Сұхбаттар

«Ақ қағаз – Арым, Қара сия – Қаным»

Жаңа жыл қарсаңында «Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың   лауреаты Қабдеш Жұмаділов Қытайға барып қайтыпты» деген хабарды естігесін қызықты ойлар қылаң бере бастады. Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағында дүниеге келген Қабдеш ағаның қаламынан туған көптеген әңгіме, повестер, «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр», «Прометей алауы» романдары, «Соңғы көш», «Дарабоз» дилогиялары және «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы қазақ оқырмандарының қақ төрінде.

Ендеше, әлеуметтік мәселе көтеріп, саяси-қоғамдық құбылыстарға дер кезінде үн қосып журген ойшыл қаламгермен ой бөліссек қайтеді?

ҚАЛАМНАН КҮШТІ ҚАРУ ЖОҚ

—      Бұрын-соңды бұйда ұстап, дәрежелі қызмет істеген жоқсыз. Шен-шекпенге қызығып, лауазым да қумадыңыз. Жеке кәсіппен айналысқан шаруа секілді Құдайдың бұйыртқан несібесін теріп жеп, қаламды қару қып өмір сүрдіңіз. Жалпы, жазушыға қызмет қажет пе?

Қызмет жағалаған немесе тағдырдан мансап дәметкен кісі емеспін. Биікте отырып билік жүргізгенді жек көргендіктен емес, ондай тізгінді маған ешкім ұстата қойған жоқ. Біреулер беті бүлк етпей өтірік айтады. Әнеукүні бір жазушы «Мен атақты да, абыройды да, сыйлықты да егер соңына түссем алып жіберетін ем. Бірақ соны қуған жоқпын!» дейді. Өтірік! Солар атақ пен сыйлықты қызыл түлкідей қуған. Бірақ қолдары жетпеген.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын «жұмыстан кетем!» дедім. Госкомиздатта істейтінмін. Бастығым Шериаздан Елеукеновке «Бірегей қызметті маған бермедіңдер, «Плебей» боп жүргім келмейді. Он бес жыл аға редактор болдым. Осы «мансабымнан» түсіп қалмай тұрғанымда үйге қайтайын, босатыңыз!» дедім.

Қызметтен кеткенім жақсы болды. Қашан бір саты өсемін деп өмешегім үзілмей алаңсыз өмір сүрдім. Таза шығармашылықпен айналыстым. Менің девизім, мынау болды: француз жазушысы Оноре де Бальзак «Наполеонның қадамы жетпеген жерді мен қаламмен-ақ жаулап алам» деген ғой. Сол айтқаны келді. Расында да, Наполеонның әскері Еуропадан асқан жоқ, ал Бальзак бүкіл бес құрлықты аузына қаратпады ма?

—      Әдебиетке әдеппен келдіңіз. Таланттың табалдырығын ақын боп аттадыңыз. Соның бір куәсі — «Жас дәурен» атты алғашқы өлеңдер жинағыңыз. Былай алып қарағанда, қазақтың бәрі — ақын, «түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі». Сөйте тұра өз тұрғыластарыңыз Әбіш Кекілбай, Дүкенбай Досжан, Оразбек Сәрсенбай секілді өлеңге үрке қарап, жазушылыққа ауысып кеттіңіз. Неге?Атан түйе ғана тартатын поэзияның жүгін көтере алмадыңыз ба?Әлде...

—      Өмірдегі кергенім мен көңілге түйгендерім өлеңге сыймай, арнасынан асқан өзендей тасып жатты. Диаспора... шекара сыртындағы қазақтардың өмірі туралы тың тақырыптарды көтердім. Қазақтың тағдыры, тарихы туралы көп нәрсені қопаруға қозғауға тура келді. Құлашы кең, қару-жарағы мол қара сөзбен кестелемесе, өлеңнің сұлу өлшеміне сыймайтын болды. Бір өзіңді бөліп-жара алмайсың ғой. Сосын біржола прозаға ауысып кеттім. Ал, енді өлең жазу — өрісімді кеңейтпесе, тарылтқан жоқ. Прозалық шығармаларымның ішінде жоқтау, көңіл айту, билердің сөзі, ақындар айтысы, шешендердің қақтығысуы секілді қажетті тұсқа келгенде «Өлең жазып берші» деп ешкімге жалынбаймын. Өз жанымнан шығатын өлеңім дайын.

Жалпы поэзиядан қол үзбеймін. Кей-кейде келісті ойлар мен шұрайлы шумақтар өз аяғымен кеп қалғанда түртіп қоям.

Сіз қатардағы        Қаламгер емес, қайраткерсіз. Қоғам туралы қомақты ой тастап, халықтың мүддесін қандай шығармаларыңыз арқылы қорғадыңыз? Ұйымдасқан қылмыс, сыбайлас жемқорлық белең алған бүгінгі заманда одан басқа да ойсырап жатқан келеңсіз нәрсе не деп ойлайсыз?

