Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

«Біржан-Сара» жайлы ақиқат


«Біржан-Сара» қазақ әдебиетін­дегі нұры сөнбей, сәулесі мәңгі алаулап тұратын шоқтығы биік жарық жұлдызға айналды. Ал оны жазған – Әріп Тәңірбергенов.

Бұларды еске алып отыр­ға­ны­мыз, Біржан-Сара айты­сы­ның әдебиет­тегі дара құбы­лыс, жақұт­тай жау­һар­лығына мән беріп, тағзым ете түсуге құм­был­дық (дер едік). Әйт­кенмен... Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында «Біржан-Сара» айтысына байланысты біраз уақыт әлдебір айтыс-тартыс, пі­кір­талас белең алғаны ойға оралады. Ғылыми кон­ференцияларда қаншалық сөз болған-болмағаны есте жоқ, бі­рақ күнделікті мерзімдік баспа­сөздер бе­тін­де әжептәуір әңгіме қозғалғанына куәміз. Ол науқанға тікелей аралас­пасақ та, шет­пұш­пақтап біліп жүрдік, негізгі сөз арқауы – «сондай айтыс болған ба, болса қашан, қайда болды, Біржан мен Сараның кездескені шын ба, айтысқанда жастары қай шамада еді, тіпті Сара деген ақын өмірде бол­ған ба, әлде, біреулердің қиялынан ту­ған ба?» – ұмытпасам, осы төңіректе өрбіген еді. Сонда өзіме көбірек бат­қаны – Біржанға дау жоқ, Сара деген ақынды өмір­де болмаған, ойдан шы­ғарылған дегенге саятын сөздер еді. Шынында да, атақ-даңқы «Біржан-Сара» айтысына байланысты көбі­рек мәлім Сара жөніндегі мағ­лұматтар жұтаңдау болатын.

Және сол талас-тартыстың неден туғанын да қазір нақты айта алмаймыз. Бірақ сондай ызғын-шу болған. Сан мәрте оқыдық, та­ныстық. Бір жолы Республика жоспарлау комитетінде бөлім бас­тығы боп істейтін аса байыпты, жасы жер ортадан асқан, келбетті де келісті, зиялы адамның соған байланысты мақала әкелгені есте. Өзін Сайлаубай Қайнарбаевпын деп та­ныстырған ол: «Сара туған өлкенің перзентімін, анау ондай, мынау мұндай, мынаған келісе­мін, анаған келіспеймін деп біраз жайды айта отырып, оның бар­лығы осында», – деп машинкаға басылған он шақты бет мақаласын тастап кеткен-ді. Қай азаматты да қанша сыйлағанмен, қай нәрсеге (әсіресе, пікірталастарға) күмән­мен қарайтын сауысқаннан сақ уақыт болғандықтан ба екен, әрине, бір өзім ем­ес, басшы боп, қосшылар боп, ақылдаса келе, сол мақала жарық­қа шықпа­ды-ау деймін. Авторы ке­ліп, ештеңе демей қайтып алып кеткені көз алдымда. Кейін білуімше, ол Ди­маш Ахметұлы Қо­наев­пен дос, замандас, сыйлас, кезінде үлкен кісіге Дүй­сетай Бекежанов деген көмекші тауып беруге ықпал еткен елге белгілі Сайлаубай Қай­нар­баев екен. Біраз жыл өт­кенде архитектор, Мем­лекеттік сыйлық ал­ған баласы Арыстанмен араласып жүрдік. Баритон дауысты Арыстан ан­ау-мынау опера әнші­ле­рін жолда қалдырардай әнші де еді. Негізінен, Абай әндері, онан соң классик ком­по­зитор­лар­дың романс, арияларын шыр­қайтын. Әлі күнге «Шапи баяу», «Сы­рым­бетті» ондай айт­қан еш­кім­ді кез­дестірген емес­пін. Ермек Серкебаев та тыңдаған екен, «ә, Арыстан ба, ол ғаламат әнші ғой» дегенін өз аузынан естігенім бар.

Қазір бағамдауымша, талай роман, повестерді қазақшаға аударып, әде­биетке үлес қосқан Сай­лаубай Қай­нарбаев жер­лесі Сара ақын жайлы мә­селеге тек­тен-тек араласпаса керек. Әттең, сол жолы алып келген мақа­ласын біздің журнал әдеби басылым еместіктен жариялай алмағаны өкі­нішті.

Біржан мен Сара. Жоғарыда айт­қанымыздай, Біржан Сал ғала­мат әнші-композиторлы­ғымен кең танылса, ауыл-аймақтың айтыс ақыны ре­тінде онша көп ал­ысқа ұзамай-ақ Сараның аты Бір­жанмен айтысы ар­қылы байтақ ел-жұртқа мәлім болды. Композитор Мұқан Төлебаев жазған «Біржан-Сара» операсы екеуін теңестіріп, даңқын көкке шарлатты. Шамасы, кейін әлдебір дау-шардың туындауының бір ұштығы сонда жатқан болуы мүмкін. Біржанның қасында Сара кім дегендей. Ғайыптан бүр жарған әң­гіме сол төңіректе өрбіді. Оның соңы немен тынғанынан хабарымыз аз болса да, бәрібір, Сараның ірі жаратылыс иесі екеніне күмән жоқ-тын. Біз күмән жоқ дегенмен, қауызын аршып, басы ашылуы тиіс күмәнді жайлар жоқ емесі де көкейдің бір бұрышында жататын. Иә, Біржан мен Сараның кездесіп айтысқаны шын ба, қа­шан, қай жерде айтысты? Шамасы, күдік келті­рушілерді осы жайлар қызықтырған болса керек. Бұл орайда, оларды қолдау да дұрыс, өйткені, шындықты іздеу айып емес. Себебі Біржан да, Сара да халыққа жақын, сүйікті тұлғалар.

