Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Пікірлер

Барқытбел бөктеріндегі ұлан-асыр той


1962-жылы күнгей Тарбағатайдың бетінен өзінің қалың төртуыл елі мен ат басын Жарма ауданы «Скотовод» совхозының Ақдіңгек ауылына тіреген Қабдеш Жұмаділов ең алғашқы әңгімелері мен повестеріне жармалықтарды арқау еткен-ді. Нарық қыспағында отырса да Қабдеш сияқты ел қамы үшін өз ұлты алдындағы перзенттік парызын толық өтеген, төрткүл дүниедегі мұқым түркі халқының өз тілдеріне аударылып таныс болған жазушыға Жарма ауданының әкімі Әубәкіров Төлеуберді Оразғалиұлы қалың оқырман Жарма халқы атынан бір топ делегация жіберді. Болат Жұмағұлов, аудан әкімінің ішкі саяси жұмыстарын жүргізуші, Жұмағазинов Мұрат «Қалбатау» асыл тұқымды мал зауытының төрағасы, ақын Мәуітқазы Зүкенов және «Мұрагер» ұлттық салт-сана отауынан мен – Мұхаметқазы Мұхамадиев және атқосшымыз Рымғали Рахметуллин бес адам 28-маусым таңғы сағат 6-да той болатын Мақаншы ауданын бет алдық. Жол үсті жеңіл машиналар легіне толы. Кейде кекілі мен жалын сүзіп тастаған сәйгүліктер үлкен жүк машиналардың үстінде кетіп барады. Бұлар да ертеңгі той жарысының бақ сынар бәйгелері.

Біз, Мақаншы ауданының жасыл киімді шекарашылар тосқан «Қабанбай» қақпасына келгенімізде осы жердегі «Жайтөбенің» бауырында ақ шатырдың астында құжынаған халық пен сап түзеген жеңіл машиналардың қалың шоғырын көрдік. Бұл топ біздің алдымызда ғана кеп, кең дастархан үстінде ел жұртпен кезігіп жатқан заңғар жазушымыз Қабдеш Жұмаділов пен оның нөкерлері астаналық академик, ғалым жазушылар екен.

Бұл жерден шаңқай түстің кезінде Мақаншы ауданының орталығындағы үлкен дәмханада Қабдешке Т.Жирентаевтың ұйымдастыруындағы ұжымдардың сый-сияпаты болды. Бұдан соң Қабдеш Жұмаділов өзі бас боп көмек берген Әсет Наймантайұлының мұражайында болдық.

Сағат үште аудан орталығындағы мәдениет үйінде Қабдеш Жұмаділовке арналған салтанатты мерейтойдың ашылуы болды. Жұрт ыстық ықласты оқырмандық сезіммен Қабдешті, зайыбы Сәулені қызу қарсы алды. Жазушының шығармашылығы туралы профессор, ғалым, Баспасөз комитетін 15 жыл басқарған біздің жерлесіміз Елеукенов Шернияздан сөз алды. Ол Қабдеш шығармаларының тарихы мен тіл құдіреті туралы айта келіп, «Қабдеш Жұмәділовсіз бүгінгі қазақ әдебиетін көз алдыға елестету қиын, оның шығармасында қазақ идеясы өмірлік мақсатының алтын діңгегі, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманынан» кейін, мәселені бүркемелемей, болған тарихи оқиғаны нақты жазған Қабдеш болды», – деді.

Бұдан соң сөз алған академик, Қазақстан энциклопедиясының бас редакторы Ырымғали Нұрғалиев Қабдештің азаматтық тағдыры күрделі жазушы екенін, өз ұлтының алдындағы перзенттік парызын толық өтеген жазушы екенін айта келіп «Қабдештің тілдік нақыштары, тарихи шындық пен көркемдік шындықты қатар тізгіндеудің шеберлігі қандай сыни жүкті көтере алатын зерттеу тақырыбы» деді.

«Қабдеш өзі аңсаған бүгінгі тәуелсіз мемлекетінде тойын тойлап отыр. Кешегі тіршілік пен толық есебін айырысып үлгерді. Оның рухын өлтірмей мына дәуірге жалғастырды. Енді ертеңгі келешекпен жалғастыратын тұлғалы тағдырын бастап кетті» деді.

Бұдан соң «Ата мұра» баспасының бастығы Мұхтар Құлмұхамбетов сөз алып президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қабдешке деген құттықтауын оқыды. Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлықтың иегері ақын Несіпбек Айтов, алаш сыйлығының иегері Нүкеш Бәдіғұлов өлең оқыды. Халықаралық Шалқар газетінің бас редакторы Қазытай Әбіш, техника ғылымының докторы жерлесіміз Мұратбек Құрманбаевтер сөз сөйледі. Бұдан кейін мерей тойға Семей облысының аудандары мен кәсіпорындарынан келген өкілдер жазушыға құттықтаулары мен сыйлықтарын тапсырды.

