Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Бір романға 20 жыл дерек іздеген жазушы


XVIII ғасырдан тамыр тартатын исі қазақтың бас сардары, атақты батыр Қабанбай өмірінен жазылған «Дарабоз» романы – өз алдына бір төбе. Жазушы қаламмен дос болған жарты ғасырлық ғұмырында тұйыққа да тірелді, шеттетуге де тап болды. Еңбегінің сүйінішін де, күйінішін де көрді. Бірақ бұл – өз алдына жеке әңгіме. Қазіргі әңгіме белгілі қаламгердің өзге жазушылардан ерекшелігі неде, шығарманы қалай, қай уақытта жазады, сол жайында болмақ. Бұл жөнінде Қабдеш ағамыз былай дейді: «Бір кездері кеңседе жұмыс істедік. Күндізгі сегіз сағат уақытымыз сонда өтетін. Мен өзі бар-жоғы үш-ақ жерде жұмыс істеген адаммын. «Қазақ әдебиеті» газетінде үш жыл, «Жазушы» баспасында 10 жыл, бұрынғы Баспасөз министрлігінде, яғни Баспалар комитетінде бес жыл істедім. Сонымен – 18 жыл. Бұл менің еңбек өтілім. Содан кейін қызметті қойып, таза шығармашылық жұмысқа отырдым. Рас, кезінде қызметте жүргенде жазуды тек түнде жазатын едім. Таң бозарып атып келе жатқанға дейін жазып, сәл мызғып алып, жұмысқа кете беретінмін. Енді жастықтың аты – жастық қой. Бойда қуат бар, жазуға деген құштарлық одан да басым. Сенбі, жексенбі күндері тағы жазу үстеліне шоқиямын. Сол түнделетіп жазып жүрген кезде қаламымнан «Соңғы көш» секілді ірі шығармалар туды. Кейіннен қызметті қойған соң, жазу кестем де өзгерді. Уақыт жетеді. Түнде ұйқымды қандырып алып, ертеңіне үйдегілер жұмысқа, балалар сабағына кеткен соң жазу үстеліне отырамын. Негізінен, қыста жазамын. Менің көптеген әңгіме-повесть, романдарымның артында жазылған уақыт көрсетіліп тұрады. Көбіне күзде, қазан айында бастаймын да, көктемде мамыр айына қарай аяқтаймын. Ал жаз айы белгілі ғой. Елге бару керек, демалыс орындарына барып, сыр бере бастаған денсаулықты түзеу керек. Жазда жан-жақтан ағылып келетін туған-туыс тағы бар. Сондықтан бұл кезде жазуды күзге дейін жинап қоюға тура келеді. Ал қыста барыс-келіс сирейді, далада күннің көзі қыраулы. Ол кезде тек бар дүниені ұмытып, жазуға ден қоямын. Жалпы, жазушы деген өзін қамап ұстауы керек. Сонда ғана бір нәрсе шығады. Ал жазуға жүрдім-бардым қарау жақсы емес. Мәселен, аты шулы француз жазушысы Виктор Гюго ешқайда шықпау үшін шашының бір жағын алдырып, бір жағын қалдырып қояды екен. Содан қырылған шаш өсіп, екінші жағымен теңескенше ешқайда шықпай, тек жазумен шұғылданса керек-ті». Жазушы өзінің жазу құпиясы жайлы осылай дейді. Ал енді Қабдеш Жұмаділовтың өзге жазушылардан ерекшелігі неде деген сауалға жауап іздесек, оның шығармаларында әлеуметтік сарын басым. Өйткені жазушы бір емес, екі мемлекетте өмір сүрді. Екі алып империяның қыр-сырына қанық болды. Арғы-бергі беттегі адамдардың өмірін жетік зерттей білді. Содан болар жазушының шығармаларында тарих та бар, саясат та бар, ұлттың қамы да, мұңы да, мүддесі де бар. Бәрі бірге өріліп жатады. «Неге екенін қайдам, әлеуметтік жүк көтермеген шығарманы төрт аяғы тең, керемет дүние деп айта алмаймын», – дейді қаламгер. Оқырманға тарихи роман-әңгіме оқу қаншалықты қызық болғанымен, оны жазу – жазушы үшін оңайға түспесі хақ. Ол үшін қанша ізденіс, шаң қапқан мұрағаттарда отыруға тура келеді. Ал жиған-тергенді құрастырып көркем әдебиетке айналдыру үлкен күшті, қаламның қуатын керек етеді. «Мен тарихи романдарға көбірек қалам сілтедім. Рас, қиналған кездер көп болды. Кейде жазып отырған дүниеңнің нақты нобайы болғанымен, жекелеген детальдарға келгенде тұйыққа тіреліп қаласың. Мәселен, «Дарабоз» романын жазу үстінде исі қазақтың бас батыры, ірі қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырдың қайтыс болар тұсын жазарда біраз қиналдым. Қабанбай кәріліктен емес, ауырып қайтыс болған. Ол жайлы жазылған барлық дастандар, жырларда «ауырды» деп айтылады. Бірақ қандай ауру екені белгісіз. Қазіргі экологияға байланысты дерттер XVIII ғасырда жоқ.