—      Баяғы жариялылықтың екпінімен бәріміз де қалам сілтедік. «Қайтсек Тәуелсіздіктің белін бекем буамыз?» деп ештеңеден тайынбадық. Үкіметті де сынадық. От басы, ошақ қасында отырып алып, басшыларға ақыл айтқан кезіміз де болды. Бүгінгі қоғам, саясат, әдебиет, мәдениет, жалпы Тәуелсіздігіміз туралы «Қалың елім, қазағым» деген үлкен кітабымда толығырақ тоқталғам. Еститін құлақ ескерер деп топшылаймын. Не үшін қалам тербеймін? Сенің жазған мақалаңмен, көтерген мәселеңмен ештеңе де түзеліп кетпейді. Оған көзің жетіп тұрады. Кейде өзің үшін, өзіңнің арың үшін жазатын кез болады. «Осы бір мәселе көтерілген жылдарда Жұмаділов өмір сүріп еді ғой, не деп үн қосыпты?» деп біреулер сұрайтын сияқты. Кейінгі ұрпақ ақтара қалса ақиқатын тауып алатындай боп көрінеді. Әділет үшін, тарих үшін, жалпы кейінгі ұрпақ үшін. Ақ қағаз — арым, қара сия — қаным. Көз майымды тауысқан мақалаларым түбі жерде қалмасына сенемін.

Аш қарын тоғаяр, жыртық киім жамалар. Қатты уайымдайтын нәрсем — қылмыс көп. Ілгеріде жалпы қылмыс атаулыға «Ара» журналы ғана араласатын. Ыңғайы бар ықыласты жазушылар детектив іздеп архивке үңілетін. Детектив жазатын екі-үш-ақ адам бар еді. КГБ, милиция, тергеу орындары соларға ғана архив ақтаруға рұхсат ететін. Ал, қазір көшеге шықсаң — детектив. Немесе теледидарға бір сағат қарасаң — неше түрлі сұмдықты көріп, денең түршігеді.

Қысқа күнде — қырық қылмыс. Соның көбісі ашылып жатады. Қылмыс ашылды деген не? Адам түрмеге түсті деген сөз. Тепсе темір үзетін азаматтарымыз қамауда. Сосын не оңады?

Қазір адам жоғалып кететін «ауру» шықты. Сол туралы ешбір дерек жоқ. Жоғалған адамдардан табылғандар бар ма? Табылмаса олар қайда кетуі мүмкін? Бұл туралы Ішкі істер министрлігінен сұраған пендені естімедім.

«Айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұтылып», сондай-ақ, акулалар еркін жүзіп, шабақтардың торға түсіп жатуы байқалады. Коррупцияға қарсы күресті кейде саяси мақсатқа пайдалану нышандары бар ма екен деймін.

АҒЫЛШЫНДАР ҒАЛАМДАСУ, ЖАҺАНДАСУ ДЕГЕНІҢІЗГЕ ПЫСҚЫРМАЙДЫ!

Бірсыпыра ақын-жазушылардың балалары шетелде. Ірілі-ұсақты қызметте. Естуімізше — сіздің де бір-екіұлыңыз сыртта. Өзіңіз Қытайда тудыңыз. Оспанхан тілімен орағытып айтқанда «арғы беттен қарғып өткен» қаламгерсіз. Шығыс Түркістаннан басқа шетелге шығып көрдіңіз бе?

Шетел аралау жөнінен базбір пысықтар сияқты мақтана алмаймын. Кеңес дәуірінде оның кілті Мәскеуде болды. Ал, Мәскеу өзінің сүйген құлдарын ғана жіберетін. Тәуелсіздік алғаннан кейін де шетелге саяхаттап қайтқандар көп. Абайдың, Әуезовтің тойы шетелде аталып өтті. Делегация құрамында кейін «шенеуніктер шеруі» атанған мансаптылар қаптап кетті.

Ала-құлалық қазір де азайған жоқ. Шетелдік сапарлар жолы болғыш пысықтардан артылмайды. Бір ақын досымыз самолеттің ішінде «Америкаға осымен төртінші рет ұшып бара жатырмын. Жалықтым. Бас тартайын десем ыңғайсыз. Ылғи да жоғары жақ тізімге қосып қояды» деп мақтанған екен.

Өз басым ондай қолдау, қолпашты көргемін жоқ. Менің табаным тиген «шетел» — бұрынғы он бес республика. Сонан соң Қытай, Монғолия, Түркия... Шетелде екі ұлым тұрады. Біреуі — Лондонда. Журналист. Екінші ұлым — Венада. Америкада докторантураны бітірді. Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымында істейді. Солардың арқасында былтыр ешбір делегациясыз-ақ бүкіл Еуропаны аралап қайттым.

Үйіне тоқтамай жер-жаһанды кезіп жүріп жазған жазушылар тарихта аз емес. Сапар — жазушы өмірінің бір бөлшегі. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз хадистерінде «Сапарға шығыңдар, несібелерің артады» деген ғой.

«Ештен кеш жақсы». Әсер өте мол. Әр минөт сайын бір самолетті ұшырып-қондыратын Лондонның Хитроу әуежайы ертегі. Мына ағылшындар ешқашан ешкімге құл болмаған, бодан болмаған ұлт қой.Ал, біз құлдық ұрып құрдай жорғалаған елміз. Құлдықтан құтылдық па, жоқ па? Он жылдан асты. Тәуба дейміз.