Сөйтіп, ақиқат сырын ашуға ден қойған жазушы Қабдеш Жұ­ма­ділов Біржан-Сара айтысының кілтін тауып, өз тарапынан нүкте қойғандай бопты. Нақты айғақ, дәйекті дәлел, қонымды жүйе, бұлт­артпас фак­ті­лермен. Тіпті олай демегенде де, Бір­жан-Сара жөніндегі көлемді жазбасы оқыр­ман назарын бірден аударып, бір сәтте оқылатын қызғылықты, та­нымдық құнары мол, төрт аяғы тең хикая деуге бек сыйымды әдеби олжа. Онда Біржан мен Сара өмір сүрген кезең кестесі, заман, дәуір тынысымен қоса, толып жатқан белгілі тарихи тұлғалардың аты-жө­ні, олардың мінез-құлық, іс-әре­кет, бастан өткерген қызық-шы­жық, ыстық-суықтары тар­тым­ды, нанымды суреттеледі. Кей­бір кіреуке-тозаң, алапат ахуал­дар, жұмбақ сырлардың беті ашы­лады. Сәл нақ­тылаңқырай түс­сек, «Біржан-Сара» айтысы бол­ды ма, болмады ма, ол өмірге қа­лай келді, келтірген кім, айтыс­тың пайда болуына себеп қандай, егер екі ақынның айтысқаны шын болса, бір-біріне өліп-өше ғашық бол­ған Біржан қанша, Сара қанша жаста еді?» Міне, осыларға көкей­ге қонардай жауап табасыз.

Алдын ала айтып қояйық, Қабдеш мырзаның бағамдауынша, Біржан мен Сара айтыспақ түгіл, екеуі ешқашан бір-бірін көрмеген де, білмеген де (екен). Демек, ай­тыс­паған. Оны жазған үшінші бі­реу. Жәй біреу емес, ұлы Абаймен замандас, қазақ әде­бие­тінде өзін­дік орны бар, екі тілге жүйрік, бі­лімді, алғыр ақын Әріп Тәңір­бер­генов. «Біржан-Сара» айтысын қыз намысы үшін басын бәй­геге тігіп, жан пида етуге әзір Әріп­тің амалсыздың күнінен Абай сынды дананы уақытша болса да «тәрк» етуге барғаны әсерлі баяндалады. Өйтпесе, «Біржан-Сара» айтысы болмас та, жазылмас та, Сара басына еркіндік алмас та, Әріп қыз­мет, абырой-атақ бәрінен айырылып, шерменде болмас та еді және оған өкініші жоқ Әріп ақынды да білмес едіңіз. Әлі де білмейсіз. Өйткені, Әріп ақын жазған бойда қалың елге бірден тарап, алапаттай дүрбелең тудыр­ған ол айтыс­ты жазған мен едім деп жар салған жоқ. Білген білер, білмеген білмес, ең бастысы, жаны сүйген Сараның басына бостандық бе­ріл­се болды дегенді қанағат етумен шектелген. Кіл маржан сөз­дерден өрілген аса көркем, жо­ғары деңгейдегі әдеби туынды кімнің қолынан шыққа­нын дос та, дұспан да сол замат білді. Әріп­ті іш тартып, ақынды­ғын жоғары бағалайтын Абай да білмеуі мүм­кін емес-ті. Ең алдымен Абайды сый­лайтындықтан аты-жөнін бүр­кеп қалған Әріпке керегі де сол болатын. «Айтыс» арқылы Сараны бір қиыннан құт­қарғанына тәубе деп, әрі қарай оның да, өзінің де ғұмыры қалай боларына бас қатырып жатпады. Ал олар­дың бұдан кейінгі бастан өткерген құқай­лары, тіпті де оңай болмапты...

«Біржан-Сара» айтысының өмірге келгеннен бастап дау-дамайдан көз ашпай, қайтсе де Әріп­ке бұйыртпауды көксеген біреулер автордың аты-жөнін көр­сетпей жария еткенін малданып, сол дауды көпке дейін жал­ғастырды. Бірақ мақсаттарына жеткен жоқ. Әріп те емес, басқа да емес, мейлі, кім жазса, ол жазсын, «Біржан-Сара» қазақ әдебиетін­дегі нұры сөнбей, сәулесі мәңгі алаулап тұратын шоқтығы биік жарық жұлдызға айналды. Ал оны жазған – Әріп Тәңірбергенов. Ол айтысты жазған шақта Біржан әншінің жасы алпыстан әлдеқа­шан асып, жынды болды, деп бұ­ғау­да жатса, Сара енді ғана бойжете бастаған өнерлі жас ару еді. Қабдеш Жұмаділов осыларды жа­лықпай зерттеп, әзелден жалға­сып келе жатқан даулы түйткілге нүкте қойғандай бопты. Біз солай қа­был­дадық. Қабыл­да­дық та, Қаб­дешке риза болдық

Зәкір Асабаев. «Жас қазақ» газеті. 2014 ж. 24 қазан.