Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Сұхбаттар

Көші-қонды тоқтатуға тапсырма берген – елбасының өзі


Біз Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктерінің бірі Қабдеш Жұмәділовпен өмірден ерте кеткен ақын, сазгер әрі әнші Ермұрат Зейіпханның асында жолықтық. Қабаң марқұм болған бауырын еске ала отырып, «Тәуелсіздіктен кейін осы Ермұраттар бастаған көш те тоқтапты ғой, бұл не масқара!» – деп сөз сөйледі ас үстінде. Біз жиыннан кейін қазақ прозасының дарабозын «Дат, тақсырда!» сөз айтуға шақырдық.

- Қабдеш аға, көштің тоқтағанын өзіңіз айттыңыз, бірақ үкіметтің сыртқы көші-қонды 2015 жылға дейін тоқтатқанынан хабарыңыз бар ма?

- Әрине, естіп жатырмыз ғой. 2015 жылға дейін көші-қонды тоқтату, оралмандарды елге келтірмеу туралы үкіметтің қаулысы шығыпты дегенді алғаш естігенде сенбедім. Содан жан-жаққа телефон соғып, білетін адамдардан сұрап, мәселеге көзімді жеткіздім. Рас екен, қаулы шығыпты, баспасөзде де жариялапты. Бірақ бұл заңның себебін түсіне алмадым. Біз тәуелсіздік алғанда үштен бірі шекараның сыртында жүрген қазақтардың басы бір елде қосылады, бір тудың астында бірігеді деп қуандық қой.

Көш о баста жаман басталған жоқ, тұс-тұстан ағайын-туыстар келді, оларға «оралман» деп ат қойдық. Көш кейін тоқырай бастады, сөйтіп жүріп ақыры тоқтады. Бұл неге олай болды деп ойладық. Алуан түрлі себептер айтылды: «сырттағылар жібермей жатыр екен», «келгілері келмейді екен» дегенді де естідік. Бірақ оның бәріне сенген жоқпын, өйткені мен бұл тақырыпты жақсы білемін. Қытай жағында қандай саясат барын, бөгеттің өзімізден екенін бұрыннан білетінмін. Енді мына шыққан үкімет қаулысы күдігімнің үстінен түсті.

- Енді бұдан не түюге болады? Қазақтың тарихын білетін қаламгер, халықтың ата мекенге оралуын көксейтін азамат ретінде биліктің көксеген түпкі ойына үңіліп көрдіңіз бе?

- Меніңше, біздің билік қазақтың санын көбейткісі келмейді. Яғни, елде қазақ санының артуынан қорқады, сескенеді олар. Мен мұны 2009 жылғы халық санағынан байқағам. Санақ нәтижесі үш рет жарияланды. Бірінші рет қазақтың саны 67,8 пайыз деді. Ол жалпы халықтың үштен екісі деген сөз, сол дұрысы болу керек. Одан кейін 65 пайыз екен, қателесіппіз деді. Арада тағы үш ай өткенде 63-ке бір-ақ кемітті. Бұл – қазақ санын кемітіп көрсетудің қамы деп ойлаймын. Себебі қазақтың саны жалпы халық санының үштен екісін құраса, халықаралық заң бойынша, біз таза ұлттық мемлекет болады екенбіз. Одан бері үш жыл өтті, менің есебімше, қазір қазақтың саны 70 пайызға жетті. Мемлекеттің иесі – қазақ, сондықтан қазақ ұлтының мүддесі қашан да қорғалып тұруға тиіс.

Қазақтың көші-қоны бүгін ғана тоқтаған жоқ, екі-үш жыл бұрын көш туралы шақырту жіберу қиындап, былтырдан бері азаматтық беру де тоқтап тұрған көрінеді. Міне, осы мәселелердің бәрі бүгін ашыққа шықты.

- Айтпақшы, Қабдеш аға, биыл 1962 жылғы қалың көшке тұп-тура 50 жыл толыпты, бірақ осы тарихи күн де атаусыз, ескерусіз өтіп жатқаны жаныңызға батпай ма?