Құлдардың психологиясы белгілі. Байқайсың ба, біз бір-бірімізге тура қарап сөйлемейміз ғой. Көзімізді алып-қашып, жасып, төменшіктеп, бақайымыздың басына қарап сөйлейміз. Ал, мен еркін елді көруге құштар едім.

Ағылшындар — жүйкесі тозбаған, жасымаған халық. Бір-біріне қарағанда көзбен аймаласып тұрады. Олардан көшеде жөн сұрасаң қуып жүріп түсіндіреді. Тағы бір таңқалатыным — ағылшындар өздерін «Ұлыбритандықпыз!» дейді. «Еуропалық» десең — намыстанады. «Еуропа — біздің шекпенімізден шыққан» дейді.

Ғаламдасу, жаһандасу десе — біздің қазақтардың таңдайы тақ-тақ етеді. Ол бір тағдырдың бұйрығы, Құдайдың пешенемізге жазып қойған жазуы секілді. Мен үшін «жаһандасу» жаныңды жаһаннамға жіберем дегендей боп естіледі. Ал, ағылшындар ғаламдасу, жаһандасу дегеніңізге пысқырмайды. Өйткені, олар ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалған ел. Біреуге еліктеу, солықтау деген жоқ. Тіпті, Еуропа қауымдастығына да қосылмайды. Бір мысал айтайын. Ағылшындардың таксиі әлемдегі таксилерден жарты метр биік. Неге? Театрға барғанда ағылшындар цилиндр киіп барады екен. Бас киімнің төбесі тиіп қалмас үшін таксиі әдейі биік жасалған. Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, таксидің төбесін ұзартқанша, бас киім қысқартқан оңай емес пе? Оңай. Бірақ олар ұлттық дәстүрді бәрінен де биік қоя білетін ел. Сондықтан да олар — Ұлыбритания! Соған қарап ұлттарды да түр-түрге бөлуге болатын сияқты: кемел ұлт, шалағай ұлт, жаңадан жетіліп келе жатқан балаң ұлт. Әлгіндей мінез ағылшын секілді кемел ұлтқа ғана жарасады.

Вена. Ондағы тазалық. Сұлулық... Венаны еуропалықтар «екінші Париж» деп атайтын көрінеді.

Көгілдір Дунай — көгілдір күйінде ағып жатыр. Штраус, Бетховен, Моцарттың заманындағы Дунай — сол Дунай. Кешесінен бір тал шөп-шалам түгіл, қиқым таппайсың. Қала салудың, сұлу қаланы сақтаудың үлгісі соларда. Біз Алматыны керемет мақтаныш етеміз. Дұрыс. Бірақ «Тоты құс қанатына қарап түрленіп, аяғына қарап қорланады» деген сөз бар. Алматының бедірейген бетон үйлері — қорланатын жері. Оны бір кезде империя баспана үшін салып беріп кеткен ғой. Ендігі үміт — Астанада. Түптің түбінде сұлу шаһар Астана болатын шығар.

Базбір жазушылар бақай есеп пе, базына ма білмеймін, әйтеуір «Бізді бағалайтын сыншылар болмады, құдіретімізді көрсетуге құдіреті жетпеді» деп жатады. Сіз де осы пікірдесіз бе?

— Біреудің пікіріне тәуелді жазушы — жазушы емес. Ал, зерделеп, зерттеп, ғылыми айналымға түсіру — ол басқа әңгіме. Сындарлы сыннан кенже қалғаным рас. Кезіндегі бірді-екілі сын мақалаға өкпелегеніміз бекершілік екен. Қазір әдеби сын мүлде тоқырады. Сыңаржақ сынның өзіне зәруміз. Жасыратын не бар, біз жас болдық та, әдеби сын алдыңғы лек аға буыннан артылмады. Кезегіміз келгенде сын, зерттеу Арал теңізіндей тартылып кетті. Өліара маусымда өмір сүрген кінә өзімізде. Әйтсе де, екі ғалым менің шығармаларым бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Ғалымға ғылым керек, ғылымға объект керек, енді бізді зерттемегенде кімді зерттейді? Түбі, айналып келеді ғой.

—      Құдайға шүкір, қошқардай төрт ұл, құндыздай бір қызыңыз бар. Сәуле жеңгей төртінші құрсақ көтергенде өзіне қолғанат болатын қыз күткен дейді. Сөйтіп тәуіпке бал аштырыпты. Бірақ, бұ жолы да тәуіптің айтқаны болмай, тағы да ұл туыпты. Сонда сіз перзентханадағы жеңгемізге «Бәйбіше, қыз таппадым деп қапаланба. Ұлдарың аман болса, түбі осы қазақтың біраз қызы біздің үйге келеді!» деп жұбатыпсыз. Сұрайын дегенім: балгер, бақсы, тәуіпке сенесіз бе?

