Сұхбаттар

Шынайы жазушы әдебиетке өз тағдырымен келеді

ҚАЗАҚ ҚАРАСӨЗІНІҢ ДАРАБОЗЫ

Жазушы Қабдеш Жұмаділовпен сұхбат

«Шынайы жазушы әдебиетке өз тағдырымен келеді»

- Сіздің «Қазығұрт» баспасынан 12 томдық таңдамалыңыз жарыққа шықты. Ондағы шығармалардың дені қылышынан қан тамып тұрған Совет цензурасының заманында жазылды. Сараптау барысында бүгінгі оқырманның талабына дөп келмей, жинаққа ене алмай қалған шығармаларыңыз болды ма?

        - «Қазығұрт» баспасынан шыққан 12 томдығым шығармашылық белестегі үлкен табысым болды. Шынын айтқанда, бұл томдықтарды шығару оңайға түскен жоқ. Көмектеседі деп сенген үкімет бір тиын да қаржы бөлмеді. Біреуге сенген күн күн емес екенін осы жолы қатты сезінгендеймін. Томдықтарды шығару барысында қатты қиналғанымда, «Осының бәрі маған не үшін керек?» деп бәрінен бас тартпақ болып та оқталдым. Дегенмен, әдебиетті қадірлейтіндер, көркем сөздің киесін түсінетіндер бар екен. Солардың жанашырлығымен барлық қиындықты жеңіп шықтым. Тіпті томдықтарға алдын ала таспырыс беріп, қаржыларын баспаның есепшотына аударып, жүгіріп жүрген жанашыр оқырмандарымды көргенде, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Оларға рахмет, әрине. Ел бар екен... Осындай тілеулес жұртшылықтың арқасында 12 тодық екі жылға созылып, 2004-2005 жылдары жарыққа шықты. Жақында ғана осы томдықтардың соңғы кітабы жарық көрді. Қазіргі өлшеммен алғанда таралымы да жаман емес – 3000 дана! Көп томдық үшін бұл жақсы көрсеткіш. Айтып өтейін, томдықтарға негізінен елге танылған кесек шығармаларымды енгіздім, 10 роман, 5 повесть, ондаған әңгімелерім бар. Оның алғашқы он бір кітабына таза прозалық дүниелерімді кіргіздім, ал он екінші том естеліктер, мақалалар, ой-толғамдарымнан тұрады. Менің жазғандарымның көпшілігі өздеріңіз айтқандай, Кеңес дәуірінің кезінде советтердің қылышынан қан тамып тұрған кезде жазылған дүниелер.

Әйтсе де, «Соңғы көш», «Тағдыр», «Атамекен» атты романдарым қайта басылғанда пәлендей өзгеріске ұшыраған жоқ. Тек «Соңғы көштің» бірінші томында 1932 жылғы ашаршылықты суреттеген тарау бар еді, ол кезінде қырағы цензурадан өтпей қалған болатын. Соны қайта кіргіздім.

