиек алынған. Жаңа өмір басталғалы тұр. Келген адамдарға жүк машинасымен нан үлестіріп жатыр. Әрбір 40-50 адамға санап отырып бір қап қант, ұсынған қолға бір-бір ақ бөлкеден беріп кетеді. Қандай бай елге, тоқ елге келгеніміз бірден белгілі болды. Айра-жайра. Содан екі қарындасымды алып шешем келді. Оның артынан іркес-тіркес өзіміздің елдің көші келді. Көңіл орнықты.

- Нақ сол сәттерде қандай көңіл күйде бодыңыз?

- Ақшоқының бір кезеңіне шығып арт жаққа қарап тұрғаным есімде. Бүкіл Құлыстай даласы аңдыздаған көш. Бұдақ-бұдақ шаң. Шұбырып, шұбап әлі келіп жатыр. Бұл енді бір кезде өзім қашып өтем бе деген шекарадан бүкіл ел көшіп өткеніне, сол елдің көшуіне мұрындық болғаныма, сол көшті ұйымдастырғаныма, соның жоспарын құрып, алды Мәскеу, арты Алматыға хаттар жазып, бір-біріне түйістіргеніме марқайып ұшпаққа шыққан, өмірдегі ең бір бақытты шағым еді. Сол күн, сол сәттер өмірі ұмытылмайды. Шынында да солай. Міне, сол көшке биыл елу жыл толып отыр ғой. Менің кітаптарым, шығармаларым өз алдына, әдеби еңбегім өз алдына. Ал жалпы ұлт алдында бітірген азаматтық еңбегімнің шыңы – сол 62-ші жылғы көш. Оны осы күнге дейін ризалықпен еске аламын. Бүгінге дейін осы көш айтылмай келді, жазылмай келді. Қазақ тарихындағы үлкен бір белес қой. Осыны зерттеген адам жоқ. Жоқтан өзге ұсақ-түйек тақырыптарға тарихшылар диссертация қорғап жатады. Қазақтың көш шежіресіндегі айтулы белес – 62-ші жылғы көш зерттелмей қалды. Өйткені, Совет Одағы кезінде айтылмайтын құпияның бірі болып келді. Тәуелсіздіктен кейін аяқсып кетті, билік те, біздің зиялы қауым да, мына ғылыми қауым да өз бастарынан кешпеген соң онша ықылас танытпады.

- Келген елді қарсы алу, жан-жаққа таратып орналастыру дегендей, бірталай қарбалас болған шығар?

- Мені шекарадан өте сала тағы қызметке жегіп қойды. Атқа мініп, жұртқа азық-түлік тарату керек. Ерулік жұрттың бәріне бірдей тисін дейді. Екінші, малды ысырап қылып соя бермеу керек, әндет тарауы мүмкін. Неше он мыңдаған адам жатыр сай-салада, қырат-қолатта. Алматыдан шенеуніктер, бастықтар келген. Сұраймын ғой: «Біз мұнда неге жатырмыз?» деп. Мәскеуден рұқсат хабар күтіп отыр екенбіз. Бүкіл Семей, Шығыс Қазақстан, Талдықорғанның жүк машиналары дайын тұр. Команда болса, болды, Аягөзге қарай ала жөнелмек. 24-і күні жұрттың бәрін тізімдеді.

Бір күні келді ғой, ақыры, сүйіншілеген жігіттер. Хабар келіпті, көшті қабылдауға Хрущев қол қойыпты. Сол-ақ мұң екен сай-сала, бүкіл Ақшоқының, бүкіл Жамантының қолат-қонышына сыймай, бұлақ-бұлақтың басында апталап жатқан қалың елді 4 облысқа ал келіп тасыды дейсің. Алдымен Аягөзге апарады. Аягөз көпірінің астында, бергі кіре берісінде кең жазық бар. Соған апарып төгіп жатыр екен. Неше жүз машина, күндіз-түні тынымсыз жүргеннен Аягөз-Бақты тас жолы қазылып кетті. Соншама халықты үш-ақ күнде тасып бітірді. Бәрін солай тасыпты. Шәуешектің желкесінен, бас жақтан өткендерді Шығыс Қазақстан мен Семейге, ал Алакөл маңынан өткендерді Талдықорған мен Алматы облыстарына бөлген. Тасымал көлікке ыңғайлы болсын деп. Керемет. Шекарадан өте бере кісі басы, балаға дейін 30 сомнан ақша берді. Жанқалта пұлдары десе керек. Ол да жақсы, әжептәуір ақшамен Аягөзден түстік. Сол жерден елді пойызға тиеп бөліп әкетіп жатыр екен. Семейдің бүкіл Абай, Шұбартау, Бесқарағай, Ақсуат, Көкпекті, мына жағы Зайсанға дейін тасып әкетуде. Біз көп елміз. Шәуешектің негізгі халқы Төртуыл дейтін ел. Жеті болыс ел, ол жақта жеті зеңгі дейді. Бүкіл Абай ауданындағы тобықтылар Абай тұсында бес болыс болған ғой. Жеті болыс деген кемінде 100 мыңдай халық. Солар осы жаққа келіп, быт-шыт болды. Не шара қыларсың әлгіндей апас-көпесте. Біздің Күдері бидің әулетінің өзі жартымыз Жармада қалдық та, жартымыз Ақсуатқа кетіппіз.