Біз де Жарма оқырмандары мен аудан әкімі Әубәкіровтың құттықтау хатын оқып, ат, шапан, кілем табыс еттік. Ақын Мәуітқазы Зүкенов Қабдешке арнау өлеңін оқыды. Бұдан соң оқырман қауым Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Рахимов Тұрсынғазының Семей қаласындағы өнерлі қауыммен ұйымдастырған халық батыры Қабанбай туралы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романы бойынша көрініс беріп, Абылайхан, Бұхар жырау, Хан батыр Қабанбай бейнелерін жасады. Үлкен коллектив Т.Рахимовтың бастауымен «Қабанбай қазағым-ай» хорын аспандата ұлттық рухпен орындады. Семейдің М.Төлебаев атындағы сазгерлік оқу орнының студенттері мен Мақаншы ауданының «Інжу-маржан» өнер тобының да қызықты концерті болды. Сол күні кешкісін Қабдештің өзі мекен еткен ауылы «Ақшоқыға» бет алдық. Алма, өрік ағаштарының арасына тігілген ақ шаңқан киіз үйлердің арасына Қабдештің, Жамбылдың суреттері үлкейтіліп салынған. «Ақшоқы» совхозының бұрынғы директоры бүгінгі ұжымды шаруашылықтың төрағасы Мәсәлім Рахымсадық ат мінгізіп, шапан жапты. Бірге келген қонақтарға да құрмет көрсетіліп, сый жасалды.

Қабдешке деген оқырман ел құрметіне таң қалдық. Түнгі сағат он бірге дейін бізден екі шақырымға жуық ауыл тай тұяғы қалмай өз мәдениет сарайында Қабдештің келуін күтіп отырып шақыртқаны. Арнау өлең, сый-сияпат, ән-күй дегенің мұнда да ағыл-тегіл. Кішкентай мектеп оқушылары «Дарабоз» романының бірін әкеп Қабдештен қолтаңба алып жатыр.

Ертесі «Хатын су» өзенінің бойына тігілген ақ үйлердің маңында 25 және 15 шақырымға ат бәйгесі болды. Бірінші орынды Мақаншы иеленсе, екінші, үшінші орынды Таскескен, Аякөз бәйгелері алды. Кілем жапқан, түйе бастатқан бағалы сыйлықтар берілді. Қыз қуу, теңге алу, жорға, ұлттық ойын түрлері болды. Бір ғажабы Қабдештей тұлғаға адамдардың жеке сыйлығы молдығы «Дарабоз» романында сөз болатын Есен-Аман әулетінен Шаяхмет қызы Ақажан келіні жасы 90-ға бет алған Рысхан түлкі тымақ кигізді. «Көктерек» совхозының тұрғыны құсбегі Қайролла Нұртазаұлы жазушыға қыран бүркіт сыйлады.

Тойдың бұдан соң жалғасы Жарбұлақта Қабанбай батыр ауылында болып, жазушыға үлкен құрмет жасалды. Жалпы Мақаншы өңіріндегі той халықтың Қабдештей ұлттық рухы күшті ұлының мерейі ғана емес, Қабанбайдай қас батырының аруағына деген құрмет боп астарласып жатты. Осы тойға арнайы келген облыс әкімі Ғалымжан Жақиянов Қабдешке «темір тұлпар» мінгізді, ал аудан әкімі еріп келген қонақтарына ат мінгізіп, шапан жапты.

Заман қанша қиын болса да ниетін кеңге балаған мақаншылықтар мен семейліктер нағыз талант иесін құрметтей біледі.

Ақшоқыдағы бір кездесу кешінде Қабаң «Өзге нәрселер бөлінгендей тау да бөлінеді. Менің шығармама арқау болған Тарбағатай шекараның ар жақ, бер жағы боп қызыл сызықпен бөлінген. Осыдан қанша жыл бұрын жерінде тауы жоқ торғайлық ақын марқұм Кеңшілік Мырзабековті ертіп осы шекара бойында болғанымда ол былай деп өлең жазып еді:

Көрінген көз ұшында
Тарбағатай,

Шіркіннің оң қанаты-ай,

сол қанаты-ай.

Түбінде шекараның

шер төгісіп,

Түсіндім тағдырыңды

енді ағатай, –

деген ақын сөзінеске ала келіп, өзінің алған жүгінің ауыр әрі нәзік екенін, қиын да жауапты жұмысты арқалап жүргенін сөз етті. Жазушы ұзақ жылғы еңбегін оқырманға ұнаған лебіздерін қарапайым еңбек, үй шаруасымен, мал бағып жүрген адамдардың аузынан естіп разы болды. Біз кетерде Қабаң біздің ортамызға арнайы кеп, «Жарма келмесе жарым көңіл болар ем, ол елде болғам, көз көргендер бар, жалпы оқырманға, ел басқарып отырған азаматтарға сәлем айтыңыздар, ел атынан келгендеріңізге рахмет» деп қоңыр өңі құбылып, қуана қоштасты.

Тойдан түйген ой әрбір оқырманның Қабдеш Жұмаділов сияқты ақыл-ойы кемел, денсаулығы мықты, өз қамы үшін емес, ел қамы үшін қабырғасын сан қаптырған еңбегінің куәсі болатынына толық сенім. Себебі ұлтымыздың түгелденбеген қоғамдық рухани есесі әлі де алда. Мұны ақтайтын жазушы тек Қабдеш боларына оқырман күдік келтірмей, мықты денсаулық, жазушылық табыс білдіріп заңғар жазушы тойынан тарасып жатты.

Мұхаметқазы Мұхамадиев. «Рауан» газеті. 12-шілде, 2006 ж.