         Мен өзі жұрт жабыла мақтай беретін 60-жылдардың түлегімін. Осы кезеңде әдебиетке үлкен талантты топ келіп қосылды. Негізінен, олар алдындағы аға буын өкілдері сияқты емес, ой-жүйесі бөлек, ұстанымы ұлтжанды жаңа буын өкілдері еді. 37-нің зұлматтарын басынан кешпеген, соғысты көрмеген, 52-нің мүштегіне ілінбеген бұлар алдыңғы ұрпаққа қарағанда батылырақ, асаулау, дүбірлі болды. Әдебиетке жаңа өріс әкеп қосты. Тіпті, сол уақыттағы әбден қалыптасып үлгерген социалистік реализм қағидаларынан шығып кетіп отырды. Өйткені, уақыттың мүмкіндігі солай еді. 60-жылдағылар осы мүмкіндікті сәтті пайдаланды. Осындай таланттар туғызған уақытта келгенім үшін мен өз тағдырыма ризамын. Бақыттымын. Дегенмен, менің жазу машығым мен мәнерімде әріптестеріме ұқсамайтын өз ерекшелігі болды. Таратып айтсам, шынайы жазушы әдебиетке өз өмірбаянымен, өз тағдырымен, өз тақырыбымен келеді ғой. Қолына қалам ұстаған кісі ретінде мен де осы қағиданы аттап кеткенім жоқ. Сонда, ол не ерекшелік дейсіз ғой? Менің өмірбаяныммен біршама таныс адам біледі, өзім Қытайда – Шыңжаңда дүниеге келген қазақпын. Сол жақтағы қазақтардың көшпелі өмірін (ең соңғы деуге болар) өз көзімізбен көріп ержеттік. Міне, осы көшті мен әдебиетке әкелдім деп ойлаймын. Былайша айтқанда, қазақ диаспорасы жайындағы тақырыпты әдебиетке енгізген, соның іргетасын қалаған қаламгер ретінде танылдым. Әдебиет сыншылары болсын, жазушылар болсын, маған басқаны қимаса да, осы ерекшелігімді мойындайды. Оған да шүкіршілік. Шынына келсек, бұл өзі оңай нәрсе емес, маған дейін ешкім қозғамаған, түрен түспеген тақырып еді. Қиын болған соң да, «Соңғы көшті» жазғанда мүмкіндігінше шындықты, ақиқи болмысты бұрмаламай, барды бардай, жоқты жоқтай жеткізуге тырыстым. Төңкерістер дәуірінде ұлттың рухани дүниесі, идеология көп өзгеріске ұшырайды ғой, бұдан бәрінен бұрын тарихшылар мен әдебиетшілер көп қиындық көреді. Тіпті тоқырауға ұшырап қалатын кездері де болады. Олардың жазғандары жаңа дәуірге үйлеспей, оқылмай мазаққа ұшырап қалатын кездері де аз емес. Бір тәуірі, өз басым осындай оқылмайтын немесе жазғандары түкке тұрмай күресінге лақтырылатын дүниелерден аман екенмін. Осы шығармамды неге жаздым деп өкінетіндей кітабым жоқ екен...

         - Сіз 1962 жылы қазақтың ұлы көшіне мұрындық болып, сонау Шығыс Түркістанда жатқан қалың елді өзінің атажұртына қарай көшіріп-қондыруға үлкен үлес қостыңыз. Осы көш туралы «Соңғы көш» атты тамаша роман жазып, қазақ прозасына қомақты олжа салдыңыз. Бізге осы жайында әңгімелеп берсеңіз?