- Жергілікті жердің бейілі қалай болды?

- Бізді жақсы қарсы алды. Айта кететінім, сол кездегі Жарма ауданының, қазір кейбіреуі бар, кейбіреуі о дүниелік боп кеткен шығар, өйткені сол кездің өзінде үлкен кісілер болатын, райком секретары Тортаев, оқу бөлімінің бастығы Хадес Жақсыбаев, совхоз директоры Күнсіләм Мұсажанов бізге қараған ағайын-әулетті бытыратпай бар жағдайды жасады. 120 отбасы қатар жатқан екі совхозға орналасып алды. Ішінде 6-7 мұғалім бар еді, түгел мектептен орын берді. Жарманың орталығы Георгьевкада үлкен мектеп-интернаты бар екен. Балалардың барлығын сонда тоғыттық.

Сол көшті еске ала отыра, бүгінгі билікке, әкімшіліктің құлағына алтын сырға деп айтатын бір жайлар бар. Ол – сол кездегі тәртіп, сол кездегі іскерлік. Бай елге келгенімізді бірден білдік. Әр ауылда еруліктеріңіз деп қой байлап кетеді әр үйге. Бір-бір қап ұн. Үй басы бір-бір бұзаулы сиыр. Біз екі түтін боп келгенбіз. Шешем екі сиырды байлап алыпты. Ары қарай ашаршылық жоқ қой. Мәз бәрі. Үй басы бауырсақ пісіріп, әшейін, не қыласың, мәре-сәре болып жатыр, ерулік десе ерулік. Бұл бір. Екінші, паспорт үстелі мекемесінің адамдары келіп журналға тізімдеп жазып алып кетті де, екі айдың ішінде бірден паспорт үлестірді. Ауданға да, облысқа да сандалтқан жоқ. Мен Жармаға мамырда кеп орналастым, мамыр, маусым өтті, шілдеде Алматыға келдім оқуымды жалғастырайын деп. Сонда қалтамда Кеңес Одағының азаматы деген қызыл паспорт болды. Атажұртты аңсап келгендер бір ай, жарты айдың ішінде түгел жұмысқа орналасты. Келгендердің көбі малшы қауым. Жарма ауданы адамға зәру екен. Малшыға жарыды да қалды. Қара жұмыстың өзі қандай, қолма-қол ақша береді. Шөп шабу, қора жөндеу, қой қырқу, совхоздың қат-қабат жұмысы жұрттың бәріне жетіп тұр. Ел түгел орныққанша мен ауылда жүріп қалдым. Қанша айтқанмен, көш бастап келген адаммын, бұл жақты, Совет Одағын білетін адаммын, орысша-қазақша сауатым бар дегендей. Совет Одағының КГБ-сынан қырағы мекеме болған емес. Солар бізге сенім артты ғой. Көшіп келген 200 мың адамға сен кімсің деп ешкімді тектемеді. Бірақ сол қалың елдің ішінен бірде-бір шикі адам шыққан жоқ. Бірде бір жансыз, шпион болмады. Туған жерін, атамекен ел-жұртын аңсап келген адамдар бірден еңбекке, жақсы өмірге, кеңшілікке күмп ете қалды.

- Сол көштің жақсылық-игілігі қандай болды деп білесіз?