— Тәуіптер, сәуегейлер, болжағыштар заманында болған. Көріпкелдік — бабадан балаға жалғасатын қасиет. Бірақ қазір халықтың бойынан сол қасиет қашқан. Жоғалып кеткен, кейінгілері жасанды. Жұртты дүрліктірген Сары әулие қайда? Мұқым орыс халқын шыр айналдырған Кашпировский қайда? Біздің кейбір сәуегейлердің болжамы бойынша, дәрі-дәрмек азайып, дәрігеріміз дәрменсіз болған тұста жұртты алдарқату үшін соларды халықтың алдына әдейі шығарып қойған дейді. Солай ма екен деп те ойлаймын. Бірақ көзім анық жетпейді.

— Пошымыңыз келіскен. Түр-түсіңіз Мұхтар Әуезовке ұқсас. Көшеде кездескен кейбір бейтаныстар «Кешіріңіз, сіз Мұхтар Әуезовтің баласы не туысы емессіз бе?» деп сұраған сәттер де болған екен. Сіздің «жерлеспіз» деп берген сыпайы жауабыңызға ұшқары ойлаған ұшқалақ біреулер «Ауылдарыңыздың арасы тым жақын болған-ау, шамасы?» деп әңгімесінің аяғын әзілге бұрыпты.
Ондайларға «Осындай пыш-пыштың шығатынын біліп, үстінен құстан басқа ештеңе өте алмайтын шекараның аржағында туып келгенмін» дейтін көрінесіз... Ата-мекенін аңсап келген Қазақстандағы қандастарымыздың хал-ахуалы қалай? Оралмандармен шүйіркелесіп тұрасыз ба?

               Оралман қандастарыммен байланысым жиі. Мен оларды танымағаныммен, олар мені таниды. Іштерінде жол таппай жүргендері де бар, баспана іздеп басы қатып жүргендері де бар, әрқайсысы әр түрлі шаруамен келіп, ақылдасып тұрады. Алғашқы кезеңдегі тұрмыстық тауқымет, қиыншылық түзеле жатар. Тұс-тұстағы бытыраған халықтың бас қосуы, ірге теуіп көк тудың астына жиналуы қазақ үшін аса маңызды нәрсе. Бірақ, кейде оп-оңай дүниені қолдан қиындатамыз. Мысалы, Монғолиядан оралғандарға куәлік беру үшін он жыл ойланудың қажеті қанша? Жер алу үшін де, кәсіппен айналысу үшін де құжат керек. Ал, енді алақандай ғана куәлікті үзіп-жұлып, бөліп-жарып, Елбасының қолын қойғызып, тым ұзақ уақыт алғанша, соны жеңілдетуге болмай ма? Қазір кешіп-қону үшін де құжат қажет. Біздің шенеуніктер оралмандарды жіпсіз байлап қойған жағдайы бар...

      Былтыр күзде Қазақстан халықтары Ассамблеясының IX сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Онда «азаматтық бітімді сақтау — Қазақстан халықтары Ассамблеясының, барлық мемлекеттік органдарының, партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, әрбір жеке қазақстандықтардың стратегиялық міндеті екенін көрсетті. Сіз де сол дүбірге үн қосып қалдыңыз. «1960 жылдан бері шекара сыртынан келген қандастарымыз, яғни оралмандар саны бұл күнде әулетімен қосқанда 1 миллионнан асады. Сөйте тұра Парламентте сол топтың әлі күнге дейін бірде-бір өкілі жоқ. Ассамблея құрамына да тартылмай отыр. Ал, Ассамблея ұлттар мен ұлыстардың, қоғамдағы топтардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмауы керек. Әрине, бұл оралмандардың мүдделері назардан тыс қалып отыр деген сөз емес. Дегенмен, Парламентте, Ассамблеяда олардың мұң-мұқтажын тереңдей білетін өз өкілі болғаны дұрыс болар еді» дедіңіз. Мысалы, ондай орындарға өз тарапыңыздан кім-кімдерді ұсынар едіңіз?

— Біреу-міреу «Мынаның әлде де биліктен дәмесі бар ма?» деп ойлап қалмасын. Осыдан он жыл бұрын депутаттыққа иегіміз қышыған, қазір ондайға қызықпаймыз. Бірақ ол орындарға Монғолия, Қытай, Ресейде тәлім-тәрбие алған лайықты тұлғалар оралмандардың ішінен табылады. Қабырғалы қандастарымызды қатарға алып, санатқа қоссақ айбынымыз артпай ма?

               Баспада істеген кезіңізде бір лауазымды жазушысымақтың қолжазбасына ұзақ шұқшиыпсыз. Өндіріске неге жіберілмей жатқанын сұраған авторға: «Сіздің сөйлемдеріңіз сөйлем емес, ескі тақтайдан суырылған бір жәшік қисық шегесекілді. Оны оқушы қажетіне жарату үшін, әр сөйлеміңізді төске салып түзету керек» деп жауап қайырыпсыз. Қазір «Әдеби тіл қожырап, божырап, былығып барады. Егер тілді бұзуға конкурс жарияланса бас бәйгені қазақ жазушысы да, жазушы емесі де алар еді» деген пікір қылаң бере бастады. Шынымен солай ма?