         - Бір жамандықтың бір жақсылығы болады деп бұрынғылар қалай тауып айтқан десеңізші. Алдымен мен Қазақстанға 1956 жылы оқуға келгенмін. Сосын екі алып елдің (ол кезде КСРО және Қытай) арасында салқын сызат түсіп, 1958-жылы қайта шақыртып әкетті. Ол жақта мені басымнан сипай қойған жоқ, сүргінге айдады. Сүргінде 4 жылымды өткіздім. Сөйтіп, атажұртқа 1962 жылы қайта оралдым. Төрт жыл сүргінде жүру, былайша қарағанда, босқа өткен уақыт секліді. Шығармашыл адам үшін үлкен шығын, әрине. Бірақ, есесіне, ол жақтан үлкен олжамен оралдым. Олжа деп отырғаным «Соңғы көш» атты екі томдық кітабымның материалдарын жинап, зерттеп, зерделеп қайттым. Егер елге қайта бармасам, әлгіндей қысымға ұшырамасам, «Соңғы көш» жазылар ма еді, жазылмас па еді... Бұл – бір. Екінші бір жеңісім - өткен ғасырда, 1962 жылы атажұртқа бет алған көштің бұйдасын ұстап келгендігім. Әрине, көшке жетекшілік еткен адамдар көп болды. Алайда, сол көшке дем беруші, яғни идеологы өзім болғанымды мақтан тұтамын. Неге иделогы? Түсіндірейін. Ол кезде Мәскеудің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, атқа мініп тұрған тұсы. Қазақстан өз бетінше ештеңе шеше алмайды. Біз жүздеген адамдардың қолы қойылған ондаған хаттар жазып, оны тұп-тура Кремльге жіберіп отырдық. Хрущевтің атына, Ворошиловтің атына, кейде олардың көшірмесін Қонаевқа салатынбыз. Осы хаттардың бәрін мен өз қолыммен жазып, жіберіп отырдым. Өйткені, мен Алматыда оқыған адаммын, кириллицаны жақсы білемін, орысша да сауатым жетеді. Сондықтан маған жұртшылық қатты сенетін. Оның үстіне танылып қалған жас жазушы деген атағым бар. Таңқаларлығы, бізге қолма-қол жауап келіп отырды. Қайдан десеңізші?! Кремльден! Сол бізге сенім ұялатты. Сонымен 1962 жылы 10 сәуірде көш басталып кетті. Бұл көш бар болғаны 20 күнге ғана созылды. Айтқандай, көш те келді, Совет жағы Тарбағатайдың төрт жерінен бір-бір шақырым қашықтықта шекараны ашып тастады. Сонда негізінен Шәуешек қаласы мен осы аттас аудан, Шағантоғай мен Дөрбілжін ауданынан барлығы 200 мыңдай адам өтіп үлгерді. Алайда, Қытай жағынан қатаң ультиматум қойылып, мамырдың 1 күні шекара қайта жабылды. Қаншама қандастарымыз өтуге үлгере алмай қапыда қалды. Дегенмен, мұның өзі үлкен шаруа болды ғой деп ойлаймын. Биыл осы көштің өткеніне 44 жыл толып отыр. Кітаптарымды, жазған дүниелерімді есепке алмағанда, осы көштің басы-қасында жүргенімді өзімнің ұлт алдындағы азаматтық қызметімнің шыңы деп есептеймін. Тағдыр маған осындай бір миссияны орындауды маңдайыма жазған болу керек, мен сол міндетті абыроймен атқарып шыққаныма ризамын. Оның соңы өздеріңізге белгілі «Соңғы көш» романына ұласты. «Соңғы көш» қалай жазылды, негізгі кейіпкерлері кім деген мәселеге тоқталмай-ақ қояйын. Себебі, ол туралы көп жазылды, айтылды. Онымен оқырмандарым жақын таныс. Бұл жөнінде «Соңғы көш» қалай жазылды?» деген мақаламда да егжей-тегжейлі айтылған. Ескерте өтетеін бір нәрсе, «Соңғы көш» деп тақырып таңдағанда, мен жай әншейін көшіп келе жатқан көшті емес, одан гөрі ауқымдырақ мағынада, яғни көшпелілердің соңғы тұяғы деген ұғымда жеткізгім келді. «Соңғы көш» деп тақырып таңдағанда да осы ұғымды негізгі ұстанымға алдым. Дерекке сүйенсек, жалпы көшпелілердің тарихы үш мың ба, әлде бес мың жылға ма созылған ғой. Соның ең соңғы кезеңі секілді мағынада... Былайша айтқанда, көшпелілердің ең соңғы батыры, ең соңғы баһадүрі, ең соңғы аруы, ең соңғы көш көріністері, керек десеңіз, ең соңғы ұрысын да суреттеп, көрсеткім келді. Біле білсеңіз, бұл типтер мен кейіпкерлер галереясы күні ертең тарихқа айналады. Тарихтың беті аударылайын деп тұрған уақыттың характерін, қоғам мінезін қағаз бетіне сол күйінде түсіргім келді. Оның үстіне бұл кітап сол көштің тірі құжаты ретінде құнды ғой деп ойлаймын.

«Отанын іздейтін қазақ қалмай ма деп қауіптенемін»

- Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері алыс-жақын шетелдегі қандас бауырларымыз өзінің ежеогі атажұртына бет түзеді. Жапа-тармағай, қауырт көшіп келіп жатпаса да көш сорабы үзілген жоқ. Сіз дәл осы мәселе туралы талай рет дабыл қағып, баспасөз бетінде ой-толғамдарыңызды ашық айтып келесіз. Әйтсе де, осы бір өзекті мәселе әлі де өз шешімін тапқан жоқ. Мұның себебін неден деп білесіз?

