Пікірлер

Қасым Қайсенов

Қазақстанның халық қаһарманы

Құрметті інім Қабдеш!

«Дарабоз» қолыма түсіп оқып шыққан соң, сол замандағы қасиетті хан ордаларында ұлы жыраулардың, аузы дуалы дана билердің аталы сөздерін, билік-болжауларын өз құлағыммен, алдарында тізе бүгіп отырып естігендей болдым. Халқымыздың хас батырлары: Қабанбай, Бөгембай қоластындағы қалың түмендердің қатарында болып қан кешкендей, тіпті кейде жекпе-жекке атойлап шығып, жау батырларымен найза түйістіріп, қылыш айқастырып, шоқпар сілтескендей әсерге бөлендім.

Абылай баба бастаған батыр халқымыздың атамекенімізді қорғаудағы жосылған жорықтарының картасын ұсыныпсың ұрпаққа!

Мен өзім шындық шежіресі: естелік-мемуарлар мен тарихи романдар оқимын.

Бұл тарихи еңбегіңнен байқалатыны: өзің қасиетті топырағынан жаралған Шәуешек өңіріндегі қаймағы бұзылмаған қазақтың рухына суарылып, аталар аузындағы бабалар сөзіне құлағыңның құрышын қандырып өсіпсің. Сен сол замандағы қолбасшылармен де үзеңгілес болғандай елестейсің маған.

Сенің халқына айтқаныңнан әлі айтарың көп екеніне сенемін!

Партизандық тілектестікпен: Қ. Қайсенов.

1995-жыл, 10 наурыз.