Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Жалағаштан жалынды сәлем!


Бірде арамызда Ақсу ауылының зәңгісі (бізше, қазіргі тілмен әкім ғой) Қожантай деген ініңіз бар, бір жиналыстан шыққан үзілісте әңгіме дүкен құрып тұрғанбыз. Қожантай бізге:

­ Жігіттер, сендер осы Қабдештің неше томын оқыдыңдар? ­ деп сұрап қалды. Біз күмілжіп қалдық. Мен ертеректе тиіп­қашып оқыған екенмін. Бірақ толық есімде жоқ. Тек «Көкейкесті», Жәнібек, Жанна, Мәдилер есіме түсті. Біз жағдайымызды айттық.

­ Ой, жігіттер, Қабдешті қалай оқымай жүрсіңдер, ­ деп алды да, Сіз туралы, сіздің шығармаларыңыз туралы әңгімелей жөнелді. Сонымен, не керек, жұмыстан қолымыз қалт еткенде, біз Қожантай екеуміздің әңгімеміз «Дарабоз», Абылай, Қабанбай, Қабдеш болды.

­ Сен, Тұрақ, ғұмырнамалық романды оқы, «Дарабозды» оқы, ананы оқы, мынаны оқы, пәленінші том, түгенінші том, ­ деп жатыр Қожантай. Мен оны тоқтаттым да.

- Қожеке, мен бұлай істемеймін, - дедім. – Сіз маған Қабдештің толық шығармалар жинағын беріңіз, сіз бәрін оқыпсыз ғой. Мен Қабдешті басынан бастап оқимын, - дедім. Ол сөйтіп маған толық жинақты тауып беретін болды.

Күндер өтіп жатты. Бір күні жұмыста отырсам, Қожекең телефон соғады. «Мен уәдемді орындадым, келіп Қабдештің 12 томын алып кет» дейді.

Сөйтіп, 2008 жылы мамыр айының орта шенінде 12 томдық қолға тиді. Сол күні 1-томды бастадым. Азғантай уақытта мен мүлде басқа бір әлемге кірдім. (Мен мұны өзімше шартты түрде «Қабдеш әлемі» дедім). Жалпы, мен кітап оқуды демалыс деп білемін. Біреулер бос уақытында қармақ салады, карта ойнайды, шахмат ойнайды. Ал, мен үшін демалыстың көкесі – кітап оқу. Бірақ ол үшін оқитын кітабың дұрыс болу керек. Мен кейбір кітаптарды оншақты бетін оқығаннан кейін, амал жоқ, тастаймын. Ештеңе жоқ, әрі қарай болмайды. Ал, кейбірін әдейі ерегісіп аяғына дейін оқып шығам. Көрейінші осы, аяғында не болар екен деп. Бірақ ол кезде бет санаймын, парақ санаймын. Енді неше бет қалды, неше парақ бар деген сияқты. Адамның ықыласы болмағасын белгілі ғой, ол құрығыр таусылмайды. Әйтеуір өліп-талып әлгі кітапты бітірем-ау. Сосын келініңізге айтам, Сәуле (үйдегі келініңізді аты да Сәуле) мына кітап отқа тамызыққа жарайды екен, пеш қора жаққа қоя сал деймін.

Бірақ кейінгі кезде ондай кітапты оқымайтын болдым. Қайдағы бір дүмше жазушыға бола нервімді құртып, төзімімді тауысып қайтем. Жастау кезімде жазушы дегеннің бәрі кереметтей көрінетін. Сөйтсем, олардың ішінде де дүмшелері бар екен.

Сонымен, мен сіздің 12 томдығыңызды өткен 2008 жылғы мамырда бастап, қарашада аяқтадым. Ал, енді бұл кітаптарды қалай оқыдың дейсіз ғой? Үйдегі келініңіз айтады, «Тұреке, арасында бізге де шамалы көңіл бөлсеңіз, бірыңғай Қабдешпен болып кеттіңіз ғой», дейді.

Айтса айтқандай, үйде де Қабдеш, түзде де Қабдеш, жұмыста да Қабдеш, жиналыста да Қабдеш, машинада да Қабдеш болды. Түннің бір уағына дейін, таңертең ерте тұрып оқимын. Кітаптардың қалай тез таусылып қалатынына таңдандым. Алған әсерім ғаламат. Өзіңіз айтқандай, мен де Абылаймен, Қабанбаймен бірге жүрген сияқтымын. Сол ғасырда өмір сүрген секілдімін. Демежанмен, Естаймен, Әсетпен табақтас болғандаймын. Ойпырым-ай, ағажан-ай, Демежанды өлтірмей-ақ қою керек еді. Мен қатты қиналдым. Жазушы қиялы деген болмай ма? Я болмаса, анау түрмеде, камераның ішінде Демежан Матен Амбыны қылғындырып өлтіру керек еді, ол итті (Бұл енді жай оқырманның ойы ғой. Сіз тарихи шындықты боямасыз көрсетпек болдыңыз ғой).

Бірақ Әбілқайырды оңдырмаған екенсіз. Алайда тарихи шындық солай болса, амал жоқ. Не дегенмен біздің ханымыз ғой, атамызға жаным ашиды (әзіл-шыны аралас). Хан болса да, қараша болса де пенде ғой, біз бәріміз де пендеміз. Қателеспейтін адам болмайды. Мүмкін Әбілхайыр осы қателігімен де ұмытылмастай болып тарихта қалған шығар. Егер Әбілхайырдың орнында басқа адам болғанда да осылай істеуге мәжбүр болар ма еді, кім білсін.

