Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Сұхбаттар

Біз әдебиеттің алтын ғасырында өмір сүрдік


Қалам қуатымен қазақ әдебиетінің қара нарына айналған Қабдеш Жұмаділов – биыл 75 жаста. Қабдеш есімімен исі қазақ етене таныс. Безбенге салған безбүйрек заманның талқысынан сүрінбей өткен Қабекең қазақ руханиятына өшпес із қалдырып, өз соқпағымен үдере тартып келеді. Біз Қабеңді 75 жасқа келген мерейтойымен құттықтай отырып, сөз өнері жайында әдебиет ағасымен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырымыз.

Біз әдебиеттің алтын ғасырында өмір сүрдік

- Қабдеш аға, «әдеби орта әлсіреді, әдебиет тоқырады» дейтін пікірлер жиі айтылып жүр...

- Біреулер «әдебиет бар» дейді, енді біреулер «әдебиет жоқ» дейді. Бұл екеуі де – сыңаржақты пікірлер. Әдебиет бар, бірақ қазір әдеби процесс тоқтап қалды. Мен бір сұхбатымда әдеби процесті футбол додасына теңеп айтып едім. Футбол тек былғарыдан жасалған доп қана емес. Доптың өзіне ғана қарап отырсаң, ешқандай қызығы жоқ. Нағыз футбол болу үшін оны стадионға апару керек. Екі команда өзара бір-біріне доп соғып, қырғын тартыс болу қажет, 50-60 мың жанкүйер жер тепкілеп айқайлап отыру керек. Сонда ғана футбол дейтін үлкен ұғым шығады. Әдебиет те солай, ол алдымен әдеби процеске түсуі тиіс.

Әдеби процесс деген не? Ол – жазушы, жазушының еңбегі, оны басып шығаратын баспа, кітап саудасы, оны оқытатын кітапханалар мен кітап дүкендері, сосын оқырмандар мен әдеби сыншылар. Осының барлығы қосылғанда әдеби процесс қалыптасады. Қазір әдеби кітаптар шыққанымен, тарамайды, оны жаппай тарататын үрдіс бізде үзілген. Әдеби сын мүлде жоқ. Біреуден біреу ұрлап жатыр ма, біліп жатқан кісі жоқ. Мына шығарма жақсы ма? Жаман ба? Жақсы болса, несімен жақсы, оны да ешкім талдамайды. Сонымен әдебиет көрінбейді, әсері жоқ. Егер Мұхтар Әуезов «Абай жолын» дәл осы ғасырда жазса, баяғыдай дүрілдемес еді деп ойлаймын.

Қадыр Мырза Әлінің қырқында сөз сөйледім: «Қадырмен бірге бір дәуір кетті, ол жай бір кезең емес, әдебиеттің алтын ғасыры. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтерден басталған әдебиеттің алтын ғасыры осы Қадыр Мырза Әлімен және онымен тұстас буынмен аяқталды»...

Бұл «бұдан кейін әдебиет болмайды» деген сөз емес, әдебиет болады, бірақ мүлде басқа әдебиет қалыптасады. Сонымен қазіргі әдебиеттің жағдайы осындай, талантты жазушылар болғанымен, әдеби процесс жоқ.

- Әдеби процестің тоқтауына, кейінгі жастарға кереметтей сенім артпауларыңызға не себеп?..

- Бүгінгі жасы 70-80-ге келген үлкен жазушылар бұрынғы даңқымызбен жүрміз. Өйткені бір кездері біздің романдар 40-50 мың данамен тараған. Оқырмандар бізді сонымен таныды. Менің «Соңғы көш» романым Кеңес үкіметі кезінде «Жұлдыз» журналында басылып тұрды. Сол тұста «Жұлдыздың» таралымы 196 мың болатын. Ал қазір «Жұлдыз» журналы небәрі 3500 таралыммен ғана шығады. Сол себепті бізді қазіргі жастар біле бермейді, өйткені олар бұрынғы романдарымызды оқымаған, кейінгі шыққан шығармаларымыз оларға жетпейді, өйткені 2 мың данамен ғана басылып шыққан кітаптар Алматыдан аспайды, басқа облыстарға, қалаларға, аудандарға жетпейді. Бұл жағынан менің әдебиетке жаңа қосылған жастарға жаным ашиды. Біз әдебиеттің дәурендеп тұрған кезінде, яғни алтын ғасырында өмір сүрдік, бір кездері шығармалары кең тараған, тез танылған ұрпақтардың өкілі болдық. Қазіргі жастар әдебиеттің құлдыраған кезінде, көркем сөздің қадірі әлсіреген тұста, әдеби процесс тоқтап қалған кезде өмір сүріп жатыр. Сол үшін де олар ешкімге таныла алмайды.