Ол кезде көшпенділердің өздеріне тән аурулары болуы мүмкін. Кейде жазушыға интуиция көмектеседі. Сосын өзім қар жастанып, мұз төсеніп, күн-түн демей аттың жалында елін қорғап жүрген адам қандай аурумен ауыруы мүмкін деп ойладым. Бәлки, урологиялық, яғни белдің құяңы, дәреттің жүрмей қалуы деген сияқты шығар дедім де, солай деп жаздым. Кейін қолыма түскен Қабанбай жайлы жырларды қарап отырсам, дәл солай, «қуығы тұтылып» ауырған деп келтіріпті. Міне, бұл жазушы интуициясымен нақты деректің бір жерден шығып жатқаны. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады», – дейді қаламгер. Шындығы керек, тарихи шығармалар жазу үшін, Қабдеш ағамызға Ресейдің Мәскеу, Орынбор, Омбы және Қытайдағы Үрімжіде сондай-ақ еліміздегі Семей, Алматы мұрағаттарында күн-түн демей жұмыс істеуге тура келгені белгілі. Рас, тер төкпей жақсы дүниені дүниеге әкелу мүмкін емес. Тарихи шығарма жаздың ба, тарихты белінен басып, бұрмалауға болмайды. Ойыңды, идеяңды, фантазияңды қоса бер, оған жол бос. Бірақ тарихи жүлге сақталсын. Өйткені кейінгі ұрпақ шатаспауы тиіс. Тарихты білу аз, тарихты сезіну керек.

Мысалы, Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр» романын жазу үшін 20 жыл даярланды. Сонша жыл дерек іздеді. Ақыры ұзақ ізденістің жемісін көрді. Сол «Тағдыр» романы үшін 90-жылдары Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Міне, бұл жазушының еңбегінің ақталғаны. «Мен қолым қалт еткенде алыс-жақын шетелдік жазушылардың және өзімізде жаңадан жарық көрген, онда да өзіммен деңгейлес жазушылардың жаңа шығармаларын оқып отырамын. Өз жазғаныңды оқып, өз дүниеңмен шектеліп қалуға болмайды. Өйткені көмбеге әлі жеткен жоқпыз. Қатарластардың қарқынын біліп отырған дұрыс. Жақында Мұхтар Мағауиннің Прагада шыққан «Жармақ» деген кітабын оқып шықтым. Қатты ұнады. Мұқаң өзін жаңа бағытта сынап көріпті. Онысы өте сәтті шыққан. Формасы жағынан да, мазмұн жағынан да өзгеше. Жазушы тоқырап қалуға, қалғып кетуге болмайды. Үнемі ізденіс керек. Өйткені қоғамның тамырын тап басып, оны көркем дүниеге айналдырып бере білу – қолына қалам ұстаған жандардың парызы», – дейді Қабдеш. Бұл өзіне де қаратып айтқаны болса керек.

Бірақ Қабдеш Жұмаділов барына риза болып, шүкірлік жасап отырған жазушы емес. Үнемі ізденіс, үнемі еңбек үстіндегі адам. Қаламгердің шығармаларымен танысқан жан оған оңай көз жеткізері хақ. «Мен ешуақытта машинка не болмаса компьютермен жазбаймын. Жазу үстеліндегі серігім – кәдімгі қалам. Буы бұрқырап алдына келген етті қасықпен емес, қолмен, бес саусағыңды матырып асағанға не жетсін! Қаламмен жазу да сол секілді. Әр әріпті жан-дүниеңмен сезінесің» дейді Қабдеш ағамыз.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ «Айқын» газеті 30-сәуір. 2008 ж.