Сұхбаттар

«Біздің билік қазақтың көбеюіне мүдделі емес»

«ҰЛТ TIMES»: Соңғы шыққан кітаптарыңызды оқыдық. Бір байқағанымыз, олардың барлығында да роман жоқ екен. Бұның басты себебі неде? Қазір не жазып жүрсіз?

Қабдеш Жұмаділов: Иә, кейінгі кездері қалың романдарды жазуды қойдым. Себебі, оқырманның уақыты аз. Өздеріңіздің газеттеріңіздің аты да «ҰЛТ TIMES» екен. Бұл «Ұлттың уақыты» деген ғой. Көрдіңіз бе, уақытпен ойнауға болмайды. Уақытпен санасу керек. Өз уақытым да тығыз. Жас болса келіп қалды. Сондықтан да кейінгі кездері шағын повестер мен әңгімелер, хикаяттар жазуға көштім. Соңғы жылдары шығарған кітаптарымның барлығы осындай шағын дүниелерден тұрады. Бұлардың барлығын бір кеште, бір сағатта, жол-жөнекей оқып тастауға болады. Жаңа заманның қылтия бастаған жаңа типтерін, образдарын, жаңа сипатын ашуға осы шағын жанрлар тиімді, оралымды болып тұр. Қазір екі повесть жазып бітірдім. Біреуі «Абылайдың ақырғы күндері» деп аталады. Абылайдың өлер шағындағы соңғы бір айы сипатталады. Абылайға у береді. 1781 жылдың ақпан айында қаза табады. Елге жете алмай Рүстем деген ұлының салдырған жекежайында өледі. Шығармада соңғы рет өзінің өміріне өзі баға беріп, шолып өтетіні бар. Кейінгі кездері Абылайдың өмірін біреу былай, біреу олай сан-саққа жүгіртіп, түсіндіре бастаған соң, жеке Абылайдың өзіне арнап жазғаным, бұл. Ал екіншісі «Әріп пен Сара» деп аталады. Біржан мен Сараның айтысын Әріп шығарған. Біржан Жетісуға келмеген, Сарамен айтыспаған. Ал Әріп сол кезде Сараның ауылында тілмаш боп тұрған. Екеуі жақсы таныс болады. Тіпті екеуінің арасында шынайы сезім де болады. Әріп Тәңірбергеновтің өзі Ұлы Абайдың талантты шәкірттерінің бірі болған. Осы екеуінің арасындағы қилы тағдыры шығармаға арқау болады.

«ҰЛТ TIMES»: Бір сұхбатыңызда «Соңғы көштің» жазылуынан жариялануы қиын болады» депсіз. Бұған кінәні қайдан немесе кімнен іздейсіз?