- Батқанда қандай?! Өзім басы-қасында жүрген соң, сол 1962 жылғы ұлы көш әлі көз алдымнан кетпейді. Бір қызығы, менің тағдырым көшпен, шекарамен тығыз байланысты: шекарадан ары да өттім, бері де өттім. Самолетпен де, жаяу да өттім. Жаяу өткен кезім – 1962 жылғы сәуірдің 10-ынан мамырдың 1-іне дейінгі көш болатын. Ол кезде Шәуешекте жүргем. Алматыдан оқып барған кезім. Елді кедейлік, ашаршылық, ұлттық езгі буып тұрған кез. Көшті қыс бойы дайындадық. Мәскеуге жүздеген адамның қолын қойдырып, дүркін-дүркін хат жіберіп отырдық. Сонда хат жіберетін бас әдіріс белгілі: «Москва. Кремль. КПСС Орталық Комитетінің бас хатшысы Никита Сергеевич Хрущёв жолдасқа» деп жолданатын.

Тағы бір бума хат «Москва. Кремль. Жоғарғы Совет Президиумының төрағасы К.Е.Ворошилов жолдасқа және Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А. Қонаевқа!» – деп жіберілетін. Ол жақтан «Хатты қабылдап алдық» деген жауап та келіп тұрды. Біз Шәуешектегі елді де дайындап отырдық. Содан бір күні Құлжадан «Совет консулы» Шәуешекке келді, бізді қабылдады. Мен құжаттарымды көрсеттім, бітпей қалған оқуымды айттым. Олар маған «Сізге жол бос қой, қалаған уақытыңызда өте беріңіз!» – деді. Мен: «Халық қайтеді? Біз халықты дайындап отырмыз, Мәскеуге де хат жаздық» – дедім. Консул: «Беталыстарың жақсы, іске сәт!» – деп қолымды алды. Сөйтіп,көптен күткен көш сәуірдің 10-күні басталды. Жалпы бес жерден: Жаманты, Бақты, Ергейті, Еміл, Шағантоғай заставасынан шекараның торын жинап тастап, 20 тәулік шұбырған халықты қабылдады. Жаяу-жалпы, атты-арбалы көш өтіп жатты. Мен 23 сәуір күні өттім. 24 сәуір күні бізді бір орыс капитаны тізімдеді. Бұрын туған күнімді 1936 жылдың сәуірі деп жүретінмін, нақты қай күні туғанымды білмейтінмін. Капитан «қай күні туылдыңыз?» деді. Мен 24 сәуір дедім, ол бетіме қарап: «Бүгін туған күніңіз екен ғой, құтты болсын!» – деп қолымды алды. Сөйтіп, туған күнім де сол 24 сәуір болып жазылды. Бірақ әке-шешем айтатын: «Қой қоздап жатқанда туғансың», – деп, соған қарағанда 24 сәуір деп жаздырғаным тым ағат кетпеді-ау, сірә!

- Қабеке, үкіметті қойыңызшы, осы тарихи көш тым болмағанда тарихшылар тарапынан қолға алынбайтыны қалай?

- Соған менің де таңым бар, ананы-мынаны ғылыми тақырып етіп қорғап жүрген тарихшылар тарапынан мүлде айтылмайды. Неге? Сол 50 жыл толған көш атаусыз жатқан соң, «Жас Алаш» газетіне «Басынан Қаратаудың көш келеді» деп мақала жаздым. Шығыс Қазақстан облысының әкіміне, «Қазақстан» ұлттық телеарнасына да қоңырау шалдым: сол көш туралы естелік айтайын, сол жылы туған сәбилерді 50 жасқа толған туған күндерімен құттықтайын дедім. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі келіп: «1962 жылғы көш туралы сұхбат алайын», деді. Әңгімелесіп, бәрін жазып кеткен, содан бері де екі-үш ай өтті, материал әлі шыққан жоқ. Ақ болды, көк болды деп созбақтап жүр.

Жуырда Германияға кеткен бір кемпір Қазақстанға қайтып келіпті, соны барлық телеарналар әкелері тіріліп келгендей көрсетіп жатты. Онда қандай ұлттық рух, қандай патриоттық тәрбие бар дейсіз?! Ол кемпір бір жылдары Германияға кетті, отбасылық жағдайға байланысты қайтып келді, біраздан соң қайта кетеді, онда тұрған не бар екенін түсінбедім? Ал 1962 жылы 200 мың қазақ келді, қазір олар ұрпақтарымен миллионға жетті. Бірақ соны бір баспасөз баспайды, не бір талеарна көрсетпейді. Бұл – қазақты кемсіту, қорлау деген сөз. Оралмандарды келтірмеу, Көші-қон заңын 2015 жылға дейін тыйып тастау – президентсіз шешілмейді, оны бер жақта отырған Мәсімов немесе одан төменгілер шеше алмайды. Қазір биліктегілер біссімілләсін «президенттің тапсырмасымен» деп бастайды ғой. Демек, Көші-қонды тоқтатуға тапсырма берген елбасының өзі.