Солай! Қазір Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің әдебиеттегі орны үңірейіп тұр. Бұрын қолына қалам ұстаған жазушы «Мынаны Ғабең оқыса ұят қой!» деп әр сөзіне жауапкершілікпен қарайтын. Со кісінің қаһарына ілініп кетпейін деп айбынушы еді. Ығушы еді. Былайша айтқанда —қорқатын. Қазір ығатын да адам қалмады, қорқа қоятын да ешкім жоқ. Қаламына не іліксе, соны сүйкей беретін болды.

Әсіресе, радио мен тележурналистер бүлдіріп барады. Қате сөйлейді. Оларды мың-миллион адам тыңдайды ғой. Жақсылық жұқпауы мүмкін, қателіктер мен кемшіліктер күйедей жұғады. Басқаны үйренбесе де соны үйренеді. Мысалы, қазір «жұмысжасайды, қызмет жасайды» деген сөз шықты. Жұмысты жасамайды, істейді! Жұмыс істейді. Журналистер «істейді» деген сөзден қашады. «Іс» деген сөзден шыққан сөз ғой. Оның несі ерсі? Абай ылғи «қылып» деп сөйлейді. Онда тұрған не бар?

Сөз қадірін білетін аузы дуалы ағаларымыз өмірден өтіп кетті. Ал, біздің аузымыздың дуасы жоқ па қайдам, әлде оны елеп-ескергісі келмей ме, айтсаң қастық ойлап отырғандай көреді.

Қазақ нені айтса да ауыз толтырыпайтады. Шүлдірлеп-былдырламайды. Оспанхан Әубәкіровтың мамандығы — әртіс. Консерваторияны бітірген. «Сонша жыл оқып сахнаны неге тастадың?» дегендерге «Табақтай дипломнан не пайда? Бес жыл оқығанда быдық екенімді өзім де сезбеппін, ұстаздарым да аңғармапты. Мен, құдай ұрғанда, сахнадағы сөзімді ешкім ұқпайтын кәдімгі быдық екенмін. Содан көрерменнің құлағын аядым да, қаламға жармастым» дейтін. Бір жаманы бүгінгі быдықтар Осекең секілді халықтың құлағын аямайды. Быдық мұғалім шәлдірік шәкіртті дайындайды.

ЖАЗБА ӘДЕБИЕТ ЖҰТАҒАН КЕЗДЕ, АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ АЛҒА ШЫҒАДЫ

Сервантестің «Жалган ақша жасағандар секілді, жалған тарих жазушыларды да дарға асу керек» деген түбірлі пікірін пір тұтасыз. Шындыққа жанаспайтын «шежіресымақ» шығармалардың бірсыпырасын мерзімдік баспасөз бетінде әшкереледіңіз. «Тарихты тартпақтамай, өмір шындығын бұрмаламай дәл көрсету жағынан, кімнің алдында болсын жүзім жарық, арым таза» дейсіз. «Тарих — үстіне не құйсаң да божып тұра беретін сабадағы іркіт емес екенін» айтасыз. Кандидаттық, докторлық диссертация ғылыми дәлел мен дәйекке сүйеніп жазылатыны белгілі. Ал, өзіңіздің тарихи романдарыңыздағы кейбір фактылар бұрын-соңды ғылыми еңбектерде екшелінбеген. Сонда Сіз ешкім естімеген тарихи жәйттерді қайдан аласыз ? Әлде, жазушының қиялы ма?

— Тарихи шығарма қиялдан тумайды. Кітаптың шекесіне «тарихи роман» деп қойған соң тарихи жүлге мен тарихи деректердің ізімен жүріп отыру керек. «Дарабоздағы» Қабанбай батыр туралы деректің бәрін архивтен, тарихи жырлардан, ел аузындағы аңыздан алдым. Жәй әшейін фантазияның жемісі емес. Тарихтың бір жерінен саңылау ашылса, жарық түссе, көркемдеп, кестелеп әрі қарай өзің алып кетесің.

Білген жаман екен. Тарихи роман жазам деп көп нәрсені ақтардым, көп нәрсені оқыдым, көп нәрсеге көзім жетті. Не анық, не анық емес? Ақ-қарасы қайсы? Неменесі өтірік, неменесі шындық? Соның бәрін тарих биігінен таразылайсың да, дауға еріксіз араласып кетесің. Тарихта да жағымсыз образдар бар. «Ойбай, анау Пәленбайдың атасы екен, мынау Түгенбайдың көкесі екен, біреуіне тиіп кетпесін» деп тарихи шындықты бұрмаласақ, одан не ұтамыз?

Атасы жоқ адам бола ма? Бәрі де біреудің атасы. Мысалы, Мемлекеттік сыйлық алған «Тағдыр» романымдағы Ысқақ деген жағымсыз кейіпкер менің жақын ағайыным. Оның Демежанға қастық қылғаны өтірік пе? Империяға, отаршылдарға қызмет істегені ше? Бәрі де шындық. Сонда деймін-ау, соны туысым екен деп бүркемелеуім керек пе?

Сол сияқты тарихта мүлт кеткен жерлер көп. Мысалы, Сыпатайбатырдың Кенесарымен одақтасқанырас. «Біз сені қолдаймыз!» деп пәленбай мың қол жинап, емексітіп, дәметтіріп, жеме-жемге келгенде Сыпатайдың сырт беріп кеткені тағы рас. Оны сатқындық десең — ауыр. Опасыздық.