Қабдеш Жұмаділов: Рас, менің тақырыптарым бөлек. Оны талқылауға тісі бататын адам табыла бермейді. Әсіресе, «Соңғы көш» романыма қатысты қиындықтар көп болды ғой. Не нәрсенің басы қатты болса, аяғы тәтті болады дейді. Мұның есесіне оқырманым «Соңғы көшті» өте жылы қабылдады. Тіпті менің атымды шығарған да осы кітап болды. Себебі, «Соңғы көш» тыңнан түрен салған кітап. Ол кезде шекара сыртында қазақтардың тұратындығын біреу білсе, біреу білмейтін. Бірінші томды жетпісінші жылы жазып болдым. Бірақ, «Соңғы көшті» сараптан өткізуге төрелік айтатын адам табылмады. Төрт дана етіп бастырғанмын. Оның бір данасын ЦК-ға, біреуін Ғылым академиясына, біреуін Қауіпсіздік комитетіне жібердік. Солардың барлығы да: «мұны талдайтын маман жоқ, кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймыз», – деген жауапты бере берді. «Көркемдік жағына тағатын мініміз жоқ, бірақ ондағы оқиғаларды біз талдап, түсіндіріп бере алмаймыз», – депті Академияның әдеби бөлімі. Қауіпсіздік комитетінің бір пайдасы – олар маған дұрыс жол сілтеді. «Бұл кітап туралы КСРО-да бір-ақ жер төрелік айта алады. Мәскеуде Қиыр Шығыс институты дейтін бар. Қытайды, Жапонды, Ветьнамды зерттейтін. Қолжазбаңызды орысшаға аудартып, сонда жіберіңіз», – деді. Ол кезде орысшаға аудару оңайға түспейтін. Әнуар Әлімжановтың көмегімен одақтан ақша бөлініп, аудартуға екі жігіт жегілді. Сол екеуін Мәскеуге, Қиыр Шығыс институтына жібердік. Олар алты ай өткенде келді. «Бұл өте керек кітап, қазіргі қытай саясатын асырып та, жасырып та көрсетпеген. Аз ұлттардың басына түсіп отырған қиыншылықтар қаз қалпында көрсетілген екен. Бұл бізге қажет кітап, шығару қажет», – деген жауап алдық. Расы керек, «Соңғы көшке» жол ашқан осы сөздер болды. Қиыр Шығыс институтының хатымен бірге «Жұлдыз» журналына алып бардым. Ол кезде Шерхан Мұртаза бас редактор. Жаңағы сөзді беташар ретінде бас жағына беріп, 1973 жылы «Жұлдыздың» үш нөміріне романды басып жеберді. Сөйтіп «Соңғы көш» арқылы жарқ етіп шыға келгенбіз. «Соңғы көш» осылай шықты. Бұл диаспора тақырыбына жол ашқан кітап болды. Менің ғана емес, осы тақырыпта жазғысы келген адамдардың жолын ашты. Жариялануы қиын болғанымен, түбі қайырлы болды.

«ҰЛТ TIMES»: Өзіңізбен шиеленісіп жүрген Жәди Шәкен сізді «Су ішкен құдығына түкіріп» деп баспасөзде көп кінәлады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Осыны өз аузыңыздан естісек деп едік?

Қабдеш Жұмаділов:Жәди Шәкен дегенді кейін естідім. Менің ізіме түсіп біраз уақыт жүрді. Мен оған жауап ретінде «Аспанға тас атпа, төбеңе түседі» деген жауап жаздым. Бұдан ол абырой тапқан жоқ. Екеуміздің заманымыз бөлек. Кейінгі шығып келе жатқан бала ғой. Қай жағынан көрінсем деп тыраштанып жүрген адам. «Қаралы көш» деген кітабын оқыға емеспін. Бірақ оқығандар «Керейлердің Гималай асып түркияға көшкен көшін жазыпты» дейді. Бірақ Халифа Алтай, Хасен Оралтай бұл көшті бүгі-шігесіне дейін зерттеп қойған еді. Оны қалай романға айналдырды, қалай жазды оны білмеймін. Жаза берсін. Онда менің шаруам жоқ. Мен, бірақ, дәл сол баланың айтып жүрген «Соңғы көшінде» тек шыңғырған шындықты жаздым. Сондықтан, бұл үшін ақталмаймын.

«ҰЛТ TIMES»: Өзіңіз ұстаз санайтын Қажықұмар Шабданұлының «Қылмысын» қалың қазаққа жеткізгеніңізді білеміз...