Өткен жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың оралмандарды «ұруы», биыл Жаңаөзен оқиғасына байланысты Құлыбаевтың жүгенсіз сөйлеуі, Шүкеев сияқты бірқанша кіші шенеуніктердің жауапсыз сөздері – бәрі бірінші басшының емеурінін білдіреді.

Жаңаөзен қасіреті – қазақ билігінің әлем алдында, өз ұлтының, тарихының алдында омақаса сүрінген жері болды. Соны кімге жабарын білмей, тіске жұмсақ оралманға арта салмақ. Түбі Жаңаөзен ісі үшін билік жауап беруге тиіс. Мен Маңғыстауда сот жүріп жатыр екен дегенді естіп, «дұрыс болыпты, оқ атқандар жазасын тартсын!» десем, керісінше, ереуілге шыққан халықты соттап жатыпты ғой. Бұл – не масқара! Сот заңсыздықты соттайтын болса, онда оқ атуға бұйрық берген адамды тауып, соны соттауы керек.

- Қазақты осылай тұқыртып ұстаудың себебі не? Кейбір тәуелсіз сарапшылар: «Қазақтың намысын таптап, күшпен билік жүргізу – орысқа бағынған құлдық санадан әлі арылмаудан және қазақ билігінің Ресейге саяси-экономикалық кіріптарлығынан» дейді...

- Бұл екі пікірдің екеуімен де келісуге болады. Өйткені біздің бойдан құлдық сана әлі арылған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін отарсыздану науқаны, сананы азат ету сабағы жүргізілуі керек еді, ол жасалмады.

Сөйтіп Мәскеуге бағыныштылық сана-жадымызда қалып қойды. Екінші, кіріптарлық себеп бар. Өйткені біздің президент және кіші шенеуніктердің бәрін бір кездері сол Мәскеу тағайындаған ғой. Бұлар – бұрынғы компартияның бірінші хатшылары. Қырғыздың қашқан президенттері де сол Мәскеуге барып тығылды ғой. «Артымызда Москва!» деген сияқты, біздің басшыларда да Ресейге кіріптарлық басым.

Кедендік одаққа, Еуразиялық одаққа, Бірыңғай экономикалық кеңістікке құлшына кіруіміздің басты себебі де – осы саяси кіріптарлықтан. Путин біздің президентке: «Осы идеялардың авторы – сізсіз, біз – идеяңызды қолдаушылармыз!» деп қолпаштайды. Сөзінің астарында көп әңгіме жатыр.Ол – Назарбаевтың қолымен үлкен империялық саясат жүргізу. Өйткені Путин билікке алғаш келген кезінде: «Ресейдің ХХ ғасырдағы қасіреті – империяның тарауы, біз оны қайтадан қалпына келтіреміз», – деген болатын. Ол сол кезде берген сертін, орыстың шовинистік идеясын біртіндеп жүзеге асырып келеді. Ал Назарбаев Путиннің ығынан шыға алмай отыр.

Қара ормандай қалың орыс өзінің шеттегі қандастарын Ресейге барлық жағдайын жасап шақырып жатыр, ал біз айналдырған 10 миллион қазақты, «айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» дегендей, ары тарт та, бері тартпен ит-әуресін шығардық. Елге келген қазақтарды тіркеуге алуды қиындаттық, азаматтық беруді тоқтаттық, енді көші-қон да қаңтарылды.

- Биліктің қазаққа қатысты тарихты бұрмалауының, тіпті ауызға алмауының себебін біраз түсіндірдіңіз. Жалпы, осы пиғылдың басы 1986 жылғы Желтоқсан болса, соңы Жаңаөзен қасіреті мен көші-қонның тоқтауына ұласты. Ал Абылай ханның 300 жылдығы былтыр елеусіз қалды ғой. Осыған тарихшы-жазушы ретінде жаныңыз ауырмай ма?