Ұлы жырау Жамбыл ел қорғаны Сұраншы мен Саурықты қалай дәріптеген? Ал Сыпатайды қалай жерлеген? Өтірік болса өйте ме?

Тарихтағы ақиқатты аршып алу оңай емес. Атам өлсе — өлсін, ақиқат өлмесін. Менің девизім осы...

Қазір саяси партия құру саябырсыған сияқты. «Кеше ғана партия құрып жатқан азаматтың қолына «майлы жілік» тиген күні бастаған ісін тастап жүре беретініне қарап, сірә, бұл да мансапқа ілігудің, портфельге жармасудың бір амалы ма?» деп жазыпсыз. Халқының қасынан табылатын қайраткерлеріміздің аздығы, тым аздығы нендей себепке байланысты?

— Қайраткерлер қайдан шығады? Азаттыққа, тәуелсіздікке әр ұлт әр түрлі сүрлеумен, қилы-қилы соқпақпен, күреспен, төңкеріспен келеді. Азаматтар ұзақ жыл абақтыда жатып, бодан елдің болашақ бағдарламасын жасап, сол үшін күйіп-жанып жүріп азаттыққа қолы жетеді. Ондай жағдайда басшы кім болады, қосшы кім болады деп ойланып жатпайсың. Іштерінен дап-дайын қайраткерлер пісіп шығады. Мысалы, Индияда Махатма Ганди, Нерулер сондай тұлғалар.

Ал, бізге Тәуелсіздік аяқ астынан келді де браз састырғаны рас. Қазақтың бұған дайын кезі де болған. Мысалы, Қазан төңкерісінен кейін «Алаш» партиясы құрылды. Сонда қазақ бәріне дайын еді. Сол дәуірдегі тұлғаларға қарасаң... Оһо-о, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов — бәрі бір-бір тұлға. Әрқайсысы бір-бір Президент, бір-бір министрдей елестейді. Бірақ, амал қанша, ол кезде қазақ дайын болғанымен тарихтың толғағы жетпеді. Ал, тарихтың толғағы жеткенде, қазақтың етек-жеңі жиналмады.

Шүкір, еті тірі епті коммунистер шапанын ауыстырып киіп, биліктің божысын қайтадан қолына алды. Атқа мінді. Біз соларға арқа сүйедік, олардың арасынан да патриот, ұлтжанды, қазақи қаны бар тұлғалар шығып, басқан іздері білінбей кетті.

Қазақ зиялысы 37-ші жылғы қуғын-сүргіннен кейін омыртқасы үзіліп, ошаң етіп бас көтеруден қалған. Ұзақ жылдар бойы Ұлттық ұран көтерген бірде-бір партия немесе ұйым болған емес. Әйтеуір абыройымызды жапқан — Желтоқсан оқиғасы... Мен өзім ешбір партияға мүше емеспін. Портфелсіз бос қалғандар партия құру арқылы, жоғары өрмелеуге тырысатынын көзіміз көріп жүр.

Қазіргі партиялардың көбісі бір-бірінен аумайды. Қазір үш-төрт партия жұлқынып алға шықты. Солардың «Біз Президенттің партиясымыз» деп өзара орынға таласып жатқаны ыңғайсыз-ақ. Партиясыз, мансапсыз жүре алмайтын жазушылар да бар. Әнеукүні бір ағамыз теледидардан өзі «Отан» партиясының мүшесі екенін, әрқашанда билеуші партияның ығында жүретін белсенді екенін әлденеше рет қайталады. Жасы жеткен жазушыға оның қаншалықты қажет болғанын түсінбедім.

— Халқымыздың қанына сіңген қасиет — жүйелі сөзге тоқтаған. Уәжге тұрған. Баяғы бабаларымыз ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен. Қазіргі қазақтардың сөзге тоқтамайтыны несі? Ұтымды уәжден ұтылып тұрса да бетбақтырмай бейберекет сөйлей береді. Сол бір қадірлі қасиетіміз жоғалып бара жатқан жоқ па? Әсіресе, түйінді гәпті түсінетін айтыс ақындарының сөзге жығылып «қойдым!» дегенін естімедім.

Сөзге тоқтамау — анархияның бір түрі. «Қойдым!» деп қол алған ақындар некен-саяқ. Дәлелге, уәжге, логикаға мойынсынбай «менікі жөн» деп бақсыдай сарнай беру — бәтуасыздық. Қазақ «Қыртты езген жеңеді, езгенді құдайдан безген жеңеді» дейді... Жалпы, сөз қадірі түсіп барады ғой. Қазір уәдеде тұрмау, айтқанын орындамау, алған қарызын қайтармау, сөзден танып кету деген қоғамға жат қосалқы мінездер шықты. Мұның бәрі де сөзден бәтуа, ауыздан иман кетуге байланысты. Бұған не шара? Заң шығаратын қажеттілік осындайдан туындайды екен ғой. Біздің Парламент жылына жүзге жуық заң қабылдайды. Соның бәрі жетіскеннен дейсіз бе?!