Қабдеш Жұмаділов: Қытай қазақтарында «Түрме әдебиеті» деген бар. Оның атын мен қойдым. Оның негізін Таңжарық ақын салған. Бүкіл шығармаларының 70 пайызы түрмеде жазылған екен. Арада 40 жыл өткенде соны жалғастырған адам Қажығұмар болды. Поэзияның түрмеден шығуы оңай. Көп адамдар поэмаларды, өлеңдерді жаттап алып шығады ғой. Ал романның үзік-үзігін сыртқа шығаруды Құдай басқа бермесін. Ғажабы сол, бұл кісі жазғандарын нөмірлеп шығарып отырған. Еш жаңылмаған. Шыққан соң ғана басын біріктірген. Алғашқы екі кітабының сұлбасы бар. Бірақ ол күзелген, арабша басылған. Үшіншісі шығайын деп түптеліп жатқанда жыртылған. Сонымен менің қолыма екі томы кітап күйінде, қалған төрт томы қолжазба күйінде түсті. «Бұдан кейін роман жазар, жазбас. Бірақ мына «Қылмыс» деген романды жоғалтпасын, күзелген жерінің бәрін қалпына келтіріп, Қазақстанға бір-бірден өткізе берсін», – деп Қажекең түрмеден қайтып келгеннен кейін де ауызша сәлем айтқанмын. Сонымен алты томы да екі жылдың ішінде түгел маған жетті. Сонда соған көмектескен жігіттер бар. Көшіп келе жатып жүктерінің арасына, тамақтарының арасына тығып, «контрабандалық» жолмен жеткізді ғой. Енді бұл кітапты шығару керек. Шеттегі қазақтарға ие болып жүрген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бар. Сосын мен алты томның үш томын көтеріп бардым. Төрағаның бірінші орынбасары Талғат Мамашев дейтін азаматқа: «Жылына алтауын бір-ақ шығар демеймін, жылына біреуін шығарып отырыңыздаршы. Сонда алты жылда шығып қалар. Шама келсе екі томын шығарып жіберерсіңдер» , –дедім. Не керек, олар шығаруға ықыласты болмады. Солардың сейфінде үш жылдай жатты. Анда-санда барып, «анау сейфте тұр ма» деп тексеріп кетемін. Өйткені, романның басқа данасы жоқ. Ол жоғалса басыммен жауап беремін ғой. Бір күні Талғатпен сөйлесіп отырсам, «Қабеке мынау көп қой, қысқартып үш томға түсіріп берсеңіз қайтеді» дейді. Бұл көркем әдебиетпен таныстығы жоқ, білмейтін адамның сөзі. Екіншіден, шетте жатқан қазақтың жазушысына жаны ашымайтын адам. Мен ренжідім де, оны қайтадан алып кеттім. «Әй, шырағым, біреу түрмеде жатып, қорлық көріп жазып шығады, неше түрлі жолмен ол маған келеді, ал мен оның жартысын қысқартып тастаймын. Оны қайдан көрдің? Өзіңнің мамандығың не? Агроном емессің бе?», – дедім оған. «Жоқ, мен тарихшымын», – дейді. «Бұл сөзің тарихшыға да ұқсамайды», – дедім де алып кеттім. 2008 жылдың басында Мұхтар Құл-Мұхаммед министр болып қайта келе қалды ғой. Содан Мұхтарға арнайы бардым. Жағдайдың бәрін айттым. «Жарайды, Қабеке. Мен 2009 жылдың жоспарына енгізіп, ақша қарастырайын», – деді. Шынында да Мұхтар Құл-Мұхаммед айтқанында тұрды. Енді романды біз шығарамыз деушілер көбейді. Бүгінге дейін шығармай келген қауымдастықтың «Ата-жұрт» дейтін баспасы бар, тендер болған кезде белсеніп шыға келді. Алдында көңілім қалғаннан кейін бергім келген жоқ. Әрбір жинақты он мың теңгеден дүкенге берген екен, талап кетіпті. Қазақстан бойынша жақсы тарады. Шүкір, қазақ халқы Қажығұмардың өзімен қауышпаса да, кітабымен қауышты. Қапаста туған роман қазақ даласын еркін шарлады. Мен осыған разымын. Өзімді Қажығұмардың шәкіртімін деп есептеймін, кітабын шығартқаным шәкірттік парызымды өтегендігім деп санаймын.

«ҰЛТ TIMES»: Жазушылар одағы, оның төрағасы Нұрлан Оразалин туралы әңгіме қаламгерлер арасында жиі айтылады. Жазушылардың алдағы құрылтайында бір топ жазушы жиылып, Нұрлан Оразалиннің қайта сайланбауын қалап отыр екенсіздер. Бұның басты себептерін саралап беріңізші.