Ал, қырғыздардың Кенесарыны өлтіргенін білетінмін. Алайда, оларды дәл осындай қаныпезер, жауыз деп ойламаппын. «Кәлла мұнарасы» сұмдық қой.

Айта берсе әңгіме көп, менің бір байқағаным, 12 томды оқып шыққаннан кейін өзімді басқа адамдай сезіндім. Қаншама ақпарат алдым, өзімнің дүниетанымым әлдеқайда кеңейіп, тереңдей түскенін ішкі бір түйсікпен сезіндім. «Ойпырым-ай, осындай тарихты осы уақытқа дейін білмей де жүріппіз-ау» деген ой келді маған.

Ал, енді бір мәселе, сіздің осы шығармаларыңыз киноға сұранып тұрған жоқ па?

Басқасын былай қойғанда, «Дарабоз», «Тағдыр», «Соңғы көш» романдары бойынша фильм түсірілсе «Көшпенділерді» әлденеше орап алатындай керемет фильм болар еді. Мұны тиісті адамдар ойлануы керек қой. Ол фильмдер сосын өзін-өзі ақтар еді. Кейінгі жастар ел тарихына қанығар еді. Бұған ықпал жасайтын, өнерге жаны ашитын Мұхтар Құл-Мұхаммед, Иманғали сияқты азаматтар болса фильм түсіру қазіргі техниканың жетілген заманында соншалықты қиын да шаруа емес.

Институтта қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы деген пәннен сабақ берген ағайымыз, егер қазақ болғың келсе Абайды оқы, қазақтың салт-дәстүрін білгің келсе, қазақтың кім екенін білгің келсе Абайды оқы дейтін. Әрине, Абай – Абай ғой, оған талас жоқ.

Әрине, мен Сіз көрген, сіз болған Тарбағатайдағы қазақтың керемет жайлауын көргенім жоқ. Менің көргенім Қарақұм, Қызылқұмдағы 1970-80 жылдардағы малшы жайлауы. Дегенмен, Сіздің шығармаларыңызды оқып отырып та, қазақты, оның дархан табиғатын тануға болады екен. Ұлан байтақ жазира дала, көк шалғынды жайлау, қазақтың ақбоз, он екі қанат үйлері, кісінесіп, шұрқырасқан биелері, қой қоздаған қазақ ауылдары т.б. суреттер көз алдыңа келеді. Атқа мініп, асауды құрықтаған жылқышымен, көкпар тартқан шабандоз жігіттермен бірге жүргендей күй кешесің.

Қабдеш аға, осының бәрін Сізге жағыну үшін айтып, мақтап жатқаным жоқ. Осы орайда «Ғұмырнамалық романды» оқып отырғанда байқағаным, Сіздің бойыңыздағы кейбір қасиеттер өзімде де бар екен. Мен өтірік айта алмаймын, айтқан жағдайда да жарияға жар болып, білініп қалады. Сосын айтпаймын. Біреуге (әсіресе лауазымы үлкендерге)мәймөңкелеу, көлгірсу қолымнан келмей-ақ қойды. Сондықтан бұл айтылып жатқан әңгімелерді інілік ықылас, оқырманның жүрек жарды лебізі деп біліңіз.

Мен Қадір ағамыздың «Иірімін» үш мәрте оқыдым. Алғаш рет оқығанда түсініңкіремей қалдым. Бұл қалай деп ойлағаным рас, қайталап оқығаннан кейін Қадір ағамыз да жазушылар арасындағы пендешілік, күндестік, қызғаныш сияқты ішке сыймай келген мерезді сыртқа шығарған екен дедім.

Ғұмырнамалық романды оқи отырып ойға келдім.

Біріншіден: Сіз өмірбаяны шым-шытырық, қилы-қилы өткелектерден өткен, өмір жолы өте күрделі адам екенсіз. Мен бірталай жазушы, ақындардың естеліктерін оқыдым. Сіздің өмір жолыңыз ешкімге ұқсамайды.

Екіншіден: Қабдеш Жұмаділов бақытсыз да, бақытты да жан екен дедім. Бақытсыздығыңыз, өмір бойы көріп келе жатқаныңыз бейнет, қуғын-сүргін, қоғамнан, мемлекеттен шет қақпай болу, рухани жалғыздық, өз заманыңыздан ширек, тіпте жарты ғасыр озып кетуіңіз.

Ал, бақыттылығыңыз – Алланың Сізге сарқылмас, бүкіл өміріңізге жететін қажыр-қайрат беруі, жүрегіңіздің ақтығы. Аққа құдай жақ деген, талай қауіп қатерден, қуғыннан аман-есен қалып, алдыңызға қойған мақсаттарыңыздың бәрінің орындалып, дұшпандарыңыздың мойындауы. Саналы ұрпақ өсіріп, төрт құбыласы түгел адамға айналуыңыз. Мұның өзі Сіздің адами болмыс-бітіміңіздің ерекше, жүрегіңіздің кіршіксіз пәктігі деп ойлаймын.

Ал, енді басқа не айтам, Қабдеш аға, аман-сау болыңыз. Сіздің қаламыңыздың ұшы әлі мұқалған жоқ. Сізден әлі де тың серпін күтеміз. Отбасыңыз аман болсын, немерелердің қызығын көріңіз.

Сәлеммен ініңіз – Ахетов Тұрақ Әдисұлы Қызылорда облысы Жалағаш кенті «Қазақ әдебиеті» газеті. 6-наурыз, 2009 жыл