- Рас айтасыз, сол көш әлі тоқтаған жоқ, жүріп жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін 90-жылдардың басында қайта жанданды. Тіпті бұл жолы географиялық көлемі ұлғайды. Тек Қытай ғана емес, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресейден, сонау қияндағы Түркиядан қандас бауырларымыз ат басын атамекенге тіреп жатыр. Бұған тәубе деуміз керек. Шындығында бұрын хабарсыз екенбіз, 5 миллион қазақ сырт жерде өмір сүреді екен. Бұл – халықтың үштен бірі деген сөз, өте сирек кездесетін жағдай. Өзім бір кезде көш бастап келген адам ретінде бүгінгі еліміздегі көші-қон мәселесіне әрқашан назар аударып отырамын. Көңілім толмаған жағдайларды ашық айтып, талай мақалалар жаздым. Мысалы, «Қазақ әлі қоныстанып біткен жоқ» деген сыни дүнием жоғарыда біраз дүрбелең туғызды. Одан басқалары да бей-жай қалдырған жоқ.

Осы жерде бір мәселе, қазақтың басындағы трагедиялық жағдайлар халық санының аздығынан болып жатыр деп сеніммен айта аламын. Қазақтың саны кем дегенде 80 пайызды құрасыншы, не болар екен?! Қазіргі проблемаға айналып жүрген көптеген мәселелер өздігінен-ақ шешілер еді. Тіл мәселесі, дін мәселесі зәрезап ауруға айналмас еді. Мәселен, осы күні халықтың санын 20 миллионға жеткіземіз деп ұрандатып жатырмыз. Осылай ұрандатып аламыз да, балаларымызды шетелге сатуға арланбаймыз. Логика қайда? Бұл – бір. Екіншіден, табиғи өсім қанша жақсарды дегенмен, баяулап қалғанын мойындайық. Бірақ оның да үлесі бар екені рас. Меніңше, осы демографиялық өсімге өзіндік үлес қосып, қарқын беретін бір тетік – жат жұртта жүрген қандастарымызды елге әкелу болса керек. Сондықтан демографиялық дүниеге байланысты үкіметтің ұстанып отырған саясаты шын болса, көші-қон қарқынын арттыру қажет. Олардың халық санының көбеюіне өз үлестерін қосатынына сенімдімін. Бірді айтып, бірге кетемін. Қиыншылықты, қысымды, тепкіні көп көрген халық шыдамды, қайсар, төзімді, білімді келеді. Қазіргі қазақ тап осындай жайтты басынан кешіріп отыр. Ендігі бір мәселе, негізгі көштің көзі қай жерде, осыны анықтап алу керек. Менің ойымша, көш көздері үш-төрт елде ғана. Айталық Қытайда 1,5 миллион қазақ бар, Моңғолияда 150 мыңдай, Өзбекстанда 1,5 миллион, Ресейде 1 миллионнан астам. Міне, көштің көздері осылар. Жуық арада сарқылмайтын, таусылмайтын көштер. Алайда, көш қозғала қалған жағдайда оларды лайықты қарсы алуға біздің еліміз дайын ба. Күмәнім бар. Мұның, әрине, объективті және субъективті себептерінен айналып өте алмаймыз. Қарап отырсаңыз, бүгінге дейін көштің көңілдегідей жүрмеуін оған бөлінетін квотаның аздығынан көріп келдік. Осы жайтты шешетін кез келді. Еліміздің экономикасы қарқындап дамып, тұрғындардың жағдайы көп жақсарып калды.