Қабдеш Жұмаділов: Оразалиннің одақтың төрағасы болғанына биыл 16 жыл болды. Одақтың тарихында 16 жыл басшы болған ешкім жоқ. Екі мәрте сайланған Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтардың өзі бірі сегіз жыл, бірі тоғыз жыл ғана басқарған. Мәселе Оразалиннің орынтақта көп жыл отырғанында емес. Мәселе оның жақсы басшы болып, дұрыс іс тындырмағандығында болып тұр ғой. Бұрындары «Ақсақалдар алқасы» деген бар болатын. Ол тарап кетті. Халықаралық «Алаш» сыйлығын беретін комиссияның құрамын өзінше өзгертіп қойды. Мен де сол комиссияның құрамында едім. Бірнеше жылдан бері мені де сызып тастады. Әділетін айтатын біраз адам комиссиялыққа кірмей қалды. Қысқасы, Оразалин өз маңайына өзінің «сыбайлас» адамдарын топтап алды. Талғаммен санасуды қойды. Қазір Жазушылар одағында 700-ге жуық жазушы бар десек, соның қақ жартысы осы Оразалиннің тұсында одақ мүшелігіне қабылданды. Ал негізінде әдебиеттің көшін мықты-мықты 7-ақ жазушы бастаса болады. Бір-екі шығарма жазып, жазушымын деп кеуде соғып жүргендерді де, зейнетке шыққасын естелік жазып жазушы болып кеткендерді де мүшелікке өткізіп жіберді. Олар – «Оразалиннің жазушылары». Талғамның төмендеп кеткенінің тағы бір көрінісі биыл Халықаралық «Алаш» сыйлығын 42 адамға бере салды. «Алаш» сыйлығын алғандардың қатарында, сыйлық алмақ түгілі Жазушылар одағына мүше бола алмайтын адамдар жүр. Бұл Оразалиннің съезд алдында өзіне дауыс берушілердің санын арттыру үшін жасап отырған әрекеті. Әйтпесе бір жылда 42 адамға сыйлық үлестіру ешбір елде болмаған шығар. Сұмдық қой мұнысы. Әдебиетті қорлау дегеніміз - осы. «Алаш» деген ұлы ұғымның атындағы үлкен халықаралық сыйлықты қорлау. Одан бөлек, Оразалин Жазушылар одағының ғимаратындағы біраз кабинетті жалға беріп, одақ қазір сонымен күн көріп отыр. Жазушылардың 40 бөлмелі шығармашылық үйін де қытайларға жалға беріп жіберді. Қазір ол үй әркімдер түнеп шығатын қонақүйге айналды. Одан түсіп жатқан табыс жайында жазушыларға есеп бермейді. Қарап отырсаң, одақты басқарған әр басшы артына із қалдырған. Мәселен, Әнуар Әлімжанов кезінде жазушыларға бар жағдайды жасады. Шығармашылық үй салдырып, жазушылардың шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік туғызды. Елу шақты жазушыға баспана алып берді. Ал ертең Оразалиннің қандай ісін айтамыз? Қайдан шығарғанын білмейміз, ана жылы өзінің жақтастарын жиып алып, «Құрметті төраға» деген жарғы жасап алды. Ол жарғымен мен, мәселен, таныс емеспін. Жиынына шақырған да жоқ. «Құрметті төраға» дегені - ертең одаққа басқа біреу басшы болса да, билік Оразалиннің қолында болады екен. Бұл қалай сонда? Нұрлан «мәңгілік төраға» екен деп соның аузына қарап отыру керек пе? Қысқасы, бізге өзгеріс қажет. Осы съезде 16 жылдық қызметіне рахмет айтып, Оразалинді шығарып салуымыз керек.

«ҰЛТ TIMES»: Қалай десек те, жазушылардың бұлай қырғи-қабақ болғаны қарапайым халыққа қатты әсер етеді. «Бұларға не жетпейді? Кімге үлгі көрсетіп жүр?» деген сауалдарына жауап ала алмай жүрген адам көп...

Қабдеш Жұмаділов: Рас, бұрын Жазушылар одағының беделі керемет болды. Өзгелер үлгі алуға тұрарлықтай еді. Кеңес үкіметі тұсында тіркелмеген ұлттық партияның рөлін атқаратын. Орталық комитет пен Үкіметтің өзі Жазушылар одағына жалтақтап отыратын. Қазір Жазушылар одағының беделі түсіп кетті. Бедел дегеніңіз басқарушыға байланысты ғой. Басшымыз үндемей тұрғасын жазушылармен кім санассын?! Оразалин көп істі «жағыну» жолымен шешемін деп ойлайды. Өзі жоғары жақпен, биліктегілердің біразымен жақсы. Олар тұрғанда мені кім алады дейтін болуы керек. Өзі билікке бейім адам. Сондықтан бұл жігіттің бағын байламай, өзінің бейімі бар жаққа жіберу керек. Депутат бола ма, жоқ әлде басқа қызмет атқара ма, жоғарылаймын десе өзі біледі. Бұл мәселе осыдан соң ғана шешімін таппақ.