- Ең ғажабы сол, Семейдің, Өскеменнің, Талдықорған мен Алматының, бүкіл Қазақстанның экономикасын, мәдениетін, көтеруге үлес қосты солар. Рекорд жасаған малшылар шықты. Атақты Көккөзовтер, мысалы. Сол көшпен келген Семейдегі атақты малшылар, қойшылар. Мына өнер адамдарын айтыңыз. Сол кездегі жас балалардың өзі қазір ер жетті. Қазіргі мемлекет хатшымыз Мұхтар Құл-Мұхаммед екі жаста еді. Күйшіміз Секен Тұрысбеков бесікте келген. Майра Ілиясова үш жастағы қыз болатын. Өнер мен ғылым қайраткерлері қаншама, ғылым докторлары. Жазушы Асқар Алтай іште кеп, осы жерде туған. Менің Салтанат дейтін қарындасым бар, іште келіп, бір айдан кейін туған. Ол да міне елуге келді. Бұл көш Қазақстанға құт әкелген көлікті көш болды. Сол кездегі қазақтың сортаң көліне тұщы бұлақтар құйылғандай, қайтадан шалқып кемерінен асып кетпесе де, ұлт ағзасын едәуір жандандырып, демографиясын кемелдендіріп кеткен көш болды. Олар баладан үрікпейді, көп өтпей-ақ он балалы отбасы болып шықты бәрі. Мақаш Тәтімовтердің есебі бойынша, үрім-бұтағымен қазір миллионға тартыпты. 59-жылғы санақ пен 69-жылдың санағы арасындағы керемет секіріске кейбір демографтар таң қалады. «Бұл қазақ қалай тез өсіп кетті екі еселеніп?» – дейді. Өйтіп таңданғанша, сол бір алтын көшті зерттеу керек.

Көш әлі жалғасып жатыр. Бірақ кейінгі кезде саябырлап тұр. Мұны жандандыру керек, «Нұрлы көшті» шын мәнінде нұрлы қылуымыз керек. Шеттегі қазақтар – алтын қорымыз. Халқымызды 20-сыншы жылдарға дейін 20 миллионға жеткіземіз деп жатырмыз. Көбеюдің тағы бір қайнар көзі сырттағы қандастарымыздың елге оралуы. Ата кәсіпті ұмытпаған, ешкімге жалынбайтын еңбекқор адамдар бәрі. Келсе болды, ары қарай дүр ете қалғалы тұр.

- Осынау көш мысалынан бүгінгі өмір тәжірибемізге алар тағылым, үлгілер бар ма?

- Әлбетте. Сол көшке, міне, 50 жыл болды. Осы елеулі оқиғаны мына қоғам боп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бар, Көші-қон агенттігі бар, т.б. бар, мәнді, мазмұнды етіп атап өтуіміз керек. Қазіргі көштің тоқтап қалғанын бәз біреулер: «Ана жақтағы қазақтар екі ойлы, келгісі келмейді» деп түсіндіретін көрінеді. Ол бекер сөз, ол халыққа жабылған жала. Көштің насихаты жоқ. Осы 62-ші жылғы айналайын көшті атап өтіп, көрнекі шежіресін баян етсек, соның өзі көпке үлгі шашар еді, көштің насихаты болар еді.

Осы тұрғыда көркем, деректі фильмдер түсірілсе, естелік мақалалар, әдеби шығармалар жарияланса арнайы. Тіпті, енді республика бойынша атап өтпесек те, сол көшті қабылдап, негізгі салмағын көтерген Алматы мен Шығыс Қазақстан, осы екі облыста неге атап өтпеске? Сол көшпен бірге келген адамдарды, қайраткерлерді жинап, бесікте келген әншілер, күйшілер, министрлер, мемлекеттік хатшы боп отыр, соларды шақырып, бір жерде салтанатты бір жиналыс ашып, атап өтсек, бұл жақсы болар еді ғой. Келіп жатқан оралмандарға да, енді келеміз бе, жоқ па деп, екі ойлы боп жүрген ағайынға да үлкен насихат болар еді. Сол жылдары, сол көшке қайрат қосып, жүк артысып, арқан тартысқан жігіттердің өзі қазір 70-тен асып кетті. Сондағы ақтарылған селмен бірге келген, жер басып жүрген жерлестерімді сол ұлы көштің 50 жылдығымен құттықтаймын. Біз ұтылғанымыз жоқ, сол көш арқылы біз болашағымызды айқындап, ата жұртымызға келіп қосылдық. Тәуелсіздігіміздің де көк байрағын бірге көтерістік. Үлкен орданың мүшесіміз. Еліміз, жеріміз, қазағымыз көркейіп, көсегесі көгерсе, сол ұлы дудың ішінде біз де бармыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». 30-мамыр, 2012 ж.