— Ертедегі ақындар айтысы осы күнге дейін ел аузында. Біржан мен Сара, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Шашубай... Ал, кейінгі жылдарда айтыс өнері қанша қанат жайса да ешбір ақынның айтысы елдің есінде сақталмайтыны несі?

— Айтыс — бұрын фольклордың бір бөлігі ретінде көркем әдебиеттің құрамына кіретін. Қазір айтыс ол дәрежесінен айрылды. «Пәленбай мен Түгенбайдың айтысы» дейтіндей кімді мысалға келтіресің? Әйтсе де айтыс қажет пе? Қажет! Өйткені сұраныс бар. Белгілі дәрежеде халықтың, бұхараның рухани қажетін өтеп отыр. Бірақ, айтыс арқылы әдебиет жасап жатырмыз десек, қателесеміз. Айтыстың бағын ашқан «Хабар» телеарнасы. Мыңдаған адам тамашалайды, ол да эстрадалық сипат алды. Шоу ма, сөз сайыс па, әйтеуір ойын-сауықтың бір түріне айналып барады. Қазір айтыс неге дәуірлеп тұр? Жазба әдебиет жұтаған кезде ауыз әдебиеті алға шығады. Отызыншы, қырқыншы жылдары Алаш жазушыларының серкелері ұсталып кеткенде жазба әдебиет жетімсіреді. Халықтың рухани сұранысын халық ақындары өтеді. Өздері және саясатқа бейімделгіш, Кремльге не қажет болса соның бәрін жырлап беріп отырады. Ал, қабырғалы қаламгерлеріміз халық ақынына хатшы боп жүрді. Әбділда Тәжібаев, Қасым Тоғызақов, Ғали Орманов, Тайыр Жароков Жамбылдың хатшысы болды, Қуандық Шаңғытбаев ағамыз Нұрпейіс Байғаниннің хатшылығын атқарды.

Кітап тиражының аздығына байланысты, кейінгі кезде оқырмандар азайып, көрермендер көбейіп келеді. Бұл күнде жазба ақындарымыздың біреуі айтысты жүргізсе, қалғандары жюри мүшесі боп жұртқа танылып жүр.

«ЕУРОПАҒА ҰНАУ ҮШІН, АЗИЯНЫ АЯҚТАН ШАЛУЫҢ КЕРЕК»

-                      Бұрынғы жазушылар аты озған қаламдастарының аяғынан тартып, қымқуыт айтысып-тартысып жататын. Мысалы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» бірінен соң бірі жарық көргенде қызылкөз қызғаншақтар түртпектеп, күн керсетпеді. Қазіргі қаламгерлердің арасында ондай мінез байқалмайды. Әркім өзімен-өзі. Осының себебі неде? Әлде ұлттық әдебиетіміздің ұяты ояна бастады ма?

—      Баяғыда ақын-жазушының қоғамдағы орныүлкен, абырой-беделі асқақ еді. Үкімет санасатын. Депутаттық орын қалдырып отыратын. Сый-сияпат өз алдына. Сондықтан да шығармашылықтан гөрі бет-бедел үшін, алға кім түсіп кетеді деп таласатын. Орталық Комитеттің есігін кім қаққыш болса, соның иығы асып тұрды. Үлкен кісімен әлдеқалай табақтас
бола қалса, бір айға дейін тісін шұқып жүретін ағайындар бар-тын.

Қазір таласатын ештеме қалмады. Өйткені әдебиеттің қоғамдағы орны төмендеп кетті. Жазудан гөрі жанбағыстың қамы басым.

—      Өмірдің өзі — айтыс, тартыс. Сахнадағы айтыс саяси тартысқа ұласқан сыңайы бар. Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің «Екі Мұхтар» деген мақаласы кезінде ел-жұртты елең еткізгені рас. Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шахановқа бата бергендей ақсақалдық жоралғысын жасаған. Қазір екі Мұхтар бір Шыңғысханның төңірегінде шыр кебелек айналып, баспасөз бетінде ауық-ауық «айтысып» жүр. Біреуі Шыңғысханды өрге сүйресе, екіншісі көрге сүйрейді. Екеуі де өз дегендерінен қайтпайды. Сонда бұлардың бұрқ-сарқ қайнауы дау ма, әлде әдеби айтыс па?

— Екі Мұхтардың да әдебиетте өз орны бар. Екеуі де талантты. Бірақ бұлардың таласы жеке бастың арасындағы айқай емес, тұтас екі ағымның, екі концепцияның арасындағы талас.

Бірінікі —ұлттық топырақты қастерлеу, ата-баба рухын ардақтау, әруақты пір тұтқан жаңа ағым. Екіншісінікі — ежелден таныс ескі ағым. Қашанда асыра сілтеп, «құдайды» қолдан жасауға тырысатынымыз жаман. Еуропаға жақсы көрініп, жағыну үшін Азияны жығып беруің, өзіңнің ата-бабаңның біразын құрбандыққа шалуың керек. Сонда ғана ұнайсың.

Шыңғысханды жамандау — жаңалық па? Жетпіс жыл бойы жабыла жамандап келген жоқпыз ба? Қарақшы дедік, басқыншы дедік... Енді басқаша қарайтын кез келді емес пе? Шыңғысханға дейін хал-ахуалымыз қалай еді? Шыңғысхан — соғып өткен апатты дауыл ғана болса, артында қалған Алтын ордадай мемлекет үш ғасыр бойы өмір сүре ме? Бүкіл Еуропаны аузына қарата ма? Орта Азиядағы бес-алты мемлекеттің негізін қалай ма?