- Қазір имани әдебиет туралы жиі айтылып жүр. Тәуелсіздіктен кейінгі жастардың дені иманға бет бұрды. Исламның ендігі әдеби ортаға ықпалы туралы ойыңызды білсек...

- Әдебиетте бізге реалистік бағыт керек. Өзіміздің дәстүрлі әдебиеттің алтын ғасыры ХІХ-ХХ ғасырда жасалған. Ал сопылық әдебиет – араб әдебиеті. Әлемде бұл әдебиеттің кереметтей орны жоқ. Кеңес үкіметі кезінде қоғамды дінсіздік жайлады, соның әсерінен кейбір қазақтар өз ата дініне қарсы шығып, оның қағидаттарын ұстануды ұмытты. Аллаға шүкір, тәуелсіздіктен бері бұл жағдай оңалып келеді. Бірақ демократия дедік те, дін біткенге есікті айқара ашып тастадық. Нәтижесінде, көз көріп, құлақ естімеген діни ағымдар елімізде қаптап кетті. Мұны көп адамдар нағыз демократияның жемісі деп қарайды. Меніңше, бұл – адасу. Жалпы, көпдінділік – ұлттың соры. Ол ұлтты ыдыратудың, халықты берекесіздікке әкелудің амалы. Тарихта талай империялар мен мемлекеттер осы көпдінділіктен сорлаған. Қазақ баласы мыңдаған жылдардан бері ұстанып келе жатқан Ислам дінін дұрыс ұстанса да жетер еді. Бірақ Діни басқарма өзге діндердің ел арасында үгіт-насихат қимылын жүргізуіне тосқауыл қоюға дәрменсіздік танытып отыр. Бір сөзбен айтқанда, таза ислами орта әлі қалыптаспай келеді.

Жалпы, бұрынғыны бұра тартудың керегі жоқ, өзіміздің сара жолымыз бар. Қазір онсыз да Батысқа еліктеп, постмодернизм мен модернизмді жақтайтындар пайда болып жүр. Бұған енді бір жағынан ислами, имани әдебиет келіп қосылса, ол баяғыдағы аққу, шортан һәм шаянның тірлігіне алып келуі мүмкін. Мен бұл жағын зерттемеген адаммын, бірақ бұл бағыт әдебиетке айтарлықтай табыс әкеледі деп ойламаймын. Өткен жолы телеарнаға берген сұхбатымда: «Мен мұсылманмын, бірақ араб емеспін және араб болғым да келмейді, мен мұсылман қазақпын», - деп едім, осыны ұстанған жөн. Әйтеу, қай ғасыр болмасын қазақтың қоржыны бір жағына ауады да жүреді.

- Жас қаламгерлердің шығармаларын оқисыз ба?

- Жастарды түгел оқып жүрмін деп айта алмаймын. Уақытымның көбі өз шығармаларыммен айналысуға, қала берді, өзге әдебиеттерді оқуға кетеді. Баяғыдай бәрін сыпыра оқи беретін уақыт жоқ, жас кезімізде уақытты қалай болса солай жұмсайтынбыз, уақыт көпестің ақшасы, Қарынбайдың қазынасы іспетті таусылмайтындай көрінетін, қазір қалтаның түбі тақырланып барады. Сондықтан жастарды оқуға көп уақыт болмайды. Кітаптарын өздері әкеліп берген біраз мықты жас ақындар бар, қолым қалт еткенде соларды оқимын.

Шетел асып келіп қалам ұстағандардың ішіндегі біраз жастарды оқып жүрмін. Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтайын» қайта оқып шықтым. Өте жоғары деңгейде жазылған кітап. Бұдан басқа, оралмандардан: Алмас Ахметбек, Ауыт Мұхибек, Мұрат Шаймаран, Мұқаш Қожахметұлы сияқты талантты ақындар бар. Жалпы, тәуелсіздіктен кейін елге ел қосылумен қатар, талантты, дарынды тұлғалар, ғалымдар, ақын-жазушылар келіп қосылып жатыр. Бұл қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне қосылған үлкен үлес деп есептеймін.

- 75 жылдығыңыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр екен. Халқыңызға қандай шығармашылық сыйыңыз бар?