Оның үстіне бізде «Ұлттық қор» деген қорымыз жұмыс істейді. Өткенде осы қордың басшысы «Біздің Ұлттық қорда 15 миллиард доллар қаржы бар» деп сөйлеп жатыр. Меніңше, осы қордағы қаражаттың біразын көші-қонға бөлсек дұрыс болар еді. Ұлттық қордың қаржысын ұлттың басын қосуға жұмсамағанда қайда жұмсаймыз?! Ең игілікті жұмыс сол емес пе?! Біздің байлықтың пайдасын шетелдегі қандастарымыз да көрсін. Бұған олардың толық моральдық құқы бар ғой деп ойлаймын.

Былтыр Президенттің кандидатурасын ұсынып тұрып мынадай пікір айтып едім: «Мәскеу бір күнде салынған емес» дейтін орыстарда жақсы тіркес бар. Сол секілді Астана қаласы да бір немесе бес жылда тұрғызылмайды. Ол салына береді. Осы қалаға құйылып жатқан қаржының тым болмаса үштен бірін көші-қонға бұрса нұр үстіне нұр болар еді. Көші-қон біздің жайбасарлығымызды күтіп жатпайды. Өйткені, қазір ұлттардың оянған кезі. Мысалы, Қытайда қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылып жатыр. Ең сорақысы – оны ұялмай-қызармай, кәдімгідей айтып істейді. Енді бір жиырма жылдан кейін ол жақта Отанын іздейтін қазақ қалмай қала ма деп қауіптенемін. Өзбекстан мен Ресейде де осындай жағдай бар деп естимін. Қазірше тілін, елін білетін, атажұртын аңсайтын ұрпақ бар кезде көшіріп алу кезек күттірмейтін мәселе. Экономикамызды жөндеп алайық, сосын көшіріп аламыз ғой деу дұрыс емес. Мемлекеттің ең негізгі ресурсы адам екенін бір сәт те естен шығаруға болмайды. Әсіресе, біз секілді алып жері бар, кішкентай елі бар мемлекетке...

Шынын айту керек, осыған біздің ықыласымыз өте төмен. Мұны артық жұмыс, орынсыз шығын деп түсінетін шенеунікьер бар. Бұл мәселенің мәнісін терең түсінбегендіктен. Сосын, осы мәселеге жауапты адамдардың жауапсыздығынан квотаға бөлінген ақша тиісті адамына жетпей, жолда адасып жатады. Тіпті өз пайдасына пайдаланып кеткен жағдайлар да кездескен. Неге екені, әйтеуір, аталған Агенттіктің маңында көші-қонның не екенінен хабарсыз, не ұлтқа жаны ашымайтын, пайдакүнем біреулер отырады. Біздіңше, оның басшысы тағайындалғанда, қасына осы жайттан хабары бар, терең ұғынатын ұлтжанды азаматтарды қосса дұрыс болар еді-ау деп ойлаймын. Сонда оралмандарға аса зиян келмес еді. Мұның артында үлкен ұлттық саятсат жатқанын ескере бермейді біреулер.

- Қадірлі Қабеке, сіз Қазақстандағы қазақ әдебиетін ғана емес, алыс-жуық шетелдегі қазақ әдебиетін де жақсы білетін білікті тұлғасыз. Шыңжаң қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірегейі, аса талантты жазушы Қажығұмар Шабданұлының тағдыры мен оның шығармашылығы жайлы мұндағы оқырмандарды хабардар еттіңіз. Осы тақырыпты әрі қарай қаузасаңыз, біз білмейтін таы қандай талантты ақын-жазушылар бар. Жалпы, Шыңжаңдағы қазақ жазушыларының бүгінгі жай-күйі қандай?