- Несін айтасың!.. Жуырда «Абылайдың ақырғы күндері» деген тарихи повесть жазып бітірдім. Онда Абылайдың өмірінің соңғы бір айы баяндалады. Ташкент-Қоқан сапарынан қайтқан Абылайға у беріледі. Арыс бойында Түркістанға жете алмай қиналған ханның соңғы демі баяндалады хикаятта. Осы шығарманы жазу барысында тарихты тағы бір шолып шықтым. Былтыр 300 жылдығы мемлекет тарпынан мүлде назарға ілінбеді. Желтоқсанның 16-сы күнін – Тәуелсіздік күні деп жүрміз ғой. Сол тәуелсіздігің – Абылаймен егіз ұғым. Егер Абылай хан болмаса, бүгінгі мемлекет те, тәуелсіздік те болмас еді. Абылай қазақ даласын жоңғарлардан тазартты, мемлекеттің шекарасын белгіледі, жүз-руларды аймақ-аймаққа орналастырды. Егер ол қазақ даласын жоңғарлардан тазартып үлгермегенде, 1755 жылы шығыстан келген «Маншыңның» қалың әскері біздің жерді де басып алар ма еді, кім біледі? Абылай сол қауіптің алдын алып, ер Жәнібекке тапсырма беріп, керейлерді Алтайға көшірген. Қабанбайға «Найманыңды алып Барқытбел, Алакөл, Тарбағатай жақтағы, ата-қоныстарыңа бар» деген. Ал Албан мен Суанды Алатау-Тиян-Шанға тіреген. Ру-руға өзен-көл, таулы-адырмен шекара белгілеп, жер бөліп берген. Қысқасы, мемлекеттің негізгі құрылымын жасап кеткен.

Абылай қайтыс болған соң, оңтүстікті қоқандар басып алды, сөйтіп айналасы екі-үш жылдың ішінде Тәшкент, Сауран, Шымкент, Түркістан, Әулие-Ата сияқты бірнеше қала жаттың қолына өтіп кетті.

Ал шығыста Қытай Шыңжаңды алумен тоқтады. Абылайдың данышпандығы бір кезде жоңғарлар тартып алған қазақтың байырғы мекені Алтай, Тарбағатай, Іле – осы үш аймаққа Сяньлун патшаның көңілін тауып, қазақтарды қайтадан орналастырды. «Сарыноқта салығы» деген сол кезде пайда болған, Қытай үкіметі қазақтардан жыл сайын малдан 100 басқа бір бас салық алып отырыпты.

- Абылай ханның 300 жылдығы туралы таласты әңгіме шығып жатыр ғой, Қабеке. Жуырда Мұхтар Мағауин ханның 300 жылдығы 2013 жылы болады деп мақала жазыпты...

- Олай болмауы керек! Мағауин олай жазса, қатты қателескен екен. Абылайдың туған жылы 1711 жыл деп бекітіліп кеткен ғой. Ал өлген жылы туралы нақты дерек бар, орыстарға Абылайдың қайтыс болғаны жөніндегі қаралы хабар 1781 жылы наурызда жетеді. Ол кезде аттан басқа көлік жоқ, Орынбор мен Түркістанның арасы айшылық жол. Абылай баласы Үрістемнің қолында, Арыс өзенінің Сырға құятын сағасында, ақпан айында қайтыс болады, сүйегін Түркістанға қояды.

Тәшкенттің саудагерлері біресе Қоқанға, біресе қазаққа бағынады. Абылай сол жолғы сапарында оларды жөнге салу үшін қалада екі ай тұрақтайды. Сол екі айда талайлар келеді, талайлар кетеді. Соның біреуі Абылай ханға у беріпті. У адамды бірден өлтірмей, денеге бірте-бірте жайылады екен, оны дәрігері біліп айтады. Дегенмен, оның 69 немесе 70 жасында қайтыс болғанында тұрған дәнеңе жоқ, қазақ бір жылды арттырып, не кемітіп санай беретін халық. Бірақ бүгінге дейін тарихшылар оның 1781 жылы 70 жасында қайтыс болғанын зерттеп, жазып кеткен. Сондықтан Мағауиндікі жаңалық емес.