«ҰЛТ TIMES»: Қабдеш аға, бүгiнде қаламгерлiк кәсiп қорғансыз боп кетті. Қаламгерлер қаламақысыз қалай күнелтіп жүр?

Қабдеш Жұмаділов: Жазушылар одағы мемлекеттік мекеме мәртебесінен айырылып, қазір қоғамдық ұйым болып қалды. Қаламгерлерге бір тиын қаламақы төленбейді. Ақын-жазушылар кітабын шығару үшін кім көрінгенге алақан жайып, қайыршының күнін кешіп жүр. Төраға болған соң Оразалин осы үшін күресуі керек қой. Қоғамдық ұйымға жатқызатындай емес, жазушылар ұлттың рухани байлығын жасап отырған адамдар ғой, біле білсе. Біз - еңбекшілерміз. Еңбекшілердің еңбегі өтелуі керек.

«ҰЛТ TIMES»: Атақты, белгiлi, талантты жазушыларға Үкiмет тарапынан берілетін мемлекеттiк стипендияны 13 жыл бойы алып келдіңіз. Соңғы жылдары бұл стипендиядан қағылыпсыз. Неге?

Қабдеш Жұмаділов: Композиторы, әншiсi, күйшiсi, әртiсi, жазушысы бар, жыл сайын 80-90 өнер адамына мемлекеттiк стипендия берiледi. Бұлардың iшiнде жазушылардың саны 30-ға жуықтап қалады. Мiне, мен осы стипендияны 13 жыл бойы алып келдiм. Осыдан дәл 16 жыл бұрын Қазақ Үкiметi арнайы қаулы қабылдап, мемлекеттiк стипендия тағайындаған болатын. Және жаңылыспасам, осы қаулыда “бұл стипендия шығармашылықпен танылған, мойындалған талантты жазушыларға берiледi” деп атап та көрсетiлген болатын. 3 жыл болды, неге екенi белгiсiз, стипендия берiлмейдi. “Неге берiлмейдi, не үшiн берiлмейдi?” деген сұрақтың түбiне жете алмай-ақ қойдым. Бұған кiнәлi Қазақстан Жазушылар одағы ма, ҚР Президентi әкiмшiлiгi ме, жоқ әлде Үкiмет пе, соны нақтылай алмай-ақ қойдым.

«ҰЛТ TIMES»: Биыл өзіңіз бұйдасын ұстап келген көшке 50 жыл толды. Осы көштің барысы қалай болып еді өзі?