- Жазушылар одағында «Шетелдердегі қазақ әдебиеті» деген кеңес бар. Мен сол кеңестің төрағасымын. Сондықтан келіп-кетіп жатқан қаламгерлерді қадағалап отырамын. Өздеріңе де белгілі, тәуелыіздік алғаннан кейін шет жақта жүрген көптеген ақын-жазушылар қайтып оралды. Шама-шарқынша еңбектеніп жатыр. Олардың ішінде Серік Қапшықбайұлы, Жақсылық Сәмитұлы, Жәркен Бөдеш, Оразанбай Егеубаев, тағы басқаларды атауға болады. Ал, енді талантты бір шоғыры атамекенге жете алмай арманда өтті. Мәселен, Рахметолла Әпшеұлы, Мақатан Шәріпханұлы, тағы басқалар... Міне, сондай жанның бірі әрі бірегейі – Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің классигі Қажығұмар Шабданұлы. Бұл кісі ұзақ жыл түрмеде, тар қапаста жатты. Сізге айтсам, бастан-аяқ қырық жыл бойы түрмеде отырған адам өте сирек. Ол қазір 80 жасқа келген ақсақал. Осы сексен жастың тең жартысын түрмеде өткізген. Шәуешек қаласында тұрады. Аман-есен жүріп жатыр. Былтыр осында Жазушылар одағы бас болып, ол кісінің 80 жылдық мерейтойын атап өттік. Өзі жоқ, туыстары, Қажығұмарды білетіндер мен көзін көргендер қатысты. Көптеген естеліктер айтылды, соның қарсаңында ғана Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының демеушілігімен оның «Пана» романы мен алты кітаптан тұратын «Қылмыс» романының бірінші томы жарық көрген болатын. Айтып өтейін, осы «Қылмыстың» 3 томы бостандықта жүргенде жазылса, қалған 3 томы тар түрмеде дүниеге келген. Роман оқиғасы шамамен 50 жылдық тарихты қамтиды. Қытайда Такламакан дейтін жер бар, Қашқариядағы Тарым өзенінің бойындағы атақты шөл. Қажығұмар Шабданұлы, міне, осында түрмеде жатты. Мұндағы қазақтар «ит жеккен» деп атайтын Сібірде – азап болса, Тарымда – тозақ. Өйткені, 50 градус аптап ыстықта өмір сүру кім-кімге де оңай емес. Әсіресе, еркін қанатты қазақ үшін...

«Жазушы әркімге ұнағысы кеп тұратын бойжеткен қыз емес»

- Қабеке, қазақтың прозасын қандай сүйіп оқысаңыз, поэзиясын да сондай сүйіп оқып келесіз. Құстың қос қанатындай әдебиеттің осы бір егіз жанрына бірдей қапысыз қалам тартқан жазушысыз. Заман өзгерді, уақыт талабы өзгерді. Оқырман ойы мүлде жаңғырды. Осы орайда қазіргі қазақ ақындарының аяқ алысына көңіліңіз тола ма? Оларда ізденіс байқала ма, байқалса қай тұстан байқалады?