Мұхтар Мағауин енді «дүмше тарихшы» атаныпты. Егер Мағауин дүмше болса, басқамыз кім болғанымыз...

— Қабдеш аға, енді Сізге жаттанды сұрақ қояйын. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп Абай айтқандай, әр адам өзінше жұмбақ. Құпия. Әдебиет әлеміне жетелеген не нәрсе? Қазақ әдебиетінің қақпанына қалай түстіңіз? Жазушылық несімен қызықтырды?

— Біздің балақ түріп жүгірген балаң шағымызда «табиғаттың бермегенін тартып аламыз!» деген ұран бар-тын. Алдамшы ұран. Құрғақ қиял. Неге? Табиғатыңда талант болмаса оны кімнен тартып аласың? Алла-тағала бойыңа қасиет дарытпай қойса қайтесің? Өзіңді-өзің зорлайсың ба?

Атам Күдері би ақын болған. Мешіт салдырған. Төңірегіне енер шашқан кісі. Ауылдағылар «Атаңа тартқансың!» деп қолпаштайтын. Қолдан көшірілген хиссалар жаттататын.

Алғаш рет Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» көріп таңқалдым. Қалың кітап. «Апырмау, роман деген де кітап болады екен-ау?» деп есім кетті. Кітаптың бәрі құран секілді аспаннан түседі деп ойлайтынмын. Мұхаңның кереқарыс маңдайына ұза-а-ақ қарағаным есімде. Оқыдым. Өте ауыр болды. Бір жеңіл жері — кітаптағы Абай он үш жаста екен. Мен де он үштемін. Қатты әсер етті. Абай заманындағыдай біз де көшпенділер өмірін бастан кешірдік.

Жастайымнан ұлттық езгіні, зорлық-зомбылықты көріп өстім. Бізге   сабақ берген мұғалімді көз алдымызда нақақтан-нақақ атып тастады. Мәселен, мектебіміздің мүдірі (директоры) Тұрсын Мұстафин күні кеше Алаш азаматтарының сарқытын ішкен тамаша кісі еді. Осының бәрі мені жазуға итермеледі.

1962 жылы Қытай шекарасынан атамекенге өттім. Бекіре балық уылдырық шашатын сәтте өзенді өрлеп жоғары қарай жүзеді екен. Мен Қазақстанға шығармамды уылдырықтай шашу үшін оралдым.

—      Усойқы сықақшы Қажытай Ілиясұлы айтады:

«Мен Қабдешті шекарадан арқалап өттім!»   деп желпінеді.   Жаны бар сөз бе?

Сондай бір сәттің болғаны да рас. Дәл шекарада Қаракітат деген шағын өзен бар. Коктемде тасып жатыр екен. Аттап өту қиын. Тек кешіп өту керек. Қажытай бәтіңкесін шешіп арғы бетке лақтырып жіберді де: «Сен аяқ киіміңді шешпей-ақ қой» деп мені өзеннен арқалап өткізді. Қажытай кейінірек қалжыңдайды: «Сен сонда зілдей ауыр едің, сөйтсем, бір мешок роман арқалап өтіппін ғой!» дейді.

—      Баспасөз беттеріндегі мақалаларыңызға қарағанда, шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін араша түскен сәттеріңіз көп екен. Қазір сәл саябырсып, тыншыған сияқтысыз. Шаршадыңыз ба, жалықтыңыз ба? Әлде «шындықтың түбіне жете алмайсың, шындық сенің түбіңе жетеді» деген пікірмен келістіңіз бе?

—      Менің қаламымды қозғаушы күш не десеңіз — шындықты айтуға құштарлық. Шындықты айтудың да өзіндік ләззаты бар, бойың жеңілдеп, зеңгір кекке еркін қанат қаққандай бір рахат күй кешесің.

Сол үшін де өмір сүріп жатқан сияқтымын. Бар сүйенерім — қалам ғана. Жұрт білетін, исі қазақ танитын азаматқа айналсам — сол қаламның арқасы. «Қаламнан күшті қару жоқ» деп табынатыным да содан. Қалам ұстап, ақ қағазбен бетпе-бет келгенде ар-ожданың таза болмаса, онда жазу бекершілік. Әлдебір бақай қулықты, әлдебір арамдықты ойлап отырып, біреулердің ақ қағазға адалдық туралы қалай сөз жазатынына таңқалам. Санама сыймайды. Мықты жерім де, осал тұсым да — осы.

Болдыңыз ба?

Осы да жетіп қалар.

Кейінгі Қытай сапарынан сыр шертпейсіз бе?

Оны бұған қоспайық. Ол — өз алдына бөлек әңгіме.

—      Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет,Қабдеш аға. Болдырмаңыз. Құдайқаламыңызға қуат берсін!

Сұхбаттасқан Көпен ӘМІР-БЕК

«Қазақ әдебиеті»

10-қаңтар, 2003 жыл.