Қабдеш Жұмаділов: Мен 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітірдім. Сол жылы құдай маған бір бақ жұлдызын жандырды. Шыңжаңнан елу бала Ташкент пен Алматы қалаларына оқуға барады екен. Сол елудің ішіне іліндім. Біз екі бала, Мырзахан Құрманбаев деген жігіт екеуміз ҚазМУ-ге келіп түстік, филология факультетіне. 57-ші жылы Мәскеуде жастар мен студенттердің дүниежүзілік 6-шы фестивалі болды. Оған осы жерде оқитын қытай студенттерінің атынан қатыстым. 3-ші курсты бастап оқимыз деп жатқан кезде қытай мен кеңестің арасы бұзылды. Содан мынадай хабар келді: «Сендер шілде айының басында елге қайтасыңдар. Бір айлық курс бар. Елдің жағдайымен танысасыңдар, сонан соң үйлеріңе барып, күзде сабаққа келесіңдер»,- деді. Қатты қуандық. Мәскеуден келген елшілік адамы Алматының әуежайынан бізді отырғызып, Үрімжіге жолға салды. Сөйтсек, лапылдап жанған оттың үстінен барып бір-ақ түсіппіз. Бір айлық курс дегені де, басқасы да бекер. Зиялы қауымның біразының аяғына тұсау, басына ноқта түсіп қалған екен. Алды айдалып, түрмеленіп жатыр, арты күресте. Бұрыннан көзге көрініп, іс басында жүрген адамдар түгел соған іліккен. Жағда Бабалықтан бастап, жазушылардан Қажығұмар Шабданұлы оңшыл, ұлтшыл деген қалпақ киіп, айдар тағылып, айдалудың алдында жүрген кез екен. Соған бізді де қосып әкетті. Біздің өлеңдеріміз бар, біраз мақалалар жазғанбыз. Әліпби туралы полемика болғанда сол жақтың газетіне мақала жазғанмын. «Шыңжаң қазағы қай жазуды қабылдау керек?» дегенде «Қазақстан жазуын қабылдау керек, бір ұлт бір жазумен болу керек» деп айтқанмын. Сөйтсем, соның бәрі қызыл сиямен сызылып алдымда тұр. Ұзын сөздің қысқасы, бір-екі ай тергеп, елу баланың ішінен онын ұстап алып қалды. 7-8 ұйғыр, сосын Мырзахан екеуміз. Біз оқудан қалдық, үлкен жаза сол болды. Шахтада көмір қаздық. Ауыр еңбекке салды. Еңбекпен түзеу, еңбекпен тәрбиелеу деген бар, қытайша «лаугай», «лаужау» дейді. Екі жылдан кейін кішкене жеңілдік жасап, жазу құқы жоқ, бірақ мамандығы бойынша пайдалануға болады деген пәрмен алдым. «Шыңжаң» газетінде істедім, мақала өңдеймін, өзім жазбаймын. Біраз жеңілдік алған соң, есіл-дертім Шәуешекке жету болды. Оған құмартып тұрғаным, шекараға жақын. Шәуешектен 20-ақ шақырым шекара. Бар ойым – Алматыға жету, үзіліп қалған оқуымды жалғастыру. 1961 жылдың көктемінде «Мына үлкен газетте істеуге менің шартым толмайды, төменге түсіп өзгеруім керек, мені Шәуешекке ауыстырыңдар» деп арыз жаздым. Содан олар төменге түссін деген қағаз жазып берді. Сөйтіп көкек айының аяғында мен Шәуешекке тартып кеттім.

«ҰЛТ TIMES»: Ол жақтағы халықтың жағдай қалай екен?

Қабдеш Жұмаділов: Шәуешектегі халық та ашаршылыққа ілініпті. Бір жыл бұрын ғана коммуна құрылған. Жұртты ортақ қазанға иіріп қойған, сол жерде тақ-тұқ бірдеме тисе тиеді, тимесе қояды. Мына ошақсыз қалу, түтінсіз қалу психологиялық жағынан да, тұрмыстық жағынан да халыққа өте ауыр тиді. Содан, келсем, ел дағдарып отыр екен. Менің келуім олар үшін үлкен оқиға болды. Әсіресе, жастар жағына. Арт жақтан «идея қалта» дейтін ісім келмей, 3-4 ай бос жүрдім. Сол кезде маңайыма үйірілген халыққа қарап отырып қатты ойландым. Жалғыз кетсем, кез келген уақытта өте шығуыма болады. Бірақ, бұл жақта халық мені қаумалап алды. Алматыдан оқып келген, бұл жақты біліп тұрған кісімін. Мәскеуді көрген кісімін. Мен не айтсам соған ұйып тұр. Бүкіл басы қатып жүрген, ата жұртқа қалай өтеміз деп ұшарға қанаты болмай жүрген адамдар менің маңайыма үйіріліп алды. Халықтың өзі итермелеп, менің шекарадан жалғыз өзім өтем деген жеке басымның мақсаты енді ұлттық ортақ мүддеге айналды. Ашаршылықтан, езгіден құтылудың бір-ақ жолы бар, ата жұртқа көшу. Баршамыз осы түйінге тоқтадық. Көш 10 сәуір күні басталды. Әншейінде құстан басқа ештеңені басынан асырмайтын шекара аяқасты жол боп қалыпты. Қазақтар біресе олай, біресе бұлай шауып өтеді. Біз де әрі-бері көшті тамашалап араладық. Сөйтсек, Ақшоқының жоталары, бер жағындағы Бақтының үсті жыртылып айырылғандай. Көктемдегі құс базары дерсің. Бүкіл Шәуешек қазағы осында. 100 мыңға жуық адам қауырт өткен. Жайрап жатқан жұрт, біреу киіз үй тігіп алған, біреулері ашық аспан астында жатыр. Көп мал айдап келген. Қой жүрмейді, көбі қалып қойған. Әр тұста ірі қара сойып жатыр. Бірнеше үй бірігіп ошақ көтеріп, қазан қайнатып жатыр. Аштықтан әбден тырнағы қурап, өзегі талып келген ел. Сонысына қарамай, өлең айтып, ән салып жатқан жұрт. Ауыздағы қақпақ, тілдегі тиек алынған. Келген адамдарға жүк машинасымен нан үлестіріп жатыр. Әрбір 40-50 адамға санап отырып бір қап қанттан берді. Созылған қолға бір-бір ақ бөлкеден беріп кетеді. Қандай бай елге, тоқ елге келгенімізді осының өзі аңғартып еді сонда.