         - Білесіз бе, мен соңғы кезде қызық нәрсені аңғарамын. Қаншама мемлекетте қазақ диаспорасы болса, соншама әдебиет бар деп айтуға болмайды. Сонан соң әдебиеттің болуы санға да байланысты емес. Мәселен, Қытай қазақтарында әдебиет бар. Ол – талассыз. Сосын бар болғаны 150 мың қазағы бар Моңғолияда да әдебиет біршама жоғары деңгейде. Есесіне 1 миллионнан астам қазақ өмір сүретін Ресейде әдебиет мүлде жоқ, үлкен өнер де жоқ. Өзбександа там-тұмдап қана деуге болады. Меніңше, әдебиет ұлт тұрған жерде тумайды, әдебиет ұлттың ұйыған жерінде пайда болады. Ұйытқы дегеніміз не? Сол жерде мектеп болу керек, ана тілінде ұрпақ тәрбиелеу керек, дәстүрдің қаймағы бұзылмау керек, ақыры соңы біршама тығыз қоныстанып отыруы керек. Осы секілді әдебиеттің өмір сүруінің көптеген шарттары бар. Осындай ұйытқысы бар жерде әдебиет туады. Ал, Түркияда 20-25 мың қазақ тұрады деп жүрміз. Бірақ ол жерден үлкен әдебиет туады деп үміттенудің керегі жоқ. Бір әңгіменің орайы келіп тұр. 1988 жылы Украинада Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің онкүндігі өтті. Көптеген қаламгерлер, өнер жұлдыздары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бөлініп-бөлініп алып, облыстарды араладық. Біздің топ Днепрді бойлап, Черкасск қаласына аялдап, сонда жұртшылықпен кездесу өткізді. Кездесудің ең бір шырқау шегіне жеткенде бір мектептің директоры былай сұрақ қойды: «Сіздерде 800 мың біздің қандастарымыз бар деп естиміз. Оған қуанамыз. Әсіресе, халық санағы кезінде бір марқайып қаламыз. Бірақ, онкүндікке келген жүзге жуық қаламгерлердің ішінде бірде-бір украин жазушысы жоқтығы біздің қарнымызды аштырып отыр. Неге бұлай? Сонда сіздердің елде тұратын украиндер әдебиетті қойған ба?» - деді. Мұндай тосын сұрақты ешкім күтпеген болу керек, зал құлаққа ұрған танадай тым-тырыс қалды. Бұл ауыр үнсіздік біразға созылып, тіпті зіл батпандатып жіберді. Топ жетекшісі ретінде маған жауап беруге тура келді. «Украиндар талантты халық. Украин ұлтынан шыққан бізде жақсы министрлер, белгілі хатшылар бар. Совхоз директорлары, колхоз төрағалары бар. Талантты инженерлер бар. Ұяттысы сол, бірде-бір украин жазушысы жоқ. Жазушының жоқ болатыны – украин тілінде дәріс беретін бірді-бір мектеп жоқ. Тілдік орта болмаса, украин әдебиеті қайдан пайда болады? Рас, бірлі-жарым қолына қалам ұстағандар бар, олардың өздері орыс тілінде жазады» дедім. Олар түсінді. Түсінгендіктен болар, қатты өкініш білдірді. Шетелдерде тұратын қазақтар да солай, ұйтқысы жоқ болса, ол жерде әдебиет те, өнер де тумайды.

         Енді қазақ әдебиетінің болашағы қандай, кейінгі толқыннан кімдерден үміт күтесіз дегенде, қазіргі жастарды қадағалап үзбей оқып жүрмін деп өтірік айта алмаймын. Әйтеуір, әдебиеттің бар екеніне сенемін. Әсіресе, тұлпар мінезді жанр – поэзияның қадамы сүйсіндіреді. «Қазақ әдебиетіндегі» «Жас қалам» қосымшасынан ара-тұра болса да жылт еткен жақсы шығармаларды көріп қуанып қаламын. Форма жағынан болсын, мазмұн жағынан болсын, ішкі иірім, ширығу, мінез – бәрі орнықты. Прозаға келгенде бұлай деп ауыз толтырып айта алмаймыз. «Мынау қайтеді-ей?!» дегізетін ешкімді көріп отырғам жоқ. Прозаға қарағанда поэзияның аяқ алысы алымдырақ секілді. Ал, Асқар Алтай, Нұрғали Ораз, Роза Мұқанова, Жүсіпбек Қорғасбек – бұлар қалыптасып қалған жазушылар ғой. Оларды жастардың арасына қосуға аузым бармай тұр. Елуді алқымдаған жігіттер қашанғы жас болып жүреді. Олар жасамыс жазушы болды. Сондықтан менің көзіме ешкім түспей жүр дегенде, 40-қа жетпегендер туралы айтып отырмын. Қазіргі жаңа типтерді әдебиетке әкелетін, міне осы жастар болу керек. Меніңше, олар да атқа мінетін күн жақын шығар деген үмітім бар.

         - Қабеке, сіз Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше ауданның құрметті азаматысыз. Сіз 70 жасқа келіп жатқанда ол жақтағы ағайындар да қуанып жатқан болар. Ел жаққа барып, аунап-қунап қайту ойыңызда бар ма?