- Қабдеш аға, «Дарабозды» жазу үшін оншақты жыл мұрағаттарды ақтарып, біраз тарихи кітаптарды оқыдыңыз ғой. Қазақ тарихында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Албан Қангелді мен Райымбек сияқты батырлар айтылады. Ал кейбір тарихшылар қытай немесе орыстың жазбаша тарихында Шапырашты Наурызбай батыр туралы ешқандай деректің жоқтығын айтып жүр. Сізге кездесті ме?

- Жоқ, маған да кездеспеді. Бұқар жыраудың жырындағы батырлар – Қабанбай, Бөгенбай, Батыр Баян, Барақ, Олжабай, қаз дауысты Қазбек, Шақшақұлы Жәнібек – бәрі айтылады. Қарақалпақтан шыққан Қылышбек батыр да жырланады. «Дарабозда» осының бәрі бар. Ал мен шынымды айтайын: Шапырашты Наурызбайды саясат үшін әдейі қостым. Өйткені роман баспадан кедергісіз шығуы керек.

Бірақ кейбір жазушылар сияқты көзді жұмып жазған жоқпын, қисынын келтірдім. «Дарабозға» Райымбек батырды да кіргіздім. Тарихтағы «Қабанбай-Қамбаба» жорығында Қангелді батыр немересін Қабанбайдың орнына бір аунатып алмақ болып, ертіп келеді. Онда Райымбек жас батыр, ер жүрек сарбаз ретінде айтылады. Шапырашты Наурызбайды да бір-екі реткі жекпе-жекке шығарам, осы Шамалған жеріндегі жоңғарларды тазарту шайқасында.

- Тарихи оқиға дегеннен шығады, биыл ашаршылыққа 80 жыл толады екен. Ғасыр нәубетін атап өтуді, тарихи бағасын беруді президенттің өзі бастап айтып отыр. Ал ашаршылықтың тікелей орыс қолымен қазаққа жасалған геноцид екенін ескерсек, біздің биліктің батылдығын қалай жорысақ екен?

- Егер бұл 80 жылдықты атамайын десе, халықтан қаймығады, оның үстіне биліктегі шенеуніктер үшін ашаршылық жөніндегі бір жиналыста тұрған не бар?! Бірақ бұған қанағаттануға болмайды: ашаршылық – геноцид, оған тарихи, саяси бағасын беруіміз керек. Түрік шабуылы кезінде 1,5 миллион армяндар қырылған екен, соған Ераванда қойылған ескерткіш бар, көрсеңіз көзіңіз тояды. Ал бізде 4 миллион халық қырылған зұлмат атаусыз қалды.

Қазақ тарихының тағы бір геноциді – 1941-45 жылғы орыс-неміс соғысы. Ал біз оны мереке ретінде «Ұлы Отан соғысы» деп, езуіміз көпіріп тойлап жатамыз. Шыны керек, соғыстың да айтылмай жатқан ақтаңдағы көп. Мәселен, қазақ ол кезде әбден бел-омыртқасы сынған халық болатын: 1916 жылғы ұлттық көтеріліс, 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы репрессия – қазақты қара қасапқа салды. Соғыстан бас тартуға мұршасы жоқ еді.

- Қабдеш аға, сұхбат соңында біз сұрамаған, бірақ көңілде айтылмай жүрген ойыңыз болса, айтыңыз...

- Біз тәуелсіздікті миллионер мен миллиардерлерді байытамыз деп алдық па? Немесе биліктегі бір топ адамды ғана май шелпектің үстіне отырғызамыз деп бостандық жарияладық па? Жоқ! Қазақ тәуелсіздігі тарыдай шашылған қаракөздердің басын бір тудың астына тоқайластыруға, қазаққа, ұлттың рухы мен болашағына қызмет етуге тиіс. Егер Назарбаев ұлттың серкесі, лидері боламын десе, қазақ көшін тоқтатуға мүдделі топтың сөзіне ермеуі керек, қазақ мәселесін шешуге сараңдығын қоюы қажет. Олай етпесе, ол сонда қай ұлттың көшбасшысы болмақ?!

- Әңгімеңізге рақмет!

Жұқамыр ШӨКЕ, «Дат газеті». «D»23-мамыр, 2012 ж.