«ҰЛТ TIMES»: Сол көш көлікті болды деп айта аласыз ба?

Қабдеш Жұмаділов: Ең ғажабы сол, Семейдің, Өскеменнің, Талдықорған мен Алматының, бүкіл Қазақстанның экономикасын, мәдениетін, көтеруге үлес қосты солар. Рекорд жасаған малшылар шықты. Атақты Көккөзовтер, мысалы, сол көшпен келген. Семейдегі атақты малшылар, қойшылар. Мына өнер адамдарын айтыңыз. Сол кездегі жас балалардың өзі қазір ер жетті. Қазіргі мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед екі жаста. Күйшіміз Секен Тұрысбеков бесікте келген. Майра Ілиясова үш жаста болатын. Өнер мен ғылым қайраткерлері қаншама. Жазушы Асқар Алтай іште кеп, осы жерде туған. Менің Салтанат дейтін қарындасым бар, іште келіп, бір айдан кейін туған. Ол да, міне, елуге келді. Бұл көш Қазақстанға құт әкелген көлікті көш болды. Сол кездегі қазақтың сортаң көліне тұщы бұлақтар құйылғандай, қайтадан шалқып кемерінен асып кетпесе де, ұлт ағзасын едәуір жандандырып, демографиясын кемелдендіріп кеткен көш болды. Олар баладан үрікпейді, көп өтпей-ақ он балалы отбасы болып шықты бәрі. Мақаш Тәтімовтердің есебі бойынша, үрім-бұтағымен қазір миллионға тартыпты. 59 жылғы санақ пен 69 жылдың санағы арасындағы керемет секіріске кейбір демографтар таң қалады. «Бұл қазақ қалай тез өсіп кетті екі еселеніп?» – дейді. Өйтіп таңданғанша, ана алтын көшті зерттеу керек.

«ҰЛТ TIMES»: Қазір осындай алтын көштің аяқ алысы бәсеңсіді. Жасыратыны жоқ, ел арасында «Ана жақтағы қазақтар екі ойлы, келгісі келмейді» деген қасаң пікір де қалыптасты. Бұған не дейсіз?