         - Бұл сұрақтарыңа былай жауап берейін. Маған «Құты қонысыңыз қай жерде?» десе, алдымен Алматыны атар едім. Себебі, сонау 1956 жылдан бері өзімді алматылық санаймын. Алдымен оқуға келдік. Араға біраз уақыт салып осы арман қала – Алматыға қайта оралдық. Осы оқиғаға Құдай қаласы биыл елу жыл толады екен. Арғы беттегі төрт жылдық сүргінді есептемегенде, негізінен осындамын. Осында үйлі-баранды болдым. Балаларым да осы қалада дүниеге келді. Шығармаларымның негізгі арқауы да осы қалада жазылды. Сондықтан егер мен 70 жылдығымды атап өтуге ниет етіп жатсам, ол қуанышымды алдымен Алматы жұртшылығымен бөлісемін. Жазушылар одағы, қала әкімдігі бар, менің шығармашылық кешімді өткізуге қолдау көрсетеді ғой деген сенімдемін. Ал, атажұртым, менің кіндік қаным тамған жер – Тарбағатай. Меніңше, әркімнің арқа сүйейтін бір тауы болуы керек. Менің тауым – Тарбағатай. Айтпақшы, Тарбағатайдың ескі аты – Барқытбел ғой. Мен Барқытбелдің күнгейінде дүниеге келіппін. Осы таудың теріскейі мен күнгей жағындағы үш ауданның да Құрметті азаматымын. Олар Тарбағатай, Аягөз және Үржар-Мақаншы аудандары. Менің жазған шығармаларымның дені осы өңірдің табиғатын суреттеуге арналған. Мәселен, «Дарабоз» романын жаздым. Дарабоз – Қабанбай батырға халықтың лақап аты ғой. Оның ұрпақтары осы уақытқа дейін осы жерде тұрып келеді. «Прометей алауы» деген романымның басты кейіпкері Ақтайлақ бидің де ұрпақтары осы өңірде. Бұлардың бәрі менің шығармаларымның алтын арқауы ретінде қалады. Айтайын дегенім, егер ел жақтың жұртшылығы 70-ке келгенімді ескеріп, «Келіңіз, кездесу өткізейік» деп шақырып жатса, ел алдында есеп беріп қайту көңілде жүрген нәрсе. Қалай десек те, 70-ке күнде келе бермейміз ғой...

         - Сүйегі асыл бұрынғы ата-бабаларымыз 70-ке келдік екен деп омалып отбасында отырмапты. Ат үстінде желдей есіп жүріп, бар-жоғын адақтап өмір кешкен екен. Қасиетті қаламның қанатын талдырмай, шалғысын өртке шалдырмай сіз де сол жасқа келіпсіз. Бұл заманда адамға сүйенгеннен гөрі, қаламға сүйенген сенімді екен. Осындайда ұлы Абайдың мына бір жыр жолдары оййға оралады:

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап.

         - Жетпіс деген оңай жас емес, әрине. Өмірдің ащы-тұщысын көріп жүріп, бұл жасқа қалай жеткенімді де аңғармай қалыппын. Дегенмен, өз басым негізгі дүниелерімді бойымда күш-қуатым барда жазып тастағаныма дән ризамын. Бұл жаста бүйтіп тастаймын, өйтіп тастаймын деп уәде беру қиын. Бұлай істесем күпірлік болар еді. Қаламым қолдан түскен күні тіршілік те тоқтайды деп білемін. Осы уақытқа дейін қандай абырой-атаққа жетсем, соның бәрі осы қара қаламның арқасы. Соңғы кезде публицистикаға көбірек бет бұрып жүрмін. Біреулер: «Осы сенің публицистикада не шаруаң бар? Көркем дүниеңді жазып жүре бермейсің бе, жоғары жаққа ұнамай қалуың мүмкін ғой», - деп ділмәрсиді. Оған мен: «Жазушы – әркімге ұнағысы келіп тұратын бойжеткен қыз емес қой», деймін. Солай емес пе?!

         - «Қазақ әдебиетінің» оқырмандары атынан сізді 70-ке келген мерейтойыңызбен құттықтай отырып, қайсар да ұшқыр қаламыңыздың ұшы мұқалмасын деген тілек айтқымыз келеді. Маңызды да мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен – Ғалым Жайлыбай мен Болат Шарахымбай, 2006ж.