- Тәуелсіздік – менің негізгі тақырыбым. Барлық шығармам тәуелсіздікті жырлау үшін жазылған әрі оны бекемдеуге арналған. Тәуелсіздіктің қадірін білмей қорлаған адамдарға, тәуелсіздіктің жемісін жеп кеткен адамдарға өшпін. Егемендікті ең алғаш жариялаған кезде көзімнен пара-пара жас аққаны есімде... Біз бұл мерекені өз деңгейінде атап өтуіміз керек. Жиырма жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде халықтың әл-ауқаты қандай болды, дамуы, өсуі қалай? Осыған дұрыс баға беруіміз қажет. Өйткені бұл – ұлтымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Кешегі Алаш қайраткерлері мен бертінгі Желтоқсан көтерілісінде құрбан болған жастарға дейін қаншама боздақтарымыз тәуелсіздік үшін жанын қиды. Сол үшін бұл мерекені біреу бізге алып берді, тәуелсіздікке қол жеткізу түгенбайдың арқасы деп түсінудің қажеті жоқ.

Биыл Абылайдың туғанына 300 жыл толады. Тәуелсіздіктен Абылайды бөліп қарауға болмайды. Абылай және қазақтың тәуелсіздігі – екеуі бір ұғым. Егер Абылай XVIII ғасырда қазақ даласын жоңғардан дер кезінде азат етпегенде, кім біледі, қазақ даласы кімнің шеңгелінде кетерін. «Дарабоз» романында бұл туралы кең көлемде жазғанмын. Осы жылдың наурыз айында «Көкжал» атты повесімді, «Тұл махаббат» дейтін үлкен әңгімемді жазып бітірдім.

- Жас ұлғайған сайын денсаулыққа жақсы күтім керек шығар, аға...

- Үйімде жаяу жүруге, жүгіруге арналған құрылғылар бар. Таңертең ерте тұрып, сонымен 3-5 км жүгірем. Пайдалы дене әрекеттерімен айналысам. Дәрігердің бақылауындамын. Күнделікті тұрмыста, тамақтануда тәртіп сақтаймын. Бұлардың бәрі қан таратуға, сергек жүруге пайдалы. 75 жас аз ғұмыр емес. Кәріліктің аты – кәрілік, өз несібесін алмай қоймайды. Кейбір 70-ке келген адамдар, әсіресе, чиновниктер «күш-қайратым әлі де тасып тұр» деп соғады, оған сенбеу керек. Адам қартайғасын күш-қайраты тасымайды. Мен – Құдай әжептәуір дарын берген адамдардың бірімін, мектепті кілең беске оқығам, университетті де үздік бітірдім. Есте сақтау қабілетім, зердем ешкімнен кем емес болатын, қазір ұмытшақтық, жаңғалақтық, шаршағандық байқалады. Бұрын шығарма жазғанда өзі құйылып тұратын сөздер қазір біраз ойландырып барып еске түседі. Бұл да – қарттықтың әсері.

- «Жас-Ай» медициналық орталығында ем қабылдадыңыз, тибет еміне көзқарасыңыз...

- «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығы ел аузында жиі айтылатын болып жүр. Мен бәйбішеммен бірге бір рет барып емделіп қайттым. Бізге Жасанның өзі ине салды, емдеді. Аллаға шүкір, ине емі оң әсер етті. Бір курстық емнен соң қайта келіңіздер деп еді, тәуір болып кеттік те, қайта баруға уақыт болмады. Жақын арада барып қайту ойымда бар.

Мен Жасан ініме ризамын. Ол бүкіл Еуропаны мойындатып отыр, бірнеше халықаралық академиялардың академигі. Жақында Венаға барып, халықаралық «Сократ» орденін кеудесіне тағып қайтты. Қазақтың қарадомалақ ұлдарының осындай жетістіктерге жетіп жатқанына қуанамын және құттықтаймын. Бұл емнің қасиетін Батыс халқы бірден мойындады. Вена халықаралық университетінің Құрметті профессоры атағын алып қайтқанда Жасанға: «Бізден гөрі сені олар бұрынырақ бағалап, танып жатыр екен» деп едім. Еуропа Жасанды жайдан-жай бағалап жатқан жоқ. Оларда ғылыми-техникамен қоса, медицина да кереметтей дамыған. Бұл саладағы мамандардың қадірін ол жақ жақсы түсінеді.

Сіздер «Жас-Ай» медициналық журналын шығарып жатырсыздар. Бұл – өте керек қадам. Қазақстанда медициналық бағытта шығатын басылымдар тым аз. Бұл тұрғыдан қарағанда, Жасан сауапты іс істеп отыр. Халыққа ауырмаудың жолын көрсетіп, медициналық әдістерді, ақыл-кеңестерді, ем-домдарды түсіндіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жалпы, Жасанның қадамы сәтті. Мен бұдан кейін де бұл орталық елдің сүйікті орталығына айнала береді деп сенемін.

Әңгімелескен Мамырбек ТӨКЕШ

ЖАС-АЙ жұрналы 2011 жыл, № 2