Қабдеш Жұмаділов: Қасаң пікір деп өзің айтып отырсың ғой, қызым. Демек, бұл бос сөз. Ол халыққа жабылған жала.Сол көшке, міне, 50 жыл болды. Осы елеулі оқиғаны мына қоғам боп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бар, Көші-қон агенттігі бар, бәріміз мазмұнды етіп атап өтуіміз керек. Көштің насихаты жоқ. Осы 62-ші жылғы айналайын көшті атап өтіп, көрнекі шежіресін баян етсек, соның өзі көпке үлгі шашар еді, көштің насихаты болар еді. Осы тұрғыда көркем, деректі фильмдер түсірілсе, естелік мақалалар, әдеби шығармалар жарияланса жөн болар еді. Тіпті, енді республика бойынша атап өтпесек те, сол көшті қабылдап, негізгі салмағын көтерген Алматы мен Шығыс Қазақстан, осы екі облыста неге атап өтпеске? Сол көшпен бірге келген адамдарды, қайрат­керлерді жинап, бесікте келген әншілер, күйшілер, министрлер, мемлекеттік хатшы боп отыр, соларды шақырып, бір жерде салтанатты бір жиналыс ашып, атап өтсек, бұл жақсы болар еді ғой. Келіп жатқан оралмандарға да, енді келеміз бе, жоқ па деп жатқан, екі ойлы боп жүрген ағайынға да үлкен насихат болар еді. Сол жылдары, сол көшке қайрат қосып, жүк артысып, арқан тартысқан жігіттердің өзі қазір 70-тен асып кетті. Сондағы ақтарылған селмен бірге келген, жер басып жүрген жерлестерімді сол ұлы көштің 50 жылдығымен құттықтаймын. Біз ұтылғанымыз жоқ, сол көш арқылы біз болашағымызды айқындап, атажұртымызға келіп қосылдық. Тәуелсіздігіміздің де Көк байрағын бірге көтерістік. Үлкен орданың мүшесіміз. Еліміз, жеріміз, қазағымыз көркейіп, көсегесі көгерсе, сол ұлы дудың ішінде біз де бармыз.

«ҰЛТ TIMES»: Соңғы сауал, аға, қоғамның бір мүшесі ретінде не нәрсеге алаңдап жүрсіз?

Қабдеш Жұмаділов: Бұрын біздің кітаптарымыз 30, 40 мың таралыммен шығып жататын, орысшаға аударылса, тіпті, 100 мың таралымға дейін жететін. Біз сол арқылы «Популярный жазушы» атандық. Біз бүгінде сол кездегі атағымызбен, даңқымызбен жүрміз. Ал одан кейінгі шығып жатқан жаңа кітаптардың саны үш-ақ мың. Үш мың деген не? Бұл осы Алматыдан аспайтын немесе осы қалаға келіп-кетіп жүрген, кітап іздеген оқырманнан аспайтын таралым ғой. Кейінгі кездері кітаптарымыз алыс облыстарға бармайтын да болды. «Соңғы көш» 1973 жылы «Жұлдыз» журналына басылыпты. Сол журналдың тиражы 196 мың екен сонда. Бұл ол кезде бүкіл жер жүзіндегі қазаққа жететін еді. Ал енді, міне, алдымда жатыр сол «Жұлдыз» журналы. Қараңыз, бар болғаны 2700 дана болып қана басылады екен. Бір кездері 200 мыңға жуық тарлыммен шыққан журнал бүгінде екі жарым мың ғана тиражбен шығып отыр.

«ҰЛТ TIMES»: Бұған не себеп деп ойлайсыз?

Қабдеш Жұмаділов: Бұл газет-журналдарды шығарып отырған адамдардың дұрыс ұйымдастыра алмай отырғандығы сеп шығар. Оның сыртында халықтың да әдебиетті оқуы азайып кеткендігі бар. Сосын мені алаңдатып жүрген жағдай – Қазаққа биліктің көзқарасы дұрыс еместігі. Біздің билік қазақтың көбеюіне мүдделі емес. Қазақтың мүддесі аяққа тапталып жатыр. Санақ өткелі де 3 жыл болды. Бұл кездері халықтың саны нақты әрі дұрыс көрсетілмеді. Қазақтың саны 70 пайыз болды. Кім көрінгенге қазақты басындырмауымыз керек. Осыны жасырмай жариялауымыз керек. Тәуелсіздіктің жемісін, ең алдымен, қазақ татуы керек, қазақ көруі керек. Осы егемендікті алғанда шетелде жүрген 5 миллион қазақтың 3 миллионын отанымызға қайтарамыз, басымызды қосамыз деп қуандық. Белгілі бір топты байытамыз деп немесе шетелден кірген кірмелерді миллиардер қылып шығарамыз деп қуанғанымыз жоқ. Осыны түсінетін уақыт жетті.

«ҰЛТ TIMES»: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН